Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 30 шілдедегі № 611 Жарлығы.

Қолданыстағы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары (бұдан әрі - Ұлттық даму жоспары) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар:

      1) өз қызметінде Ұлттық даму жоспарын басшылыққа алсын;

      2) осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 30 шілдедегі
№ 611 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 2029 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ
ҰЛТТЫҚ ДАМУ ЖОСПАРЫ

2024 жыл, Астана қаласы

МАЗМҰНЫ

      Кіріспе

      Іске асырудың негізгі қағидаттары

      1. Өмірдің жоғары сапасы

      1.1. Денсаулық сақтау

      1.2. Білім және ғылым

      1.3. Әлеуметтік қорғау

      1.4. Жайлы орта

      2. Экономиканың берік іргетасы

      2.1. Минералды-шикізат базасы: мұнай және газ

      2.2. Минералды-шикізат базасы: металдар және басқа да пайдалы қазбалар

      2.3. Энергетика

      2.4. Өңдеу өнеркәсібі

      3. Өсудің жаңа нүктелері:

      3.1. Көлік-логистика кешені

      3.2. Агроөнеркәсіптік кешен

      3.3. Инновациялар, цифрлық және креативті экономика

      3.4. Туризм

      4. Экономика мен қоғамның түпкілікті түрленуі

      4.1. Серпінді кәсіпкерлік орта құру

      4.2. Жаңа инвестициялық цикл

      4.3. Экологиялық орнықтылықты арттыру

      4.4. Тиімді мемлекеттік қаржы

      4.5. Заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру

      Қорытынды

КІРІСПЕ

      2023 жылы Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында орнықты, сапалы және инклюзивті өсу траекториясына шығу мақсатында экономикалық дамудың жаңа парадигмасын іске асыру қажеттігін белгілеп берді. "Орташа табыс тұзағынан" құтылу және Қазақстанның табысы жоғары елдер қатарына орнығуы үшін берік институционалдық және әлеуметтік- экономикалық негіздерді қалыптастыру - орта мерзімді кезеңге арналған дамудың негізгі мақсаттары.

      Жаһандық экономикалық, климаттық және технологиялық мегатрендтердің артып келе жатқан қысымы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық салада жинақталған теңгерімсіздіктердің қауіпті деңгейі жағдайларында қойылған міндетке қол жеткізу міндетгерге басымдық беруді және елді дамытудың жаңартылған орта мерзімді жоспарын қалыптастыруды талап етеді.

      Протекционизм мен шектеу шараларының күшеюі аясында қатар басталған жаһандық тізбектер мен сауда-экономикалық байланыстарды қайта құру үрдісі әлемдік экономиканың өсу әлеуетінің төмендеуіне, жоғары инфляцияның ұзақ цикліне және инвестициялар үшін жоғары бәсекелестіктің болуына әкелді. Мұндай жағдайларда Қазақстан экономикасының экспорттық-шикізат моделі бюджет кірістерін қалыптастыру және оны әртараптандыруға инвестиция салу мүмкіндігі тұрғысынан шектеледі.

      2014 жылдан бастап ұлттық экономиканың орташа жылдық өсу қарқыны баяулады және бүгінде 5%-дан аз. Аса жеткіліксіз инвестициялау, инновацияның және экономика өнімділігінің төмен деңгейлері аясында бұл жойылып бара жатқан негізгі қорларды дамыту және орнын толтыру үшін жеткіліксіз.

      Бұл ретте 2022 жылы ЖІӨ-нің 15%-дан астамы және Қазақстан экспортының 70%-ы минералдық шикізатпен байланысты салаларға тиесілі болды.

      Сонымен бірге қазба отындарына әлемдік сұраныстың шыңы жақындаған сайын және ресурстық базаның сарқылуымен экономикадағы құрылымдық өзгерістердің және мемлекеттік қаржы саласында теңгерімді саясат жүргізудің қажеттілігі артады.

      Сонымен қатар, 10 жыл ішінде күрделі шығындар жұмсау арқылы экономиканы дамытуға арналған бюджет үлесі төмендеді, бұл ретте халықтың кірістер құрылымындағы мемлекеттік қолдаудың үлесі 2010 жылғы 14%-дан 2022 жылы 23%-ға дейін өсті.

      Өткен онжылдықтардағы Қазақстанның экономикалық өсуі қоршаған ортаның жай-күйіне елеулі әсер етумен қатар жүрді, ол жаһандық экологиялық факторлармен бірге экологиялық жағдайды ұшықтырды. Қазақстан парниктік газдар шығарындылары бойынша топ-20 елдің қатарына кіреді, ал ел халқының 20%-дан астамы тұратын жерлердің үштен екісіне құрғақшылық қаупі төніп тұр. Бұл мәселелерді шешу 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша ел қабылдаған міндеттемелерге сәйкес шұғыл әрекет етуді талап етеді.

      Мұның бәрі Қазақстан экономикасының орнықты дамуы үшін сын-қатерлерді қалыптастырады.

      Сонымен бірге, Қазақстанның серпінді технологиялардың жаһандық күрт даму үрдісіне қатысу әлеуеті жоғары, одан пайда алу үшін дағдыларды кеңінен трансформациялау және адами капиталды ұлғайту, сондай-ақ қазіргі заманғы цифрлық инфрақұрылымды дамыту талап етіледі.

      Аталған сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары әзірленді.

      Жоғарғы және орта қайта бөліп өндірілетін тауарлары шығарылымының ұлғаюымен қатар жүретін, негізгі капиталға және еңбек өнімділігіне инвестициялардың еселеп ұлғаюы - экономикалық өсудің сапалық құрамдауыш бөлігі болады.

      Ресурстарды орнықты пайдаланумен және қоршаған ортаны қорғаумен, сондай-ақ сот төрелігі мен құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі жақсартумен ұштасқан мемлекеттің бастамалары әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктер жасау арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға және инклюзивті қоғам құруға бағытталатын болады.

ІСКЕ АСЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ

      Құрылымдық жаңару және экономиканың тұрақты өсуі - қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға және Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының мақсаттарын орындауға байланысты болатын іргелі міндет.

      Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде экономикалық қайта құрулардың негізінде жатқан бес бірізді қағидат айқындалды. Бұл қағидаттар орта мерзімді пайымның құндылық бағдарларын белгілейді және даму басымдықтары мен күтілетін нәтижелерде көрініс табады.

      - Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру және тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсарту үшін бәсекелестікті ырықтандыру және ынталандыру.

      - Кәсіпкерлікті қорғау және дамыту, сондай-ақ экономиканың өсуі үшін оны жеткілікті инвестициялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инвесторлар үшін түсінікті, болжамды және тартымды экономикалық саясат.

      - Сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік пен шығармашылық бастаманы қолдауға баса назар аудара отырып, қазақстандықтардың әлеуетін ашу.

      - Инновациялық белсенділікті кеңейту, салалар мен кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру арқылы экономиканың өнімділігі мен күрделілігін арттыруға баса назар аудару.

      - Өңірлердің дамуында аса үлкен алшақтықтарға жол бермеу және өңірлердің өз әлеуетін және үлкен экономикалық дербестігін іске асыруы үшін жағдайлар жасау.

      Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары жоспарланған нәтижелер мен іске асыру тетіктерінің ортақтығы негізінде 4 блокқа топтастырылған дамудың 17 бағытын қамтиды.

      Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының тәсілдері, басқалармен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған негізгі күн тәртібі болып табылатын Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін өтпелі үдерістерді жеделдетуге бағытталған.





      Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберіндегі даму бағыттары

      Әрбір бағыт үшін 2029 жылға арналған нысаналы индикаторлар мен олардың мәндері, сондай-ақ тиісті күтілетін нәтижелер тізімімен қолдау көрсетілетін дамудың негізгі басымдықтары айқындалған. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары алдағы жылдары іске асыру үшін шаралардың толық тізімін беру міндетін қоймайтынын, сондықтан мақсатқа қол жеткізу құралдарында Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Үкімет) мен жауапты органдарды шектемейтінін атап өту маңызды.

      Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының стратегиялық бағыттарына қол жеткізу үшін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 39 көрсеткішін қамтитын негізгі ұлттық индикаторлардың картасы қалыптастырылды, олардың декомпозициясы Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес салалар мен өңірлер бөлінісінде жүргізілетін болады. Негізгі ұлттық индикаторлар картасына сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатының деңгейін және әлеуметтік игіліктердің сапасын өлшеу бойынша бірқатар көрсеткіштер енгізілген.

      Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде сапалы институционалдық жақсаруды мониторингтеу үшін халық пен бизнес арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргізілетін болады.

1. ӨМІРДІҢ ЖОҒАРЫ САПАСЫ

1.1. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

      Ағымдағы жағдай

      Соңғы 5 жылда Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 1,9 жылға ұлғайды және нәрестелердің өлім-жітімінің коэффициенті 3%-ға төмендеді. Дегенмен, өлім-жітімнің жалпы көрсеткіштері қан айналымы жүйесі, жүйке жүйесі, тыныс алу және ас қорыту органдары аурулары бойынша салыстырмалы түрде жоғары өлім-жітімнің есебінен ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен 19%-ға жоғары болып отыр.

      Фармацевтика саласының дамуы әлсіз: 2023 жылы жергілікті фармацевтикалық нарықта отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесі небәрі 14,4%-ды құрады, ал дәрілік заттарды сатып алудың қарқынды өсіп келе жатқан көлеміндегі қазақстандық отандық өнімнің үлесі - небәрі 32%.

      2024 жылы Numbeo медициналық қызмет көрсету деңгейі бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 2020 жылдан бері 26 орынға көтеріліп, 94 елдің ішінен 60-шы орынға жайғасты. 2024 жылы ең төменгі баға - медициналық персоналдың жеделдігіне (күтуге) қанағаттану және біліктілігі мен құзыреттілігіне қанағаттану сияқты құрамдауыштар бойынша қойылған.

      Денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесінің тиімсіздігі

      Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі - МӘМС) енгізілген жылдар ішінде Қазақстанда денсаулық сақтауды қаржыландыру бірнеше есеге жуық өсті және 2023 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтаудың ағымдағы шығыстары (күрделі шығыстарды шегергенде) 4,4 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 3,7%-ын құрады. Алайда, бұл көрсеткіштер ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіштен (9,2%) 2,5 есе төмен.

      Қаржыландыру көлемінің айтарлықтай өсуіне қарамастан, денсаулық сақтау жүйесі әлі де белгілі бір қиындықтарға ұшырауда, бұл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне әсер етуде.

      Мәселен, шығындардың кейбір түрлерін өтемейтін және инфляцияға индекстелмейтін медициналық қызметтерге төмен тарифтер денсаулық сақтау жүйесінің жеткілікті қаржыландырылмауының себептерінің бірі болып отыр, бұл жеке қызмет көрсетушілерді тартуды, инфрақұрылымды жаңартуды, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды шектейді. Оның нәтижесінде медициналық ұйымдар жыл сайын қаржының өткір тапшылығына тап болады.

      Тағы бір проблема - медициналық ұйымдардың бөлінетін қаражатты ашық әрі тиімді жұмсамауы, ұрлық пен қосып жазу түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері.

      Жалпы алғанда, 2023 жылы денсаулық сақтау шығыстарының жалпы құрылымындағы азаматтардың "қалтасынан төленетін" шығыстарының үлесі 26,6%-ды (2022 жылы - 29,6%, 2021 жылы - 23,9%, 2020 жылы - 26,3%) құрады, бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау үйымы (ДДСҰ) ұсынған деңгейден 15-20% жоғары.

      Медициналық инфрақұрылымның тозуы және ескіруі

      Ел бойынша орташа алғанда денсаулық сақтау объектілері тозуының деңгейі 49,3%-ды құрайды, бұл ретте барлық денсаулық сақтау инфрақұрылымы объектілерінің шамамен 40%-ына күрделі жөндеу қажет. Ел бойынша объектілердің 35%-дан астамы типтік емес (бейімделген), бұл өз кезегінде жаңа технологияларды дамытуға, пациенттер және (немесе) персонал үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Жабдықтың тозуы орта есеппен 66,3%-ды (оның ішінде медициналық жабдықтың тозуы - 49,1%, зертханалық жабдықтың тозуы - 83,5%) құрайды.

      Кадр тапшылығы

      2023 жылы Қазақстанда дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз ету (40,6) ЭЫДҰ елдерінің 10 мың тұрғынға шаққанда 33 дәрігерді құраған орташа көрсеткішінен асып түсті. Алайда, "қала - ауыл" бөлінісінде (3-7 есе айырмашылық) және өңірлер арасында (орташадан 1,7 есе айырмашылық) айтарлықтай теңгерімсіздік бар. Орта медициналық персонал санына қажеттілік әлі де жоғары. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауылдағы дәрігерлік кадрларға қажеттілік (мамандармен қамтылмаған лауазымдардың жетіспеушілігі) 1,12 мың штаттық бірлікті құрады.

      Денсаулық сақтау саласының жеткіліксіз деңгейде цифрландырылуы

      Бүгінгі танда денсаулық сақтау жүйесі тиісті түрде интеграцияланбаған көптеген әртүрлі ақпараттық жүйелерді пайдаланады. Соның салдарынан медициналық көмек көрсету процестерінің ашық еместігі және ресурстарды тиімсіз пайдалану байқалады.

      Қаржы ағындарын бақылау мен басқарудың тиімділігіне және қымбат дәрілік заттарды қоса алғанда, көлемдерді жоспарлаудың орынды болуына теріс әсер ететін тиісті цифрландырудың болмауы көмектің белгілі бір түрлерін шамадан тыс тұтынуға және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қаражатын артық жұмсауға әкеледі.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      2029 жылға дейін осы даму бағытының негізгі мақсаты - халық денсаулығының жалпы деңгейін арттыру және орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу. Денсаулық сақтау саласын 2029 жылға дейін дамыту сырқаттанушылықтың алдын алуға және өлім-жітімді азайтуға, МӘМС жүйесін жетілдіруге, оның тартымдылығын сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады.

      1-басымдық. Жұқпайтын аурулардың алдын алуды күшейту және халық арасында өлім-жітімді төмендету

      Бұл бағыттағы күш-жігер жұқпайтын аурулардың алдын алуға және негізгі қауіп факторлары бойынша өлім-жітімді азайтуға, медициналық көмекті жетілдіруге, ана мен бала өлім-жітімін азайту жөнінде кешенді шаралар қабылдауға, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын, биоқауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға бағытталатын болады.

      Аурулардың алдын алу. Профилактикалық медицинаның негізі - халықтың салауатты өмір салтын ұстанудағы сауаттылығын арттыру, репродуктивті және ментальді денсаулықты нығайту және мінез-құлық қауіпі факторларының алдын алу, вакциналау, халықтың нысаналы тобын профилактикалық тексеру және скринингтеу болады. Жастар арасында осындай негіздерді қалыптастыру білім беру ұйымдары деңгейінде басталып, жастардың денсаулық орталықтарында жалғасады.

      Сондай-ақ салауатты өмір салтын таңдау үшін әртүрлі экономикалық ынталандырулар қарастырылады, балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен қамтуды кеңейту шаралары қабылданатын болады.

      Балалардың мүгедектігін төмендету мақсатында жүктіліктің ерте кезеңінде де, неонаталдық кезеңде де генетикалық патологияларды анықтаудың диагностикалық рәсімдер кешені кеңейтіледі. Қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтардың еңбекке қабілеттілігінен айырылу қаупін төмендететін жағдайлар жасалатын болады.

      Ана мен нәресте өлім-жітімін төмендету бойынша кешенді шараларды қабылдау. Ана өлім-жітімін азайту үшін бірқатар жүйелі шаралар іске асырылатын болады: жүкті әйелдерді ерте есепке алу мониторингін күшейту, ауыр сырқаты бар жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге мультидисциплинарлық мамандандырылған медициналық көмек көрсету, жетекші перинаталдық орталықтар базасында консультациялық-диагностикалық орталықтарды дамыту, босанатын бөлімшелерінің төсек қорын кеңейту, контрацепцияның заманауи әдістерін енгізу және тарату, қауіпсіз жасанды түсікке қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау қажет.

      Бұдан басқа, салауатты өмір салтын насихаттау, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды бақылауды және алдын алуды, гравидаралды дайындық және ұрпақ әкеле алатын жастағы әйелдерді сауықтыруды, халық арасында отбасын жоспарлау мәдениетін дамытуды және контрацепцияның заманауи құралдарын пайдалануды қамтитын профилактикалық жұмыс күшейтілетін болады.

      Нәрестенің шетінеушілігі деңгейін төмендету үшін перинаталдық диагностика жүйесін жетілдіру, заманауи тиімді перинаталдық технологияларды қолдануды кеңейту жоспарланып отыр.

      Сондай-ақ, қазіргі заманғы перинаталдық орталықтар салу, жұмыс істеп тұрған орталықтарды заманауи медициналық жабдықтармен толық жарақтандыру, сондай-ақ кадрлармен қамтамасыз ету жолымен жүктіліктің соңына дейін жетпеуінің және босанудың асқынуларының алдын алу, босану ұйымдарының инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жақсарту шаралары жалғастырылатын болады.

      Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын арттыру. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету үшін тиісті қызметті цифрландыру, кадрларды нығайту, эпидемиологиялық болжау және ден қою жүйесін енгізу шаралары қабылданатын болады. Сондай-ақ оның материалдық-техникалық базасын салу және жаңғырту арқылы зертханалық қызметті дамыту жалғасады.

      Отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту. Дәрілік заттардың отандық өндірісін дамыту және олардың қолжетімділігін арттыру мақсатында жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялар тарту, технологиялар мен жаңа әзірлемелерді трансферттеу, сондай-ақ дәрілік заттар өндірісін жергілікті жерлерге орналастыру шаралары қабылданатын болады.

      2-басымдық. Денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесін жетілдіру

      Бұл бағыттағы жұмыс МӘМС жүйесінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады, бұл денсаулық сақтауға арналған шығыстар құрылымында қалтадан төленетін шығыстардың үлесін азайтуға әкеледі.

      Тарифтерді жаңарту. Тарифтерді жаңарту бойынша, оның ішінде жыл сайынғы индекстеуді, амортизациялық шығыстарды, сондай-ақ ағымдағы жөндеу шығындарын өтеуді ескере отырып, жұмыс жүргізу жоспарлануда. Бұл шара медициналық ұйымдардың қаржылық орнықтылығына да оң әсерін тигізеді.

      МӘМС жүйесінің және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің (бұдан әрі - ТМККК) сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында МӘМС шеңберінде медициналық көмекті ұйымдастыру, жоспарлау жүйесінің тиімділігін арттыру шаралары қабылданатын болады.

      Ең алдымен, бұл қорландыруды жетілдіру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен тиімсіз шығыстарды азайту үшін дұрыс процестерді құру, ТМККК және МӘМС пакеттерін әкімшілендірудің тиімділігін арттыру, сондай-ақ басқару процесін автоматтандыру арқылы МӘМС жүйесінің қаржылық орнықтылығын арттыру.

      Медициналық қызмет көрсетушілерді қызмет көрсету сапасын, пациенттердің қауіпсіздігі мен емдеу тиімділігін арттыруға ынталандыру мақсатында қызметтер үшін ақы төлеу тетіктерін жетілдіру нұсқалары да қарастырылатын болады.

      Халықты МӘМС-пен қамтуды ұлғайту. Халықты МӘМС жүйесімен қамтуды ұлғайту үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тартудың шарттары енгізіледі және жетілдіріледі, сондай-ақ сектораралық өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі.

      3-басымдық. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру

      Бұл бағыттағы негізгі нәтиже халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейін арттыру болады.

      Негізгі міндеттер цифрлық технологиялардың көмегімен медициналық қызмет көрсету сапасын, медициналық қызмет көрсетушілер жұмысының тиімділігін және медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру болады.

      Медицина кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру. Медициналық көмектің сапасын арттыру үшін интеграцияланған білім беру моделі негізінде мамандандырылған кадрларды даярлауды ұйымдастыру, үздіксіз кәсіби даму үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесін арттыру жоспарланып отыр.

      Бұдан басқа, күш-жігер инновациялар, ғылыми зерттеулер және диагностика мен емдеу саласындағы заманауи әдістемелерді беру орталықтары ретінде медициналық университеттерді дамытуға жұмсалатын болады. Елдің медициналық университеттері халықаралық аккредиттеуден өтуі тиіс. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан университеттік ауруханалар мен клиникаларды құру және оларды дамыту да маңызды қадам. Жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында (бұдан әрі - ҒЗИ) және ғылыми орталықтарда үздік профессор-оқытушылар құрамын ұстап қалу мақсатында олардың жалақысын арттыру қамтамасыз етіледі.

      Процестерді цифрландыру. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді сапалы интеграциялау және әртүрлі медициналық ақпарат көздерінен алынған медициналық ақпаратты шоғырландыру мақсатында азаматтардың денсаулығының ұлттық электрондық паспортын қалыптастыру, сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмекте (бұдан әрі - МСАК) жасанды интеллекті (Бұдан әрі - ЖИ) бағдарламаларын қолдану пациенттердің тарихымен жұмыс істеудің қарапайымдылығын, медициналық қызметтер көрсетудің сапасы мен жылдамдығын арттыруды қамтамасыз етеді. Денсаулық сақтау жүйесі объектілеріне жүктөмені азайту мақсатында қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтермен қамту кеңейтілетін болады.

      Цифрлық трансформация шеңберінде "е-Densaulyq" электрондық денсаулық сақтаудың жаңа жоғарғы деңгейлі архитектурасына көшуді іске асыру ұсынылады, ол медициналық ақпараттық жүйелермен интеграция арқылы денсаулық сақтау ұйымдары арасында медициналық деректермен толыққанды алмасуды қамтамасыз етеді.

      4-басымдық. Медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру

      Осы бағыттағы жұмыс медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруды және ауыл тұрғындарын МСАК объектілерімен қамтуды ұлғайтуды, сондай-ақ медициналық инфрақұрылымды салу мен жаңғыртуды қамтитын болады.

      Медицина қызметкерлерінің тапшылығын азайту. Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында кадрлық ресурстарға қажеттілікті тиімді болжау және оларды қамтамасыз ету тәсілдерін әзірлеу және енгізу, сондай-ақ денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесін әзірлеу көзделіп отыр. Медициналық қызметкерлерді ауылдарға тарту үшін мынадай қаржылық және қаржылық емес ынталандырулар қолданылады: медициналық институттардың түлектері үшін міндетті еңбекпен өтеу бағдарламалары, ұзақ еңбекпен өтеу шартымен оқуға арналған гранттар санын ұлғайту, қаржылық тартымдылықты арттыру және басқалар.

      Сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы теңгерімсіздікті қысқарту үшін денсаулық сақтау желісінің нормативтеріне сәйкес ауылдық елді мекендерде заманауи жабдықтармен жарақтандырылған МСАК объектілері салынатын болады. Диагностиканың жоғары технологиялық жабдықтарына және медициналық қызметтерге қол жеткізуді көп бейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту арқылы қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

      Шалғайдағы және жету қиын ауылдық жерлердегі халық сапалы медициналық қызметтермен қамтылып, медициналық авиация, жылжымалы медициналық кешендер мен дәріхана пункттерінің қызметтері арқылы дәрілік заттармен қамтамасыз етілетін болады.

      Медициналық инфрақұрылымды салу және жаңғырту. Денсаулық сақтау инфрақұрылымы объектілерін жоспарлаудың, мониторингтеудің және бақылаудың тиімді жүйесін құру қажет. Атап айтқанда, инфрақұрылым объектілерінің, медициналық жабдықтардың тозу дәрежесін төмендету, медициналық объектілердің медициналық және зертханалық жабдықтармен жарақтандырылу деңгейін арттыру, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі - МЖӘ) тетігін қоса алғанда, инвестициялық жобаларды іске асыруға бизнесті тарту арқылы шаралар қабылданатын болады.

1.2. БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

      Ағымдағы жағдай

      Білім беру жүйесінің қолжетімділігі мен сапасы елдегі адами капиталдың сапасын, еңбек өнімділігі мен мамандардың бәсекеге қабілеттілігін анықтайды. Бұл ретте білім берудің тиімділігіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі - оның еңбек нарығының өзгермелі талаптарына сәйкестігі.

      Қазақстанда білім беру жүйесінің еңбек нарығымен әлсіз байланысы байқалады. Бұл міндетті шешу ерте білім беруден бастап кешенді тәсілді талап етеді. Сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту оқушылар арасында үлгерімдегі алшақтықты азайтып, балаларға болашақта жұмысқа орналасуға және анағұрлым жоғары кіріс табуға мол мүмкіндік береді. Кәсіптік-техникалық және жоғары оқу орындарымен қатар сапалы орта білім беруді ұйымдастыру адамның еңбек нарығы мен экономика жағдайларына сәйкестігі үшін қажетті іргелі білім мен дағдыларды қамтамасыз ете отырып, оның кәсіби табысына ықпал етеді.

      Елде ғылымды дамыту да негізгі мәнге ие, өйткені ғылым - экономикалық өсуге ықпал ететін, жаңа жұмыс орындарын ашатын және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартатын технологиялық инновациялардың негізі.

      Мектепке дейінгі білім: жүйеге жоғары жүктеме және сапаны бақылаудың күрделілігі

      Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін арттыруда оң өзгерістер байқалады: 2017 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдардың саны 1,5 мың бірлікке (15,4%-ға) ұлғайды және 247 мыңнан астам жаңа орын құрылды. 2023 жылы 2-6 жастағы балаларды қамту 90,6%-ды құрады (кезекте тіркелген балалар санын есепке алғанда). Бұл ретте 2-5 жас санатындағы балалардың жалпы санына шаққандағы мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалардың үлесі Қазақстанда ЭЫДҰ елдерінің көрсеткішінен әлі де төмен (тиісінше 65% және 77%). Бұдан бөлек, бала туудың күтілетін өсіміне байланысты балалардың мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау кезектілігінің одан әрі ұлғаюы болжанады.

      Білім беру жүйесін жоғары жүктеме ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтарына едәуір жоғары жүктемеден де білінеді (тиісінше бір педагогқа 25 және 15 бала). Мамандарға жоғары жүктеме басқа факторлармен қатар тәрбие мен оқыту сапасына теріс әсер етеді. Білім беру қызметтерінің сапасын бақылаудағы шектеулерге байланысты жеке бақшаларда сапаны қамтамасыз етуде айтарлықтай қиындықтар туындайды.

      Орта білім: оқытудың тиімділігі мен сапасының жеткіліксіздігі

      Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерді орта біліммен жоғары көлемде қамту қамтамасыз етілді, алайда оның сапасының мәселелері өзекті болып қалып отыр: PISA-2022 зерттеу нэтижелері бойынша жасөспірімдер арасындағы математикалық, жаратылыстану және оқу сауаттылығы көрсеткіштері бойынша Қазақстан ЭЫДҰ елдерінен төмен, тиісінше 81 елден түратын рейтингте 46, 49 және 61 орындарды иеленеді. Ауылдық жерлердегі оқушылардың нәтижелері қалалық нәтижелерден едәуір төмен екенін жеке айта кету керек. Бұл ретте, PISA-2022 нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанда мектептер арасындағы айырмашылықтарға қарағанда мектеп ішіндегі білім алушылар арасындағы айырмашылықтар (тиісінше 55% және 21%) көбірек байқалады.

      Бүкіл ел бойынша 7 мыңнан астам мектепте оқытудың жаңа әдістемелерін бейімдеуді көбінесе инфрақұрылымның жай-күйі, педагогтардың тапшылығы мен біліктілігінің жеткіліксіздігі және мектеп менеджменті тежейді. Орта білім беру ұйымдары контингентінің шамамен 5%-ы (187 мың бала) білім алушылардың аз санымен, материалдық-техникалық базасының әлсіздігімен және жоғары білікті педагогтардың тапшылығымен сипатталатын 2 699 шағын жинақты мектепте оқиды.

      Орта білім берудегі кадрлардың тапшылығы мен сапасының мәселесі өткір болып тұр: соңғы 5 жылда педагогикалық мамандықтар бойынша 200 мыңнан астам адам даярланды, бұл ретте мамандық бойынша түлектердің тек 32,2% жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, жыл сайын педагогтардың 50%-дан астамы Ұлттық біліктілік тестілеуінен өту кезінде шекті балл жинай алмайды.

      Техникалық және кәсіптік білім беру: оқушылар саны өсуі жағдайындағы еңбек нарығымен байланыстың әлсіз болуы

      2017 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде техникалық және кәсіптік білім (Бұдан әрі - ТжКБ) беру ұйымдарында оқушылар саны жастар санының өсуі және мемлекеттік қолдау бағдарламаларын енгізу аясында 10,7%-ға өсті. Алайда, 9-сыныптан кейінгі түлектердің барлық санынан ТжКБ-ға түсушілердің үлесі ЭЫДҰ елдері бойынша орташа мәннен әлі де төмен (тиісінше 39% және 70%).

      Қамтуды арттыру мақсатында ТжКБ ұйымдарында білім беру сапасына ерекше назар аудару талап етіледі.

      Ол үшін, ең алдымен, қаржыландыру мен еңбек нарығының сұраныстарына байланысты бірнеше сын-қатерді еңсеру қажет. Мәселен, 2020 жылдан бастап енгізілген жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі шеңберінде алынған қаражаттың 85% ғимараттарды ұстауға және педагогтардың жалақысына жұмсалады, ал 15% ғана студенттердің практикасын ұйымдастыруға арналған материалдарға жұмсалады.

      Оқытуды ұйымдастыруда, оның ішінде функционалдық сауаттылық деңгейін арттыруда да олқылықтар бар: PISA бойынша ТжКБ студенттерінің орташа нәтижелері мектептердегі құрдастарына қарағанда төмен болып шықты. Сонымен қатар ТжКБ-да педагог-практиктердің тапшылығы байқалады. Олар оқытушылардың жалпы санының шамамен 25,8%-ын ғана құрайды.

      Соның салдарынан 2022 жылы Қазақстанда жұмысқа орналасқан ТжКБ түлектердің үлесі ЭЫДҰ елдері бойынша орташа мәннен төмен болды (тиісінше 67% және 80%), ал жұмыс берушілер Қазақстандағы ТжКБ сапасының деңгейін 7 балдан 3,7 балға бағалайды, бұл жанама түрде нарықтың кадрлар даярлау сапасына қанағаттанбауын білдіреді. Даярлық сапасының төмендігі себептерінің ішінде ескірген материалдық-техникалық база (ТжКБ-ның 38%), сондай-ақ ТжКБ ұйымдарының экономиканың нақты секторымен, бизнеспен және қызмет көрсету саласымен әлсіз байланысы атап өтіледі.

      Жоғары білім: заманауи сын-қатерлерге дайындықтың жеткіліксіздігі

      Алдағы жылдары Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі өсіп келе жатқан демографиялық жүктемемен бетпе-бет келетін болады. 2029 жылға қарай мектеп бітірушілер санының екі есе өсуі күтілуде, бұл білікті профессор-оқытушылар құрамының, жоғары оқу орындарының заманауи инфрақұрылымы мен зертханалық базасының жетіспеушілігі, университеттер мен жатақханалардағы орындардың тапшылығы проблемаларын ушықтырады.

      Ойлау парадигмасының өзгеруі және жастардың жоғары білімге деген көзқарасы, пандемияның "сабағы" оқу форматтарын, ұзақтығын және процестерін қайта қарауды қажет етеді. Бұдан басқа, цифрлық технологиялар мен ЖИ-дың жедел дамуы оқыту процесі мен әдістеріне елеулі түзетулер енгізуде. Жоғары білім беру жүйесінің еңбек нарығының ағымдағы қажеттіліктерімен әлсіз үндестірілуі, жоғары білім беруді қаржыландыру саласындағы сын-қатерлер, сондай-ақ университеттерде профессор- оқытушылар құрамының жетіспеушілігі өзекті проблемалар болып қалып отыр.

      Ғылым: ашылмаған әлеует және ҒЗТКЖ жүргізуге ынталандырулардың жеткіліксіздігі

      2022 жылы ҒЗТКЖ шығындары ЖІӨ-нің 0,12%-ын құрады, бұл ЭЫДҰ елдеріндегі орташа мәннен (ЖІӨ-нің 2,7%) едәуір төмен. Ғылымды қаржыландыруды ұлғайту шеңберінде мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың объективтілігі мен тәуелсіздігін арттыру, елдің технологиялық даму басымдықтарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ қаржыландыруға міндетті аударымдарын бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету қажет.

      ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын жалпы шығындардағы кәсіпкерлік сектордың үлесі төмендеу үрдісіне ие. Мәселен, осы сектордағы ҒЗТКЖ шығындарының үлесі 2019 жылы 41%-дан 2022 жылы 26%-ға дейін төмендеді. Соңғы 5 жылда ғылыми қызметкерлер саны 22,5 мың адам деңгейінде сақталуда, бұл ретте кадрлардың қартаюы жалғасуда. Жас ғылыми кадрлардың келуін тежейтін негізгі факторлардың бірі - ғалымдар еңбекақысының төмен деңгейі. 2022 жылы негізгі құралдарға жұмсалған шығындар ҒЗТКЖ-ға ішкі шығындардың 9%-ын құрады. Кейбір ғылыми ұйымдарда қажетті заманауи жабдықтардың тапшылығы байқалады.

      Саланы 2029 жылға дейінгі дамытудың басымдықтары

      Саланы 2029 жылға дейінгі дамыту мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыруға, орта білім беру сапасын арттыруға, еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ТжКБ жүйесін жетілдіруге, жоғары білім деңгейін әлемдік стандарттарға дейін арттыруға және Ұлттық ғылым моделін қайта жүктеуге бағытталатын болады. Іргелі білімге, цифрлық технологияларға және жайлы білім беру инфрақұрылымына тең қол жеткізуге негізделген сапалы білім беру жүйесі құрылатын болады.

      1-басымдық. Ыңғайлы, қауіпсіз және сапалы органы қамтамасыз ете отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін арттыру

      Осы бағыт шеңберіндегі негізгі міндеттер - 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды арттыру, мектепке дейінгі ұйымдардағы орындар санын ұлғайту және мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту.

      Мектепке дейінгі ұйымдардағы орындар санын ұлғайту. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қаржыландыру моделі, оның ішінде жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту есебінен қайта қаралатын болады. Отбасылық тәрбие қағидаттарын ұстанатын және балаларды балабақшаға жіберуге ұмтылмайтын ата-аналар үшін мектепке дейінгі ұйымдардың жанындағы консультациялық пункттер желісі ұлғайтылады, балалар клубтарының, академиялардың, балаларды ойынмен қолдау және оларды ерте әлеуметтендіру орталықтарының желісі дамиды.

      Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыру. Көрсетілген мақсатта оқыту бағдарламаларын жетілдіру, білікті педагогтармен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базаны жарақтандыруды, әдістемелік сүйемелдеуді жақсарту, оқытудың инновациялық әдістемелері мен технологияларын енгізу, жайлы қауіпсіз дамытушы орта құру, сондай-ақ сапаны тәуелсіз ұлттық бағалауды енгізу қажет. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласының кадрлық әлеуетін күшейту үшін даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру және аттестаттау жүйесі жетілдіріледі, педагогтардың әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі.

      2-басымдық. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын және орта білім беру жүйесінің инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін арттыру

      Осы бағыттағы негізгі нәтиже PISA зерттеуінің қорытындылары бойынша мектептегі білім сапасын бағалау нәтижелерін арттыру болады.

      Негізгі міндеттер релевантты жергілікті және әлемдік трендтерді ескере отырып, білім беру мазмұнын циклдік қайта қарау, педагогикалық және басқарушылық құрамды даярлау сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, PISA нәтижелері бойынша өңірлер арасындағы, қала мен ауыл арасындағы қазақстандық оқушылардың алшақтығын қысқарту, білім беру бағдарламаларын мониторингтеу, сондай-ақ мектептерді дамытуға сараланған тәсілдерді енгізу болып айқандалды.

      Педагогтар санын көбейту және оларды даярлау сапасын арттыру. Педагог кадрларды дамытудың бүкіл тізбегі бойынша шаралар кешенін іске асыру қажет. Атап айтқанда, мұғалімнің құзыреттілігін кәсіби дамытудың жеке траекториясын құру тетіктерін жасау, педагог кадрларды даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларды жетілдіру, сондай-ақ фрагменттік оқытудан педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуына көшуді жүзеге асыру жоспарланады. Шекті деңгейден өтпеген педагогтарға басым қолдау көрсетіле отырып, біліктілік тестілеуінің тәсілдері жетілдірілетін болады.

      Мектеп директорларының біліктілігін арттыру және сертификаттау. Білім беру сапасын жақсарту, білім берудің озық әдістемелерін және басқарудың жаңа әдістерін енгізу мақсатында озық халықаралық практикаларға негізделген мектеп директорларының біліктілігін үздіксіз арттыру енгізілетін болады. Мектеп директорларын сертификаттау бағдарламасы кезең-кезеңімен дамитын болады, бұл үш кезеңдік бағалауды, оның ішінде олардың пайымы мен білім беру мекемесін дамыту жоспарларын бағалауды білдіреді. Бұдан басқа, мектеп директорларының кадрлық резервін қалыптастыру бағдарламасы күшейтіледі.

      Мектептердің инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін арттыру. Мемлекеттік қаржыландыру мен МЖӘ тетіктерін аралас қолдану арқылы оқушы орындарының, үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығындағы өңірлік теңгерімсіздіктерді жою, оқудың қолайлы жағдайларын жасау дамудың негізгі бағыттарының бірі болып қала бермек. Барлық мектептер 2027 жылға дейін жылдам интернетке және қажетті интерактивті жабдықтар жиынтығына қол жеткізеді.

      Сапалы цифрлық интерактивті оқыту контенті бар және мектеп процестері цифрландырылған платформаларға қолжетімділік беру қосымша міндет болады. Мектептерде ғылымды насихаттау үшін балалар технопарктері, тақырыптық зертханалар ұйымдастырылатын болады.

      Оқу бағдарламаларының сапасын арттыру. Оқу бағдарламаларының мазмұнында заманауи білім беру технологиялары мен ресурстарын қолдана отырып, STEAM-тәсілдер негізінде пәндерді, бөлімдерді, тақырыптарды интеграциялау қағидаты іске асырылуы жоспарланды. Оқыту бағдарламаларының сапасын арттыру алдыңғы қатарлы әлемдік білім беру жүйелерінің тәжірибесі бойынша оқу бағдарламаларының мониторингі мен бағалау жүйесін енгізу есебінен қамтамасыз етілетін болады. Білім беру сапасын арттыру мақсатында, әсіресе ауылдық жерлерде желілік өзара іс-қимыл негізінде ресурстардың өзара алмасуын шоғырландыру қағидаты бойынша білім беру округін (кешенін) құру жолымен бір немесе бірнеше жақын елді мекендердің аумағында орналасқан бірнеше білім беру ұйымдарының мүмкіндіктері пайдаланылатын болады.

      Мектептерді дамытуға сараланған тәсілдерді енгізу. Білім беру сапасын жақсарту, сондай-ақ оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингі қорытындылары бойынша ресурстарды пайдалануды оңтайландыру мақсатында әрбір өңірде дәл және атаулы қолдау шараларын қабылдау үшін төмен, орта және жоғары нәтижелері бар мектептер анықталатын болады. Нәтижелері төмен мектептер үшін оқытудың жаңа әдістері мен технологияларын үйретуде балалардың психологиясы мен жас ерекшеліктері мәселелері жөнінде білім алуды қамтитын кешенді, атаулы қолдау шаралары көзделетін болады.

      Басқару жүйесін жақсарту, педагогтарды мектеп басшылығына тарту, тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін белгілеу жөніндегі шараларды қамтитын мектептерді дамыту бағдарламаларын бекіту - тәсілдің маңызды қосымша құрамдауыш бөлігі болады. Бағдарламалар педагогтарды кәсіптік оқытуды, инфрақұрылымды жаңғыртуды, оқыту сапасын арттыруды көздейді.

      Қосымша білім беруді дамыту. Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту объектілерінің желісін (оқушылар сарайлары, жас техниктер станциялары, балалар технопарктері, музыка және көркемсурет мектептері) кеңейту жұмысы жалғастырылатын болады. Балалардың интеллектуалды дамуына ықпал ететін қолжетімді белсенді орындар ауқымы (мысалы, ЖОО-лар базасындағы жазғы мектептер) кеңейеді.

      3-басымдық. Еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ТжКБ жүйесін жетілдіру

      Осы бағыттағы жұмыс ТжКБ жүйесінің еңбек нарығының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге және ТжКБ ұйымын бітіргеннен кейінгі бірінші жылы түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін арттыруға ықпал ететін болады. Жұмыс берушілермен жұмыс моделін жетілдіру, 9-сыныптан кейін студенттерді техникалық және кәсіптік біліммен қамтуды ұлғайту, педагогтардың кәсіби деңгейін және ТжКБ-да кадрлар даярлау сапасын арттыру негізгі міндеттер болады.

      Жұмыс берушілерді тартудың бүкіл тізбегі бойынша олармен жұмыс істеу моделін жетілдіру. ТжКБ жүйесінің нәтижелерін жақсарту мақсатында әлеуетті жұмыс берушілерді оқыту бағдарламаларының барлық кезеңдерінде - оқыту бағдарламаларын әзірлеуден, олардың ұзақтығын және неғұрлым релевантты модульдерді айқындаудан бастап практикалық сабақтар өткізуге және студенттерді бағалауға дейін жүйелі тарту жұмысы жалғасатын болады.

      Білікті және сертификатталған қызметкерлерге елеулі қажеттіліктері бар ірі және орта компанияларды басым түрде тарта отырып, олармен ынтымақтастықты дәйекті түрде кеңейту көзделуде. Ол үшін тәуелсіз органдар ТжКБ түлектерін сертификаттаудың ауқымы кеңейеді, кәсіпорындардың өтінімдері бойынша нысаналы мемлекеттік тапсырысты орналастыру практикасы кеңейтіледі, сондай-ақ бизнес үшін тартымды ТжКБ жүйесін жеке қаржыландыру тетіктері әзірленеді.

      Педагогтардың кәсіби деңгейін арттыру. Озық кәсіпорындар базасында педагогтарды тағылымдамадан өткізу бағдарламалары күшейтіледі, өндірістен тартылған мамандардың үлесін арттыру жөніндегі шаралар жалғастырылады. Оқытушылардың академиялық ұтқырлығы енгізіледі, арнаулы пәндер педагогтары мен өндірістік оқыту шеберлерін аттестаттау трансформациясы жүргізіледі.

      ТжКБ-да кадрларды даярлау сапасын арттыру. Сұранысқа ие дағдыларды жедел игеруге мүмкіндік беретін модульдік-құзыреттілік тәсілді одан әрі енгізу жұмысы жалғастырылатын болады. Бұл студенттерге қысқа мерзімде қажетті құзыреттіліктермен еңбек нарығына шығуға, ал ТжКБ ұйымдарына шығыстарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Оқыту бағдарламаларын, оның ішінде WorldSkills-ті қоса алғанда, кәсіби стандарттардың ұсынымдары мен талаптарына сәйкес жүйелі түрде күшейтуге ерекше назар аударылатын болады. ТжКБ жүйесінің сапасын қамтамасыз ету үшін біліктілікті тану орталықтарында түлектердің оқу нәтижелеріне тәуелсіз бағалауды енгізу мәселесі пысықталатын болады.

      4-басымдық. Жоғары білім деңгейін әлемдік стандарттарға дейін арттыру

      Жеке кәсіпорындармен әріптестікті дамыту, үздік оқытушы кадрларды тарту және дамыту, жоғары білім беруді одан әрі интернационалдандыру, сондай-ақ шетелдік университеттермен әріптестікті кеңейту негізгі міндеттер болады.

      Жоғары білім беру жүйесін заманауи сын-қатерлерге бейімдеу. Технологиялық прогресс жоғары білім беру жүйесін жаңа реалийлерге бейімдеу қажеттілігін талап етеді. Оқыту процесіне ЖИ технологияларын біртіндеп енгізу білім берудің анағұрлым дараланған және тиімді моделіне көшуді қамтамасыз етеді, бұл оқыту сапасын және студенттердің болашақ кәсіби сынақтарға дайындығын жақсартады.

      Денсаулық жағдайына байланысты мүмкіндіктері шектеулі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне, жасына, оқу тіліне (шетелдік студенттер) байланысты білім алушылар үшін инклюзивті жағдайлар жасауға ерекше назар аударылатын болады.

      Білім беру процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін онлайн және аралас оқыту белсенді енгізілетін болады.

      Жекеменшік кәсіпорындармен серіктестікті дамыту. Жетекші кәсіпорындарды бағдарламаларды әзірлеуге және студенттерді оқытуға тарту практикалық жобаларды (capstone project) іске асыру, тағылымдамаларды, зерттеу жұмыстарын жүргізу, кадрларды бірлесіп іріктеу, жекеменшік кәсіпорындардың оқытушыларды ұсынуы, сондай-ақ жекеменшік кәсіпорындар өкілдері тарапынан студенттерге тәлімгерлік ету жөніндегі бағдарламалар арқылы бағдарламалардың релеванттығын арттыруға мүмкіндік береді.

      Жоғары оқу орындарының қаржылық орнықтылығын арттыру. Жоғары оқу орындарының қаржылық орнықтылығы азаматтардың өз балаларының білім алуы үшін ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделетін болады. Осы мақсатта "Келешек" бірыңғай ынтымақты жинақтаушы жүйесін, сараланған гранттар, оқытуды жеңілдікпен кредиттеу енгізіледі, "Ұлттық қор - балаларға" жобасын іске асыру жалғасады.

      Жоғары білікті оқытушылар құрамын қалыптастыру. Дарынды мамандардың жұмысын ынталандыратын тартымды орта құру - оқыту мен зерттеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізетін оқытушыларды көтермелеу жүйесін енгізу, оқыту сапасын бағалау өлшемшарттарын жетілдіру, пікірталас платформаларын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылатын болады.

      Шетелдік университеттермен серіктестікті кеңейту және жоғары білім беруді интернационалдандыру. "Стратегиялық әріптестік" моделі бойынша ынтымақтастық жалғасатын болады, оның шеңберінде шетелдік ЖОО профессор-оқытушылар құрамын ұсынады, өзінің оқыту әдістемелерін енгізеді, жергілікті оқытушыларды оқытады, зерттеулер жүргізеді және шетелдік әріптестермен пәнаралық, бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамытуды қамтамасыз етеді.

      Интернационалдандыру шеңберінде танылған органдар аккредиттеген, оның ішінде жоғары білім берудегі сапаны қамтамасыз етудің еуропалық тізіліміне кіретін ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларының санын арттыруға ерекше назар аударылатын болады деп күтілуде.

      5-басымдық. Ғылымның ұлттық моделін қайта жүктеу

      Бұл бағыттағы жұмыс коммерцияланатын жобалардың үлесін арттыруға, ғылымды әкімшілендіру сапасын арттыруға, университеттік ғылымды дамытуға, сондай-ақ зерттеушілер санының өсуіне бағдарланатын болады.

      Ғылымға бизнесті тарту және ҒЗТКЖ-ға инвестициялардың тиімділігін арттыру. Өндіріс немесе бизнес саласындағы серіктестің қатысуы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асырудың міндетті шарттарына енгізілетін болады. Жер қойнауын пайдаланушылардан ҒЗТКЖ-ға міндетті шығындарды пайдалануды үйлестіруді жақсарту және оның ашықтығын арттыру үшін жер қойнауын пайдаланушы компаниялар мен бейінді ғылыми-техникалық кеңестер арасында шығындар бағыттарын міндетті түрде келісу енгізілетін болады.

      Ғылымды әкімшілендіру сапасын арттыру. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіруге ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет субъектілері арасында басқарудың стратегиялық, сараптамалық және әкімшілік функцияларын тиімді белу ықпал ететін болады. Негізгі өзгерістер "Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы "Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы" КЕАҚ қызметін қайта форматтауға, ғылыми-техникалық сараптаманы күшейтуге, сондай-ақ коммерцияландыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға жәрдемдесу бөлігінде "Ғылым қоры" АҚ функционалын кеңейтуге қатысты болады.

      Кадрлық әлеуетті нығайту. Кәсіби дамуды қолдау ғылыми құрамның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қаржылық ынталандыру зерттеушілердің жалақысын бәсекелік деңгейге жеткізу, әлеуметтік жеңілдіктер пакетін және қол жеткізілген нәтижелер үшін көтермелеу құралдарын кеңейту арқылы іске асырылатын болады.

      Университеттік ғылымды дамыту. Ғылыми зертханалар мен тәжірибелік-сынақ инфрақұрылымын дамытуға қаражат бөле отырып, университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді қолдау бағдарламасы әзірленіп, іске асырылатын болады. Қосымша қаржыландыруды бөле отырып, зерттеу университеттерінің санын дәйекті ұлғайту, ҒЗИ мен университеттердің жетекші әлемдік ғылыми орталықтармен әріптестігін нығайту жұмысы жалғасады. Өңірлік жоғары оқу орындарының базасында академиялық және зерттеушілік артықшылық орталықтары құрылатын болады.

      Ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және цифрландыру. Ғылыми ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтау, оның ішінде гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде жабдықтау жалғасады. Ғылыми ұйымдар мен университеттерде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар үшін инфрақұрылымды (инжинирингтік орталықтар, технопарктер) дамыту шаралары қабылданатын болады.

1.3 ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ

      Ағымдағы жағдай

      Қазақстанда 40-тан астам төлем түрінен тұратын және халықтың әртүрлі осал санаттарына қолдау көрсетуді қамтамасыз ететін көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі құрылды.

      Қабылданып жатқан шаралардың арқасында Қазақстан соңғы 16 жыл ішінде кедейлікті айтарлықтай төмендетуге қол жеткізді. 2006 - 2022 жылдары абсолютті кедейлік деңгейі 18,2%-дан 5,2%-ға дейін төмендеді.

      Жалпы, бүгінде елімізде 5 млн-ға жуық зейнетақы және әлеуметтік толем алушы бар. 2029 жылы толем алушылар саны 6 млн азаматқа жетеді деп күтілуде.

      Әлеуметтік қорғаудың негізгі қағидаттары мен бағыттары бекітілген Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі әлеуметтік қорғаудың маңызды элементі саналады.

      Алайда бірқатар сын-қатерлер халықтың әртүрлі топтарының өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне анағұрлым тиімді жауап беру және орынды қолдауды қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғау жүйесін бейімдеу және одан әрі жетілдіру қажеттігін айқындауда.

      Әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну тәсілдерінің жетілмегендігі

      Бүгінгі таңда әлеуметтік қорғау жүйесі әлеуметтік қолдау шараларының жеткіліксіз атаулы болуымен сипатталады. Тиісінше, бұл әлеуметтік төлемдерге бюджет шығындарының өсуіне әкеледі. Мысалы, тек 2017 - 2022 жылдар аралығында шығыстар 1,9 есеге - 2,1 трлн теңгеден 4,0 трлн теңгеге дейін өсті.

      Мұндай жағдай халықтың табыс деңгейіне байланысты бірқатар әлеуметтік қолдау шараларының атаулы болуын күшейту мәселелерін пысықтауды талап етеді.

      Атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігінің жеткіліксіздігі

      Бүгінгі күні Қазақстанда кедейлік проблемаларын шешу үшін азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек (Бұдан әрі - АӘК) ұсынылады, бұл көмектің мұқтаждықты бағалау процесіне байланысты, оның ішінде мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың ақпараттық жүйелерінің жеткіліксіз интеграциялануы салдарынан азаматтардың табыстары туралы толық ақпараттың болмауына, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың ақпараттық жүйелерін әлеуметтік көмек алуға кедергі келтіретін факторларға байланысты бөлігінде бірқатар кемшіліктері бар. Сондай-ақ, учаскелік комиссиялардың қызметін ұйымдастыруда еңбекақының жоқтығына, жоғары жүктемеге және негізгі жұмыспен қоса атқаруға байланысты кемшіліктер бар, бұл бағалау сапасына әсер етеді.

      Бұдан басқа, бүгінде еңбекке қабілетті АӘК алушылардың жартысынан көбі жұмыс істейді. Сонымен бірге АӘК көмек алушылардың осы санатын кедейліктен шығаруға арналған тиімді шараларды қамтымайды.

      Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ашылмаған әлеуеті

      Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде қолдаудың қосымша деңгейін білдіреді (базалық деңгейдің негізін бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақылар құрайды).

      Қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік сақтандыру халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, еңбек кірісінен айырылудың әлеуметтік тәуекелдерінің 5 түрін қамтиды.

      2020 жылдан бастап ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер (еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша) мен еңбек өтілі арасындағы өзара байланыс күшейтілді, яғни адам неғұрлым көп жұмыс істесе, төлем мөлшері согүрлым жоғары болады. Жыл сайын ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің кем дегенде инфляция деңгейіне өсуі қамтамасыз етіледі.

      Салық базасының жеткілікті кең еместігі, мемлекеттік бюджеттің экономикалық күйзелістер мен сыртқы дүмпулер алдындағы осалдығы жағдайында әлеуметтік қорғауға үнемі артып келе жатқан шығыстар сақтандыру қағидаттарына негізделген жүйелердің анағұрлым қарқынды дамуын қажет етеді.

      Сонымен қатар, бүгінгі күні Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жарналар түсімдері мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелер арасындағы сәйкессіздіктер, міндетті әлеуметтік сақтандыру түрлерінің жеткіліксіз дамуы, сондай-ақ қаржылық орнықтылық және қор қаражатын мақсатсыз және тиімсіз пайдаланудан қорғау проблемалы мәселелер болып қалуда.

      Зейнетақы жүйесінің жеткіліксіз икемділігі

      Зейнетақымен қамсыздандыру - әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі құрамдауыштарының бірі. Бүгінгі таңда әлеуметтік төлемдер шығыстарының қүрылымында зейнетақылар шамамен 70%-ды құрайды.

      2023 жылдың қорытындысы бойынша кірісті алдыңғы кезеңде (2022 жылы) қалыптасқан орташа айлық жалақыға қатысты зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициенті - 49,3%-ды, бұл ретте зейнетақының жинақтаушы бөлігі есебінен - 10,3%-ды құрады.

      Ынтымақты құрамдауыштың қысқартылуы жағдайында зейнетақының жинақтаушы бөлігінің рөлі күшеюде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істейтін халықтың 91,3%-ын қамтыған. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық арасында жүйетек 35,3% немесе 2 188,5 мың адамды ғана қамтыған. Алайда, кірістің төмен және тұрақсыз деңгейі, бейресми жұмыспен айналысудың жоғары үлесіне байланысты жарналарды қамту деңгейінің жеткіліксіздігі және жарналардың тұрақты аударылуы, зейнетақы активтерінің нақты кірістілігінің төмен деңгейі, қаржылық институттарға сенімсіздік және халықтың қаржылық сауаттылығының жеткіліксіз деңгейі сияқты бірқатар жүйелі проблемалар зейнетақы жүйесінің тиімді жұмыс істеуі мен орнықтылығын арттыру үшін сын-қатерлер туғызады.

      Инклюзивті қоғамға жету жолындағы шешілмеген мәселелер

      2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектігі бар адамдардың (Бұдан әрі - МБА) саны 725 мыңнан асады, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 109,5 мың бала бар. МБА жалпы санынан еңбекке жарамды жастағы адамдар - 420,3 мың адам. Мүгедектігі бар ресми жұмыс істейтін адамдардың саны 135,2 мың адамға жетеді. Сонымен қатар, халықтың мүгедектігінің жоғары деңгейі сақталуда, сондай-ақ МБА-ның қоғамға толық интеграциясы мен бейімделу процесі баяу жүруде. Инфрақұрылым мен қызметтердің МБА үшін ыңғайлығы мен қолжетімділігінің төмендігі олардың тиісті интеграциясыз және оңалтусыз мәжбүрлі түрде үй жағдайында болуына әкеледі, бұл олардың ауыр жағдайын одан әрі нашарлатады.

      Елде МБА үшін жұмыс орындарын квоталау, 3 жыл бойы жалақыны субсидиялай отырып, МБА үшін арнаулы жұмыс орындарын құру тетігі әрекет ететініне, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту кезінде басым құқық берілетініне қарамастан, олардың елде жұмысқа орналасу деңгейі 26%-ды құрайды (егер мүгедектік мерзімсіз белгіленсе, бірінші және екінші топтағы МБА есепке алмағанда), ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 40%-ды құрайды.

      Назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе - әлеуметтік қызметтердің сапасы. Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы арнаулы қызметтер көрсету орталықтарының қызметін қаржыландыруда елеулі өңірлік теңгерімсіздіктер байқалады. Сонымен қатар, аталған орталықтардың қызметі лицензияланбайды, өз кезегінде бұл қызмет сапасына әсер етеді.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      Саланы 2029 жылға дейін дамыту қолдаудың атаулы болуын күшейтуге, азаматтардың зейнетақы жинақтарының өсуіне және инклюзивті қоғам құруға бағытталатын болады, нәтижесінде кедейлік деңгейі қысқарады.

      1-басымдық. Әлеуметтік қолдау шараларын көрсету тәсілдерін жетілдіру

      Осы басымдық шеңберіндегі жұмыс әлеуметтік қолдау шараларын толық, атаулы және проактивті көрсетуге бағытталатын болады.

      Әлеуметтік қолдау шараларын атаулы және проактивті көрсету. 2029 жылы әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі кешенді түрде проактивті нысанда ұсынылады.

      Бұдан басқа, азаматтардың материалдық жағдайын ескере отырып, бірқатар әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын күшейту мәселелері біртіндеп пысықталатын болады. Отбасының цифрлық картасын (Бұдан әрі - ОЦК) пайдалану мұқтаждықты объективті бағалау үшін қажетті базаны қамтамасыз етеді.

      Көпөлшемді кедейлік индексін тұрақты бағалау мен мониторингтеуді енгізу. Азаматтар әл-ауқатының деңгейіне қатысты тұтастай мән-жайды анық түсіну үшін кедейліктің ақшалай көрсеткіштеріне маңызды қосымша түріндегі көпөлшемді кедейлік индексі енгізілетін болады, өйткені ол халықтың "бас тартатын нәрселер жиынтығын" анықтауға және соған сәйкес мемлекеттік саясатты іске асыруға тікелей көмектеседі.

      2-басымдық. Атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыру

      Осы басымдық шеңберіндегі жұмыс атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыруға бағытталатын болады. Негізгі міндеттер мүқтаждықты бағалау және әкімшілендіру тетіктерін жетілдіруді қамтиды.

      АӘК-ті әкімшілендіру шарттары мен тетіктерін қайта қарау. Кедейлікті бағалаудың объективтілігін арттыру мақсатында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК-ті тағайындау үшін кедейлік шегі медиандық кіріс негізінде айқындалатын болады. Бұдан басқа, ОЦК-ны қаржы ұйымдарының ақпараттық жүйелерімен интеграциялау іске асырылады, отбасылардың/азаматтардың тұтыну шығыстарын есепке алу тетігі көзделетін болады. Сондай-ақ, олардың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету арқылы учаскелік комиссиялардың қызметі жетілдірілетін болады.

      3-басымдық. Әлеуметтік қорғаудың сақтандыру құрамдауышын дамыту

      Осы басымдық шеңберінде сақтандыру құрамдауышын дамытуға және халықты әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамтуды ұлғайтуға баса назар аударылатын болады.

      Әлеуметтік қорғау жүйесінің сақтандыру құрамдауышын дамыту.

      Жұмыс істейтін халық үшін түрлі ынталандыру тетіктерін қолдану арқылы халықтың әлеуметтік сақтандыруға тартылуын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер мөлшері мен жүйеге қосқан үлес, сондай-ақ жүйеге қатысу өтілі арасындағы байланысты күшейту жоспарланған. Бұл шаралар төлемдер бойынша кірісті алмастыру коэффициентін біртіндеп ұлғайту арқылы жүйенің тартымдылығын, халықтың әлеуметтік сақтандырудың артықшылықтары туралы хабардарлығын арттыруға бағытталатын болады.

      Сондай-ақ міндетті әлеуметтік сақтандыру түрлерін кеңейту күтіледі. Бұдан басқа, төлемдер арасындағы ағымдағы теңгерімсіздіктерді жою, қор активтерін басқарудың тәуелсіздігін және олардың нақты кірістілігінің өсімін арттыру мәселелері пысықталады.

      4-басымдық. Азаматтардың зейнетақы жинақтарының өсуі

      Осы басымдық шеңберінде жұмыс зейнетақы төлемдерінің барабарлығын қолдауға, бейресми жұмыспен қамтылған халықтың зейнетақы жүйесіне тартылу деңгейін арттыруға және зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыруға бағытталады.

      Зейнетақы төлемдерінің барабарлығын ұстап тұру. Зейнетақы активтерін басқару жүйесінің тиімділігін, халықтың қаржылық сауаттылығын және оның болашақ зейнетақыны қалыптастыруға тартылуын арттыру есебінен зейнетақы активтерінің нақты кірістілігінің өсуін арттыруға ерекше назар аударылатын болады.

      Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдер үшін қолданылатын ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54%-дан 70%-ға дейін, ең жоғары зейнетақы мөлшерін 100%-дан 120%-ға дейін сатылап жеткізу жалғастырылады.

      Ең төменгі жалақы мөлшерінің шамасына қарай есептелетін, мемлекет кепілдік берген ең төменгі зейнетақы мөлшерін енгізу жоспарлануда.

      Бейресми жұмыспен қамтылған халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартылу деңгейін арттыру. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін зейнетақы жарналарын енгізудің икемді тетіктерін одан әрі енгізу, платформалық жұмыспен қамтудың ауқымын бейресми қызметтің басқа түрлеріне кеңейту жалғастырылады, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жүйеге қатысуы үшін ынталандыруларды ұсыну мүмкіндігі қарастырылады.

      5-басымдық. Инклюзивті қоғам құру

      Осы басымдық шеңберіндегі жұмыс МБА-ны жұмысқа орналастыруды ұлғайтуға, әлеуметтік маңызы бар объектілердің қолжетімділігін және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталатын болады.

      Жұмыс берушілердің МБА-ны жұмысқа орналастыруға жауапкершілігі мен қызығушылығын арттыру. Жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту және МБА-ны жұмысқа орналастыру жөніндегі талаптарды сақтауға ынтасын арттыру мақсатында азаматтардың осы санатын жұмысқа алуды көтермелеуді ынталандыратын шараларды қайта қарау жоспарлануда.

      МБА үшін инфрақұрылымдық ортаның қолжетімділігі мен икемделу деңгейін арттыру. Осы бағыт шеңберінде кедергісіз орта талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. МБА үшін объектілердің қолжетімділігі жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін айыппұл санкцияларын қолдануды, МБА үшін қолжетімді орта құруға белсенді қатысатын жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін ынталандыру шараларын енгізуді, сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар бюджетінің жалпы көлемінің 1% мөлшерінде МБА үшін қолжетімді ортаны мақсатты қамтамасыз етуге қаражат бөлуді көздеу күтіледі.

      Әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын кезең-кезеңімен монополиясыздандыру, жеке сектор мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуын кеңейту жүзеге асырылатын болады, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтердің жеке және кешенді тарифтерін енгізуді көздейтін қаржыландыру жүйесі қайта қаралатын болады.

      Бұдан басқа, қызмет көрсету стандарттарын қайта қарау, орталықтардың қызметіне қойылатын талаптарды (олардың қызметін лицензиялау, цифрландыру) күшейту жоспарлануда.

1.4. ЖАЙЛЫ ОРТА     

      Ағымдағы жағдай

      Өмір сүруді жайлы ету, жайлылық деңгейін сақтау және арттыру - мемлекеттің өңірлік саясатының негізгі міндеттерінің бірі.

      Ірі қалалардың тез өсуіне және кейбір облыстардағы қала тұрғындарының нетто-кетуіне байланысты сын-қатерлер

      Соңғы жылдары урбандалудың едәуір қарқынды өсуі байқалады, ол 2023 жылға қарай 62%-ға жетті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес қалалардың әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі тек 84,7%-ды құрады.

      Ішкі мигранттардың ағыны нәтижесінде астана мен республикалық маңызы бар қалалардың халқы соңғы 5 жыл ішінде 21%-ға өсті және бүгінде 4,7 млн адамды құрайды. Алайда мұндай қатты өсу инфрақұрылымның тозуымен (60%-дан астам) және оған жүктеменің артуымен қатар жүрді.

      Басқа қалалардағы халық саны соңғы 5 жыл ішінде 10%-ға өсіп, 7,5 млн адамды құрады. Алайда өсудің біркелкі емес сипаты байқалады: экономикалық белсенділіктің баяу өсуіне және қалалық инфрақұрылымға инвестициялардың төмен деңгейіне байланысты елдің 11 облысының қалаларында көші-қонның теріс балансы байқалады. 2004 жылдан 2023 жылға дейін моноқалалардың халқы 12%-ға өсті, бұл ел халқының (32%) және бүкіл қала халқының (43%) орташа өсімінен аз.

      Бұдан басқа, тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемасы бар: орташа есеппен қаланың бір тұрғынына 25,8 м2 тұрғын үйден келеді, бұл БҰҰ үсынған стандарттан (30 м2) төмен.

      Ірі қалаларда тұрғын үйдің қаржылық қолжетімділігі проблемасы бар, ал басқа қалаларда проблемалар оның болуына және сапасына байланысты. Пайдалану мерзімі 30 жылдан асатын үйлердің үлесі жоғары. Мәселен, ел бойынша үйлердің 58%-ы 1991 жылға дейін салынған.

      Елдегі тұрғын үйдің келесі елеулі проблемасы - 2 мыңға жуық апатты үйдің болуы (жалпы ауданы 541 мың м2), онда 30 мыңға жуық адам тұрады.

      Ауылдардың дисперстілігі және аумақтарының шағындығы

      Өңірлік дамудың негізгі сын-қатерлерінің бірі - ауылдардың дисперстілігі мен аумақтарының шағындығы болып қалып отыр, бұл әсіресе халық саны 500 адамнан кем 70%-ға дейінгі (2,2 мыңға жуық) солтүстік және орталық- шығыс макроөңірлердегі ауылдық елді мекендерде (бұдан әрі - АЕМ) айқын көрінеді. Салыстыру үшін: елдің оңтүстігінде мұндай ауылдардың үлесі 30%-ды құрайды.

      2022 жылы Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес АЕМ-нің әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі тек 62,2%-ды құрады. 2,8 мыңға жуық мектеп шағын жинақталған деп танылды, ал олардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан; шалғай аудандардағы 800-ден астам ауылда алғашқы медициналық көмек көрсету пункттері жоқ. Бұл жағдай ауылдық жерлерде инфрақұрылымды салу құны әрбір тұрғынға шаққанда қалада осындай инфракүрылымды салу қүнынан 20 еседен асатындығымен күрделене түседі.

      Сондай-ақ ауылдарда кадр тапшылығы проблемалары бар: педагогтардың тапшылығы 15 мыңнан астам адамды, орта медициналық персоналдың тапшылығы - 1 мыңнан астам адамды құрайды.

      Макроөңірлердің әлеуметтік-демографиялық және экономикалық жағдайындағы теңгерімсіздіктер

      Географиялық орналасуы, экономикалық мамандануы, нарықтық байланыстардың сипаты және халықты қоныстандыру жүйесі ел аумағын бес макроөңірге нақты бөлуге мүмкіндік береді.

      Бұл ретте макроөңірлердің әрқайсысының экономикасы былайша сипатталады:

      - батыс макроөңірі: тау-кен өнеркәсібінің үлкен үлесі (өңірдің ЖӨӨ-сі 41 % және елдің тау-кен өнеркәсібінің 79%-ы), бірақ елдің өндеу өнеркәсібіндегі үлес салмағы ең төмен;

      - оңтүстік макроөңірі: елдің ауыл шаруашылығының 30%-ы және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың, атап айтқанда Түркістан облысында (46%) салыстырмалы түрде жоғары үлесі;

      - солтүстік макроөңірі: елдің ауыл шаруашылығының 34%-ы және елдің ЖІӨ-дегі өндеу өнеркәсібінің төмен үлес салмағы (16%). Дегенмен, өңір тау-кен металлургия кешені (бұдан әрі - ТМК) өнімінің экспортын ұлғайту, агроөнеркәсіптік кешеннің (Бұдан әрі - АӨК) және машина жасаудың өсуі есебінен ел бойынша ЖӨӨ өсуінің ең жоғары орташа жылдық қарқынын көрсетуде;

      - орталық-шығыс макроөңірі: қайта бөліп өндірудің төмен дәрежесіндегі өнімдердің басымдығымен еліміздің өңдеуші өнеркәсібінің 39%-ы;

      - мегаполистер: негізгі салалар - сауда, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, қаржылық және сақтандыру қызметі, сондай-ақ кәсіптік-техникалық қызмет.

      Еліміздің оңтүстік пен батыс өңірлердегі халық санының табиғи өсімінің жоғары қарқыны осы өңірлердің елеулі адами әлеуетін көрсетеді. Сонымен қатар, табиғи өсімнің төмен көрсеткіштерінің және көші-қонның жоғары деңгейінің нәтижесінде солтүстік және орталық-шығыс макроөңірлерде халық санының табиғи өсімінің төмен қарқыны байқалады.

      Жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің ең жоғары деңгейі мегаполистерде (19 мың АҚШ долл.) және батыс макроөңірінде (16,5 мың АҚШ долл.), ең төменгісі - бұл ретте, экономикасы салыстырмалы түрде жоғары өсу қарқынымен ерекшеленетін солтүстік (9,9 мың АҚШ долл.) және оңтүстік (5,0 мың АҚШ долл.) макроөңірлерде атап өтіледі. Мұндай айырмашылықтардың нәтижелерінің бірі - халықтың өмір сүру сапасының көрсеткіштері бойынша айтарлықтай өңірлік диспропорциялар.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      Қолайлы орта мен халықтың өмір сүру сапасын дамытудың негізгі басымдықтары бәсекелестік артықшылықтар базасында тұрақты экономикалық өсуді ынталандыру, агломерацияларды дамыту, тірек ауылдар базасында ауылдық жерлерде инфрақұрылым мен қызметтерге қолжетімділікті арттыру, "ақылды" елді мекендерді дамыту және төтенше жағдайларға (бұдан әрі - ТЖ) әзірлікті арттыру болады.

      1-басымдық. Өңірлердің бәсекелестік артықшылықтары негізінде тұрақты экономикалық өсуі

      Қалаларды өңірлік "тартылыс нүктелері" ретінде дамыту. Қалалар елдің экономикалық дамуының драйверлері және тұрғындар үшін тартылыс нүктелері болады. Бұл ретте әр қала үшін экономикалық даму моделі олардың ерекшеліктерін, бәсекелік артықшылықтарын және басым мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі бағалау негізінде жеке айқындалатын болады.

      Моноқалаларда зәкірлік инвестициялық жобаларды, қала түзуші кәсіпорындармен әріптестік бағдарламаларды іске асыру жалғастырылатын болады, ал шағын қалаларда ірі кәсіпорындар құруға жәрдемдесу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өсуін қолдау шаралары қабылданатын болады.

      Мысалы, университеттік қалашықтар, инновациялық немесе өндірістік хабтар құру сияқты халықаралық тәжірибе негізінде қосымша өсу нүктелерін дамыту мүмкіндіктері қарастырылатын болады. Дамыту шаралары сондай-ақ кәсіпкерлікті және өнімді жұмыспен қамтуды, оның ішінде микрокредиттеу құралдары, инженерлік инфрақұрылымды кешенді жаңғырту арқылы қолдауды қамтиды.

      Урбандалу деңгейінің өсуіне және оның басқарылуының артуына көшіп келушілердің әртүрлі сегменттерінің басымдықтары мен қажеттіліктерін ескеретін халықтың ұтқырлығын қолдау шаралары да ықпал ететін болады. Мұндай қолдаудың маңызды құралдары қажетті кәсіби дағдыларды игеру мүмкіндігін қамтамасыз ету және перспективалы салаларда (туризм, АӨК өнімдерін қайта өңдеу, көрсетілетін қызметтер) жұмысқа орналастыруды қолдауды қамтамасыз ету болады.

      Ауыл халқының әл-ауқатын арттыру. АЕМ-ды олардың бәсекелік артықшылықтарын пайдалану, "өсу нүктелерін" іздеу, дамудың басым бағыттарын анықтау және қолдау, қаржылық қолдау тетігін жетілдіру және аудандар мен ауылдық округтердің жеке кіріс базасын дамыту негізінде дамыту қажет.

      Сауда нарықтары арқылы өнімді өткізу үшін жағдай жасау, жер, материалдық, қаржы және ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті жеңілдету, сондай-ақ ауыл халқына экономикалық өсу орталықтарымен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін байланыстырушы инфрақұрылымды дамыту шаралары қабылданатын болады.

      Шекара маңы аумақтарын экономикалық дамыту. Әлеуметтік, көліктік-логистикалық, инженерлік және шекаралық инфрақұрылымды дамыту шараларын іске асыру жалғасатын болады. Мемлекеттік қолдау шекара маңындағы аумақтардың экономикасын дамытуға, шағын және орта кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталатын болады. Бұл ретте шекара маңындағы аймақтарда трансшекаралық сауданы және көлік-логистикалық орталықтарды дамытуға ерекше назар аудару күтіледі.

      2-басымдық. Жайлы және заманауи қалалар

      Қалаларды дамыту процесі елді мекендерді дамытуды жоспарлау және жалға берілетін тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету жөніндегі жүйелі шараларды іске асырумен сүйемелденетін болады. Бұл ретте жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тартуды және жеке жалға берушілердің "көлеңкеден шығуын", сервистерді дамытуды, индустриялық, көліктік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды (оның ішінде Ұлттық инфрақұрылым жоспары шеңберінде көзделген) кеңейту мен жаңғыртуды, сондай-ақ экологиялық стандарттарды сақтауды ынталандыру, оның ішінде салық шараларымен ынталандыру маңызды.

      Ірі қалалық агломерацияларды дамыту. Бірыңғай инфрақұрылымдық қаңқа, сондай-ақ агломерацияның бүкіл аумағын қамтитын ахуалдық орталықтар құру жоспарлануда. Қалалар мен қала маңындағы аймақтар арасындағы байланысты қамтамасыз ету мақсатында қала маңындағы көлік жүйелері интеграцияланатын болады, агломерация орталықтары "сәуле сызығы" қағидаты бойынша іргелес елді мекендермен біріктірілетін болады. Мұның бәрі агломерация орталықтарына өз бюджеті есебінен қала маңындағы аймақтардағы көлік инфрақұрылымын, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды қаржыландыруда (оның ішінде бюджеттік реттеу шеңберіндс) мүмкіндіктер беруді талап етеді.

      Қалалардағы тұрғын үй жағдайларын жақсарту. Кейіннен пайдалануға берілетін қажетті инфрақұрылым, мектептер, балабақшалар, медициналық пункттер және коммерциялық объектілер бар толыққанды шағын аудандар түрінде тұрғын үй салудың моделіне толық көшу және аумақтарды кешенді салудың міндетті стандарттарын енгізу жоспарланған.

      Тұрғын үйді, оның ішінде МЖӘ арқылы реновациялау тетіктерін бекіту күтіледі. Сондай-ақ, еліміздің әр өңірінде ескірген тұрғын үйді реновациялаудың өңірлік бағдарламалары іске қосылады, онда энергия тиімділігі мен аула аумақтарын дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Реновациялау бағдарламаларында үлестік құрылыс тетігін қолдану мүмкіндіктерін пайдаланатын болады, оған сәйкес ескі тұрғын үй иелері салынып жатқан тұрғын үй объектісінің үлескерлері ретінде танылады.

      2029 жылға дейін "7-20-25" бағдарламасын одан әрі іске асыру жоспарлануда. Бұл ретте экономикаға проинфляциялық қысымды төмендету және ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру үшін бағдарламаның жыл сайынғы бюджеті 100 млрд теңгемен шектелетін болады.

      Реформалардың кешенділігі үлестік құрылысты, заңсыз және кіріктіріп құрылыс салу мәселелерін қоса алғанда, тұрғын үй қорының өткір мәселелерін шешумен нығайтылатын болады. Бұл ретте, осы жұмыс аясында басқару органдарының өкілеттіктерін күшейту есебінен, сондай-ақ тұрғын үй қорын, оның ішінде кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін, қасбеттері мен шатырларын қайтарымды негізде күрделі жөндеу есебінен тиісті күйде сақтау шараларымен көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару жөніндегі реформалар көзделген.

      3-басымдық. Тірек ауылдар базасындағы ауылдық жерлерде инфрақұрылым мен қызметтерге қолжетімділік

      Ауылдарда инфрақұрылымға қолжетімділікті арттыру. Жалпы еліміздегі 6,2 мың АЕМ-ның ішінде 1,2 мыңында ауылдық кластерлер бар (1,2 мың тірек ауылды және 2,3 мың серік ауылды қамтиды, барлығы 3,5 мың АЕМ), оларда ел халқының 90% тұрады. Осы 3,5 мың тірек және серік ауылдар Өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктердің барлық спектрімен қамтамасыз етілетін болады.

      Осы жұмыс шеңберінде бірінші кезекте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (бұдан әрі - ТКШ) объектілерінің (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері) қолжетімділігін арттыру қажет.

      Сондай-ақ, кентішілік, ауылішілік жолдар мен кірме жолдарды қамтитын инженерлік-көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру жоспарлануда. АЕМ ауылдық округтердің орталықтарымен және аудан орталықтарымен қатты жабынды жолдармен байланыстырылатын болады. Еліміздің барлық ауыл халқы Интернетпен қамтамасыз етіледі.

      4-басымдық. "Ақылды" елді мекендерді дамыту

      Қазақстанның барлық қалаларында Астана мен басқа да елді мекендердің тәжірибесін ескеретін және ресурстарды ұтымды пайдалану мен басқару үшін жоғары технологиялық шешімдерді қолдануды көздейтін "ақылды қалалар" эталондық стандарты негізінде "Smart City" тұжырымдамасы іске асырылатын болады. Цифрлық технологиялар білім беруді, көлік және логистиканы, жол инфрақұрылымын, ТКШ-ны, денсаулық сақтауды, қауіпсіздікті, әлеуметтік саланы, қаланы басқаруды, туризмді, мәдениетті және экологияны қоса алғанда, қалалардың тіршілік салаларына енгізілетін болады. Келесі қадам "Smart City" түжырымдамасын елді мекендердің басқа түрлеріне де тарату болады.

      Тиісті мониторинг қамтамасыз ете отырып, құрылыстың барлық процестерін автоматтандыру мақсатында жоспарлау, жобалау және салу үшін цифрлық платформалар әзірленді. Сонымен қатар, 2029 жылға дейін осы платформаларды "бірыңғай терезе" арқылы жүйелеу, барлық мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және интеграциялау жоспарлануда, бұл жоспарлаудан бастап құрылыс объектілерін пайдалануға беруге дейінгі процестердің қадағалануын қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогтары цифрландырылады.

      5-басымдық. Төтенше жағдайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту

      Азаматтық қорғау инфрақұрылымының сапасы төтенше жағдайларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мемлекет ТЖ-ның алдын алу және олардың зардаптарын тиімді жоюды қамтамасыз ету, апат аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек жүйесін дамыту, азаматтарды ТЖ кезінде дұрыс әрекет етуге оқыту әрі жүйелі даярлау және жеке ұйымдарды қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тарту жұмысын жалғастырады. Ғимараттардың ТЖ-ға дайындығын қамтамасыз етуге, өртке қарсы және су қорғау инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылатын болады.

2. ЭКОНОМИКАНЫҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ

2.1. МИНЕРАЛДЫ-ШИКІЗАТ БАЗАСЫ: МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ

      Ағымдағы жағдай

      Мұнай мен газ өндіру Қазақстан экономикасына қосатын жоғары үлесін сақтап отыр: 2022 жылдың қорытындысы бойынша саланың жалпы қосылған құны (бұдан әрі - ЖҚҚ) ЖІӨ-нің 11%-ын құрады, бұл ретте сектордың тауарлардың жалпы экспортындағы үлесі 50%-дан, инвестициялардың таза ағынында - 40%-ға жуықтан асады.

      Жыл сайын Қазақстанда Мұнай өндіру перспективалары үмітті ақтамауда. Бүгінгі таңда, өзекті болжамға сәйкес, ірі кен орындарындағы өндірістерді жаңғыртуды ескере отырып, өндірудің ең шарықтау деңгейі 2030 жылға дейін 104 млн тоннаны құрайды. Жұмыс істеп түрған ірі кен орындарының ішінде өндірістің негізгі төмендеуі Қашағанға қатысты болжануда: 2021 жылғы өндірісінің ең жоғары күтілетін көлемі 2017 жылғы болжамға қатысты 40%-ға қысқарды.

      Басқа кен орындарының сарқылуы

      Басқа кен орындарының едәуір бөлігі сарқылу үстінде. Мысалы, халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес 2030 жылға қарай "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ тобының бірқатар ірі компаниялары бойынша мұнай өндірудің деңгейі 15 - 30%-ға төмендеуі күтілуде. Мұндай жағдайларда өндіруді орнықты төмендету және сарқылатын кен орындарын жабу мәселесі экологиялық жағынан да, әлеуметтік жағынан да маңызды болып отыр. Бұдан басқа, орта мерзімді перспективада 2024-2025 жылдары күтілетін газ тапшылығына қосымша мұнай шикізатының жетіспеушілігі қаупі орын алуы мүмкін, өйткені жергілікті сұранысты "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ кен орындары тобы қанағаттандырады.

      Геологиялық барлаудың төмен белсенділігі

      Халықаралық сарапшылар 2017 - 2022 жылдар аралығында игеру және барлау сатысындағы кен орындарында өндіру болжамы да 65 млн тоннадан 6 млн тоннаға дейін төмендегенін атап өтеді. Жаңа кен орындарын барлау мен игерудің тартымдылығы шикізатты ішкі нарыққа жеткізу бағасының белгіленуімен шектеледі.

      Ресурстық базаның шектелуінен басқа, шикізат тапшылығы қаупі Қазақстанда отын түтынудың өсуінің жеделдетілген қарқынымен ұшығуда. Дизель отынын жан басына шаққандағы орташа тұтыну (Мұнай өнімдеріне сұраныстың шамамен 30%-ы) көрші елдердің көрсеткіштерінен едәуір асып түседі. Бұдан басқа, Қазақстандағы отын бағасы өңірдегі және әлемдегі ең төмен бағалардың бірі болып саналады және 2025 жылы ЕАЭО шеңберінде мұнай, газ және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құру - жанар-жағармай материалдарының көрші елдерге кетуіне әкелуі мүмкін, бұл отынмен ішкі қамтуды одан әрі төмендетеді. IHS Markit талдау компаниясының бағалауы бойынша ағымдағы тұтыну траекториясы сақталған жағдайда, 2025 жылға қарай Мұнай өнімдеріне сұраныс 19 млн тонна өңделген Мұнайды құрайды және Мұнай өндеу зауыттарының (Бұдан әрі - МӨЗ) қуатынан асып түседі.

      Транскаспий және Қытай бағыттары бойынша қосымша жеткізу дәліздерін дамыту үшін бірқатар мүмкіндіктер байқалады. Ақтау порты арқылы мұнайды ағымдағы тиеп жөнелту порттың техникалық қуаты жылына 7 млн тоннаны қүрайтын (бос көлемі - 4,8 млн тонна) жағдайда, жылына 2,2 млн тоннаны құрайды,. Атасу - Алашанькоу Мұнай құбыры арқылы, 10 млн тонна транзитті қоса алғанда, жылына шамамен 11 млн тонна мұнай айдалады. Бұл ретте аталған мұнай құбырының техникалық мүмкіндігі жылына шамамен 17,5 млн тоннаны құрайды (бос көлемі - 6,5 млн тонна).

      Газ тасымалдау жүйесінде қолда бар шектеулер негізінен ішкі тұтынуға арналған тасымалдауға қатысты. Бейнеу - Бозой - Шымкент газ құбыры және жерасты газ қоймалары сияқты бірқатар негізгі инфрақұрылым нысандарының қатты тозуы мен жоғары жүктемесі байқалады.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      2029 жылға қарай Мұнай-газ саласы экономика құрылымында өзінің маңыздылығын сақтайды, бұған Мұнай өндіру көлемінің өсуі, сондай-ақ тауарлық газ өндіру көлемінің едәуір ұлғаюы ықпал ететін болады.

      1-басымдық. Үш алып кен орнында газ өңдеу қуатын кеңейту және ұлғайту жобалары бойынша тәуекелдерді азайту

      Теңізде (болашақта кеңейту жобасы, сағалық қысымды басқару жобасы) және Қарашығанақта (газды кері айдауды ұлғайту) жоспарланған кеңейту жобалары салыстырмалы түрде төмен тәуекелдерге ие. Жаңа ірі нысандардың құрылысын қоса алғанда, жоғары инвестициялар Қашағандағы игеру жобасының кешігу немесе тоқтап қалу қаупіне себеп болады. Өндіру көлемін 2030 жылға қарай күніне 700 мың баррельге дейін жеткізу үшін North Caspian Operating Company инвестицияларын растау орта мерзімді кезеңде басты мәселе болып отыр.

      Қашаған мен Қарашығанақта газ өңдеу қуаттарын ұлғайту. Қашағанда қуаттылығы 1 млрд текше метр газды қайта өндеу жобасы салынып жатыр. Сондай-ақ, 2030 жылға қарай қуаты 2,5 млрд текше метр газды құрайтын газ өңдеу зауытын (бұдан әрі - ГӨЗ) іске қосу күтілуде. Қарашығанақ кен орнында 2028 жылға қарай қуаты жылына 4 млрд текше метр газ болатын жаңа ГӨЗ пайдалануға беріледі деп күтілуде.

      2-басымдық. Геологиялық барлауға және жаңа кен орындарын игеруге инвестициялардың тартымдылығын арттыру

      Орта мерзімді перспективада мұнай өндірудің өсуін ынталандыру бойынша жұмыстар жүргізу, оның ішінде көмірсутек шикізаты бойынша іздестіру жұмыстарын жүзеге асыратын операторларға қатысты фискалдық режимді қайта қарау жоспарлануда.

      3-басымдық. Экспорттық дәліздерді әртараптандыру және ішкі жеткізілімдерге арналған инфрақұрылымды қамтамасыз ету

      Қосымша экспорттық дәліздерді дамыту. Негізгі қосымша экспорттық бағыт - Каспий арқылы өтетін орта халықаралық көлік дәлізі. Сондай-ақ, Каспий құбыр консорциумы (Бұдан әрі - КҚК) жүйесі бойынша мұнайды тасымалдау тоқтатылған жағдайда, Атырау - Самара және Қазақстан - Қытай Мұнай құбырларының бос қуаттары іске қосылуы мүмкін.

      Орта мерзімді перспективада Ақтау портының қолданыстағы қуаттылығы шегінде (жылына 7 млн тоннаға дейін) транскаспий Мұнайын тасымалдауды ұлғайту жоспарлануда. Сондай-ақ, Ескене - Құрық Мұнай құбырын, Каспий теңізінің Қазақстан және Әзербайжан жағалауларындағы теңіз терминалдарын, сондай-ақ транскаспий тасымалын жылына 20 млн тоннаға дейін және одан да көп ұлғайту үшін арнайы ірі тоннажды танкер флотын салу жөніндегі жобаларды іске асыру мүмкіндігі қаралатын болады.

      2024 жылдан бастап Атасу - Алашанькоу мұнай құбыры бойынша қазақстандық мұнайдың импорты да жылына 2 млн тоннаға дейін ұлғайтылатын болады. Жеткізілімдер одан әрі ұлғайтылған кезде Атырау - Кеңқияқ және Кеңқияқ - Құмкөл мұнай құбырларының өткізу қабілетін кеңейту қажеттігін қарастыру қажет болады.

      Газдың ішкі жеткізіліміне арналған инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Газ тасымалдау жүйесін дамыту және елді одан әрі газдандыру, оның ішінде солтүстік-шығыс өңірлерді газдандыру негізгі міндеттер саналады, алайда іске асыру мерзімдері газдың жеткілікті ресурстық базасының болуымен үндестірілуі тиіс. МӨЗ тоқтаған кезде Мұнай өнімдерін жеткізу бойынша тәуекелдерді азайту үшін резервтердің оңтайлы көлемін анықтау және қажет болған жағдайда қолжетімді сақтау қуатын кеңейту қажет.

      4-басымдық. Баға белгілеу реформасы арқылы энергия тасымалдаушыларға сұранысты бақылау

      Отынға деген артып келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету жұмыс істеп тұрған МӨЗ жұмысының тиімділігі мен ашықтығын арттыру (оның ішінде

      цифрлық шешімдерді қолдана отырып), ішкі нарықта газ жеткізудің залалсыздығына сатылап қол жеткізу, сондай-ақ энергия тасымалдаушыларға сұранысты бақылау жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды талап етеді. Газ және мұнай өнімдеріне баға белгілеу реформасы және атаулы субсидиялауға көшу маңызды элемент болады.

      Теңгерімсіздіктерді төмендетудің қадамдары жасалды: газдың 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейінгі кезеңге арналған бағасы анықталды, мұнай өнімдеріне баға ұлғайтылды. Бұл ретте тарифтердің өзгеруін болжауды қамтамасыз ету үшін тауарлық газ жөніндегі жоспарға ұқсас және 2025 жылдан бастап ЕАЭО энергия ресурстарының ортақ нарықтары қалыптасатынын ескере отырып, орта мерзімді кезеңге арналған мұнай өнімдеріне баға белгілеуді одан әрі дамытудың жоспары жасалатын болады.

      Газға бағаны көтерудің жоспарлылығы газ бен мұнай өнімдерін атаулы субсидиялау тетігін өрістетумен, сондай-ақ әлеуметтік тәуекелдерді төмендету үшін құрылымдалған, нақты және ауқымды коммуникациялық науқанмен сүйемелденетін болады. Мұнай өнімдері мен газға баға белгілеуге араласуды болдырмау қағидаттарын сақтау осы салалардың теңгерімді дамуына да жағдай туғызады, сонымен бір мезгілде нарықтардағы баға теңгерімсіздігінің қордалануын болдырмайды және тұтастай анағұрлым болжамды инфляцияға ықпал етеді.

2.2. МИНЕРАЛДЫ-ШИКІЗАТ БАЗАСЫ: МЕТАЛДАР ЖӘНЕ БАСҚА ДА ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАР

      Ағымдағы жағдай

      Қазақстанның тау-кен-металлургиялық кешені (Бұдан әрі - ТМК) - елдің экономикалық өсуінің негізгі драйверлерінің бірі: металдар, көмір, лигнит және басқа да пайдалы қатты қазбалар (Бұдан әрі - ПҚҚ) өндірісінің, сондай-ақ металлургия өнеркәсібінің экономикаға жиынтық ЖҚҚ-сы 2022 жылы 10%-ға жуық, ал экспортқа - 25%-дан астамға жетті.

      Бұл ретте елдің ТМК-сы алдында оның одан әрі дамуын айқындауға тиіс түйінді сын-қатерлер мен мүмкіндіктер түр.

      Ағымдағы ресурстық базаның сарқылуы және жаңа материалдарды өндіру перспективалары

      Қазақстан игеруге дайындалған қорлармен қамтамасыз етілудің төмен деңгейімен, резервтердің жеткіліксіз толықтырылуымен, жер жыныстарындағы орташа құрамның төмендеуімен және кен жыныстарын өңдеу қиындығының артуымен бетпе бет келуде.

      Жағдайға әсер ететін аса маңызды фактор - геологиялық барлау жұмыстарының төмен белсенділігі. Жер қойнауын пайдалану саласындағы жүргізілген құқықтық реформа жер қойнауына неғұрлым бәсекелес қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, оның нормативтік-құқықтық архитектурасын түбегейлі өзгертті.

      Алайда, бүгінгі таңда барлау үшін елдің қолжетімді аумағының тек 16%-ы лицензияланған. 2022 жылы Қазақстанда геологиялық барлауға жұмсалған үлестік шығындар тек км2/63 АҚШ долларын құрады, бұл әлемдік орташа деңгейден (металдар бойынша км2/88 АҚШ доллары) және АҚШ, Канада, Аустралия сияқты тау-кен өнеркәсібінің көшбасшы елдерінің көрсеткіштерінен (км2/170-300 АҚШ долл.) едәуір төмен.

      Қолданыстағы қорлардың жеткіліксіз толықтырылып отыруынан басқа, еліміз заманауи аккумуляторлар мен электроника өндірісінде қолданылатын ең жылдам дамып келе жатқан және перспективалы металдар: никель, кобальт, литий бойынша айтарлықтай іске асырылмаған әлеуетке ие. Қазақстанда іске асырылмаған әрі тез өсіп келе жатқан санаттардың тағы бірі - жерде сирек кездесетін металдар тобы.

      Еңбек құнының өсуі

      2000 жылдан бастап ТМК-дағы бір қызметкерге орташа шығындар 7 есеге - айына 1190 АҚШ долларына дейін өсті. Бұл ретте жалақының ұлғаюы сәйкесінше саладағы еңбек өнімділігінің өсуімен қатар жүрмеді, өнімділік салыстырмалы түрде төмен деңгейде сақталуда: 2020 жылы Қазақстандағы еңбек өнімділігі көрсеткіші жылына бір қызметкерге 62 мың АҚШ долларын, Перуде - 114 мың АҚШ долларын, дамыған елдерде (Норвегия, Аустралия, Канада, Ирландия, Швеция) - 160 - 200 мың АҚШ долларын құрады.

      Көліктік-логистикалық шектеулер

      Логистиканың күрделілігі мен қымбат болуына алып келетін негізгі өткізу нарықтарынан алшақтық, сондай-ақ экспорттық көлік дәліздерінің шектелуіне байланысты тәуекелдер қазақстандық ТМК өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етеді.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      Металл және басқа да пайдалы қазбаларды өндіру саласын дамытудың мақсаты - анағұрлым жоғары қайта белу өнімдерін шығару үшін ресурстық базаны арттыру.

      1-басымдық. Ресурстық базаны дамыту: геологиялық барлауды ынталандыру

      Осы бағыттағы саланың негізгі мақсаттары - басым минералдар бойынша ресурстық базаны кеңейту, геологиялық-геофизикалық зерделеумен қамтылған аумақты 2,3 млн шаршы км-ге дейін жеткізу және аса маңызды металдар бойынша қорлардың толықтырылу коэффициенттерін 20 - 50%-ға дейін ұлғайту.

      Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін геологиялық барлау белсенділігін орташа әлемдік деңгейге (км2-ге 90 АҚШ доллары) дейін жеткізу қажет. Бұдан басқа, металлургиялық кәсіпорындарды құру әлеуетін, аккумуляторларға арналған материалдар (никель, кобальт, литий және т.б.) және жерде сирек кездесетін металдарды қоса алғанда, металдардың ең жылдам дамып келе жатқан санаттары бойынша бағалау қажет.

      Геологиялық базаны дамыту. Fraser Institute-тың инвестициялық тартымдылық бағалауына сәйкес Қазақстан тау-кен және металлургия өнеркәсібі санатында 84 елдің ішінде 65-ші орынды иеленді. Бағалаудың ең әлсіз тұсы "Геологиялық мәліметтер базасы" болды. Осыған байланысты нарық қатысушыларының кері байланысын ескере отырып, жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасының функционалын құруды аяқтау, сондай-ақ жерде сирек кездесетін металдар жөніндегі деректерді қоса алғанда, жинақталған тарихи геологиялық ақпаратты цифрландыруды аяқтау қажеттілігі артып келеді. Бұдан басқа, халықаралық аккредиттелген ғылыми-талдамалық зертханалар ашуды қоса алғанда, геологиялық материалдарды сақтау және өндеу үшін инфрақұрылым құрылатын болады.

      "Ұлттық геологиялық қызмет" АҚ қызметі елдегі минералдық-шикізат базасын толықтыру жоспарына сәйкес басқарудың тиімді жүйесін құруға және бүкіл геологиялық ақпаратты цифрландыруға, ақпараттық-талдамалық және ғылыми қамтамасыз етуді арттыруға бағытталатын болады.

      Барлау және өндіруге лицензиялар алудағы реттеушілік кедергілердің алдын алу. Жаңа кен орындарына қатысты геологиялық барлау процестерін реттейтін әдістемелік нұсқаулықтар, нұсқаулықтар және басқа да нормативтік-құқықтық актілер жаңартылып, CRIRSCO халықаралық стандарттарына сәйкестендірілетін болады. Сонымен қатар, реттеуші режимнің одан әрі өзгерістері әлеуетті инвесторлардың кету тәуекелдері тұрғысынан кешенді және алдын ала бағалаудан өтуі тиіс.

      Қаржыландырудың баламалы көздеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету. Юниорлық компаниялардың өз ресурстары көбінесе шектеулі болып келеді, сондықтан өз қызметін қаржыландыру үшін акционерлік капитал нарықтарын белсенді пайдаланады. Перу елінің тәжірибесі үлгісінде қазақстандық қор биржалары базасында юниорлар үшін листингтің жеңілдетілген процесін әзірлеу және акционерлік капиталды тарту мәселелері зерделенетін болады.

      Сондай-ақ, мысалы, юниорлардың акцияларын сатып алу шығындарын салық шегерімдеріне жатқызу мүмкіндігі арқылы инвесторлардың сүранысын ынталандыруға арналған шаралар қабылдау қажет. Халықаралық орналастыру үшін Геологиялық барлау жұмыстарының, минералдық ресурстар мен минералдық қорлардың нәтижелері туралы жария есептіліктін қазақстандық кодексінің (KAZRC) әлемнің жетекші қор биржаларында танылуын қамтамасыз ету қажет.

      Геологиялық барлау жұмыстарын қолдаудың қосымша құралдары. Өндіру басталған сәттен бастап барлау шығындарының 25%-ын амортизациялау түріндегі көмірсутек шикізаты үшін қолданыстағы тәсілдің ПҚҚ-ға қолданылуы қолдау тетіктерінің бірі болуы мүмкін. Халықаралық мысалдар да барлау қызметіне бірлесіп қаржыландыру немесе тікелей үлес қосуды (Канада, Аустралия), барлау жұмыстарын жүргізетін компанияларды КҚС төлеуден босатуды (Перу), жаңа әлсіз зерттелген аудандардағы юниорлардың салық салынатын кірістерінен негізделген барлау шығындарын шегеруді (Аустралия, Канада), шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін салық мөлшерлемелеріне төмендеткіш коэффициенттерді қолдануды, жер қойнауын пайдаланушылар ҒЗТКЖ-ға, геологиялық барлауға бөлетін міндетті аударымдардың бір бөлігін пайдалануға рұқсат беруді қамтиды.

      2-басымдық. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру: саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру

      Осы бағыт шеңберінде жұмыс жаһандық нарықта жоғары сұраныспен және ұсыныстың шоғырлануымен сипатталатын минералдар кен орындарын, оның ішінде жерде сирек кездесетін металдарды, бор, магний, литий, платина тобындағы металдарды, галлийді барлауға және игеруге бағытталатын болады.

      Салық салу моделін өзгерту. ТМК-да салық салудың жаһандық неғұрлым танымал моделі - сатылған өнімнің немесе түскен пайда көлемдерінің базасындағы төлемдерді есептеу болып табылады. Сонымен бірге Қазақстанда пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық әлі де пайдаланылуда. Жаңа модельге көшу әлеуетті инвесторлар үшін реттеуші режимнің айқындылығын арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ пайдалы қазбалардың әртүрлі типтері бойынша түрлі салық мөлшерлемелерін қолдану тәжірибесінен алыстауға көмектеседі.

      Мемлекет кірістерінің құлдырау тәуекелдерін болдырмау және әкімшілендіру тетіктерін пысықтау үшін бірнеше активтер базасында пилоттық зерттеу жүргізу қажет. Зерттеу шеңберінде салық түсімдерінің ағымдағы көлемінің сақталуын қамтамасыз ететін оңтайлы мөлшерлемелер таңдап алынатын болады, сондай-ақ салық салынатын көлемдерді объективті бағалау үшін тәуелсіз зертханалар түріндегі модельдік инфрақұрылым әзірленетін болады.

      Бұдан басқа, бірқатар жұмыс істеп тұрған (жетілген) ПҚҚ кен орындарына инвестициялар тарту үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға кен орындары тобы бойынша қорларды бірлесіп пысықтау не бизнестің қарсы міндеттемелеріне орнына салық режимін жұмсарта отырып, кен орнының бір бөлігі бойынша қорларды жеке пысықтау бөлігінде өзгерістер енгізуді қарастыруға болады.

      Салықтық реттеудің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Саланың орта мерзімді пайымын қалыптастыру, жоспарланған реттеушілік және фискалдық өзгерістер бойынша ашықтықты арттыру, өзгерістердің алдын ала коммуникациясы және индустриямен болатын бастамаларды талқылауға арналған алаң құру жұмыстың басымдықтары болады. Талаптардың тұрақтылығы белгілі бір кезеңге тандалған қызмет түрлері бойынша салық шарттарының жалпы тоқтатылуымен немесе жекелеген лицензиялар немесе инвестициялық келісімдер деңгейінде кепілдіктермен қамтамасыз етілетін болады.

      3-басымдық. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру: еңбек өнімділігінің өсуі

      Бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау. Әлеуетті жұмыс берушілерді белсенді тарту кезінде, жоғары кәсіби кадрларды даярлау - саланың ұзақ мерзімді дәйекті дамуының негізгі құрамдауыштарының бірі. Бұдан басқа, персонал санын бақылау және еңбек ұтқырлығын арттыру қажет. Кадрлардың жұмыстан кетуін бақылау және ағымдағы активтерге жаңа мамандарды шектеулі жалдау, сондай-ақ қызметкерлерді алдын ала қайта даярлау және оларды жетілген активтерден енді дамып келе жатқан активтерге қайта жіберу саладағы жүктөмені азайтуға көмектеседі.

      4-басымдық. Сарқылу үстіндегі активтерді қалпына келтіру жөніндегі талаптарды нақтылау

      Бұл бағыттағы негізгі мақсат - жерді қалпына келтіруге байланысты реттеуші талаптарды 2029 жылға қарай жаңарту. Күтілетін шығындарды бағалауға, жою жоспарларын қараудың өлшемшарттарына және қалпына келтіру объектілеріне қойылатын талаптарды енгізу келесі қадамдар болады. Кен орнының сипаттамалары негізінде шығындарды бағалауға арналған халықаралық стандарттар мен практикалар мұндай есептеулердің тәсілдерін стандарттауға және болашақта кен орындарын толығымен жабу үшін қаражат тапшылығы қаупін болдырмауға көмектеседі. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланудан болған салдарды өндіру кезеңінде-ақ жою жөніндегі нормалар енгізілетін болады.

2.3. ЭНЕРГЕТИКА

      Ағымдағы жағдай

      2022 жылдың қорытындысы бойынша энергетика саласының ЖІӨ-ге қосқан үлесі 1,4%-ды құрады, негізгі капиталға инвестициялар (НКИ) 0,8 трлн теңгеге бағаланады. Бұл салада 148 мың адам жұмыспен қамтылған.

      Саланы басқару энергия қауіпсіздігі мен көміртегі бейтараптығын қамтамасыз ету міндеттерінің трилеммасымен, сондай-ақ электр энергиясының қолжетімділігі мен инвестиция тарту қажеттілігі арасындағы теңгеріммен шектеледі. Электр энергиясының тапшылығы мен энергетикалық инфрақұрылымның қатты тозуын, экономиканың жоғары энергия сыйымдылығын, сондай-ақ саланың жеткіліксіз инвестициялық тартымдылығын қоса алғанда, барлық үш элемент бойынша сын-қатерлер бар.

      Энергия қауіпсіздігі

      2023 жылы Қазақстанда электр энергиясын өндіру мен тұтыну арасындағы айырмашылық 2,2 млрд кВт сағатты құрады. Бұдан басқа, Қазақстанның электр энергиясының болжамды балансына сәйкес бұл алшақтық ұлғая түспек және 2029 жылы 6,9 млрд кВт сағ. құрайды. Электр энергиясын өндіру мен тұтынудың арасындағы теңгерімсіздік инфрақұрылымның тозуының жоғары деңгейімен ушыға түседі: 30 жылдан асқан электр станцияларының үлесі 56%, ал электр желілерінің орташа тозуы - 74%-ды құрайды, бұл апаттылықтың жоғарылауымен бірге энергияны бөлу кезінде деңгейі 14%-ға жететін елеулі шығындарға әкеледі.

      Көміртегі бейтараптығы

      Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы ЖІӨ-нің 1 000 АҚШ долларына 0,32 тмэ құрайды, бұл орташа әлемдік және дамушы елдердің көрсеткіштерінен тиісінше 65% және 14%-ға асып түседі. Бұл ретте, электр энергиясын өндірудегі дәстүрлі көздердің айтарлықтай үлесі парниктік газдар шығарындыларының жоғары деңгейіне алып келеді, осыған байланысты Қазақстан ЖІӨ-ге қатысты көміртегі шығарындылары және жан басына шаққандағы көміртегі шығарындылары бойынша әлемдегі топ-5 елдің қатарына кіреді.

      Электр энергиясының қолжетімділігі мен инвестициялар тарту қажеттілігі арасындағы теңгерім

      Қазақстанда электр энергиясына тарифтер абсолюттік мәнде де, үй шаруашылықтарының шығындарындағы үлес ретінде де әлемдегі ең төмен тарифтердің бірі саналады - халық пен өнеркәсіп үшін кВт сағ.-қа 3,5 - 4,9 АҚШ центі деңгейінде. Тарифтердің бұл деңгейі жаңа қуаттарды іске қосуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және энергияға көшуге елеулі инвестициялар тарту үшін жеткіліксіз. Мәселен, 2018 - 2020 жылдары Қазақстанда энергетикаға инвестициялар көлемі төмен деңгейде болды және кВт-қа шаққандағы үлестік инвестициялар 1,5 - 2,3 АКЦІ центін құрады, бұл орташа әлемдік көрсеткіштерден 20 - 50%-ға төмен.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      Саланы дамытудың басымдықтары энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және инфрақұрылымды жаңғыртуға инвестицияларды ынталандырудың және кеңейтудің, сондай-ақ экономиканың энергия тиімділігін арттыру шараларын ауқымды түрде енгізудің есебінен көміртегі бейтараптығы жөніндегі міндеттемелерді сақтауға бағытталған.

      1-басымдық. Инфрақұрылымды жаңғырту және кеңейту

      Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту генерациялайтын қуаттардың, электр желілерінің тозуын төмендетуге, сондай-ақ заманауи есепке алу жүйелерімен жарақтандыруды 100%-ға дейін жеткізуге бағытталатын болады, бұл энергия жүйесінің жалпы шығындары мен авариялық жағдайын төмендетуге мүмкіндік береді.

      Сондай-ақ, халықаралық тәжірибе үлгісінде алдағы 4-6 жылға арналған жаңғырту аукциондары арқылы жылу қуаттарын жаңғыртуды қарастыруға болады. Мұндай аукциондар жобаларды тозу өлшемшарттары, нормативтік күрделі шығындарға сәйкестігі, парниктік газдар шығарындыларын төмендетуі, жүйенің жаңғырту кезіндегі сенімділігі бойынша жобаларды таңдайды.

      Желінің жұмысының тиімділігін арттыру үшін орташа ұзақтық пен авария жиілігінің қөрсеткіштерін қадағалауды қоса алғанда, "ақылды" есептегіштерді, тереңдетілген талдаманы және цифрлық технологияларды пайдалануды ұлғайту және тарату желісі қызметтерінің сапасына мониторинг күшейту қажет.

      2-басымдық. Энергетикалық баланстағы жаңартылатын энергия көздерінің (бұдан әрі - ЖЭК) үлесін ұлғайту

      ЖЭК аукциондарында сатып алу көлемін ұлғайту және тетіктерді жетілдіру. Сатып алу бағасын өсіру және аукциондардағы қуаттар көлемін ұлғайту арқылы рентабельділікті өсіруден басқа, мәмілелер жасалмай қалған жағдайда қайталама сауда-саттықты қосу қажет.

      Маневрлік қуаттарды арттыру. Энергия теңгерімін қамтамасыз етудің маңызды элементі - жаңа маневрлік ресурстарды, соның ішінде жүйені теңгерімді ету және ЖЭК тұрақсыздығын басқару үшін қажетті энергичны жинақтау және сақтау жүйелерін құру. Қысқа мерзімді перспективада алдағы бес жылда икемділікті арттыру үшін қуаттарды түгендеу және көмір, газ және су электр станцияларының маневрлік әлеуетін бағалау қажет.

      Өнеркәсіпте өз ЖЭК-генерациясының үлесін ұлғайту таза энергия өндіруді ұлғайту мақсатына қол жеткізуді едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Өндірістердің жалпы түтынуында ЖЭК-тен алынған электр энергиясының үлесі бойынша арнайы міндеттемелерді енгізу, сондай-ақ өз генерациясы бар өндірістік компаниялар үшін (Үндістан мен Швецияның үлгісі бойынша) ЖЭК сату тетіктері - қолдау құралдары болады.

      Бұл ретте Шотландиядағы Green Jobs Workforce Academy мен Green Jobs Skills Hub және Канададағы Future Skills Center үлгісінде "жасыл" энергетика салаларында жұмыс істеу үшін кадрларды қайта даярлау бағдарламасын әзірлеу қажет.

      3-басымдық. Сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру

      Инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту, "жасыл" генерацияны енгізу үшін инвесторларға арналған сектордың тартымдылығын жақсарту шараларын қабылдау қажет. Атап айтқанда, инвестициялық циклді жоспарлау үшін жағдайлардың болжамдылығы қамтамасыз етілетін болады және генерация мен инфрақұрылым жобаларының рентабельділігі арттырылады.

      Қуатты ұзақ мерзімді жоспарлау, сатып алу кепілдігі және желіге қолжетімділік арқылы инвесторлар үшін болжамды әрі ашық жағдайлар жасау. Жалпы, энергетикадағы жобалар капиталды көп қажет етеді және өтелуі ұзақ мерзімге ие, сондықтан инвестициялық циклді жоспарлау кезінде маңызды фактор - алдағы 10-15 жылдағы базалық жағдайлардың болжамды болуы.

      Инвестицияларды тартудың маңызды шарты - ЖЭК генерациялау жобалары үшін Қазақстанның электр желісіне қосылуға кепілдіктер беру және рұқсат құжаттарын алуды жеңілдету. Мысалы, ЕО мен Ұлыбритания ЖЭК жобаларына рұқсат алу ұзақтығын 4 жылдан 1 - 2 жылға дейін қысқарту мақсатын жариялады.

      Тариф белгілеуді өзгерту арқылы инвестициялардың рентабельдігін арттыру. "Инвестицияларға айырбас ретінде тариф ұсыну" бағдарламасын дамыту шеңберінде шығынды тарифтен ынталандырушы тарифтік реттеуге, жеке тарифтерді бекітуден шекті бағаларды айқындауға көшу, сондай-ақ тарифтерді қалыптастыру рәсімдерін жетілдіру жоспарлануда. Бұл ретте саланы жаңғырту үшін қажетті тарифтер өзгерісі сатылы және болжамды сипатқа ие болады. Сондай-ақ инфляцияға қысымды төмендету үшін инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың тиімділігін арттыру шараларын қабылдау пайымдалатын болады: инвестицияланған капиталға кірістіліктің нарықтық деңгейін ұстап тұру мүмкіндігі реттелетін көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнын төмендетуге ынталандырумен сүйемелденетін болады. Теріс әлеуметтік әсерлерді азайту үшін халықтың осал топтарын атаулы қолдау тетіктерін қарастыру жоспарлануда. "Инвестицияларға айырбас ретінде тариф ұсыну" бағдарламасы жаңа электр генерациясы жобаларын қосу үшін кеңейтілетін болады.

      Жаһандық тәжірибені қолдана отырып, генерация және жасыл сутегі жобаларын мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту елдің энергетикалық ауысуын одан әрі ынталандыруға мүмкіндік береді, бұл ретте климаттық технологиялармен байланысты өндірістерге ерекше назар аударылатын болады.

      4-басымдық. Экономиканың энергия тиімділігін арттыру

      Бұл бағыттағы негізгі міндет Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығын жалпы төмендету болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканың энергия тұтыну және энергия сыйымдылығы көрсеткіштері 2029 жылға қарай кемінде 15%-ға төмендетілетін болады. Ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру үшін энергия шығынын азайтуға бағытталған құрылыс нормативтері енгізіліп, қолданыстағы нормативтер жаңартылатын болады, сондай-ақ үйжайлардың энергия тиімділігінің жүйелік мониторингінің нәтижелеріне негізделген ғимараттардың энергетикалық рейтингін (House energy rating) жүргізу практикасы іске қосылатын болады.

      Өнеркәсіптегі энергия тиімділігі және энергия аудиті бағдарламаларын қолдау. Нақты ұсынымдар әзірлей отырып, (АҚШ-тағы Мичиган бағдарламасының үлгісі бойынша) энергия тұтынуды бағалау тегін жүргізілетін болады, сондай-ақ кейіннен ірі және орта кәсіпорындардың энергия тиімділігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қаржыландыру (Қытай тәжірибесінің үлгісі бойынша) көзделген. Қазақстан нарығына халықаралық энергия сервисінің компаниялары мен сараптамалық орталықтарды тарту қосымша тетік болады.

2.4. ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ

      Ағымдағы жағдай

      2022 жылы саланың өнім шығаруы 21,2 трлн теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібіне негізгі үлесті мына секторлар қосады: металлургия (саланың жалпы көлемінің 44%-ы), тамақ өнімдерін өндіру (19%), машина жасау (15%), құрылыс материалдарын өндіру (6%) және химия өнеркәсібі (4%).

      Өңдеу өнеркәсібі елдің ЖІӨ-сінің 13,4%-ын алады. Осыған байланысты металлургия өндірісінен басқа, тауарлардың барлық санаттары бойынша Қазақстан нетто-импорттаушы болып қалып отыр: ең үлкен нетто-импорт машина жасауда (7,6 трлн теңге), химия өнеркәсібінде (1,4 трлн теңге) және азық-түлік тауарларын өндіруде (0,9 трлн теңге) байқалады.

      Өндірістік қуаттардың байқалып отырған жүктемесіздігі отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігінің жеткіліксіз деңгейін көрсетеді: өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының 70%-ының орташа жылдық жүктемесі 70%-дан аспайды, ал машина жасау кәсіпорындарының орташа жылдық жүктемесі соңғы жылдары 25 - 48% шегінде тұр.

      Отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін тежейтін өңдеу өнеркәсібінің негізгі сын-қатерлеріне: тауарлар күрделілігінің және өндірістердің технологиялылығының төмен деңгейі, қазіргі заманғы сапа инфрақұрылымының болмауы, экспорттың шикізаттық сипаты, өндіріс үшін шикізаттың шектеулі болуы, оның ішінде өндіруші өндірістермен кооперацияның жеткіліксіздігі, нарықты қорғаудың төмен деңгейі және кадрлар тапшылығы жатады.

      Өндірілетін тауарлар күрделілігінің төмен деңгейі

      Саланың жалпы дамуына қарамастан, экспорттағы шикізат тауарларының үлесі 66% деңгейінде, ал инновациялық қызметпен айналысатын өндеу өнеркәсібінің жергілікті кәсіпорындарының үлесі 14,8% деңгейінде сақталуда. Соның салдарынан, Қазақстан экономикалық күрделіліктің теріс индексіне ие (-0,47) және экономикасы ұқсас көрші елдерден артта қалып, 133 елдің арасында осы көрсеткіш бойынша 88-ші орында тұр.

      Қазақстанда саланың шикізат бағыттарында өңдеудің тереңдік деңгейі төмен, өнімнің негізгі үлесі аралық шикізат түрінде экспортталады. Мысалы, металлургияда 77% қорғасын, 87% алюминий және 99% мыс өңделмеген немесе бастапқы өңделген түрінде экспортталады.

      Шикізат базасының болуына қарамастан, Қазақстанда газ немесе Мұнай химиясының елеулі секторы құрылмады, тек 2022 жылы ғана алғашқы ірі тоннажды газ-химия жобасы іске қосылды. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар шикізаттың қолжетімсіздігі мен тапшылығына тап болуда: еліміздің өңдеу өнеркәсібі үшін шикізат пен жиынтықтауыштар импортының көлемі 50% және одан да көп, бұл өнімнің өзіндік құнын арттырады және технологиялық тауарлар өндірісін жолға қою үшін кедергілерді күшейтеді. Мысалы, импорт өнеркәсіптік жабдықтар, автомобильдер, ауылшаруашылық техникаларын өндіруге арналған шикізат пен құрамдауыштардың көп бөлігін құрайды, ал машина жасау өндірісінің негізгі үлесін жергілікті орналастырудың ең төмен деңгейі мен қарапайым құрастыру өндірістері алады.

      Өндірісте халықаралық технологиялар мен стандарттарды енгізудің жеткіліксіз деңгейі экономикалық күрделілік индексін төмендететін тағы бір фактор болып табылады. Бұл процесс технологиялық жаңартуды және айтарлықтай инвестицияларды қажет етеді, бұл өз кезегінде отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді.

      Өндірістердің тозуы және энергия тиімділігінің төмендігі

      Тозудың орташа деңгейі 41%-ды құрайды, бұл ретте металл бұйымдар, сусындар, қару-жарақ пен әскери техника және басқа да машина жасау өнімдері өндірісінде бұл көрсеткіш 45%-дан жоғары.

      Қазақстандағы ТМК-дағы энергия шығыны әлемдегі ең жоғарылардың бірі. Энергия сыйымдылығы мың АҚШ долларына 1,6 тмэ деңгейінде болған кезде қазақстандық өнім осы көрсеткіш бойынша дамушы және дамыған нарықтардан едәуір артта қалып отыр, оларда бұл көрсеткіш 0,2-0,9 тмэ/мың АҚШ доллары аралығында.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      2029 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың мақсаты - жұмыс істеп тұрған және жаңа өндірістердің технологиялылығы мен бәсекеге қабілеттілігін дамыту, ол елдің экспорттық әлеуетін іске асыруға және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл сала шығарылымының елеулі өсуіне әкелуі тиіс.

      Өңдеу өнеркәсібіндегі даму басымдықтары сектордың ерекшелігіне және саланың даму сатысына байланысты. Мәселен, салыстырмалы түрде күрделі және Қазақстанда бұрын өндірілмеген өнімдері бар салалар үшін сенімді технологиялары мен жұмыс тәжірибесі бар трансұлттық компанияларды тарту, сондай-ақ инфрақұрылымға, қолдаушы өндірістерге және қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету басымдыққа ие болады. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің неғұрлым дамыған және ауқымы кеңейтілген секторлары үшін жергілікті орналастырудың тереңдігін арттыру және жаңа, неғұрлым күрделі құрамдауыштарды игеру басымдық болып табылады.

      Бұл ретте жалпы басымдықтарға шикізатпен қамтамасыз ету, өндірістерді жаңғырту, кадрлар мен құзыреттерді дамыту, сондай-ақ индустриялық саясаттың инфрақұрылымды және минералдық-шикізат кешенін дамыту жөніндегі жоспарлармен жалпы келісілуін қамтамасыз ету жатады.

      1-басымдық. Өнімдердің технологиялық күрделілігін арттыру және өндірістерді жаңғырту

      Осы басымдық шеңберінде жұмыс қосылған құны жоғары сапалы және технологиялық тауарларды әзірлеу мен өндіруді, оның ішінде қазіргі заманғы сапа инфрақұрылымын пайдалана отырып ынталандыруға бағытталатын болады.

      Жергілікті орналастыруды арттыру. Жергілікті орналастыру деңгейін арттыру мақсатында ілеспе аспектілер кешені, оның ішінде жергілікті орналастыру дәрежесін бағалау әдістемесіне, жергілікті орналастыруға жататын басым тауарлардың тізбесін айқындауға, жергілікті орналастыру инфрақұрылымын және сапасын бағалауды цифрландыруды ауқымды енгізуге қатысты кешен пысықталатын болады.

      Өндірістерді жергілікті орналастыруды қолдау үшін тарифтік және салықтық реттеудің ынталандыру шаралары пысықталатын болады.

      Жинақтауыштарды өндірумен, сервистік қызмет көрсетумен, өндірістік және тұтыну қалдықтарын қайта өңдеумен немесе кәдеге жаратумен айналысатын өңдеуші өнеркәсіптің шағын және орта кәсіпорындары үшін ынталандырулар жасалатын болады.

      Кәсіпорындарды шикізат базасымен қамтамасыз ету. Ресурстық базаны жабдықтау мақсатында Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес өндіріс үшін маңызды құрамдауыш бөліктер болып саналатын шикізат тауарлары бойынша тарифтік және тарифтік емес шектеулер белгіленетін болады.

      Кәсіпорындардың инновациялық қызметін қолдау. Осы бағыттағы іс-шаралар кешені салалар бойынша өзекті технологиялар мен тәсілдерді жүйелі басымдық етуге, дамытуға және енгізуге, бизнес, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық ұйымдар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталатын болады.

      Өнеркәсіптік кәсіпорындарды аумақтық шоғырландыратын, зерттеу және білім беру ұйымдарымен біріктіретін салалық кластерлерді (оның ішінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар шеңберінде) дамыту өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, ресурстар мен инвестицияларды тартуға және бөлуге ықпал ететін болады.

      Кәсіпорындарды жаңғырту және саланың энергия сыйымдылығын төмендету. Елдің өңдеу өнеркәсібін орнықты дамыту үшін материалдық-техникалық базаны оның тозуын төмендетуге және энергия тиімділігін арттыруға баса назар аудара отырып жаңғыртуға инвестициялар аса маңызды. Мұндай жұмыс жандандырылатын алғашқы салалардың бірі еліміздің металлургиялық комбинаттары болады.

      Бұл ретте мемлекеттің жеке инвестициялар ағынын ынталандыру, банк секторынан кредит беруді кеңейту жұмысын жалғастырумен қатар инвесторларға қарсы міндеттемелердің шарттары қайта қаралып, жаңартылатын болады.

      Өндірістерді одан әрі жаңарту және саланың энергия тиімділігін арттыру үшін энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларға қатысты: кредиттеудің жеңілдікті мөлшерлемелері, негізгі құралдардың жеделдетілген амортизациясы, халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, импорттық және кедендік баждарды төмендету сияқты жеңілдетілген қаржыландыру құралдары қолданылатын болады.

      2-басымдық. Сұранысты ынталандыру және ішкі нарықты қорғау

      Отандық өнімге сұранысты қолдау. Ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті және инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларында отандық тауарларды, оның ішінде тыңайтқыштарды, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын сатып алуды ынталандырудың шарттары көзделетін болады. Қолдаудың тағы бір бағыты реттелетін сатып алуларда офтейк-келісімшарттар тетіктерін пайдалануды кеңейту болады.

      Ішкі нарықты қорғау және өнім экспортын қолдау. Аталған жұмыс шеңберінде Қазақстан экономикасының ашықтығын сақтай отырып, әсіресе елімізде баламалары өндірілетін импорттық өнімге қатысты ішкі нарықты қорғаудың тарифтік емес құралдарын қолдану ауқымы кеңейтілетін болады.

      Бұдан басқа, өнім сапасы, өндіріс көлемінің өсуі және технологиялық күрделіліктің артуы бөлігінде қарсы міндеттемелермен сүйемелденетін, халықаралық операторлар үшін жабдықтарды жеткізуші отандық өндірушілер үшін төлемдерде уақытша жеңілдіктер қарастыру жоспарлануда.

      Қауіпті өнімді әкелуден қорғау үшін шаралар тиісті зертханалық базаны дамытуға бағытталатын болады. Ол үшін зертханалардың қамтамасыз етілуіне талдау жүргізу және өңірлік ерекшелікті ескере отырып, барлық салалар бойынша материалдық-техникалық базаны цифрландыру жоспарланып отыр. Талдау нәтижелері зертханалық базаны одан әрі дамытуға, зертханаларды жаңғыртуға және қызметкерлердің құзыретін арттыруға негіз болады.

      3-басымдық. Салаға инвестициялар тартуды ынталандыру

      Осы бағыт шеңберінде жұмыс салаға, оның ішінде шетелдік инвестициялар көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған инвесторлардың мүддесін қорғауға бағытталатын болады.

      Саланың басым секторларына ірі стратегиялық инвесторларды тарту. Инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестицияларды ынталандыру жөніндегі жалпы жұмыспен қатар ірі трансұлттық компанияларды іздеу және оларды негізгі салаларды дамытуға тарту бойынша фокустық жұмыс жалғастырылатын болады.

      Инфрақұрылымды, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтар (бұдан әрі - АЭА) және индустриялық аймақтар (Бұдан әрі - ИА) шеңберінде одан әрі дамыту. Өндірістің негізгі факторларына (сумен, электрмен және газбен жабдықтау, көлік коммуникациялары) үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз ету басым міндет болып қала береді. Бұл ретте ыңғайлы және заманауи АЭА мен ИА-ны одан әрі дамыту шеңберінде инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етумен және инфрақұрылымдық объектілер құрылысын аяқтаумен қатар инвесторлар үшін қосымша сервистер дамитын болады, осындай аймақтарда рұқсат етілген қызмет түрлерінің саны кеңейтілетін болады.

      Қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау және олардың сақталуына кепілдік беру. Еліміздегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін салалық ерекшелікті ескере отырып, инвестициялық саясатты жүйелі жетілдіру жалғастырылатын болады.

      4-басымдық. Құзыреттерді дамыту

      Негізгі құралдардың бірі ТжКБ мен университеттердің білікті кадрларды даярлаудағы рөлін кеңейту, сондай-ақ ағымдағы кадрларды тұрақты дамыту болады.

      Мамандардың цифрлық сауаттылығын дамыту және ЖИ-дың өңдеу өнеркәсібіне әсері мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, үздіксіз білім беру қағидаттарын қолданудың ауқымын кеңейту көзделген. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері де мемлекеттің қолдауымен кадрлық әлеуетті тұрақты дамытуға белсенді қатысатын болады.

3. ӨСУДІҢ ЖАҢА НҮКТЕЛЕРІ:

3.1. КӨЛІК-ЛОГИСТИКА КЕШЕНІ

      Ағымдағы жағдай

      Қазақстанның ірі тауар өндірушілер мен өткізу нарықтары арасындағы географиялық орналасуы оның Еуразия құрлығында тораптық көлік-логистика хабы ретінде қалыптасуына негіз болады.

      Бұл ретте Қазақстанның көлік-логистика кешенін (бұдан әрі - КЛК) дамыту бірқатар сын-қатерлерге тап болды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы құрылымындағы саланың үлесі пандемияға дейінгі деңгейге қалпына келмеді (2019 жылғы 8,0%-бен салыстырғанда қарсы 5,3%).

      Көлік инфрақұрылымының ауыр жүктемесі мен тозуы

      Қазақстанда магистральдық теміржолдардың 57%-ы тозған деп танылды. Екі жолды және көп жолды желілердің үлесі 31 %-ды құрайды, бұл тасымалдаудың өткізу қабілеті мен тиімділігін айтарлықтай тежейді. Бұған қоса теміржол станцияларының көпшілігінде, сондай-ақ Құрық пен Ақтау теңіз порттарында қуаттың жетіспеушілігі байқалады.

      Тасымалдардың қауіпсіздігі мен сенімділігіне тікелей әсер ететін автожол инфрақұрылымының проблемалары атап өтіледі. 92% республикалық және 87% жергілікті автожолдар халықаралық бағдарлардың жекелеген учаскелерінде жоғары жүктеме жағдайында ресми түрде нормативтік талаптарға сэйкес келеді. Бұл ретте жыл сайын республикалық маңызы бар жолдар желісін үдемелі кеңейту қажеттілігі анықталады. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың едәуір бөлігінің қатты жабыны жоқ.

      Осындай жағдай авиатасымалдар секторында, атап айтқанда Астана, Алматы және Шымкент қалаларының ірі әуежайларында да байқалады. Трафик көлемі әуежайлардың жобалық параметрлерінен едәуір асып түседі және инфрақұрылымның тез тозуына ықпал етеді.

      Сын-қатерлердің бірі - қойма қызметтері нарығындағы қанағаттандырылмаған сұраныстың жоғары болуы.

      Көлік паркінің тапшылығы мен тозуы

      Теміржол саласындағы өндірістік уақыт шығындарының едәуір бөлігі локомотивтерге түсетін жоғары жүктемемен байланысты. Қазақстанда жүк тиелген вагондар өз уақытының 33 %-ында қозғалмайтын күйде тұрады, бұл жеткізудің кешігуіне және көлік шығындарының ұлғаюына алып келеді. Вагондардың жекелеген түрлері бойынша да жетіспеушілік сезіледі. Сонымен қатар, жылжымалы темір жол құрамының тозуының жоғары дәрежесі байқалады, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ (Бұдан әрі - "ҚТЖ" ҰК" АҚ) локомотивтерінің 51%-ының және жүк вагондарының 40%-ының жобалық пайдалану мерзімі аяқталуда.

      Бұдан басқа, құрғақ жүк тасушылар, паромдардың, танкерлердің және контейнерлік кемелердің жетіспеушілігінен қазақстандық флот Каспий алабындағы басқа елдердің неғұрлым дамыған флоттарымен бәсекелесе алмайды.

      Авиатасымалдарда халықтың тарапынан өсіп келе жатқан қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қажетті әуе кемелерінің тапшылығы байқалады.

      Саланың төмен цифрландырылуы және теміржол секторындағы ағындардың тиімсіз басқарылуы.

      Көлік секторындағы цифрландырудың жеткіліксіз деңгейі барлық жерде байқалады. Бақылау-қадағалау органдарын қоса алғанда, көлік процесіне қатысушылар арасында деректер алмасу және келісу үшін бірыңғай ақпараттық ортаның болмауы жүк операцияларында елеулі кідірістерге алып келеді және Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі тартымдылығын төмендетеді.

      Бұдан бөлек операциялық тиімділіктің төмендігі - теміржол саласының әлеуетін іске асыруды тежейтін негізгі фактор лардың бірі. Мысалы, операторлар, әлеуметтік және коммерциялық тасымалдар арасындағы, сондай-ақ транзиттік және экспорттық бағдарлар арасындағы қозғалыстың басымдығын белуге арналған арналған ашық және айқын қағидалардың болмауы. Мұндай жағдай шағын және орта бизнес пен шикізаттық емес экспортқа қосымша кедергілер туғызады.

      Бұдан басқа, теміржол тасымалын тарифтеудің ағымдағы жүйесі де инфрақұрылым мен жылжымалы құрамды тиімді пайдалануға ықпал етпейді. Бос вагонды тасымалдау тарифінің төмендігіне байланысты магистральдық теміржол желілеріндегі вагондар саны артады, бұл жиынтығында тартудың жетіспеушілігімен бірге босқа тоқтап қалуға (уақыттың 56 %-ында вагондар тоқтап тұрады) және тасталған пойыздар санының артуына әкеледі.

      Нарықтың бұрмалануы және төмен инвестициялық тартымдылығы

      Көлік тасымалдарының түріне байланысты мемлекеттің қатысуының әртүрлі деңгейі байқалады. Мысалы, автотасымалдау басқа көлік түрлерімен салыстырғанда жеке операторлар үшін ашық нарық саналады. Авиатасымалдау секторында ішкі бағдарлар, әсіресе лоукост-авиакомпаниялардың пайда болуымен жоғары бәсекелестікті көрсетуде.

      Теміржол тасымалы саласында мемлекеттің қатысуы салыстырмалы түрде жоғары болып қалуда, бұл нарықтағы монополияға және соның салдарынан қызмет көрсетудің төмен деңгейіне әкеледі. Теміржол саласының проблемалары, ең алдымен, ағымдағы операциялық шығындар мен инвестициялық шығындарды жабу үшін қажетті реттелетін теміржол тарифтерінің жеткіліксіз деңгейімен байланысты. Бұдан басқа, кірісі төмен жүктерді кірісі жоғары жүктер, сондай-ақ жолаушылар мен жүк тасымалдары есебінен тоғыспалы субсидиялау проблемалары бар.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      2029 жылға қарай Қазақстан ірі өңірлік сауда-логистикалық хаб рөлінде едәуір нығая түседі, ал көліктегі және қоймаға сақтаудағы көрсетілетін қызметтердің ЖІӨ-ге үлесі 9%-дан асады.

      Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (Бұдан әрі - ТХКБ) мультимодальділігі мен бағдарын дамыту, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындар үшін транзиттік тасымалдар мен экспорттық мүмкіндіктер көлемін ұлғайту үшін "Солтүстік - Оңтүстік" бағытының ауқымын кеңейту басым міндеттер саналады. Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау көлемі 2029 жылға қарай 26,7 млн тоннадан 43 млн тоннаға дейін және 1,1 млн жиырма футтық эквиваленттен (ЖФЭ) 2,0 млн ЖФЭ-ге дейін ұлғаяды.

      Саланы дамытудың басымдықтары инфрақұрылымды кеңейту мен жаңғыртуды, көлік паркін жаңарту және кеңейту есебінен тасымалдардағы шығындарды азайтуды, операциялық тиімділікті және еларалық кооперацияны арттыруды, сондай-ақ бәсекелестікті ынталандыруды және мемлекеттің қатысу үлесін төмендетуді қамтиды.

      1-басымдық. Инфрақұрылымды кеңейту және жаңғырту

      Теміржол инфрақұрылымын кеңейту. Басым теміржол жолдары мен станцияларын салу және жаңғырту шеңберінде ТХКБ, "Солтүстік - Оңтүстік" және Трансазиялық теміржол магистралының Солтүстік дәлізінің халықаралық көлік бағдарларының қазақстандық учаскесінде қолданыстағы теміржол жолдары мен станциялардың өткізу қабілетін кеңейтуді жүзеге асыру қажет.

      Порт инфрақұрылымын кеңейту. Бар әлеуетті іске асыру үшін су түбін тереңдету жұмыстары жүргізіледі, теңіз порттары мен кірме арналардың қуаттары кеңейтіліп, жаңғыртылады, сондай-ақ заманауи контейнерлік хаб іске қосылады. Тағы бір құрал халықаралық стратегиялық инвесторды тарту арқылы порттарды басқару тиімділігін арттыру болады, бұл өткізу қабілетін тағы үш есе арттыруға мүмкіндік береді.

      Жол инфрақұрылымының өткізу қабілетін және сақталуын арттыру. Халықаралық және өңіраралық автомобиль дәліздеріндегі тар жерлерді жою үшін ұзақ тұрған құрылыстарды аяқтау, батыс, орталық және оңтүстік макроөңірлердегі транзит бағдарларын кеңейту және сыртқы шекаралардағы халықаралық өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру бойынша жүйелі шаралар кешенін жүргізу қажет. Сондай-ақ, барлық деңгейлердегі автожолдарды салудың, жөндеудің және оларға қызмет көрсетудің инновациялық стандарттарын енгізуді, сондай-ақ ауыр жүк көлігінің салдарынан олардың мерзімінен бұрын бұзылу тәуекелдерін басқару жүйелерін енгізуді қамтамасыз ету маңызды.

      Әуежайлардың инфрақұрылымын кеңейту. Жолаушылар және жүк авиатасымалдары саласындағы транзиттік әлеуетті күшейту үшін Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы халықаралық әуежайлар жаңғыртылып, кеңейтілетін болады. Қазақстан әуежайларын өңірлік транзиттік авиациялық хабтарға трансформациялау тарифтердің икемді жүйесін енгізуді, мамандандырылған кадр ресурстарын тарту үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етуді, транзиттік жүктердің кедендік рәсімдерін оңтайландыруды көздейді. Бұдан басқа, жүк тасымалдарын дамыту үшін шетелдік тасымалдаушылар мен логистикалық компаниялар үшін кедендік, көші-қон және реттеудің өзге де түрлері болатын еркін сауда аймақтарын құру жоспарланып отыр.

      Сапалы қойма орынжайлары нарығын қалыптастыру. 2029 жылға қарай А және В жоғары кластарының талаптарына сай келетін қойма орынжайларының көлемі 4 млн шаршы метрге дейін жеткізілетін болады. Бұдан басқа, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Қытаймен, Ресеймен және Каспий өңірімен шекараларда трансшекаралық логистикалық хабтар құруды ынталандыру көзделіп отыр. Логистикалық әлеуетті дамыту үшін жоғары сапалы кедендік (бондтық) қоймалар желісін дамыту шаралары қабылданатын болады.

      2-басымдық. Көлік паркін ұлғайту

      Локомотивтік тартумен қамтамасыз ету. Нормативтік қызмет ету мерзімі өткеннен кейін пайдаланудан шығаруға жататын локомотивтерді ескере отырып, паркті жаңарту және кеңейту жоспарлануда. Сүйреуге қосымша лицензиялар бөлу жеке сектордың үлесін ұлғайтуға және қосымша қаржыландыруды тартуға жағдай туғызады.

      Мультимодальды тасымалдау үшін вагондармен қамтамасыз ету және контейнер тасымалын ынталандыру. Вагондардың тапшы санаттары бойынша жылжымалы құрам паркін кеңейту жоспарлануда. Бұдан басқа, оларды сатып алу немесе оларды пайдалана отырып тасымалдау қүнын уақытша төмендету арқылы контейнер тасымалын ынталандыру шаралары қабылданатын болады.

      Әуе кемелерімен және теңіз флотымен қамтамасыз ету. Қазақстандық авиакомпаниялардың паркі мемлекеттің лизингтік қаржыландыруды қолдау тетіктері арқылы жаңа әуе кемелерімен толықтырылатын болады.

      Бұл бастама ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға және халық пен бизнес-қоғамдастықтың тұрақты, қауіпсіз және жайлы авиатасымалдарға деген қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға бағытталған.

      Порт қуаттары мен ТХКБ әлеуетіне қол жеткізу үшін порттар мен танкер флотының Мұнай қүю қуаттарын қамтамасыз ету қажет. Сауда флотын кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру жеке инвестицияларды тарта отырып, халықаралық әріптестермен бірлесіп экономикалық рентабельділік және коммерциялық тартымдылық негізінде жүзеге асырылатын болады.

      3-басымдық. Ағындарды басқару моделін қайта қарау, тарифтік ынталандыруларды енгізу және цифрлық технологияларды интеграциялау есебінен көлік-логистика кешені жұмысының тиімділігін арттыру

      Теміржол тасымалын жоспарлау және кесте тармақтарын Ұлттық компанияның периметрінен тыс бөлу функцияларын орталықтандыру және шығару. Аталған жұмыс шеңберінде теміржол ағындарын орталық диспетчерлеу және басқару тетіктері енгізілетін болады. Қозғалыстың басымдығын анықтау үшін нақты және ашық қағидаларды әзірлеу және енгізу басым міндет болады. Жүк ағындарының көлемі мен жүйелілігі өскен сайын бекітілген бағдар кестелеріне (Precision Scheduled Railroading) көшу мүмкіндігі бағаланады.

      Жүк ағындарын басқару және құжат айналымын цифрландыру. Теміржол тасымалы секторында транзиттік декларацияларды, кестелер жасауды және жолаушылар мен жүк ағындарын басқаруды автоматтандыру жүйелерін енгізу, сондай-ақ цифрландыру есебінен станциялардың өткізу қабілетін ұлғайту жоспарлануда.

      ЖИ-ды қолданатын заманауи технологиялар қозғалыстың оңтайлы кестесін камералар мен датчиктер арқылы алынған мәліметтерге, сондай-ақ пойыздардың жағдайы мен жүктің бар-жоғы туралы мәліметтерге сүйене отырып есептей алады.

      Бұл жүйелер пойыздардың техникалық жай-күйі, туындаған кідірістер және жоспарлы жөндеу жұмыстары, жолаушылар мен ауа райы жағдайлары туралы мәліметтерді қоса алғанда, инфрақұрылымның жай-күйі туралы деректермен интеграцияланатын болады, бұл сервис сапасын жақсартуға және жедел басқару шешімдерін қабылдауға ықпал етеді.

      Аралық қозғалыс жүйесін енгізу жоспарлануда, оның мақсаты - станциялардың өткізу қабілетін ұлғайту, сондай-ақ отын шығынын және жабдықтың тозуын төмендетуге бағытталған пойыздарды автоматты түрде жүргізу жүйелерін қолдану.

      Бүгінгі таңда кедендік процестерді автоматтандыру жүйесін - "Цифрлық сауда дәлізін" енгізу жобасы іске асырылуда. Жүйе кедендік транзитті автоматтандыруға, транзиттік декларацияларды автоматты түрде шығаруға, жүктерді бақылауға және электрондық құжаттарға көшуге мүмкіндік береді.

      Су көлігі үшін Каспий маңы порттарымен бірыңғай цифрлық платформа құруды қоса алғанда, цифрландыруды белсенді дамыту және теңіз порттарындағы процестерді автоматтандыру арқылы мультимодальды логистикалық тізбектерге интеграциялау көзделген.

      Сондай-ақ, автомобильмен тасымалдау саласында кеден органдары арасында электрондық жүкқұжаттар мен деректер алмасу жүйелеріне ауыса отырып, шекарадан өту кезінде "бір терезе" қағидаты іске асырылатын болады. Электрондық eTIR (халықаралық автомобиль тасымалдары жүйесі) және eCMR (халықаралық автомобиль тасымалдарына арналған электрондық жүкқұжат) жүйелеріне көшу жоспарлануда.

      Басым бағыттар бойынша бірлескен кәсіпорындар шеңберіндегі тиімді еларалық өзара іс-қимыл және тасымалдаудың барлық түрлері бойынша шекаралық өтулерді оңайлату. Негізгі халықаралық бағдарларда құрылған трансшекаралық бірлескен кәсіпорындар шеңберінде "бір терезе" қағидаты бойынша қызметтер белсенді түрде көрсетілетін болады. Сондай-ақ бағдардың инфрақұрылымын бірлесіп қаржыландыру жөніндегі жоспарлар мен міндеттемелер де көзделуге тиіс.

      Тексерілген транзиттік жүктер үшін және "бір аялдама" қағидатын іске асыру үшін жекелеген шекаралық өткелдерде "жасыл дәліздерді" енгізуге ерекше назар аударылатын болады. Сондай-ақ Астана, Алматы, Ақтау және Шымкент қалаларындағы негізгі әуежайлардың базасында өңірлік транзиттік көлік тораптарын (хабтарын) құру көзделген. Хабтар жеңілдетілген кедендік және шекаралық режимдермен жабдықталатын болады.

      Инфрақұрылымды және жылжымалы теміржол құрамын тиімсіз пайдалануға тарифтік ынталандыруды төмендету. Бос вагондарды тасымалдауды азайту және олардың тоқтап тұру уақытын қысқарту мақсатында теміржол тасымалы үшін тарифтік кестені жаңарту көзделген. Жүк тиелген және бос вагондарға тарифтердің арақатынасы қайта қаралады, сондай-ақ магистральдық теміржол желісінде тоқтап тұрған вагондар үшін айыппұл санкциялары қатаңдатылатын болады.

      4-басымдық. Нарықта бәсекелестікті арттыру және мемлекеттің қатысу үлесін төмендету

      Саладағы жеке инвестициялардың үлесін ұлғайту және теміржол секторындағы ұлттық тасымалдаушыны реформалауды аяқтау. Теміржол тасымалы нарығын дамытуға, жылжымалы құрамды жаңартуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасау жоспарлануда.

      Сондай-ақ, "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ны нақты контурларын сақтай отырып және бизнес-бірліктер қызметінің аражігін ажырата отырып, Ұлттық көлік-логистика компаниясын трансформациялауды аяқтау көзделіп отыр. Компания дайын болған кезде оның жекелеген бизнес-вертикалдарын бөлу және жекешелендіру жүргізілетін болады. Бұл процесстер жүк түрлері бойынша тарифтерді саралаудан біртіндеп бас тартуды және әлеуметтік жүктерді қолдаудың жаңа тетіктеріне көшуді қоса алғанда, теміржол саласындағы тарифтік саясатты қайта қараумен қатар жүретін болады. Бағалардың жаңа прейскурантын қалыптастыру кезінде жүктерді және жолаушыларды тасымалдаудың нақты өзіндік құны ескеріледі, сондай-ақ тасымалдарды сапалық көрсеткіштерге тарифтеуге (жылдамдық, электрлендірілген, электрлендірілмеген жолдар, басым поездар, аса ауыр поездар және тағы басқалар) көшу қамтамасыз етіледі.

      "Ашық аспан" саясатын өрістету. ЕО тәжірибесі бойынша авиатасымалы нарығын ырықтандыру Ұлттық авиатасымалдаушылармен тиімді бәсекелесе алатын жаңа төмен бюджеттік авиакомпаниялардың пайда болуына ықпал етеді. Тікелей әуе қатынасының ашылуы жалғасады, ал халықаралық авиациялық желі 30-дан астам жаңа бағдарға ұлғайтылатын болады.

3.2. АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕН

      Ағымдағы жағдай

      Қазақстан 214 млн га деңгейінде ауыл шаруашылығы алқаптары бойынша әлемдегі алтыншы ел бола отырып, үлкен аграрлық әлеуетке ие. Ауыл шаруашылығы ондаған жылдар бойы Ұлттық экономикаға аз ғана үлесін ЖІӨ-нің 5% деңгейінде сақтап келеді және жоғары әлеуметтік маңызға ие. Бұл ретте ауыл шаруашылығындағы еңбегі өнімділігінің деңгейі салыстырмалы түрде төмен.

      2022 жылы Қазақстан Өзбекстан, Ресей және Әзербайжан сияқты елдерден озып, азық-түлік қауіпсіздігінің әлемдік рейтингінде 32-ші орынды иеленді, бұл елдегі саланың орнықты екенін білдіреді. Сонымен қатар, Қазақстанда кейбір азық-түлік тауарларымен жеткілікті қамтамасыз етілмеу байқалады, соның салдарынан ел АӨК өнімдерінің нетто-импорттаушысына айналды, бұл өз кезегінде маңызды проинфляциялық фактор саналады. Бұдан басқа, осындай тауарлардың көптеген санаттары бойынша өнім импортының бір импорттаушы елден жоғары деңгейде шоғырлануы азық-түлік қауіпсіздігінің қосымша тәуекелдерін туғызады.

      Еуразия орталығында бірегей орналасу Қазақстанға Ресейдің, Қытайдың, Орталық Азия елдерінің орасан зор өткізу нарықтарына тікелей қолжетімділікті қамтамасыз етеді және елдің үлкен экспорттық әлеуетін айқындайды. Экспорт негізінен шикізат пен терең емес өңделген тауарлардан түрады, экспорттың 61% - бидай мен ұн экспорты. Бұл ретте жеткілікті қамтамасыз етілген тауарлардың санаттары бойынша ағымдағы нарықтарда экспортты ұлғайту әлеуеті бар, олардың топ бестігінде, оның ішінде жаңа нарықтарға шығу есебінен Қазақстан экспорт көлемінің 21%-ын алады.

      Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы қызметкерлері табысының төмен деңгейімен сипатталады: ауыл шаруашылығындағы жалақының медиандық мөлшері ел бойынша медиандық жалақыдан 34%-ға төмен.

      Ағымдағы жағдайға жасалған талдау ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту ауыл шаруашылығы өнімділігіне, жоғары дәрежеде қайта өңделген өнімдерді өндіруді дамытуға, азық-түлік тауарларын сақтау және тасымалдау инфрақұрылымына байланысты бірқатар сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді айқындайтынын көрсетеді.

      Өсімдік шаруашылығы

      Өсімдік шаруашылығы ауыл шаруашылығы өндірісінде негізгі үлесті алады. 2022 жылы салада өнім шығару 5,8 трлн теңгені құрады. 2017 жылдан бастап өсімдік шаруашылығының 21% деңгейінде байқалған сенімді өсу қарқыны негізінен дәнді дақылдардан тұратын экспорттың өсуіне байланысты болды.

      Қазақстанда егіс алқабы соңғы жылдары тұрақты өсуде, алайда дақылдардың төмен әртараптандырылуы байқалады: 70% өнімділігі төмен дәнді дақылдар. Елдің негізгі астық егетін өңірлерінде біртекті егістік басым.

      Бұдан басқа, Қазақстан негізгі дақылдардың шығымдылығы бойынша, климаттық жағдайлары ұқсас басқа елдерден артта қалып отыр. Жыртылатын аудандарды пайдаланудың төмен тиімділігі көбінесе топырақ жамылғысының нашарлауына, суармалы жерлер көлемінің баяу өсу қарқынына және суды пайдаланудың төмен тиімділігіне, тұқым шаруашылығының даму деңгейінің төмендігіне және материалдық-техникалық базаның жеткіліксіз жарақтандырылуына байланысты.

      Жер жамылғысының нашарлауы

      Қазақстанда топырақтың құнарсыздану процестері қатты белең алуда. Ел бойынша 90 миллион гектарға дейін эрозияға ұшыраған немесе эрозиялық-қауіпті жерлер бар, олардың 29 миллионы іс жүзінде эрозияға ұшыраған.

      Ғылыми зерттеулерге сәйкес бүгінгі күні ауыл шаруашылығында пайдаланылатын топырақтың 75%-дан астамы тозуға ұшырауы ықтимал, зерттелген аумақтағы қарашірігі аз жыртылатын топырақтың үлесі 62,5%-ға жетеді. Мұның бәрі шығымдылықтың төмендеуіне және қаржылық шығындарға әкеледі. Топырақ жамылғысының тозуының негізгі себептері - дақылдарды отырғызу кезінде ауыспалы егіс технологиясын сақтамау, сондай-ақ органикалық және минералды тыңайтқыштарды қолданудың жеткіліксіз деңгейі: Қазақстанда қосылатын тыңайтқыштардың көлемі салыстырмалы түрде төмен деңгейде және ғылыми негізделген нормалардың орта есеппен 23%-ын құрайды.

      Тұқым шаруашылығының отандық жүйесін дамытудың жеткіліксіз деңгейі

      Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігінің алдындағы сын-қатерлердің бірі - отандық селекция тұқымымен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі: мысалы, бидай тұқымы бойынша бұл көрсеткіш 56%-ды құрайды. Көкөніс, бақша дақылдары және қант қызылшасы сияқты басқа дақылдар бойынша отандық селекция тұқымымен қамтамасыз етілу 10%-дан кем. Сондай-ақ, сортты жаңартудың төмен пайызы маңызды мәселе: елімізде қолданылатын элиталық тұқымдардың үлесі небәрі 7%-ды құрайды, ал көрші елдерде бұл көрсеткіш 20%-ды құрайды.

      Жеткіліксіз материалдық-техникалық жарақтандырылу

      Қазақстандағы ауылшаруашылық техникасы паркі қатты тозуымен сипатталады: тракторлар - 80%, комбайндар - 72%, егіс кешендері - 70%-ға тозған, ал басқа елдерде тозудың орташа деңгейі 40 - 50%-ды құрайды. Қазақстанда техниканы жаңартудың орташа қарқыны 4%-ды құрайды, ал талап етілетін технологиялық норма 8 - 10%.

      Суармалы жерлердің өсуінің баяу қарқыны және суды пайдаланудың төмен тиімділігі

      Қазақстанда суармалы жерлер үлесінің төмен деңгейі және олардың ауданының баяу өсу қарқыны байқалады. Суармалы жерлердің үлкен үлесі суару, дренаж желілеріндегі ақаудың болуы, жердің тұздануы немесе су басуы салдарынан пайдаланылмайды.

      Артып келе жатқан су тапшылығы аясында негізгі сын-қатер - ауыл шаруашылығында суды пайдаланудың тиімділігінің төмен болуы: Қазақстанда судың суаруға жоғары үлестік шығыны байқалады, климаты ұқсас елдерден осы көрсеткіш бойынша 2-3 есеге асып кеткен. Суды пайдаланудың тиімділігінің төмен болуы судың мол ысырап болуымен және су үнемдеу технологияларын енгізудің төмен деңгейімен байланысты.

      Су үнемдеу технологияларын енгізуді және инфрақұрылымды жаңғыртуды тежейтін негізгі факторлардың бірі 50 - 80% деңгейінде қосымша субсидиялармен сүйемелденетін су тарифтерінің төмен деңгейі.

      Мал шаруашылығы

      2017 жылдан бастап Қазақстанның мал шаруашылығы саласында 20,2% өсім байқалды, бұл негізінен мал санының көбеюіне байланысты болды. Мал шаруашылығындағы негізгі сын-қатерлер - бәсекелестік өндірістердің болмауы салдарынан саланың өнімділігінің төмендігі, жем-шөп базасымен жеткілікті қамтамасыз етілмеуі, эпизоотиялық ахуалдың тұрақсыздығы.

      Саланың төмен өнімділігі

      Өсіп келе жатқан динамикаға қарамастан, Қазақстанда өнімділіктің салыстырмалы түрде төмен көрсеткіштері байқалады: сиыр сүтінің орташа сауымы 2,4 тоннаны құрайды, ірі қара мал бірлігінің (бұдан әрі - ІҚМ) орташа тірі салмағы 339 кг құрайды, бұл басқа салыстыруға болатын елдерге қарағанда едәуір төмен. Саланың ауқымды болмауы сүт және ет өнімдерін өндіру тиімділігін айтарлықтай арттыру мүмкіндігін шектейді.

      Жем-шөп базасымен жеткіліксіз қамтамасыз ету егіс алқабындағы жем-шөп дақылдардың төмен үлесіне және жайылым жерлердің тапшылығына байланысты. Жем-шөп өндіру көлемі зоотехникалық нормалар бойынша талап етілетіннен 2 есе төмен. 8-15 млн гектарға бағаланатын жайылым алқаптарының тапшылығы байқалады. Бұл ретте 179 млн гектар жайылым алқаптарының тек 81 млн гектары ғана ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 67 млн гектары - пайдаланылмайтын босалқы жерлер, соның салдарынан климаты ұқсас басқа да елдермен салыстырғанда жайылым алаңының бірлігіне шаққанда мал басының аз саны байқалады.

      Эпизоотиялық бақылауды күшейту қажеттілігі

      Бұдан басқа, елімізде соңғы онжылдықта мал өлімінің төмендеуі байқалады, алайда эпизоотиялық ахуалды бақылау қажеттілігі сақталуда. Қазақстан - ЕАЭО-ның ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алудың бірыңғай жүйесін қолдана бастаған алғашқы ел, сондай-ақ ветеринария процестерін цифрландыру және автоматтандыру белсенді жүргізілуде. Алайда, Қазақстанның вакцинация практикасының аусылдан азат елдердің тізімдерінде (60 ел) болмауы мал шаруашылығы мен ет өңдеуде экспортты дамытуға теріс әсер етуде.

      Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу

      Шикізат тапшылығы - Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндеудегі басты сын-қатерлердің бірі. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіруде шикізат тапшылығы оның жоғары экспорттық бағасына байланысты, бұл фермерлерді өнімді ішкі өңдеу деңгейін арттыруға ынталандырмайды, соның салдарынан зауыттарда толық жүктөменің болмауы байқалады: мысалы, ұн тарту зауыттарының жүктемесі - 36%, май өңдеу зауыттарының жүктемесі - 32,4%. Өндірістің жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырлануына байланысты техникалық және санитариялық регламенттерге сәйкес келетін сапалы шикізаттың (сүт, ет) тапшылығы мал шаруашылығы өнімдерін қайта өндеуді тежейді.

      Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту көрші елдер тарапынан Қазақстаннан шикізат өнімінің импортын ынталандыратын және қайта өңделген өнімнің импортын шектейтін тарифтік реттеу шараларын да тежейді.

      Көлік-логистика инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуы

      Соңғы жылдары Қазақстанда азық-түлік тауарларын сақтауға арналған инфрақұрылым тапшылығы байқалды: көкөніс сақтау қуатының тапшылығы орта есеппен 35%-ды құрайды. Сондай-ақ ет және балық өнімдерін сақтауға арналған мұздатқыш қоймалардың тапшылығы байқалады.

      Жылжымалы құрамның тапшылығы және шекаралық өткелдердің өткізу қабілетінің шектеулі болуы проблемасы ел ішінде де, сыртқы нарықтарда да ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізудегі іркілістерге әсер етеді.

      Кооперацияның жеткіліксіз дамуы

      Елімізде бұрын қалыптасқан ауыл шаруашылығы кооперативтері даму мен тиімділіктің тиісті деңгейін көрсеткен жоқ: кооперативтердің жалпы шығарылымда өнім өндіру көлемінің үлесі 1%-дан аз. Негізгі проблема кооперативтерді құрудың формальды және жалған қағидаты болды: 2021 жылы уәкілетті орган жүргізген тексеру қорытындысы бойынша 18% белсенді емес және 42% ресми құрылған кооперативтер анықталды. Соның салдарынан фермерлер тарапынан қызығушылық пен ынталану және сенім тапшылығы байқалады.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      Қазақстанда АӨК дамыту үш іргелі міндетке қол жеткізуге бағытталған: әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық санаттары бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ нәтижелі жұмыспен қамтуды және жұмыскерлердің лайықты әл-ауқатын қамтамасыз ету.

      Өсімдік шаруашылығында аталған міндеттерді іске асыру үшін дамудың негізгі бағыттары - егістік алқаптарын пайдалану және суды пайдалану тиімділігін арттыру болады.

      Мал шаруашылығында инвесторларды тарту және кооперацияны дамыту жолымен саланың ауқымын кеңейту, сондай-ақ эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз ету негізгі бағыттар болады. Сонымен қатар негізгі бағыттардың бірі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу деңгейін арттыру болып қала береді.

      АӨК-ні ауқымды реформалау қосымша көздерден қаражатты белсенді тарта отырып, саланы қаржыландыруды едэуір ұлғайтуды талап етеді. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары бірыңғай цифрлық платформа шеңберінде "бір терезе" қағидаты бойынша ұсынылатын болады.

      1-басымдық. Ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдалану тиімділігін арттыру

      Жер ресурстарын зерттеп қарау деңгейін арттыру. Бұл бағыттағы түйінді міндеттердің бірі - жер ресурстарының жай-күйіне толық зерттеу жүргізу, жерді сапалы (топырақ, геоботаникалық, агрохимиялық) есепке алу болады. Осыған орай аграршылардың жерді сапалы зерттеп қарауы және зерттеп қарау нәтижелерін мемлекетке ұсынуы үшін ынталандыру тетіктерін енгізу жоспарланып отыр.

      Жер мониторингінің бірыңғай мемлекеттік ақпараттық-талдамалық цифрлық платформасын құру. Маңызды бағыттардың бірі жер ресурстары туралы әртүрлі ауыл шаруашылығы деректерін (спутниктік суреттер, жер кадастры платформасынан жерді пайдалану мақсаты мен оның пайдаланылуы туралы деректер, топырақ қабатын зерттеу деректері, ауыспалы егіс схемалары және басқалар), сондай-ақ климаттық көрсеткіштерді (температура, ылғалдылық және басқалар) біріктіретін мемлекеттік цифрлық платформаны іске асыру болады. Терең талдау негізінде оңтайлы дақылдар, ауыспалы eric, қолданылатын тыңайтқыштардың, тұқымдардың, пестицидтердің деңгейі мен түрлері, суды пайдалану жөнінде автоматтандырылған тәсілдер енгізіледі.

      Топырақ қабатының тозуын азайту және жерді қалпына келтіру. Топырақ қабатын зерделеу деректерін талдау негізінде топырақтың қасиеттерін және жерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану үшін жағдайларды жақсартуға бағытталған қалпына келтіру, мелиорациялық жұмыстар (құрғату, жырту, тырмалау, органикалық және минералды тыңайтқыштар енгізу және басқалар) жоспарын құруға негіз болатын жердің жай-күйін талдаудың және топырақ қабатындағы жағымсыз өзгерістерді болжаудың заманауи әдістерін енгізу қажет болады.

      Белгілі бір нақты жер учаскесі үшін ең тиімді дақылдарды өсіруді ынталандыру, тыңайтқыштардың оңтайлы деңгейін пайдалану. АӨК дәстүрлі түрде бүкіл әлемде дотация бөлінетін сала болып табылады, алайда мемлекеттік қолдау жүйесі саланың тиімділігін арттыру құралы болуға тиіс.

      Қарсы міндеттемелерді кезең-кезеңімен белгілеу және фермерлерді өндіріс көлемін арттыруға, белгілі бір учаске үшін оңтайлы дақылдарды өсіруге, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен келісілген ғылыми негізделген ұсынымдар негізінде агроинпуттардың (тыңайтқыпітар, пестицидтер және басқалар) оңтайлы деңгейін пайдалануға ынталандыратын субсидияларды енгізу маңызды бағыт болады. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау жүйесінің "сары себет" шараларынан дамыған елдерде АӨК-ті қолдау жүйесінде негізгі рөл атқаратын "жасыл себет" шараларына кезең-кезеңімен көшуі де маңызды бағыт болмақ.

      Ауыл шаруашылығы техникасын 8 - 10% технологиялық нормативке дейін жаңартуды жеделдету есебінен материалдық-техникалық базаны жаңартуды қамтамасыз ету көзделіп отыр. Инвестициялық шығындарды субсидиялау және саланың ағымдағы экономикалық жағдайы мен қажеттіліктерін ескере отырып, инвестициялық субсидияларды есептеу үшін нормативтерді жаңарта отырып, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған кредиттер, лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламаларын іске асыру жұмысын жүргізу жоспарланған. Бұдан басқа ағымдағы қаржы құралдарын кеңейту мүмкіндіктері, мысалы, ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыру көлемін ұлғайту қарастырылатын болады.

      2-басымдық. Суды пайдалану тиімділігін арттыру

      Су үнемдеу технологияларын қолдану деңгейін арттыру. Су үнемдеу технологияларын қолданудың қолжетімділігін арттыру үшін ирригациялық жүйелерге, су алу және беру үшін қажетті инфрақұрылымды және су үнемдеу технологияларын енгізуге субсидиялар нормативін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылатын болады. Бұдан басқа өзіндік құнын төмендету мақсатында ирригациялық жүйелердің отандық өндірісін ұйымдастыру мүмкіндігі пысықтау жоспарланып отыр. Суды пайдалануды оңтайландыру үшін аграршыларды топырақтың ылғалдылығы, температурасы, вегетациялық индексі және тағы басқа көрсеткіштер негізінде суаруды басқарудың ақылды автоматтандырылған жүйелерін пайдалануға ынталандыру шаралары қабылданады.

      Фермерлерді суды үнемді пайдалану практикасына үйрету. Осы жұмыс шеңберінде фермерлерге суды үнемді пайдалану практикасы бойынша оқыту курстарын ұйымдастыру (мысалы, дақылдарға байланысты суаруды тиімді жоспарлау, булануды реттеу үшін арнайы топырақ қабатын пайдалану және басқалар), суды үнемдеудің инновациялық технологияларын қолдану мүмкіндігін пысықтау көзделіп отыр.

      Тарифтерді реттеу. Аталған бағытта суды үнемді пайдалануды ынталандыру үшін тарифтерді қайта қарау, ирригациялық жүйелердің тиімділігін арттыру үшін су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және тазартылған сарқынды, еріген, минералданған және басқа да суларды қоса алғанда, суаруда баламалы су көздерін пайдалануды тарату жоспарланған.

      3-басымдық. Мал шаруашылығының ауқымын кеңейту

      Инвесторларды тарту. Мал шаруашылығы саласына ірі шетелдік ойыншыларды, трансұлттық компанияларды тарту технологиялар трансферте, өнімнің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары стандарттарын енгізуге ықпал ететін болады. Ірі трансұлттық компаниялар жергілікті өнімді экспорттаудың жаңа мүмкіндіктерін қамтамасыз ете отырып, откізу нарықтарына қолжетімділік береді, бұл да жұмысшылар өнімділігінің өсуіне және жұмыс орындарының ұлғаюына әкеледі.

      Кооперацияны дамыту. Кооперативтер шағын және орта өндірушілерге капиталға, ортақ ресурстарға және нарықтарға қол жеткізуге мүмкіндік бере отырып, кооператив мүшелеріне заманауи технологияларға, инфрақұрылымға қаражат салуға, өндіріс процестері мен өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік беру арқылы мал шаруашылығының тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Осыған орай үздік практикалар үлгісінде фермерлер кооперациясының жаңа тәсілдерін пысықтау жоспарлануда, олар: тіркеуден бастап өткізуді ұйымдастыруға дейін жеткілікті қолдауды қамтамасыз ететін қаржылық тетіктер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүддесін қорғауды, халықты консультациялық қолдауды және олардың қызметінің тиімділігін бақылауды қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық тетіктер.

      Малдың саулығын бақылау мен профилактика шараларын күшейту. Мал шаруашылығындағы осы басымдық шеңберіндегі жұмысты жануарлар ауруларының ошақтарын азайтуға, вакциналау практикасын қолданбай аусылдан азат ел мәртебесін алуға бағыттау жоспарланып отыр. Фермерлерді малдың жай-күйін бақылауды күшейтуге, ветеринариялық іс-шаралар жүргізуге, заманауи цифрлық технологияларды, мал саулығының жай-күйін бақылау жөніндегі шешімдерді пайдалануға ынталандыратын тетіктер әзірленетін болады.

      4-басымдық. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ынталандыру

      Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ынталандыратын шараларды енгізу. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ынталандыру мақсатында салық саясатын жетілдіру, қайта өнделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаумен айналысатын кәсіпорындар үшін уақытша жеңілдіктер қарастыру көзделіп отыр. Бұдан басқа шикізатты қайта өңдеуді ынталандыратын тарифтік емес және тарифтік реттеу шаралары енгізілетін болады.

      Қайта өңдеу өндірістерін құру және кеңейту. Қайта өңдеу өндірістерін салу және кеңейту жобаларын іске асыру шеңберінде инвестициялық шығындарды, айналым қаражатын толықтыруға арналған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін және ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу кәсіпорындары үшін, оның ішінде тереңдетіліп қайта өңделген өнімдерді өндіру үшін жабдықтар лизингін субсидиялау жұмысы жалғастырылатын болады.

      5-басымдық. Экспортты қолдау

      Экспорттық нарықтарды кеңейту. Экспортты ұлғайту бойынша АӨК-нің іргелі мақсаттарын іске асырудың негізгі міндеті экспорттық нарықтарды кеңейту болып табылады. Қазақстан үшін үлкен тұтынушылық базасы бар Қытай нарығы ерекше қызығушылық тудырады. Экспортты кеңейту бойынша екінші маңызды бағыт "халал" өнімдерді Парсы шығанағы елдеріне және Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ОІС) елдеріне экспорттау болып табылады. Үкімет жергілікті өндірушілер мен экспорттаушыларды, әсіресе сертификаттау мен қажетті стандарттарды енгізу саласында қолдаудың жан-жақты тетіктерін пысықтайтын болады. Бұдан басқа тарифтік емес кедергілерді азайтуға, кедендік рәсімдерді жеңілдетуге және сауда қатынастарын жақсартуға бағытталған екіжақты және көпжақты сауда келісімдерін жасасу жұмыстың маңызды бағыты болады. Қазақстандық тауарларды қолдау және шетелдік нарықтарда ілгерілету үшін сауда өкілдіктері мен сауда миссияларын ашу қажеттілігі, халықаралық жәрмеңкелер мен көрмелер өткізу артуда.

      Көлік-логистикалық инфрақұрылымды кеңейту. Қазақстанда азық-түлікті сақтау инфрақұрылымын кеңейту және жаңғырту өнімнің сақталуы мен қауіпсіздігін арттыру, шығындарды азайту процестерінің маңызды бағыттарына жатады. Сақтаудың қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету үшін кокөніс қоймаларын, мұздатқыш қоймаларын және басқа да объектілерді салу және жаңғырту ең үлкен басымдыққа ие болады. Мәселен, 2025 жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 689,8 мың тонна болатын қосымша қоймаларды беру жоспарлануда.

      Негізгі міндет - сақтау инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға жеке инвестицияларды тарту үшін ынталандыру шараларын енгізу. Бұдан басқа көлік инфрақұрылымын дамыту, көлік желісінің тар жерлерін, жылжымалы құрамды, шекаралық пункттерді кеңейту жұмыстары жүргізілетін болады.

      6-басымдық. Аграрлық ғылым мен құзыреттілікті дамыту

      Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының негізінде сатылас интеграцияланған ғылыми-зерттеу орталықтарын құру. Ғылым, білім және бизнестің байланысын нығайту үшін сатылас интеграцияланған агротехнологиялық хабтар құру жоспарланған, олардың негізінде бизнес, ғылыми-білім беру ортасының өкілдері, стартаптар, шетелдік зерттеу орталықтары біріктірілетін болады.

      Кадрларды даярлау сапасын арттыру. АӨК саласында кадрларды сапалы даярлау мақсатында соңғы ғылыми жетістіктер мен технологиялық инновациялар ескеріле отырып, жетекші шетелдік университеттермен және агробизнеспен әріптестікте жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының мазмүны мен инфрақұрылымын жаңғырту қажет.

      Білім беру қазіргі заманғы еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағдарлануы үшін сатылас интеграцияланған ғылыми-зерттеу орталықтары негізінде бизнеспен бірлескен білім беру бағдарламаларын, тағылымдамалар мен жобаларды құруға ерекше назар аударылатын болады.

      АӨК-те цифрландыруды дамыту. АӨК саласын цифрландыру жұмысы шеңберінде агроөнеркәсіптік кәсіпорындардың цифрлық технологияларды енгізуін ынталандыратын қолдау шараларын пысықтау, "цифрлық фермалардың" және дәл егіншілік технологияларының ауқымын кеңейту, цифрлық құрал-жабдықтарды және бағдарламалық жасақтаманы сатып алуға субсидиялар бөлу жоспарлануда. Бұдан басқа цифрлық егіншіліктің, цифрлық фермалардың пилоттық жобаларын қолдау үшін арнайы гранттық бағдарламалар көзделетін болады.

      Ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерді жаңғырту мониторингтеу және бақылау, ауруларды болғызбау және мамандарды оқыту үшін қажетті жабдықтармен және ресурстармен қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер ауруларының өршуін анықтау және оған жедел ден қою үшін терең талдау, өсімдіктер мен жануарлар ауруларын диагностикалаудың, профилактикасы мен емдеудің дүниежүзінде танылған әдістері мен стандарттары негізінде мониторингтеу мен ерте алдын алудың заманауи жүйелерін енгізу мүмкіндіктерін пысықтау жоспарланған.

      Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру деңгейін және пайдаланылатын қаражаттың тиімділігін арттырдың маңызы өте жоғары, өйткені Қазақстанда аграрлық ғылыми зерттеулерді жеткіліксіз қаржыландыру байқалады (ауыл шаруашылығы ЖҚҚ-сының 1%-нан аз, ал басқа елдерде бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары). Бұдан басқа коммерцияландырудың елеулі диспропорциясы мен жете қаржыландырылмауы байқалады: ғылыми зерттеулерге барлық қаражаттың 90%-нан астамы, тәжірибелік жұмыстарға - 10%-дан аз, трансфер мен коммерцияландыруға - 0% жұмсалады, бұл ретте әлемдік практикада әрбір бағытқа қаржыландыру көлемі 30-35%-дан келеді.

3.3. ИННОВАЦИЯЛАР, ЦИФРЛЫҚ ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ЭКОНОМИКА

      Ағымдағы жағдай

      Қазақстанда цифрлық және креативті индустриялар белсенді дамып келеді. 2017 - 2022 жылдары ІТ-өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің экспорт көлемі 5 есе өсті және 2023 жылы 529,1 млн АҚШ долл. құрады. Осы санаттағы экспорттың 50%-дан астамы Еуропа елдері мен АҚШ-қа тиесілі. Қазақстанда 12 санаттағы 43 бағыт креативті индустрияға жатады, олардың көпшілігі медиа және ойын-сауық, сән, дизайн және сәулет индустриялары. 2017 жылдан бастап Қазақстанда креативті индустриялар дың өсуі номиналды мәнде 3,2 есені құрады, бұл 2017 - 2020 жылдардағы бүкіл экономиканың орташа номиналды өсуіне сәйкес келеді.

      Сонымен қатар инновациялық қызметтің әлеуеті айтарлықтай дәрежеде ашылмаған күйінде қалып отыр. 2019 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде инновациялық өнім көлемі 1,7 есе ұлғайды, алайда 2022 жылы ЖІӨ-дегі оның үлесі 1,8% деңгейінде қалды. Дүниежүзілік зияткерлік меншік үйымының (Бұдан әрі - ДЗМҰ) жаһандық инновациялар индексінде 2023 жылы 81-ші (132-ден) орынды иеленген Қазақстан инновациялық қызмет шығындары мен нәтижелерінің арақатынасы тиімсіз елдер тобына кірді.

      2022 жылы ІТ-өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің эксперты Қазақстанның бүкіл экспортының шамамен 0,6%-ын құрады (салыстыру үшін: Ирландия мен АҚШ-та экспортный 9%-нан астам). Осыған ұқсас жағдай креативті экономика салаларында да байқалады: олардың Қазақстанның ЖІӨ-дегі үлесі салыстырмалы түрде аз болып қалуда, 2022 жылдың нәтижелері бойынша ЖІӨ-нің 0,9%-ын құрады (салыстыру үшін: 2022 жылы АҚШ пен ЕО-да креативтік секторға ЖІӨ-нің 4,4%-ы тиесілі болды). 2023 жылы Қазақстан ДЗМҰ жаһандық инновациялар индексінің "Креативті нәтижелер" қосалқы индексі бойынша 90-шы орында болды.

      Инновацияларды дамыту

      Қазақстан экономикасының инновациялылығын арттыруды тежейтін негізгі факторлар инновацияларды енгізуге табиғи ынталандыру деңгейінің әлсіздігі, инновацияларды дамыту процесіне негізгі қатысушылар арасында өзара іс-қимылдың дамымауы және инновациялық инфрақұрылымның жетіспеушілігі болып табылады.

      Инновацияларды әзірлеу мен енгізуге ынталандырудың жеткіліксіздігі

      Елде ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті жүргізу төмен деңгейде қалып отыр. 2022 жылы Қазақстанда компаниялардың 11 % иновациямен айналысты, бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш орташа алғанда шамамен 50%-ды құрайды.

      Патенттік белсенділік төмен болып қалуда, ДЗМҰ деректері бойынша 2022 жылы Қазақстаннан өтініш берушілер 1 млн адамға 47 патент алды, бұл Ресей (134) және ЕО (613) бойынша орташа көрсеткіштерден едәуір төмен.

      Қазақстанда басым технологияларды дамыту тізбесі айқындалған, бірақ оларды енгізу жауапкершілігі салалық және өңірлік ведомстволардың жоспарларында бекітілмеген.

      Инновациялық дамудың негізгі қатысушыларының өзара іс-қимылының әлсіздігі

      2023 жылы Қазақстан ДЗМҰ жаһандық инновациялар индексінің "инновациялық байланыстар" қосалқы индексінде (132-ден) 123-ші орынды иеленді. Инновациялық қызмет субъектілерінің тиісті өзара іс-қимылының болмауы технологиялық (инновациялық) платформалардың, білім беру желілерінің, ғылыми-өндірістік консорциумдар мен кластерлік бастамаларды қолдаудың жеткіліксіз дамуына байланысты.

      Күрделі жоғары технологиялық жобаларды қолдау үшін венчурлық инвестициялар нарығы маңызды. Бұл ретте Қазақстанда қаржыландырудың бұл түрі дамудың бастапқы сатысында тұр: 2021 жылы мұндай мәмілелердің көлемі ЖІӨ-нің 0,03%-ын құрады, бұл Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және АҚШ сияқты елдердің көрсеткіштерінен едәуір төмен (0,44 - 1,1%), ал мәміленің орташа мөлшері салыстырылып отырған елдерге қарағанда 3-4 есе аз болды, бұл ерте кезеңдегі мәмілелердің басым екендігін көрсетеді. Нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан "алынған венчурлық капитал" көрсеткіші бойынша ДЗМҰ-ның жаһандық инновациялар индексінде 99-орынды иеленді.

      Цифрлық және креативті экономиканың дамуы

      Цифрлық және креативті экономиканы табысты дамыту үшін инновациялар мен шығармашылықты қолдайтын қолайлы орта құру қажет. Бұған мемлекеттік бастамалар да, жеке сектордың инвестициялар мен жаңа технологияларды дамытуға белсенді қатысуы да кіреді.

      Цифрлық және креативті экономиканың дамуы мынадай сын-қатерлердің еңсерілуіне байланысты.

      Біріншіден, креативті индустрияларды мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіз деңгейі.

      2023 жылға дейін Қазақстанда креативті индустриялардың заңнамалық тұрғыдан бекітілген жіктемесі болған жоқ. Креативті индустриялардың арнаулы статистикалық есебі жоқ, сол себепті инвестицияларды тарту және мемлекеттік қолдау шараларын жақсарту қиын.

      Бұдан басқа креативті индустрияның дамуын тежейтін факторлар мемлекеттік қолдау шараларының бытыраңқылығы және оны нарық тарапынан алуға жоғары бағдарлану, венчурлық капиталдың қолжетімділігінің төмендігі, даму басымдықтарының болмауы және инфрақұрылымның әлсіздігі болып табылады.

      Екіншіден, стартаптар экожүйесінің жеткіліксіз дамуы және ІТ-мамандарының тапшылығы.

      2022 жылдан бастап Қазақстан StartupBlink стартаптар экожүйелерінің халықаралық рейтингіне кіреді және Орталық Азияда 1-ші, ал әлемде 100 елден 73-ші орында тұр, бұл елдегі экожүйені одан әрі дамытудың елеулі әлеуетін айғақтайды.

      Цифрлық құзыреттілік креативті контент жасау, визуалды дизайнды әзірлеу және тұтынушылардың деректерін талдауды қоса алғанда, салалар мен қызметтердің көп түрі үшін қажет болып келеді. Елде жыл сайын 22 мың ІТ-маман шығарылады. Бірақ жыл сайынғы кадр тапшылығы 30 мың адам деңгейінде сақталуда. Кадрлар тапшылығымен қатар цифрлық дағдыларды талап ететін жұмыс орындары санының өсу әлеуеті де бар, жалпы ІТ-мамандар Қазақстан экономикасында жұмыспен қамтылғандардың 1,2%-ын, ал ЕО-да жұмыспен қамтылғандардың 4,5%-ын құрайды.

      Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі - АКТ) және реттеу инфрақұрылымын дамытудың әлеуеті мен сын-қатерлері

      Қазақстанда бүгінгі таңда қаржы нарығына қатысушыларға халыққа және бизнеске қашықтан, цифрлық форматта төлем және қаржы қызметтерін көрсету, сондай-ақ жедел режимде төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу, ашық бағдарламалық интерфейстер (Open API) технологиясын қауіпсіз пайдалану, цифрлық теңге платформасы базасында блокчейн-технологияларды және смарт-келісімшарттарды дамыту, сондай-ақ алаяқтық транзакциялар мен күдікті операцияларды қадағалау және алдын алу мүмкіндігін қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы құрылуда. Бизнес-процестерді басқару жүйесі одан әрі цифрлық сақтауға көшуімен бұлтты есептеу қағидаттары бойынша дамуда.

      Байланыс сапасын жақсарту мақсатында 2027 жылға қарай интернетке кең жолақты қолжетімділіктің үй желілерінің енгізілуінің 100%-дық деңгейі қамтамасыз етілетін болады.

      Цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін Қазақстанға интернет жылдамдығын арттыру (Қазақстан үялы байланыс жылдамдығы бойынша 141-ден 66-шы орынды және бекітілген қосылу жылдамдығы бойынша 181-ден 96-шы орынды алады), деректерді өндеу нарығының әлеуетін ашу (2022 жылы Азиядан Еуропаға транзиттік деректер легінің 1,5% Қазақстанда өнделді) және мемлекеттік деректерді басқарудың бытыраңқылығын еңсеру қажет. Мемлекеттік деректер әртүрлі архитектураны пайдаланатын көптеген ақпараттық жүйеде қамтылған, бұл талдау жүргізу үшін әртүрлі ведомстволардың деректерін пайдалануды қиындатады.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      Елдің инновациялық әлеуетін кешенді дамытуға және оның сапалы жаңа деңгейге өтуіне, сондай-ақ олардың ел экономикасына қосқан үлесін біртіндеп арттыра отырып, креативті индустрияларды дамытуға ерекше назар аударылатын болады.

      Шешімдердің тиімділігін арттыру және адами факторды болдырмау үшін мемлекеттік органдар технологияларды қолдану арқылы экономиканың дәстүрлі салаларын түрлендіруді көздейтін цифрлық трансформация карталарын әзірлеуде.

      1-басымдық. Экономикаға инновацияларды белсенді енгізу

      Ресурстарды экономика үшін ең көп қайтарымы бар әзірлемелерге шоғырландыру үшін салалар бойынша басым технологиялар тізбесін қалыптастыру қажет. Технологияларды тандау кезінде ЖЭК-ке көшуді және энергия тиімділігін арттыруды қоса алғанда, салаларды дамытудың жаһандық трендтеріне сәйкестігі ескерілетін болады.

      2-басымдық. Инновацияны, цифрлық және креативті экономика салаларын қолдау үшін реттеуді оңтайландыру

      Осы бағыт шеңберіндегі жұмыс инновациялық белсенділіктің ауқымын кеңейту, цифрлық және креативті индустриялардың өсуі және осы салаларға инвестициялардың тартымдылығын арттыру үшін реттеуші шарттарды қамтамасыз етуді көздейтін болады.

      Зияткерлік меншікті қорғау мен пайдалану мүмкіндіктерін күшейту. Зияткерлік меншікті (Бұдан әрі - ЗМ) қорғауды күшейту үшін зияткерлік қарақшылықтың алдын алу және ЗМ құқықтарын бүзғаны үшін бұлтартпас жауаптылықты қамтамасыз ету жөнінде кешенді жұмыс жүргізу жоспарлануда. ЗМ құқықтарын пайдалану мүмкіндіктерін ұлғайтуға ЗМ құндылығы аудитінің стандарттарын әзірлеуді және ЗМ-ны кредиттік кепіл ретінде пайдалану үшін заңнамалық базаны құруды қоса алғанда, ЗМ-ны монетизациялау тетіктерін дамыту есебінен қол жеткізу көзделіп отыр.

      Бірыңғай деректер саясаты ашық архитектура (Open API) қағидаттарына және мемлекет пен коммерциялық сектор арасындағы кооперацияны күшейтуге сәйкес түзілетін болады. Осындай өзара іс-қимыл аясында ақпарат алмасуды үздік халықаралық стандарттарға сәйкес қауіпсіз ортада бұлтты технологияларды пайдалана отырып, стандартталған ашық бағдарламалау интерфейстерінің көмегімен жүзеге асыру жоспарлануда.

      Дербес деректерді қорғау бойынша реттеуді оңтайландыру олардың таралып кету тәуекелін азайтады, операциялардың сенімділігін және инвесторлар, бизнес және азаматтар тарапынан Қазақстанның цифрлық экожүйесіне деген сенімді арттырады.

      Бұдан басқа азаматтардың дербес деректерін қорғау жөніндегі құқықтарын бұзған операторлардың жауаптылығын қатаңдату, сондай-ақ деректердің иелерін хабардар етуді қоса алғанда, деректердің таралып кетуін анықтау және болдырмау тетіктерін дамыту көзделген.

      Креативті индустрияларды реттеуді дамыту экономиканың креативті секторының шекараларын нақтылауға, әлемдік тәжірибені ескере отырып, заңнамалық талаптар мен қызметті жүргізу мүмкіндіктерін әзірлеуге, сондай-ақ ресми статистикалық мониторинги жолға қоюға бағытталатын болады.

      Саланы қолдауды және оны реттеуді күшейту мақсатында тиісті заңнамалық базаны әзірлеу және қабылдау жоспарланған. Сондай-ақ өңірлерде креативті хабтар құрылатын болады, олар қызмет саласы креативті индустрияға жататын барлық заңды және жеке тұлғаларды біріктіретін бірыңғай экожүйені қалыптастыратын болады.

      Мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында Креативті индустрияны қолдаудың корпоративтік қорын құру көзделген, ол қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсететін болады.

      3-басымдық. Кадрлық әлеуетті дамыту және стартаптардың экожүйесін нығайту

      Таланттарға деген қажеттілікті жабу құзыреттілікті дамыту және стартаптардың экожүйесін нығайту арқылы қамтамасыз етіледі, бұл бір уақытта компаниялардың өсуін ынталандырады және таланттарды ұстап қалады.

      Цифрлық экономиканың кадрлық әлеуеті мен экожүйесі. Цифрлық құзыреттерді дамыту. Цифрлық сауаттылықтың жалпы артуы жұмыс міндеттерінде технологияларды тиімді пайдалану есебінен еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз етеді. Формальды білім берудің барлық кезеңдерінде бағдарламалау және деректер талдамасы жөніндегі курстарды кеңейту, IT-технология саласындағы жетекші сарапшыларды тартып, білім беру бағдарламаларының мазмұнын ұдайы жаңартып отыру жоспарланған. Оқытудың демеушілері ретінде бизнестің қатысуын арттыру кадрларды проактивті даярлауға және оқыту бағдарламасын компаниялардың қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.

      Стартаптардың экожүйесін күшейту. Инкубация және акселерация экожүйесі өңірлік өкілдікті кеңейту, Қазақстанның өңірлеріндегі алаңдар мен жетекші әлемдік инкубаторлар және ІТ-компаниялармен өзара іс-қимыл қарқындылығын арттыру, сондай-ақ жеке инкубаторлар мен акселераторларды қолдау арқылы дамитын болады. Инкубация сапасын арттыруға, оның ішінде аппараттық шешімдерді әзірлейтін стартаптар үшін зертханалық инфрақұрылымды күшейту есебінен қол жеткізу көзделіп отыр. Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы негізінде оқу бағдарламаларды жаңарту, машиналық оқыту, data science, кибернетика, ЖИ және робототехника бойынша модульдер енгізу жоспарланған. Бұдан басқа оқыту платформалары өздерінің онлайн курстары негізінде үлкен ағартушылық жұмыстар жүргізеді.

      Креативті экономиканың кадрлық әлеуеті мен экожүйесі. Креативті еңбек пен тұтынушылық талғамның құзыреттілігін қалыптастыру. Осы бағыттың міндеттері - экономикадағы креативті құрамдауыш бөлікті арттыру үшін қажетті құзыреттерге оқыту, азаматтардың эстетикалық қажеттіліктерін, олардың креативті контент сапасына деген үміттерін дамыту және Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қызығушылықты нығайту.

      Шығармашылық дағдыларды дамыту және мәдени белсенділік азаматтардың әл-ауқатына және олардың әлеуметтік белсенділікке тартылуына ынталандырушы әсер етеді.

      Формальды білім беру құрылымындағы оқыту бағдарламаларын жаңарту "жұмсақ" дағдыларды дамытуға және креативті индустриялармен өзара іс-қимылдың практикалық тәжірибесін кеңейтуге бағытталатын болады.

      Формальды білім берудің барлық кезеңдерінде білім алушылар үшін шығармашылық тапсырмалардың қарқындылығы мен алуан түрлілігін арттыру, сондай-ақ мәдениет пен өнер ұйымдарына, сән көрсетілімдері мен көрмелерге тұрақты экскурсияларды жолға қою арқылы практикалық тәжірибені кеңейту күтілуде. АҚШ статистикасы бойынша шығармашылықты оқытудың дамыған бағдарламасы бар мектептердегі оқушылардың басқа мектептердегі құрдастарымен салыстырғанда оқу және математика бойынша орташа балдары анағұрлым жоғары.

      Креативті қызмет түрлері, оларды игеру үшін қажетті дағдылар мен тегін бағдарламалар туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық ресурс құру жоспарлануда.

      Инкубация және акселерация алаңдары ретінде креативті кеңістіктерді дамыту. Креативті индустриялардың жалпы экожүйесінің бір бөлігі ең алдымен үздік әлемдік тәжірибенің ескерілуімен жеке бастама аясында дамытылатын заманауи кеңістіктер, мәдени орталықтар болады. Мұндай кеңістіктер қазіргі заманғы форматта жаһандық іс-шараларды өткізу үшін жағдайларды қамтамасыз етеді.

      Креативті индустрияларда кәсіпкерлікті қолдау. Мемлекет тарапынан қолдау жекелеген креативті индустриялардың ерекшеліктеріне бейімделетін, жергілікті және жаһандық трендтерді, сондай-ақ сарапшылар мен бизнестің пікірін ескеретін қаржылық және қаржылық емес шаралар кешенін біріктіретін болады.

      4-басымдық. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту: АКТ-қуаттарын енгізу және киберқауіпсіздікті нығайту

      Жаңа қуаттарды енгізу. Телекоммуникация нарығындағы бәсекелестік жағдайларын нығайту есебінен жекеше инвестицияларды ынталандыру күтілуде. Мемлекет тарапынан қаржылық қолдау бағдарламалары қатынау қиын аудандардағы халық үшін байланысты қамтамасыз етуді қоса алғанда, инфрақұрылым операторлары үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары және рентабельділігі төмен жобаларға тартылатын болады.

      Бұдан басқа 2025 жылы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желілері және 2026 жылы мемлекетаралық жобалар шеңберінде Батыс - Шығыс Ұлттық гипермагистралінің құрылысын аяқтау жоспарланған.

      Меншікті спутниктік топты дамытумен қатар, халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы ғарыштық байланыстың, Жерді қашықтықтан зондтаудың және навигацияның инновациялық жобаларын қолдау жоспарлануда. Бірыңғай цифрлық картографиялық платформаға интеграциялай отырып, мемлекеттік кеңістіктегі деректерді цифрландыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады, бұл геосервистерді дамытуды қолдайды.

      Киберқауіпсіздікті нығайтуды қорғау инфрақұрылымын дамыту жолымен іске асыру көзделген. Таралып кету ықтималдығын азайту үшін дербес деректерді қорғаудың техникалық мүмкіндіктері күшейтілетін болады. Құпия сөздерді орнату және аутентификацияның басқа да дәстүрлі әдістері кибершабуылдарға неғұрлым осал бола түсуде. Пайдаланушының іс-әрекеті мен контексті (орналасқан жері, пайдаланатын желісі және сол сияқты) талдау және бағалау үшін ЖИ мен машиналық оқытуды қолдану дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, рұқсатсыз кіруді болдырмауға көмектеседі.

      Бұдан басқа клиенттер, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың қауіпсіздігін арттыру үшін пайдаланушылардың іс-әрекетін сәйкестендіру, аутентификациялау және тіркеу құралдарының сенімділігі, сондай-ақ биометриялық деректердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, биометриялық деректердің елдік эталондық базасын құру жоспарлануда.

      5-басымдық. Басым цифрлық технологияларды әзірлеу мен енгізуді қолдау

      Қолдаудың басымдығы ретінде екі шешім таңдалады: қолданбалы ЖИ және жетілген байланыс технологиясы, өйткені бұл технологиялық бағыттар инновациялылық дәрежесі мен енгізу жылдамдығы бойынша қалған серпінді технологиялардан асып түседі және цифрлық технологиялар арасында инвестициялардың ең көп көлемін тартады.

      Қолданбалы ЖИ шешімдері. Алдағы онжылдықта ЖИ-ды енгізу қазіргі әлемдік ЖІӨ-нің 25%-ына дейін құрай алады деп күтілуде, олардың ішінде 8% генеративті ЖИ шешімдеріне тиесілі болады. Бұл ретте ЖИ-ды енгізудің әсері біркелкі емес, дамыған елдерде өнімділіктің өсуі дамушы елдерге қарағанда 1,5 есе жоғары болады деп болжанады.

      Бұл теңсіздікті қысқарту үшін Қазақстанда қолданбалы ЖИ шешімдерін кешенді әзірлеу және енгізу қамтамасыз етілетін болады.

      Халықаралық тәжірибеге сәйкес цифрландырудың платформалық моделіне көшу мақсатында мемлекеттік және коммерциялық сектордың иесіздендірілген деректерін жинақтау мен өндеудің заманауи талаптарына сай келетін Деректерді өңдеу орталығы мен ЖИ үшін суперкомпьютер жасау жоспарлануда.

      Бұдан басқа Қазақстанда ірі бизнестің, стартаптардың, ғалымдар мен мемлекеттік органдардың бірлесіп қатысуымен ЖИ-ды дамытудың стратегиялық құжаты әзірленуде. Әрбір сала үшін әзірлеу мен енгізудің басым кейстері көзделген, олар гранттық және сарапшылық қолдауға ие болады. Мемлекеттік секторда барлық деректерді ЖИ негізіндегі талдауды пайдаланатын платформаға көшіруді аяқтау жоспарлануда.

      Генеративті ЖИ-ге негізделген жергілікті тілдік модельдерді жасауға ерекше назар аударылады. Мұндай модельдер қолданбалы ЖИ-ды ел контекстіне барынша тиімді бейімдеуге мүмкіндік береді және барлық түркітілдес елдерде қазақстандық ЖИ шешімдерінің экспорттық тартымдылығын арттырады.

      Қаржы саласында ЖИ-ды пайдалану болжамдардың дәлдігін жақсартуға, күнделікті бір сарынды операцияларды автоматтандыруға, сондай-ақ барынша тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Осы түрғыда Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын мемлекеттің талдамалық жүйесіне интеграциялау қаржы саласындағы жоғары тиімділік пен инновацияны қамтамасыз етудің негізгі құралы болады.

      Жетілдірілген байланыс технологиялары сымды (талшықты-оптикалық желілер), сымсыз (6-шы және 7-ші буындағы Wi-Fi, 5G және 6G желілері) және аэроғарыштық (аэростаттар, стратосфералық ұшқышсыз ұшу аппараттары және геостационарлық емес байланыс спутниктері) шешімдер жиынтығын біріктіреді. Оларды енгізу энергия тұтынуды төмендете отырып, интернеттің жылдамдығы мен тұрақтылығының өсуін қамтамасыз етеді, заттар интернетінің даму тиімділігін арттырады.

      6-басымдық. Венчурлық инвестициялар нарығын дамыту және инновацияларды мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру

      Осы міндеттерді іске асыру ҒЗТКЖ-ны қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нің 1%-на дейін және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет пен қолданбалы ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын жекеше қоса қаржыландыру үлесін 2029 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізуді қолдайды.

      Венчурлық инвестицияларды дамыту. Венчурлық қаржыландыру мүмкіндіктерін үш шара: реттеуді пысықтау, жаңа форматтағы қорларды құру және мүдделі тараптардың хабардарлығын арттыру есебінен кеңейту көзделуде. Реттеудегі өзгерістер инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтуге, соның ішінде "қателесу қүқығы" шекараларын өзгертуге, жекеше инвесторлардың құқықтары мен инвестициялау тәсілдерін нақтылауға бағытталатын болады. Жаңа форматтар арасында кеш сатыдағы қорлар мен қарсы қорларды ұйымдастыру жоспарлануда. Инвесторлар мен технологиялық компаниялардың хабардарлығын арттыру үшін венчурлық мәмілелер көлемі бойынша мемлекеттік статистиканы жинау және жариялау кеңейтілетін болады. Жыл сайынғы талдамалық материалдарды дайындауды және оларды ашық қолжетімділікте жариялауды ұйымдастыру көзделген.

      Инновацияларға жұмсалатын мемлекеттік шығындардың тиімділігін арттыру елдегі инновациялық қызметтің нәтижелілігін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Негізгі тетіктер конкурстық қағидаттарды, инновациялық жүйенің мониторингі институтын дамыту және пилоттық жобаларды қаржыландыру және бақылау тетігін енгізу болады. Пилоттық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру институтын енгізу бюджет шығындары қаупін азайтады және қаражатты неғұрлым нәтижелі жобаларға жедел қайта бөлуге мүмкіндік береді.

3.4. ТУРИЗМ     

      Ағымдағы жағдай

      Бай тарихы мен мәдениеті, бірегей табиғаты және халық саны көп елдермен көршілес стратегиялық тиімді географиялық орналасуы Қазақстанда туризмді дамыту үшін елеулі әлеуетті айқындайды: 2022 жылы орналасу орындарында қызмет көрсетілген ішкі туристер саны 6,4 млн адамға, ал шетелдік туристер 0,9 млн адамға жетті. Жұмыспен қамту құрылымындағы туристік саланың үлесі 2022 жылы 5,3%-ды құрай отырып, тіпті карантиндік шектеулер кезеңінде де орнықтылықты сақтады.

      Дүниежүзілік экономикалық форумның туризмді дамыту индексі рейтингінде 2021 жылы Қазақстан 2019 жылғы алдыңғы рейтингтен 14 позицияға көтеріліп, 117 елдің ішінен 66-шы орынды иеленді. Дегенмен саланың әлеуеті әлі толық іске асырылған жоқ. Ресми статистика деректеріне сәйкес 2021 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сіне туризмнің ағымдағы үлесі 3,4%-ды құрады, бұл әлем бойынша орташа көрсеткіштен (8%) төмен және мысалы, климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдердің көрсеткіштерінен едәуір төмен. Бұл ретте Қазақстанда туристік саланың дамуын бірнеше сын-қатер тежеп отыр.

      Өңірлік ауқымда дамыған тартылыс нүктелерінің болмауы

      Саланың дамуын тежейтін негізгі факторлардың бірі - туристік дестинациялардың инфрақұрылымы дамуының жеткіліксіздігі, оның ішінде жолдардың болмауы немесе сапасының төмендігі. Жоғарыда көрсетілген индекстің "Туристік қызмет көрсету инфрақұрылымының сапасы" қосалқы индексі бойынша ел 76-шы орында. Атап айтқанда, Алматы және Астана қалаларында келушілердің пікірінше, 5 деген бағадан 4-тен төмен емес деген баға берілген қонақүйлердің үлесі салыстырмалы түрде төмен болып қалуда: бар-жоғы шамамен 9 - 12 %. Кейбір объектілер адам ең көп келетін маусымдарда инфрақұрылымға жоғары жүктемемен сипатталады: мысалы, Алматы тау кластері шаңғы тебу маусымында 1,5 млн астам келушіге қызмет көрсетеді.

      Инфрақұрылымдық сын-қатерлермен қатар сала үшін негізгі кедергілердің қатарында қызмет көрсету деңгейінің төмендігін атауға болады. Дүниежүзілік экономикалық форум 2021 жылы Қазақстанда туризм индустриясының дамуын бағалау шеңберінде сервис сапасына білікті мамандардың жетіспеушілігі тікелей әсер ететінін анықтады. Білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетті экономиканың қажеттіліктеріне және персоналды даярлауға инвестицияларға сай болуы тұрғысынан барынша артта қалушылық байқалады.

      Шетелдік туристер легінің әлсіздігі

      Қазақстанда мысалы, Грузия мен Өзбекстанға қарағанда шетелден келуші туристердің саны едәуір аз (2021 жылы осы елдердің Ұлттық статистикасына сәйкес Грузияда жылына 1,7 және Өзбекстанда 1,9 млн адам тіркелсе, Қазақстанда 1,3 млн адам тіркелген). Бұл ретте сырттан келушілерге жүргізілген ресми зерттеу шетелдік туристердің 90 %-ға жуығы Қазақстанға көрші елдерден (негізінен Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан) келетінін, ал Еуропа, АҚШ, Қытай және Шығыс Азия елдері сияқты дамыған елдердің ірі нарықтарынан туристердегі жалпы санының шамамен 5%-ын құрайтынын көрсетеді.

      Шетелдік туристер легінің әлсіздігіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі - ел ішінде де және басқа елдерден келіп саяхаттау үшін де логистикалық байланыстың әлсіздігі. Туризмді дамыту индексі рейтингінде Қазақстан әуе көлігі инфрақұрылымы бойынша 117 елдің ішінде 73-ші, жерүсті және порт инфрақұрылымы бойынша 80-ші орында.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      2029 жылға қарай шетелдік туристерді орнықты тартуда барынша әлеуеті бар Астана және Алматы қалалары (Алматы тау кластерін қоса алғанда), Маңғыстау, Түркістан, Бурабай курорттық аймағы сияқты туристік дестинациялар басым дамуға ие болады.

      1-басымдық. Басым дестинацияларды фокустық дамыту

      Бұл бағыттағы жұмыс келушілердің қанағаттанушылығын тез өсіруге және туристік өнімнің сапасын кешенді арттыруға бағытталады.

      Бәсекеге қабілетті туристік өнімді дамыту. Өңірлік ауқымда табысты тартылыс нүктелерін құру халықаралық деңгейдегі сервис болатын бәсекеге қабілетті қонақүйлер, мейрамханалар, заманауи музейлер, саябақтар мен ойын-сауық объектілері желілерін, сондай-ақ туризмнің жаңа форматтарын (мысалы, глэмпинг және экотуризм) жедел дамытуды талап етеді. Туризмде қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қызметтердің жекелеген түрлерін үсынуды регламенттейтін және олардың халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ететін стандарттар эзірленетін болады. Сондай-ақ қонақүйлерді жіктеу жүйесіне реформа жүргізу көзделген.

      Базалық инфрақұрылымды дамыту. Мемлекет тарапынан басым дестинациялардың, оның ішінде жолдар мен соқпақтарды, тұрақтар мен кемпингтерді, базалық коммуникациялар мен сапар-орталықтарын қамтитын қолайлы базалық инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсетілетін болады.

      Туризмнің қоршаған ортаға теріс әсерін азайту. "Экологиялық орнықтылық" қосалқы индексі бойынша Қазақстан 117 орыннан 104-ші орынға жайғасты. Ахуалды жақсарту үшін елде жауапты мінез-құлықты ынталандыру және туристер арасындағы бақылауды, оның ішінде туризм саласында бизнес жүргізуді бақылауды күшейту қажет. Адамдар аз келетін маусымдарда белсенділікті ілгерілету арқылы туристер легін теңгерімді етуді және жыл бойы дамытуды, сондай-ақ ең көп жұмыс істейтін аймақтар үшін маусымдық тарифтерді реттеп саралауды қамтамасыз ету маңызды. Бұдан басқа қолжетімді жалға берілетін тұрғын үй санын және қорғалатын аймақтарға кіруге рұқсатты шектеу арқылы лекті басқару қажет.

      2-басымдық. Негізгі шетелдік нарықтарда Қазақстанның туристік бағыт ретіндегі танымалдылығын арттыру

      Қазақстанның халықаралық туристік әлеуетін дамыту табысы орташа және жоғары азаматтардың көп және қарқынды көбейіп келе жатқан тобы бар Қытай мен Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен және Үндістаннан туристік лектің еселеп өсуін талап етеді. Oxford Economics (2018 жыл) деректеріне сәйкес саяхатшылардың 70 %-дан астамы сыртқы туризм үшін 4 сағат шамасында ұшып жететін дестинацияларды тандайды, бұл Қазақстанды аталған елдер үшін сыртқы туризмнің қолайлы бағытына айналдырады. Бұл ретте 2029 жылға қарай шетелдік туристердің жыл сайынғы легі 4 млн адамды құрайды.

      Нысаналы нарықтарда белсенді ілгерілеу. Басым нарықтарда толық көлемде Қазақстанның туристік әлеуеттін іске асыру ілгерілету тәсілдерін күшейтуді талап етеді: маркетингтік науқандар нақты елдің ерекшелігіне бейімделген контентке негізделетін болады, ал қазақстандық туристік өнімді тәжірибелі жергілікті әріптестердің қолдауымен ілгерілету жоспарланып отыр. Қазіргі жалпыелдік брендингке қосымша нақты басым дестинацияларды ілгерілетудің ауқымды науқанын әзірлеу көзделген.

      Туризм объектілерінің цифрлық кеңістікте болуын күшейту. Көптеген елдердің тәжірибесіне сәйкес жеке веб-сайттармен қатар, мысалы, Ctrip, TripAdvisor, Booking және Google экожүйесі сияқты танымал ресурстарда, сондай-ақ танымал әлеуметтік желілерде болу деңгейі туристік өнімнің сәттілігіне айтарлықтай әсер етеді. Бастапқы кезеңдерде мемлекет тарапынан осындай белсенділікті қолдау (оның ішінде оқыту нысанында) және ынталандыру өте маңызды болады. Туристік көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде гидтердің қызметін цифрландыру жұмысы жалғасады.

      Нысаналы нарықтармен байланысты арттыру. "Ашық аспан" мэртебесін сақтаумен және кеңейтумен қатар, логистикалық байланыстың маңызды құралдарының бірі танымал бағдарларда арзан тасымалдаушылардың (лоукостерлердің) болуын кеңейту болмақ. Мұндай авиакомпаниялар туризмді ынталандырудағы тиімділігін дәлелдеді, алайда олардың қазақстандық нарыққа ілгерілеуі бірқалыпты болып қалуда: мысалы, Грузия мен Әзірбайжанда лоукост-авиатасымалдардың үлесі тиісінше 56% және 37%, ал Қазақстанда - небәрі 21%-ды құрайды

      . Тағы бір тетік даму әлеуеті жоғары жекелеген бағыттарды уақытша қолдау болуы мүмкін.

4. ЭКОНОМИКА МЕН ҚОҒАМНЫҢ ТҮПКІЛІКТІ ТҮРЛЕНУІ

      4.1. СЕРПІНДІ КӘСІПКЕРЛІК ОРТА ҚҰРУ

      Ағымдағы жағдай

      Шағын және орта бизнес (ШОБ) - Қазақстан экономикасының ең серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің бірі.

      ШОБ субъектілері ЖҚҚ-сының елдің ЖІӨ-сіне қосқан үлесі кәсіпкерлікті қолдаудың кең ауқымды бағдарламалары, кәсіпорындар ашу процесін жеңілдету және халықтың кәсіпкерлік қызметке қызығушылығын арттыру аясында 2014 жылғы 26%-дан 2022 жылы 35,1%-ға дейін өсті. ШОБ сондай-ақ 4,1 млн адамды жұмысқа орналастырды, бұл жұмыспен қамтылған халық санының 45,6%.

      Қазақстандағы ШОБ өнімділіктің, салықтық қайтарымның және жаһандық тізбектерге қатысудың төмен деңгейімен сипатталады және жоғары бюрократия, нарықтың елеулі бұрмалануы және нәтижеге бағдарланбаған қолдау жағдайында жұмыс істейді.

      ШОБ өнімділігінің және орта бизнес үлесінің төмендігі

      ШОБ өнімділігінің төмендігі байқалады: 2022 жылы жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің орташа ЖҚҚ-сы бір субъектіге 45 мың АҚШ долларын құрады, бұл дамыған елдердің көрсеткіштерінен едәуір төмен. Бұл ретте салалық құрылым бизнестің өнімділігі төмен салаларда шоғырланғанын көрсетеді. ШОБ сегментіндегі (жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда) ең ірі сала - субъектілердің 35%-ын құрайтын сауда. Шағын бизнес сегментінде де шоғырланған кәсіпорындар санының өсуі орта бизнес сегментіндегі 1%-бен салыстырғанда 2014 - 2022 жылдары орта есеппен шамамен 9%-ды құрады.

      Бизнестің салық өнімділігінің төмендігі

      Құқық қолдану мен заңдардың орындалуын әкімшілендірудің қазіргі практикасы кәсіпкерлерді белгілі бір мөлшерге жеткенде бизнесін бөлшектеуге тікелей және/немесе жанама түрде ынталандырады. Мұндай шешімдерге шағын және орта компаниялар үшін тең емес жағдай туғызатын жеңілдетілген салық режимдерінің, салықтық әкімшілендірудің және әкімшілік іс жүргізудің айтарлықтай саны қатты әсер етеді.

      Қазақстандық ШОБ-тың құн жасаудың жаһандық тізбегіне шектеулі қатысуы

      Қазақстанның ШОБ-ы импорт тұрғысынан интернационалданған, бірақ экспортқа айтарлықтай үлес қоспайды. Тауарлар импортының 62%-дан астамы - негізінен ішкі тұтынуға арналған дайын өнімдер және экспорттың шамамен 18%-ы ШОБ-қа тиесілі, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш шамамен 30 - 50%-ды құрайды. Экспорттаушы кәсіпорындардың үлесі өте төмен болып қалып отыр: барлық ШОБ субъектілерінің 1%-дан да азы немесе 2022 жылдың қорытындысы бойынша 500-ге жуық компания. Бұл ретте ШОБ-тың барлық экспортының тек 31,7% ғана шикізаттық емес тауарларға, тауарлардың 6% дайын өнім санатына және 25% жартылай фабрикаттар санатына жатады.

      Мемлекеттің тікелей және жанама қатысуының жоғары үлесі, нарықтың монополиялануы және ШОБ үшін бизнес жүргізудегі тең емес жағдайлар

      Мемлекет қатысуының жоғары деңгейі Қазақстан экономикасының негізгі сипаттамаларының бірі болып табылады. Қатысу нарықтарға ойыншы ретінде тікелей қатысуынан да, нарық тетіктерін бұрмалайтын реттеуінен де көрініс табады.

      Елдің базалық салаларында шоғырланудың жоғары деңгейі сақталуда. Отын-энергетика кешені, көлік, телекоммуникация және байланыс сияқты салалардағы нарықтың негізгі қатысушыларының жиынтық үлесі (CR-3) 70-тен 100%-ға дейінгі аралықта ауытқиды.

      Нарықтардың мұндай құрылымы ақпаратқа, шикізатқа, инфрақұрылымға және өндірістік қуаттарға көбінесе қолжетімділігі шектеулі ШОБ үшін бәсекеге сай емес "ойын" шарттарын туғызады. Мысалы, логистика саласында осындай жағдайға жиі ұшырайды, себебі мұнда тасымалдау басымдығы ірі өнеркәсіптік ойыншыларға және транзиттік тасымалдауға беріледі.

      Мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен нәтижеге бағдарлануының жеткіліксіздігі

      ШОБ-ты мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары (негізінен қаржыландыру құнын төмендету) ШОБ-тың экономикаға қосқан үлесіне оң әсерін тигізеді. Еуропалық қайта құру және даму банкінің зерттеуіне сәйкес ШОБ-ты кредиттік қолдау аясындағы әрбір 1 млрд теңге ШОБ-тың ЖІӨ-ге қосқан үлесін 0,4 п.т. арттыруға сәйкес келеді, жекелеген кәсіпорындардың микро деңгейінде де оң әсер байқалады.

      Сонымен қатар бизнестің "өмір сүруінің" субсидияларға жоғары тәуелділігінің даму тәуекелдері бар, ал қолдау бағдарламаларын және осындай тәуекелдердің дәрежесін объективті және толық бағалау үшін тиімділік мониторингі мен деректер жеткілікті жүйеленбеген. Бөлінген қаражаттың қайтарымы жоғары, барынша ашық, қарқынды дамып келе жатқан, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға басымдық беру және ынталандыру тетіктері жоқ.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      Кәсіпкерлікті дамытудың басымдықтарын іске асыру ШОБ-тың экономикаға қосар үлесін арттырады және оның дамуы цифрландыру арқылы әкімшілік жүктеме мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, бизнесті іріленуге және бейформалды экономикадан шығуға ынталандыруға, экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың санын арттыруға, бәсекелестікті дамытуға, нарықтың тікелей және жанама бұрмалануын азайтуға, бизнесті қолдау құралдарын жетілдіруге бағытталатын болады.

      Бұл ретте бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды дамыту үшін жағдайлар жасалатын болады: фискалдық ынталандыру арқылы бизнесті қолдаудың жанама құралдарын ұлғайту, бизнес-инфрақұрылымды дамыту, білім беруге инвестицияларды ұлғайту және басым салаларды қолдаудың басқа да атаулы емес нысандары.

      1-басымдық. Бизнес пен үкіметтің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру

      ШОБ-ты қолдау бағдарламалары бағалау өлшемшарттары мен форматын жетілдіру және тиісті талдаманы автоматтандыру. Бүгінгі күні мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тиімділігін бағалау үшін нақты өлшемшарттар мен процестердің болмауы, сондай-ақ интеграцияланған деректер базасы түріндегі инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы байқалады. Осыған байланысты тиісті әдістемені қабылдау, эксперименттік және бақылау топтарының тәсілін қолдана отырып, тұрақты бағалау жүргізу қажет. Бұл тәсіл мемлекеттік қолдауды алушылар бойынша да, басқа кәсіпорындар бойынша да мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректерін біріктіруді талап етеді. Кейін бағдарламалардың шарттарына кез келген өзгерістерді енгізу кезінде жиілікті азайту, тәсілдердегі өзгерістердің негізділігін арттыру және "Data-driven government" тұжырымдамасындағы тәсілдер мен оны іске асырудағы өзгерістердің негізділігін арттыру үшін шектеулі кәсіпорындарда А/В-тестілеу және пилоттау әдісі қолданылатын болады.

      Ең нәтижелі кәсіпорындарды, оның ішінде алушылардың автоматтандырылған скоринг-жүйесін енгізу арқылы көтермелеу үшін қолдау шараларының қолжетімділігін саралау. Осы жұмыс шеңберінде ШОБ субъектісінің санатына оның салық төлемдерінің серпіні, өмірлік циклының кезеңіне, экспорттық әлеуеттің болуы, бұрын көрсетілген қолдаудың әсері (еңбек өнімділігін арттыру, кірістің өсуі және т.б.) бойынша байланыстыра отырып, қолдау құралдарының қолжетімділігін (мысалы, кредиттер мөлшерлемесі бойынша субсидиялар мөлшерінің өзгермелілігі) градациялауды жүргізу қажет.

      Мемлекеттің интервенциялар алуда қарқынды дамып келе жатқан және бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпорындар басымдыққа ие болады. Қолдау сондай-ақ қосымша "сапалы" шарттарды сақтаған кезде, мысалы, кәсіпкерлік жөнінде білім беру курстарын өткеннен кейін де ұсынылатын болады.

      Мемлекет пен бизнестің цифрлық өзара іс-қимылының ауқымын кеңейтуді әртүрлі мемлекеттік дерекқорларда, ұйымдардың дерекқорларында, сондай-ақ басқа да көздерде бар әрбір бизнес бойынша барлық ақпаратты қамтитын бизнестің цифрлық карталарын енгізу жолымен іске асыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде экономиканың стратегиялық маңызды секторларының қалай жұмыс істейтінін нақты түсіну үшін алынған мәліметтерді талдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл проблемалық мәселелерді анықтауға және уақтылы шаралар қабылдауға, қолдауды қажет ететін перспективалы компанияларды белсенді табуға, даму болжамдарын құруға мүмкіндік береді.

      Есеп беру рәсімдерін автоматтандыру және рұқсаттар санын азайту. Осы жұмыс шеңберінде талаптардың санын азайту және мүмкін болатын жерде рұқсат беруден ерікті негізде есеп беруге көшу үшін лицензиялар мен рұқсаттардың қолданыстағы құрылымына аудит жүргізу жоспарлануда.

      Сонымен қатар, "таза парақтан" реттеу қағидаттарын толыққанды енгізу мақсатында бірқатар салалық заңнамалық актілерге мемлекеттік бақылау рәсімдерін жұмсартуға, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған өзгерістер енгізілетін болады.

      Сонымен қатар қолданыстағы жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер шеңберіндегі ақпаратқа сүйене отырып, есеп беру рәсімдерін, атап айтқанда салық есептілігін барынша автоматтандыруды енгізу қажет.

      2-басымдық. Кәсіпорындардың экспортқа бағдарлануын және жаһандық саудаға қатысуын арттыру, отандық өндірушілерді ішкі нарықта ілгерілету

      Экспортты қолдауды одан әрі дамыту. Экспорттаушыларды қолдау құралдарының қолданыстағы кең спектрін дамыту (сауданы қаржыландыру, сақтандыру, шығындарды өтеу, талдамалық қолдау, өндірушілерді халықаралық нарықтарда орналастыру) оларды үйлестіруге және қолдау алу процесін оңтайландыруға бағытталатын болады.

      Ағымдағы процеске сәйкес экспорттық шығындарды өтеуге өтінімдер жылына бір рет қана қаралады, қарау мерзімі 3 айға дейін созылады, сондықтан шаралардың пәрменді болуын және бизнесті ынталандырудың жеткілікті болуын қамтамасыз ету үшін процестерді жаңарту және қолдау алу уақытын қысқарту қажет.

      Мемлекет пен экспорттаушылар арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі интерфейс! рөлін атқаратын export.gov.kz платформасы экспорттық операцияларға қажетті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен қолдау шараларын біріктіреді, сондай-ақ әріптестер іздеу және экспорттық консорциумдар қалыптастыру үшін фирмааралық байланыстарды орнатуға қолдау көрсетеді.

      Халықаралық саудадағы ағымдағы трендтерді бақылауға және қазақстандық бизнес үшін өзекті мүмкіндіктерді жылдам анықтауға арналған сауда талдамасы одан әрі дамиды.

      Отандық тауар өндірушілерді ішкі нарықта ілгерілету. Отандық нарықты сыртқы күйзелістерден қорғау және елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сауда шараларын проактивті қолдану жалғастырылатын болады.

      Еліміздің барлық өңірлерінде тауарларға қоғамдық мониторингі ынталандыруға бағытталған "Сапалы өнім" әлеуметтік жобасының іске қосылуы ішкі нарықты қорғау құралдарының бірі болды.

      Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау мен қорғау сауда желілеріндегі сөрелерде олардың өнімдерінің болуын ұлғайту, сондай-ақ "Қазақстанда жасалған" белгісін тағайындау бөлігінде жалғастырылады.

      Отандық тауар өндірушілер өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды ынталандыру және өндіріс жағдайларын бірегейлендіру үшін индустриялық сертификат пен "СТ-KZ" сертификаты Қазақстандық тауарлардың Ұлттық тізілімін алмастырады.

      Орта мерзімді перспективада техникалық реттеуді, стандарттауды және метрологияны дамыту ішкі нарықты қорғауды және экспортты ілгерілетуді де қамтамасыз етеді. Шаралар ұлттық стандарттарды қолдану деңгейін арттыруды, Ұлттық өлшемдердің эталондық базасын жетілдіруді, халықаралық деңгейде танылған өлшем мүмкіндіктері мен зертханалық желілерді кеңейтуді, қазақстандық құжаттардың халықаралық танылуын арттыру жұмыстарын да қамтитын болады.

      Бұдан басқа мемлекет бәсекеге қабілетті ШОБ-ты дамыту үшін ынталандыру ретінде реттелетін сатып алуды пайдалануды жалғастырады. Реттелетін сатып алу өндірісті Қазақстанда орналастыруға ықпал ететін тетіктерді ескере отырып түзілетін болады.

      Логистикалық және басқа да сауда кедергілерін азайту. Логистикалық инфрақұрылымды, сыртқы сауда саясатын, өнеркәсіптік саясатты және техникалық реттеу саясатын дамыту қазақстандық ШОБ-тың жаһандық құн тізбегіне қатысуын арттыруға бағытталуға тиіс. Логистиканың егжей-тегжейлі мәселелері "3.1. Көлік-логистика кешені" бағыты шеңберінде ашылған.

      3-басымдық. Бизнесті іріленуге және бейформалды экономикадан шығуға ынталандыру

      Жасанды ұсақтау белгілері бар компанияларды анықтау үшін жетілдірілген талдауды пайдалану. Бизнестің ұсақталуға деген қазіргі тенденциясын ескере отырып, жасанды ұсақтау және салықтан жалтару практикасын қолданатын бизнесті анықтау үшін жетілдірілген талдау құралын әзірлеу қажет. Бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде кәсіпорындарға санкциялар қолданбай қайта бірігу құқығы берілетін болады.

      Ірілендіру үшін субсидиялық және салықтық ынталандырулар жасау. Арнаулы салық режимдері мен шекті деңгейлердің тізбесіне ревизия жүргізу, әртүрлі көлемдегі бизнес үшін жазалардың теңсіздігін жою және әзірленіп жатқан мемлекеттік қолдау скоринг-жүйесі шеңберінде ірілендіруге оң ынталандырулар жасау көзделген.

      Бизнеске біржолғы салық жүктемесін азайту және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу үшін салық төлемдерін "бөліп төлеу" жүйесін енгізу жоспарланған. Бизнес аударатын салықтарды пайдаланудың ашықтығын арттыру және процесті "геймификациялау" үшін кәсіпкерлерге олардың салықтық аударымдарының пайдаланылуы жөнінде есептілік, сондай-ақ аударымдар үлесін нақты бастамаларға немесе жобаларға бөлуге және бағыттауға ықпал ету мүмкіндігі берілетін болады.

      Сауданың заманауи форматтарының үлесін арттыру және цифрлық құралдарды енгізу. Орта мерзімді кезеңде сауда саясаты оның қатысушылары үшін қауіпсіз және жайлы жағдай жасауға баса назар аударыла отырып, сауда өнімділігін арттыруға бағытталатын болады.

      2029 жылға қарай қазіргі заманғы сауда форматтарының үлесін 70%-ға, электрондық сауданы 18,5%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр, ал сауда алаңдары 2,7 млн шаршы метрге дейін өседі. Сауда аландарына қажеттілікті айқындау үшін қолда бар объектілерге ревизия жүргізу көзделген, оның шеңберінде олардың жеткіліктілігі, жай-күйі, орналасқан жері, инфрақұрылымның саудаланатын заттар мен нормативтерге сәйкестігі талданатын болады.

      Өңірлердегі инфрақұрылымның жай-күйінің нақты бейнесін қалыптастыру, сондай-ақ озық сауда талдауын енгізу мақсатында сауда объектілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізу қажет. Алынған ақпарат сауда объектілерінің интерактивті цифрлық картасында да көрсетіледі.

      4-басымдық. Бәсекелестікті дамыту және нарықты бұрмалауды азайту

      Баға белгілеу арқылы жалпы субсидиялау қағидатынан халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы субсидиялауға көшу. Мұнай және Мұнай өнімдерін, тауарлық газды, электр энергиясын қоса алғанда, бірқатар монополиялық тауар нарықтары үшін реттеу және бағаларды нарықтық бағадан айтарлықтай төмен деңгейде белгілеу арқылы жалпы субсидиялау моделінен атаулы субсидиялау моделіне көшу жүзеге асырылады. Атаулы субсидиялауға көшу берілген субсидиялардың тиімділігін арттырады, сондай-ақ бірқатар саланың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

      Біртекті бәсекелес ортаны қамтамасыз ету. Мемлекеттің жұмыс істеуі үшін аса маңызды және мемлекеттік монополиялардың қолданылу аймағы саналатын функциялардың шектеулі санын қоспағанда, барлық нарықтарда тең шарттар қағидаттарын одан әрі нығайту және адал бәсекелестікті ынталандыру үшін реттеуді жаңарту жұмысы жалғастырылады.

      Инфрақұрылымға қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерді қабылдау кезінде тәуелсіздік пен бейтараптықты қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық операторлардың нарық қатысушыларынан тең қашықтығы қағидатын іске асыру аса маңызды болады.

      Бұдан басқа еліміздің заңнамасына сәйкес "бәсекелестік бейтараптық" қағидатын іске асыра отырып және ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибесін қолдана отырып, квазимемлекеттік сектор мен жеке бизнес арасындағы біртекті бәсекелес ортаны нығайту шаралары қабылданатын болады.

      Жүк теміржол тасымалын, телекоммуникацияны, жолаушылар авиатасымалын, отын-энергетика кешенін қоса алғанда, бірқатар нарықтар бойынша мемлекеттің қатысу үлесін төмендету жоспарланған.

      Алғашқы қадамдардың бірі мемлекеттік мүлік тізілімін қайта қарау және жекешелендіру процесінің әдіснамалық аспектілерін нақтылау, сондай-ақ акцияларды жария орналастыру үшін ірі объектілердің нақты тізбесін (ІРО) айқындау болады.

      Монополияға қарсы реттеудің негізгі басымдығы жазалау тәсілдерінен бас тартып, "жұмсақ құқық" құралдарын кеңінен қолдануға көшіп, проактивті бәсекелестік саясатын енгізу болады.

      Биржалық сауданы және "ашық нарықтар" қағидаттарын дамыту. Осы жұмыс шеңберінде энергия тасымалдаушыларды, электр энергиясын және ауыл шаруашылығы шикізатын қосу арқылы биржалық саудаға арналған стандартталған тауарлардың тізбесін кеңейту көзделген. Биржалық сауданы дамыту биржалық туынды құралдарды енгізумен, дербес биржалық қоймаларды жасаумен және клирингтік қызмет көрсету тетігі арқылы есеп айырысулардың сенімді кепілдігімен сүйемелденетін болады.

      Орта мерзімді кезеңде биржалық саясат тауар биржаларының ІТ-платформаларын нығайтуға және ақпараттық қауіпсіздікті сақтауды күшейтуге баса назар аудара отырып, қуатты биржалық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталатын болады.

      Бұл жұмыстың нәтижесі стандартталған тауарлармен биржалық сауда үлесін 2029 жылға қарай 2023 жылға қарағанда 25%-ға өсуі болады.

      Тауар айналымын көлеңкеден шығару, тауар нарықтарында адал бәсекелестікті ынталандыру, негізсіз баға үстемелерін төмендету және тұтастай алғанда, нарықтың тиімділігін арттыру мақсатында тауарлардың қадағалануы қамтамасыз етілетін болады.

      Міндетті таңбалануға жататын тауарлардың тізбесі, мысалы, "сұр" санаттағы импорттың үлесі, ағымдағы нарықтық құны және Қазақстанда өндірістің болуы сияқты өлшемшарттардың ескерілуімен кеңейтілетін болады, ал процестерді регламенттеу құқықтық тұрғыдан күшейтілетін болады. Сондай-ақ мемлекеттік бақылау объектілерінің анықтамалығын жасау, растайтын құжаттарды цифрландыру және тек цифрлық құжаттарды, бұл ретте көбіне машинада оқылатын түрде қолдануды кеңейту бойынша жұмыстар жүргізу көзделген.

4.2. ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЦИКЛ

      Ағымдағы жағдай

      Инвестициялар - ұзақ мерзімді экономикалық дамуды қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі, олар өндірістік қуатты кеңейтуге, инновацияларды қаржыландыру арқылы өнімділік пен тиімділікті арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

      Қазақстанда экономикадағы инвестициялар үлесінің төмендеуі байқалады: НКИ-дің ЖІӨ-ге қатынасы 2012 жылғы 18%-дан 2023 жылы 14,6%-ға дейін төмендеді.

      Бұл жайтқа себеп болған негізгі факторларға тікелей шетелдік инвестициялардың (бұдан әрі - ТШИ) таза ағынының төмендеуі және банктердің экономиканың нақты секторын кредиттеуге қатысу деңгейінің төмендігі жатады.

      Тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағынының азаюы

      Қазақстанға шетелдік инвестициялардың таза ағыны 2010 - 2021 жылдар аралығындағы кезеңде 11,6 млрд-тан 3,2 млрд АҚШ долларына дейін азайды. Бұл ретте ағын басым түрде ағымдағы жобалардан түсетін кірістерді қайта инвестициялаумен қамтамасыз етіледі. ТШИ-дың 60%-дан астамы ірі Мұнай-газ жобаларына тиесілі.

      ТШИ-дың жаһандық төмендеуі аясында Қазақстанға сыртқы инвестициялар ағыны қысқаруда: жылына 9% өсу кезеңінен кейін (2012-2016 жылдары) және 2010 жылдардың ортасында ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгеннен кейін ТШИ-дың жалпы әлемдік ағыны жыл сайын орта есеппен 5%-ға төмендеді, бұл ТШИ-дың аз көлемі үшін бәсекелестіктің өсуіне алып келеді.

      Банктердің экономиканың нақты секторын кредиттеуге қатысу деңгейінің төмендігі

      Заңды тұлғалар кредиттерінің ЖІӨ-ге қатысты үлесі ЖІӨ-нің 8%-ын құрайды, бұл салыстырылатын елдердің көрсеткіштерінен төмен: Чили (48%), Ресей (39%), Өзбекстан (33%) және Грузия (29%). Негізгі капиталға салынған инвестициялар құрылымындағы қарыз қаражатының үлесі елеусіз күйінде қалып отыр. Мұндай жағдайдың қалыптасуына әсер ететін факторлардың қатарына экономиканың төмен әртараптандырылуы, мемлекеттік қолдау үлесінің басымдығы, банктерді қорландырудың қысқа мерзімді базасы, сапалы корпоративтік қарыз алушылардың тапшылығы, әсіресе шағын бизнес сегментінде бизнес жүргізудің ашықтығы мен практикасы деңгейінің әлсіздігі жатады.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      Экономиканы дамытудың жаңа векторын және оның көлемін екі есе ұлғайту мақсатын ескере отырып, 2029 жылға қарай НКИ-дің ЖІӨ-ге қатынасы 23%-ға жетеді.

      2029 жылға дейін осы көрсеткішке қол жеткізу үшін инвестицияларды тартудың барлық циклін: инвестициялық стратегия мен мақсат қоюдан бастап инвестициялардың пост-мониторингіне дейін кешенді қайта қарау, сондай-ақ нақты секторды банктік кредиттеуді ынталандыру және қаржыландырудың баламалы көздерін дамыту, инвесторлардың мүддесін сөзсіз қорғау және инвестициялық преференциялардың сапалы жүйесін қалыптастыру қажет.

      Мақсатқа жақын тұрақты төмен инфляцияны қамтамасыз ету - ұзақ мерзімді инвестициялар үшін болжамды макроэкономикалық ортаны құрудың маңызды факторы.

      1-басымдық. Инвестициялық саясаттың институционалдық қаңқасын жетілдіру

      Тиімді инвестициялық саясат және оны іске асырудың операциялық моделі елге инвестициялар тарту бойынша ұзақ мерзімді табысқа негіз болады. Салалық ерекшелікті ескеретін сараланған тәсілді енгізу, сондай-ақ жауапкершілікті нақты бекіту инвестициялық стратегияны іске асырудың тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

      Секторлардың ерекшеліктерін ескере отырып, сараланған тәсілді енгізу. 2029 жылға дейін экономиканың ірі және мол капиталды қажет ететін салаларына инвестицияларды айтарлықтай ұлғайту ЖІӨ-ні жедел өсіру жөніндегі негізгі шарттардың бірі болып табылады.

      Бұл ретте басым салалардың әрқайсысында инвесторлардың кіруіне кедергі келтіретін өзіндік факторлар жиынтығы бар. Салықтық преференциялар мен АЭА сияқты қүралдармен қатар инвестицияларды тарту әлеуетін табысты іске асыру салалық ерекшеліктері бар тетіктерді іске асыру үшін салалық органдарды жұмылдыруды талап етеді.

      Инвестициялық саясатты іске асыру үшін функцияларды және жауапкершілікті нақты бекіту. Рөлдерді нақты бөлу және мақсатты процесс шеңберінде әртүрлі ұйымдардың жауапкершілігін бекіту жұмыстың тиімділігін және кросс-функционалдық өзара іс-қимылды арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, нысаналы тәсіл жетекшілік ететін салалар шеңберінде басым жобаларды айқындау, салалық талдаманы ұсыну және әлеуетті инвесторлармен келіссөздерге қатысу жөніндегі функцияларды салалық органдарға бекітуді көздейді.

      Инвесторлармен жұмыс моделінің орталық элементі жобалардың жалпы пулын жинауды үйлестіру, жеке жобалық кейстерді ресімдеу, салалық мемлекеттік органдардың қатысуымен әлеуетті инвесторларды іздеу және олармен келіссөздер жүргізу бойынша толыққанды жалғыз мандаты бар бүкіл инвестициялық цикл бойынша инвесторлар үшін "бірыңғай терезе" қағидаты болады.

      Инвесторлар үшін тиімді кері байланыс арналарын дамыту және оларды қорғауды күшейту. Қазақстанның инвестициялық нарығының бәсекеге қабілеттілігін сақтаудың маңызды факторы - инвесторлардан тиімді кері байланыс арналарын қолдау және оларды қорғауды күшейту. Бұл бағыттағы негізгі міндеттер елдің инвестициялық ахуалын (секторлық тәсілді қоса алғанда) кешенді шолу форматында ашық жариялай отырып, инвесторлар арасында сауалнама жүргізу, сондай-ақ инвестициялық омбудсмен институтын күшейту болады.

      2-басымдық. Инвестициялық преференциялар жүйесін жақсарту

      Экономикаға инвестициялардың жаһандық қысқаруы қаржыландыруға деген сұраныстың артуымен бірге әлеуетті инвесторлар үшін бәсекелестіктің өсуіне әкелді. Ынталандыру бағдарламалары танымал бола бастады, ал инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау инвесторлардың шешім қабылдау процесінің негізгі факторларының біріне айналуда. Осыған байланысты инвесторлар үшін, оның ішінде салықтар, тарифтер және көрсетілетін қызметтерге қолжетімділік бөлігінде тартымды және болжамды әрі мемлекет мүддесіне қайшы келмейтін жағдайлар жасау Қазақстан үшін басым міндетке айналуда.

      Бизнесті жүргізу жағдайларының тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы инвесторлар үшін отандық нарықтың тартымдылығын арттыру шараларын кеңейту. Инвестициялық келісімшарттар мен келісімдерді одан әрі дамыту салалық ерекшелікті ескере отырып, салықтық тұрақтылық пен жеңілдіктер шарттарын кеңейтуді білдіреді. Салық шарттарынан басқа, мол ресурстар талап ететін өндірістер үшін орта мерзімді перспективада өндірістің негізгі факторларын (салаға байланысты су, электр энергиясы, отын, жер) қамтамасыз ету құны мен көлемі бойынша болжамды шарттарды көздеу, сондай-ақ жекелеген салалар үшін, оның ішінде энергетика үшін сатып алу көлемінің кепілдіктері мен офтейк-келісімшарттарды қолдануды кеңейту қажет.

      Қосылған құнмен қызмет көрсету және оларды басқару сапасын жақсарту арқылы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың тиімділігін арттыру. Осы бағыт бойынша міндеттерге АЭА/ИА қызметтерінің тізбесін кеңейту, оның ішінде коммуникациялардың кең тізіміне қолжетімділікті қамтамасыз ету, көлік-логистика қызметтерін (оның ішінде қоймаларды) ұсыну, персоналды іріктеу мен дамытуға, жергілікті әріптестерді іздеуге, құжаттармен және рұқсаттармен жұмыс істеуге көмек көрсету кіреді.

      Инвестициялық келісімдерді жасасу, рұқсат беру және өзге де құжаттаманы алу мерзімдерін қысқарту. Бүгінгі танда инвестор оң шешім қабылдаған кезде жобаны пысықтау және іске асыру процесінде бірқатар проблемаға тап болады. Осыған байланысты рәсімдерді оңтайландыру мақсатында әлеуетті инвестициялық келісімшарттардың барлық тізбесі бойынша әрбір кезеңнің ұзақтығына мониторинг жүргізу қажет.

      Техникалық жағдайларды ұсыну, инфрақұрылымды жүргізу және шикізатқа қолжетімділік, сондай-ақ іс жүзінде мемлекеттік қолдауға ие болуы және даму институттарынан қаржыландыру алуы - пысықтау үшін ең үлкен басымдыққа ие.

      Инвесторлар үшін жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту тәртібін, оның ішінде жобалау-сметалық құжаттаманы жеке әзірлеу қажеттілігінсіз озық жалпы әлемдік стандарттарға сәйкес іске асырылған халықаралық жобаларды тану есебінен түбегейлі оңайлату - жекелеген басымдық болады.

      3-басымдық. Экономиканың нақты секторын және белсенділікті ынталандыру үшін банктік кредиттеудің рөлін арттыру және қаржыландырудың баламалы көздерін дамыту.

      Негізгі міндеттер тиісті макроэкономикалық жағдайлар жасау; мемлекеттік даму институттарынан тікелей қаржыландырудан жеке қаржы институттары арқылы қаржыландыруға баса назар аудару жолымен нарықтық бұрмалауларды жою есебінен кредиттеудің сапалы өсуін қамтамасыз ету, банктерді ұзақ мерзімді қорландыру нарығын дамыту, сондай-ақ қаржыландырудың баламалы көздерін дамыту болып табылады. Кредиттеудің одан әрі өсуі сапалы болуы және қаржы секторының тұрақтылығын сақтауға және экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етуге ықпал етуі тиіс.

      Макроқаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бизнеске ұзақ мерзімді кредиттердің қолжетімділігін арттыру үшін орта мерзімді перспективада белгіленген 5% таргетке жақын инфляцияны қамтамасыз ету бойынша тиісті макроэкономикалық жағдайлар жасалатын болады. Бұған инфляциялық таргеттеу режиміндегі тәуелсіз, дәйекті және ашық ақша-кредит саясаты, сондай-ақ монетарлық және фискалдық саясатты тиімді үйлестіру арқылы қол жеткізіледі.

      Реттеу саясаты тәуекелге бағдарланған қадағалауды одан әрі дамыту, шоғырландырылған қадағалаудың халықаралық стандарттарын енгізу, төлемге қабілетсіз банктерді және мемлекеттің қатысуын реттеу, нарықтық жағдайларда стрестік активтерді сату жөніндегі цифрлық платформаларды дамыту, тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін төмендету және халықтың борыштық жүктемесінің өсуін шектеу арқылы қаржы секторының орнықтылығын арттыруға бағытталатын болады.

      Корпоративтік сектордың орнықтылығын арттыру. Келесі негізгі шарттың бірі - корпоративтік сектордың орнықтылығын арттыру.

      Ол үшін компаниялардың корпоративтік басқару жүйесін, есептілік сапасы мен аудит жүйесін жақсарту, дәрменсіз қатысушыларды уақтылы шығару үшін корпоративтік банкроттықтың тиімділігін арттыру, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес кепілді кредиторлардың басымдығын қамтамасыз ету қажет.

      Тұтастай алғанда, кредиттеуді ынталандыру мәселесінің шешімі - бизнесті тиімді жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауды және қолдауды ғана емес, сонымен қатар зиянды және дәрменсіз компанияларға қатысты қатаң нарықтық тәртіпті көздейтін салауатты бизнес-ортаны дамыту.

      Басты назарды мемлекеттік даму институттарынан тікелей қаржыландырудан жекеше қаржы институттары арқылы қаржыландыруға аудару. Қаржы нарығына қатысушылар бәсекеге түсе алмайтын жеңілдікті мөлшерлемелер бойынша экономиканы тікелей қаржыландырудағы мемлекеттің рөлін күшейту жекеше қаржы институттарының нарықтық шарттармен кредит беруінің өсуін шектейді. Бұл қаржы секторының дамуына айтарлықтай әсер етеді, соның ішінде нарықтық шарттармен банктік кредиттеу және капитал нарығы арқылы экономиканы қаржыландыруды кеңейту мүмкіндіктерін шектейді.

      Нарықтық бұрмалауларды жою үшін мемлекеттік даму институттарынан тікелей қаржыландырудан жекеше қаржы институттары (банктер, микроқаржы ұйымдары, лизингтік компаниялар) арқылы қаржыландыруға баса назар аударуды қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте мемлекеттік даму институттары бизнес субъектілерін қолдаудың қаржылық емес нысандарын дамытуға назар аударуға тиіс.

      Корпоративтік кредиттеуді пруденциялық және фискалдық ынталандыру. Пруденциялық реттеу қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен экономиканың нақты секторын кредиттеудің өсуі арасындағы теңгерімді одан әрі қолдауға бағытталатын болады. Бизнесті кредиттеу банктік қызметтің басқа түрлерімен салыстырғанда анағұрлым тиімді пруденциялық және фискалдық реттеуге ие болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ноталары бойынша банктердің табыстарына салық салуды енгізу банктердің тәуекелсіз құралдарға инвестициялау мүддесін төмендетуге мүмкіндік береді және осы өтімділікті экономиканы кредиттеуге пайдалануға ықпал ететін болады.

      Мемлекеттік даму институттарымен бірлесіп, синдикатталған кредит беру тетіктерін дамыту, сондай-ақ банктердің ірі жобаларын бірлесіп қаржыландыру. Ірі жобаларды, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларды кредиттеуге жекеше сектор қаражатының шектеулі болуы жағдайында мемлекеттік даму институттары мен екінші деңгейдегі банктердің қатысуымен синдикатталған кредиттеу және бірлескен қаржыландыру тетігін белсенді қолдану қажет. Мемлекеттік және жекеше қаржыландыруды араластыру бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және банктердің қаражатын тарту есебінен қаржыландырумен қамтуды кеңейтуге, сондай-ақ мемлекет пен банктер арасында тәуекелдерді бөлуге мүмкіндік береді.

      Заңды тұлғаларды егжей-тегжейлі талдауды ескере отырып, скоринг жүргізу мүмкіндігі үшін заңды тұлғалардың деректері бойынша мемлекеттік сервистерді одан әрі дамыту. Заңды тұлғалардың кеңейтілген қаржылық көрсеткіштерін бағалау, сондай-ақ компаниялар арасындағы байланыстарды анықтау және заңды тұлғаларға жан-жақты талдау жүргізу үшін кредиттік бюро мен мемлекеттік ақпараттық жүйелер арасында интеграциялық жұмыстар жүргізуді жалғастыру қажет.

      Қаржыландырудың баламалы көздерін дамыту. Жаһандық қаржы секторының даму трендтері экономиканы қолдау форматтарын кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Орта мерзімді перспективада Қазақстан үшін перспективалы бағыттарға жасыл қаржыландыру, исламдық қаржыландыру, банктік емес кредиттеу (микроқаржы ұйымдары және лизингтік компаниялар), баламалы қаржыландыру құралдары, жұмыс істемейтін активтерді экономикаға тарту тетіктері жатады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шаралары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялау есебінен экономиканың нақты секторын кредиттеуді кеңейтуге бағытталатын болады.

4.3. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ОРНЫҚТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ

      Ағымдағы жағдай

      Климаттың өзгеруі және ауаның ластануының жоғары деңгейі

      Соңғы уақытта елде орташа жылдық температураның жоғарылауынан және жауын-шашынның азаюынан көрінетін климаттық өзгерістер байқалуда, бұл өз кезегінде елдің алдына жаңа экологиялық сын-қатерлерді тартуда. Төмендеу динамикасына қарамастан, Қазақстан парниктік газдар шығарындыларының көлемі бойынша топ-20 елдің қатарына кіреді.

      IQAir деректері бойынша Қазақстан зиянды заттардың деңгейі бойынша ең "лас" елдердің рейтингінде 40-шы орында түр. Жыл сайын ауаның ластануы 10 мыңнан астам мезгілсіз өлімнің себебі болуда және Дүниежүзілік банктің зерттеулеріне сәйкес ел экономикасына 10,5 млрд АҚШ долларынан астам шығын әкеледі. Көмір энергиясына деген жоғары тәуелділік, электр энергетикасы мен тұрғын үй секторларының ескірген қорлары, көлік құралдары санының көбеюі ауаның ластануының негізгі факторлары болып табылады.

      Қазақстан 2018 жылы жалпы эмиссиялардың 48%-ын қамтитын парниктік газдар шығарындыларының сауда жүйесі енгізілген ТМД-дағы бірінші ел болғанын айта кету қажет. Кәсіпорындардың 2018 - 2020 жылдардағы нақты шығарындыларына жүргізілген талдау көптеген кәсіпорындарда тегін квоталардың профициті болғанын көрсетті, бұл кәсіпорындарды көміртегі ізін азайтуға жеткілікті түрде ынталандырмауы мүмкін.

      Ұлғайып келе жатқан су тапшылығы қатері

      Қазақстан суды жан басына шаққандағы тұтыну көлемі бойынша топ-15 елдің қатарына кіреді, су алудың негізгі көлемі ауыл шаруашылығындағы суаруға тиесілі, бұл ретте суаруға арналған судың үлестік шығыны климаттық жағынан салыстырмалы елдердің деңгейінен 2-3 есе асатын мейлінше жоғары болып табылады.

      Суды барлық жерде дерлік тиімсіз пайдалану суды үнемдейтін практикалар мен технологияларды енгізуді ынталандырмайтын су тарифтерінің төмен деңгейіне байланысты. Су шаруашылығы жүйесінің тозуы және судың жеткілікті түрде есепке алынбауы тасымалдау кезінде судың көп ысырап болуына (40%-ға дейін) әкеледі.

      Қазақстанның су ресурстарының негізгі көлемін жер үсті сулары - өзен ағындары, көлдер мен мұздықтар қамтамасыз етеді. Бұл ретте елдегі сумен қамтамасыз ету деңгейі төмендеуде және басқа елдердің көрсеткіштерінен айтарлықтай артта қалған. Қазақстан өзендері ағынының жартысы елден тысқары жерде қалыптасатындықтан, маңызды трансшекаралық өзендердің су көлемінің азаюы су дипломатиясы мен су ресурстарын басқарудағы трансшекаралық ынтымақтастықты ерекше маңызды етеді.

      Ауыз су сапасының нашарлауы

      Халық денсаулығына әсер ететін ауыз су сапасының нашарлауы байқалады: соңғы онжылдықта қауіпсіз судың, санитария мен гигиенаның жоқтығынан болатын өлім-жітім 65%-ға өсті. Қазақстанның жер үсті суларының сапасын бағалау нәтижелері зерттелген 106 су объектісінің 28-і пайдалануға жарамсыз, ал 8 объектідегі судың сапасы өте нашар екенін көрсетті.

      Қалдықтардың көбеюі және қайта өңдеудің төмен деңгейі

      2022 жылы Қазақстанда 4,3 миллион тонна қалдық пайда болды, оның 65%-ы үй шаруашылықтарының қалдықтарына тиесілі. Басқа елдермен (Қытай, АҚШ, Ресей, Еуропа, Жапония, Канада) салыстырғанда қалдықтардың жан басына шаққандағы көлемінің төмен екеніне қарамастан, ЖІӨ-нің бір АҚШ долларына шаққанда шамамен 20 кг деңгейіндегі қалдықтардың түзілу қарқындылығы қарастырылып отырған елдерден жоғары, оларда бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің бір АҚШ долларына шаққанда 10 - 17 кг аралығында.

      Тұрмыстық қатты қалдықтарды (Бұдан әрі - ТҚҚ) қайта өңдеу деңгейі басқа елдермен салыстырғанда салыстырмалы түрде төмен болып қалуда. Негізгі шектеуші фактор өңірлерде бөлек жинау және сұрыптау жүйесінің әлсіз енгізілуі болып табылады. 204 елді мекеннің 134-інде әртүрлі кезеңде бөлек жинау, 96-сында сұрыптау енгізілген, сұрыптау құрылысжайларының жобалық қуаты қалдықтар көлемінің 50%-ын құрайды.

      Бұдан басқа, санитариялық нормаларға сәйкес келетін қалдықтарды кому полигондарының тапшылығы проблемасы бар (ТҚҚ полигондарының 82%-ынан астамы экологиялық талаптарға сай емес), бұл экология мен халықтың денсаулығына қосымша қауіп туғызады.

      Биоалуантүрлілікті сақтау проблемалары

      Қазақстанда табиғи ландшафттар мен биологиялық түрлердің сан алуан түрі бар, экологиялық балансты ұстап түру және орнықты даму үшін биоалуантүрлілікті сақтау мәселесі маңызды. Орман ел аумағының 5%-ын алып жатыр. Соңғы жылдары орман алқаптарын қорғау және қалпына келтіру шаралары есебінен олардың ұлғаю үрдісі байқалады, алайда биоалуантүрлілікті сақтау саласында заңсыз ағаш кесу және орман өрттері санының көбею проблемалары әлі де сақталуда.

      Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін сақтау бойынша қабылданған шаралардың арқасында жабайы жануарлардың жекелеген түрлерінің (мысалы, ақбөкендердің) санын көбейтуге мүмкіндік туды. Дегенмен, адам іс-әрекеті - браконьерлік, урбанизация салдарынан тіршілік ету орталарының бұзылуы, қоршаған ортаның ластануы салдарынан жануарлар мен өсімдіктердің кейбір түрлерінің жойылу қаупі сақталуда.

      Парниктік газдар шығарындыларын қысқарту

      Парниктік газдар шығарындыларын қысқарту құралдарының бірі - парниктік газдар шығарындыларын реттеудің нарықтық тетіктерін көздейтін шығарындылар саудасы жүйесі.

      Парниктік газдар шығарындыларын реттеудің нарықтық тетігінің негізгі мақсаты - кәсіпорындарды "жасыл" технологияларды қолдануға және өз тиімділігін арттыруға ынталандыру.

      Бұл жүйе парниктік газдар шығарындыларын қысқарта отырып, өз өндірісін инвестициялайтын және жаңғыртатын кәсіпорындардың артық квоталарды өндірісті жаңғыртуға қаражат салмайтын және квота тапшылығы туындаған кәсіпорындарға сатуына мүмкіндік береді.

      Шығарындылар саудасы жүйесі шеңберінде көміртекті офсеттік тетік жұмыс істейді. Көміртекті офсеттік жобаға парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға және парниктік газдардың сіңірілуін арттыруға бағытталған кез келген жоба жатады.

      2029 жылға дейінгі саланы дамыту басымдықтары

      Экология саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаты - экологиялық орнықтылықты арттыру. Саланың дамуы көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге, ауаның, су ресурстарының сапасын жақсартуға, су ресурстарын, биоалуантүрлілікті ұтымды пайдалану мен сақтауға және қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін арттыруға бағытталады.

      1-басымдық: Ауа сапасын арттыру

      Осы басымдық шеңберінде көміртегі бейтараптығының аралық мақсаттарына қол жеткізу және атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларын айтарлықтай қысқарту жоспарланған.

      Негізгі міндеттер реттеуші құралдардың тиімділігін арттыру, стационарлық көздерден ластаушы заттардың шығарындыларын азайту және көліктің экологиялық тазалығын арттыру болады.

      Экологиялық кодекстің эмиссияларды мониторингтеудің автоматтандырылған жүйесі, ең жақсы қолжетімді техникалар және кешенді экологиялық рұқсат сияқты жаңа тәсілдерін іске асыру ауа сапасын тиімді басқаруға ықпал етеді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге жәрдемдеседі.

      Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің негізгі тетіктерінің бірі ЖЭК-тің, баламалы энергияның, сондай-ақ табиғи газды аралық отын ретінде пайдалану үлесін ұлғайту арқылы көмір өндіру үлесін кезең-кезеңімен жоспарлы түрде қысқарту болады. Дегенмен табиғи газ тапшылығының өсуі, ЖЭК жобалары құнының жоғары болуы, оларды енгізудің технологиялық жағынан күрделілігі және басқа да тәуекел факторлары жағдайында көміртегі бейтараптығы мақсаттарына тиімді түрде және уақтылы қол жеткізу үшін барлық жауапты органдар арасында келісілген және үйлестірілген кешенді тәсілді іске асыру маңызды мәнге ие болады. Әзірленген жол картасы көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі шаралар кешенін жүйелі бақылау мен іске асырудың негізгі элементі болады.

      Шығарындыларды бақылаудың реттеу тетіктерінің тиімділігін арттыру. Бүгінгі күні қолданылып жүрген шығарындыларды квоталау тетіктері өнеркәсіптің көміртегі ізін жылдам қысқартуға ықпал етпейді: мысалы, тау-кен өндірісінде шығарындылардың нақты көлемі қолжетімді тегін квоталар көлемінің 70%-ын, металлургияда - 95%-ын, мұнай мен газ секторында - 89%-ын құрайды, ал квоталар көлемін жылына 1,5%-ға жоспарлы түрде қысқарту өндіріске елеулі өзгерістер енгізуді кейінге қалдыра береді. Сонымен бірге, квоталар көлемін азайтуды жеделдетумен қатар, шығарындылардың пайда болу сипатындағы айырмашылықтарды, әртүрлі секторлар үшін экологиялық технологияларды енгізудің тиімділігі мен күрделілігін ескеретін шығарындылардың шекті көлемін айқындауға секторлық тәсілді енгізу қажет.

      Кәсіпорындардың орнықты дамуын қамтамасыз етуде және олардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуда Эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі (Бұдан әрі - МАЖ) шешуші рөл атқарады. МАЖ кәсіпорындардың рұқсат құжаттарында белгіленген атмосфераға шығарындылар бойынша нормативтер мен шектеулерді сақтауы және қоршаған ортаның ластануын болдырмау үшін қажет.

      Өндірістік экологиялық мониторинг жүргізу шеңберінде МАЖ стационарлық көздердегі эмиссиялар көрсеткіштерін қадағалап қана қоймай, бұл деректерді нақты уақыт режимінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық мониторинг жүйесіне жіберуге де мүмкіндік береді.

      2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1-санаттағы (топ-50) ірі кәсіпорындардың ең үздік қолжетімді техникаларды (бұдан әрі - ҮҚТ) пайдалануға байланысты кешенді экологиялық рұқсаттарға (Бұдан әрі - КЭР) міндетті түрде көшуі жүзеге асырылады.

      Белгіленген технологиялық көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін ҮҚТ қағидаттары мен тетіктерге көшу түптеп келгенде әрбір салада қордаланған бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

      Бекітілген ҮҚТ анықтамалықтарының негізінде КЭР беру жоспарлануда. Кәсіпорындардың жұмыс практикасына ҮҚТ-ны енгізу өндірістік процестің экологиялық тазалығын қамтамасыз етуге, негізгі қорлардың жай-күйін жақсартуға және тұтас қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте ҮҚТ жөніндегі анықтамалықтар және оларға берілген ҮҚТ жөніндегі қорытындылар ҮҚТ қағидаттарына көшу үшін негізгі реттеуші құжаттар болып табылады.

      Елді мекендердегі стационарлық көздерден ластаушы заттардың шығарындыларын азайту. Бұл бағытта энергия өндіру көздерін декарбонизациялауға, көмір жылу электр станцияларын жаңғыртуға, электр сүзгілерін енгізуге және халықты газдандыруға, жеке үйлердегі көмір қазандықтары мен пештерін жаңғыртуға бағытталған стационарлық көздерден шығарындыларды азайту жөніндегі ынталандыру тетіктерін пысықтау көзделген.

      Халықаралық стандарттарға сәйкес ластаушы заттар шығарындыларының қазіргі нормалары қайта қаралады, сондай-ақ ластаушы заттардың шығарындыларын бақылау тетіктері және стандарттарды сақтамағаны үшін кәсіпорындардың жауапкершілігі күшейтіледі.

      Көліктің экологиялық тазалығын арттыру. Шығарындыларды азайту мақсатында негізгі фокусты автопаркті жаңарту бойынша ынталандыру шараларын енгізуге, ескірген көлік құралдарын шығарып тастауға және ауыстыруға бағыттау жоспарлануда. Бұдан басқа, зарядтау станцияларының инфрақұрылымын кеңейту жөніндегі жоспарларды және оларға көшу үшін ынталандыру ұсынуды қоса алғанда, электрмобильдер өндірісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

      2-басымдық. Су тапшылығы қатерін барынша азайту

      Осы басымдық шеңберінде суды тұтыну мен су ресурстары қорының деңгейі арасындағы теңгерімсіздікті азайтуға, жан басына шаққандағы суды тұтынуды 1,5 есеге азайтуға, елдегі өзен ағынының деңгейін ұстап тұруға және пайдаланылатын баламалы су көздерінің көлемін арттыруға қол жеткізу қажет.

      Негізгі міндеттер ауыл шаруашылығында суды пайдалану тиімділігін арттыру, су ресурстарын басқару мәселелері бойынша мемлекетаралық өзара іс-қимылды жолға қою, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, баламалы су көздерін пайдалану және заманауи технологияларды қолдану болмақ.

      Су тарифтерін қайта қарау. Су тарифтерін көтеруді қабылданған саралау практикасын ескере отырып жүзеге асыру көзделген: текше метрге шаққандағы қорытынды құн тұтыну көлемін, тұтынылатын су көздерін, суды үнемдеу технологияларын, айналымды сумен жабдықтау технологияларын енгізу деңгейін ескере отырып есептелуге тиіс.

      Баламалы су көздерін пайдалану. Осы жұмыс шеңберінде суаруда, өнеркәсіпте және тұрмыстық қажеттіліктерде баламалы су көздерін пайдаланудың кешенді жоспары мен ынталандыру тетіктерін қабылдау қажет. Бұл баламалы су көздерін белсенді қолданатын ұйымдар үшін салықтық жеңілдіктер, субсидиялар немесе гранттар беру сияқты экономикалық ынталандыруды әзірлеуді, сондай-ақ іске асырылуы қажетті инфрақұрылымдық жобаларды пысықтауды көздейді.

      Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте суды үнемдеу технологияларын, айналымды сумен жабдықтау технологияларын қолдану деңгейін арттыру. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп кәсіпорындарын суды үнемдеу технологияларын, сондай-ақ айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелерін енгізуге ынталандыру үшін шаралар кешенін әзірлеу жоспарланған.

      Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су ресурстарын басқаруды цифрландыру. Су шаруашылығы құрылысжайларын, олардың тиімділігі мен сенімділігін арттыру үшін суару жүйелерін салу және реконструкциялау бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Бұдан басқа, су ресурстарының деңгейі мен жай-күйін мониторингтеу және бақылау үшін заманауи технологияларды, интеллектуалдық есепке алу жүйелерін енгізу көзделген, бұл тұтынудың қалыптан тыс көрсеткіштерін, ықтимал ағып кетулерді және басқа да көрсеткіштерді автоматты түрде қадағалауға және анықтауға мүмкіндік береді.

      Су ресурстарын басқару мәселелері бойынша мемлекетаралық өзара іс-қимылды жолға қою. Осы жұмыс шеңберінде барлық тараптардың мүддесін ескеретін және ресурстардың әділ бөлінуін қамтамасыз ететін су ресурстарын бірлесіп пайдалану туралы келісімдер қалыптастырылатын болады. Бұдан басқа, су ағындары туралы мониторингтеу және деректермен алмасу жүйесін құру, бірлескен гидрологиялық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ су ресурстарын басқару бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жоспарлануда. Каспий теңізінің, Балқаш және Арал көлдерінің су ресурстарын сақтау және басқару мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.

      3-басымдық. Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін арттыру

      Жұмыстың күтілетін нәтижесі 2029 жылға дейін сұрыпталған және қайта өңделген ТҚҚ-ның үлесін ұлғайту, халықты ТҚҚ-ны жинау және шығару қызметтерімен қамту деңгейін арттыру болып белгіленді. Негізгі міндет қалдықтардың бүкіл өмірлік циклі бойынша: жинаудан бастап түпкілікті көмуге дейінгі проблемаларды жүйелі түрде шешу болады. Тарифтер қайта қаралады, қалдықтарды бөлек жинау пункттерінің желісі кеңейтіледі, жаңа сұрыптау кешендері, полигондары салынады және қолданыстағылары жаңғыртылады, сондай-ақ әкімшілік тетіктер күшейтіледі.

      Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, шығару, кәдеге жарату, қайта өңдеу және көму тарифтерін қайта қарау. Барлық уәкілетті органдардың тарифтерді қайта қарауы, оларды ТҚҚ өндеуге инвестицияларды тарту үшін экономикалық тұрғыдан орынды деңгейге жеткізу мақсатында инфляцияға индекстеу жоспарлануда. Мәселен, пайда болған қалдықтардың саны мен көлемі бойынша ірі қалаларда (Астана, Алматы, Атырау) инфляцияның өсуіне қарамастан 4 жыл бойы тарифтер қайта қаралмаған.

      ТҚҚ-ны жинау және шығару қызметтерімен қамтуды арттыру. Қазақстанда халықтың шамамен 20%-ы қоқыс жинау және шығару қызметтерімен қамтылмаған. Рұқсат етілмеген бейберекет үйінділердің проблемалары жыл сайын, әсіресе полигондардың тапшылығы жағдайында маңызды бола түсуде.

      Осыған байланысты, қоқыс қабылдау станцияларын салу және жаңғырту, сондай-ақ, әсіресе шалғай және ауылдық аудандарда қоқыс таситын көлік паркін жаңарту және кеңейту жоспарлануда. Бұдан басқа, Қазақстанның барлық елді мекендерінде бөлек ТҚҚ пункттерін енгізу қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

      Қалдықтардан пайдалы ресурстарды барынша алу мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар халықты және ұйымдарды қалдықтарды бөлек жинауға белсенді түрде қатысуға экономикалық ынталандыру жүйесін дамытуға, сондай-ақ ақпараттық науқандар жүргізуге және білім беру бағдарламаларын іске асыруға ерекше назар аударатын болады.

      ТҚҚ-ны сұрыптау және қайта өңдеу бойынша жаңа сұрыптау кешендерін салу және қолданыстағыларын жаңғырту. Түзілген қалдықтарды, ең алдымен, ірі қалаларда қайта өңдеуді кеңінен қамту мен терең өңделуін қамтамасыз ету қазіргі заманғы сұрыптау (автоматтандырылған жүйелер мен оптикалық сенсорлар) және қайта өңдеу технологияларын енгізе отырып, қуатты айтарлықтай кеңейтуді талап етеді.

      Салаға жекеше инвестицияларды тарту үшін ынталандырушы тетіктер, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік құралдарын дамытуға бағытталған тетіктер әзірленетін болады.

      Қолда бар ресурстарды неғұрлым тиімді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу және қайта өнделген шикізаттан тауарлар өндіру арқылы айналмалы экономика қағидаттарын дамыту бойынша шаралар қабылдау көзделген.

      Қалдықтарды көмуге арналған жаңа полигондарды салу және қолданыстағыларын жаңғырту. Экологияға тигізетін әсерін азайту мақсатында ескі полигондарды қалпына келтіру, жаңа полигондар салу, қолданыстағы полигондарды қазіргі заманғы санитариялық нормаларға сәйкес жаңарту жоспарлануда. Жекеше инвестицияларды тартуға ерекше назар аударылатын болады.

      Реттеу тетіктерінің тиімділігін арттыру. Қалдықтарды басқару тиімділігін арттыру және экологиялық стандарттарды сақтау үшін қалдықтарды бөлек жинауға, қайта өңделген шикізаттың заңсыз айналымына қарсы күреске байланысты бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ қалдықтарды пайдалану жөніндегі талаптарға және полигондардың санитариялық нормаларына сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша шаралар көзделген.

      Бұдан басқа, қалдықтармен тиісінше жұмыс істеуді және оларды басқаруды қамтамасыз ету мақсатында қалдықтарды түзуші кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін арттыру көзделген. Бұл ретте, өндірілетін өнімнің құнына қалдықтарды басқару жөніндегі кейінгі операцияларға арналған шығындарды қосу салдарынан оның бағасының негізсіз өсуін болдырмау үшін экологиялық талаптар сақталған жағдайда оны мониторингтеу және оған жол бермеу тетіктері құрылатын болады.

      4-басымдық. Биоалуантүрлілікті сақтау

      Осы басымдық шеңберінде мынадай нәтижелерге қол жеткізу жоспарланған: ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың үлесін ұлғайту, табиғат қорғау және орман мекемелерінің материалдық және техникалық жабдықталу деңгейін арттыру, сондай-ақ ормандылықты ұлғайту.

      Негізгі міндеттер ретінде материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту, персоналдың біліктілік деңгейін арттыру, орманды молықтыру іс-шараларын күшейту, биоалуантүрлілікті дамыту мен басқарудың кешенді бағдарламасын әзірлеу айқындалды.

      Материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тиімді қорғау үшін материалдық-техникалық жарақтандыруды күшейту, оның ішінде қазіргі заманғы жабдықтармен, қажетті қорғаныш амунициясымен, табиғаттың жай-күйін мониторингтеуге арналған құралдармен және басқалармен қамтамасыз ету көзделген.

      Персоналдың біліктілік деңгейін арттыру. Орман шаруашылығындағы персоналдың біліктілігін арттыру және түлектердің кетуін қысқарту үшін мемлекеттік грант алушылардың міндетті түрде еңбекпен өтеуін, бәсекеге қабілетті еңбек жағдайларын, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер беруді, біліктілікті арттыру бағдарламаларын әзірлеуді қоса алғанда, ынталандыру тетіктерінің кешені пысықталатын болады.

      Орманды молықтыру іс-шараларын күшейту. Орман экожүйелерінің орнықтылығын ұстап тұру мақсатында орманды қалпына келтіру және орманды жаңарту процестерін жеделдету көзделген.

      Биоалуантүрлілікті дамыту мен басқарудың кешенді бағдарламасын әзірлеу. Биоалуантүрлілікті сақтау және басқару үшін экожүйелердің мониторингін, экологиялық қатерлерді бағалауды, тіршілік ету ортасын қалпына келтіру және қорғау жөніндегі басқару стратегияларын әзірлеуді және енгізуді көздейтін кешенді экожүйелік тәсілді әзірлеу жоспарлануда. Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін жануарлардың, әсіресе қар барысы, Каспий итбалықтары, қарақұйрықтар, тоғай бұғылары, бүркіттер сияқты және басқа түрлердің санын сақтауға және қалпына келтіруге ерекше назар аударылатын болады. Бұл ретте, ақбөкендерді атуға рұқсат беруге салынған тыйым сақталады. Табиғатты қорғау саласындағы заңнаманы күшейтумен қатар биоалуантүрлілікті сақтау және қалпына келтіру жөніндегі зерттеулер мен практикалық іс-шараларды жүргізу үшін қажетті қаржыландыру мен ресурстарды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды пысықтау жоспарланған.

      5-басымдық. Парниктік газдар шығарындыларын қысқарту

      Осы басымдық шеңберіндегі жұмыс шығарындылар саудасы жүйесін күшейтуге бағытталатын болады. Ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерге қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін көміртекті бюджеттеудің 2026 - 2030 жылдар аралығындағы келесі кезеңінде парниктік газдар шығарындыларын қысқартудың жыл сайынғы мөлшерлемесін өткен жылғы көміртегі бюджетінің деңгейінен 2,7%-дан 5%-ға дейін ұлғайту көзделген.

4.4. ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЖЫ

      Ағымдағы жағдай

      Қазақстан бюджеттік реттеу жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің үлкен жолынан өтті: бірқатар маңызды, өзара байланысты және тиімді реформалар жүргізілді. Алайда, елдің бюджеттік жүйесі созылмалы тапшылықпен, оның ішінде мұнайға қатысты емес тапшылықпен, сондай-ақ бюджетке борыш жүктемесінің өсуімен сипатталады.

      Атап айтқанда, соңғы 5 жылда мемлекеттік бюджет тапшылығының жинақталған сомасы 9,6 трлн теңгені құрады, бұл орташа алғанда бюджетке жылдық салық түсімдерінің көлеміне сәйкес келеді. Сонымен қатар, 5 жыл ішінде жинақталған мұнайға қатысты емес тапшылық 34,6 трлн теңгеге жетті. Тиісінше, 2017 жылдан бастап мемлекеттік бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 1,3 - 4% деңгейінде, ал мемлекеттік бюджеттің Мұнайға қатысты емес тапшылығы 7,3-11,5% шегінде ауытқуда.

      Осылайша, бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігінің күшеюі байқалады, бұл ағымдағы, сондай-ақ ұзақ мерзімді кезеңдегі бюджет жүйесінің орнықтылығы проблемасының ауырлығын анықтайды.

      Соңғы жылдары мемлекеттік шығыстардың басымдықтарын ағымдағы шығындарды ұлғайту пайдасына бұрмалау үрдісі де қалыптасты. Нәтижесінде шығыстар құрылымындағы даму бюджетінің үлесі 2013 жылғы 12,5%-дан 2022 жылы 9,2%-ға дейін төмендеді.

      Бюджетаралық қатынастардың қолданыстағы жүйесі фискалдық орталықтандырумен сипатталады. Бюджеттік субвенцияларды алушы өңірлердің саны 2001 жылғы 7-ден 2023 жылы 17-ге дейін өсті. 2001 - 2022 жылдар аралығында республикалық бюджеттен (бұдан әрі - РБ) аударылатын трансферттер көлемінің және жергілікті бюджеттің жиынтық кірістерінің арақатынасы 15,6%-дан 52,7%-ға дейін ұлғайды.

      Созылмалы тапшылықты қаржыландыру Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан (Бұдан әрі - ҰҚ) трансферттерді көбейту және мемлекеттік борышты ұлғайту арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік борыш 2010 жылғы ЖІӨ-нің 14,4%-ынан 2023 жылы ЖІӨ-нің 22,5%-ына дейін өсті, бұл ретте оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар 2010 жылғы 1,8%-дан 2023 жылы 6,7%-ға (1,9 трлн теңге) дейін ұлғайды.

      Соңғы 10 жылда ҰК-ға түсетін барлық түсімдердің 63,3%-ы кепілдендірілген және нысаналы трансферттер түрінде бюджетке алынды. ҰҚ-дан РБ-ге трансферттер түсімдері біртіндеп өсу үрдісіне ие болды: 2013 жылғы ЖІӨ-нің 3,9%-ынан 2017 жылы ЖІӨ-нің 8,1%-ына дейін және 2020 - 2022 жылдары ЖІӨ-нің 6,8 - 4,4%-на дейін өсті.

      ҰҚ-дан қосымша қаражат алу және бюджет тапшылығын ұлғайту есебінен мемлекеттік бюджет параметрлерін теңгерімдеу мұнайға қатысты емес тапшылық бойынша белгіленген нысаналы мәндердің бұзылуына және борыштық жүктөменің өсуіне әкелді. Артып келе жатқан тапшылықты ескере отырып, бюджеттік жоспарлау, бюджетті атқару процестері, сондай-ақ салық салу мәселелері мемлекеттік қаржыны басқаруда аса маңызды саналады.

      ЖІӨ-ге қатысты салық түсімдерінің көлемі құбылмалылықпен сипатталады, 2020 жылы ЖІӨ-нің 14,1% минималды мәніне жетті. Бұл көрсеткіш Қазақстанда басқа салыстырмалы елдерге қарағанда төмен, бұл салықтық әкімшілендіру тиімділігінің жеткіліксіздігіне, сондай-ақ салықтық жеңілдіктердің едәуір көлеміне байланысты. Айта кету керек, мұндай жеңілдіктер кәсіпкерлерді өзінің бәсекеге қабілеттілігін сапалы арттыруға, инновацияларға инвестиция салуға және тиімділікті арттыруға деген ынтасын төмендетуге ықпал етуі мүмкін.

      Салықтық әкімшілендіруді жақсарту әлеуетінің тағы бір индикаторы - салықтың төмен өнімділігі.

      Сарапшылардың бағалауына сәйкес салықтық әкімшілендірудің тиімділігін одан әрі арттыруға бірнеше негізгі сын-қатерлер, атап айтқанда салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесін баяу енгізу және тәуекелдерді басқару жүйесінің (бұдан әрі - ТБЖ) жетілмеуі кедергі келтіреді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта салықтық әкімшілендіру моделі ықтимал бұзушылармен алдын алу жұмыстарынан гөрі салдарлармен, атап айтқанда берешекті өндіріп алу деңгейіндегі жұмысқа бағытталған. Қолданыстағы ТБЖ кешенді емес және қазіргі уақытта аудит жүргізу үшін кәсіпкерлік субъектілерін таңдау қүралы ретінде ғана пайдаланылады.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      Бюджеттік және салықтық қатынастардағы түбегейлі реформа мемлекет пен бизнес арасындағы Ұлттық кірісті әділ бөлудегі тәсілдерді бекітетін жаңа қоғамдық шарттың бөлігі болады.

      РБ-ның Мұнай кірістеріне тәуелділігін төмендетуді және бюджеттің сыртқы факторларға орнықтылығын арттыруды қамтамасыз ету үшін салық-бюджет саясаты 2029 жылы ЖІӨ-ге қатысты мұнай емес тапшылықты 5,5%-ға дейін біртіндеп төмендету негізінде қалыптастырылуға тиіс.

      1-басымдық. Үнемділік пен жауапкершілік қағидаттарына негізделген теңгерімді бюджет саясатын қолдау

      Осы басымдық шеңберіндегі күш-жігер ҰҚ-ның валюталық активтерін ұлғайтуға, сондай-ақ үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың үлесін 2029 жылға дейін республикалық бюджеттің жалпы шығыстарының 10%-нан аспайтын деңгейде ұстап тұруға бағытталатын болады.

      Бұл ретте, негізгі міндеттер мемлекеттік қаржыны шоғырландыру және ҰК қаражатын ұлғайту есебінен бюджеттің теңгерімділігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету болады.

      Макроэкономикалық саясатты іске асырудағы басымдықтардың бірі контрциклдік бюджеттік қағидаларды мүлтіксіз ұстану және бюджеттік параметрлердің тұрақтылығын қолдау болады.

      Бұл мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз етуге, мұнайға қатысты емес тапшылықты төмендетуге, ҰК активтерінің сақталуын және жинақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жалпы алғанда фискалдық саясатты монетарлық саясатпен үйлестіруге ықпал етеді, бұл инфляциялық қысымды төмендетуге мүмкіндік береді.

      Мемлекеттік борышты басқаруға және бюджетаралық қатынастар саясатын жетілдіруге де назар аудару жоспарлануда.

      Бұдан басқа, мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді орнықтылығын қамтамасыз етудің және фискалдық тәртіпті арттырудың маңызды аспектісі - бюджеттік қағида периметріне ҰК-дан берілетін нысаналы трансферттерді енгізу болады, бұл жауапты салық-бюджет саясатын жүргізудегі дискреттілікті төмендетеді.

      Ұлттық қор активтерін гұрақтандыру және арттыру. ҰК-дан қаражат тарту көлемін біртіндеп қысқарту жоспарлануда. ҰК-дан трансферт мөлшері мұнайға белгіленген баға ("кесу" бағасы) бойынша есептелген мұнай компанияларынан түсетін түсімдерден аспайтын болады. Бұл баға қордың жинақтаушы функциясын күшейту үшін мұнай өндірудің өсуіне қарай түзетіліп отырады.

      Жинақ портфелінің ұзақ мерзімді кірістілігін арттыру мақсатында ҰК активтерін басқаруды жақсарту жұмысы жалғасады.

      Бюджет шығыстарының өсуін бақылау. РБ шығыстарының өсу қарқыны инфляция бойынша нысаналы бағдарға ұлғайтылған ұзақ мерзімді экономикалық өсу деңгейінде шектелетін болады. Нәтижесінде шығыстар көлемі нақты ЖІӨ мен инфляцияның өсу қарқынынан асып түспейді және экономикалық өсу кезеңінде шектеледі. Бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру мақсатында нарықтық бағалардың бұрмалануына әкеп соғатын және жекеше сектордың дамуына теріс әсер ететін қолдау бағдарламаларын қаржыландыруды біртіндеп қысқарту көзделген. Шығыстарды барынша экономикалық пайда экелетін басым салаларға бағыттау жоспарлануда. Мемлекет жекеше инвестицияларды алмастырмай, жекеше сектордың инвестициялық белсенділігін ынталандыратын болады.

      Мемлекеттік борышты басқару саясатын жетілдіру. Мемлекеттік борышты басқару саясаты валюталық тәуекелдерді төмендетуге, бюджетке борыштық жүктеменің өсуін шектеуге, дефолттарға жол бермеуге, сондай-ақ сыртқы қарыздарды пайдалану тиімділігін және тәртібін арттыруға бағытталатын болады. Бұл ретте, 2029 жылы борыштық орнықтылықты сақтау мақсатында мемлекеттік борыш ЖІӨ-нің 30,8%-нан аспауға тиіс екені айқындалды.

      Бюджетаралық қатынастар саясатын жетілдіру. Бюджетаралық қатынастарды реформалау шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың қаржылық дербестігін арттыруға баса назар аударылатын болады. Салық түсімдерінің жекелеген түрлерін жергілікті деңгейге беру, республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы қарсы трансферттерді барынша азайту, халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, өңіраралық диспропорцияларды төмендету тәсілдерін пысықтау көзделген. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар үшін өңірлердің экономикасын дамытуға және РБ-ға тәуелділікті біртіндеп төмендете отырып, жергілікті бюджеттердің кірістерін ұлғайтуға қосымша ынталандыру пайда болады.

      2-басымдық. Орнықты мемлекеттік қаржыны қамтамасыз ету үшін бюджеттің кіріс бөлігін нығайту

      Салық саясаты инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мен бюджетке түсетін түсімдердің қажетті деңгейін ұстап тұруды қамтамасыз ету арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге тиіс. Салық кодексі шеңберінде пайда мен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізу, алынған кірістерді бизнесті дамытуға қайта инвестициялауды ынталандыру, сондай-ақ салық режимдерін оңтайландыру жоспарлануда. Бұдан басқа, жаңартылған салық заңнамасының контурлары салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға және салықтық жеңілдіктер тетігін жетілдіруге бағдарланатын болады.

      Салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру. Негізгі міндеттерге салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесін енгізу, салықтық әкімшілендірудің бүкіл тізбегі бойынша цифрлық құралдарды, сондай-ақ тәуекелдерді басқарудың кешенді жүйесін қолдану кіреді.

      Осыған байланысты, нақты уақыт режимінде салық төлеушілердің табиғи жүйелеріне және күнделікті өміріне интеграциялауды қамтамасыз ететін "Салықтық әкімшілендіру 3.0" тәсілінің негізінде интеграцияланған әкімшілендіру жүйесіне дәйекті көшу жоспарын әзірлеу қажет. Ол үшін басқа мемлекеттік органдармен және функциялармен, сондай-ақ жекеше субъектілермен интеграция жүргізілетін болады.

      Сонымен қатар, салық органының негізгі міндеттерінің бірі клиентке бағдарлану болады. Салықтық әкімшілендіру мемлекеттік органдармен және жекеше ұйымдармен интеграцияны енгізу, сондай-ақ жаңа алгоритмдер мен модельдерді әзірлеу және жетілдіру есебінен цифрлық трансформацияның қозғаушы күші болады.

      Тәуекелдерді анықтауға, бағалауға, басымдығын айқындауға және тәуекелдерді азайтуға жүйелі тәсілдің болуын болжайтын кешенді ТБЖ қолдану жоспарлануда. Тексеру жағдайларын таңдаудан басқа, ТБЖ нормаларды сақтамау тәуекелдерін басқаруды (салық жүйесінде тіркеу, салық декларацияларын тапсыру, белгіленген мерзімде салықтарды төлеу, декларацияларда толық және анық ақпаратты ұсыну), сондай-ақ операциялық және кадрлық тәуекелдерді басқаруды қамтиды.

      Салықтық жеңілдіктер саясатын жетілдіру. Салық түсімдерін арттыру және бюджеттің кіріс базасын нығайту мақсатында салықтық жеңілдіктердің тиімділігі мен салық төлеушілердің қарсы міндеттемелерін ескере отырып, салықтық жеңілдіктерді талдау және оңтайландыру көзделген.

      Салықтық жеңілдіктер тетігі алынған кірістерді бизнесті дамытуға қайта инвестициялауды ынталандыруға бағытталатын болады. Салық төлеуден жалтару үшін мүмкіндіктерді барынша азайтуға бағытталған арнаулы салық режимдерінің тиімділігін арттыру көзделген. Бұдан басқа, салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдардың қасақана бөлінуіне жол бермеу жөніндегі тетіктерді әзірлеу жоспарлануда.

4.5 ЗАҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ

      Ағымдағы жағдай

      Құқық үстемдігі елдің экономикалық дамуы мен инвестициялық тартымдылығының қажетті іргетасы болып табылады. Экономика мен қоғамның барлық салаларында реформалар жүргізу және мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мүмкіндігі мемлекеттік басқарудың тиімділігіне байланысты.

      Қазақстан екі бағыттағы позицияны дәйекті түрде нығайтуда. Соңғы 10 жылда Қазақстан Республикасы Парламент! мен Үкіметінің өкілеттіктерін кеңейтуді, сот билігі тармағының тәуелсіздігін арттыруды, салалық реттеу мен кәсіпкерлік жағдайларының ашықтығын жүйелеуді және арттыруды қоса алғанда, қазақстандық құқықтық жүйені жаңғырту бойынша бірқатар шаралар қабылданды. "Ашық үкімет" бастамаларын енгізу және ықшам, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру қолға алынды. Мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру жұмысы жалғасуда.

      Қол жеткізілген жетістіктер Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позицияларын жақсартуда көрініс тапты. 10 жыл ішінде ел Дүниежүзілік банктің заң үстемдігі көрсеткіші бойынша 20 позицияға көтеріліп, 2022 жылы 213 елдің ішінде 137-ші орынға ие болды. World Justice Project құқық үстемдігінің индексі бойынша 2022 жылы Қазақстан 0-ден 1-ге дейінгі шкала бойынша 0,53 балл жинап, 142 елдің ішінде 65-ші орынға ие болды. 2018 - 2022 жылдар аралығында Дүниежүзілік банктің рейтингінде ел Үкіметінің тиімділік көрсеткіші -2,5-тен 2,5-ке дейінгі шкала бойынша 0-ден 0,1-ге дейінгі аралықта болды. 2022 жылы Қазақстан 213 елдің ішінде 89-шы орынға жайғасты.

      Түйінді сын-қатерлер мен мүмкіндіктердің бірнеше тобы құқық үстемдігін одан әрі нығайту мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға арналған шарттарды айқындайды: мемлекеттік органдардың функцияларын орындауға баса назар аударуды сақтау, мемлекеттік қызметтер көрсетудің сервистік моделіне көшудің аяқталмауы, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттерінің жетіспеушілігі, сыбайлас жемқорлық көріністері.

      Сервистік модельге көшудің аяқталмауы

      2018 жылдан бастап елде сервистік модельге көшу жүзеге асырылуда, ал 2021 жылы Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды, оған сәйкес мемлекеттік аппараттың сервистік және клиентке бағдарланған процесстерге толыққанды көшу бағыты қабылданды. Бұл ретте халықаралық тәжірибе көрсеткендей, сервистік модельге көшуге ондаған жылдар кетуі мүмкін.

      Қазақстан мемлекеттік басқарудың сервистік моделіне көшуде алғашқы табыстарға қол жеткізді, алайда әлеуеттің едәуір бөлігі ашылмаған күйінде қалып отыр. Мысалы, 2022 жылы 1,4 мың мемлекеттік қызметтің 40-ы проактивті көрсетілді және азамат тарапынан өтініш берілуін талап етпеді. Алайда, көптеген мекемелерде қызмет көрсетуге әкімшілік, формальды тәсіл әлі де болса сақталуда. Көрсетілетін қызметтер тізілімі негізінен азаматтар мен бизнестің нақты қажеттіліктерін айқындайтын өмірлік жағдаяттардың орнына мемлекеттік органдардың функциялары төңірегінде қалыптастырылуда. Азаматтарға ыңғайлы болуына емес, бюрократиялық процеске бағдарланған алу рәсімдеріне байланысты 90%-дан астам қызметке сұраныс төмен. Сонымен, мемлекеттік қызметтерді басқа мемлекеттік қызметтер немесе растайтын құжаттарды ұсыну үшін алу байқалады. Азаматтардың, бизнестің және мемлекеттің өзара іс-қимылы әрқашан "жымсыз" бола бермейді: қолжетімді қызметтер тізбесі, оларды орындау қадамдары және орындалу жай-күйін әртүрлі арналар арқылы қадағалау мүмкіндіктері әртүрлі.

      2029 жылға дейінгі даму басымдықтары

      Құқық үстемдігін нығайтудың және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың мақсаты "жаңа қоғамдық шарттың" талаптарын қамтамасыз ету болады. Азаматтар мен бизнестің құқықтары мен бостандықтарын сақтау күшейтіледі, мемлекеттік шешімдердің орындалу сапасы артады. Бұдан басқа, азаматтар мен бизнес-компаниялардың мемлекетпен екіжақты диалогқа қатысу мүмкіндіктерін дамыту көзделген.

      Құқық үстемдігін нығайтудың нәтижесі 2029 жылға қарай World Justice Project құқық үстемдігі индексінде 0,60 мәніне қол жеткізу болады. Прогресс сот төрелігінің сапасын жақсарту және құқық қорғау органдарын реформалауды жалғастыру есебінен қамтамасыз етіледі.

      Мемлекеттік басқару тиімділігінің артуы 2029 жылға қарай Дүниежүзілік банктің мемлекеттік басқару индексінде -2,5-тен 2,5-ке дейінгі шкала бойынша кемінде 80 пайыздық мәнге немесе 1,0-ге жетуге әсер етеді.

      Негізгі басымдықтар мемлекеттік қызметтер көрсетудің және мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін, сондай-ақ персоналды басқарудың тиімділігін арттыру болады. Сыбайлас жемқорлықты азайту жөніндегі басымдық құқық үстемдігін нығайтуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігіне кумулятивтік әсер етеді.

      1-басымдық. Сот төрелігінің сапасын жақсарту және құқық қорғау органдарын реформалауды жалғастыру

      Сот төрелігі жүйесін дамытудың түйінді мақсаты сот ісін жүргізуге кететін уақытты қысқарта отырып, сот төрелігін іске асырудың сапасын арттыру болады. Құқық қорғау органдарын реформалау олардың жұмысының тиімділігін және халық тарапынан сенімді арттыруға бағытталатын болады: 2029 жылға қарай халықтың сот жүйесіне деген сенім деңгейі 58%-ға, құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейі 72%-ға дейін артады. Негізгі міндеттер сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, сот процесін бюрократиядан арылту, сот әкімшілігін жетілдіру, судьялар корпусының кәсібилігін арттыру және құқық қорғау органдарының жұмысын құқық бұзушылықтардың профилактикасына және халықтың сенімін арттыруға одан әрі қайта бағдарлау болып айқындалды.

      Сот билігінің тәуелсіздігі азаматтардың, бизнестің және инвесторлардың сот жүйесіне деген сенімінің негізі болып табылады. Сот жүйесі бюджетінің кепілдендірілген ең төменгі мөлшері және оны дербес бөлу арқылы тәуелсіздік пен әділ сот төрелігін қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Сот тәуелсіздігін одан әрі нығайту, заң шығарушы және атқарушы биліктің соттарға ықпалын азайту арқылы дамитын болады.

      Сот ісін жүргізуді одан әрі дамытудың негізгі бағыттары барлық сот сатыларының рөлі мен жұмыс істеу негіздерін үйлестіру, соттың азаматтық сот ісін жүргізудегі белсенді рөлін күшейту, басты сот талқылауында тараптардың нақты жарыспалылығы мен тең құқығын қамтамасыз ету, қылмыстық процесте тергеу судьяларының өкілеттіктерін кеңейту, сондай-ақ дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін дамыту болады.

      Цифрлық технологияларды енгізу және электрондық сот төрелігін дамыту шешімдер қабылдау жылдамдығын арттырады, біркелкі сот практикасын қалыптастыруға жағдай жасайды.

      Судьялар корпусын кәсібилендіру сот төрелігін іске асыру сапасын арттырады және әлемдік озық тәжірибелерді ескере отырып, кандидаттарды іріктеу сапасын жақсарту есебінен жүргізілетін болады. Судьялар корпусының құзыреттер жиынтығын кеңейту үшін құқықтың жекелеген салаларында жоғары білікті мамандарды жалдау практикасы жалғастырылады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының жаңа мәртебесі шеңберінде қазіргі судьялардың біліктілігін арттыру үшін қосымша оқыту бағдарламалары ұйымдастырылатын болады.

      Құқық қорғау органдарының реформасын одан әрі іске асыру құқық қорғау органдарының жұмысын халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға қайта бағдарлауды аяқтауға және қоғамдағы қорғалу және тыныштық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Негізгі міндет құқық қорғау органдарының жұмысында құқық бұзушылықтардың профилактикасына және алдын алуға баса назар аудару болады.

      Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы жаңа заң әзірленеді, оның шеңберінде құқық қорғау органдарының құзыреттерін, үйлестіру тетіктері мен жеке профилактика құралдарын түбегейлі түрде қайта қарау жоспарланып отыр. Прокуратураның тәуелсіздігі саласындағы халықаралық стандарттарды ескере отырып, прокурорлық қызмет кепілдіктерін нығайту жалғастырылады.

      Халықпен проактивті жұмыс істеу және қызметкерлерді ынталандыру жүйесін өзгерту арқылы полицияның Ұлттық моделін сервистік модельге одан әрі қайта бағдарлау көзделген. Нақты аумақта тұратын тұрғындардың пікірін ескере отырып, мәселелерді шешуге басымдық беріледі. Бұдан басқа, мотивация құрылымында және қызметкерлерді мансаптық ілгерілету кезінде халықтың сенімі мен құрметін арттыру жоспарлануда.

      Экономикалық ресурстарды шоғырландырмау және активтерді қайтару бойынша жұмыс елдің байлығын барынша біркелкі бөлуге және әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге оң әсер етеді. Перспективада бұл кәсіпкерліктің орнықты дамуына, шаруашылық жүргізуші субъектілердің алуан түрлілігі үшін қолайлы жағдайлар жасауға, пайдалы әлеуметтік-экономикалық жобаларды дамытуға, елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға және жаңа инвестицияларды тартуға ықпал ете алады. Бұл шаралар сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуіне де әсер етеді. Мемлекеттің қайтарылған капиталды неғұрлым әділ бөлуі монополиялар мен олигархиялық құрылымдардың қалыптасуын азайтады.

      2-басымдық. Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің және мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру

      Бұл бағыттың негізгі мақсаты сервистік модельді қалыптастыру аясында мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін азаматтар мен бизнестің қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға қайта бағдарлау, мемлекеттік шешімдерді қабылдау тиімділігін арттыру және "жаңа қоғамдық шартты" іске асырудың талаптары қамтамасыз ету болады, бұл шарттың шеңберінде азаматтар мемлекетті басқаруға тартылады. Мемлекеттік органдардың барлық бизнес-процестерін цифрландыру аяқталатын болады. 2029 жылға қарай жұмыстың тағы бір нәтижесі заңдардың тұрақтылығының өсуі болады.

      Осыған байланысты негізгі міндеттер сервистік модельді одан әрі дамыту, жоспарлау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік аппарат жұмысының қағидаттары мен қүрылымын жаңғырту, Үкіметтің ашықтығын арттыру және азаматтарды екіжақты диалогқа тарту, сондай-ақ озық цифрлық технологияларды енгізу болып айқындалды.

      Мемлекеттік органдар жұмысының сервистік моделін одан әрі дамыту. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама мемлекеттік қызмет алдында тұрған міндеттерді, оған қойылатын талаптарды, сондай-ақ оның миссиясы мен мақсатын бекіте отырып, түбегейлі түрде қайта қаралатын болады, бұл еңбек қатынастарын реттеу шеңберінен шығатын және мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының клиентке бағдарланған моделін орнықтыруға бағытталған мақсаттар мен міндеттерді қайта бағдарлауға әкеледі.

      Қызметтер көрсетудің клиентке бағдарлануы, проактивтілігі, композиттігі, аумақтан тысқарлығы қағидаттарын бекіте отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді реттеу тәсілдері қайта қаралатын болады.

      Мемлекеттің сервистік қызметтері өмірлік жағдаяттарға сәйкес көрсетілетін қызметті алушылардың түпкілікті сұраныстарын бірден қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін қажетті құжаттардың орындалу мерзімдері мен тізбесі қысқартылады, ал тиісті ақпараттық жүйелер мен сервистерден қажетті мәліметтерді алу есебінен анықтамалық сипаттағы қызметтер алып тасталады. Қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту және сыбайлас жемқорлық факторларын азайту үшін адамның қатысуын болдырмай, қызмет көрсету процестерін айтарлықтай автоматтандыру жоспарлануда. Аумақтан тысқары, проактивті және композиттік түрде көрсетілетін қызметтер тізбесі мемлекеттік сервистерді жүйелі талдау нәтижелерінің және азаматтармен және бизнеспен кері байланыстың негізінде кеңейтілетін болады.

      Бизнесті жүргізу үшін қарапайым және ашық шарттар жасауға бағытталған "таза парақтан" реттеу қағидаттарын іске асыру жұмысын күшейту жоспарлануда. Үздік әлемдік тәжірибені ескеріп және азаматтармен, бизнеспен және кәсіптік қауымдастықтармен кері байланысты пайдалана отырып, реттеу талаптары мен нормаларын жаңарту жұмысы жалғастырылатын болады.

      Осы бағыттағы одан арғы жұмыстар мемлекет пен қоғамның өзара диалогы негізінде қоғамдық игіліктердің сапа стандарттарын қалыптастыруға және қамтамасыз етуге бағытталатын болады, бұл соның ішінде қағидаттарды, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар қызметтерді қалыптастыру, жетілдіру және көрсету тәртібін айқындауды талап етеді.

      Қоғамдық маңызы бар қызметтердің сапасын өлшеу өлшемдері бар олардың жеке тізілімін әзірлеу көзделген. Жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде осы қызметтерді көрсету сапасына қоғамдық мониторинг

      жүргізілетін болады, бұл мемлекеттік органдарға өз қызметін қоғамның қажеттіліктері мен күтулеріне сәйкес құруға мүмкіндік береді.

      Мемлекеттік аппарат жұмысының қағидаттары мен құрылымын жаңғырту. "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы" Жарлықта процестің бюрократиялық сипатынан сапалы нәтижелерге қол жеткізуге баса назар аударуға бастама жасалды. Осыған байланысты одан әрі жұмыс шеңберінде мемлекеттік органдардың функцияларын қалыптастырудан экономиканы және қоғамдық өмір салаларын жақсартуға тікелей қатысты міндеттерді қоюға көшу жүзеге асырылатын болады.

      Мұндай міндеттер оларды іске асыру процесіне қатысатын барлық мемлекеттік органдарды қамтитын болады. Ведомстволар мен департаменттерді басқару жағдайларын жақсарту мемлекеттік органның бюджеттерін бөлу еркіндігін ұлғайту есебінен бөлімшелер саны бойынша ұсынымдардың үйлесімі және персоналды қабылдауда икемділік беру арқылы қамтамасыз етілетін болады.

      Үкіметтің ашықтығын арттыру және азаматтарды екіжақты диалогқа тарту. Үкіметтің ашықтығы - мемлекеттік органдардың есеп беруін және азаматтар мен бизнестің мемлекеттік процестерді түсінуін қамтамасыз етудің маңызды құрамдауыш бөлігі. Ақпаратты жариялауға проактивті тәсілді, бірінші басшылардың ашықтығынан барлық басқарушылық шешімдерді қабылдаудың ашықтығына көшуді көздейтін әзірленген бірыңғай ашықтық стандарттары мемлекеттік органдардың қызметін бейімдеуге негіз болады.

      Қабылданатын шешімдердің жоғары сапасын қамтамасыз ету, оларды жұртшылықтың қабылдауын жақсарту, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсынудың жалпы тиімділігін арттыру үшін азаматтарды мемлекеттік органдармен екіжақты диалогқа тартуды арттыру жұмысы жалғасатын болады.

      Негізгі құралдар кері байланысты ұсынудың ыңғайлылығын арттыру және мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауға, заң жобаларын талқылауға азаматтардың қатысуын ынталандыратын шараларды қолдану болады.

      Озық цифрлық технологияларды енгізу мемлекеттік шаралардың тиімділігі мен атаулылығын арттыруды қамтамасыз етеді, әкімшілендірудегі уақытты, шығындарды және қателіктер ықтималдығын азайтады, Үкіметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін техникалық жағдайлар жасайды.

      Мемлекеттік процестерді цифрландыру және автоматтандыру, мемлекеттік деректерді басқаруды оңтайландыру және мемлекеттік сервистердің функционалын жаңғырту түйінді факторлар болып табылады.

      Барлық мемлекеттік міндеттерді цифрлық форматқа көшіру көзделген. Цифрландыру кезінде тиімділігі төмен бизнес-процестердің құрылымы оңтайландырылады.

      "Электрондық үкіметтің" сервистерін, ақпараттық жүйелері мен дерекқорларын Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының - Ұлттық төлем жүйесінің, цифрлық теңге платформаларының, ашық банкингтің (Open Banking Open API технологиясын қолдануға негізделген) және Антифрод-орталықтың (азаматтардың қаражатын алаяқтық операциялардан қорғау) жобаларына қосуды қамтамасыз ету жоспарланған.

      Платформалардың өзара іс-қимылы мемлекеттік қызметтер мен қаржы сервистерінің үздіксіздігін, қолжетімділігін оңтайландыруды және кеңейтуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, қаржы нарығына қатысушылар үшін мемлекеттік инфрақұрылымға қол жеткізуде тең жағдайлар жасайды, азаматтардың өз қаржылық және қаржылық емес сервистеріне қол жеткізуді басқару және бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, мемлекеттік органдардың параллель платформалар мен сервистерді құруға жұмсалатын шығындарын азайтады және олардың талдамалық мүмкіндіктерін арттырады.

      Үкіметтің барлық деректері бірыңғай архитектураға аударылады және қолданбалы ЖИ шешімдерін пайдалана отырып, бірыңғай талдамалық жүйеге интеграцияланатын болады. Бірыңғай архитектура қағидаттарына көшу арқылы мемлекеттік және жекеше деректердің интеграциясы күшейтілетін болады.

      Барлық мемлекеттік ведомстволардың деректері жекеше коммерциялық кәсіпорындардың сервистерімен интеграциялау және зерттеушілердің талдамалық пайдалануы үшін қолжетімді болады. Мемлекет заңсыз баю фактілерінің жоқтығын тексеруді қоса алғанда, кешенді талдау жүргізу үшін жекеше деректерді пайдалануды кеңейтеді.

      Көрсетілетін проактивті қызметтер тізбесін кеңейту жалғасады. Қосымша цифрлық функциялар азаматтар мен бизнестің "өмірлік жағдаяттарын" талдау нәтижелері бойынша енгізілетін болады. Сонымен қатар, әртүрлі арналар арқылы қызметтерді алу және қадағалау мүмкіндіктеріндегі сәйкессіздіктерді жою көзделген.

      3-басымдық. Мемлекеттік қызметтің толыққанды гибридті моделіне көшу арқылы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру

      Бұл бағыттың негізгі мақсаты мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін, олардың бейімделгіштігін, жедел ден қою қабілетін және нәтижеге бағдарлануын арттыру болады. Бағыттың күтілетін нәтижесі халыққа және бизнеске мемлекеттік қызмет көрсететін қызметкерлердің қанағаттану деңгейін арттыру болады.

      Осыған байланысты, негізгі міндеттер кадрларды іріктеуге стратегиялық тәсілді енгізу, көлденең мансаптық ілгерілету жүйесін әзірлеу, ассессмент негізінде оқыту бағдарламаларын дамыту, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қамсыздандырылуын жақсарту, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғауды күшейту болып айқындалды. Бұдан басқа, мемлекеттік қызмет персоналын тиімді басқару үшін цифрлық технологияларды пайдалану белсенді түрде енгізілетін болады, бұл басқару процестерінің ашықтығы мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.

      Кадрларды іріктеуге стратегиялық тәсілді енгізу мемлекеттік қызметтегі адами капиталдың сапасын арттыруды және жекеше сектордан дарынды қызметкерлер ағынының өсуін қамтамасыз етеді. Жастарды мемлекеттік органдарға тарту үшін мектеп пен жоғарғы оқу орындарының деңгейлерін қамтитын ерте бастан кәсіптік бағдарлау институты құрылатын болады.

      Мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыру мақсатында барлық кандидаттар (мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік емес сектордың өкілдері) үшін бастапқы кезеңдерді орталықтандыра отырып және практикалық бағалаудың соңғы кезеңін тікелей мемлекеттік органда өткізе отырып, әмбебап конкурсты енгізу жоспарлануда. Кандидаттарды іріктеудің көп сатылы рәсімін оңтайландыру жағдаяттық тапсырмаларды шешуді, жеке қасиеттерін бағалауға арналған тесттерді, сондай-ақ ЖИ элементтерін енгізуді қоса алғанда, озық шетелдік және бизнес-практикаларды пайдалана отырып жүргізілетін болады.

      Мансаптық ілгерілеудің көлденең жүйесі мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау, оқу және тағылымдамадан өту негізінде өздерінің ағымдағы лауазымы шеңберінде дамуына мүмкіндік береді. Бұл жоғары лауазымдарға көтерілу үшін шектеулі мүмкіндіктер проблемасын шешеді және өз саласындағы сарапшылар ретінде дамуға ұмтылатын мемлекеттік қызметшілердің мүддесін ескеретін теңгерімді жұмыс ортасын құруға ықпал етеді.

      Оқыту бағдарламаларын жетілдіру қызметкерлердің адами капиталын ұдайы жақсартуға және дағдыларды жұмыс міндеттерін өзгертуге бейімдеуге бағытталатын болады.

      Оқыту мен даму қажеттіліктерін анықтау үшін біліктілікті арттырудан бір жыл бұрын өткізілетін ассессмент сияқты алдын ала бағалау әдістері пайдаланылады, бұл даму саласын анықтауға және жеке оқыту бағдарламаларын құруға мүмкіндік береді.

      Оқытудың жаңа тәсілдері басшыларға арналған көшбасшылық бағдарламаларына, барлық қызметкерлерді жаңа технологияларды пайдалануға үйретуге, жекеше сектормен және шетелдік ұйымдармен тәжірибе алмасуға әсер етеді. Басшыларға арналған трансформациялық көшбасшылық бағдарламалары ұйымдастырушылық мәдениетті жаңартудың қажетті элементі бола отырып, барлық лауазым басшылары үшін міндетті талап ретінде енгізілетін болады. Барлық қызметкерлерді жаңа технологияларды пайдалануға, соның ішінде ЖИ- мен жұмыс істеуге үйрету еңбек өнімділігін арттыруға және қызметкерлердің біліктілігін бәсекеге қабілетті деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.

      Жекеше сектор ұйымдарымен және шетелдік мемлекеттік органдармен тәжірибе алмасу мемлекеттік қызметке озық дағдылар мен басқарушылық практикаларды трансферттеуді қамтамасыз етеді. Тәжірибе алмасу үшін, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер үшін тағылымдамалар бағдарламалары дамытылады, сондай-ақ жетекші сарапшыларды тарта отырып, шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

      Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын құқыққа сыйымсыз жазалардан қорғауды күшейту және олардың бастамашылығын ынталандыру мақсатында жауапкершілікті жеңілдететін, сондай-ақ ауырлататын мән-жайларды ескеруге мүмкіндік беретін тәртіптік жауаптылықтың икемді тәсілдері әзірленетін болады. Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін олардың кәсіби қызметіне байланысты қол сұғушылықтардан қорғау үшін шаралар қабылданатын болады.

      Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қамсыздандырылуын жақсарту мемлекеттік қызметте институционалдық жадтың сабақтастығын және кадрлар құрамының тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, неғұрлым құзыретті кадрларды ұстап қалуға және тартуға көмектеседі.

      4-басымдық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі дамыту

      Бұл бағыттың негізгі мақсаты елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына төнетін басты қатерлердің бірі ретінде сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқарту болады. Мемлекеттің күш-жігері сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі дамытуға, азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тартуға, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жоюға, сондай-ақ жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі басымдықтары мен міндеттері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы арқылы іске асырылатын болады. Нәтижесінде 2029 жылға қарай Қазақстан үшін Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінің мәні 40 - 49 балл диапазонына енеді.

      БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына, ГРЕКО, ЭЫДҰ, ФАТФ және басқа ұйымдардың ұсынымдарына негізделген халықаралық стандарттар мен үздік шетелдік практикаларды ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы біртұтас саясатты дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту. Адалдық пен сатылмаушылыққа негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет ұлттық өзіндік сана-сезімнің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Сыбайлас жемқорлықты мүлдем қабылдамаушылыққа үздіксіз ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту, мемлекеттік қызметшілерді, кәсіпкерлер мен жалпы қоғамды парасатты мінез-құлыққа ынталандыру арқылы қол жеткізілетін болады.

      Сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою. Бюджет процесінің барлық сатыларында тиісті бақылауды және оның ашықтығын қамтамасыз ететін тиімді жүйе қалыптастырылатын болады. Ол үшін құқық қорғау органдары мен өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарда мұндай фактілердің алдын алу үшін барлық мүмкіндіктер болуға тиіс. Бұл ретте банктік және өзге де құпияны қүрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету көзделген.

      Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты әкімшілік және қылмыстық-құқықтық ықпал етуді қолдану арқылы толық көлемде қамтамасыз етілетін болады.

ҚОРЫТЫНДЫ

      Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің орта мерзімді кезеңге арналған негізгі құжаты ретінде еліміздің жаңа экономикалық бағытын іске асыруға бағдарланған.

      Құжат ағымдағы жаһандық трендтерді және түрлі нарықтарда болып жатқан іргелі өзгерістерді ескереді.

      Экономикалық дамудың жаңа парадигмасының негізі елдің бәсекелестік артықшылықтарын тиімді пайдалану және өндірістің негізгі факторларының - еңбектің, капиталдың, ресурстар мен технологияның әлеуетін ашу болып табылады.

      Бұл ретте дәйекті реформалардың нәтижесі нысаналы индикаторларға қол жеткізу және экономикалық өсудің сапалы жаңа моделіне кезең-кезеңімен көшу болмақ, оның басты міндеті азаматтардың өмірін шын мәнінде жақсарту, теңсіздікті жою және қоршаған ортаны қорғау болып табылады.

      Басты жетістіктердің бірі еліміздің барлық тұрғындарының негізгі инфрақұрылым мен сапалы қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әрбір азаматқа тең мүмкіндіктер жасау болмақ.

      Мықты өнеркәсіп каркасын қалыптастыру және жаңа өсу нүктелерін қолдау экономиканың серпінді және тұрақты дамуының кепілі болады.

      Экономиканы ырықтандыру және серпінді бизнес-ортаны құру, инвестицияларды ұлғайту, экологиялық орнықтылықты, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және құқық үстемдігін одан әрі нығайту бойынша құрылымдық өзгерістерді жүргізу әділдік, инклюзивтілік және прагматизм қағидаттарына негізделеді.

      Қоғам, бизнес және мемлекет серіктестігінде жүргізілген институционалдық реформалармен қатар адами капиталдың сапасын арттыру және дамыту трансформациялардың негізгі акценті болып табылады.

      Құрылымдық реформаларды табысты іске асыру және стратегиялық бағдарларға қол жеткізу экономика салалары мен әлеуметтік саланы дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді, бұл Қазақстанның жан басына шаққандағы табысы жоғары елдердің тобына кіруін қамтамасыз етеді.

  Қазақстан Республикасының
2029 жылға дейінгі
ұлттық даму жоспарына
ҚОСЫМША

2029 жылға дейінгі негізгі ұлттық индикаторлар

Көрсеткіш

2022 жыл

2023* жыл

2024 жыл

2025 жыл

2026 жыл

2027 жыл

2028 жыл

2029 жыл

1.

ЖІӨ, млрд АҚШ доллары (ағымдағы бағамен)

225

264

281

308

341

377

414

450

2.

Экономиканың нақты өсу қарқыны, өткен жылмен салыстырғанда %

3,2

5,1

5,3

5,6

6,3

6,9

6,7

6,7

3.

Еңбек өнімділігінің жинақталған өсу индексі, 2022=100

100,0

104,6

109,0

113,8

120,0

127,0

134,1

141,8

4.

Халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ, АҚШ доллары (ағымдағы бағамен)

11 477

13 277

13 948

15 129

16518

18 044

19 579

21 055

5.

Халықтың ақшалай шығыстарының құрылымындағы азық-түлік тауарларына арналған шығыстардың үлесі, %

51,1

51,3

49,4

47,5

45,7

43,8

41,9

40,0

6.

Туғандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы, жылдар

74,4

75,09

75,5

75,8

76,1

76,4

76,7

77,0


PISA тестілеуі негізінде орта білім беру нәтижелерінің сапасы, балл









7.

Оқу сауаттылығы

386



393




406

8.

Математикалық сауаттылық

425



433




445

9.

Жаратылыстану сауаттылығы

423



430




445

10.

QS World University Rankings рейтингісінің топ-700-дегі Қазақстандық жоғары оқу орындарының саны, бірл.

9 (факт)

6 (факт)

6 (факт)

7

8

9

10

11

11.

Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен/кедейлік шегінен төмен халықтың үлесі, %

5,2 (факт)

5,2 (факт)

5,2

5,0

5,0

5,0

5,0

5,0


Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес көрсетілетін әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі, %









12.

Қалалар

84,7

88,5

90,4

91,6

92,7

93,9

95,2

96,0

13.

АЕМ

62,2

64,3

65,5

66,6

67,6

68,7

69,8

71,0

14.

ТМС реттейтін жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозу деңгейі, %

51

50

49

48

46

44

42

40

15.

Халықтың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейі, %

56,7

54,2

55,8

57,5

59,2

61,0

62,8

64,7

16.

Аумақты геологиялық- геофизикалық зерттеумен қамту, мың шаршы км.

1 743,6

1 910,0

2 014,4

2 038,1

2 210,8

2 230,0

2 270,0

2 300,0

17.

Енгізілетін электр қуатының көлемі, 2022 жылдан бері, ГВт

0,4

0,5

1,6

3,5

4,8

6,8

9,3

11,7

18.

Жаңартылатын энергия көздерінен алынатын электр энергиясының үлесі, өндірістің жалпы көлемінен %

4,5

5,9

6,0

6,1

7,0

8,0

10,0

12,5


19.

ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы, 2015 жылғы бағамен тмэ/мың АҚШ доллары

0,32

0,315

0,307

0,299

0,291

0,284

0,276

0,268

20.

Өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспорты, млрд АҚШ доллары

27,0

25,3

26,9

29,5

30,8

32,3

35,1

37,9


Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі









21.

млн тонна

26,7

32,3

32,8

34,0

35,2

38,0

41,6

43,0

22.

мың ЖФЭ

1 129

1 282

1 535

1 568

1 653

1 712

1 850

2 030

23.

АӨК-дегі өңделген өнімнің үлесі**, %

31

35

40

50

70

70-тен кем емес

70-тен кем емес

70-тен кем емес

24.

ІТ-өнімдер мен көрсетілетін қызметтер экспортының көлемі, млн АҚШ долл.

337

529,1

700

1 000

1 200

1 400

1 600

1 800

25.

Инновация саласындағы белсенділік деңгейі, %

11,0

11,7

14,5

15,9

17,4

18,9

20,4

21,9

26.

Орналастыру орындарында қызмет көрсетілген ішкі туристер саны, млн адам

6,4

8,5

9,0

9,5

10,0

10,4

10,8

11,0

27.

Орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келуші туристер саны, млн адам

0,93

1,4

2,0

2,5

2,8

3,0

3,5

4,0

28.

ЖІӨ-дегі ШОК ЖҚҚ-ның үлесі, %

35,1

36,5

37,0

37,5

38,0

38,5

39,0

39,5

29.

ЖІӨ-дегі орта кәсіпкерліктің ЖҚҚ-ның үлесі, %

6,9

6,7

8,2

9,5

10,8

13,0

14,0

15,0

30.

Негізгі капиталға инвестициялар (НКИ), ЖІӨ-ден %

14,7

14,6

15,0

17,0

18,0

19,0

21,0

23,0

31.

НКИ-дың жалпы көлеміндегі сыртқы инвестициялардың үлесі, %

20,7

19,1

20,0

22,0

23,0

25,0

27,0

30,0

32.

Бизнеске берілген кредиттердің өсімі, %
(2022 жылғы деңгейден)

0

17

40

68

92

119

150

185

33.

Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны, млрд АҚШ долл.

28,2

23,4

24,8

25,1

25,5

25,6

25,7

25,8

34.

Парниктік газдар шығарындыларының шекті көлемі, % (1990 жылғы деңгейге қарағанда)

93

92,0

91,0

90,0

89,0

88,0

87,0

86,0

35.

Су тасымалдау арналары арқылы ауыл шаруашылығындағы су шығынының деңгейі, %

51

50

50

47

43

39

35

30

36.

Суармалы егіншілікте су үнемдеу технологияларын енгізу есебінен суаратын суды үнемдеу, жылына млн м3

деректер жоқ

деректер жоқ

326

728

1 100

1 428

1 721

1 975

37.

Республикалық бюджеттің Мұнайға қатысты емес тапшылығы, ЖІӨ-ден %

8,3

7,3

6,1

6,0

<5,9

<5,9

<5,5

<5,5

38.

0-ден 1-ге дейінгі шкала бойынша World Justice Project- тен құқық үстемдігі индексінің мәні

0,53

0,53

0,55

0,56

0,57

0,58

0,59

0,60

39.

Дүниежүзілік банктен мемлекеттік басқару тиімділігі индексінің мәні (-2,5-тен 2,5-ке дейінгі шкала бойынша)

0,14

0,27

0,39

0,51

0,63

0,76

0,88

1,00

      Ескертпе:

      *- алдын ала деректер;

      **- сүт, ет, майлы дақылдар тұқымы, күріш, жүгері, қарақұмық. Барлық бағалар 2022 жылғы мәнде көрсетілген.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 30 шілдедегі
№ 611 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір жарлықтарының
ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығы.

      2. "Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 23 наурыздағы № 6 Жарлығын іске асырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 151 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістердің 26-тармағы.

      3. "Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 521 Жарлығы.

      4. "Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 - 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы № 802 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістердің 2-тармағы.

      5. "Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы № 5 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістердің 18-тармағы.

      6. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 13 сәуірдегі № 195 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 25-тармағы.