Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2000 жылғы 25 наурыздағы N 247
бұйрығымен
бекітілген (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде N№1118-н 2000 жылғы 24 сәуірде тіркелген) Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдаудың типтік ережелеріне сәйкес, мемлекеттік білім гранттары мен мемлекеттік білім несиелерін тағайындау үшін бұйырамын:
1. Ұсынылған Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау мен мемлекеттік білім несиелерін беру жөніндегі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Конкурстық комиссиясы жұмысының ережелері бекітілсін.
2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім департаменті (Б.С. Әбдірәсілов) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеуден өткен күннен бастап күшіне енеді.
Министрдің міндетін
атқарушы
"Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау
мен мемлекеттік білім несиелерін беру
жөніндегі конкурстық комиссия жұмысының
ережелерін бекіту туралы" Қазақстан
Республикасы Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушының
2003 жылғы 22 мамырдағы N 337 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік білім гранттарын тағайындау мен мемлекеттік
білім несиелерін беру жөніндегі конкурстық комиссия
жұмысының ережелері
1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің конкурстық комиссиясы (бұдан әрі - Конкурстық комиссия) мемлекеттік білім гранттарын тағайындау мен мемлекеттік білім несиелерін беру жұмыстарды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2000 жылғы 25 наурыздағы N№247 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде N№1118-н 2000 жылғы 24 сәуірде тіркелген) Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдаудың типтік ережелеріне (бұдан әрі - Типтік ереже) сәйкес құрылады.
2. Конкурстық комиссия өз жұмысында "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңын , Қазақстан Республикасының Типтік ережелерін, осы Ережені және білім беру саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
3. Конкурстық комиссия төрағасы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып табылады.
Конкурстық комиссияның құрамына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің кәсіптік жоғары білім мәселелерін бағыттайтын басшы құрамы, өңірлік комиссиялардың төрағалары, заңды тұлғалардың өкілдері.
Конкурстық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдауды өткізу кезінде Министр бекітеді.
2. Конкурстық комиссияның негізгі міндеттері мен құқығы
4. Конкурстық комиссияның негізгі міндеті Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерге мемлекеттік білім гранттарын тағайындау және мемлекеттік білім несиелерін беру болып табылады.
5. Конкурстық комиссия қойылған міндеттерді іске асыру үшін:
1) талапкерлердің кешенді тестілеу нәтижелерін қарастырады және мемлекеттік сертификаттағы балдарына сәйкес бекітілген мемлекеттік білім тапсырысы шегінде мемлекеттік білім гранттарын тағайындайды және мемлекеттік білім несиелерін, оның ішінде резервтен береді;
2) жоғары оқу орындарына қабылдауды реттейтін нормативтік құқықтық актілерінде қарастырылмаған мәселелер бойынша шешім қабылдайды.
6. Конкурстық комиссия өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін:
1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік білім гранттарын тағайындау мен білім несиелерін беру рәсімдерін ұйымдастыруды жүзеге асыруға;
2) тиісті мамандықтар бойынша конкурс өткеннен кейін қалған мемлекеттік білім гранттары мен несиелерін бакалавр мен жоғары кәсіптік білімді мамандарды даярлау бағыттары арасында қайта бөлуге;
3) мемлекеттік білім тапсырысының резервінен мемлекеттік білім гранттарын тағайындауға және мемлекеттік білім несиелерін беруге;
4) Конкурстық комиссия жұмысының қорытындылары бойынша Конкурстық комиссия жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері туралы Министрлікке ұсыныстар енгізуге құқығы бар.
3. Конкурстық комиссияның жұмысын ұйымдастыру
7. Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау және мемлекеттік білім несиелерін беру нақты мамандықтар мен даярлау бағыттары, тіл бөлімдері мен оқыту нысаны бойынша кешенді тестілеудің нәтижесі бойынша берілген мемлекеттік сертификаттардағы балдарға сәйкес жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау және мемлекеттік білім несиелерін беру талапкердің өтінішінде көрсетілген үш мамандықтың әрқайсысына кезең-кезеңімен өткізіледі.
Мемлекеттік білім гранты мен мемлекеттік білім несиесін тағайындау бірінші кезекте өтініште бірінші көрсетілген мамандық бойынша жүзеге асырылады (бірінші кезең). Осы ретте, тіл бөлімдерінен қалған бос орындар мамандықтар арасындағы конкурстық негізде тағайындау үшін бір-біріне беріледі.
9. Мемлекеттік білім гранттары бірінші кезекте:
осы мамандыққа өтініш берген "Алтын белгі" белгісінің иегерлеріне;
ағымдағы жылы жалпы орта білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары болып табылатын жалпы орта, кәсіптік бастауыш және кәсіптік орта білім беру ұйымдарының бітірушілеріне (І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған), сондай-ақ соңғы үш жылдағы республикалық және халықаралық орындаушылар конкурстарының жеңімпаздарына (І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған) олар жеңімпаз болып табылатын олимпиада мен ғылыми жарыстар таңдап алған мамандықтарына сәйкес келген жағдайда тағайындалады;
одан әрі, қалған орындарға жалпы конкурс бойынша барлық қалған талапкерлердің кандидатурасы қарастырылады.
10. Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау қалған орындарға ауыл квотасын ескеріп, мамандықтар мен тіл бөлімдері бойынша мемлекеттік сертификаттар балына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.
11. Ауыл мектептерін бітірген тұлғаларға арналған квота белгіленген мамандықтарға конкурс мынадай түрде өтеді:
осы мамандық пен оқыту тілі бойынша олардың жалпы санының 70%-ы жалпы конкурс тәртібімен тағайындалады, ал қалған 30% грантқа конкурс тек ауылдық оқу ұйымдарын бітірушілер арасында өткізіледі.
12. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ және 2% квотамен қабылдануға құқы бар азаматтарға мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурстық негізде мемлекеттік сертификаттағы балдарға сәйкес нақты мамандарды даярлаудың бағыттары үшін квоталық орын саны шегінде жүзеге асырылады.
13. Мемлекеттік сертификаттар балдарының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда мемлекеттік білім гранттарын иеленуге басым құқығы барлар:
1) жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;
2) медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға тыйым салынбаған жағдайда, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, бала кезден мүгедектер;
3) үздік аттестаттары, кәсіптік бастауыш және орта білімді үздік дипломдары бар азаматтар;
4) аттестатының ең жоғарғы орта балы бар азаматтар;
5) дипломының ең жоғарғы орта балы бар азаматтар;
6) бейіндік пәндер бойынша ең жоғары балы бар азаматтар.
14. Мемлекеттік білім несиелерін беру мемлекеттік білім гранттарын тағайындаудың тәртібімен жүзеге асырылады.
15. Мемлекеттік білім гранттарын конкурстық тағайындау мен мемлекеттік білім несиелерін берудің бірінші кезеңінен кейін қалған бос орындар бойынша мамандықтарға конкурстың екінші кезеңі өткізіледі. Бұл конкурсқа конкурстың бірінші кезеңінен өтпей қалған және екінші мамандықты көрсеткен азаматтар қатысады. Тіл бөлімдерінен қалған бос орындар мамандықтар ішіндегі конкурстық негізде тағайындау үшін бір-біріне беріледі.
16. Екінші таңдалған мамандық бойынша мемлекеттік білім гранттарын тағайындау мен мемлекеттік білім несиесін беру бірінші таңдалған мамандықтың тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
17. Мемлекеттік білім гранттарын конкурстық тағайындау мен мемлекеттік білім несиесін берудің екінші кезеңінен кейін қалған бос орынға конкурстың үшінші кезеңі өткізіледі, онда конкурстың алғашқы екі кезеңінен өтпей қалған және үшінші мамандықты көрсеткен азаматтар қатысады. Тіл бөлімдерінен қалған бос орындар мамандықтар ішіндегі конкурстық негізде тағайындау үшін бір-біріне беріледі.
18. Үшінші таңдалған мамандық бойынша мемлекеттік білім гранттарын конкурстық тағайындау мен мемлекеттік білім несиесін беру бірінші таңдалған мамандықтың тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
19. Резервтен мемлекеттік білім гранттары мен несиелері:
1) халықаралық және ведомствоаралық келісімдермен келген шетел азаматтарына;
2) заңмен белгіленген тәртіп бойынша мемлекеттік білім гранттарын емтихан тапсырмай алуға құқықты және осы ереженің 13-тармағына сәйкес бірдей көрсеткіштері бар тұлғалардың кейбіреуіне бос қалған орындар жетпеген жағдайда тағайындалады.
20. Конкурстық комиссияның отырыстары олардың мүшелерінің жалпы санының кемінде 2/3-і қатысқанда іс жүзінде саналады.
21. Конкурстық комиссияның шешімі отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелерінің дауыс беруінің жай басымдылығымен қабылданады. Дауыс саны тең болғанда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
Конкурстық комиссияның жоғары оқу орындарына қабылдауға келісілген, нормативтік құқықтық актілерде қарастырылмаған мәселелер бойынша шешімдері хаттамамен ресімделеді және оған қатысып отырған барлық мүшелерінің қолдары қойылады.