Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.09.2015 № 15-05/864 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік санитарлық
бас дәрігері,
Денсаулық сақтау
вице-министрі
14 мамырдағы 2004 жыл
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Қоршаған ортаны қорғау
вице-министрі
____________ 2004 жыл
"Өсімдіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңын іске асыру мақсатында бұйырамын:
1. Қоса берілген Пестицидтерді (улы химикаттарды) зарарсыздандырудың ережесі бекітілсін.
2. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
"Пестицидтерді улы химикаттарды
зарарсыздандырудың ережесін
бекіту туралы" Қазақстан
Республикасы Ауыл шаруашылығы
министрінің 2004 жылғы 6 шілдедегі
N 351 бұйрығымен бекітілген
Пестицидтерді (улы химикаттарды)
зарарсыздандырудың ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Пестицидтерді (улы химикаттарды) зарарсыздандырудың осы Ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Өсімдіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18 бабына сәйкес әзірленген және тыйым салынған, жарамсыз пестицидтер (улы химикаттар) және олардың ыдыстарын зарарсыздандырудың тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Осы Ереже пестицидтерді (улы химикаттарды) қолданатын жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ тыйым салынған, жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) және олардың ыдыстарын зарарсыздандыруды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қатысты.
3. Осы Ережеде мына негізгі ұғымдар қолданылады:
1) пестицидтерді (улы химикаттарды) зарарсыздандыру - тыйым салынған, жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) және олардың ыдыстарын кәдеге жаратуға, көмуге немесе жоюға бағытталған іс-шаралар;
2) тыйым салынған пестицидтер (улы химикаттар) - Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулыларымен қолдануға тыйым салынған пестицидтер;
3) жарамсыз пестицидтер (улы химикаттар) - сақтау шарттарының орындалмауына, сондай-ақ сақтаудың шекті мерзімі асырылуына байланысты жарамсыздыққа келген пестицидтер (улы химикаттар);
4) арнайы қоймалар (көмбелер) - тыйым салынған, жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) және олардың ыдыстарын көмуге арналған қоймалар.
2. Тыйым салынған, жарамсыз пестицидтерді (улы
химикаттарды) және олардың ыдыстарын зарарсыздандырудың талаптары
4. Тыйым салынған, жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) және олардың ыдыстарын зарарсыздандыру көму тәсілімен жүргізіледі.
5. Тыйым салынған, жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) және олардың ыдыстарын көму арнайы қоймаларда (көмбелерде) жүргізіледі.
6. Арнаулы сақтау орындарын (көмбелерді) салуды, ұстауды және тиісті жай-күйде сақтауды, халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдайтын жергілікті мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырады.
7. Арнаулы сақтау орындарын (көмінділерді) салуға, сондай-ақ пестицидтерді (улы химикаттарды) зарарсыздандыруға рұқсатты мемлекеттік экологиялық бақылау органдары береді.
8. Аймақтарда арнаулы сақтау орындарын (көмінділердің) орналастырудың орындылығын және олардың санын өсімдіктерді қорғау саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қызметін реттейтін және үйлестіруін жүзеге асыратын жергілікті мемлекеттік басқару органдары уәкілетті органмен және мемлекеттік экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен келісім бойынша айқындайды.
9. Арнаулы қоймаларды (көмбелерді) елді мекендерден 5000 метрден кем емес қашықтықта, желдің басым бағыттарын ескеріп, жел соқпайтын жақтан орналастыру керек.
Санитарлық - қорғау аймағында жер үсті және жер асты суларының бас тоғандарын, арнайы қоймалардың (көмбелердің) қызметіне қатысы жоқ тұрғын және қоғамдық ғимараттарды, сондай ақ өнеркәсіптік және үй жанындағы құрылыстарды орналастыруға тыйым салынады.
10. Арнайы қоймаларды (көмбелерді) салу үшін учаскені таңдау кезінде, климатогеографиялық және топырақтық ерекшеліктерді, жергілікті гидрогеологиялық жағдайды ескеру керек.
11. Арнайы қоймаларды (көмбелерді) су көздері мен минералдық көздердің санитарлық қорғау аймақтарының І және ІІ-белдеулерінің аумақтарында; курорттарды қорғаудың барлық үш аймағында, белсенді карст аймағында, ауыз судың жер асты көздерінің қоректену аймағында, көшкіндер, сел ағындарының және қар көшкіндерінің аймағында; жарылған жыныстар жер бетіне шыққан жерлерде, су тұтқыш қабаттар шыққан жерлерде, батпақтанған жерлерде, халықтың жаппай демалу және балаларды сауықтыру ұйымдары жерлерінде, сондай-ақ көмірді және басқа пайдалы қазбаларды өндіру жерлерінде орналастыруға тыйым салынады.
12. Арнайы қоймалардың (көмбелердің) аумағы химиялық қауіптіліктің ескерту белгілерімен қоршалады.
13. Иелігінде фитосанитарлық бақылауға жататын объектілері бар жеке және заңды тұлғалар тыйым салынған, жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) және олардың ыдыстарын түгендеуді және көмуді жүргізеді.
14. Көмуге дейін тыйым салынған, жарамсыз пестицидтер (улы химикаттар) және олардың ыдыстары олардың түгелдігін және қоршаған ортаның ластануына жол бермеуді қамтамасыз ететін қоймаларда сақталуы керек.
15. Тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау, олардың түгелдігін жоғалуына және қоршаған ортаны ластауына жол бермеуін қамтамасыз ететін, анық таңбаланған бүтін ыдыстарда жүзеге асырылады.
16. Бүтіндігі бұзылғанының анық белгілері бар ыдыстарда болған барлық тыйым салынған және жарамсыз пестицидтер (улы химикаттар) бүтін ыдысқа салынады. Ол үшін полиэтилен және қағаз қаптар, таза құрғақ темір бидондар, барабандар пайдаланылады.
17. Өрттің шығуына жол бермеу үшін, тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) аммиак селитрасынан, магний хлоратынан босаған полиэтилен қаптарға салуға тыйым салынады.
18. Жоғары тотықтырғыш қасиеті бар магний хлораты жаңа полиэтилен каптарға салынады. Оны басқа пестицидтердің (улы химикаттардың) қалдықтары бар ыдысқа салуға тыйым салынады.
19. Тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді бүтін ыдысқа салғаннан кейін ыдыстың сыртына қарама-қарсы түсті өшірілмейтін бояумен таңба салынады немесе препараттың атауы мен салмағы көрсетілген этикетка жапсырылады. Тыйым салынған және жарамсыз пестицидтердің (улы химикаттардың) қоспаларын таңбалағанда олардың компоненттері мен проценттік мөлшері көрсетіледі.
20. Қауіптілігі I-сыныпқа жататын тыйым салынған және жарамсыз пестицидтер (улы химикаттар), сондай-ақ қауіптілігі I сыныпқа жататын компоненттері бар қоспалар, жаңа полиэтилен қаптарға, ал олар болмаған кезде, механикалық беріктілігі тиісті препаратқа берілген нормативтік-техникалық құжаттамада көрсетілген беріктіліктен кем емес ыдысқа салынуы керек.
21. Тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді көмудің тәсілі олардың суда ерігіштігіне және қауіптілігінің сыныбына қарай анықталады. Әртүрлі сыныптағы тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) көму бөлек, қойманың (көмбенің) арнайы бункерлерінде жүргізіледі.
22. Қауіптіліктің І-сыныбына жататын суда еритін тыйым салынған және жарамсыз пестицидтердерді (улы химикаттарды) көму жақтарының қалыңдығы 10 мм-ден кем емес металдан жасалған герметикалық арнайы контейнерлерде, толтыру алдында және одан кейін екі рет тексеріп, жүргізіледі. Толтырылған контейнердің салмағы 2 тоннадан аспауы керек. Тыйым салынған және жарамсыз пестицидтері (улы химикаттары) бар контейнерлер темірбетондық бункерлерде көміледі.
23. Суда ерімейтін, құрамында сынабы бар, қауіптіліктің І-сыныбына жататын тыйым салынған және жарамсыз пестицидтердің (улы химикаттардың) және мырыш фосфидінің көмуін осы химиялық топтың суда еритін препараттарымен бірге бетондық бункерлерде жүргізу қажет.
24. Әр қайсы контейнерде тыйым салынған және жарамсыз пестицидтердің (улы химикаттардың) бір түрі немесе бір химиялық топтың өкілдері орналастырылуы қажет. Контейнерлерде өшірілмейтін бояумен оның ішіндегі тыйым салынған және жарамсыз пестицидтердің (улы химикаттардың) атауын көрсету керек.
25. Қауіптіліктің І-сыныбына жататын әсер етуші заты суда ерімейтін және қауіптіліктің ІІ мен ІІІ-сыныптарына жататын суда еритін тыйым салынған және жарамсыз пестицидтер (улы химикаттар) ұқсас көмудің шарттарын: түбі мен баурайларында 1 метрден кем емес қабатта фильтрация коэффициенті 10 -8 сантиметр секундына (бұдан әрі - см/с) аспайтын топырақтың болуын, талап етеді.
26. Қауіптіліктің ІІ және ІІІ-сыныптарына жататын суда ерімейтін тыйым салынған және жарамсыз пестицидтер топырағының фильтрация коэфициенті 10 -7 см/с аспайтын шұңқырларда көмілуі қажет. Бұл жағдайда фильтрацияға қарсы қалқан құру жөніндегі арнайы іс-шаралар қажет емес. Өткізгіштігі жоғарылау топырақтарда түбі мен баурайларында 1 метрден кем емес қабатта фильтрация коэффициенті 10
-7 см/с аспайтын жұмсақ саздан қалқан көздеу керек.
27. Қауіптілігі ІV-сыныпқа жататын тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) фильтрация коэффициенті 10 -5 см/с аспайтын топырақта көму үшін ешқандай фильтрацияға қарсы қалқан жасау жөніндегі арнайы іс-шаралар қажет емес. Өткізгіштігі жоғарылау топырақтарда түбі мен баурайларын қалыңдығы 0,5 метрден кем емес тығыздалған қабатпен оқшаулауды көздеу керек.
28. Көрсетілген фильтрацияның коэффициенті бар саздар, немесе олардың тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерге (улы химикаттарға) тұрақтылығы болмаған жағдайда препараттардың агрессивті әсеріне қарсы тұрақтылығы мен беріктігіне кепілдік беретін фильтрацияға қарсы қалқандардың басқа конструкциялары рұқсат етіледі.
29. Қауіптілігі І, ІІ және ІІІ сыныптарына жататын тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) көму, көму учаскелерінің экологиялық қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ететін, гидроизоляциясы бар темірбетон бункерлерде жүргізу қажет.
30. Әр қайсы бункерде тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) олардың химиялық топтары - құрамында сынабы бар, фосфорорганикалық, хлорорганикалық бойынша жүргізу қажет.
31. Өзара әрекеттескенде уыттылығы жоғарылау, өрт қауіпті заттар құрылатын немесе газ пайда болатын тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) бір бункерде бірге көму рұқсат етілмейді. Ылғалданғанда ыдырау және уытты немесе өрт қауіпті газдар бөлудің есебінен қауіптілігі артатын тыйым салынған және жарамсыз пестицидтердің (улы химикаттардың) орамасы тұтас және герметикалық болу керек. Осы тыйым салынған және жарамсыз пестицидтердің (улы химикаттардың) (цианплавтың, кальций цианамидінің, мырыш фосфидінің, цинебтің, перозиннің, хомециннің) көлемі көп болғанда көму тыйым салынған және жарамсыз келген пестицидтердің (улы химикаттардың) жалпы көлемінен оқшауланған бөлек бункерлер мен шұңқырларда, олардың химиялық топтарын ескеріп, жүргізу керек.
32. Тыйым салынған және жарамсыз пестицидтердің (улы химикаттардың) ылғалданған партияларын көмуге, оны жауынды күнде жүргізуге, орналастырылған партияларға жауынның түсуіне жол бермеу керек.
33. Уыттылығы мен суда ерігіштігі бойынша қауіптілігі жоғары тыйым салынған және жарамсыз пестицидтермен (улы химикаттармен) бірге қауіптілігі төмендеу тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды), олардың химиялық топтарын және сыйысымдылығын ескеріп, көмуге болады. Қауіптілік көрсеткіштері жоғары тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) уыттылығы азырақ және суда нашар еритін тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерге (улы химикаттарға) арналған шұңқырларда көмуге тыйым салынады. Контейнерлерде көмілетіндерді қоспағанда, тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) орналастыру кезінде өнімнің әр қайсы түрінің арасында, ыдыс бұзылған жағдайда олардың араласуына жол бермейтін топырақ салынатын, 5-7 см қашықтық көзделуі керек.
34. Тыйым салынған және жарамсыз пестицидтердің (улы химикаттардың) қоспаларын көму жеке бункерлерде және уыттылығы мен суда ерігіштігі көрсеткіші бойынша ұқсас тыйым салынған және жарамсыз пестицидтермен (улы химикаттармен) бірге жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте көму шарттары қоспаның құрамына кіретін компоненттердің ең жоғары қауіптілік көрсеткіші бойынша белгіленеді.
35. Көмуге түскен қоспалармен бірге олардың құрамын куәландыратын құжат болуы керек. Қоспалардың құрамында суда еритін, қауіптіліктің І-сыныпына жататын тыйым салынған және жарамсыз пестицидтер болғанда олардың салмақ үлесін көрсету керек.
36. Қоспада суда жақсы еритін, қауіптіліктің І-сыныпына жататын компоненттер болғанда барлық қоспа алдын ала металл контейнерлерге салынып бетон бункерлерде көмілуі қажет.
37. Әлуетті өрт қауіптілік төндіретін магний хлораты бар жанғыш қоспалар басқа тыйым салынған және жарамсыз пестицидтермен (улы химикаттармен) бірге көмілмеуі тиіс. Олдарды көму бөлек басқа көму орындарының өрт қауіптілігін қамтамасыз ететін қашықтықта жүргізілуі керек.
38. Магний хлоратын көму жеке шұңқырларда жүргізілуі керек, тотықтырғыш көлемі аз болғанда оны жанбайтын тыйым салынған және жарамсыз пестицидтермен (улы химикаттармен) - мыс хлортотығымен, мыс тотияйынымен, құрамында сынабы бар тұқым дәрілегіштермен бірге орналастыруға болады.
39. Көмуге келіп түскен тыйым салынған, жарамсыз пестицидтер (улы химикаттар) және олардың ыдыстары бау өткізілген және беттері нөмірленген есеп кітабында тіркеліп онда: тыйым салынған, жарамсыз пестицидтердің (улы химикаттардың) атаулары, оларды тиеп жіберген жеке және заңды тұлғалардың атаулары, брутто және нетто салмағы, көму күні, ыдыстың жай-күйі, көмуді жүзеге асырған адамдардың тізімі көрсетілуі керек.
40. Алаңда қосымша тиеу-түсіру операцияларын және тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) басқа көлікке ауыстырылуын болдырмау мақсатында оларды түсіріп қоюды ордың (шұңқырдың, бункердің) тура шетінде жүргізу керек. Тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) орға салу ыдыстың барынша сақталуын қамтамасыз ететіндей болып жүргізілуі керек. Ыдыстар оның ішінде болған тыйым салынған және жарамсыз пестицидтермен (улы химикаттармен) бірге көміледі.
41. Көму процесінде әрқайсы тыйым салынған және жарамсыз пестицидтің (улы химикаттың) орналастыру орны мен көлемі тиісті бункердің (шұңқырдың) схемасында көрсетілуі керек, өйткені ол қажет болғанда тыйым салынған және жарамсыз пестицидтердің (улы химикаттардың) орналасуын жедел анықтап учаскенің санитарлық ахуалына объективті бақылау жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
42. Тыйым салынған, жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) және олардың ыдыстарын зарарсыздандыру жөніндегі жұмыстар, "Өсімдіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20 бабына сәйкес, тыйым салынған, жарамсыз пестицидтері (улы химикаттары) және олардың ыдыстары жинақталған жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
43. Тыйым салынған, жарамсыз пестицидтерді (улы химикаттарды) және олардың ыдыстарын зарарсыздандыру жөніндегі жұмыстарын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар қолданыстағы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды басшылыққа алады.
3. Жауапкершілік
44. Осы Ережені бұзғаны үшін кінәлі адамдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 220 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.