Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 18 наурыздағы № 879 Жарлығы.

Жаңартылған

  Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында және республикалық
баспасөзде жариялануға тиiс

      "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 47-1-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Комиссия туралы ереже;

      2) Комиссияның құрамы;

      3) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу қағидалары бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттауды 2019 жылғы 1 қазан мен 2020 жылғы 31 наурыз аралығында өткізсін, сондай-ақ осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 02.04.2019 № 15 Жарлығымен.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 18 наурыздағы
№ 879 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясы туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) құқықтық мәртебесі мен өкілеттігі айқындалады.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, оның ішінде Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу қағидаларын және осы ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның міндеттері

      3. Комиссияның міндеттері:

      1) мыналарды:

      әкімшілік полиция, көші-қон қызметі комитеттерінің төрағаларын және олардың орынбасарларын;

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты департаменттерінің бастықтарын және олардың орынбасарларын;

      облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың және көліктегі полиция департаменттерінің бастықтарын, сондай-ақ олардың орынбасарларын;

      Алматы, Қарағанды, Қостанай академияларының, Ақтөбе заң институтының, Ішкі істер министрлігінің Оқу орталығының (Шымкент қаласы) бастықтарын және олардың орынбасарларын;

      Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары орталық аттестаттау комиссиясының құрамына кандидаттарды кезектен тыс аттестаттаудан өткізу;

      2) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізуді ұйымдастыру және үйлестіру болып табылады.

3. Комиссияның құқықтары

      4. Комиссия:

      1) Комиссия құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратуға;

      2) қажеттілігіне қарай мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын және мамандарын, сондай-ақ мүдделі ұйымдардың өкілдерін тартуға;

      3) отырыстарында аттестатталатын қызметкерлерді, сондай-ақ Комиссия құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың өкілдерін тыңдауға;

      4) Комиссияға жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

4. Комиссия қызметін ұйымдастыру

      5. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Комиссия төрағасы болып табылады, ол болмаған жағдайда міндетін атқару Комиссия төрағасының орынбасарына жүктеледі.

      6. Комиссия төрағасы:

      1) Комиссия қызметін жалпы басқаруды жүзеге асырады;

      2) Комиссия отырыстарын өткізу орны мен уақытын белгілейді;

      3) Комиссия отырыстарында төрағалық етеді;

      4) Комиссия мүшелеріне орындауға міндетті нұсқаулар береді.

      7. Комиссия мүшелері:

      1) Комиссияның жұмыс кестесі бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) Комиссия отырысында қаралатын мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы.

      8. Комиссия хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады және дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.

      9. Егер Комиссия отырысына оның құрамының кемінде үштен екі бөлiгi қатысса, құқықтық күші бар деп есептеледі.

      Комиссия шешімі Комиссия мүшелерінің отырысқа қатысып отырған жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының даусы шешуші болып табылады.

      10. Комиссия қабылдаған шешім Комиссия төрағасы мен хатшысы қол қоятын және Комиссияның мүшелерінің пікірін білдіретін хаттамамен ресімделеді.

      11. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 18 наурыздағы
№ 879 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясының
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 22.07.2019 № 74 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, төраға

      Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы

      Қазақстан Республикасының Бас прокуроры

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы

      Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі

      Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі, хатшы

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 18 наурыздағы
№ 879 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу
ҚАҒИДАЛАРЫ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізудің осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін (бұдан әрі – қызметкерлер) кезектен тыс аттестаттаудан өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Мыналар аттестаттауға жатпайды:

      1) жүктілігі және бала күтіміне байланысты демалыс кезеңінде қызметкерлер қатарындағы әйелдер;

      2) мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарында, оның ішінде Қазақстан Республикасында және шет елдерде мемлекеттік қызметшілерді даярлау бойынша магистратурада, докторантурада оқып жатқан қызметкерлер;

      3) ішкі істер органдарында бір жылдан аз жұмыс істеген қызметкерлер;

      4) мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлер.

2. Аттестаттауды өткізуге дайындықты ұйымдастыру

      3. Кезектен тыс аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі өлшемшарттары:

      1) қызметкерлердің өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындау қабілеттілігі және олардың жұмыс нәтижелері;

      2) білім мен практикалық дағдылардың деңгейі болып табылады.

      Аттестатталатын қызметкерлерге жүктелген лауазымдық міндеттері мен олардың ерекшелігін ескере отырып, бағалаудың қосымша өлшемшарттарын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі айқындайды.

      4. Аттестаттау бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтиды:

      1) аттестаттаудан өткізуге дайындық;

      2) аттестаттауға жататын қызметкерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге және логикалық ойлауға компьютерлік тестілеу;

      3) кәсіби жарамдылығын айқындау бойынша белгіленген нормативтерді тапсыру;

      4) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы жоғары аттестаттау комиссиясында аттестатталатын қызметкерлердің полиграфологиялық зерттеуден өтуі;

      5) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) не тиісті аттестаттау комиссиясы өткізетін қызметкерлермен әңгімелесу;

      6) Комиссияның не аттестаттау комиссиясының шешім шығаруы.

      5. Кадр бөлімшесі кезектен тыс аттестаттаудан өткізу мерзімдері туралы оны өткізу басталғанға дейін бір айдан кешіктірмей қызметкерлерді жазбаша хабардар етеді.

      6. Аттестаттауға жататын қызметкердің басшысы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оның қызметтік мінездемесін ресімдейді, оны таныстырады және аттестаттау өткізілетін күнге дейін он күннен кешіктірмей оны тиісті кадр бөлімшесіне жолдайды.

3. Аттестаттау комиссиясы

      7. Аттестаттау комиссиясы төрағадан, мүшелерден және хатшыдан тұрады. Тиісті аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруі тиіс. Аттестаттау комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі не оны алмастыратын лауазымды адам - орталық аттестаттау комиссиясының төрағасы, аумақтық полиция органының басшысы өңірлік аттестаттау комиссиясының төрағасы болып табылады.

      Аттестаттау комиссиясының хатшысы кадр бөлімшесінің өкілі болып табылады, ол оның жұмысын ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады және дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.

      8. Орталық аттестаттау комиссиясының құрамын Комиссия төрағасымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітеді.

      Өңірлік аттестаттау комиссияларының құрамдарын аумақтық полиция органы басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітеді.

      Тиісті аттестаттау комиссияларының жұмыс кестелерін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі немесе төмен тұрған бөлімшелердің ұтымды жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, аумақтық полиция органының басшысы белгілейді.

      9. Аттестаттау комиссиясының құрамына жоғары тұрған аттестаттау комиссиясында алдын ала кезектен тыс аттестаттаудан өткен бөлімшелердің басшылары, өзіндік қауіпсіздік қызметінің, кадр және заң қызметтерінің өкілдері (не осы қызметтер есеп беретін адамдар), аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, өзге де қызметкерлер, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері кіреді.

      10. Тиісті аттестаттау комиссиясының төрағасы және оның мүшелері аттестаттауға жататын қызметкерлердің лауазымындай немесе анағұрлым жоғары лауазымды атқаруы тиіс.

      11. Ішкі істер органы жұмысының бағыттарына қарай бірнеше аттестаттау комиссиясы құрылуы мүмкін.

      12. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оған аттестаттау комиссиясы мүшелерінің отырысқа қатысқандарының қатарынан көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп саналады.

      Дауыстар тең болған жағдайда, аттестаттау комиссиясының төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.

      13. Егер отырысқа оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, аттестаттау комиссиясы отырысының құқықтық күші бар деп есептеледі.

4. Аттестаттауды өткізу

      14. Кәсіби жарамдылығын айқындау бойынша нормативтерді тапсыру, Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге және логикалық ойлауға компьютерлік тестілеуден, сондай-ақ әңгімелесуді өткізу кестелерін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі немесе аумақтық полиция органының басшысы бекітеді.

      15. Қызметкерлердің компьютерлік тестілеуден өту тәртібі мен шарттарын және кәсіби жарамдылығын айқындау бойынша нормативтерді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітеді.

      Комиссияда аттестаттауға жататын қызметкерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге және логикалық ойлауға компьютерлік тестілеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган өткізеді.

      16. Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының отырысында аттестатталатын қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі. Әңгімелесу рәсімі аудио- және бейнетіркеуге жатады. Мемлекеттік құпиялар туралы заңнамамен реттелетін жағдайларды қоспағанда, әңгімелесу барысында техникалық жазба құралдарының көмегімен тіркелген ақпарат тиісті хаттамаға тіркеледі.

      Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелді себептер бойынша болмаған қызметкерлер қызметке шыққаннан кейін кезектен тыс аттестаттаудан өтеді.

      Қызметкер Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда аттестаттау комиссиясы осы Қағидалардың 17-тармағының 5) тармақшасында көзделген шешім қабылдайды.

      17. Әңгімелесудің қорытындысы бойынша Комиссия не тиісті аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді және кадр резервіне қабылдауға немесе жоғары тұрған лауазымға өсіруге ұсынылады*;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;

      3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендету ұсынылады;

      4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және басқа қызметке (лауазымға) ауыстыру ұсынылады;

      5) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және ішкі істер органдарынан жұмыстан шығаруға ұсынылады.

      18. Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде хаттамамен ресімделеді, оған отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері және хатшы қол қояды.

      19. Кадр бөлімшесі Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешімін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді.

      Қызметкер Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешімімен ол қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қол қойып танысады.

      20. Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) ішкі істер органдарында өзге, оның ішінде төмен тұрған лауазымдарда қызметін жалғастырудан бас тартқан қызметкер "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) белгіленген тәртіппен жұмыстан шығарылуға жатады.

5. Аттестаттау комиссиясының шешіміне шағымдану

      21. Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешіміне Заңда белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Ескертпе:* - Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының отырысында осы Қағидалардың 17-тармағының 1) тармақшасы бойынша шешім қабылданған қызметкерлер Президенттік резервке немесе Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ аумақтық полиция бөлімшелерінің лауазымдар номенклатурасы бойынша кадр резервіне есепке алуға ұсынылады.

  Қазақстан Республикасы ішкі істер
органдарының полиция
қызметкерлерін кезектен тыс
аттестаттаудан өткізу
қағидаларына
1-қосымша

Кезектен тыс аттестаттаудан өтуге жататын қызметкердің қызметтік мінездемесінің үлгілік нысаны (қызметкердің тікелей басшысы толтырады)

      Қызметкердің Т.А.Ә. _____________________________________________________

      Лауазымы ______________________________________________________________

      Тағайындалған күні______________________________________________________

      Атағы _________________________________________________________________

      1. Лауазымдық міндеттерін орындауы (қызметкер шешуге қатысқан негізгі мәселелердің тізбесі келтіріледі; қызметтік міндеттерін орындаудың тиімділігі мен адалдығы, шығармашылық бастамашылығы, азаматтармен жұмысы және т.б. бағаланады).

      2. Мемлекеттік органның қызметі саласындағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі, кәсіптік білімін қолдануы, сондай-ақ егер лауазымдық міндеттеріне кірсе, коммуникациялық және ақпараттық технологияларды қолдануы (стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі, кәсіптік білімінің, коммуникациялық және ақпараттық технологияларды білуінің деңгейі, оларды жұмыста қолдануы және т.б. сипатталады).

      3. Заңдылықты, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы, мемлекеттік қызметшілердің әдебі туралы заңнаманы, сондай-ақ еңбек тәртібін, ішкі қызметтік тәртіптемені сақтауы (тәртіптік жазалары, заңдылықты, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау туралы мәліметтер және т.б. көрсетіледі).

      4. Жеке қасиеттері (қызметкердің жеке қасиеттері: адамдармен тіл табысуы, азаматтармен жұмыс істеу қабілеті, психологиялық орнықтылығы, өзін-өзі жетілдіруге қабілеті және т.б. сипатталады).

      5. Қызметкер жұмысының қорытынды бағасы (тікелей басшының қызметкер туралы пікірі көрсетіледі: атқаратын лауазымына сәйкес келеді не сәйкес келмейді, жоғары тұрған немесе төмен тұрған лауазымға ұсынылуы мүмкін).

      6. Аттестатталатын адам басқаратын бөлімше не ол жетекшілік ететін бөлімше жұмысының нәтижелері, оның ішінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимылдың жай-күйі туралы мәліметтер.

      7. Өзге де мәліметтер.

      Басшының Т.А.Ә. ________________________________________

      Лауазымы ____________ Атағы ____________

      Күні 20__ жылғы "__" ___________

      МО

      Таныстым _______________________ Күні _________________ (қызметкердің Т.А.Ә., қолы)

  Қазақстан Республикасы ішкі істер
органдарының полиция
қызметкерлерін кезектен тыс
аттестаттаудан өткізу
қағидаларына
2-қосымша

Кезектен тыс аттестаттауға жататын полиция қызметкерін аттестаттау парағының үлгілік нысаны

      1. Тегі, аты, әкесінің аты ___________________________________________________

      2. Туған жылы, айы-күні _______ "__" _______________________________________

      3. Білімі _________________________________________________________________

      4. Мамандығы ___________________________________________________________

      5. Кезектен тыс аттестаттау кезіндегі атқаратын лауазымы ______________________

      6. Атағы ____________________

      7. Кезектен тыс аттестаттау комиссиясының шешімі ___________________________

      8. Өзге де мәліметтер _____________________________________________________

      Кезектен тыс аттестаттау комиссиясының төрағасы ___________________________ (қолы)

      Кезектен тыс аттестаттау комиссиясының хатшысы ___________________________ (қолы)

      Кезектен тыс аттестаттауды өткізу күні 20__ жылғы "___" _______

      Аттестаттау парағымен таныстым _____________________________ (қызметкердің қолы және күні) МО