Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ауыл Шаруашылғы министрлігінің 2012.02.13 № 10-1/52 Бұйрығымен.
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік санитарлық
бас дәрігері,
Денсаулық сақтау вице-министрі
14 мамыр 2004 жыл
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Қоршаған ортаны қорғау
вице-министрі
29 маусым 2004 жыл
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Көлік және коммуникациялар
министрі
9 маусым 2004 жыл
"Өсімдіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңын іске асыру мақсатында бұйырамын:
1. Қоса берілген Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтаудың, тасымалдаудың және қолданудың ережесі бекітілсін.
2. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
"Пестицидтерді (улы химикаттарды)
сақтаудың, тасымалдаудың және
қолданудың ережесін бекіту туралы"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2003 жылғы 13 шілдедегі
N 373 бұйрығымен бекітілген
Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтаудың,
тасымалдаудың және қолданудың ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы ереже адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсерді болғызбау мақсатында пестицидтерді (улы химикаттарды) (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы аумағында сақтаудың, тасымалдаудың және қолданудың тәртібін айқындайды.
2. Осы Ереже "Өсімдіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6 бабы 1-тармағының 3)-тармақшасына сәйкес әзірленген және өсімдіктерді қорғау саласында қызметті жүзеге асыратын барлық жеке және заңды тұлғалармен орындалуға міндетті.
3. Осы Ережеде мына негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) пестицидтер - зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы, сондай-ақ өнімді жинар алдында жапырақтарын кептіріп аластауға, өсімдіктердің өсуін реттеуге қолданылатын химиялық, биологиялық және басқа заттар;
2) әсер етуші зат - препараттық форманың құрамында болатын, пестицидтің биологиялық белсенді бөлігі;
3) тұқым дәрілеу - тұқым бетінде, қабықта және тұқым қабығының астында, тұқым ішіндегі ұрықта орналасатын ауру қоздырғыштарынан өсімдіктерді қорғау, сондай-ақ қоздырғыштары топырақта орналасатын аурулардан өсімдіктерді сақтау үшін тұқымды және отырғызылатын материалды химиялық заттармен өңдеу;
4) аэрозольдік тәсіл - пестицидтерді аэрозольдік генераторларды пайдалана отырып аэрозольді бөлшектер (сұйықтықтың ұсақ тамшыларының немесе пестицидтердің қатты бөлшектерінің ауада қалқып тұрған) түрінде қолдану;
5) фумигациялық тәсіл - ауыл шаруашылығы объектілерін (өсімдік текті өнімді, астықты және басқа карантинге жатқызылған өнімді өсіруші, дайындаушы, қоймалаушы, қайта өңдеуші және сатушы ұйымдардың, шаруашылық субъектілерінің, үй жанындағы және саяжай шаруашылықтарының қоймалық және өзге үй-жайларын, астық қабылдау орындарын, астық қоймаларын, жылыжайларын, топырақтарын) бу немесе газ күйіндегі пестицидтермен өңдеу жолымен залалсыздандыру;
6) пестицидтердің тізімі - Қазақстан Республикасы аумағында қолдануға рұқсат етілген, тіркелген пестицидтердің тізбесі;
7) қолдану регламенті - пестицидтердің тізімінде көрсетілген қолданудың тәртібі мен шарттарына қойылатын талаптар.
2. Пестицидтерді сақтаудың тәртібі
4. Пестицидтерді сақтау экологиялық, құрылыстық және санитарлық-эпидемиялық ережелер мен нормалардың талаптарына жауап беретін арнайы арналған қоймалық үй-жайларда (бұдан әрі - қоймалар) жүзеге асырылады.
5. Қоймаларда мына атқарымдық бөлімдер (секциялар) көзделуі керек:
1) пестицидтерді сақтауға арналған жалпы бөлім;
2) өртену және жарылу қауіпі бар заттарды сақтауға арналған бөлім;
3) төтенше қауіпті (қауіптілігі 1-сынып) заттарды сақтауға арналған бөлім.
6. Қоймаларда пестицидтер табандықта, сөрелер мен стелаждарда сақталуы керек, олардың араларындағы және ғимараттың қабырғасына дейінгі қашықтық бір жарым метрден аз болмауы керек. Пестицидтерді қапшықтарда, темір барабандарда, сыйымдылығы бес литрден көп емес бөшкелерде, картон және полимер қораптарда, құтыларда сақтағанда штабельдің биіктігі үш қабат болуына рұқсат етіледі. Стелаждарды пайдаланғанда қоймалау биіктігін көбейтуге болады. Стелаждардағы препараттарды жарамдылық мерзімі және сақтауға келіп түсу мерзімі бойынша топтастыру қажет. Пестицидтерді ақтарылған түрде сақтауға тыйым салынады.
7. Қоймалар ағылғыш және ауаны тартқыш вентиляциямен жабдықталады. Ауаны тартқыш вентиляция құрғақ сүзгі элементтерімен жабдықталады.
8. Қоймада пестицидтерді сақтау санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы қызмет органдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің тиісті аумақтық органдары өкілдерімен бірлесіп тексеріп, оған қорытынды рәсімдеп, улы химикаттарды алу және сақтау құқығына санитарлық паспорт жасалынғаннан кейін рұқсат етіледі.
9. Сақталатын пестицидтердің мөлшері қойманың жобасымен көзделген сыйымдылықтан аспау керек.
10. Қоймада жүк тиеу-түсіру жұмыстары механикаланған болуы керек (қатарлағыштар, монорельстер, кран-балкалар, электркаралар, автотиегіштер, арбалар және автокаралар).
11. Пестицидтерді жіберу көлемі бойынша ыдыс саны көрсетіліп жүргізіледі.
12. Пестицидтерді қабылдау мен беру қойманың уәкілетті лауазымды тұлғасы жүргізетін кіру-шығу журналында тіркеледі.
3. Пестицидтерді тасымалдаудың тәртібі
13. Пестицидтерді тасымалдау қауіпті жүктерді көлік құралдарымен тасу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық кесімдерімен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
14. Пестицидтермен бірге, немесе бұрын пестицидтерді тасымалдау үшін пайдаланылған көлік құралдарында, азық-түлікті, жемді және ауыз суды тасымалдауға қатаң тыйым салынады.
15. Пестицидтерді тасымалдауға пайдаланылған көлік құралдарын, алдын ала тазалау мен залалсыздандыруды және тазалау тиімділігін зертханада бақылауды жасамай, басқа да азық емес жүктерді тасымалдау үшін пайдалануға болмайды.
4. Пестицидтерді қолданудың тәртібі
16. Жеке және заңды тұлғаларды пестицидтерді қолдану жөніндегі жұмыстарға жіберу тиісті нормативтік құқықтық кесімдерде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
17. Қолдануға тек халықтың санитарлық-эпидемиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының уәкілетті органымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтер тізбесіне енгізілген пестицидтер жатады.
18. Пестицидтерді қолдану тек тіркеулік куәлігі болғанда рұқсат етіледі.
19. Пестицидтермен жасалынған барлық жұмыстар, беттері нөмірленген және тігілген журналдарда тіркеліп, оларда міндетті түрде мына мәліметтер көрсетіледі:
1) пестицидтердің атауы;
2) әсер етуші заттың атауы және қабылданған пестицидтердің топтауына сәйкес оның көрсетілген қауіп-қатері (препараттың сыныпы);
3) зиянды организм атауы;
4) шығын мөлшері;
5) ерітіндінің көлемі;
6) ерітіндінің дайындалған күні;
7) өңдеудің түрі (жер үсті, авиациялық, аэрозольдік);
8) өңдеудің орны мен алаңы;
9) өңдеудің күні;
10) өңделген дақылдың түрі.
20. Пестицидтермен жұмыс жасалып жатқан орындарда көрнекі құралдардың болуы, нұсқаулар, пестицидтерді қолдану жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік шаралары туралы жаднамалар ілінуі керек.
21. Уақытша сақтауға арналған арнайы орындардан басқа жұмыс орындарында пайдаланылмаған пестицидтерді қалдыруға тыйым салынады.
22. Пестицидтерді қолдану, пайдалану (қолдану) регламенттеріне (шығу мөлшері, тәсілі және өңдеу есесі, шектеулер) сәйкес жүзеге асырылады.
23. Жеке және заңды тұлғалардың пестицидтерді аэрозольдік және фумигациялық тәсілдермен қолдану жөніндегі қызметі заңнамада белгіленген тәртіппен берілген лицензияның негізінде жүзеге асырылады.
24. Жеке және заңды тұлғалар пестицидтерді сақтау, тасымалдау және қолдану кезінде қолданыстағы санитарлық ережелер мен нормаларды басшылыққа алады.
5. Жауапкершілік
25. Осы Ереженің бұзғаны үшін кінәлі адамдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 220 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.