Инвестициялық қор активтерiнiң, инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке алу және айқындау ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 21 тамыздағы N 259 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 4 қазанда тіркелді. Тіркеу N 3124

Жаңартылған

      "Инвестициялық қорлар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi агенттiгiнiң (бұдан әрi - Агенттiк) Басқармасы қаулы етемін:
      1. Инвестициялық қор активтерiнiң, инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке алу және айқындау ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейiн қолданысқа енедi.
      3. Стратегия және талдау департаментi (Еденбаев Е.С.):
      1) Заң департаментiмен (Байсынов М.Б.) бiрлесiп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеу шараларын қолға алсын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он күндiк мерзiмде оны Агенттiктiң мүдделi бөлiмшелерiне, "Қазақстан қаржыгерлерiнiң қауымдастығы" Заңды тұлғалардың бiрлестiгiне, "Активтердi басқарушылар қауымдастығы" Заңды тұлғалардың бiрлестiгiне, инвестициялық портфельдi басқарушыларға жiберсiн.
      4. Агенттiктiң қызметiн қамтамасыз ету департаментi (Несiпбаев Р.Р.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттiк Төрағасының орынбасары E. Бахмутоваға жүктелсін.

      Төраға

Қазақстан Республикасының   
Қаржы нарығын және қаржы   
ұйымдарын реттеу мен қадағалау
жөнiндегi агенттiгi Басқармасының
"Инвестициялық қор активтерiнiң,
инвестициялық қордың таза  
активтерiнiң құнын инвестициялық
пай қоры пайының есептi құнын
және акционерлiк инвестициялық
қордың акцияларын сатып алу 
бағасын есепке алу және айқындау
ережесiн бекiту туралы"   
2004 жылғы 21 тамыздағы   
N 259 қаулысымен бекiтiлген 

Инвестициялық қор активтерiнiң, инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке алу және айқындау ережесi

      Инвестициялық қор активтерiнiң, инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке алу және айқындау ережесi (бұдан әрi - Ереже) " Инвестициялық қорлар туралы ", " Бухгалтерлiк есеп және қаржылық есеп беру туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзiрлейдi және Инвестициялық қор активтерiнiң, инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке алу мен айқындау әдiстемесiн және тәртiбiн белгiлейдi.

1-тарау. Инвестициялық қордың активтерiн
есеп алуды ұйымдастыру

      1. Басқарушы компания және инвестициялық қордың кастодианы қызмет етуiн олар қамтамасыз ететiн әрбiр инвестициялық қор бойынша жеке есептi жүргiзедi.

      2. Басқарушы компания және инвестициялық қордың кастодианы мыналарды сақтай отырып қордың активтерiн есепке алады:
      1) инвестициялық қор активтерiнiң құрылымы:
      инвестициялық қордың бағалы қағаздарының төлемiне алынған активтер;
      алынған кiрiс, оның iшiнде қаржы құралдары бойынша дивидендтер, сыйақылар түрiндегi түсiмдер, сондай-ақ инвестициялық қордың активтерiмен мәмiлелерден болған кiрiстер;
      есептелген кiрiс, оның iшiнде қаржы құралдары бойынша сыйақы, қор активтерiн қайта бағалаудан болған құнының өсiмi бөлiгiнде есепке алу жүйесiнде көрсетiледi;
      2) инвестициялық қор активтерiнiң есебiнен өтелетiн және қордың қызмет етуiн қамтамасыз ететiн тұлғаларға төленетiн шығыстар:
      инвестициялық қордың бағалы қағаздарының төлемiне алынған активтер;
      инвестициялық кiрiс есебiнен өтелетiн шығыстарға бөлiнедi;
      3) инвестициялық қор активтерiнiң есепке алынуы кәсiпкерлер мен ұйымдар үшiн белгiленген бухгалтерлiк есептiң және қаржылық есеп берудiң принциптерi мен негiзгi сапалы сипаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Инвестициялық қордың активтерiн есепке алу шоттары бойынша талдау есебiн жүзеге асырған кезде:
      1) валюта түрi;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шығарылған немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық қордың активтерi және Қазақстан Республикасынан басқа, өзге мемлекеттердiң заңдарына сәйкес шығарылған немесе олардың аумағындағы инвестициялық қордың активтерi;
      3) қаржы құралдарының түрлерi және айналыс (қолданылу) мерзiмдерi;
      4) бағалы қағаздардың эмитенттерi (бағалы қағаздардың бiрегейлендiру нөмiрлерi), салым шарттары жасалған банктер, қор сатып алған қаржы құралдарын шығарған тұлғалар көрсетiледi.

2-тарау. Инвестициялық қордың активтерi мен
мiндеттемелерiнiң құнын айқындау

      4. Инвестициялық пай қоры активтерi мен мiндеттемелерiнiң құны пайларды орналастырудың барлық кезеңi iшiнде (бастапқы орналастыру кезеңiн қоспағанда) және/немесе пайларды орналастыру және/немесе сатып алу күнiнiң алдындағы жұмыс күнiнiң соңына пайларды сатып алудың барлық кезеңi iшiнде, сондай-ақ:
      1) инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастырудың аяқталу күнiне;
      2) ашық инвестициялық пай қоры үшiн әр аптаның соңғы жұмыс күнiнiң жағдайы бойынша;
      3) аралық және жабық инвестициялық пай қоры үшiн әр айдың соңғы жұмыс күнiнiң жағдайы бойынша;
      4) пайларды орналастыруды және (немесе) сатып алуды қалпына келтіруі туралы шешiмдi қабылдау күнiне - оларды орналастыру және (немесе) сатып алу тоқтата тұрылған жағдайда;
      5) инвестициялық пай қорының қызмет етуiнiң тоқтауы үшiн негiз туындаған күнге - оның қызмет етуi тоқтаған жағдайда;
      6) инвестициялық пай қорының ережелерiне сәйкес өзге жағдайларда айқындалады.

      5. Акционерлiк инвестициялық қор активтерi мен мiндеттемелерiнiң құны әр айдың соңғы жұмыс күнiнiң аяғындағы жағдай бойынша және акцияларды шығару проспектiсiне сәйкес өзге жағдайларда айқындалады.

      6. 4-тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетiлген жағдайларда әр айдың соңғы жұмыс күнiнiң аяғындағы жағдай бойынша инвестициялық қор активтерi мен мiндеттемелерiнiң құны басқарушы компанияға және инвестициялық қордың қызмет етуiн қамтамасыз ететiн өзге тұлғаларға шығыстарды есептегеннен және сыйақы төлегеннен кейiн айқындалады.

      7. Инвестициялық қордың активтерiн құрайтын және сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмiне кiретiн қаржы құралы оның тiзiмiне кiрген сауда-саттықты ұйымдастырушының қаржы құралдарын бағалау әдістемесіне сәйкес нарықтық құны бойынша бағаланады.
      Қазақстан Республикасынан басқа өзге мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес шығарылған қаржы құралдар Bloomberg ақпараттық жүйесінiң деректерi бойынша жұмыс күнінің соңына осы күннiң сауда-саттықты жабу бағасы бойынша бағаланады.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.03.28 N 40 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.
       7-1. Қазақстан Республикасының резидент емес эмитенттерінің Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа түсетін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы бағалы қағаздардың эмитентімен жасалған келісімдер шеңберінде Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған борыштық бағалы қағаздардың бағалануы сатып алу құны бойынша жүзеге асырылады.
       Ескерту. 7-1-тармақпен толықтырылды  - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.10.29 N 171 Қаулысымен.

      8. Қаржы құралдарынан басқа, инвестициялық қордың өзге мүлкiнiң нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметi жөнiндегi заңдарына сәйкес айқындалады.
      Егер инвестициялық қордың активтерi Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған жағдайда, олардың құны аумағында инвестициялық қордың активтерi бар мемлекеттердiң заңдарына сәйкес мүлiктi бағалауды жүзеге асыру лицензиясына (рұқсатына) ие бағалаушылар айқындай алады.

      9. Бағалаушы бағалайтын инвестициялық қордың активтерi оларды сатып алған және иелiгiнен шығарған кезде, сондай-ақ акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын шығару проспектiсiнде немесе инвестициялық пай қорының ережелерiнде белгiленген мерзiмде, бiрақ жылына бiр реттен кем емес бағалануға жатады.

      10. Құны шетел валютасында көрсетiлген, инвестициялық қор активтерiн бағалау инвестициялық қор активтерiнiң құнын айқындау күнiне валютаны айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша жүзеге асырылады.

      11. Инвестициялық қордың мiндеттемелерiне:
      1) инвестициялық қордың бағалы қағаздарын сатып алу жөнiндегi мiндеттемелер;
      2) инвестициялық қордың бағалы қағаздары бойынша дивидендтердi төлеу жөнiндегi мiндеттемелер;
      3) инвестициялық қордың активтерiмен болған мәмiлелер, инвестициялық қордың қызмет етуiн қамтамасыз ететiн тұлғаларға төленетiн комиссиялық сыйақы бойынша берешек;
      4) инвестициялық қордың активтерi есебiнен орындалуға жататын өзге де мiндеттемелер кiредi.

3-тарау. Инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын айқындау

      12. Инвестициялық қордың таза активтерiнiң құны осы инвестициялық қордың активтерi есебiнен орындалуға жататын активтерi мен мiндеттемелерiнiң құны арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      Акционерлiк инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын есептеген кезде акционерлiк инвестициялық қордың қызметiн қамтамасыз етуге арналған акционерлiк инвестициялық қордың кастодианында есепте тұрмаған және сақтауында жоқ активтер мен бөлiнбеген кiрiстiң бiр бөлiгi есепке алынбайды.

      13. Инвестициялық пай қоры пайының есептi құны мұндай қордың таза активтерiнiң құнын айқындау күнiне осы құнды пайларды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушiнiң деректерiне сай сол күнге айналыста болатын пайлар санына бөлу арқылы айқындалады.

      14. Акционерлiк инвестициялық қор акцияларын сатып алу бағасы акционерлiк инвестициялық қор акционерлерiнiң жалпы жиналысы бекiткен акциялардың құнын айқындау әдiстемесiне сәйкес айқындалады.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      15. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен шешiледi.