Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргiзу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 20 сәуірдегі N 115 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2001 жылғы 3 шілдеде тіркелді. Тіркеу N 1561. Қаулының күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 29 қазандағы N 134 қаулысымен.

Күшін жойған

       Ескерту: Қаулының күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 29 қазандағы N 134   қаулысымен  ( қолданысқа енгізілу тәртібін  3-тармақтан  қараңыз ).
________________________________________

      Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргiзу тәртiбiн жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы Қаулы етеді: 
      1. Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргiзу ережесi бекiтiлсiн және Ереже мен осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейiн күшiне енгiзiлсiн. 
      2. Валюталық реттеу және бақылау басқармасы (Мәженова Б.М.): 
      1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны және Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргiзу ережесiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын; 
      2) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күндiк мерзiмде осы қаулыны және Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргiзу ережесiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң аумақтық филиалдарына және екiншi деңгейдегi банктерге жiберсiн. 
      3. Осы қаулы күшiне енген күннен бастап: 
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының "Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргiзу ережесiн бекiту туралы" 1997 жылғы 23 мамырдағы N 206  қаулысының
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының "Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргiзу ережесiн бекiту туралы" 1997 жылғы 23 мамырдағы N 206 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргiзу ережесiнiң күшi жойылды деп танылсын. 
      4. Халықаралық қатынас және жұртшылықпен байланыс басқармасы (Мартюшев Ю.А.) осы қаулыны және Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргізу ережесін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын. 
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары М.Т. Құдышевке жүктелсін.

       Ұлттық Банкі
      Төрағасы

      Келісілген: 
      Қазақстан Республикасының 
      Сыртқы істер министрлігі

      Қазақстан Республикасының 
      Кеден министрлігі 
      2001 жылғы 2001 жылғы 

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2001 жылғы 20 сәуірдегі N 115
қаулысымен бекітілген

  Қазақстан Республикасында валюта операцияларын 
жүргiзу ережесi  

      Осы Ереже " Валюталық реттеу туралы " және "Қазақстан Республикасының  Ұлттық Банкi  туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жасалды, ол валюта операцияларын жүргiзу тәртiбiн айқындайды және валюталық бақылауды жүзеге асырудың негiзгi принциптерiн белгiлейдi. 

  1. Жалпы ережелер 

      1. Қазақстан Республикасының аумағында резиденттер мен резидент еместер жүргiзетiн валюта операциялары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң (бұдан әрi - Ұлттық Банк) нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкiлеттi банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын уәкілетті ұйымдар (бұдан әрi - уәкiлеттi банктер) арқылы жүзеге асырылады. 

      2. Резиденттер мен резидент еместер уәкiлеттi банктердегi банктiк есепшоттарды Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген тәртiппен ашады, жүргiзедi және жабады. 

      3. Резидент және/немесе резидент емес валюта операцияларын жүзеге асырған кезде уәкiлеттi банкке Қазақстан Республикасының валюталық  заңнамасына  сәйкес ұсынылатын талап етiлген құжаттарды беруге мiндеттi. Осы Ережеде және Ұлттық Банктiң басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, резидент және/немесе резидент емес мұндай құжаттарды бермесе, уәкiлеттi банк олардың төлемдерiн немесе ақша аударымын жүзеге асыруға құқылы емес.
      Резиденттің пайдасына ақша түскен кезде уәкілетті банк валюта заңдарына сәйкес талап етілетін құжаттарды резидент ұсынғанға дейін жіберушіден алынған нұсқауды қабылдауға және 180 күнтізбелік күн ішінде сақтауы қажет. Резидент талап етілетін құжаттарды 180 күнтізбелік күн ішінде ұсынбаған жағдайда уәкілетті банк нұсқауды оны жіберушіге орындамай қайтаруы қажет.
       Ескерту: 3-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25  шілдедегі N 256   қаулысымен

      4. Резидент Ұлттық Банктiң лицензиясының және/немесе тiркеу куәлiгiнiң болуы талап етiлетiн валюта операциялары бойынша төлем жасаған және/немесе ақша аударған кезде, резидент уәкiлеттi банкке осындай лицензияның және/немесе тiркеу куәлiгiнiң түпнұсқалары мен нотариат куәландырған көшiрмелерiн ұсынуға мiндеттi. Берiлген құжаттар тексерiлгеннен кейiн, олардың көшiрмелерi уәкiлеттi банкте қалады, ал түпнұсқалары резидентке қайтарылады. 
      Осы тармақта көрсетілген валюта операцияларын жүргізуден алынған ақша резиденттің пайдасына түскен кезде уәкілетті банк резидентке Ұлттық Банктің лицензиясын және/немесе тіркеу куәлігін ұсыну қажеттігі туралы хабарлайды және резиденттің банктік шотына түскен ақшаны  Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай құжаттарды ұсынғаннан кейін ғана есепке алады.
      Резидент Ұлттық Банктің тиісті лицензиясын алған экспорт-импорт мәмілелеріне байланысты валюталық операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған ақша резиденттің пайдасына түскен кезде осындай лицензияда көрсетілген мерзім біткеннен кейін, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау жөнінде Ұлттық Банктің хатын оларға ұсынғаннан кейін ғана уәкілетті банк клиенттің банктік шотына ақша есептейді. 
       Ескерту: 4-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25  шілдедегі N 256   қаулысымен .      

      5. Ұлттық Банк лицензиясының болуы талап етiлетiн капитал қозғалысымен байланысты операциялар бойынша төлемдер мен ақша аударымдары тиiстi түрде валюталық бақылау жасау мiндетi жүктелетiн бiр уәкiлеттi банк арқылы өткiзiлуге тиiс. Уәкiлеттi банк өзгерген жағдайда резидент мәмiленi орындауға және валюталық бақылауға қабылдаған бұрынғы банкке бұл жөнiнде хабарлауға мiндеттi. Мәмiленi орындауға және валюталық бақылауға қабылдаған бұрынғы уәкiлеттi банк мәмiленi орындауды және валюталық бақылауды басқа уәкiлеттi банкке бергенi туралы лицензияның түпнұсқасына тиiстi жазбалар жасауға, сонымен бiрге оның толық атауын көрсетуге мiндеттi. Мұндайда валюталық бақылауды басқа банкке берген уәкiлеттi банк сонымен бiр уақытта осы банкке бұрынғы жасалған барлық төлемдер мен ақша аударымдары және/немесе тауар жеткiзу, жұмыс, қызмет көрсету (олар болған жағдайда) туралы мәлiметтер жiберуге мiндеттi. 

      6. Резиденттер арасындағы операциялар бойынша барлық төлемдер мен ақша аударымдары осы Ережеде, Ұлттық Банктiң басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнде, салық және кеден заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен ғана жүргiзiлуге тиiс. 
      Уәкiлеттi банктер резиденттердiң және/немесе резидент еместердiң валюталық операциялар жүргiзу жөнiнде банктiк қызметке ақыны тараптардың келiсуi арқылы ұлттық валютамен немесе шетел валютасымен алады. 
      Резиденттер арасында жасалған шарттар бойынша, оның iшiнде банктiк қызмет көрсету көзделген шарттар бойынша тұрақсыздық айыппұлдары (айыппұлдар, өсiмпұлдар) ұлттық валютамен төленедi.
      Шетел валютасымен шығарылған бағалы қағаздарға сыйақы төлеуге және/немесе өтеуге байланысты операциялар бойынша резиденттер арасындағы төлемдер мен ақша аударымдары шетел мемлекеттерінің заңдарына сәйкес шетел валютасында жүзеге асырылуы мүмкін.
       Ескерту: 6-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25  шілдедегі N 256   қаулысымен

      6-1. Экспорт-импорт мәмілелерін жүзеге асыруға байланысты комиссиялардың шарттары бойынша резиденттер арасындағы төлемдер мен ақша аударымдары ақы төлеу нысаны ретінде аударым аккредитивтерін пайдаланған кезде шетел валютасында жүзеге асырылуы мүмкін.
      Уәкілетті банктер импорт мәмілелерін жүзеге асыруға байланысты резиденттер арасындағы комиссиялардың шарттары бойынша резидент еместің пайдасына аккредитив аударымдарын қарастыратын резиденттердің пайдасына шетел валютасында аударым аккредитивтерін ашуға құқылы.
       Ескерту: 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25  шілдедегі N 256   қаулысымен

      7. Уәкiлеттi банктер валюталық құндылықтарды резиденттерге және резидент еместерге шетел валютасымен және ұлттық валютамен кредиттер беру үшiн кепiл ретiнде қабылдай алады. 

      8. Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұсынысы бойынша шетелдiк инвестор және мемлекет уәкiлеттiк берген заңды тұлға немесе мемлекеттiк орган құрған резиденттерге - заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiне сәйкес аса маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшiн баламасы 100 миллион АҚШ долларынан кем болмайтын сомаға рұқсат беруге, Қазақстан Республикасының резиденттерi мен операциялардың жекелеген түрлерiн шетел валютасымен жүргiзуге құқылы. 

      9. Төлем карточкаларын пайдалана отырып валюта операцияларын жүргiзу  тәртiбi  осындай қатынастарды реттейтiн Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.

      9-1. Резиденттер шетел валютасында көрсетілген вексельдерді резидент еместермен операциялар бойынша шығаруға, сондай-ақ резиденттермен және резидент еместермен операциялар бойынша шетел валютасында көрсетілген вексельдерді беру арқылы есеп айырысуларды жүзеге асыруға құқылы. Мұндайда резиденттер арасындағы шетел валютасында көрсетілген вексельдер бойынша төлем тек қана ұлттық валютада төлем күніне, вексельдің өзінде басқа бағам көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген валюта айырбастаудың рыноктық бағамы бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
       Ескерту: 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25  шілдедегі N 256   қаулысымен .

  2. Резиденттер мен резидент еместер арасындағы 
валюта операциялары  

      10. Резиденттер мен резидент еместер арасындағы операциялар бойынша төлемдер мен ақша аударымдары тараптардың келiсiмi бойынша кез келген валютамен жүзеге асырылады. Резиденттер мен резидент еместер арасындағы операциялар бойынша төлемдер мен ақша аударымдары Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, олардың банктiк есепшоттары арқылы ғана жүзеге асырылады. 

      11. Уәкілетті банктер арқылы жүзеге асырылатын резиденттер мен резидент еместердің ағымдағы валюта операциялары Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес шектеусіз жүргізіледі.
      Тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсету) экспорты/импорты бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыруға байланысты ағымдағы валюта операциялары бойынша төлемді жүзеге асыру күні мен тауарлар (жұмыс, қызмет көрсету) экспорты/импорты күні арасындағы мерзім 180 күнтізбелік күннен асатын болса, онда осындай операциялар капитал қозғалысына байланысты валюта операциялары болып есептеледі және Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен Ұлттық Банкте лицензиялауға немесе тіркеуге жатады.
      Мұндайда валюталық реттеу мақсаттары үшін тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетудің) экспорт/импорт күні Қазақстан Республикасында тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетуді нақты орындау) кедендік ресімдеу күні, ал Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізуді қарастырмайтын және Қазақстан Республикасында тиісті кедендік ресімдеуді қажет етпейтін шарттар бойынша шарттың талаптарына сәйкес тауар өткізу күні болып есептеледі.
      Тараптардың бірі басқа тарап міндеттемесін орындағаннан кейін 180 күнтізбелік күн ішінде міндеттемелерін орындамаса, кредитті алуға немесе беруге байланысты ағымдағы валюта операциялары капитал қозғалысына байланысты валюта операциялары болып есептеледі және Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен Ұлттық Банкте лицензиялауға немесе тіркеуге жатады.
       Ескерту: 11-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25  шілдедегі N 256   қаулысымен

      12. Резидент еместер мен резиденттер немесе резидент еместер арасында жасалған шарттарға үшiншi резидент тұлғалардың шетел валютасымен немесе ұлттық валютамен ақы төлеуiне төлем жасалатын және/немесе ақша аударылатын тұлғаның және жоғарыда аталған үшiншi резидент тұлғаның арасында жасалған тиiстi шарт болған жағдайда рұқсат берiледi. 

      13. Ұлттық Банктiң лицензиясының болуы талап етiлетiн валюта операцияларын жүргiзген жағдайда резидент - үшiншi тұлға уәкiлеттi банкке төлем жасалатын және/немесе ақша аударылатын мәмiлеге қатысушы резидент алған осындай лицензияның нотариат куәландырған көшiрмесiн ұсынуға мiндеттi. Төлем жасалғаннан кейiн және/немесе ақша аударылғаннан кейiн осы операцияны жүргiзген уәкiлеттi банк үш жұмыс күнi ішiнде төлем жасалған және/немесе ақша аударылғаны туралы ақпаратты Ұлттық Банктің лицензиясында көрсетiлген мәмiлеге қатысушы резиденттiң банкiне жiберуге мiндеттi. Ұлттық Банктiң лицензиясында көрсетiлген мәмiлеге қатысушы резиденттiң банкi осындай лицензия бойынша жасалған төлемдердiң және/немесе ақша аударымдарының жалпы сомасына бақылау жасайды және олардың сомасы лицензияда көрсетiлген сомадан асып кеткен жағдайда мұндай фактiлер жөнiнде Ұлттық Банкке хабарлайды. 

  3. Уәкiлеттi банктердiң резидент заңды тұлғалардың
валюта операцияларын жүргiзуi  

      14. Резидент заңды тұлғалар валюта операцияларын жүргiзу үшiн уәкiлеттi банктерде банктiк есепшоттар ашуға мiндеттi.

      14-1. Баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын сомадағы тауар экспортына байланысты мәмілелер бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде резидент заңды тұлға алған экспорттық валюта түсімдерін уәкілетті банктегі банктік шотқа есептеуге рұқсат етіледі. Сонымен бірге бір күнтізбелік ай ішінде бір уәкілетті банктегі банктік шотқа есептелген сома баламасы он мың АҚШ долларынан аспауы тиіс. Резидент заңды тұлға уәкілетті банктегі өзінің банктік шотына қолма-қол шетел валютасын есептеу үшін Қазақстан Республикасынан резидент заңды тұлға әкеткен және Қазақстан Республикасына ол әкелген қолма-қол ақшаны растайтын кедендік құжаттарды ұсынуы қажет.
       Ескерту: 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25  шілдедегі N 256   қаулысымен

      15. Резидент заңды тұлғалардың уәкiлеттi банктердегi банктiк есепшоттарына Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгiленген тәртiппен түскен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған операциялар жүргiзу нәтижесiнде алынған шетел және ұлттық валютасы шектеусiз осы Ережеде көзделген тәртіппен есепке алынады.
       Ескерту: 15-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25  шілдедегі N 256   қаулысымен

      16. Тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетудің) экспортына ақы төлеу ретінде резидент заңды тұлға алатын валютаны резиденттер алуға тиіс және Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес резидент заңды тұлға алған Ұлттық Банктің тиісті лицензиясында өзгеше көзделмесе, тауар (жұмыс, қызмет көрсету) экспорты күнінен бастап 180 күнтізбелік күн ішінде (тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін жекелеген тауарлардың экспорты бойынша 365 күнтізбелік күн) уәкілетті банктердегі олардың банктік шоттарына есептеледі.
      Тауарларға (жұмыстарға, қызмет көрсетулерге) аванстық төлемдерді қарастыратын импорт мәмілелері бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін резидент еместің пайдасына резидент аударған валютаны резидент емес тауарларды жеткізу (жұмыстарды орындау, қызмет көрсету) бойынша міндеттемелерін орындамаған жағдайда резидент алуға және Ұлттық Банктің лицензиясында өзге мерзім белгіленбесе, аударған күннен бастап 180 күнтізбелік күннен кешіктірмей уәкілетті банктердегі оның шотына есептелуге тиіс. 
      Кредит және/немесе инвестиция ретiнде резидент заңды тұлғалар алған шетел валютасы, егер Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес резидент алған Ұлттық Банктiң тиiстi лицензиясында басқаша көзделмесе, уәкiлеттi банктегi осы Ережемен белгіленген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ олардың банктiк есепшотына мiндеттi түрде аударылуға тиiс. 
      Жарғылық қызметi сыйға тарту, қайырмалдық, қайырымдылық жарналары және өзге де түсiмдер ретiндегi қайырымдылық қызметтердi жүзеге асыруға бағытталған резидент заңды тұлғалардың пайдасына түскен шетел валютасы қолма қол, сол сияқты қолма қол жасалмайтын төлем тәртiбiмен де олардың уәкiлеттi банктегi есепшоттарына мiндеттi түрде есептеледi. 
      Басқа да резидент заңды тұлғалардың пайдасына сыйға тарту, қайырмалдық, қайырымдылық жарналары және өзге де түсімдер ретіндегі қолма қол жасалмайтын төлем тәртiбiмен түскен шетел валютасы да сол сияқты олардың уәкiлеттi банктегi есепшоттарына мiндеттi түрде есептелуi тиiс. 
       Ескерту: 16-тармақ өзгертілді, толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25  шілдедегі N 256   қаулысымен .

      17. Резидент заңды тұлғалар уәкiлеттi банктегi олардың есепшоттарындағы шетел валютасын Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына қайшы келмейтiн мақсаттарға пайдалана алады. 

      18. Уәкiлеттi банк ақша төлеу мен аударуды резидент заңды тұлғалар тиiстi түрде ресiмделген құжаттарды (шарттарды, келiсiм-шарттарды, келiсiмдердi, инвойстарды, коносаменттердi және басқаларын) ұсынған жағдайда ғана жүзеге асырады. 
      Уәкiлеттi банктер Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында жүргізілетiн валюта операцияларына қатысты қажетті ақпараттар мен құжаттарды қосымша сұратуға құқылы. 

      19. Резидент заңды тұлғалардың банктiк есепшоттарынан қолма қол шетел валютасы резидент емес қызметкерлерге жалақы төлеу үшін және қызметкерлердiң шет елдерге қызметтiк iссапарларға баруына байланысты шығыстарға арнап алынуы мүмкiн. Резидент заңды тұлғалар қолма-қол шетел валютасын алу үшiн уәкiлеттi банкке тиiстi түрде ресiмделген құжаттарды (iссапар туралы бұйрық, iссапар шығыстарының сметалары, жалақы төлеу туралы өтiнiш және басқалар) ұсынуы тиiс.
      Баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі қолма-қол сомасы бір күнтізбелік ай ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде іссапарда болғанда сатып алынған тауарларға ақы төлеу үшін резидент еместің пайдасына төлемдерді жүзеге асыру мақсатында резидент заңды тұлғаның банктік шотынан алынуы мүмкін. Іссапар мерзімі аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде заңды тұлға уәкілетті банкке алынған қолма-қол шетел валютасын пайдаланғанын растайтын құжаттарды (іссапар туралы бұйрық, Қазақстан Республикасының аумағына тауар әкелгенін растайтын кедендік құжаттар) ұсынады. Резидент заңды тұлғаның хаты қолма-қол шетел валютасын алуға негіздеме болып табылады. 
      Резидент заңды тұлғалар бұрын алған қолма-қол шетел валютасының жұмсалмаған бөлiгi уәкiлеттi банктегi банктiк есепшоттарға iссапар мерзiмi аяқталған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде мiндеттi түрде есептеледi. Бұрын алынған қолма-қол шетел валютасын уәкiлеттi банктегi банктiк есепшотқа есептеу жөнiндегi мiндет осы валютаны алған резидент заңды тұлғаға жүктеледi. 
      Ұлттық Банктiң қолма-қол шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыруға берген лицензиясы бар резидент заңды тұлғалар уәкiлеттi банктердегi өздерiнiң банктiк есепшоттарынан айырбас операцияларын жүргiзу үшiн қолма-қол шетел валютасын алуына болады. 
       Ескерту: 19-тармақ өзгертілді, толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24   қаулысымен ,  2003 жылғы 25  шілдедегі N 256   қаулысымен .

      20. Резидент заңды тұлғалар iшкi валюта рыногында тек қана мына мақсаттарға арнап: 
      резидент еместердiң пайдасына төлем жасауға және ақша аударуға; 
      уәкiлеттi банктерден шетел валютасымен алынған кредиттер бойынша мiндеттемелердi орындауға; 
      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге iссапар және өкiлдiк шығыстарына; 
      Ұлттық Банктiң осы қатынастарды реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген негiздер бойынша корпоративтiк карт-есепшотты толтыруға; 
      жеке тұлғалардың шетел валютасымен салымдары (депозиттерi) бойынша өтемдердi төлеуге (ұйымдар үшiн жеке тұлғалардың салымдарын (депозиттерiн) ұжымдық кепiлдендiру (сақтандыру) бойынша); 
      қолма-қол шетел валютасымен айырбас операцияларын жасауға (Ұлттық Банктiң қолма-қол шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыруға берген лицензиясы бар заңды тұлғалар үшiн); 
      Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларға арнап шетел валютасын ұлттық валюта үшін алуына болады.
       Ескерту: 20-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25  шілдедегі N 256   қаулысымен

      21. Резидент заңды тұлғалар ұлттық валютаға шетел валютасын сатып алуға өтініш ресімдеген кезде сатып алу мақсатын көрсетеді, сондай-ақ сатып алынатын шетел валютасына операциялар жүргізудің қажеттігін растайтын құжаттарды қоса береді және оны мақсаты бойынша пайдаланбаған жағдайда ағымдағы рыноктық бағам бойынша ұлттық валютаға осы валютаны сатуға банкке уәкілеттік береді.
       Ескерту: 21-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .

      22. Резидент заңды тұлға сатып алған шетел валютасын толық немесе ішінара пайдаланбаған жағдайда оны сатып алған күннен бастап отыз күнтізбелік күн не іссапар аяқталған күннен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін ұлттық валютаға міндетті сатуға жатады.
      Резидент заңды тұлға iшкi валюта рыногында бұрын сатып алған шетел валютасын резидент еместiң резидент алдындағы өз мiндеттемелерiн орындамауына не резидент төлем тапсырмасында қате деректемелер көрсетуiне байланысты қайтарған жағдайда, ол резидент заңды тұлғаның банктiк есепшотына есептелген күннен бастап он күнтiзбелiк күн өткенде ұлттық валютаға мiндеттi түрде сатылуы тиiс.
       Ескерту: 22-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен

      22-1. Резидент заңды тұлғаның мемлекеттiң кепiлдiгiмен тартылған мемлекеттiк емес сыртқы заем шарты бойынша төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшiн сатып алған шетел валютасы резидент заңды тұлға ашқан уәкiлеттi банктердегi арнайы есепшоттарға есептелуге тиiс. Осы есепшоттардағы шетел валютасын пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi. 
       Ескерту: 22-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24   қаулысымен

      23. Резидент заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарына және банк iсiнде қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлерiне сәйкес пайдаланылатын, есеп айырысудың аккредитивтiк нысанын көздейтiн келiсiм-шарттар бойынша резидент еместермен есеп айырысу үшiн қажеттi шетелдiк валюта Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн бөлiгiнде аккредитивтiк қолданылу мерзiмiне сатып алынады. Резидент заңды тұлға шетел валютасын сатып алуға тапсырыс ресiмдеген кезде банктi осы валютаны аккредитивтi қолдану мерзiмi аяқталған не есеп айырысу нысанын басқаша, ақша пайдалануды көздемейтiн нысанға өзгерту күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн iшiнде ағымдағы рыноктық бағам бойынша ұлттық валютаға сатуға уәкiлеттi етуi тиiс. Есеп айырысудың аккредитивтi нысаны ақша пайдалануды көздейтiн басқа нысанға өзгерген жағдайда ол резидент заңды тұлғаның ағымдағы есепшотына есептелуi (аударылуы) және осы Ереженiң 22-тармағына сәйкес пайдаланылуы тиiс. 
       Ескерту: 23-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24   қаулысымен 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен

      24. Мұндай есеп айырысулар резиденттер мен резидент еместер арасында жасалған жағдайларды қоспағанда, ұлттық валютамен алынған кредиттердi, сондай-ақ ол бойынша сыйақылар мен басқа да төлемдердi шетел валютасымен өтеуге тыйым салынады. 

      25. Уәкiлеттi банктер резидент заңды тұлғаларға кредиттi шетел валютасымен қолма қол жасалмайтын төлем тәртiбiмен ғана беруге құқылы.
      Уәкілетті банктер резидент заңды тұлғаларға кепілдік берілген мемлекеттік кредиттер бойынша, сондай-ақ есеп айырысудың құжаттандырылған нысандарын қарастыратын мәмілелер жөніндегі кредиттер бойынша резидент емес үшінші тұлғалардың шотына шетел валютасын есептеу арқылы кредиттер беруге құқылы. 
       Ескерту: 25-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .

  4. Уәкiлеттi банктердiң резидент емес заңды тұлғалардың 
валюталық операцияларын жүргiзуi  

      26. Резидент емес заңды тұлғалар валюта операцияларын жүргiзу үшiн уәкiлеттi банктерде банктiк есепшоттар ашуға құқылы. 

      27. Дипломатиялық өкiлдiктердiң, консульдық мекемелердiң, халықаралық ұйымдар өкiлдiктерiнiң және Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнде белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасында аккредитивтелген оларға теңестiрiлген, ұйымдардың банктiк есепшоттарының режимi халықаралық шарттар мен келiсiмдерге сәйкес белгiленедi. 

      28. Резидент емес заңды тұлғалардың уәкiлеттi банктердегi банктiк есепшоттарына Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгiленген тәртiппен түсетiн және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған операцияларды жүргiзу нәтижесiнде алынған ұлттық және/немесе шетел валютасы шектеусiз есепке алынады. 

      29. Резидент емес заңды тұлға уәкiлеттi банктердегi банктiк есепшоттардағы ұлттық және/немесе шетел валютасын Қазақстан Республикасының валюта заңнамасына қайшы келмейтiн мақсаттарға пайдалана алады. 
      Резидент емес заңды тұлғалардың банктiк есепшотынан қолма-қол шетел валютасы өзiнiң қызметкерлерiне жалақы төлеуге және олардың iссапар шығыстарын төлеуге ғана алынады. 
      Уәкiлеттi банктер резидент емес заңды тұлғалардың банктiк есепшотынан қолма-қол шетел валютасын тиісті түрде ресімделген құжаттарды (iссапар туралы бұйрық, iссапар шығыстарының сметасы, жалақы төлеу туралы өтiнiш және басқалары) ұсынған кезде ғана бередi. 
      Резидент емес заңды тұлғалардың бұрын алған шетел валютасының пайдаланылмаған бөлiгi олардың уәкiлеттi банктердегi банктiк есепшоттарға мiндеттi түрде есептелуi тиiс. Бұрын алынған қолма-қол шетел валютасын уәкiлеттi банктердегi банктiк есепшоттарға есептеу мiндетi осы валютаны алған резидент емес заңды тұлғаға жүктеледi. 
      Осы тармақтың екiншi, үшiншi және төртiншi азатжолдарында баяндалған нормалар Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнде белгiленген тәртiппен елшiлiк өкiлдiктерге, консульдық мекемелерге, халықаралық ұйымдардың өкiлдiктерiне және Қазақстан Республикасында аккредиттелген ұйымдарға теңестiрiлген өзге ұйымдарға қолданылмайды. 
      Уәкiлеттi банктер Қазақстан Республикасының валюта заңдарының сақталуын тексеру мақсатында жүргiзiлетiн валюта операциясына қатысты қосымша қажеттi ақпаратты және құжаттарды талап етуге құқылы. 
        Ескерту: 29-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24   қаулысымен

      30. Резидент емес заңды тұлғалар шетел валютасын Қазақстан Республикасының iшкi валюта рыногында сатып алуға құқылы. 

      31. Уәкiлеттi банктер резидент емес заңды тұлғаларға шетел және ұлттық валютамен кредиттер беруге құқылы. Шетел валютасымен және ұлттық валютамен кредиттер қолма-қол жасалмайтын төлем тәртiбiмен берiледi. 
      Резидент емес заңды тұлғаларға iшкi валюта рыногында шетел валютасын сатып алу үшiн ұлттық валютамен берiлген кредиттердi пайдалануға тыйым салынады. 
       Ескерту: 31-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .
      33-1. Заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін ашылған резидент және резидент емес жеке тұлғалардың банктік шоттарын пайдалану режимі осы Ереженің 3 және 4-тарауларына сәйкес айқындалады.
       Ескерту: 31-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .

  5. Уәкiлеттi банктердiң резидент және резидент емес 
жеке тұлғалардың валюта операцияларын жүргiзуi 

      32. Резидент жеке тұлғалар-резиденттер және резидент еместер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына шетелден әкелiнген, аударылған немесе жiберiлген, Қазақстан Республикасының аумағында алынған немесе сатып алынған валюталық құндылықтарды ала алады, оларды уәкiлеттi банктерде сақтай алады және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған мақсатқа пайдалана алады. 

      33. Резидент және резидент емес жеке тұлғалардың қаражаты шектеусiз түрде осы Ережеде көзделген талаптарды ескере отырып және тәртiппен уәкiлеттi банктерге олардың банктiк есепшотына есептелiнедi және осы есепшоттардан алынады. 
       Ескерту: 33-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24   қаулысымен

      34. Жеке тұлғалардың банктік шоттары бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты, сондай-ақ үшінші тұлға ретінде заңды тұлғалар арасындағы келісім-шарттарға ақы төлеу бойынша валюта операциялары жүргізілмейді.
       Ескерту: 34-тармақ өзгертілді, жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24   қаулысымен 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .
      34-1. Резидент және резидент емес жеке тұлғалардың баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын сомадағы және инвестицияларды жүзеге асыруға немесе жылжымайтын мүлікке құқықты сатып алуға байланыссыз төлемдер және/немесе ақша аударымдары төлемдер және/немесе ақша аударымының негізділігін растайтын құжаттарсыз банктік шоттар арқылы жүргізіледі.
      Ақшаны аудару немесе алу кезінде жеке тұлға осы төлемдер және/немесе ақша аударымы кәсіпкерлік қызметпен, инвестицияларды жүзеге асыру не жылжымайтын мүлікке құқық сатып алуға байланысты емес екендігі туралы жазба жүргізіледі.
       Ескерту: 34-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .

      35. Жеке тұлғалардың банктік шоттар арқылы жүзеге асырылатын, баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі валюта операциялары бойынша төлемдер және/немесе ақша аударымдарын уәкілетті банктер тиісті түрде ресімделген құжаттарды (шарттар, келісім-шарттар, келісімдер, инвойстар және басқалар) жеке тұлғалар уәкілетті банктерге ұсынған кезде ғана жүргізеді. Мұндай құжаттарды беру мүмкiн болмаған жағдайда, уәкiлеттi банк жеке тұлға төлем тапсырмасына уәкiлеттi банкке олардың талап етуi бойынша құқық қорғау органдарына және Ұлттық Банкке жүргiзiлетiн ақша төлемi және/немесе аударымы бойынша ақпарат беруге рұқсат беретiн жазбалар жасаған кезде ғана төлем және/немесе ақша аударымын жүргiзедi. Жеке тұлға күнтiзбелiк ай өткеннен кейiн бiр айдың iшiнде баламасы елу мың АҚШ долларынан астам сомаға осы тармақта келiсiлген құжаттарды бермей-ақ төлем және/немесе ақша аударымын жүргiзген кезде, уәкiлеттi банк күнтiзбелiк ай аяқталғаннан кейiн үш жұмыс күнiнiң iшiнде осы жеке тұлға (жiберушiнiң аты-жөнi, бар болса - СТН) және ол өткiзген төлем және/немесе ақша аударымы туралы ақпаратты Ұлттық Банкке беруге мiндеттi. 
      Уәкiлеттi банктер Қазақстан Республикасының валюта заңдарын сақтауды тексеру мақсатында салыстырмалы түрде өткiзiлген валюта операциялары туралы қажеттi ақпаратты және құжаттарды қосымша талап етуге құқылы. 
       Ескерту: 35-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24   қаулысымен 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .

      36. Резидент және резидент емес жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының iшкi валюта рыногында шетел валютасын Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын сақтай отырып, уәкiлеттi банктер арқылы шектеусiз түрде сатып алуға құқылы. 

      37. Резидент және резидент емес жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында тек уәкiлеттi банктер арқылы айырбас операцияларын жүргiзу үшiн, өздерiнiң банктiк есепшотын шетел валютасымен есептеу ушiн, осы Ережеде көзделген жағдайларда банктiк есепшот ашпай-ақ уәкiлеттi банктер арқылы ақша аударымын жүзеге асыру үшiн, Ұлттық Банктiң тиiстi лицензиясы бар резиденттер сататын тауарларға және көрсететiн қызметке есеп айырысу үшiн қолма-қол шетел валютасын пайдалануға құқылы. 

      38. Уәкiлеттi банктер резидент және резидент емес жеке тұлғаларға шетел валютасымен және ұлттық валютамен кредиттер беруге құқылы.
       Ескерту: 38-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен

      39. Резидент және резидент емес жеке тұлғалар уәкiлеттi банктерде банктiк есепшот ашпай-ақ, бiр жолғы ақша аударымы түрiнде осы Ереженiң 40 және 41-тармақтарында келiсiлген ағымдағы валюта операцияларын жүргiзе алады. 

      40. Резидент және резидент емес жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық валютамен жүзеге асырылатын бiр жолғы ақша аударымы уәкiлеттi банктер арқылы шектеусiз Ережеде белгiленген талаптарды ескере отырып жүргiзiледi. 
       Ескерту: 40-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24   қаулысымен

      41. Резидент және резидент емес жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасынан немесе Қазақстан Республикасына, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі резидент жеке тұлғалардың пайдасына біржолғы аударымдарды уәкілетті банктер арқылы баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшерде жүзеге асыруға болады. Көрсетілген аударымдарды жеке тұлғалар бір операциялық күнде бір уәкілетті банк арқылы бір рет қана жүзеге асыра алады.
      Осы тармақта көрсетілген аударымдар кәсіпкерлік қызметті, инвестицияларды жүзеге асырумен, жылжымайтын мүлікке құқық сатып алумен, тізбесі валюта заңдарында айқындалған капитал қозғалысына байланысты өзге де операцияларды жүргізумен, сондай-ақ үшінші тұлға ретінде заңды тұлғалар арасындағы келісім-шарттарға ақы төлеуге байланысты болуы тиіс емес.
       Ескерту: 41-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен

      42. Жеке тұлғалар және оның уәкiлеттi өкiлдерi Қазақстан Республикасынан жiберiлетiн бiр жолғы ақша аударымын және Қазақстан Республикасына аударылған бiр жолғы ақша аударымын жеке басын растайтын құжат және ақша аударымына арналған тапсырма немесе ақша аударымын алуға арналған өтiнiштi берген кезде жүзеге асырады. 

      43. Қазақстан Республикасына жiберiлетiн ақша аударымына арналған тапсырыста мыналар көрсетiлуi тиiс: 
      жiберушiнiң аты-жөнi; 
      жiберушiнiң жеке басын растайтын құжат туралы мәлiмет (номерi, сериясы, берiлген күнi және берген орган); 
      алушының СТН (егер алушы Қазақстан Республикасының  салық  заңдарына сәйкес салық төлеушi болып табылатын болса); 
      алушының деректемелерi (егер алушы заңды тұлға болса); 
      алушының аты-жөнi (егер алушы жеке тұлға болса); 
      қызмет етушi банктiң деректемелерi; 
      аударым сомасы және аударымның мақсаты; 
      күнi және жеке адамның қолы. 
      Жiберушi Қазақстан Республикасынан жiберiлетiн ақша аударымына арналған тапсырыста осы ақша аударымның кәсiпкерлiк инвестицияларды жүзеге асырумен, жылжымайтын мүлікке құқық сатып алумен немесе капитал қозғалысына байланысты өзге де операциялармен, сондай-ақ үшінші тұлға ретінде заңды тұлғалар арасындағы келісім-шарттарға ақы төлеумен байланысты қызметпен байланысты емес екендiгiн растайтын жазу болуы тиiс. 
      Қазақстан Республикасынан жiберiлетiн ақша аударымына арналған тапсырыста көрсетiлген деректердiң дұрыс болуы бойынша мiндеттеме ақша жiберушiге жүктеледi. 
       Ескерту: 43-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24   қаулысымен 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .

      44. Қазақстан Республикасына аударылған ақшаны алуға арналған өтiнiште мыналар көрсетiлуi тиiс:
      алушының аты-жөнi;
      алушының жеке басын куәландыратын құжат туралы мәлiметтер (нөмiрi, сериясы, берiлген күнi және берген орган);
      алушының РНН (егер алушы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық төлеушi болған жағдайда);
      аударым сомасы;
      жiберушiнiң аты-жөнi;
      күнi және жеке тұлғаның қолы.
      Қазақстан Республикасына шет елден аударылған ақшаны алуға арналған өтiнiште алушы осы аударымның шет елдегi кәсiпкерлiк инвестицияларды жүзеге асырумен, жылжымайтын мүлікке құқық сатып алумен немесе капитал қозғалысына байланысты өзге де операциялармен, сондай-ақ үшінші тұлға ретінде заңды тұлғалар арасындағы келісім-шарттарға ақы төлеумен байланысты қызметпен байланысы жоқ екенiн растайтын жазба жасауы тиiс.
      Қазақстан Республикасына аударылған ақшаны алуға арналған өтiнiште көрсетiлген шынайы деректердi ұсыну мiндетi ақша алушыға жүктеледi. 
       Ескерту: 44-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24   қаулысымен 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .

      45. Жеке тұлға осы Ережеде белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiн құжаттарды ұсынбаған жағдайда немесе ұсынған жағдайда уәкiлеттi банк бiр жолғы аударым жасауға немесе бiр жолғы аударым бойынша ақша беруге құқылы емес.

      46. Бiр жолғы аударымды алушының келмеуiне байланысты жеке тұлғаға шет елден аударылған ақшаны беру мүмкiн болмаған жағдайда, уәкiлеттi банк корреспондент-банкке ақша келiп түскен күннен бастап 180 күн өткеннен кейiн ақшаны қайтарады.     

  6. Валюта құндылықтарын әкелу және әкету      

      47. Резиденттер және резидент еместер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтаған жағдайда Қазақстан Республикасына валюта құндылықтарын шектеусіз әкеледі. 

      48. Резиденттер және резидент еместер Қазақстан Республикасынан ұлттық валютаны шектеусіз әкетеді. 
      Ұлттық Банк эмиссиялаған және заңды төлем құралдары болып табылатын қымбат металдан жасалған металл ақша Қазақстан Республикасына еркiн әкелiнедi және әкетiледi. 

      48-1. Резидент жеке тұлғалар баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын әкетілетін қолма-қол шетел валютасының қайдан алынғандығын растайтын құжаттар ұсынбай Қазақстан Республикасынан әкете алады.
      Резидент жеке тұлғаларға баламасы он мың АҚШ долларынан асатын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын осы Ереженің 48-2 тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасынан әкетуге рұқсат берілмейді.
      Резидент емес жеке тұлғалар баламасы үш мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын әкетілетін қолма-қол шетел валютасының қайдан алынғандығын растайтын құжаттар ұсынбай Қазақстан Республикасынан әкете алады.
      Резидент емес жеке тұлғаларға баламасы үш мың АҚШ долларынан асатын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын осы Ереженің 48-2 тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасынан әкетуге рұқсат берілмейді.
       Ескерту: 48-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .

      48-2. Резидент және резидент емес жеке тұлғалар осы Ереженің 48-1 тармағында көрсетілген сомалардан басқа кедендік заңдардың талаптарын сақтаған кезде Қазақстан Республикасына әкелінгенін растайтын кеден декларациясында көрсетілген сома шегінде Қазақстан Республикасына бұрын әкелінген қолма-қол шетел валютасын Қазақстан Республикасынан әкетуге құқылы.
       Ескерту: 48-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .

      49. Резидент және резидент емес жеке тұлғаларының баламасы үш мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын Қазақстан Республикасынан әкетуі Қазақстан Республикасының кеден органында жазбаша декларациялауға жатпайды.
      Резидент және резидент емес жеке тұлғаларының баламасы үш мың АҚШ долларынан асатын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын әкетуі Қазақстан Республикасы кеден органында міндетті жазбаша декларациялауға жатады.
       Ескерту: 49-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .

       50. Номиналдық құны (номиналы) шетел валютасында көрсетілген төлем құжаттарын ( вексельдер, чектер, оның ішінде жол чектері) Қазақстан Республикасынан әкету жазбаша декларациялауға жатпайды және шектеусіз жүзеге асырылады. 
       Ескерту: 50-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256   қаулысымен .

      51.  Тармақ алынып тасталынды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24   қаулысымен

      52. Нақты құны (номиналы) шетел валютасымен көрсетiлген бағалы қағаздарды әкету Қазақстан Республикасының  бағалы қағаздар  туралы заңнамасымен реттеледi. 

      53. Валюта құндылықтарын әкелу мен әкетудi кедендiк ресiмдеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының  кеден  заңнамасы белгiлейдi  . 

  7. Валюталық бақылау 

      54. Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместерi валюта операцияларын жүргiзген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауды қамтамасыз ету валюталық бақылаудың мақсаты болып табылады. 

      55. Валюталық бақылаудың негiзгi бағыттары мыналар: 
      клиенттердiң тапсырмасы бойынша, сол сияқты өздерi жүргiзетiн валюта операцияларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келуiн және оларды жүзеге асыруға қажеттi құжаттардың болуын анықтау; 
      валюта операциялары бойынша төлемдердiң заңдылығын және негiздiлiгiн тексеру; 
      валюта операциялары бойынша есепке алу мен есеп берудiң толық болуын және объективтiлiгiн тексеру. 

      56. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi өз құзыретi шегiнде резиденттер мен резидент еместердiң Қазақстан Республикасында жүргiзетiн валюта операцияларына осы операциялардың Қазақстан Республикасының заңнамасына, Ұлттық Банктiң лицензиялары мен тiркеу куәлiктерiнiң талаптарына сәйкес келу бөлiгiнде бақылау жасауға мiндеттi. 

      57. Валюталық бақылау органдары өз құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актілер шығарады, анықталған жөнсiздiктердi жою жөнiнде талаптар ұсынады және Қазақстан Республикасында барлық резиденттер мен резидент еместер орындауға мiндеттi болып табылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да шаралар қолданады. 

      58. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi валюталық бақылауды жасаған кезде Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүзеге асыратын резиденттер және резидент еместер: 
      валюталық бақылау органдары жүргiзген тексерулердiң нәтижелерi туралы анықтамалармен және көрсетiлген анықтамалар негiзiнде жасалған жөнсiздiктер туралы хаттамалармен танысуға; 
      Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртiппен валюталық бақылау органдары мен агенттерiнiң iс-әрекеттерiне шағым жасауға; 
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқылы. 

      59. Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүзеге асыратын резиденттер мен резидент еместер Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртiппен: 
      валюталық бақылау органдары мен агенттерiне валюта операцияларын жүзеге асыруға қатысты барлық сұратылатын құжаттар мен ақпаратты ұсынуға; 
      валюталық бақылау органдарына олардың тексеру жүргiзуi барысында өз үй-жайларына, құжаттарға және автоматтандырылған деректер базасына кiрудi қамтамасыз етуге;
      валюталық бақылау органдарына олардың тексеру жүргiзуi барысында, сондай-ақ олардың нәтижелерi бойынша түсiнiктер беруге;
      Қазақстан Республикасының заңнамасы басқа мерзiмдi белгiлемеген жағдайда жүргiзiлетiн валюта операциялары бойынша олардың сақталуын кемiнде бес жыл қамтамасыз ете отырып есепке алуға және есеп беруге;
      валюталық бақылау органдарының талаптарын (нұсқауларын) орындауға;
      Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы белгiлеген басқа да талаптарды орындауға.

  8. Осы Ереженi бұзу жауапкершiлiгi

      60. Осы Ереженi бұзу жауапкершiлiгi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес күшiне енедi.     

       Ұлттық Банкі
       Төрағасы