Аэронавигация саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізуге тең жағдайлар беру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2005 жылғы 14 наурыздағы N 81-НҚ Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 31 наурызда тіркелді. Тіркеу N 3533

Қолданыстағы

      "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  7-бабының 3) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1109 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі туралы  ереженің  18-тармағының 1) тармақшасына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Аэронавигация саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізуге тең жағдайлар беру ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Телекоммуникациялар және аэронавигация саласындағы реттеу мен бақылау департаменті (И.Ш.Әлиев) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Әкімшілік жұмысы және талдау департаменті (Е.М.Досмағамбет) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық органдарының, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің назарына жеткізсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын өзім бақылаймын.
      5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Төрағаның
      міндетін атқарушы

      КЕЛІСІЛГЕН:
      Қазақстан Республикасы
      Көлік және коммуникация
      министрі

      2005 жылғы 23 наурыз

Қазақстан Республикасы    
Табиғи монополияларды реттеу 
агенттігі төрағасының     
міндетін атқарушының     
2005 жылғы 14 наурыздағы   
N 81-НҚ бұйрығымен     
бекітілген         

  Аэронавигация саласындағы реттеліп көрсетілетін
қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізуге
тең жағдайлар беру ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Аэронавигация саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізуге тең жағдайлар берудің осы ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес әзірленді және  аэронавигация саласында қызметтер көрсететін табиғи монополиялар субъектілерінің (бұдан әрі - субъектілер) реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тұтынушылардың тең қол жеткізуін қамтамасыз етудің жалпы қағидаттарын айқындайды.

      2. Аэронавигация саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайлары (бұдан әрі - аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтері) барлық тұтынушылардың осы көрсетілетін қызметтерге кемсітпеушілік қол жеткізуін білдіреді.

      3. Осы Ереже аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер мен басымдықтарды ескере отырып ұсыну жағдайына қолданылмайды.

      4. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде аэронавигациялық қызмет көрсетуді ұйымдастыруды өз құзыретінің шегінде азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік саясатты, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды іске асыруды, азаматтық және эксперименталдық авиация қызметін үйлестіру мен реттеуді және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі - мемлекеттік басқару органы) айқындайды.
      Аэронавигация қызметін ұйымдастыру жөніндегі ақпарат АІР, АІС және NOTAM-да жарияланады.

      5. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде әуе қозғалысына қызмет көрсету Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі N 712 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі ережесінің  талаптарына  және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес ұйымдастырылады.

      6. Осы ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) тұтынушы - табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) пайдаланушы жеке немесе заңды тұлға;
      2) уәкілетті орган - белгіленген құзыреті шегінде табиғи монополия аясындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган немесе облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы орган;
      3) АІР - Қазақстан Республикасының аэронавигациялық ақпарат жинағы; 
      4) АІС - аэронавигациялық ақпараттың нұсқаухаты;
      5) NOTAM - ұшқыштарға әуеайлақтардың жағдайы туралы хабарламасы (ескерту парақтары мен ұшар алдындағы ақпарат бюллетеньдері).
      Осы Ережеде пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мәндерде қолданылады.

  2. Аэронавигация саласындағы реттеліп көрсетілетін
қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізуге
тең жағдайлар берудің жалпы қағидаттары

      7. Аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайларын қамтамасыз ету мынадай қағидаттарға сүйене отырып, жүзеге асырылады:
      1) аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтерге тең қол жетімділігі;
      2) аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтерінің барлық тұтынушыларға қатысты бірыңғай тарифтік саясат жүргізуі;
      3) аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтері тізбесінің ақпараттық ашықтығы.

  3. Аэронавигация саласындағы реттеліп көрсетілетін
қызметтеріне тең қол жеткізуді ұйымдастыру тәртібі

      8. Аэронавигация саласындағы табиғи монополия субъектілері аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушылармен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 28 қарашадағы N 1194  қаулысымен  бекітілген Аэронавигацияның қызметтер көрсетуге арналған  үлгі шартына  сәйкес шарттар жасасады.

      9. Аэронавигация көрсететін қызметтерді тұтынушылар аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтеріне:
      1) әуе кемелерін пайдаланушыда әуе тасымалдары мен авиация жұмыстарын орындауға арналған лицензиясы болған;
      2) әуе кемесін тиісінше тіркеген;
      3) әуе кемелерін пайдаланушыда мемлекеттік басқару органы берген сертификаты болған;
      4) мемлекеттік басқару органы белгілеген азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкес және ұшуға жарамдылық сертификаты болған жағдайларда қол жеткізу рұқсатын алады.

      10. Аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу уәкілетті орган белгілеген мөлшерден аспауға тиіс.

      11. Аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтері мемлекеттік органдар өз құзыретінің шегінде белгілеген олардың сапасына қойылатын талаптарға сәйкес барлық тұтынушыларға ұсынылады.

      12. Аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушылар:
      1) аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтерін ұсынудың белгіленген технологиялық процесін;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген, оның ішінде оларға реттеліп көрсетілетін қызметтерге техникалық байланысты талаптарды сақтайды.