Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығына прокурорлық қадағалау туралы

Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2002 жылғы 27 желтоқсандағы N 76 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 12 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 2167.

Жаңартылған

      Азаматтық сот ісін жүргізудің заңдылығына прокурорлық қадағалаудың тиімділігін жоғарылату мақсатында "Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  11, 18 және  30-б.б.  басшылыққа алып, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығына прокурорлық қадағалау туралы ұсынылып отырған Нұсқау бекітілсін.
      2. Осы бұйрық пен Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығына прокурорлық қадағалау туралы нұсқауды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу үшін Азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілері мен атқару өндірісінің заңдылығын қадағалау департаменті шаралар қабылдасын.
      3. Бұйрық әскери прокурорға, облыстық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорларға жіберілсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
      5. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2000 жылғы 28 тамыздағы N 45, 2002 жылғы 30 мамырдағы N 26 бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Бас Прокуроры
      2-сыныпты мемлекеттік
      әділет кеңесшісі

Қазақстан Республикасы    
Бас Прокурорының       
2002 жылғы 27 желтоқсандағы 
      N 76 бұйрығымен      
      БЕКІТІЛГЕН        

  Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығына
прокурорлық қадағалау туралы
НҰСҚАУ

      1. Осы Нұсқау Қазақстан Республикасының  Конституциясына , ҚР Азаматтық іс жүргізу  кодексіне , "Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  және азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды жүзеге асырудың тәртібін белгілейтін өзге заң актілеріне сәйкес әзірленген.

      2. Қазақстан Республикасы  Конституциясының  83-бабына сәйкес азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың конституциялық пен өзге заңдар қорғайтын құқықтарын, бостандықтарын және мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, азаматтық заңнаманың негізі - сот әділдігін жүзеге асырудың қағидаларын бұлжытпай сақтауы азаматтық сот ісін жүргізудің заңдылығына прокурорлық қадағалаудың міндеті болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілері мен атқару өндірісінің заңдылығын қадағалау департаменті, Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар, қала, аудан прокурорлары азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын тұрақты және тиімді қадағалауды, азаматтық істерді сотта қарау кезінде қатысуды, апелляциялық мерзім ішінде және қадағалау тәртібі бойынша сот актілерінің заңдылығын тексеруді, заңсыз сот актілеріне наразылық келтіруді, азаматтық істерді қарау кезінде соттың іс жүргізу мерзімдерін сақтауын тексеруді, азаматтық істердің сотта жүргізілуіне қадағалаудың жағдайына тұрақты талдау жасауды қамтамасыз етсін.
      Көлік прокурорларының ведомстволық бағыныштылығына жататын азаматтық істерді сотта қарауға тағайындаған кезде аймақтық прокурорлар осы Нұсқаудың талаптарына сәйкес сотта қатысуды қамтамасыз ету үшін ол туралы соңғыларға дер кезінде хабарлайды. Көлік прокурорының қатысуынсыз сотта қаралатын азаматтық істер бойынша ұйғарылған сот актілерінің заңдылығын қадағалау толық көлемде тиісті аймақтық прокурорларға жүктелсін.
       Ескерту: 3-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2004 жылғы 19 мамырдағы   N 29   бұйрығымен .

      4. Заңда көзделген болса, сот немесе жоғары тұрған прокурорлар қажет деп тапса, прокурорлардың бастамасы бойынша қозғалған істерді, мемлекеттің мүдделеріне, денесі мен ақыл-есінің кемістігінен өзінің сот арқылы қорғау құқығын жүзеге асыра алмайтын адамдардың, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты істерді, мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды тұлғалардың шешімдеріне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істер сотта қаралғанда міндетті түрде қатысуы қажет.
      Сонымен қатар, мемлекеттік мүдделерді қозғайтын істердің санатына мемлекеттік кәсіпорындардың көрсеткен қызметтері үшін тұтынушылардан берешек сомаларын өндіру туралы даулар бойынша азаматтық істерді қоспағанда, тараптары мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер және кәсіпорындар болып табылатын барлық істер жатады.
      Мамандандырылған ауданаралық соттың бірінші сатыдағы сот мәжілісіне қатысу, соттарда басқа прокурорлардың талаптарын қарауды қоспағанда, осы соттардың орналасу жері бойынша орналасқан прокурорларға жүктеледі. Мамандандырылған ауданаралық сотта басқа прокурорлардың талаптарын қарау барысында істі бірінші сатыда қарау кезінде іске қатысуды облыстық немесе оларға теңестірілген прокуратуралардың тиісті бөлімдерінің қызметкерлері қамтамасыз етеді.
      Астана және Алматы қалаларында мамандандырылған ауданаралық сот актілерінің заңдылығын қадағалауды іске асырудың тәртібін Астана және Алматы қалаларының прокурорлары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының келісімі бойынша анықтайды.
       Ескерту: 4-тармаққа өзгерту мен толықтырулар енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2004 жылғы 19 мамырдағы   N 29   бұйрығымен .

      5. Сотта істерді қарауда қатысқанына қарамастан, прокурор апелляциялық мерзім ішінде барлық азаматтық істер бойынша сот шешімдерінің заңдылығын тексерсін. Заңсыз сот актілері анықталған жағдайда ҚР АІЖК  364 - 366  б.б. талаптарын сақтап, оларға наразылық келтірсін.
      Бұйрық өндірісі бойынша ұйғарылған сот бұйрықтарының заңдылығын қадағалау тәртібінде тексерсін.
      Тараптардың азаматтық іс бойынша қадағалау ретінде наразылық келтіру туралы өтінімдерін қарау кезінде мемлекеттік емес шаруашылық жүргізуші субъектілерінің арасындағы сот дауларына негізсіз араласуға жол берілмесін. Мемлекет мүддесін қозғамайтын азаматтық істер бойынша қадағалау тәртібіндегі наразылық тек соттар жіберген едәуір заң бұзушылықтар анықталған жағдайда (Қазақстан Республикасының АІЖК  387  б.) және іс бойынша тарап жеке дербес қадағалау шағымын бергені және оны қадағалау сатысындағы соттың негізсіз қанағаттандырусыз қалдырғаны туралы мәліметтер бар болған жағдайда ғана келтірілсін.
      Азаматтық істер бойынша өндірісті тоқтату туралы сот ұйғарымының заңдылығын тоқсан сайын тексерсін, заңдылықтың бұзушылығы анықталған жағдайда оларды жою үшін шаралар қабылдасын.
      Қай бөлімше прокурорларының бастамасы бойынша іс қозғалса, соның қызметкерлері сотта қатысуды қамтамасыз етеді. Апелляциялық мерзім ішінде белгіленген категориядағы істер бойынша сот шешіміне наразылық білдіру жауапкершілігі осы қызметкерлерге жүктеледі.
      ҚР Жоғарғы Сотының Азаматтық істер жөніндегі алқасына апелляциялық (жеке) наразылық келтірген жағдайда оның көшірмесі ҚР Бас прокуратурасының Департаментіне бір мезгілде жіберіледі.
       Ескерту: 5-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2004 жылғы 19 мамырдағы   N 29   бұйрығымен .

      6. Қаралған іс бойынша заңды дөрекі бұзу айқындалған жағдайда қатысушы прокурор сот алдында лауазымды тұлғаға немесе ұйымға қатысты жеке ұйғарым шығару туралы өтініш етуге міндетті.
      Анықталған заңды бұзу фактілері бойынша қосымша тексеріс жүргізу және айыптыларды заңмен белгіленген жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешуге шаралар қолданылсын. Сондай-ақ, ҚР  АІЖК  6-бабының 3-тармағының талаптарына сәйкес судьяларды жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қолдансын.      

      7. Сотта қаралған барлық істер бойынша сот шешімдерінің заңдылығы мен осы істер бойынша бұзылған сот шешімдерінің санынан есептелетін апелляциялық наразылық білдірудің тиімділігін ескере отырып, азаматтық сот жүргізудегі прокурорлық қадағалау жағдайына баға берілсін.
      Апелляциялық наразылық келтірудің тиімділігінің көрсеткішін есептеуде істі апелляция тәртібінде қайта қарау кезінде анықталған жаңа дәлелдемелердің негізінде екінші сатысындағы сот бұзған шешімдер ескерілмейді.
      Қадағалау қалпына баға берудің өлшемі ретінде апелляциялық наразылық келтірудің тиімділігі, жұмыс нәтижелеріне қанағаттандырылған және келтірілген (сонымен қатар, қаралған, қайтарып алынған және қараусыз қайтарылған) апелляциялық наразылықтардың жалпы санының ара қатынасы негізінде баға берілетін көлік және басқадай мамандандырылған прокурорларға қолданылмайды.
       Ескерту: 7-тармаққа өзгерту мен толықтырулар енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2004 жылғы 19 мамырдағы   N 29   бұйрығымен .

      8. Апелляция тәртібінде қаралатын барлық істерде прокурордың қатысуын қамтамасыз етсін (ҚР  АІЖК  350-б. 2-тармағы).

      9. Облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар соттардың қадағалау алқаларының барлық мәжілістеріне қатысады (ҚР  АІЖК  398-б. 1-тармағы). Облыс, Астана, Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлар Бас прокуратураның наразылықтарын облыстық және оларға теңестірілген соттардың қадағалау алқаларының мәжілістерінде білікті қолдап, қарау нәтижесі туралы хабарлап, олардың көшірмелерін кідіріссіз жіберуді қамтамасыз етсін.
      ҚР Бас прокуратурасының департамент прокурорлары ҚР Жоғарғы Сотының Азаматтық істер жөніндегі алқасының барлық мәжілістеріне қатысуды қамтамасыз етсін.

      10. <*>
      Ескерту: 10-тармақ алынып тасталды - ҚР Бас прокурорының 2004 жылғы 19 мамырдағы   N 29   бұйрығымен .

      11. Іс жүргізуге қатысушылардың, басқа адамдардың өтініштері бойынша заң күшіне енген сот актілерінің заңдылығы істерді талап ете отырып, тексерілсін. Өтінішті қанағаттандырусыз қалдырған жағдайда заңда белгіленген мерзім ішінде дәлелдеу қорытындысы жасалып, өтініш иесіне жауап берілсін.
      Қадағалау тәртібі бойынша наразылық білдіруге өкілетті адам, атап айтқанда облыс прокурорлары мен Бас Прокурордың жетекші ететін орынбасары қорытындыны бекітеді.
      Осы адамдар өтініш иелеріне берілетін жауаптарға қол қояды.

      12. Облыс, Астана, Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлар істердің облыстық және оларға теңестірілген соттардың қадағалау алқаларының мәжілістерінде қаралғанына қарамастан, олардың юрисдикциясындағы соттар шығарған барлық сот актілеріне шағымдарды (өтініштерді) қадағалау тәртібімен қарауға міндетті. Наразылық келтіру үшін негіздемелер анықталған жағдайда ҚР Бас прокуратурасына заңсыз сот актілеріне наразылық келтіру туралы ұсыныс енгізсін. Ұсыныс жасау туралы мәселені шешу кезінде ҚР  АІЖК  387-б. 3-тармағының талаптары мен ҚР Жоғарғы Соты  нормативті қаулыларын басшылыққа алсын.
       Ескерту: 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2004 жылғы 19 мамырдағы   N 29   бұйрығымен .

      13. Өз қызметін жетілдіру мақсатында өзекті категориялар бойынша және осы Нұсқаудың 4 тармақта көрсетілген азаматтық істердің сотта жүргізілуіне прокурорлық қадағалау тәжірибесін жүйелі түрде зерделесін және жинақтап қорытындыласын, жартыжылдық пен жылдық қорытындылар бойынша қадағалаудың осы саласының жағдайына (бақылау тәртібінде) талдау жасалсын. Азаматтық істердің сотта жүргізілуіне прокурорлық қадағалау мен сот әділдігін жүзеге асыру туралы ақпараттарды, сондай-ақ осындай талдауларға негізделген азаматтық дауларды дұрыс шешу үшін нормативтік базаны жетілдіру жөнінде, прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы ұсыныстарды ҚР Бас прокуратурасына жартыжылдық (жыл) аяқталғаннан кейін келесі айдың 7 күніне дейін жіберілуі керек. Көрсетілген категориядағы істерді сотта қарау тәжірибесіне талдау жасаудың нәтижесі бойынша ҚР Бас прокуратурасының департаменті ҚР Жоғарғы Сотының Пленарлық мәжілісіне қарауға ұсыныстар енгізсін.
      Бағынышты прокурорлар ұйымдастыру-әдістемелік сипаттағы материалдармен қамтамасыз етілсін, озық тәжірибе таратылсын. Прокуратура қызметкерлерінің іскерлік және құқықтық біліктіліктерін жоғарылату жөнінде оқу-әдістемелік іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілсін, прокурорларды сынақтан өткізу дағдыға айналсын.
       Ескерту: 13-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2004 жылғы 19 мамырдағы   N 29   бұйрығымен .

      14. Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау жөніндегі қызмет "Прокуратура туралы" ҚР  Заңының  27-бабының талаптарына сәйкес жариялылық негізінде жүзеге асырылсын.

      15. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілері мен атқару өндірісінің заңдылығын қадағалау департаменті азаматтық істердің сотта жүргізілуіне қадағалау жұмысының тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік туғыза отырып, осы салада қадағалауды жүзеге асыру жөнінде төмен тұрған прокуратуралардың қызметіне басшылық пен бақылауды қамтамасыз етсін. ҚР Бас прокуратурасының басқа құрылымдарымен, ҚР Жоғарғы Сотымен, ғылыми және оқу мекемелерімен өзара іс-әрекеттерді жүзеге асырсын.