"Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында бұйырамын :
1. Қоса беріліп отырған Электр энергиясының бөлшек сауда рыногын ұйымдастыру және жұмыс істеу, сондай-ақ осы рынокқа шығу және қызметтер көрсетудің Ережесі бекітілсін.
2. Электр энергетикасы және қатты отын департаменті (Н.Б.Бертісбаев) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Б.Е. Оразбаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық жоғарыда көрсетілген Ережемен белгіленген мынадай нормаларды:
2005 жылдың 1 сәуірінен бастап қолданысқа енгізілетін 54-тармақты;
2005 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін 63-тармақтың 2) тармақшасын;
2005 жылдың 1 қазанынан бастап қолданысқа енгізілетін 58-тармақтың 2) және 3) тармақшаларын, 70-тармақтың 1) және 2) тармақшаларын;
2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін 70-тармақтың 6) тармақшасын қоспағанда, мемлекеттік тіркелу күнінен бастап күшіне енеді.
Министр
КЕЛІСІЛДІ:
Қазақстан Республикасының
Табиғи монополияларды реттеу
агенттігінің төрағасы
___________________________
"Электр энергиясының бөлшек сауда
нарығын ұйымдастыру және жұмыс
істеу, сондай-ақ осы нарықтағы
қызметтер көрсетуді ұсыну мен оған
қол жеткізу ережесін бекіту туралы"
Қазақстан Республикасы
Энергетика және минералдық
ресурстар министрінің
2004 жылғы 30 қыркүйектегі
N 232 бұйрығымен бекітілген
Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және жұмыс істеу, сондай-ақ осы нарықтағы қызметтер көрсетуді ұсыну мен оған қол жеткізу ережесі 1-тарау. Жалпы ережелер, негізгі
ұғымдар мен анықтамалар
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне , "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді және электр энергиясы мен қызметтер көрсетудің бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және жұмыс істеу тәртібін белгілейді, сондай-ақ субъектілердің Қазақстан Республикасындағы электр энергиясы мен қызмет көрсетудің бөлшек сауда нарығына қатысу үшін қол жеткізу талаптарын белгілейді.
2. Электр энергиясы мен қызмет көрсетудің бөлшек сауда нарығындағы (бұдан әрі - бөлшек сауда нарығы) субъектілердің арасында туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен , Заңмен , осы Ережемен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылған:
1) тексеру актісі - субъектінің электр энергиясының бөлшек сауда нарығына қол жеткізгенін куәландыратын құжат. Тексеру актісі электр энергиясын беруге және электрмен жабдықтауға арналған шарттарға қосымша болып табылады. Акті электр желілерінің теңгерімдік тиесілігі мен пайдалану жауапкершілігін бөлу нүктелері, коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату орындары, олардың техникалық сипаттамалары көрсетіледі;
2) электрмен жабдықтау шарты - соған сәйкес электрмен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға жалғастырылған желі арқылы энергия беруге міндеттенетін, ал тұтынушы алған электр энергиясына ақы төлеуге, сондай-ақ оны тұтынудың шартта көзделген режимін сақтауға, оның қарамағындағы электр желілерін пайдалану қауіпсіздігін және электр энергиясын тұтынуымен байланысты олар пайдаланатын аспаптар мен жабдықтардың дұрыстығын қамтамасыз етуді міндеттенетін құжат;
3) жиналған ақпараттың ұзақ уақыттық тіркелімі - 15 минут интервалында деректерді іріктеу мен барлық өлшенген шамаларды 45 күн аралығында сақтау мүмкіндігі бар коммерциялық есепке алу жүйесінің деректердің сақтау құрылғысы;
4) есеп айырысу кезеңі - шартпен белгіленетін, көрсетілген қызметтер және/немесе электр энергиясын жеткізгені үшін есеп айырысу жүргізілетін уақыт бөлігі;
5) реттеуші орган - табиғи монополиялар саласындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
6) бөлшек сауда тұтынушылары - өңірлік электр желілік компанияның электр желілеріне немесе электр желілеріне иелік ететін өзге ұйымдардың желілеріне тікелей жалғанған, және бөлшек сауда нарығында электр энергиясын алатын тұтынушылар;
7) коммерциялық есепке алу жүйесі -электр энергиясын адрестік таратуды есепке алуға, электр энергиясының нарығындағы теңгерімсіздіктерді табиғи және кейінгі қаржылық реттеу мүмкіндігіне арналған коммерциялық есептеудің бірыңғай базасына шағын жүйелермен жалғанған және өлшеуіш трансформаторлардан, есептеуіштерден, деректерді сақтау құрылғыларынан, байланыстың шағын жүйелерінен, коммерциялық есептеу есептеуіштерінің істен шығу мониторингінің құрылғысынан тұратын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған техникалық құрылғысы;
8) өңірлік деңгейдегі электр желілері - өңірлік электр желілік компанияның балансындағы электр энергиясын беруге және (немесе) таратуға арналған шағын станциялардың, тарату құрылғыларының және оларды жалғастыратын электр беру желілерінің жиынтығы;
9) нақты баланс - бөлшек сауда нарығындағы субъектілердің есептік кезеңде жеткізілген және тұтынылған электр энергиясы көлемінің атаулы бөлінуін белгілейтін құжат;
10) электр желілері - электр энергиясын беруге және (немесе) таратуға арналған шағын станциялардың, тарату құрылғыларының және оларды жалғастыратын электр беру желілерінің жиынтығы.
2-тарау. Электр энергиясы мен қызметтер көрсетудің бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру 1-параграф. Бөлшек сауда нарығындағы мәмілелердің мәні
4. Бөлшек сауда нарығындағы мәмілелердің мәні:
1) электр энергиясы;
2) электр энергиясын беру жөніндегі қызметтер көрсету;
3) электр қуатын (жиілігін) реттеу жөніндегі қызметтер көрсету;
4) желіге беруді диспетчерлеу жөніндегі қызметтер көрсету және электр энергиясын тұтыну (электр энергиясының импорты);
5) электр энергиясын шарттан тыс жеткізу және тұтыну болып табылады.
2-параграф. Бөлшек сауда нарығының субъектілері
5. Бөлшек сауда нарығының субъектілері:
1) энергия өндіруші ұйымдар;
2) өңірлік электр желілік компаниялар;
3) энергия беруші ұйымдар;
4) электр энергиясын кепілді жеткізушісі;
5) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар;
6) бөлшек сауда тұтынушылары.
3-параграф. Энергия өндіруші ұйым
6. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығындағы энергия өндіруші ұйымдардың қызметтері:
1) жасасылған келісім-шарттарға сәйкес электр энергиясын өндіру және сату;
2) электр энергиясын өндіру кестесін сақтау;
3) станция құрылғысының тұрақты жұмыс істеуін және энергия жүйесімен қосарлас жұмысын қамтамасыз ету;
4) электр энергиясын өндірудің тәуліктік, сағаттық кестесін тұтынушыларды көрсете отырып, өңірлік электр желілік компаниясына беріп тұру.
7. Энергия өндіруші ұйымның электр энергиясын беруді тоқтатуларына (шектеуге) мынадай жағдайларда рұқсат етіледі:
1) бірыңғай электр энергетикасы жүйесіндегі (бұдан әрі - БЭЖ) авариялық бұзылулардың алдын алу, тартпау және жою мақсатында;
2) бөлшек сауда рыногының субъектісі алынған электр энергиясын төлеу шарттарын бұзған;
3) тұтынушының жасасылған шарттармен белгіленген электр энергиясын тұтыну режимдерін сақтамаған.
4-параграф. Өңірлік электр желілік компания
8. Өңірлік электр желілік компания (бұдан әрі - ӨЭК) бөлшек сауда нарығында мынадай қызметтерді атқарады:
1) шарттардың негізінде өңірлік деңгейдегі желілер бойынша электр энергиясын беру және тарату жөніндегі қызметтер көрсетуді жүзеге асырады;
2) оның желілері бойынша берілетін электр энергиясының сапасын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген талаптарға сәйкес қамтамасыз етеді және бақылайды;
3) электр энергиясын сатып алу-сатуға жасасылған шарттар мен оны беру шарттары туралы деректер базасын қалыптастырады;
4) өңірдің бөлшек сауда нарығындағы электр энергиясының тәуліктік тұтыну кестесін жасайды;
5) бөлшек сауда нарығындағы субъектілердің электр энергиясының бөлшек сауда нарығындағы тәуліктік тұтыну кестесінің шеңберіндегі тұтыну мен жеткізу режимін орындау мониторингін жүзеге асырады;
6) бөлшек сауда нарығы субъектілерінің электр энергиясын жеткізу мен тұтынуының нақты теңгерімін жасайды;
7) оларды кейін қаржылық реттеу үшін бөлшек сауда нарығындағы шарттан тыс жеткізілімдер мен электр энергиясын тұтынудың теңгерімсіздерін айқындайды;
8) бөлшек сауда нарығы субъектілеріне электр энергиясын беру жөніндегі қызметтері үшін ақы төлеуге шот береді;
9) электр қуатын (жиілігін) реттеу жөніндегі көрсетілген қызметтерге ақы төлеуге шот береді;
10) тұтынушыларға олардың желілеріне қосылған есептік кезеңде шарттан тыс тұтынылған электр энергиясының (рұқсат етілген теңгерімсіздік) шотын ұсынады;
11) өзінің тораптарында электр энергиясының нормативтік шығындарын өтеуге, сондай-ақ шаруашылық мұқтаждығына электр энергиясын сатып алады;
12) тұтынушылар мәлімдеген электр энергиясы көлемін берудің техникалық мүмкіндіктерін және олардың коммерциялық есептеу жүйелерінің осы Ереженің және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестігін қарайды;
13) бөлшек сауда нарығына шығу құқығын алған тұтынушылар мен барлық энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға (бұдан әрі - ЭЖҰ) өңірлік электр желілеріне кедергісіз және кемсітусіз шығуды қамтамасыз етеді;
14) жасасылған шарттар мен нормативтік талаптарға сәйкес, электр энергиясын берудің сенімділігін қамтамасыз етеді;
15) ӨЭК тораптарына жалғанған барлық бөлшек сауда нарығы субъектілерінің коммерциялық есепке алу құрылғыларының көрсеткіштерін ай сайын алуды және аталған ақпаратты ЭЖҰ-ға беріп отыруды жүзеге асырады;
16) жүйелік аварияның пайда болу жағдайына байланысты электр энергиясымен үздіксіз жабдықтау объектілері бар ұйымдарды электрмен жабдықтау схемаларын әзірлейді;
17) Өңірдің электр желілерінің перспективалық даму жоспарын әзірлейді және олардың негізінде өңірлік деңгейдегі электр желілерінің жоспарлы дамуын жүзеге асырады;
18) тұтынушылардың электр желілері мен қондырғыларын өз желілеріне қосуға техникалық шарттарын беруді жүзеге асырады;
19) тиісті акті рәсімдеу арқылы тұтынушының коммерциялық есепке алу жүйесін қабылдауды, сондай-ақ коммерциялық есепке алу жүйесі жұмысын бұзу жағдайларын анықтауды жүзеге асырады;
20) ЭЖҰ-ның бөлшек сауда нарығынан кету немесе өңірдегі тұтынушыларды немесе тұтынушылар тобын электрмен жабдықтауын тоқтату фактілерін анықтайды және ол туралы электр энергиясын кепілді жеткізушіге (бұдан әрі - ЭКЖ) хабарлайды.
9. Өңірлік электр желілері компаниясының электр энергиясын беруді тоқтатуына (шектеуіне) мынадай жағдайларда:
1) БЭЖ-дегі авариялық бұзылулардың алдын алу, оқшаулау және жою мақсатында;
2) бөлшек сауда нарығының субъектісі электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерге ақы төлеу шарттарын бұзған жағдайда;
3) жасасылған шарттарда белгіленген электр энергиясын тұтыну режимдерін тұтынушы орындамаған жағдайда;
4) ЭЖҰ мен ЭКЖ өтінімдері бойынша тұтынушы төлемегенде және/немесе жасасылған шарттардың ережелерін бұзғанда рұқсат етіледі.
5-параграф. Энергия беруші ұйым
10. Энергия беруші ұйым (бұдан әрі - ЭБҰ) мынадай функцияларды атқарады:
1) шарт ережелері негізінде электр энергиясын жеке немесе пайдаланылатын (жалдау, лизинг, сенімгерлік басқару және өзге де пайдалану түрлері) электр желілері объектілері арқылы бөлшек сауда тұтынушыларына немесе электр энергиясымен жабдықтаушы ұйымдарға электр энергиясын беру;
2) ӨЭК диспетчерінің нұсқаулары бойынша электр желілерін пайдаланудың диспетчерлік режимін сақтау;
3) электр желілері арқылы электр энергиясын берудің көлемі мен ағынын есептеу;
4) жеке электр желілерінде электр энергиясының нормативтік шығындарын жабу үшін, сондай-ақ шаруашылық мұқтаждықтарына электр энергиясын сатып алуды жүргізеді;
5) ЭБҰ желілеріне қосылған бөлшек сауда нарығы субъектілерінің есептік кезеңіндегі коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін ай сайын түсіріп алуды және осы ақпаратты ЭЖҰ мен ӨЭК-ға беруді жүзеге асырады;
6) электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерге ақы төлеуге шотты ұсынады;
7) электр қуатын (жиіліктерді) реттеу жөніндегі қызметтерге ақы төлеуге шотты ұсынады;
8) тұтынушыларға олардың желілеріне қосылған есептік кезеңде шарттан тыс тұтынылған электр энергиясының (рұқсат етілген теңгерімсіздік) шотын ұсынады;
9) жасалған келісімдерге және нормативтік талаптарға сәйкес ЭБҰ желілері бойынша электр энергиясын берудің сапасы мен сенімділігін қамтамасыз етеді.
11. Энергия беруші ұйымдардың электр энергиясын беруді тоқтатуына (шектеуіне) мынадай жағдайларда рұқсат етіледі:
1) БЭЖ-дегі авариялық бұзылулардың алдын алу, оқшаулау және жою мақсатында;
2) бөлшек сауда нарығының субъектісі алынған электр энергиясына ақы төлеу шарттарын бұзғанда;
3) жасасылған шарттармен белгіленген электр энергиясын тұтыну режимдерін тұтынушылар сақтамағанда;
4) ЭЖҰ және ЭКЖ өтінімдері бойынша тұтынушының төлемеген және/немесе жасалған шарттардың ережелерін бұзған кезде.
6-параграф. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар және электр энергиясын кепілді жеткізуші
12. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар және электр энергиясын кепілді жеткізуші мынадай функцияларды орындайды:
1) электр энергиясын энергия өндіруші ұйымдардан немесе орталықтандырылған сауда-саттықта сатып алады және оны бір ауданда немесе шағын ауданда орналасқан, электр энергиясымен жабдықтаудың оқшауланған схемасы бар, түпкілікті бөлшек сауда тұтынушыларына сатады;
2) жеткізу-тұтыну режимдерін жүргізу бойынша ӨЭК жедел өкімдерін орындайды;
3) ӨЭК-ға бекітілген нысан бойынша электр энергиясын сатып алу-сатуға және электр энергиясын беру жөніндегі қызметтер көрсетуге жасасылған шарттар бойынша электр энергиясын жеткізу-тұтынудың тәуліктік кестесін береді;
4) ӨЭК-ға электр энергиясымен жеткізу-тұтыну режимі мониторингін жүзеге асыру үшін қажетті технологиялық ақпаратты береді;
5) электр энергиясының бөлшек сауда нарығындағы теңгерімдері және теңгерімсіздіктері туралы өзара есептесуді жүзеге асыру үшін коммерциялық есепке алу жүйелерінің деректері бойынша есептік кезеңнің қорытындылары бойынша ӨЭК жасаған ақпаратты алады;
6) тұтынушыларға электр энергиясын беруге жүйелік оператормен, ӨЭК, ЭБҰ шарттар жасасады;
7) электр энергиясын беру жөнінде жүйелік оператордың, ӨЭК, ЭБҰ-ның қызметтер көрсетуіне ақы төлейді;
8) электр қуатын (жиіліктерді) реттеу жөніндегі ӨЭК қызметтер көрсетуіне ақы төлейді;
9) есептік кезеңде шарттан тыс тұтынылған электр энергиясын (рұқсат етілген теңгерімсіздік) ӨЭК-ға төлейді;
10) шарттармен, осы Ережелермен және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілермен белгіленген өзге де функцияларды орындайды.
13. ЭЖҰ-ның (ЭКЖ) қызмет көрсету аумағы олардың тұтынушылармен электрмен жабдықтау үшін жасалған шарттарына сәйкес шекаралармен анықталады.
14. ЭЖҰ және ЭКЖ электр энергиясын беруді тоқтатуға (шектеуге) мынадай жағдайларда рұқсат етіледі:
1) жүйелік оператор мен ӨЭК талап етуі бойынша БЭЖ-дегі авариялық бұзылулардың алдын алу, оқшаулау және жою мақсатында;
2) бөлшек сауда нарығы тұтынушылары алынған электр энергиясына ақы төлеу шарттарын бұзғанда;
3) жасасылған шарттармен белгіленген энергияны тұтыну режимдерін тұтынушы орындамағанда.
7-параграф. Электр энергиясын тұтынушылар
15. Электр энергиясын тұтынушылар бөлшек сауда нарығында мынадай функцияларды атқарады:
1) жасасылған шарттардың ережелеріне сәйкес электр энергиясын алады және тұтынады;
2) шарттарда қабылданған міндеттемелерге сәйкес босатылған, берілген және тұтынылған электр энергиясына, сондай-ақ теңгерімдеу нарығында шарттан тыс алынған электр энергиясына ақы төлейді;
3) тұтынушының меншігіндегі электр қондырғылары мен электр энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптарын тиісті техникалық күйде ұстайды;
4) электрмен жабдықтау шартымен белгіленген электр тұтыну режимін сақтайды;
5) ӨЭК, ЭБҰ және ЭЖҰ (ЭКЖ) персоналын коммерциялық есепке алу аспаптарына, сондай-ақ Мемлекеттік энергетикалық қадағалау қызметкерлерін электр қондырғылары мен есепке алу аспаптарын пайдаланудың техникалық күйі мен қауіпсіздігін бақылау үшін жібереді.
16. Бөлшек сауда нарығындағы электр энергиясын тұтынушылар, электр энергиясын пайдалану мақсатына байланысты, тек жарық беру және басқа да өндіріспен байланысы жоқ мақсаттарда пайдаланатын және тауар өндіру, жұмыс істеу және қызметтер көрсетуде пайдаланатын тұтынушыларға бөлінеді.
17. Электр энергиясын тек жарық беру және басқа да өндіріспен байланысы жоқ мақсаттарда пайдаланатын тұтынушылар электрмен жабдықтауға шарттарды ЭЖҰ-мен жасасады және оларға электр тұтынудың режимдерін сақтау жөнінде талаптар қойылмайды.
3-тарау. Бөлшек сауда нарығының жұмыс істеуі 1-параграф. Электр энергиясын кепілді берушіні
анықтау тәртібі
18. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығында бастапқы кезеңде электр энергиясын кепілді жеткізушілердің (ЭКЖ) міндеттері Заңның 25-тармағына сәйкес электржелілік компаниялар құрған ЭЖҰ-ға жүктеледі.
19. ЭКЖ жедел-диспетчерлік басқару әрекеттері қолданылатын және ӨЭК-ке, ЭЖҰ-ның электр желілері арқылы электр энергиясын алатын барлық тұтынушылар, сондай-ақ осы өңірдегі басқа да тұтынушылар аумағы ЭКЖ жауапкершілік аймағы болып табылады.
20. Электр энергиясын кепілді жеткізушілер осы Ереженің 58 және 59-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келуге, басқа ЭЖҰ-ның осы тұтынушыларының кінәсінсіз тұтынушыларды электрмен жабдықтауды тоқтату жағдайлары үшін жеткілікті көлемде электр энергиясын жеткізу кепілдіктеріне ие болуға тиіс.
21. Электр энергиясын кепілді жеткізушілер мен ӨЭК тұтынушылар тарапынан электрмен жабдықтаудың шарттық ережелерін бұзушылық болмаған жағдайда, өздерінің жауапкершілік аймағында барлық тұтынушыларды электрмен үзіліссіз және шектеусіз жабдықтауды қамтамасыз етуге міндетті.
22. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығында бәсекенің даму шамасына, сондай-ақ Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің 2004 жылғы 18 тамыздағы N 183 бұйрығымен бекітілген бөлшек сауда нарығы субъектілерінің ЭКЕАЖ жасау бағдарламасының іске асырылуына қарай электр энергиясының бөлшек сауда нарығында 2 және одан да көп ЭЖҰ-ның қолданылуы мүмкін.
23. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығының тікелей ӨЭК (ЭБҰ) желілеріне қосылған кез келген тұтынушы белгілі бір жеке алынған өңірде (ауданда, селода, кентте, шағын өңірде, аудандық немесе облыстық дәрежедегі қалада, жеке бөлінген электрмен жабдықтау схемасы бар шағын ауданда) тұтынушыларды электрмен жабдықтауды жүзеге асыратын ЭБҰ арасынан электр энергиясын жеткізушіні өз қалауы бойынша таңдауға құқылы.
24. ЭКЖ мен ӨЭК тұтынушының өздері таңдаған кез келген ЭБҰ-мен электрмен жабдықтауға шарт жасасуына кедергі жасауына құқығы жоқ.
2-параграф. Бөлшек сауда нарығындағы энергиямен
жабдықтаушы ұйымның ауысу тәртібі
25. Энергиямен жабдықтаушы ұйым (ЭЖҰ) өз тұтынушылары мен энергия беруші ұйымдарға (ӨЭК) электрмен жабдықтау шартын бұзу туралы алдын-ала, бір күнтізбелік ай бұрын хабарлайды.
26. Тұтынушылардың бір ЭЖҰ-дан екінші ЭЖҰ-ға өтуі энергиямен жабдықтауда үзіліссіз, есепті кезеңнің басынан өтуге тиіс.
27. Жаңа ЭЖҰ бұрынғы ЭЖҰ-ның өкілдерімен коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін жазып алуды жүргізеді және үш жақты қабылдап алу-тапсыру актісін жасайды, оған ЭЖҰ-ның беретін және алатын өкілдері мен тұтынушы қол қояды. Бұл қабылдап алу-тапсыру актісі тараптардың өзара есеп айырысуы үшін негіз болады. Қабылдап алу-тапсыру актісіне сәйкес бұрынғы ЭЖҰ түпкілікті есептесу үшін тұтынушыға шот береді.
28. Электр энергиясының теңгерімін жасау үшін қабылдап алу-тапсыру актісінің көшірмесі ӨЭК-ке беріледі.
29. Тұтынушылардың кінәсінсіз, осы Ереженің 25-28-тармақтарында белгіленген нормаларды іске асырмай, тұтынушыларды электрмен жабдықтауды тоқтатуға жол берілмейді.
3-параграф. Бөлшек сауда нарығында жасалған
мәмілелерді іске асыру
30. Бөлшек сауда нарығында жасалатын электр энергиясын сату және беру жөніндегі мәмілелерді іске асыру белгіленген тәртіппен жүйелік оператормен келісілген алдағы тәуліктерге өтінімдер бойынша ӨЭК қалыптастыратын тәуліктік кестеге сәйкес жүргізіледі.
31. ЭЖҰ, соның ішінде ЭКЖ тұтынушылар берген тәуліктік кестелер бойынша, сондай-ақ осы Ереженің 17-тармағының ережелеріне сәйкес тәуліктік кестелерді жасау жөніндегі талаптар қойылатын тұтынушыларды есепке ала отырып алдағы тәуліктерге өтінімдерді қалыптастырады.
32. Тәуліктік кестеде бөлшек сауда нарығына электр энергиясын жеткізетін әрбір энергия өндіруші ұйымның электр энергиясын жеткізуінің сағаттық шамалары және әр ЭЖҰ (соның ішінде ЭКЖ) мен солар үшін электр энергиясы сатып алынған тікелей тұтынушылардың тұтынулары көрсетіледі.
33. ӨЭК күн сайын берілетін ЭЖҰ мен тікелей бөлшек тұтынушылардың энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен келісілген және ӨЭК-те тіркеуден өткен барлық шарттар негізінде жасалған тәулік сайын берілетін өтінімдері негізінде бөлшек сауда нарығы субъектілері жұмысының тәуліктік кестесін қалыптастырады.
34. Бөлшек сауда нарығының тәуліктік кестесінің жобасын ӨЭК жүйелік операторға келісу және оның көрсеткіштерін Қазақстан Республикасының БЭЖ-дегі электр энергиясын жеткізу - тұтынудың тәуліктік кестесіне енгізу үшін жібереді.
35. Келісілген және бекітілген тәуліктік кесте ӨЭК-ке, ЭЖҰ-ға және тікелей тұтынушыларға орындау үшін жіберіледі.
36. Бөлшек сауда нарығының тәуліктік кестесін жүзеге асыру процесінде ӨЭК бөлшек сауда нарығы субъектілерінің электр энергиясын жеткізу - тұтыну мониторингін жүзеге асырады.
37. ЭЖҰ мен тікелей бөлшек сауда тұтынушылары өтінім берген, ӨЭК тәуліктік кестеде бекіткен және уақтылы келісілмеген электр энергиясы көлемдерінің асып кетуі ӨЭК-пен жасасылған шарттарға сәйкес реттеледі.
38. Авариялық жағдайларда, ӨЭК Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген авариялық жағдайларды жою жөнінде жедел шаралар қабылдайды. Кінәлі жақты анықтау және болуы мүмкін шығындарды өтеу тәртібі заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
39. Коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері және басқа да техникалық құралдар бойынша ӨЭК күн сайын бөлшек сауда нарығының диспетчерлік пункттер арқылы бөлшек сауда нарығындағы электр энергиясын жеткізу - тұтынуды жедел бақылауды жүргізеді.
40. Есептік ай өткеннен кейін ӨЭК бөлшек сауда нарығында электр энергиясын өндіру - тұтынудың нақты теңгерімін жасайды және ӨЭК пен бөлшек сауда нарығы субъектілері (ЭБҰ, ЭЖҰ, бөлшек сауда тұтынушылары) арасында өзара есеп айырысу үшін негіздеме болып табылатын теңгерімсіздіктерді анықтауды жүзеге асырады.
4-параграф. Бөлшек сауда нарығының нақты теңгерімін
жасау және теңгерімсіздіктерді анықтау тәртібі
41. Электр энергиясын өндіру мен тұтынудың нақты теңгерімін ЭЖҰ мен бөлшек сауда тұтынушылар берген есепке алу аспаптарының көрсеткіштері туралы ақпарат негізінде ӨЭК жасайды және ол ӨЭК-тің ЭБҰ, ЭЖҰ-мен және тікелей бөлшек сауда тұтынушыларымен өзара есеп айырысуға негіз болып табылады.
42. Электр энергиясының теңгерімсіздіктерін анықтау және оларды ЭЖҰ мен тікелей бөлшек сауда тұтынушыларымен арасында бөлуді ӨЭК осы Ережеге сәйкес есептік кезеңдегі коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері бойынша жүзеге асырады.
43. Бөлшек сауда нарығының әр субъектісі бойынша теңгерімсіздікті анықтау үшін бөлшек сауда нарығының тәуліктік кестесінде мәлімделген және уақтылы түзетілген электр энергиясының мөлшері мен есепке алу аспаптарының - коммерциялық дискретті есептегіштердің, коммерциялық индукционды есептегіштер мен телеөлшемдер көрсеткіштері бойынша анықталған, нақты жеткізілген - тұтынылған электр энергиясының мөлшері қолданылады.
44. Бөлшек сауда нарығының субъектілері - электр энергиясын сатып алушылар (сатушылар) шекарасында орнатылған коммерциялық есепке алу аспаптарының теңгерімдік тиесілігіне байланысты үш негізгі топқа бөлінеді:
1) теңгерімдік тиесілігі шекараларында дискретті есептегіштер, телеметрия және индукционды есептегіштер орнатылған электр энергиясын жеткізу - тұтынудың нақты сағаттық мөлшері туралы есептік ақпарат беруге мүмкіндігі бар бөлшек сауда нарығының субъектілері;
2) теңгерімдік тиесілігі шекараларында телеметрия мен индукционды есептегіштер орнатылған, электр энергиясын жеткізу - тұтынудың нақты сағаттық мөлшері туралы индукционды есептегіштер бойынша түзетілген ақпаратты жеткізуге мүмкіндігі бар бөлшек сауда нарығының субъектілері;
3) электр энергиясын жеткізу - тұтынудың сағаттық мөлшері туралы есептік ақпаратты беру мүмкіндігі жоқ бөлшек сауда нарығының субъектілері.
45. Осы Ереженің 44-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, телеметрия аспаптарымен және электр энергиясын дискретті есептегіштермен жарақтандырылған бөлшек сауда нарығы субъектілері үшін операциялық тәулік ішінде электр энергиясын нақты жеткізу - тұтынудың сағаттық есебі жүзеге асырылады, оның нәтижелері дискреттік есептегіштер деректері бойынша анықталады.
46. Осы Ереженің 44-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген, телеметрия аспаптарымен және электр энергиясының индукционды есептегіштерімен жарақтандырылған бөлшек сауда нарығы субъектілері үшін операциялық тәулік ішінде электр энергиясын жеткізу - тұтынудың алдын-ала сағаттық (жақындатылған) есебі жүзеге асырылады, оның нәтижелері операциялық тәулік аяқталғаннан кейін индукционды есептегіштер мәліметтері бойынша электр энергиясының тәуліктік тұтынуына тура пропорционалды түзетіледі.
47. Осы Ереженің 44-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген, индукционды есептегіштері бар бөлшек сауда нарығы субъектілері үшін, сағаттық алудың және олардың көрсеткіштерін өңдеудің физикалық мүмкіндігінің болмауы салдарынан сағаттық теңгерімсіздіктер есебі тұтастай аймақ бойынша анықталған электр энергиясының сағаттық теңгерімсіздіктері мен осы Ереженің 44-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген бөлшек сауда нарығы субъектілерінің теңгерімсіздіктері есепке алынған коммерциялық есепке алу аспаптарының әр күн сайынғы көрсеткіштеріне (электр энергиясын дискретті сағаттық коммерциялық есепке алу жөніндегі қазіргі заманғы есептегіштер орнатылған сәтке дейін) негізделеді.
48. ӨЭК өз желілеріндегі теңгерімсіздіктерді өтеу үшін пайдаланылған электр энергиясының көлемдері бөлшек сауда нарығының әрбір субъектісі бойынша электр энергиясын жеткізу - тұтынудың жасалған нақты айлық теңгеріміне сәйкес анықталады және одан әрі қаржылық реттеу үшін жүйелік операторға, энергиямен жабдықтау ұйымына және тікелей бөлшек сауда тұтынушыларына жіберіледі.
49. Бөлшек сауда нарығының әрбір субъектісі бойынша бөлшек сауда нарығындағы электр энергиясын жеткізу - тұтынудың нақты айлық теңгерімінде:
1) түзетулер ескеріліп тәуліктік кестеге өтінім берілген бөлшек сауда нарығы субъектілерінің әрқайсының, оның ішінде энергия жеткізуші ұйымның электр энергиясын сатып алу-сату шарттары бойынша бөлшек сауда нарығындағы электр энергиясының мөлшері;
2) электр энергиясының бөлшек сауда нарығында жеткізілген және тұтынылған, коммерциялық есепке алу аспаптарында тіркелген нақты мөлшері;
3) бөлшек сауда нарығында электр энергиясының шарттан тыс жеткізу мөлшері көрсетіледі.
5-параграф. Электр энергиясының экспорты мен импорты
50. Электр энергиясының экспорты мен (немесе) импортына арналған мәмілелер бойынша бөлшек сауда нарығында туындаған қатынастар тиісті шарттарда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында және мемлекетаралық шарттарда көзделген тәртіппен реттеледі.
6-параграф. Электр энергиясын беру кезіндегі шығындармен байланысты шығыстарды өтеу тәртібі
51. Электр энергиясының оны энергия беруші ұйымдардың (ӨЭК) электр желілері бойынша берудегі нақты шығыны бөлшек сауда нарығы субъектілеріне электр энергиясын жеткізу нүктелерінде орнатылған, коммерциялық есеп аспаптарының деректері бойынша өндіруші көздерден және басқа да электр желілік компаниялардан электр желісіне кірген электр энергиясының жиынтық мөлшері арасындағы ЭБҰ-ның шаруашылық қажеттеріне пайдаланылған және ЭЖҰ тұтынушылары мен бөлшек сауда тұтынушылары алған электр энергиясы көлемдерін алып тастағандағы айырма ретінде анықталады.
52. Энергия беруші ұйымдардың (ӨЭК) электр желілеріндегі электр энергиясының нормативтік шамаларын анықтау заңнамада белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
53. ӨЭК (ЭБҰ) желілеріндегі осы Ереженің 51-тармағына сәйкес есептелген электр энергиясының нақты шығынының шамалары олардың желілерінде оны беру жөніндегі электр энергиясының нормативтік көрсеткіштерінен асып кеткен жағдайда, электр энергиясының осы көлемдері ӨЭК (ЭБҰ) шығындарына жатады.
54. Өңірлік электр желілік компаниялардың оның желілері мен басқа да ЭБҰ желілеріндегі электр энергиясын ЭЖҰ-ға және тікелей тұтынушыларға беру үшін пайдаланылатын электр энергиясының нормативтік шығындарын өтеуге байланысты шығындар ӨЭК, ЭБҰ тарифінде есепке алынады және оларды ЭЖҰ мен бөлшек сауда тұтынушылары заңнамада белгіленген тәртіппен төлейді.
7-параграф. Қаржылық өзара есеп айырысулар
55. Бөлшек сауда нарығы субъектілері арасындағы қаржылық өзара есеп айырысулар электрмен жабдықтау, сатып алу-сату, қызметтер көрсету шарттарында айтылған тәртіппен, мерзімдер мен шарттарда жүргізіледі.
56. Бөлшек сауда нарығында теңгерімсіздіктерді реттеу жүйесіндегі қаржылық өзара есеп айырысулар бөлшек сауда нарығындағы нақты теңгерімді құрастыру, теңгерімсіздіктерді анықтау және реттеу жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес жүйелік оператор мен ӨЭК-тің ЭЖҰ, ЭБҰ, бөлшек сауда тұтынушыларымен шартында көзделген тәртіппен және Бөлшек сауда нарығындағы электр энергиясының нақты теңгерімін жасау, теңгерімсіздіктерін анықтау мен реттеу жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес жүргізіледі.
57. Электр энергиясын беру жөніндегі нақты көрсетілген қызметтер үшін қаржылық өзара есеп айырысулар реттеуші орган бекіткен тарифтер мен тұтынылған, есептік айда электр энергиясының нақты теңгеріміне енгізілген электр энергиясының мөлшері бойынша жүргізіледі.
4-тарау. Субъектілердің электр энергиясы мен қызметтер көрсетудің бөлшек сауда нарығына қатысуына рұқсат алуы 1-параграф. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға электр энергиясының бөлшек сауда нарығына шығуға рұқсат алу үшін қойылатын талаптар
58. ЭЖҰ мына талаптарды орындаған кезде бөлшек сауда нарығына жіберіледі:
1) электр энергиясын қайта сату мақсатында сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға мемлекеттік лицензияның болуы;
2) ЭЖҰ қызмет көрсету аймағында жиналған ақпараттың ұзақ уақытты регистрімен және тұтынылатын қуат пен энергияның шамасы туралы деректерді коммерциялық есептің әр нүктесінде 60 минуттан артық емес уақыт интервалымен беру мүмкіндігімен тұтынушыларда электр энергиясының аспаптары мен коммерциялық есепке алу жүйелерінің болуы;
3) тұтынушыларда коммерциялық есепке алу аспаптары бойынша тұтынылатын қуат пен энергияның шамалары туралы деректерді өңірлік электржелілік компаниялардың диспетчерлік пунктіне жинаудың және берудің автоматтандырылған жүйесінің болуы;
4) осы Ереженің 17-тармағында көрсетілген тұтынушыларды қоспағанда, ЭЖҰ-ның әрбір тұтынушысының коммерциялық есебі осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларының талаптарын қанағаттандыруы тиіс. ӨЭК келісу бойынша ЭЖҰ осы Ереженің 17-тармағында көрсетілген тұтынушыларды қоса алғанда, тұтынушылар тобына бір нүктеде коммерциялық есепке алу аспаптарына ие болуына болады. Мұндай жағдайда бөлшек сауда нарығына ЭЖҰ-н жұмыс істеуге рұқсат ету жағдайында осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларының талаптары тұтынушылар тобына арналған ортақ есептеу нүктесінде орналасқан коммерциялық есептеуге қойылады;
5) бөлшек сауда нарығында электр энергиясын сатып алу кезінде - электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерге жүйелік оператормен шарттың болуы;
6) электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерге ӨЭК, ЭБҰ-мен шарттардың болуы;
7) электр қуатын (жиіліктерді) реттеуге ӨЭК-пен шарттың болуы;
8) техникалық диспетчерлендіруге (электр энергиясының импорты) ӨЭК-пен шарттың болуы;
9) электр энергиясын тұтынуды теңгерімдеу, олардың кейін қаржылық реттелуі үшін теңгерімсіздікті реттеу жөніндегі қызметтерді көрсетуге ӨЭК-пен шарттың болуы;
10) энергия өндіруші ұйымнан электр энергиясын сатып алуға шарттың болуы;
11) электр энергиясын тұтынушымен энергиямен жабдықтау шартының болуы;
12) ортақтандырылған сауда-саттықтарда электр энергиясын сатып алу кезінде - электр энергиясының орталықтандырылған саудасына қатысушының тіркеу картасының болуы.
59. Электр энергиясының кепілді жеткізушісі болып табылатын ЭЖҰ, осы Ереженің 25-тармағында белгіленген алдын ала ескертусіз тұтынушылардың кінәсінсіз электрмен жабдықтауды тоқтатқан жағдайда:
1) ЭКЖ жауапкершілігі аймағында барлық тұтынушылармен электрмен жабдықтау шарттары;
2) электр энергиясын жеткізуге энергия өндіруші ұйымдармен шарттары болуы тиіс.
60. Осы Ереженің 59-тармағында ескертілген жағдайда қандай да бір ЭЖҰ шарттарды бұзуы кезінде ӨЭК және ЭКЖ тұтынушыларды электрмен жабдықтауды тоқтатуына немесе үзілістер жасауына жол берілмейді.
61. Осы Ереженің 59-тармағында ескертілген жағдайларда тұтынушыларға электр энергиясын жеткізу кезінде тұтынушылармен ЭКЖ шарты ағымдағы есептік кезеңнің саналуынан бастап күшіне енген болып есептеледі.
62. Бұл ретте тұтынушылардың кінәсінсіз тұтынушыларға электр энергиясын жеткізуді тоқтатқан ЭЖҰ-ның энергия өндіруші ұйымдардың, жүйелік оператордың, ӨЭК-тің (ЭБҰ) алдындағы қарызы ЭЖҰ деректерінде сақталады және заңнамада белгіленген тәртіппен немесе сот арқылы өтелуі тиіс.
2-параграф. Электр энергиясының бөлшек сауда
нарығында жұмыс істейтін өңірлік электр желілері компанияларына қойылатын талаптар
63. Өңірлік электржелілік компаниялар электр желілері бойынша электр энергиясын беру функцияларын оның теңгерімдік тиесілігі шекараларында жүзеге асырады. Осы функцияларды жүзеге асыру үшін ӨЭК-тің:
1) электр беру желілерін (бұдан әрі - ЭБЖ) және қосалқы станцияларды пайдалануға, электр энергиясын беру мен таратуға мемлекеттік лицензиясы;
2) жұмысы жүйелік оператордың есептеу деректер базасымен және бөлшек сауда нарығы субъектілерінің коммерциялық есепке алу жүйелерімен келісілуі тиіс сақтау құрылғысымен және әр 60 минут сайын іріктеу интервалымен коммерциялық есепке алу жүйесі;
3) өңірлік деңгейдегі желілер бойынша электр энергиясының тұтыну беру режимдерін жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыратын жедел-диспетчерлік қызметі;
4) электр энергиясын беру жөніндегі қызметті көрсетуге арналған шарттары;
5) электр қуатын (жиіліктерді) реттеу жөніндегі қызметтер көрсету шарты;
6) электр энергиясын тұтынуды теңгерімдеу, олардың кейін қаржылық реттелуі үшін теңгерімсіздікті реттеу жөніндегі қызметтер көрсету шарты;
7) жеке желілерде электр энергиясының нормативтік шығындарды жабу үшін, сондай-ақ шаруашылық мұқтаждықтарға электр энергиясын сатып алуға шарттар болуы тиіс.
3-параграф. Электр энергиясының бөлшек сауда
нарығында жұмыс істеу үшін энергия беруші
ұйымдарға қойылатын талаптар
64. Энергия беруші ұйым бөлшек сауда нарығына мынадай талаптарды орындаған кезде жіберіледі:
1) ЭБЖ және қосалқы станцияларды пайдалану, электр энергиясын беру мен тарату құқығына мемлекеттік лицензияның болуы;
2) ӨЭК және ЭЖҰ-мен өзара іс-қимыл үшін оперативтік және кезекші персоналдың болуы;
3) электр желілеріне меншік немесе пайдалану құқығын (жалға алу, лизинг, сенімгерлік басқармасы және басқа пайдалану түрлері) растайтын құжаттардың болуы;
4) электр энергиясы тұтынушыларымен және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен электр энергиясын беру жөніндегі қызмет көрсетуге шарттардың болуы;
5) табиғи монополия субъектілерінің Мемлекеттік тізбесінде ЭБҰ тіркелгенін растайтын құжаттың болуы;
6) нормативтік талаптарға сәйкес энергия беруші ұйым, ӨЭК және басқа да ЭБҰ арасындағы теңгерімдік тиесілік шекараларында электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесінің болуы;
7) жеке желілерде электр энергиясының нормативтік шығындары жабу үшін, сондай-ақ шаруашылық мұқтаждықтарға электр энергиясын сатып алуға шарттардың болуы.
4-параграф. Бөлшек сауда нарығындағы электр
энергиясының тұтынушыларына қойылатын талаптар
65. Электр желілеріне тұтынушыны қосу және рұқсат ету заңнамада белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
66. Электр энергиясын тек жарық беру және басқа да өндіріспен байланысы жоқ мақсаттарда пайдаланатын тұтынушылар бөлшек сауда нарығына қатысу үшін:
1) нормативтік талаптарға сәйкес электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптары;
2) ЭЖҰ-мен электрмен жабдықтауға арналған шарты болуы тиіс.
67. Жеке электржелілік объектілеріне ие тұтынушының (ЭБЖ, қосалқы станция):
1) оның электр желісіне қосуға энергия беруші ұйыммен шарты;
2) ЭБЖ, қосалқы станцияны пайдалануға мемлекеттік лицензиясы немесе өзінің қосалқы станциясына қызмет көрсетуге осындай жұмыстар жүргізуге лицензиясы бар ұйыммен шарты;
3) ЭЖҰ-мен электр энергиясын жеткізуге, ӨЭК-мен (ЭБҰ) электр энергиясын беруге арналған шарттары;
4) энергия беруші ұйым берген нормативтік талаптар мен техникалық шарттарға сәйкес электр энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптары болуы тиіс.
68. Жеке электржелілік объектілері (ЭБЖ, қосалқы станция) бар және энергия беруші ұйымның электр желілеріне электр қондырғылары арқылы басқа тұтынушы-қосалқы абоненттер жалғанған тұтынушының осы Ереженің 67-тармағында анықталған талаптарға қосымша:
1) энергия беруші ұйымның өз электр желілері құрылғыларына тұтынушы-қосалқы абоненттерді қосуға рұқсаты;
2) тұтынушы-қосалқы абоненттердің электр энергиясын тұтынуының бөлек коммерциялық есебі болуы тиіс.
69. Энергия беруші ұйымның электр желілеріне басқа тұтынушының электржелілік объектілері арқылы қосылған тұтынушы-қосалқы абоненттің:
1) ЭЖҰ-мен электр энергиясымен жабдықтау шарты;
2) нормативтік талаптарға сәйкес коммерциялық есепке алу аспаптары болуы тиіс.
70. Энергия өндіретін ұйымдармен сатып алу-сату келісім-шарттарын жасаған және энергия беруші ұйымдардың тораптары арқылы электр энергиясын алатын бөлшек сауда тұтынушылары бөлшек сауда нарығына мынадай талаптарды орындаған жағдайда жіберіледі:
1) әрбір өлшенетін көлем үшін жиналған ақпараттың ұзақ уақытты регистрімен және 60 минуттан артық емес уақыт интервалымен тұтынатын қуат пен энергияның шамасы туралы деректерді беру мүмкіндігімен электр энергиясының аспаптары мен коммерциялық есепке алу жүйелерінің болуы;
2) коммерциялық есепке алу аспаптарынан өңірлік энергия беруші желінің диспетчерлік пунктіне дейін тұтынылатын қуат пен энергия шамасы туралы деректерді жинақтаудың және берудің автоматтандырылған жүйесінің болуы;
3) оперативтік және кезекші персоналдың болуы;
4) көтерме сауда нарығында электр энергиясын сатып алу кезінде - электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерге жүйелік оператормен шарттың болуы;
5) электр қуатын (жиіліктерді) реттеу жөніндегі қызметтерге ӨЭК-мен шарттың болуы;
6) электр энергиясын тұтынуды теңгерімдеу, теңгерімсіздіктерді реттеу жөніндегі қызметтер көрсетуге ӨЭК-мен шарттың болуы;
7) энергия өндіруші ұйыммен электр энергиясын сатып алу-сатуға шарттың болуы;
8) ӨЭК және басқа да ЭЖҰ-мен электр энергиясын беру бойынша қызмет көрсету шартының болуы.
5-параграф. Электр энергиясы мен қызметтер
көрсету нарығына шығу тәртібі
71. Өңірлік электржелілік компания және электр энергиясының бөлшек сауда нарығында электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді көрсететін өзге де ұйымдар осы Ереженің 58-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес барлық ЭЖҰ (ЭКЖ) электр желілеріне кедергісіз және кемсітусіз шығуды қамтамасыз етуі тиіс.
72. Диспетчерлік пункттер, оперативтік персонал, коммерциялық есепке алу аспаптары, олардан деректер алу құралдары, телеметрикалық ақпарат жинау және жеткізу жүйелері мен ӨЭК, ЭЖҰ және ЭКЖ бар байланыс құралдары қолданыстағы нормативтік техникалық құжаттармен белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
73. Осы Ереженің 58, 63, 64, 66-70-тармақтарында көрсетілген электр энергиясының бөлшек сауда нарығына шығуға рұқсат алу үшін талаптарды бөлшек сауда нарығы субъектілерінің орындауы ЭБҰ, ЭЖҰ-мен және бөлшек сауда тұтынушылармен электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерге шарттар жасасу кезінде ӨЭК-мен жасалатын тексеру актісімен ресімделеді.
74. Заңды тұлға болып табылатын тұтынушы, сондай-ақ тұтынушы- қосалқы абонент энергиямен жабдықтаушы ұйыммен - энергиямен жабдықтауға (электр энергиясын сатып алу), соңғысының ӨЭК, ЭБҰ-мен техникалық мүмкіндігі болған жағдайда, электр энергиясын беруге бір мезгілде шарт жасасуға құқылы.
75. ӨЭК-тің (ЭБҰ) осы Ереженің 74-тармағында көрсетілген тұтынушылардың энергиямен жабдықтаушы ұйыммен, оның техникалық мүмкіндігі бар болған жағдайда, өз желілері бойынша электр энергиясын беру жөнінде қызмет көрсетуге энергиямен жабдықтау шарттарын жасасуына кедергі келтіруге құқығы жоқ.
76. ӨЭК-те электр энергиясы жөніндегі техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда, техникалық мүмкіндік сараптау ұйымының қорытындысымен расталады және заңнамада белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
77. Бөлшек сауда нарығында субъектілер арасындағы қатынастарды реттеу процесінде ӨЭК:
1) бөлшек сауда нарығындағы сатылған және (немесе) сатылып алынған электр энергиясын жеткізу-тұтынудың белгіленген тәртіппен берілген режимін сақтауға бағытталған жедел-техникалық сипаттағы шараларды қабылдайды;
2) бөлшек сауда нарығы субъектілеріне өздері жол берген электр энергиясының теңгерімсіздігіне ақы төлеу туралы жүйелік оператор ұсынған ақпаратты жібереді;
3) бөлшек сауда нарығы субъектілеріне электр энергиясын беру жөнінде көрсетілген қызметтерге нақты ақы төлеуге шоттарды жібереді;
4) тұтынылған электр энергиясына, электр энергиясын беру, электр қуатын (жиілігін) реттеу және теңгерімдеу бойынша қызметтерге ақы төлеу жөніндегі шарттық міндеттемелер орындалмаған жағдайда, сондай-ақ электр энергиясының келісім-шарттан тыс көлемдері мен электр энергиясының тұтынылғаны (теңгерімсіздіктері) үшін нақты көрсетілген қызметтерге ақы төленбеген жағдайда, бөлшек сауда нарығы субъектісіне электр энергиясын босатуды (беруді) шектейді немесе тоқтатады;
5) бөлшек сауда нарығы субъектілерімен табылған электр энергиясы теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеуді жүзеге асырады.
5-тарау. Бөлшек сауда нарығы субъектілерінің
жауапкершілігі
78. Электр энергиясы мен қызметтер бөлшек сауда нарығының субъектілеріне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілік жүктеледі.