Жекеше нотариустың бос орнына орналасу үшiн конкурс өткiзу жөнiндегi нұсқаулықты бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2003 жылғы 9 желтоқсандағы N 259 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 12 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 2614

Жаңартылған

      "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  33-бабы 2-тармағының 3) тармақшасының негiзiнде БҰЙЫРАМЫH:
      1. Қоса берiлiп отырған Жекеше нотариустың бос орнына орналасу үшiн конкурс өткiзу жөнiндегi нұсқаулық бекiтiлсiн.
      2. Аумақтық әдiлет органдарының бастықтары бекiтiлген Нұсқаулықтың тиiсiнше қолданылуын қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Әдiлет вице-министрi C. Н.Баймағанбетовке жүктелсiн.
      4. Осы бұйрық мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастан күшiне енедi.

       Министр

Қазақстан Республикасы   
Әдiлет министрiнiң     
2003 жылғы 9 желтоқсандағы 
N 259 бұйрығымен      
бекiтiлген         

  Жекеше нотариустың бос орнына орналасу үшiн
 конкурс өткiзу жөнiнде нұсқаулық

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық жекеше нотариустардың бос орнына орналасуға конкурстық iрiктеу өткiзудiң (бұдан әрi - Конкурс) тәртiбiн, шарттарын және мерзiмiн белгiлейдi.

      2. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиясы бар адам және жеке нотариаттық практикамен айналысқысы келетiндер конкурстан өтедi.

      3. Бос лауазым ретiнде нотариусты нотариаттық палата мүшелерiнiң қатарынан шығаруға және оны есептiк тiркеуден алып тастауға байланысты, сондай-ақ жекеше нотариустың қосымша бірлігін бекіткен жағдайда құралған бос орын танылады.
       Ескерту: 3-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 15 сәуірдегі N 100   бұйрығымен .

      4. Конкурстық комиссияға бос орын құралғаны туралы мәлiмет жекеше нотариусты нотариаттық палатадан шығарған және оны есептiк тiркеуден алып тастаған күннен бастап бес күн мерзiмде ұсынылады.

  2. Конкурстық комиссияны құру және оның
 жұмысын ұйымдастыру тәртiбi

      5. Конкурстық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) алты адамнан тұрады және аумақтық әдiлет органы мен нотариаттық палата өкiлдерiнiң тең санынан құралады.

      6. Комиссия құрамын әдiлет органы мен нотариаттық палатаның бiрлесiп енгiзген ұсынысы негiзiнде Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi бекiтедi.
      7. Комиссия екi жыл мерзiмге құрылады.

      8. Комиссия нотариаттық округте жекеше нотариус лауазымына бос орын қалыптасқанда және жекеше нотариус лауазымына үмiткерлер болғанда отырыс өткiзедi.

      9. Комиссия отырысын Комиссия қызметiне басшылық жасайтын оның төрағасы жүргiзедi, оның жұмысын жоспарлайды және оның шешiмдерiнiң iске асырылуына жалпы басшылық жасайды.

      10. Комиссия шешiмi ашық дауыс берумен қабылданады және егер ол үшін Комиссия мүшелерiнiң жалпы санынан басым көпшiлiгi дауыс берсе қабылданды деп есептеледi.
      Комиссия мүшелерiнiң дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ.
      Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасы дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледi.

      11. Комиссия шешiмдi оның шығарылған күнi мен орны, Комиссия құрамы, қаралған мәселе, қабылданған шешiмнiң негiздемесi мен дәлелдерін көрсете отырып жазбаша нысанда қабылдайды.

      12. Комиссия отырысы Комиссия құрамына кiрмейтiн Комиссия хатшысы жүргізетiн мiндеттi хаттаманың жүргiзiлуiмен өткiзiледi және отырысқа қатысушы Комиссия мүшелерiнiң барлығы қол қояды.

      13. Комиссия қызметiн ұйымдық қамтамасыз ету аумақтық әдiлет органына жүктеледi.

  3. Жекеше нотариустың бос орнына орналасу үшiн
 конкурсты ұйымдастыру және өткiзу

      14. Конкурс рәсiмi мынадай кезеңдерден тұрады:
      1) жеке нотариустың бос орнына орналасуға конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
      2) конкурсқа қатысқысы келетiн (бұдан әрi - үмiткерлер) адамдардан құжаттар қабылдау;
      3) үмiткерлер құжаттарының заңнамада белгiленген талаптарға сәйкестiгiн алдын-ала қарау;
      4) әңгiмелесу;
      5) комиссия отырысында шешiм қабылдау.

      15. Конкурсқа қатысуға нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиясы бар Қазақстан Республикасының азаматы жiберiледi.

      16. Конкурсқа:
      1) осы Нұсқаулықтың 15-тармағындағы талаптарға сәйкес келмеген;
      2) заңнамада белгiленген тәртiппен iс-әрекет жасауға қабiлетсiз не iс-әрекет жасауға қабiлеттiлiгi шектеулi деп танылған;
      3) заңды күшiне енген сот шешiмiмен белгiлi бiр мерзiм iшiнде нотариаттық қызметпен айналысу құқығынан айырылған;
      4) өтелмеген немесе заңда белгiленген тәртiппен соттылығы алынбаған;
      5) өзiне қатысты ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық iс тоқтатылған;
      6) лицензиясы керi қайтарылып алынғандықтан не нотариаттық iс-әрекет жасау кезiнде Қазақстан Республикасының заңдарының бұзылуына жол бергенi үшiн мемлекеттік нотариус қызметiнен босатылғандықтан нотариаттық қызметтi тоқтатқан адам осындай оқиға болғаннан кейiн үш жыл бойы жiберiлмейдi.

      17. Аумақтық әдiлет органы бос орын пайда болғаны туралы мәлiметті алған күннен бастап он күн мерзiмде хабарландыру жариялайды.
       Ескерту: 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 15 сәуірдегі N 100   бұйрығымен .

      18. Конкурс өткiзу туралы хабарландыру республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жарияланады.

      19. Конкурс өткiзу туралы хабарландыру мынадай мәлiметтердi:
      аумақтық әдiлет органының орналасқан жерi, пошталық мекен-жайы және байланыс телефондары көрсетiлген толық атауын;
      нотариаттық округтiң атауы және жекеше нотариустың бос орны пайда болған қаланы, ауданды көрсетудi;
      жекеше нотариусқа қойылатын біліктiлік талаптарына сәйкес айқындалған үмiткерге негізгi талапты;
      құжаттарды қабылдау тәртібi және мерзiмдерін:
      конкурсты өткiзу орнын:
      Комиссияның қарауына ұсынылған құжаттардың тізбесін қамтиды.
      Хабарландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қосымша ақпаратты қамтуы мүмкін.

      20. Yміткерлер хабарландыру жарияланған күннен бастап отыз күнтізбелiк күн iшінде Комиссияға осы Ереженің қосымшасында белгіленген нысан бойынша өтініштi мынадай құжаттарды:
      1) үмiткердің фотосуреті бар жеке іс парақ (оның нақты тұрғылықты жерiнiң мекен-жайы мен телефонын және байланыс телефонын көрсете отыра);
      2) жеке куәлiктің немесе Қазақстан Республикасының азаматы төлқұжатының көшірмесi;
      3) нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензияның нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      4) еңбек кiтапшасының нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      5) Комиссияға тапсырғанға дейiн бiр ай бұрын үмiткердiң тұрғылықты жерi бойынша наркологиялық және психиатриялық диспансерлерден берiлген медициналық анықтама;
      6) бүкiл республика бойынша мәлiметтердi көрсете отырып, Комиссияға тапсырғанға дейiн бiр ай бұрын тұрғылықты жерi бойынша үмiткерге берiлген соттылығы жоқтығы туралы анықтаманы қоса бередi.
       Ескерту: 20-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 15 сәуірдегі N 100   бұйрығымен .

      21. Үмiткер өзiнiң бiлiмiне, жұмыс тәжiрибесiне, кәсiби деңгейi мен беделiне (бiлiктiлiгін арттыруы, ғылыми дәреже мен атақ берiлгенi туралы құжаттардан көшiрмелер, мiнездемелер, ұсынымдар, ғылыми жарияланымдар және т.б.) қатысты қосымша ақпарат ұсынуға құқылы.

      22. Комиссияға түскен құжаттар аумақтық әдiлет органы кеңсесiнiң арнайы жеке журналында тiркеледi.
      Өтiнiш тiркелгеннен кейiн үмiткерге аумақтық әдiлет органы үш күн iшiнде ұсынылған құжаттар пакетiнiң толықтығына тексерiс жүргiзедi.
      Құжаттар дұрыс ресiмделмеген не құжаттар пакетi толық тапсырылмаған жағдайда аумақтық әдiлет органы үмiткерге құжаттарды қабылдау мерзiмi аяқталғанға дейiн белгiленген талаптарға сәйкес құжаттарды алып келудi жазбаша түрде ұсынады.

      23. Құжаттарды қабылдау конкурс туралы хабарландыруда белгiленген мерзiм аяқталған күнi аяқталады.

      24. Құжаттарды қабылдау мерзiмi аяқталғаннан кейiн Комиссия Конкурсқа қатысушылардың құжаттарын осы Нұсқаулықтың 18, 19-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкестiгiн алдын-ала қарастыруды жүзеге асырады.

      25. Құжаттарды алдын-ала қарастыру нәтижесiн есепке ала отырып, Комиссия Үмiткердiң Конкурсқа жiберiлуi не жiберiлмеуi туралы шешiм қабылдайды.

      26. Конкурсқа қатысуға жiберiлуi не жiберiлмеуi Конкурсқа қатысуға жiберiлген және жiберiлмеген үмiткерлердiң тiзiмi көрсетiлген хаттамалық шешiммен ресiмделедi.

      27. Конкурсқа қатысуға жiберiлген үмiткерлер Конкурстың өткiзiлуiне дейiнгi он күннен кешiктiрiлмей Конкурсқа жiберiлуi туралы, сонымен қатар әңгiмелесудiң өтетiн жерi, күнi мен уақыты туралы жазбаша хабарландырылады.

      28. Конкурсқа қатысуға жiберiлмеген Үмiткерлерге тиiстi шешiм қабылданғаннан кейiн Комиссия хабардар етедi.
      Комиссия бұл жағдайда Конкурсқа қатысушыға заңнама нормаларына сiлтемесiмен, сондай-ақ оның Конкурсқа қатысуға жiберiлмеуi туралы шешiмдi қабылдау үшiн негiз болған басқа да дәлелдер мен себептер көрсетiлген дәлелденген шешiмдi оның енгiзiлген күнiнен бастап бес күн кешiктiрмей беруге мiндеттi.

      29. Әңгiмелесу кезiнде жекеше нотариус қызметiнiң бiлiктiлiк талаптарына және юриспруденция саласындағы, атап айтқанда нотариат саласындағы жұмыс тәжiрибесiне сүйене отырып, Конкурсқа қатысушылардың кәсiби және жеке басының қасиеттерi бағаланады.
      Конкурсқа қатысушылардың кәсiби және жеке басының қасиеттерi тең болған жағдайда нотариат жүйесiнде кемiнде 5 жыл мiнсiз жұмыс стажы бар.

      30. Әрбiр үмiткермен әңгiмелесу нәтижелерi жеке хаттама түрiнде ресiмделедi.

      31. Комиссия үмiткерлердiң әңгiмелесу нәтижелерiн олар болмағанда талқылайды және жекеше нотариус қызметiнiң бос орнына орналасу үшiн ұсыныс беру туралы немесе ұсыныс бepугe қарсы болу туралы ашық дауыс беру жолымен шешiм қабылдайды.

      32. Жекеше нотариустың бос лауазымына орналасуға үмiткерлердiң конкурстық iрiктеуден өтуi туралы Комиссияның шешiмi тиiстi нотариаттық округтың нотариаттық палатасы мүшелiгiне жекеше нотариустың бос лауазымына үмiткерлердi қабылдау үшiн және оның аумақтық әдiлет органында есептiк тiркелуiне негiз болып табылады.

      33. Егер Конкурс Комиссиясының нәтижесiнде бос орынға орналасуға ұсынылатын үмiткерлер iрiктелмеген болса, Комиссия қайталама конкурс жариялауы қажет.

      34. Жекеше нотариус қызметiне бос орынға конкурстық iрiктеуден өтпеген үмiткерлер келесi конкурсқа қайта қатысуға құқылы.
      35. Комиссия шешiмi сот тәртiбiмен шағымдалуы мүмкiн.

  4. Қорытынды ережелер

      36. Тиiстi нотариаттық округтың нотариаттық палатасы заңнама мен Жарғыда белгiленген тәртiппен жарияланған бос лауазым орнына Комиссияның оң қорытындысын алған адамды нотариаттық палата мүшелiгiне алады.
      Бұл орайда нотариаттық палатаның өзiне мүшелiкке кiру үшiн Комиссияның оң қорытындысын алған адамнан кiру жарнасын төлеудi талап етуге құқығы жоқ.

      37. Аумақтық әдiлет органы есептiк тiркеудi Комиссияның оң қорытындысын алған және нотариаттық палатаның мүшелiгiне кiрген адамды заңнамада көзделген тәртiппен жүргiзедi.

      38. Комиссияның оң қорытындысын алған адам нотариаттық палатаның мүшелiгiне және оның есептiк тiркеуiне кiргеннен кейiн аумақтық әдiлет органы мен нотариаттық палата жарияланған бос орын бойынша оның нотариаттық қызмет аумағын анықтайды.

      39. Комиссияның оң қорытындысын алған адамның нотариаттық палата мүшелiгiне қабылдау кезiнде не оны есептiк тiркеу кезiнде анықталған көрiнеу жалған мәлiметтердi тапсыруы Комиссияның шешiмiн жарамсыз деп тану үшiн негiз болып табылады.

Қазақстан Республикасы     
Әдiлет министрiнiң       
2003 жылғы 9 желтоқсандағы  
N 259 бұйрығымен бекiтiлген 
Жекеше нотариустың бос орнына
орналасу үшiн конкурс өткiзу 
жөнiнде нұсқаулыққа     
қосымша            

_____________________облысының  
конкурстық комиссия төрағасына  
______________________________  
______________________________  
мекен-жайы: __________________  
______________________________  

Өтiнiш

      Менi ________________________________________________________
            (бос орын бар нотариаттық округтiң әкiмшілiк-аумақтық
             бiрлiгi көрсетiледi)

_____________ жекеше нотариустың бос орнына орналасу үшiн конкурсқа
қатысуға жiберуiңiздi сұраймын.

Жекеше нотариустың бос орнына орналасу үшiн конкурс өткiзу нұсқаулығының негiзгі талаптарымен таныстым және оларды орындауға мiндеттенемiн.

      Мен тапсырған құжаттардың түпнұсқалығына өзiмнiң толық жауапкершiлiгiмдi растаймын.

_____________                                _____________________
  (қолы)                                           (аты-жөнi)

"___"___________ 200__ж.