Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Қазақстан Республикасында цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 621 Жарлығы.

Жаңартылған

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Қазақстан Республикасында цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасында цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның лауазымдық құрамы;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасында цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республика
      Президенті Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 10 қаңтардағы
№ 621 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасында цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның ЛАУАЗЫМДЫҚ ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Лауазымдық құрамға өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 30.10.2018 № 782; 01.06.2019 № 57; 22.07.2019 № 74; 28.10.2019 № 195; 17.11.2020 № 450 Жарлықтарымен.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі, төраға орынбасары

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі вице-министрі, хатшы

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін орынбасары

      Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы

      Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы

      Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы

      Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөнiндегi агенттiгiнiң төрағасы

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы

      Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі

      Қазақстан Республикасының Әділет министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі

      Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

      Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі

      Қазақстан Республикасының Сауда жəне интеграция министрі

      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

      Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі

      Қазақстан Республикасының Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрі

      "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы (келісім бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 10 қаңтардағы
№ 621 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасында цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасында цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Комиссия төрағадан, оның орынбасарынан, хатшыдан және Комиссияның өзге де мүшелерінен тұрады.

      4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 28.10.2019 № 195 Жарлығымен.

      5. Комиссия шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

      6. Комиссияның лауазымдық құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

2. Комиссияның міндеті, функциялары мен құқықтары

      7. Қазақстан Республикасында цифрландыруды және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу Комиссияның міндеті болып табылады.

      8. Комиссия осы міндетті орындау үшін:

      1) Қазақстан Республикасында цифрландыруды және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша ұсынымдық шешімдер шығарады;

      2) "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында цифрландыруды және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша қабылданған шешімдерді іске асыру жөнінде мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар қабылдайтын шараларды тиімді орындау бойынша мониторинг жүргізеді;

      3) орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарынан өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратады;

      4) Комиссия отырыстарында Комиссия құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдардың өкілдерін тыңдайды;

      5) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

3. Комиссия қызметін ұйымдастыру

      9. Комиссияның қызметіне басшылық жасауды Комиссияның төрағасы жүзеге асырады.

      10. Төраға болмағанда оның міндеттерін төрағаның орынбасары атқарады.

      11. Комиссияның хатшысы:

      1) Комиссия отырыстарының хаттамасын жүргізеді;

      2) Комиссия шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады және бақылау жасайды;

      3) Комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      12. Комиссияның жұмыс органы:

      1) Комиссия мүшелерінің ұсыныстары және ол бұрын қабылдаған шешімдер негізінде отырыстардың күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

      2) Комиссия отырыстарын дайындауды ұйымдастырады;

      3) Комиссия мүшелерін Комиссияның кезекті отырысы өткізілетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабардар етеді және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

      4) отырыстың күн тәртібінің мәселелері бойынша материалдарды (анықтамалар, тұсаукесерлер, хаттамалық шешімдердің жобалары, сөйлеушілер мен қатысушылардың тізімдері) жинауды және отырыс өткізілгенге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын Комиссияның төрағасына ұсынуды жүзеге асырады;

      5) Комиссия отырысының хаттама жобасын келісу және бұрыштама қою үшін отырысқа қатысқан Комиссия мүшелеріне жолдайды.

      13. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай және Комиссияның төрағасы айқындайтын мерзімдерде тоқсанына бір реттен сиретпей өткізіледі.

      14. Комиссияның қарауына шығару үшін ұсынылған мәселелер міндетті түрде мүдделі мемлекеттік органдармен келісіледі.

      15. Егер отырысты шақыру туралы шешімде өзгеше көзделмесе, отырыстың күн тәртібінің мәселелері бойынша материалдар (анықтамалар, тұсаукесерлер, хаттаманың жобасы, сөйлеушілер мен қатысушылар тізімі) жұмыс органына отырыс өткізілгенге дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын берілуі тиіс.

      16. Комиссияның отырысы Комиссия төрағасының бастамасымен жоспарланған отырысқа дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей шақырылады.

      17. Отырыс болатын күнге дейін кемінде екі жұмыс күні бұрын Комиссияның мүшелері отырысқа өздерінің қатысатынын растайды.

      18. Комиссияның отырыстары оның мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқан кезінде заңды болады. Комиссияның мүшелері оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады.

      19. Комиссияның шешімдері отырысқа қатысушы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және жүргізілген стенограмманың негізінде хаттамамен ресімделеді. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.

      Жұмыс органы Комиссия отырысы аяқталғаннан кейін үш күн мерзімде Комиссия отырысы хаттамасының жобасын дайындайды.

      Комиссия хаттамасының көшірмелері Комиссияның барлық мүшелеріне және мүдделі мемлекеттік органдар мен тұлғаларға жіберіледі.

      20. Комиссияның мүшелері хаттаманың жобасын алған күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде келіседі және бұрыштама қояды.

      21. Комиссияның отырыстарына оның мүшелері болып табылмайтын лауазымды адамдар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.

      22. Комиссия жұмыс нәтижелері туралы Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекеттік органдар есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күніне қарай ұсынатын деректер негізінде тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күніне дейінгі мерзімде баяндайды.

      23. Комиссияның қызметі Қазақстан Республикасының Президенті шешімінің негізінде тоқтатылады.