"Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу мен қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 54-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кредиттік тізілімді қалыптастыру үшін есеп беру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қолданысқа енген күннен бастап осы қаулының қосымшасында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
4. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):
1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға және "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" Заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.
5. Агенттіктің қызметін қамтамасыз ету департаменті (Несіпбаев Р.Р.):
1) осы қаулыны ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын;
2) 2004 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға "Кредитный регистр" автоматтандырылған ақпараттық шағын жүйесінің бағдарламалық қамтамасыз етуін жіберсін.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Е.Л.Бахмутоваға жүктелсін.
Төраға
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен
қадағалау жөніндегі
агенттігі Басқармасының
2004 жылғы 27 қарашадағы
N 333 қаулысымен
бекітілген
Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының
жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кредиттік
тізілімді қалыптастыру үшін есеп беру ережесі
Осы Ереже "Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу мен қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 54-бабының 1-1-тармағына сәйкес және екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі - банктер) және ломбардтарды, кредиттік серіктестіктерді және Ұлттық почта операторын, Қазақстан ипотекалық компаниясы" акционерлік қоғамын және қоғамдық қорлар мен қоғамдық бірлестіктер нысанында құрылған ұйымдарды қоспағанда, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі - банктік емес ұйымдар) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) кредиттік тізілімді қалыптастыру үшін есеп беру тізбесін, нысандарын, мерзімін және тәртібін белгілейді.
Ескерту: Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 28 мамырдағы N 160 қаулысымен .
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кредиттік тіркелім уәкілетті органның реттеу және қадағалау функцияларын, сондай-ақ банктер мен банктік емес ұйымдардың кредиттік қызметіне байланысты тәуекел мониторингін орындау мақсатында қалыптасады.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) заемдар - банктің немесе банктік емес ұйымның заем, лизинг, факторинг, форфейтинг операцияларын жүзеге асыруды, сондай-ақ банктердің вексельдерді есепке алуы;
2) шартты міндеттемелер - шарт талаптарынан пайда болған, банктің және банктік емес ұйымның клиенттің тапсыруы бойынша қабылданған және клиенттің төлемі үшін тәуекелі бар міндеттемелері;
3) кредиттік тізілім - осы Ереженің талаптарына сәйкес уәкілетті органға банктер мен банктік емес ұйымдар ұсынған ақпараты бар электрондық деректер базасы.
2-тарау. Есепті ұсыну
РҚАО-ның ескертпесі!
3-тармаққа өзгерту енгізу көзделген - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007.05.28 N 155 (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
3. Есеп Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банктік сервис бюросы әзірлеген "Кредиттік тізілім" автоматтандырылған ақпараттық шағын жүйенің бағдарламалық қамтамасыз етуі арқылы электронды түрде жасалады және онда мынадай көрсеткіштер болуы тиіс:
1) заемшы - заңды тұлға бойынша:
заемшының атауы;
резиденттік белгісі;
резидент еместің елі (заемшы Қазақстан Республикасының резиденті емес болып табылған жағдайда);
салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН);
шаруашылық жүргізуші субъектінің бірегейлендіру коды (ОКПО коды);
заңды тұлғаның бірінші басшысының аты-жөні;
шағын кәсіпкерлік субъектісінің белгісі;
заемшының банкпен ерекше қатынастағы байланыс белгісі;
2) заемшы-жеке тұлға бойынша:
заемшының аты-жөні;
резиденттік белгісі;
резидент еместің елі (заемшы Қазақстан Республикасының резиденті емес болып табылған жағдайда);
салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН);
салық төлеушінің мекен-жайы (оның ішінде облыс, елді мекеннің, көшенің атауы, үйдің нөмірі);
шағын кәсіпкерлік субъектісінің белгісі;
қызмет түрлері (шағын кәсіпкерлік және шаруа (фермерлік) қожалықтары субъектілері үшін);
заемшының банкпен ерекше қатынастағы байланыс белгісі;
3) берілген заемдар және шартты міндеттемелер бойынша:
банктің, банктік емес ұйымның деректемелері;
заем (шартты міндеттеме) түрі;
кредит желісінің белгісі;
бенефициар атауы (шартты міндеттемелер бойынша);
заем (шартты міндеттеме) беру жөніндегі шарттың нөмірі және күні;
шарт талаптарына сәйкес заемды (шартты міндеттеме) беру күні;
заемның нақты берілген күні;
шарт талаптарына сәйкес заемды (шартты міндеттеменің қолданыста тоқтатылуы) өтеу күні;
шарт талаптарына сәйкес заемның (шартты міндеттеме) жалпы сомасы;
заемды (шартты міндеттеме) беру валютасы;
шарт талаптарына сәйкес сыйақы ставкасы (жылдық);
заемды нақты беру күні;
есепті кезеңге берілген заемның нақты сомасы;
нақты берілген заемның жалпы сомасы;
сыйақының нақты ставкасы (жылдық);
ұзарту мерзімінің аяқталу күні;
кредит беру объектісі (берілген заемды пайдалану болжалданған мақсаттар (немесе пайдалану үстінде);
заемдарды қаржыландыру көзі;
уәкілетті органның тиісті нормативтік құқықтық актісімен белгіленген заемның (шартты міндеттеменің) жіктелу санаты;
заемның (шартты міндеттеменің) қамтамасыз ету түрі бойынша түрі;
заем (шартты міндеттеме) бойынша қамтамасыз етуге қабылданған кепіл құны;
заем бойынша берешек ескерілген баланстық шоттар нөмірі;
есепті күнгі жағдай бойынша заемның (шартты міндеттеменің) негізгі борышы және есептелген, бірақ өтелмеген сыйақысы бойынша қалдықтары;
заемды мерзімі өткен берешек шотына қою күні;
заемды баланс үшін есептен шығару күні;
заемды нақты өтеу (шартты міндеттеменің қолданыста тоқтатылуы) күні;
провизияның (резервтердің) қажетті және нақты жасалған сомасы;
ескертулер.
4. Уәкілетті органға есеп беру тендерге қатысуға берілген кепілдіктер бойынша шартты міндеттемелерді және ақшамен қамтамасыз етіліп берілген кепілдіктерді қоспағанда, барлық өтелмеген заемдар және шартты міндеттемелер бойынша (оның ішінде баланстан есептен шығарылған) ұсынылады.
Ескерту: 4-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 28 мамырдағы N 160 қаулысымен .
5. Есеп беру деректері Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңгемен көрсетіледі.
6. Есеп беру есепті кезеңнен кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірмей уәкілетті органға мына кезеңділіктер бойынша беріледі:
банктер - ай сайын;
банктік емес ұйымдар - тоқсан сайын.
7. Уәкілетті органға есеп беру криптографиялық қорғаныс құралдарын пайдалана отырып, электрондық байланыс арқылы ұсынылады. Есеппен бірге бірінші басшы (не оның орнындағы адам) қол қойған және банктің, банктік емес ұйымның мөрімен расталып берілген ақпараттың сенімділігін растайтын қағазға шығарылған ілеспе хатта ұсынылады.
8. Кредиттік тізілім бойынша ақпарат болмаған жағдайда банк және банктік емес ұйым уәкілетті органға тиісті хабарлама жібереді.
9. Есеп беруге өзгеріс және/немесе толықтыру енгізу қажет болған жағдайда банк және банктік емес ұйым есеп беруді ұсынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға есеп беруді өзгерту себептері көрсетілген тиісті хат жолдайды.
10. Уәкілетті орган қажет болған жағдайда банктен және банктік емес ұйымнан қосымша ақпаратты сұрауға құқылы.
3-тарау. Қорытынды ережелер
11. Осы Ережемен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен
қадағалау жөніндегі
агенттігі Басқармасының
2004 жылғы 27 қарашадағы
N 333 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасының күші жойылды деп
танылған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Кредиттік тізілім жүргізу ережесін бекіту туралы" 1998 жылғы 31 желтоқсандағы N 331 қаулысы (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 752 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" N 10 (154) басылымдарында 1999 жылғы 10-23 мамырда жарияланған);
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Кредиттік тізілім жүргізу ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 1999 жылғы 2 желтоқсандағы N 443 қаулысы (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1049 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" N 9 (180) басылымдарында 2000 жылғы 24 сәуірде - 7 мамырда жарияланған);
3) Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде N 752 тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Кредиттік тізілім жүргізу ережесін бекіту туралы" 1998 жылғы 31 желтоқсандағы N 331 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" 2004 жылғы 21 тамыздағы N 247 қаулысы (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3083 тіркелген, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің N 10 (10)/2004 жылғы Қаржы хабаршысында жарияланған).