Табиғи монополия субъектілерін Мемлекеттік тіркелімге енгізу және шығару ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының 2003 жылғы 26 ақпандағы N 57-ОД бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 21 наурызда тіркелді. Тіркеу N 2217.

Жаңартылған

      "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі  Заңы  4-бабының 3 тармағы және 13-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Табиғи монополия субъектілерін Мемлекеттік тіркелімге енгізу және шығару Ережесі бекітілсін.
      2. "Табиғи монополия субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін қалыптастырудың және жүргізудің Ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетінің 1998 жылғы 19 тамыздағы N 03-5-НҚ  бұйрығының  күші жойылды деп танылсын. (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 1998 жылғы 16 қарашада N 645 тіркелген; Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының 2001 жылғы 12 ақпандағы N 20-НҚ  бұйрығымен ; Қазақстан Республикасы  Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының 2002 жылғы 11 қыркүйектегі N 186-НҚ  бұйрығымен  өзгертулер енгізілді).
      3. Әкімшілік жұмысы департаменті (А.Т.Шабдарбаев) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін:
      1) оны белгіленген тәртіппен ресми бұқаралық ақпарат құралдарына жариялауды қамтамасыз етсін;
      2) оны Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің және аумақтық органдарының назарына жеткізсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Б.Ә.Сағынтаевқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

       Төраға

Қазақстан Республикасы    
Табиғи монополияларды    
реттеу және бәсекелестікті 
қорғау жөніндегі агенттігі 
төрағасының        
2003 жылғы 26 ақпандағы  
N 57-ОД бұйрығымен     
бекітілген         

  Табиғи монополия субъектілерін
 Мемлекеттік тіркелімге енгізу және шығару ережесі

1. Жалпы ереже

      1. Осы Ереже " Табиғи монополиялар туралы ", " Бәсекелестік және монополистік қызметті шектеу туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және Табиғи монополия субъектілерінің Мемлекеттік тіркеліміне табиғи монополия субъектілерін енгізу және шығару тәртібін белгілейді.

      2. Осы Ереженің мақсатында мынадай ұғымдар қолданылады:
      табиғи монополия субъектілерінің Мемлекеттік тіркелімі (бұдан әрі - Тіркелім) - бұл республикалық және жергілікті бөлімдерден тұратын табиғи монополия субъектілерінің толық деректемелері көрсетілген жеке атаулы тізбесі;
      табиғи монополия субъектісі - табиғи монополия жағдайында тауарлар өндірумен, жұмыс орындаумен және (немесе) тұтынушыларға қызмет көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      табиғи монополия - қызметтердің осы түрін (тауарлардың, жұмыстардың) өндіру мен ұсынудың технологиялық ерекшеліктеріне байланысты қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) белгілі бір түріне сұранысты қанағаттандыру үшін бәсекелестік жағдай жасау мүмкін болмайтын немесе экономикалық жағынан тиімсіз болатын қызметтер (тауарлар, жұмыстар) рыногының жай-күйі;
      табиғи монополия саласы - жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға табиғи монополия субъектісі болып танылатын қызметтер (тауарлар, жұмыстар) рыногында пайда болатын қоғамдық қатынастар саласы;
      уәкілетті орган - табиғи монополия саласындағы қызметтерге бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      орталық уәкілетті орган - табиғи монополия саласындағы қызметтерге бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      аумақтық уәкілетті орган - табиғи монополия саласындағы қызметтерге бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі.

      3. Тіркелімді уәкілетті орган қалыптастырады және жүргізеді. 
      4. Қазақстан Республикасында табиғи монополиялар саласына қызметтердің мынадай түрлері жатады:
      1) магистралды труба құбырлары арқылы мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін тасымалдау;
      2) магистралды және (немесе) бөлуші труба құбырлары арқылы газды немесе газ конденсатын тасымалдау, сақтау, газ бөлуші қондырғыларды және олармен байланысты газ бөлуші газ құбырын пайдалану;
      3) электр және (немесе) жылу энергиясын беру және (немесе) бөлу;
      4) жылыту қазандықтары, өндірудің құрамдастырылған үлгідегі стансасы арқылы жылу энергиясын өндіру;
      5) желілерге босатудың техникалық диспетчерлік қызметтер және электр энергиясын тұтыну;
      6) магистралды темір жол желілерінің қызметтері;
      7) бәсекелі кірме жолдар жоқ және оның құрылысы технологиялық жағынан мүмкін емес не экономикалық жағынан тиімсіз жағдайдағы кірме жолдар қызметтері;
      8) әуенавигация, порттар, әуежайлар қызметтері;
      9) тарифтерді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін телекоммуникациялардың әмбебап қызметтерін қоспағанда техникалық тұрғыдан мүмкін емес не экономикалық тиімсіздігінің себебі бойынша осы қызметтерді ұсынатын бәсекелес байланыс операторы болмаған жағдайда, телекоммуникациялар қызметтері;
      9-1) жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялар желісіне телекоммуникациялар желілерін қосу мақсатында кабельдік кәрізді және технологиялық мүлкін жалға немесе пайдалануға беру қызметтері;
      10) су шаруашылығы және канализация жүйелері көрсететін қызметтер;
      11) пошта байланысының жалпыға қолжетімді қызметтері.
       Ескерту: 4-тармаққа өзгерту, толықтыру енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Төрағасының 2004 жылғы 8 желтоқсандағы N 476-НҚ   бұйрығымен .

      5. Осы Ереже табиғи монополия саласына қатысты қызметті жүзеге асыратын, бірақ объектілерді тек өзінің мұқтаждығы үшін салу мен пайдалануға байланысты қызметтермен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қолданылмайды.

  2. Тіркелімді қалыптастыру және жүргізу тәртібі

      6. Табиғи монополиялар саласына қатысты қызметті жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар осы қызметті жүзеге асыруды бастаған күнінен бастап 15 күн ішінде Табиғи монополия субъектісінің тіркеліміне енгізу туралы уәкілетті органға өтініш тапсыруға міндетті.

      7. Табиғи монополия субъектісі осы Ереженің 6 тармағын орындамаған жағдайда уәкілетті орган жауапкершілікке тарту және оны Тіркелімге енгізу туралы шешім қабылдайды.

      8. Тіркелімнің республикалық бөлімін орталық уәкілетті орган қалыптастырады және жүргізеді. Тіркелімнің республикалық бөліміне қызметін шекарасы бір облыстан немесе республикалық мәндегі қала, астана шегінен шығатын рынокта жүзеге асыратын табиғи монополия субъектілері енеді.
      Орталық уәкілетті орган табиғи монополия субъектісін Тіркелімнің республикалық бөліміне егер ол мынадай критерийлерге жауап берген жағдайда енгізуге құқылы:
      1) табиғи монополия субъектісінің қарыз берушісі шет елдік банктер немесе басқа да шет елдік несиелік мекемелер болса;
      2) табиғи монополия субъектілерінің негізгі құралдары мүліктік жалға, сенімгерлік басқаруға, лизинг бойынша алынған болса;
      3) табиғи монополия субъектісі шет елдік қатынастағы заңды тұлғалардың және (немесе) шет ел азаматтарының толық немесе жартылай меншігіндегі мүлікті пайдалана отырып қызмет (тауарлар, жұмыстар) көрсетсе;
      4) табиғи монополия субъектісінің қызметінен аумақтың және (немесе) елдің экономикасына құнды мультипликаторлық тиімділігі бар болса;
      5) табиғи монополия субъектісі тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) орта мерзімді кезеңге бекітуге өтініш берсе.

      9. Тіркелімнің жергілікті бөлімін аумақтық уәкілетті орган қалыптастырады және жүргізеді және қызметтерін бір облыс, аудан, қала, елді-мекен, басқа да жергілікті аумақтар шегінде жүзеге асыратын табиғи монополия субъектісі енеді.

      10. Тіркелімнің республикалық бөліміне енгізу және шығару орталық уәкілетті органмен табиғи монополия субъектісі саласына қатысты қызметтер рыногының жай-күйі туралы қорытынды негізінде жүргізіледі.
      Тіркелімнің жергілікті бөліміне енгізуді және шығаруды табиғи монополия субъектісіне қатысты қызметтер рыногының жай-күйі туралы қорытынды негізінде аумақтық монополияға қарсы орган жүргізеді және орталық монополияға қарсы органға хабарлап, ресімдейді.

      11. Тіркелімге енгізу үшін табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) кәсіпорынның бірінші басшысының Тіркелімге енгізу туралы жазбаша өтініші;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу туралы куәлігінің немесе заңды тұлға құрмай-ақ (жеке кәсіпкердің) мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      3) салық төлеуші ретінде тіркелген куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      4) заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      5) "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес міндетті лицензиялауға жататын кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқы берілген лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      6) заңды тұлғаның статистикалық карточкасының нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      7) тауарларды, жұмыстарды өндіруіне және (немесе) тұтынушыларға табиғи монополия субъектісінің жағдайында қызметтерді көрсетуіне қажетті инженерлік желілер мен ғимараттардың табиғи монополия субъектісінің балансына қабылдағанын не оларды жалдағанын растайтын құжаттардың, сондай-ақ толық карта-сызбаның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      8) тауарларды, жұмыстарды өндірудің және (немесе) тұтынушыларға қызметтерді көрсетудің жоспарлы көлемінің есебі туралы;
      9) негізгі қызметімен технологиялық байланысты және (немесе) табиғи монополия саласына қатысты басқа қызметті жүзеге асыруы туралы.

      12. Осы Ереженің 11-тармағының 2)-7)-тармақтарындағы көрсетілген құжаттар қандай да болмасын өзгерген немесе толықтырылған жағдайда табиғи монополия субъектісі бұл құжаттарын нотариалды куәландырылған көшірмесін ұсынады.

      13. Тіркелімнен шығару үшін табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға кәсіпорынның бірінші басшысының Тіркелімнен шығару туралы жазбаша өтінішін және табиғи монополия саласына қатысты қызмет түрін жүзеге асыруды тоқтатқандығын, сондай-ақ заңды тұлғаның қызметін тоқтатқандығын растайтын құжаттарды ұсынады.

      14. Тіркелімге өзгертулер мыналардың негізінде жүргізіледі:
      1) Тіркелімге (Тіркелімнен) табиғи монополия субъектісін енгізу (шығару);
      2) табиғи монополия субъектісіне қатысты қызмет түрінің өзгеруі;
      3) табиғи монополия субъектісінің атауы, қатысушылар құрамы, орналасқан жерінің, жарғы капиталының көлемі, ОКПО кодының өзгеруі;
      4) табиғи монополияның белгілі бір саласына қатысты рыноктың жай-күйі мен қызмет түрлерінің өзгеруіне.

      15. Табиғи монополия субъектісін Тіркелімге (Тіркелімнен) енгізу (шығару) туралы шешім уәкілетті органның бірінші басшысының не оның міндетін атқарушының бұйрығы түрінде ресімделеді.

      16. Уәкілетті орган табиғи монополия субъектісін Тіркелімге (Тіркелімнен) енгізу (шығару) туралы шешім қабылдағаннан кейін он күндік мерзімде осы табиғи монополия субъектісіне хабарлауға міндетті.

  3. Табиғи монополия субъектісінің қаржылық
есепті және басқа қажетті ақпаратты ұсынуы

      17. Тіркелімге енгізілген табиғи монополия субъектісі:
      1) уәкілетті органға тарифті (бағаны, алым ставкасын) бекіту туралы өтінімін ұсынуға;
      2) міндетті жыл сайынғы аудитті өткізгеннен кейін ол аяқталған күнінен бастап 15 күннен кешіктірмей уәкілетті органға аудиторлық есеп ұсынуға;
      3) уәкілетті органға тоқсан сайынғы және жылдық есептерді:
      бухгалтерлік баланс;
      қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындысы туралы есеп;
      ақшалай қаражат қозғалысы туралы есеп;
      өнімдерді өндіруге және іске асыруға жұмсалған шығындар туралы есеп;
      еңбек жөніндегі есеп;
      өндірістік-қаржылық қызметтің негізгі көрсеткіштері туралы есеп (1-ПФ немесе 2-МП нысаны);
      инвестициялар туралы мәліметтер;
      жұмыскерлердің жеке лауазымдары мен мамандықтары бойынша еңбек ақыларының көлемі туралы есеп;
      автокөліктердің бары және жұмысы туралы есеп;
      шығын баптары бойынша тарифтік сметаны орындау туралы есептерді ұсынуға міндетті.
      Тоқсандық есептер есепті кезең аяқталғаннан кейін бір айдан кейін кешіктірілмей, жылдық есептер келесі есепті жылдың 1 мамырынан кешіктірілмей ұсынылады;
      4) жыл сайын мерзімді баспасөз басылымдарында аудиторлық тексерістің және жылдық қаржылық есептің қорытындысын жариялауға міндетті.

      18. Тіркелімге енгізілген табиғи монополия субъектісінің қызметін уәкілетті орган қолданыстағы заңдарға сәйкес реттейді және бақылайды.

  4. Тіркелімге енгізуге шағымдану тәртібі

      19. Тіркелімге енгізу және (немесе) шығару туралы мәселелер жөніндегі уәкілетті органның әрекетіне (әрекетсіздігіне) орталық уәкілетті органға немесе сот тәртібінде шағымдануы мүмкін.

  5. Осы ережені бұзғандығы үшін жауапкершілік

      20. Осы Ережені бұзған табиғи монополия субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.