Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 25.08.2023 № 312 Жарлығымен.
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. “Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 939 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 67, 619-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына тиісті өзгерістер енгізсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. НАЗАРБАЕВ |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 604 Жарлығына ҚОСЫМША |
|
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 939 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасының мәдени саясатының
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мазмұны
1. Кіріспе
2. Қазақстан Республикасында мәдениет саласын дамытудың жалпы пайымы
2.1. Ағымдағы ахуалды талдау
2.2. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасының қажеттілігіне негіздеме
3. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары
3.1. Мақсаты мен міндеттері
3.2. Жалпы тәсілдер
3.3. Негізгі қағидаттар
4. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының басым бағыттары
4.1. Ұлттың мәдени кодын сақтау
4.2. Мәдениет саласындағы басқару жүйесін жетілдіру
4.3. Өнер саласының бірыңғай білім беру кеңістігі
4.4. Халықаралық мәдени кеңістікке ықпалдасу
4.5. Ақпараттық және инновациялық технологияларды қолдану
4.6. Қазіргі заманғы мәдени кластерлерді дамыту
Музейлер ғылым мен зерттеу қызметін дамытудың тірек орталықтары ретінде
Әдебиет, кітап шығару мен кітапхана ісі
Бейнелеу өнері, дизайн және сәулет
Театр, музыка, хореография, орындаушылық және цирк өнері
Кино индустриясын қазіргі заманғы мәдени кеңістіктің аса маңызды кластері ретінде дамыту
“Астана - Еуразия жүрегі” кластері
“Алматы - Қазақстанның еркін мәдени аймағы” кластері
“Табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы” кластері
“Алтай маржаны” кластері
“Ұлы Жібек жолын жаңғырту” кластері
“Каспий қақпасы” кластері
5. Іске асыру кезеңі мен күтілетін нәтижелер, нысаналы индикаторлар
6. Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
“Дәстүр мен мәдениет - ұлттық генетикалық коды” Н.Ә. Назарбаев |
1. Кіріспе
Қазақстан Республикасы мәдени саясатының тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың “Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді.
Жаңа мәдени саясаттың стратегиялық доминантасы Мемлекет басшысы ұсынған, бай мәдени мұрасымен шығармашылық әлеуеті бар Қазақстан халқын Қазақстан Республикасының әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына ойдағыдай қол жеткізуге жұмылдыруға үндейтін және “Рухани жаңғыру” ұлттық сананы рухани жаңғырту және жаңарту ұлттық идеясы болып табылады.
Бүгінгі күні мәдениет пен мәдени әлеуетті дамыту әлемнің көптеген халықтары мен мемлекеттерінің негізгі даму басымдықтарының қатарына жатады. Мәдениеттің даму деңгейі, жалпыұлттық және әлемдік мәдени мұраны сақтап қалу мен байытуды, сапалы мәдени құндылықтардың жасалуын, таратылуы мен қолданылуын, жемісті мәдени алмасу мен тұлғаның рухани-шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетуін қамтамасыз ететін, тиімді жұмыс істейтін мәдени институттар инфрақұрылымы мен тетіктерінің болуы табыстың аса маңызды өлшемшарттарының бірі болып табылады.
Табысты мемлекеттің мәдени саясаты жасампаз құндылық бағдарларын қалыптастыру негізінде қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталады және қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің барлық маңызды аспектілерін дамытудың сапалы өлшемі болып табылады.
Мәдениет саласындағы жетістіктер ведомстволардың, мәдениет мекемелерінің жұмыстарымен, статистиканың сандық көрсеткіштерімен және белгілі есімдердің болуымен ғана өлшенбейді. Бүгінгі күні мәдениет - бұл тұлғаның рухани-эстетикалық дамуының, жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың және елді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдастырудың қуатты құралы. Мұнда ұлттық-мәдени тамырлар, тарихи тәжірибе, үздік салт-дәстүрлер, сондай-ақ ұлттың өзінің ұлттық кодын сақтап қалу базалық тірек болып қалады.
Мәдениеттің рөлін ұғынуға деген заманауи көзқарас жаңа әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастыру қажеттілігін негіздейді, оның маңызды бағыттары бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы және мемлекеттің эволюциялық даму жолы болып табылады. Қазіргі жағдайларда мәдени саясаттың маңызды артықшылығы тұлғаның, бизнестің және тұтастай мемлекеттің маңызды жетістігінің аспектілері ретінде қоғамның шығармашылық белсенділікке және өз бәсекелестік артықшылығын арттыруға деген қарым-қатынасының өзгеруі болуға тиіс. Бұл, ең алдымен, Қазақстан Республикасының әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына жедел кіруіне ықпал ететін қазіргі заманғы, әлемдік стандарттарға негізделген мәдени инфрақұрылымды және саланы ұйымдастыру мен басқарудың тиімді моделін құруды талап етеді.
Мәдени саясат тұжырымдамасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің озық тәжірибесі ескеріле отырып әзірленді, атап айтқанда, жұмыспен қамту және кірістер деңгейінің көрсеткіштері бойынша мәдениет және өнер саласын күшейтуге бағытталған. Мұндай жағдайларда мәдениет саласы экономика ресурстарының біріне, бизнес-бастамалар үшін тартымды инвестициялық салаға айналып келеді, бұл атап айтқанда: кино индустриясы, анимация, цирк өнері, музей, концерт пен театр қызметтері және тағы басқалары сияқты өнердің жекелеген түрлері мен мәдениет ұйымдарын экономикалық тұрғыдан табысты (рентабельді) деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
2. Қазақстан Республикасында мәдениет саласын дамытудың жалпы пайымы
2.1. Ағымдағы ахуалды талдау
Саланың тарихи қалыптасқан және тәуелсіздік жылдары қарқынды дами бастаған инфрақұрылымы қазақстандық мәдениеттің одан әрі дамуы үшін негізгі тұғырнама қызметін атқарады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша 2017 жылғы 1 қаңтарға елімізде 4,1 мың кітапхана, шамамен 3,2 мың мәдени-демалыс ұйымдары, 238 музей, 64 театр, 94 кинотеатр, 39 концерттік ұйым, 132 мәдениет және демалыс саябағы, 8 хайуанаттар бағы және 4 цирк жұмыс істейді.
Инфрақұрылымның даму серпіні тұрақты оң сипатқа ие. Мәселен, соңғы жылдарда музейлердің, клуб үлгісіндегі мекемелердің және кино қоюды жүзеге асыратын ұйымдардың саны 13%-ға артты; театрлар саны 16,4%-ға өсті; кітапханалар саны 4,6%-ға көбейді. Саланы жүйелі мемлекеттік қолдау да тұрақты қаржыландырумен айқындалады.
Елімізде өзінің сәулеті бойынша бірегей “Қазақстан” орталық концерт залы, Орталық Азиядағы ең ауқымды “Астана Опера” опера және балет театры, “Astana Ballet” театры, халықтың мәдени мұрасының маңызды құндылықтары жинақталатын елдегі аса ірі орын болуға арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ашылды.
Сала инфрақұрылымы жылына орта есеппен 90,5 миллионнан астам адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік зерттеулердің деректері бойынша халықтың көрсетілетін мәдениет қызметтеріне қанағаттану деңгейі 66-70,3%-ды құрайды.
Қазіргі бағыттардың, жанрлар мен стильдердің барлығы дерлік өз дамуын классикалық, халықтық және бұқаралық мәдениеттен алды. Қазақстандық музыка, бейнелеу, кино және театр өнері әртүрлі халықаралық өнер фестивальдарында, көрмелерде, форумдарда, биеннале мен конкурстарда лайықты таныстырылды. Қазақстандық үздік өнер шеберлерінің әлем өнерінің ең беделді алаңдарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндігі бар.
Еліміздің театр алаңдарында жыл сайын 38 мыңнан астам спектакль қойылады, олардың 400-і – отандық және шетелдік хореографтардың, балетмейстерлердің, режиссерлердің жаңа қойылымдары, “Тәуелсіздік толғауы” шығармашылық конкурстарының шығармалары.
Отандық киноиндустрия белсенді дамуда. Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” акционерлік қоғамының киностудиясында түрлі жанрлар мен форматтардағы фильмдерді түсіруге мүмкіндік беретін киноөндірісінің қазіргі заманғы толық технологиялық тізбегі қамтамасыз етілген. Кинобазаның өндірістік қуаты жыл сайын 100-ден астам фильмді құрайды. Қазақстандық картиналар халықаралық кинокөрсетілімдер мен фестивальдарға қатысуда. 2014 - 2016 жылдары Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” акционерлік қоғамында 200-ден астам картина әлемнің 48 елінде 150 кинофестиваль мен халықаралық көрсетілімнің қатысушылары болды және 100-ден астам жүлделерге ие болды. Қазақстанның Тәуелсіздігі мерейтойы қарсаңында 26 кинокартинаның, оның ішінде 9 көркем, 9 деректі, 7 дебютті және 1 толықметражды анимациялық фильмнің тұсаукесері болды. Барлық картиналар халықаралық нарық прокатына бағдарланған. Ресейде “28 панфиловшылар” Қазақстан-Ресей картинасы 2016 жылдың үздік фильмдері қатарына енді. Ресейде, Қытайда, Францияда, Гонконгта, Грецияда “Елбасы жолы” - “Жұлдыздар тоғысқанда” кино-эпопеясы жалғасының тұсаукесері болып өтті. “Под вечным оком неба” ғылыми-танымал фильмі Қытайда креативті индустрия және мәдениет көрмесінде “Инновациялық жоба үшін” атты номинациясы бойынша жоғары наградаға ие болды, итальялық және қытайлық әріптестермен бірлесіп жасалған “Марко Поло” деректі фильмі Қытайдың және Италияның прокатында көрсетілді. 2017 жылы режиссер А. Сатаевтың “Анаға апарар жол”, режиссер С. Нарымбетовтің “Аманат” картиналары және тағы басқалар бірқатар беделді халықаралық наградаларға ие болды. “Құнанбай” картинасы Қазақстанның әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың бірінші иегері болды. “Алмас қылыш” картинасы 2017 жылғы отандық прокаттың көшбасшыларының біріне айналды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттың негізгі зияткерлік ресурсы болуға бағытталған Қазақ ұлттық электрондық кітапханасының (ҚазҰЭК) қорын кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Электрондық каталогтың көлемі 30 мың библиографиялық жазбаны құрайды. Қашықтықтан пайдаланушылардың сұрау салуы бойынша кітаптардың е-көшірмелерін жасауға жыл сайын орта есеппен 3 мың тапсырыс қабылданып өңделеді.
Шетелде қазақстандық мәдениетті танымал ету шеңберінде соңғы бірнеше жыл бойы Мәдениет күндері форматындағы іс-шаралармен ТМД-ның барлық дерлік елдері, Еуропа мен Азияның, Таяу Шығыстың жетекші елдері қамтылып келеді.
“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында іс-шаралар кешені жүзеге асырылып, нәтижесінде тарих пен мәдениеттің жаңа ескерткіштері ашылды, маңызды тарихи-мәдени объектілер консервацияланды, реставрацияланды және реконструкцияланды, елдің мәдени мұрасын зерделеудің тұтас жүйесі үшін база құрылды.
“Қазақтың дәстүрлі мың күйі”, “Қазақтың дәстүрлі мың әні” және “Батырлар жыры” бірегей жобаларының шеңберінде халық шығармашылығының ең үздік үлгілері жүйелендірілді.
Қазақстан халықаралық ынтымақтастық желісі бойынша мәдениет саласындағы мынадай конвенцияларға қатысушы болып табылады: Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенция (Париж, 1972 жылғы 16 қараша), Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенция (Париж, 2003 жылғы 17 қазан), Қарулы қақтығыстар болған жағдайда мәдени құндылықтарды қорғау туралы Гаага конвенциясы (Гаага, 1954 жылғы 14 мамыр), Еуропа мәдени конвенциясы (Париж, 19 желтоқсан 1954 жылғы), Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенция (Париж, 1970 жылғы), Халықаралық көрмелер туралы конвенция (Париж, 1928 жылғы 22 қараша).
ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық ландшафтының петроглифтері мәдениет ескерткіштері, сондай-ақ “Сарыарқа - Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері” табиғи мұра объектісі енгізілді. Жібек жолының Жетісу бөлігінің қазақстандық сегіз объектісі: Талғар, Қаялық, Қарамерген, Ақтөбе “Степнинское”, Өрнек, Құлан, Қостөбе, “Ақыртас” археологиялық кешені “Жібек жолы: Чанань-Тянь-Шань дәлізі маршруттарының желісі” атты сериялық трансұлттық номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне кірді.
Тұтастай алғанда, саланың әлеуеті мейлінше жоғары, мұны көрсетілетін мәдени қызметтерді тұтынудың тұрақты өсу серпіні айғақтап отыр. Тек соңғы он жылда ғана театрларға бару көрсеткіші 1,3 есе артты, кітапханалардың тұрақты оқырмандарының саны 18%-ға өсті, кинотеатрлардың көрермендер саны 2,3 есе ұлғайды.
Алайда, жалпы сала көрсеткіштері қарқынды өскенімен, мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі мен беделі бұрынғысынша төмен күйінде қалып отыр. Сала қызметкерлерінің орташа айлық еңбекақысы республикадағы қызметтің барлық салалары бойынша осыған ұқсас көрсеткіштің 61-72%-ын құрайды. Қызметтің көрсетілген түрі бойынша еңбекақы қоры елдегі жалпы еңбекақы қорының 1,3%-ын құрайды. Мәдениет саласындағы жаңа жұмыс орындарын ашу серпіні саланың жұмыспен қамтудың орташа республикалық көрсеткішінен артта қалғанын көрсетіп отыр.
Саланың түйінді проблемалары
Ағымдағы ахуалды талдау негізінде саланың мынадай проблемаларын бөліп көрсетуге болады:
1) атқарушы билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қабылдайтын шешімдерде тиімді үйлестірудің жетіспеушілігі, сондай-ақ мәдениет ұйымдарының, әсіресе, ауылдағы мәдениет ұйымдарының желісін дамытуда сақталып келе жатқан теңсіздік;
2) мәдениет мекемелерінің желісін дамыту қажеттілігі мен бюджеттің оларды ұстау жөніндегі мүмкіндіктері арасындағы сәйкессіздік бар және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті енгізу тәжірибесінің әлсіз жандануы орын алып отыр;
3) жастар мен балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жүйелі тәсіл толық қолданылмайды;
4) өнердің қазіргі заманғы бағыттары мен оның жаңа ағымдары тиісті даму мен қолдау таппай келеді;
5) ұлттық рухани құндылықтар мен бағдарларды жарқын көркемдік образдарда бейнелейтін заманауи өнер туындыларының жетіспеушілігі;
6) ғылыми тәсіл және өнер теориясы мен практикасының өзара байланысы жеткілікті айқындалмаған: көркемөнер білімін беру, өнертану, музей ісі, археология, реставрациялау, туризм, кино, театр салалары өзара біріктірілмеген және келісілмеген;
7) музейлер мен музей-қорықтар ғылыми-зерттеу қызметін дамыту әлеуетін жеткілікті пайдаланбайды;
8) мәдениет саласында меценаттық, демеушілік және волонтерлік институттар дамымаған;
9) бос уақыт мәдениеті мен мәдени сервисті дамытудың жүйелі тәсілін іске асыру жөніндегі практикалық қадамдар жеткілікті пысықталмаған.
Мәдениет саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық база заманауи инновациялық және ықпалдасушылық процестердің талаптарына толыққанды сәйкес келмейді, өңірлердің, моноқалалар мен шалғайдағы ауылдардың қажеттіліктерін ескермейді.
Елімізде қолданыстағы шығармашылық білім беру жүйесінің музыка, балет, орындаушылық, бейнелеу өнері бойынша кадрлар даярлаудағы көрсеткіштері жоғары болғанымен, кино, анимация, сурет өнері, мүсін, графика, дизайн, декоративті-қолданбалы өнер, музей, реставрация, кітапхана ісі саласындағы мамандар тапшылығының спектрін толық қамтымайды. Көркемөнер білімі оқытудың барлық деңгейлерінде шығармашыл мамандарды даярлауды жүйелі қайта құруды талап етеді.
Кадр тапшылығы “креативті” жаңа таптың - белсенді және бұқаралық әлеуметтік топтың пайда болуы мен дамуын тежеп отыр, мәселен, АҚШ-та оның үлесі қазірдің өзінде халықтың 30%-ынан асады.
Өнердің, музейтанудың және мәдениеттанудың барлық салаларында ғылымды дамыту жеке назар аударуды талап етеді. Бүгінде музей ісі, тарих, археология, этнография, реставрациялау, өнертану және мәдениеттану саласында ғылыми зерттеулерді жүргізудің үйлестірілген саясаты жоқтың қасы. Ғылыми және практикалық нәтижелерге, артефактілерге, тарихи-мәдени объектілерге тиісті түсінік берілмейді және ол құндылықтарды мұраға алу мен мәдени бірегейлікті қалыптастырудың қазіргі заманғы процестеріне ықпалдастырылмаған.
Жастар мәдениетін, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын және көркемдік-эстетикалық білім беруді қолдау жүйесін дамыту тиісінше көңіл бөлуді талап етеді. Осы жағдай қоғамның, әсіресе, жастардың шетелдік мәдени құндылықтар мен идеалдарына жаппай бағдарлануына себеп болды, бұл құндылықтар мен мәдени иммунитеттің орнықты шкаласын қалыптастыруға теріс әсер етеді.
Эстетикалық талғамға, адамгершілікке тәрбиелеуге, отандық мәдениетке деген қызығушылық пен құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған балаларға арналған түрлі мәдени өнімдерді (оның ішінде анимациялық) шығару стратегиясы жоқ.
Қазақстан мәдениеті мен өнерінің көптеген салаларының әріптестігі мен бәсекелестігі шарттарында әлемдік мәдени процеспен ықпалдасу әлеуеті толыққанды іске асырылмаған. Танымал имидждік жобаларды іске асыру - халықаралық конкурстар мен фестивальдарды өткізу, туристік трансұлттық маршруттар мен кластерлерді дамыту әлемдегі қазақстандық мәдениеттің мәртебесін нығайтуға ықпал ете алады және ықпал етуге тиіс.
Зор мүмкіндіктер бола тұра, мәдениет және өнер саласындағы креативті индустриялар мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың нашар дамуы саланы дамытудың инновациялық тәсілін қалыптастыруға және мәдениет өнімдері мен көрсетілетін қызметтеріне кең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.
Мәдени саясаттың модельдері
Мәдени саясат саласында әртүрлі жолдар мен тәсілдер бар және әрбір дамыған мемлекет қазіргі тарихи-мәдени тәжірибесіне, объективті саяси және экономикалық артықшылықтарға негізделетін өзінің бірегей стратегиясын басшылыққа алады.
Мәдени саясаттың модельдері мынадай негізгі басымдықтарға бағдарланған: қолда бар мәдени құндылықтарды қорғау, мәдени шығармашылықты қолдау және ілгерілету, мәдени өмірді (ортаны) дамыту. Басқару (жоспарлау), қаржыландыру және заңнамалық қамтамасыз ету қазіргі заманғы дамыған және дамушы елдердің мәдени саясатының негізгі аспектілері болып табылады.
Басқару модельдері:
1) басым саясат - мемлекеттің күш-жігері құндылықтардың берік жүйесін құруға, жалпыұлттық және әлемдік маңызы бар имидждік жобаларды, шығармашылық ұйымдарды, ұжымдар мен тұлғаларды қолдауға бағдарланған;
2) қолжетімділік саясаты - мемлекеттің негізгі күш-жігері элитарлық мәдениет пен өнерді ілгерілетуге, халықтың қалың жігі арасында талғам мен жоғары эстетикалық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған;
3) мәдени өзін-өзі көрсете білу саясаты - классикалық мәдени иерархия және эстетикалық санаттардың айқын болмауы, басты рөлді мәдени өзін-өзі сәйкестендіру мен өзін-өзі көрсетуге деген (этностық, әлеуметтік, кәсіптік және тағы басқалар) кез келген ұмтылыс атқарады.
Мәдениет саласындағы кез келген басқару моделінің негізін елдің бірыңғай мәдени кеңістігін құруға мемлекеттің жоғары дәрежеде қатысу қағидаты айқындайды.
Сонымен бірге, әлемдік практикада мәдениет саласын дамытудың айқын және әмбебап стандарттары мен оның табыстылығының өлшемшарттары қалыптаспаған. Әрбір ел өзінің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін және стратегиялық перспективаларының пайымын ескере отырып, мәдени саясаттың міндеттері мен құралдары жиынтығын айқындайды.
Дамыған елдердің мәдени саясатының заманауи бағытын сипаттайтын бірқатар жалпы әлемдік үрдістер бар, олардың ішіндегі ең маңыздылары:
1) шығармашылыққа жәрдемдесу және шығармашылық бостандық генерациясы;
2) мәдени мұраның сақталуын, ұлттық мәдениет пен тілдің қорғалуын қамтамасыз ету;
3) халықтың барлық жіктерінің мәдени өмірге қатысуына тең мүмкіндіктер жасау;
4) жастардың, әсіресе балалардың шығармашылық жетілуі үшін жағдайлар жасау;
5) қоғамның мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуын ықпалдастыру және тағы басқалары болып табылады.
Қазақстан үшін ұсынылған басқару модельдерінің әлемдік үздік практикаларының оң, элементтерінің синтезі маңызды. Мәдениет саласындағы серпінді дамып келе жатқан процестердегі мемлекет, қоғам және тұлға мүдделерінің теңгерімін ұстап тұру орнықты және табысты мемлекеттің мәдени саясатының неғұрлым оңтайлы қағидаты болып табылады.
Қаржыландыру модельдері
АҚШ: мәдениетті мемлекеттік қолдаудың мықты идеологиялық негізі бар және “шабыт беретін мемлекет” ретінде белгілі. Қаржыландыруды гранттар, қорлар мен демеушілер қамтамасыз етеді. Мәдениет миссиясы америкалық құндылықтар жүйесі мен өмір салтын жаһандық ауқымдарда ілгерілетуді, АҚШ-тың бүкіл әлемде демократияның, адам құқықтары мен бостандығының қорғаушысы ретіндегі ерекше имиджін қалыптастыруды қамтиды.
Ресей: “2013 - 2020 жылдарға арналған мәдениет пен туризмді дамыту” мемлекеттік бағдарламасы қолданылады, оның негізгі мақсаты - тұлға мен мемлекеттің рухани-адамгершілік дамуы, елдің біртұтас мәдени кеңістігі мен көпұлтты халықтың рухани бірлігін нығайту. Негізгі қаржыландыру көзі - федералдық бюджет. Тікелей қаржыландыру Ресейде бұқаралық мәдениет ұйымдарының орта есеппен 80%-ға дейінгі кірісін қамтамасыз етеді. Жеке қайырмалдықтар, демеушілер мен меценаттар үшін салықтық жеңілдіктер пайда бойынша салық салынатын базаны мәдениет пен өнерді дамытуға жасалған қайырмалдықтар шамасына азайтудан көрініс табады. Бұл жағдайларда салық салынатын пайда кәсіпорындар үшін 5%-ға дейін, ал банктер үшін - 3%-ға дейін азайтылады. Ресейдің мәдени саясаты мәдениет пен оның әлеуметтік рөлінің ұлттық ұғымына негізделген.
Қытай: мәдени саясаттың екі бағыты бар - мемлекет тарапынан қаржыландырылатын және бақыланатын дәстүрлі бағыт: идеология, әлеуметтік мәдени көрсетілетін қызметтер, шығармашылық, ғылыми зерттеулер, мәдени мұраны қорғау, сондай-ақ еркін бәсекелестік жағдайларында мәдениет өнімдерін шығаратын мәдениет индустриясы. Мемлекеттік қаржыландыру инвестициялардың мемлекеттік емес нысандарымен үйлеседі: мәдениет саласындағы инвестициялауды көтермелеу, қаржы қорларын кеңейту, серпінді және жоғары технологиялық жобаларға мемлекеттік кредит беру және тағы басқалар. Үкімет мәдениетті дамыту қорын құру мен мәдениет саласындағы коммерциялық кәсіпорындар арқылы мәдени индустрия саласын қалыптастырудың тиімді тетігін жасады.
Ұлыбритания және Канада: мемлекет ұлттық мәдениетті қолдау бойынша негізгі қаржылық ауыртпалықты өзіне алады, бұл ретте оны бөлуге қатыспайды - “қол созу” қағидаты. Бұл функцияны тәуелсіз әкімшілік органдар жүзеге асырады, олар өз кезегінде қаржы қаражатын арнайы комитеттер мен сарапшылар топтарына береді. Корпоративтік демеушілік мәдениетті қаржыландырудың мемлекет күш-жігеріне барабар маңызды тетігін білдіреді.
Германия: бюджеттік қаржыландыруды негізінен өңірлік және жергілікті биліктер жүзеге асырады, экономикалық еркіндіктің үстем мәні мойындалады. Мәдениет саласындағы саясат мемлекеттік қаржыландырумен қатар гранттық қолдау жүйесінің тетіктері дамыған жекеше және қоғамдық қаржыландыруды қамтиды.
Франция: мәдениетті қаржыландыруды орталық, өңірлік және жергілікті билік органдармен және жеке сектормен аз дәрежеде жүзеге асырады. Орталық органдар ұлттық деңгейдегі жобаларды іске асыру жөніндегі міндеттемелерді өздеріне алады. Мәдениет істері жөніндегі кеңестер жұмыс істейді.
Швеция, Норвегия, Дания мәдениет саласында орталық деңгейдегі мықты әкімшіліктің болуына негізделген, ол мәдени саясаттың барлық қатысушыларының қызметінде, атап айтқанда өңірлік және жергілікті қоғамдастықтарда үйлестіруші рөлін атқарады.
Аустрия: Аустрияда мәдениет ұйымдарын мемлекеттік субсидиялау 75%-дан бастап 100%-га дейінгі құрайды. Франциядағы сияқты Аустрияда да мемлекеттік қаржыландыру негізгі үш: федералдық, өңірлік, муниципалдық деңгейде жүзеге асырылады.
Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур: мәдени саясаттың шығыс азиялық нұсқасы әлеуметтік жауапкершілікті, әлеуметтік ұйымшылдықты қалыптастыру, қалаларды жаңғырту, қоршаған ортаны қорғау арқылы мәдениеттің әлеуметтік тартымды рөлін қайта жаңартуды қамтиды. Мәдениет институттарына, туризм көлемін ұлғайту мақсатында экономикалық бағдарланған жобаларды қолдауға зор мән беріледі.
Әлемдік тәжірибені талдау мәдениет саласындағы мемлекеттің мүдделілігі мен сауатты құрылған саясат әлеуметтік тұрақтылыққа, құндылықтар жүйесі мен оның сабақтастығын қалыптастыруға, патриотизм мен ұлттық сәйкестікке ықпал ететінін, саланың инновациялық дамуы мен орнықты экономикалық өсуді ынталандыратынын көрсетті.
Әлемдік үздік практикаларды ескере отырып, Қазақстан үшін АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея және Сингапур сияқты елдердің үлгісі бойынша мәдениет саласындағы демеушілік пен меценаттықты қолдаудың пәрменді құқықтық тетіктерін құру айрықша өзекті.
Қазіргі заманғы әлемдік тәжірибе икемді кластерлік құрылымдардың жоғары табыстылығын көрсетіп отыр. Серпінді бағыттарға дәлдеп шоғырлану жалпы мәдени саланы дамыту бағдарларын белгілеуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік маңызы бар жобалар мен коммерциялық емес салаларды - әсіресе, Ресей, Қытай, Франция, Аустрия және тағы басқалардың үлгісі бойынша классикалық және академиялық өнерді мемлекеттік қаржыландыруды сақтап қалу да маңызды. Орталық органдар ұлттық деңгейдегі жобаларды іске асыру бойынша міндеттемелерді өздеріне алатын және мәдениет істері жөніндегі кеңестер жұмыс істейтін Францияның тәжірибесі оңтайлы болып табылады.
2.2. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасының қажеттілігіне негіздеме
Соңғы онжылдықтарда біздің елімізде және әлемде болған өзгерістердің серпіні мен сипаты мәдени саланы қолдау мен дамытудың тәсілдері мен әдістерін қайта қарауды талап етеді.
Жаһандану дәуірі әріптестік пен диалог арқылы индустрияландырудан кейінгі қоғамға қарай қозғалуды қамтамасыз ететін жедел әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғыртудың аса маңызды факторы ретінде мәдениетті қоса алғанда, көптеген институттарды трансформациялауға ықпал етті.
Мәдени саясат жалпыұлттық бірлікті және ұлттық сананы жаңғыртуды қалыптастырудың неғұрлым тиімді құралдарының бірі болып табылады. Ол қоғамда мәдени өмір процестерін мемлекеттік қолдау және азаматтарды мәдениет құралдарымен тәрбиелеу арқылы жүзеге асырылады.
Мәдени саясаттың жаңа моделін қалыптастырудың аса маңызды шарты - үш базалық сала - экономиканы, саясатты және сананы жаңғырту контекстінде қоғам мен мемлекеттің мүдделерін біріктіру болып табылады. Қазақстандық жаңғыртудың осы үштік жүйесінде қазіргі заманғы қазақстандық мәдениетті жаңғыртудың сын-қатерлері мен қауіптерінен қорғаумен катар, әлемдік мәдени кеңістікте өзінің мәдени орнын жасауды да қажет етеді.
3. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары
3.1 Мақсаты мен міндеттері
Мақсаттары: рухани жаңғырту және ұлттық сананы жаңарту, елдің біртұтас мәдени кеңістігін дамыту, қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ділі мен рухани жағынан биік болуын қалыптастыру, экономиканың сәтті дамуына, туристік тартымдылықты арттыруға және елдің халықаралық жағымды имиджін қалыптастыруға әсер ететін қазіргі заманғы мәдени кластерлерді дамыту және танымал ету.
Міндеттері:
1) азаматтардың рухани-адамгершілік бағдарларын, қазақстандық жаңа патриотизммен орнықты құндылықтар жүйесін және жалпыға ортақ еңбек қоғамының жасампаздық негіздерін қалыптастыру;
2) жат идеология ықпалынан үздіксіз қорғау ретінде ұлттық символиканы құру және ілгерілету, өзіндік ұлттық брендтерді қалыптастыру;
3) тарихи-мәдени мұраны одан әрі сақтау, зерделеу және танымал ету, Қазақстанның киелі жерлерінің мәдени-географиялық картасын калыптастыру;
4) Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді қатысуымен этностық сан алуандылықты сақтау және Қазақстан халқының мәдениетін үйлесімді дамыту негізінде қазақстандық мәдени кеңістікті дамыту;
5) жаһандық әлемде қазіргі заманғы қазақстандық мәдениетті ілгерілету;
6) бәсекеге қабілетті мәдени ортаны және қазіргі заманғы мәдени кластерлерді қарқынды дамыту үшін жағдайлар жасау;
7) өнердің барлық түрлері, жанрлары мен бағыттары - кино, анимация, әдебиет, көркемсурет және басқалар арқылы таратылатын қазіргі заманның үздік үлгілерін, атаулы тарихи оқиғалар мен артефактілерді, мәдени мұра мен дәстүрлерді қамтитын жарқын көркем бейнелер жасау;
8) азаматтық, рухани жаңарту, “Рухани жаңғыру” бағдарламасының құндылықтарын танымал ету қағидаттары негізінде Қазақстан халқының ұлттық бірегейлігі мен бірлігін сақтау және нығайту;
9) халықтың символдық мұрасын және “Қазақстанның киелі жерлері” еліміздің киелі жерлерінің мәдени-географиялық картасын негізге ала отырып, ішкі және сырттан келетін мәдени туризмді дамыту үшін Қазақстанның тарихи-мәдени ландшафтын кеңінен пайдалану.
3.2. Жалпы тәсілдер
Қазақстан Республикасы мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру “Қазақстан - 2050” Стратегиясы мен Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес ұзақ мерзімді дамудың жаһандық бағытына негізделген тәсілдер мен қағидаттар жүйесі негізінде жүзеге асырылатын болады.
Мәдениетті дамыту саласындағы мемлекеттік саясат негізінде мынадай тәсілдер жатыр:
1) мәдениеттің барлық бағыттарын дамытудың өзара байланыстағы жүйелілігі мен кешенділігі;
2) мәдениеттің үдемелі дамуының тарихи сабақтастығы мен үздіксіздігі;
3) негізділік пен басымдық;
4) инклюзивтілік пен әлеуметтік бағыттылық;
5) инновациялық пен креативтілік.
Адами капитал, шығармашылық ресурс, жүйелі мемлекеттік қолдау мен бизнес-бастамалар бәсекеге қабілетті мәдени ортаны қарқынды дамытудың берік іргетасына айналуға тиіс, ол өз кезегінде экономикада, әлеуметтік және мәдени өмірде мемлекет пен қоғам табысының басты көрсеткіші болып табылады.
3.3. Негізгі қағидаттар
Қазақстан Республикасы мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) жаһандық әлемде отандық мәдениеттің өзіндік болмысын айқындайтын жалпыұлттық мәдени мұраның басымдығы;
2) мәдениетті өсу факторы және әлеуметтік дамудың қуатты ресурсы ретінде тану;
3) елдің мәдени саналуандығын кұрметтеу, көпэтносты Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерін қолдау және дамыту;
4) шығармашыл тұлға мен мәдени өзін-өзі көрсету нысандарының еркіндігі;
5) жаңа институционалдық бірлестіктер, қазіргі заманғы мәдени кластерлер мен озық технологиялар базасында мәдени орта бірлігі.
Бұл қағидаттар бәсекеге қабілетті жаңа мәдени ділді қалыптастырудың өзегі болып табылады, оның негізінде қалыптасқан құндылықтар жүйесі, шығармашылық белсенділік, сұранысқа ие мәдени өнімді жасауға қабілеттілік жатыр. Отандық мәдениет сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шығуға және әлемде кеңінен танымал болуға тиіс.
4. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының басым бағыттары
4.1. Ұлттың мәдени кодын сақтау
Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет ұлттың генетикалық кодының қалыптасқан тарихи-мәдени негізі бар жаһандық мәдени диалогқа белсене қатысуы үшін барлық алғышарттарға ие. Ұлттың мәдени кодының негізгі құрамдас бөліктері мұра, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, тіл, отбасы, шаруашылық жүйелер (өмір салты), мерекелер болып табылады.
Өміршең мәдениет өзінің табиғи даму жолы мен өзгерістерінен өзінің арқау-өзегін сақтай отырып өтуде. Өз мәдениеті құндылығының тартымдылығы кеміген және оны төл мәдениеттің рухани және адамгершілік құндылықтарының бастауынан алшақтатуға ықпал ететін басқасы алмастыра алатын жағдайда сәйкестік бұзылуы мүмкін.
Қазіргі заманғы Қазақстанды мәдени дамытудың маңызды бағыттарының бірі мәдени мұраны сақтап қалу, зерттеу және тарату болып табылады. Мәдени мұра - бұл қоғам мен мемлекетіміздің қарқынды дамуы мен әлеуетін нығайтудың сарқылмас күші, жат идеология ықпалынан ұлттық бірегейлік пен символиканы қорғаудың негізі болып табылады.
Мемлекеттік мәдени саясат қоғамдық сананы жаңғыртуға, рухани жаңартуға, қоғамды мәдени және жалпыұлттық шоғырландыруға, адамгершілікті қалыптастыруға, өзіндік ойы бар шығармашыл, жауапты тұлғаны қалыптастыруға бағытталуға тиіс.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ғылыми ізденістерден бастап мәдени туризмге дейінгі қазіргі заманғы мәдени кластерлерді қалыптастыру негізінде мәдени мұраны тарату және интеграциялау технологиясы жатыр. Кластерлерді дамыту катализаторы мәдени мұраны күнделікті тыныс-тіршіліктің, жанды және ұдайы дамып отыратын дәстүрдің жаңа ұрпақ үшін өзекті ажырамас бөлігі етуге мүмкіндік беретін креативті индустрия болып табылады.
Қоғамдық сананы жаңғырту контексінде ұлттық бірегейлікті нығайтуға және қазақстандық жаңа патриотизмді ілгерілетуге ерекше назар аударылуға тиіс. Осыған байланысты мәдениет саласының қазіргі жобалары шеңберінде жұмыстар жалғастырылатын болады, сондай-ақ “Рухани жаңғыру” - “Қазақстанның киелі жерлері”, “Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет”, “Туған жер” және басқа да бағдарламалардың жобаларын іске асыру бойынша жұмыс басталды.
Тіл мәдениеттің негізгі элементі және ұлт пен оның бірлігін қалыптастырудың міндетті шарты болып табылады. Қазақ тілін сақтау және дамыту, оны мәтіндік символдар арқылы кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшу арқылы жаңа моделі біздің мемлекетіміздің мәдени саясатының аса маңызды міндетін құрайды. Қазақстан мәдениетінің әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасуы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің үш тұғырлығын көздейтін мемлекеттік тіл саясаты арқылы қамтамасыз етіледі.
Әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер тыныс-тіршіліктің барлық салаларындағы адам әрекетінің ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тұрақты жүйесі ретінде халықтың қайталанбас даралығын сақтайды және жан-дүниесін көрсетеді. Олардың өзгешелігі табиғи орта мен шаруашылық кұрылыстың ерекшелігіне байланысты. Қазақ халқының материалдық және материалдық емес мәдениетінің элементтерін сақтап қалу және ілгерілету қажет.
Отбасы институтының арқасында ұрпақтар сабақтастығы қамтамасыз етілуде. Мәдени саясаттың маңызды міндеті қоғамдық санада адам өмірі мен қоғам амандығының кепілі ретінде отбасы құндылықтары ұғымын қалыптастыру болып табылады.
Ұлттық мерекелерде бай әрі алуан түрлі дәстүрлер, салт-жоралар, әдет-ғұрыптар, ойын-сауықтар, рәсімдер, ойындар, салтанаттар және т.б. топтастырылады. Жалпыхалықтық, мемлекеттік мерекелерді мерекелеу қоғамдық сана-сезімді оң арнаға бұрып, мақтаныш пен отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыра отырып, шоғырландырушы фактор болып табылады. Осылайша, халықты біріктіруге қабілетті ұлттық бейнелер мен ұлттық символиканы қалыптастыру, мерекелік іс-шаралар дәстүрлерін және мәдени-демалыстың жағымды нысандарын тарату үлкен рөл атқарады.
Қоғамдық сананы жаңғыртуға, рухани жаңаруға және ұлттың мәдени кодын нығайтуға ықпал ететін дәстүрлі құндылықтарды қолдау, адамгершілік бағдарларын қалыптастыру және тілді дамыту, мәдени-тарихи құндылықтарды және дәстүрлерді сақтау, Қазақстанның киелі жерлерінің мәдени-географиялық картасын қалыптастыру, жаһандық әлемде қазақстандық заманауи мәдениетті ілгерілету, өзінің “Туған жер” кіші отанына сүйіспеншілігі мен әлеуметтік сыйластығы арқылы жүзеге асырылады.
4.2. Мәдениет саласындағы басқару жүйесін жетілдіру
Мәдениет саласындағы басқару жүйесін қалыптастырудың жаңа тәсілдері жеке инвестицияларды тарту практикасын, меценаттықты және басқаны пайдалануды болжайды. Мәдениеттің институционалдық өрісін өзгерту, ұйымдар менеджментінің тиімділігін арттыру саланы терең жаңғыртуға ықпал ететін болады.
“Қайырымдылық туралы” 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында бейбітшілікті, достықпен қоғамдық келісімді, халық бірлігін, рухани мәдениетті, азаматтар мен қоғамның мәдени-білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру және этномәдени бірлестіктерге, мәдениет пен өнер ұйымдарына және Қазақстан халқы үшін мәдени-тарихи маңызы бар объектілерге қайырымдылық көмек көрсету көзделген.
Мәдени қоғамдастықты тарту және мәдениет саласындағы менеджмент мәселелерін үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы уәкілетті органының жанынан салалар бойынша көркемдік кеңестер институттары енгізілді. Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы уәкілетті органы жанынан театр, музыка және концерт қызметі, цирк және хореографиялық өнері, кино индустриясы, музей ісі, кітапхана ісі мен археология, қорық-музейлер, бейнелеу өнері, сәулет және дизайн, әдебиет және кітап шығару істері бойынша көркемдік кеңестер құрылды. Көркемдік кеңестер шығармашылық одақтармен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, жоғары көркемдік туындылардың бәсекеге қабілетті отандық өнімін және мәдениет пен өнер туындыларын жасау мақсатында салалық кластерлер нысанында институционалдық бірлестіктердің қызметтерін үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Өңірлердегі мәдениетті дамыту мәселелері салалар бойынша көркемдік кеңестердің ұсынымдарын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде шешілуге тиіс.
Басқарудың жаңа үйлестіруші құрылымының негізгі мақсаты - бұл репертуарды, гастрольдік қызметті қалыптастыруға, кадр саясаты мәселелерін шешуге бағытталған шоғырландырылған тұғырнамасы бар мәдени саясатты тиімді іске асыру.
Мәдениет және өнер саласында жұмыс істеп тұрған қоғамдық одақтарды, қауымдастықтарды, қорларды, үкіметтік емес ұйымдарды және тағы басқаларды жандандыру және жаңаларын құру қажет.
Мемлекеттік құрылымдармен қатар, белгілі бір өкілеттіктер, нақты уәждемелер берілген және заңнамалық кепілдіктермен қорғалған әлеуметтік және бизнес-институттар, шығармашылық қауымдастықтар мәдени саясатты іске асыру субъектілері болуға тиіс.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мемлекеттік қаржыландыруды инвестициялардың мемлекеттік емес нысандарымен үндестіре үйлестіруді пайымдайды. Мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың ықтимал тетіктері ретінде концессиялық модельдер мен схемалар қарастырылуы мүмкін, мұнда мемлекет объектінің негізгі қызмет бейінін сақтау шартымен, оны пайдалану құқығын жекеше бизнеске береді. Бұлар мемлекеттік меншіктегі галерея, тарихи ғимарат немесе тарихи-мәдени ескерткіш болуы мүмкін.
Әлеуметтік-мәдени саланы қолдау және дамыту мақсатында ұлттық компаниялар мәдениет ұйымдарымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуы қажет.
4.3. Өнер саласының бірыңғай білім беру кеңістігі
Қазіргі заманғы білім беру парадигмасы, ең алдымен, жоғары рухани-адамгершілік және эстетикалық құндылықтардың негізін қалаушы - жасампаз тұлғаны дамытуға бағдарлануға тиіс.
Мәдениет саласында білім берудің үздіксіздік, сабақтастық, шығармашылық және кәсіптік құзыреттілік, дуальды оқыту қағидаттарына негізделген бірыңғай жаңа моделі қалыптасады.
"Францияда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда, Ресейде және басқа елдерде сәтті іске асырылып келе жатқан әлемдік практиканы ескере отырып, мәдениет пен өнер саласындағы мамандандырылған жетекші оқу орындары 2015 жылдан бастап бейінді ведомствоның қарамағында, бұл шығармашыл қызметкерлерді үздіксіз даярлауды және кәсібилендіруді қамтамасыз етеді, сондай-ақ мемлекеттік мәдени-білім беру саясатын еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағдарлайды.
Мәдениет пен өнердің әртүрлі салаларында жаңа генерацияның үздік әлемдік жетістіктерге ашық және бейім әртүрлі мәдениет пен өнер салаларындағы өзгерістерге дайын қызметкерлері мен менеджерлерін даярлау мәдени саясаттың басымдықтарының біріне айналуға тиіс және мынадай бірқатар кешенді іс-шаралар қабылдауды талап етеді:
мемлекеттік мәдени-білім беру саясатын мәдениет және өнер саласындағы еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағдарлау;
мәдениет саласында мамандар мен қазіргі заманғы менеджерлерді даярлауды ұйымдастыру;
мәдениет және өнер қызметкерлерінің, көркемдік білім беру педагогтарының біліктілігін арттыру.
Гуманитарлық ғылым мен өнердің әртүрлі салаларына арналған ғылымдар кешені ойдағыдай дамымай Қазақстан мәдениетінің дамуы мүмкін емес. Тарих, философия, саясаттану, әлеуметтану, өнертану ғылымдары - бұлардың барлығы қоғам мен оның мәдениетін зерделеуге арналған және оның жұмыс істеуінің негізгі заңдылықтары туралы түсінік береді. Мәдени құбылыстарды зерделеудің қазіргі заманғы деңгейі, дәстүрлі зерттеулермен қатар, ғылымдар тоғысында ауқымды зерттеулер шеңберін, әртүрлі әдістемелерді, тәсілдер мен деректерді пайдалануды болжайды.
Қазақстанның мәдениетін зерделеу үшін елімізде жұмыс істейтін гуманитарлық институттардың кызметін үйлестіру, тарих, мәдениет пен өнер саласындағы теориялар мен қазіргі заманғы практика деңгейінде жалпы мемлекеттік кешенді зерттеу бағдарламаларын құру қажет.
Ғылыми ізденістердің жетістіктерімен кеңінен алмасу ғылыми конференцияларды, дөңгелек үстелдерді, көрмелер мен фестивальдарды және т.б. ұйымдастыру аясында жүргізілуге тиіс. Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің әртүрлі салаларына арналған ғылыми, мамандандырылған және танымал журналдар шығару арқылы қол жеткізілуі мүмкін отандық ғалымдардың ғылыми қызметі нәтижелерінің қолжетімділігі мен одан әрі танымал етуге ерекше мән берілуге тиіс.
Музей құрылымы мәдениет саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысының жетекші секторларының біріне айналады, ал ғылыми ізденістердің басым бөлігі “Туған жер”, “Қазақстанның киелі жерлері”, “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жаңа 100 оқулық” - “Рухани жаңғыру” жобалары шеңберінде іске асырылатын болады.
4.4. Халықаралық мәдени кеңістікке ықпалдастық
Қазақстандық мәдениет жаһандық мәдени диалогтың белсенді қатысушысына айналуға және Қазақстан Республикасының әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруіне ықпал етуге тиіс. Жаһандық әлемде қазақстандық ұлттық және қазіргі заманғы мәдениетті ілгерілету бойынша жүйелі және мақсатты бағытталған жұмыс Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асырудың барлық кезеңдерінде жүргізілуге тиіс. Бұл ретте Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениетінің үздік жетістіктерін ілгерілетуге және танымал етуге үздік авторларының шығармаларының тізімдерін әзірлеу және өзектендіру ықпал етуге тиіс.
Қазақстан Республикасының мәдени саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру барысында әлемдік ғылыми қоғамдастықтың кеңінен қатысуымен халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына бастама жасау мүмкіндігі қаралатын болады. Халықаралық мәдениет ұйымдарымен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту, жетекші шетелдік мәдени, зерттеу, сараптамалық және білім беру институттарымен бірге бірлескен шығармашылық және басқа да бағдарламаларды әзірлеу мәдениет пен өнер салаларын дамыту жөніндегі жобалар диалогтың негізгі шарты болады.
Осы мақсатқа табысты қол жеткізу үшін қазақстандық бірегейлік пен бірлікті, қоғамдық келісімінің өзіндік моделін нығайту және дамыту жөнінде әрі қарай жұмыстар жүргізу қажет.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерделеу және танымал ету бойынша, жалпыұлттық сипаттағы елдің мінәжат объектілерін және рухани салт-дәстүрлерін нығайту жөніндегі жобаларды іске асыру ғылыми-зерттеу жұмысының әлеуетті базасына айналуы мүмкін, бұл ұрпақтардың рухани сабақтастығы мен өзіндік сәйкестенуін қамтамасыз етеді.
Бұл бағытта басты назар беделді шетелдік сарапшыларды, ғылыми-зерттеу институттары мен консалтингтік ұйымдарды тарта отырып, материалдық және материалдық емес мұраны одан әрі қорғауға және танымал етуге аударылады. Тарихи-мәдени мұраны қорғаудың, консервациялаудың, реставрациялау мен реконструкциялаудың әлемдік үздік практикаларын кеңінен қолдану өнертану мен музейтануды, тарихи, археологиялық, этнографиялық ғылымдарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Халықтық білім мен шеберлікті, бейнелер мен тілді, жанұялық және рәсімдік-мерекелік өмірдің дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын беретін қоғамдастықтарды қолдау Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтауға ықпал етеді.
Жалпыұлттық және жергілікті объектілер тізімін, материалдық емес және материалдық мәдени мұраның ұлттық тізілімін қалыптастыру, жүйелендіру және үнемі жаңартып отыру, Қазақстанның бүкіл өңірлерінде оның элементтеріне түгендеу жүргізу және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы тізіміне кеңінен ілгерілету қажет. ЮНЕСКО, ИКОМОС (Ескерткіштер мен көрнекі орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңес), ТҮРКСОЙ (Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы), ИСЕСКО (Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымы) сияқты шетелдік жетекші ұйымдармен ынтымақтастық еліміздің тарихи-мәдени мұрасын қорғау және қалпына келтіру бойынша кешенді міндеттерді іске асыруға, отандық өнердің барлық бағыттарын дамытуға және оны мемлекетімізден тыс жерлерде белсенді түрде танымал етуге мүмкіндік береді.
Көпжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен ел мүдделеріне сай неғұрлым маңызды шарттарға, конвенциялар мен келісімдерге қосылу саласында халықаралық-құқықтық базаны кеңейту стратегиялық маңызды болып табылады.
Қазақстанның ЮНЕСКО-ның “Мәдени өзін-өзі таныту нысандарын қорғау және көтермелеу туралы” конвенциясына қосылуы мәдениеттердің өзара еркін іс-қимыл жасасуы, жақындасуы үшін, мәдениетаралық диалог саясатын ұлттық, сол сияқты халықаралық деңгейде де ілгерілетуге жағдай жасауға ықпал ететін болады.
Нәтижесінде, Қазақстан әлемдік мәдениет пен өнерді, тарихи ғылымды, археология мен өнертануды дамыту орталықтарының біріне, кәсіптік шеберлікті арттыру мен шығармашылық өсудің жетекші халықаралық мектебіне айналуы мүмкін.
Атап айтқанда, Астанада мәдениет саласындағы жаңа халықаралық ұйым - “SilkRoad” мәдени даму жөніндегі Еуразиялық кеңесінің штаб-пәтерін ашу мүмкіндігі пысықталатын болады.
Қазақстан жүргізіп отырған қоғамдық және мәдени өмірдегі бейбітшілік және келісім саясатын, БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған дінаралық және мәдениетаралық диалогты көтермелеу туралы қарарларды, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының 2013 - 2022 жылдарға арналған Халықаралық мәдениеттер жақындастығының онжылдығын жариялау туралы Қазақстанның бастамасын бекіткенін ескере отырып, Қазақстан Республикасы мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асырудың бірінші кезеңінде ЮНЕСКО аясында II санаттағы орталық мәртебесін бере отырып, Алматы қаласында Мәдениеттердің жақындасу орталығын құру мәселесі шешілді.
4.5. Ақпараттық және инновациялық технологияларды қолдану
Мәдениет саласындағы қазіргі заманғы технологияларды енгізу мәдени коммуникациялардың жаңа нысандарын дамытудың және бүкіл елдің мәдени кеңістігін біріктірудің маңызды факторы болып табылады. Қазіргі заманғы әлемнің феномені мәдениет өніміне кеңінен қолжетімділікті қамтамасыз ететін е-мәдениет болып табылады. Мұндай қолжетімділік виртуалды музейлер желісін және барлық музейлер қорларын, концерт жазбаларын, материалдық немесе материалдық емес тарихи-мәдени мұралардың маңызды элементтерінің электрондық форматтағы аудармасын қамтитын, еліміздің мәдени өмірін танымал бір ресурсқа шоғырландыратын бірыңғай электрондық портал құру арқылы қамтамасыз ете алады. Келесі қадам осы электрондық портал арқылы бүкіл әлемдегі танымал мұражайларда сақталатын ұлттық артефактілерге қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады.
Интеллектуалдық ақпаратқа қолжетімділіктің инновациялық нысандарын белсенді дамыту шеңберінде Қазақ ұлттық электрондық кітапханасының қорын айтарлықтай кеңейту процесі іске қосылды.
4.6. Заманауи мәдени кластерлерді дамыту
Мәдени ортаның бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте кластерлік құрылымдар арқылы қамтамасыз етіледі. Мәдени кластер - шығармашылық, білім мен ғылым, экономика және бизнес арасында өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, бәсекеге қабілетті өнім жасайтын экономиканың шығармашылық секторы. Кластерлік тәсіл - бұл ең алдымен жекелеген өңірдің немесе саланың, сол сияқты тұтас мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа басқарушылық технология.
Мәдениет саласын жаңғырту және мәдени кластерлерді басқару саласына заманауи теңдестірілген қағидаттарды енгізу елдің туристік әлеуетінің дамуына, өңірлердің экономикалық тартымдылығының артуына, ЖІӨ-нің өсуіне және Қазақстанның әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіруіне ықпал ететін болады. Саланы дамытудың міндеттері мәдени кластерлерді қалыптастырудың екі бағытын айқындайды: шығармашылық және мәдени-туристік.
Шығармашылық кластерлер
Шығармашылық кластерлер мәдениет пен өнердің жекелеген салаларын дамытуға, мәдени өнімдердің интерактивті деңгейін арттыруға, қолайлы креативті орта қалыптастыруға, шығармашылық бірлестіктердің және жалпы мәдениет ұйымдарының бәсекелік артықшылықтарын нығайтуға ықпал етеді. Шығармашылық кластерлердің түрі осы бірлестіктердің тұжырымдамасына, пайда болу табиғаты мен басым құрамдас бөліктеріне байланысты. Кластерлік құрылымдарды қалыптастырудың негізгі екі тәсілі бар: біртекті, бұл тәсіл формальды әкімшілік-аумақтық шекарадан тыс саланың бір секторын біріктіру қағидатына негізделген, сондай-ақ көпбейінді, бұл тәсіл белгілі бір аумақтың (қаланың, ауданның, облыстың) шегінде оқшауланған. Елдің біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастыру бойынша алға қойылған міндеттердің ерекшелігін ескере отырып, заманауи Қазақстанда екі тәсілді де пайдаланған жөн.
Саланың біртектес секторларынан тұратын шығармашылық кластерлер мыналарды қамтиды: музей ісі, әдебиет, кітап шығару және кітапхана ісі, бейнелеу өнері, дизайн мен сәулет, театр, хореография, музыка, орындаушылық және цирк өнері, кино индустриясы, анимация және ұлттық телевизия.
Музейлер ғылым мен зерттеу қызметін дамытудың тірек орталықтары ретінде
Қазіргі заманғы әлемде музей - бұл ғылым, білім, коммуникация, мәдени ақпарат пен шығармашылық инновациялар орталығы. Музей ісін реформалау шеңберінде 2020 жылға дейін музейлердің функцияларын мәдени-білім беру және имидж орталықтарына дейін кеңейту және ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара іс-қимыл жасау үшін (он тоғыз музей мен галереяны біріктіретін АҚШ-тың Смитсон институты, Санкт-Петербургтегі Эрмитаж, Париждегі Лувр мысалы бойынша) жағдай жасау жоспарлануда. Осыған байланысты қор қоймаларының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері қаралатын болады.
Музей ісі бойынша көркемдік кеңес құру ел музейлерінің жұмысын үйлестіруге, музейлер желісін нығайтуға, негізгі музей қорларын танымал ету және кеңінен таныстыру жүйесін қалыптастыруға, оларды ел ішінде және шет елдерде экспонаттауға, ауқымды музейаралық ықпалдастыққа жәрдемдеседі.
Қазақстан Республикасының мәдени саясаты тұжырымдамасын іске асырудың екінші кезеңінде жекелеген республикалық мәдениет ұйымдарының (музейлер, театрлар) бірінші басшылары лауазымдарына тәжірибелі шетелдік менеджерлерді шақыру, сондай-ақ жекелеген мәдениет объектілерін (музейлер, театрлар, мәдениет үйлері) мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидатында сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі пилоттық жобаны енгізу мәселесі пысықталатын болады.
Әлемдік құндылыққа ие артефактілерді экспонаттауға бағдарланған Қазақстанның жетекші музейлерінің көркемдік қорларын қалыптастыру тәсілдері жүйелі деңгейде қайта қаралуға тиіс. Музейде бірегей артефактіні, халықаралық ауқымдағы тарихи жәдігерді кеңінен танымал ету осы жолдағы маңызды қадам болады. Туристік ағындардың негізгі көлемінің мәдениет объектілеріне, мінәжат орындары мен тарихи-мәдени ландшафтыларға баруға бағдарланғанын ескерсек, аталған басымдықтың тиімді қайтымы болады.
Ұлттық біртектіліктің және қазақстандықтардың рухани жаңғыруының маңызды тірегі ретінде Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық картасын біріктіруге бағытталған “Қазақстанның киелі жерлері” жобасы стратегиялық сипатқа ие болады. Елдің киелі жерлеріндегі жалпыұлттық және жергілікті объектілерді толық жүйелеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанынан құрылған “Қасиетті Қазақстан” Орталығы және онда жұмыс істейтін ғылыми-сараптамалық кеңес қамтамасыз етеді. Бұдан басқа осы бастаманың арқасында алғаш рет “Туған жер” Қазақстандық өлкетанушылар бірлестігі” қоғамдық бірлестігі құрылды.
Бірінші кезектегі шаралар:
1) елдің жалпыұлттық және жергілікті жерлерінің біріздендірілген тізімін қалыптастыру;
2) деректер жинақтау және оларды тиісті ғылыми-публицистикалық және танымдық әдебиетті, монографияларды, "Киелі Қазақстан” көп томдық анықтамалық-энциклопедиялық басылымды қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде шығару арқылы түсіндіру үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;
3) әрбір қазақстандықты Қазақстанның киелі жерлері объектілерінің рөлі мен орны бойынша оқыту және сауаттандыру;
4) Қазақстанның киелі жерлерін елімізде және әлемде ғылыми-танымдық, деректі, анимациялық, көркем картиналардың сериясын шығара отырып, оларды жетекші әлемдік арналарда трансляциялау арқылы ілгерілету және танымал ету жөнінде кең ақпараттық науқан өткізу, Қазақстанның мәдени және туристік тартымдылығы туралы әлеуметтік желілер үшін мобильді форматта арнайы бейнероликтер жасау және тағы басқа;
5) әлемнің кез келген нүктесінен қолжетімділікке ие көпфункциялы заманауи мобильді платформа ретінде "Қазақстанның киелі жерлері” интерактивті виртуалды картасын жасау;
6) ішкі және сыртқы туристік ағынды ұлғайту мақсатында тартымды туристік маршруттар әзірлеу және тағы басқа.
Сонымен қатар, берілген контексте корық-музейлер жұмысының тұжырымдамасы осы бағытта қағидатты түрде қайта қаралуға тиіс. Тарихи-мәдени мұраның бірегей орталықтары ретінде қорық-музейлер тарихи ғылымның, археологияның және өнертанудың дамуында, әлемнің жетекші музейлерімен және халықаралық ұйымдарымен ғылыми және шығармашылық алмасуда маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұдан бөлек, олар жоғары туристік сұраныстың нысанасы болып табылады, осыған сүйене отырып, үздік әлемдік тәжірибелер ескеріліп, олардың үздіктерінде коммуникацияның, мәдени ақпарат пен шығармашылық инновациялардың орталығы болып табылатын арнайы визит-орталықтар құрылды. Тұтас алғанда, музей-қорықтардың дамуы бекітілген бас жоспарлардың негізінде жүзеге асырылатын болады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 406 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асырумен нақты үйлестірілетін болады.
Еліміздің музейлері мен қорық-музейлерін дамытудың жүргізіліп жатқан стратегиясының тиімділігін арттыру, сондай-ақ олардың қызметін әлеуметтік жадының институты ретінде қоғамдық сананы жаңғырту міндеттері контексінде жандандыру шеңберінде Музейлердің ұлттық рейтингі енгізілуі тиіс.
Әдебиет, кітап шығару және кітапхана ісі
Мемлекеттік мәдени саясатты толыққанды іске асыру үшін қазіргі заманғы қоғамның және оның құндылық бағдарларының рухани жай-күйінің жарқын көрінісі болып табылатын қазақ әдебиетін одан әрі дамытуға көңіл бөлу қажет.
Осы бағытта әдебиет, кітап шығару және кітапхана ісі жөніндегі көркемдік кеңес жетекші рөл атқаруға тиіс, ол елімізде әдебиетті дамытудың негізгі тұжырымдарын белгілейді, үздік шығармашылық ресурстарды біріктіреді, жас дарындарды кеңінен іздеу мен тартуды қамтамасыз етеді.
Қазақстандықтардың мәдени ділін, патриотизмін, жастар үшін құндылық пайымдары мен бағдарларын қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар әдебиетті басып шығару мемлекеттік мәдени саясаттың басымдығы болып табылады. Баспа қызметі саласындағы саясат жаңа заманның үздік үлгілерін, тарихи мұраны, оқиғаларды және тарих пен мәдениеттің ұлы тұлғаларының бейнелерін, қазіргі заман кейіпкерлерін, балалар әдебиетін, классиканы, әлемдік, ұлттық поэзия мен проза антологиясын қоса алғанда, барлық жанрлар мен бағыттарда бейнелейтін әдебиетке бағдарланатын болады.
Қазақстан кітапханалары жинақталған қоғамдық білімге кеңінен қол жеткізуді қазіргі заманғы қолайлы форматта қамтамасыз ететін көпфункциялы ақпараттық және демалыс орталықтарына айналуға тиіс. Қазіргі заманғы кітапхананың негізгі міндеті қоғамның ақпараттық мәдениетін, кітап оқуға, тілдерге, отандық тарих пен мәдениетке тұрақты қызығушылықты қалыптастыру болып табылады.
Бейнелеу өнері, дизайн және сәулет
Бейнелеу өнерін, безендіру-қолданбалы өнерді, дизайнды, сәулетті шығармашылық кластерлер ретінде қарастыра отырып, олардың өнімдерінің ерекшелігі көпшіліктің санасында халықтың, уақыт пен елдің көрнекі бейнесі ретінде орын алатынын ескеру қажет. Бұл ерекшелік ұлттық мәдени брендтерді жасау мен ілгерілетуде негізгі нысандардың бірі болып табылады. Сәулет пен дизайн өнердің әлеуметтік маңызы бар түрлері бола отырып, елдің мәдени-тарихи ландшафты мен адамның тіршілік ету ортасының эстетикасын қалыптастырады, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени кеңістікті ұйымдастырады.
Бейнелеу өнері, сәулет және дизайн жөніндегі көркемдік кеңес қызметі ілгерілету және шығармашылық арт-индустриялар үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруге, заманауи өнер мен халық шығармашылығының жаңа бағыттарын қолдауға бағытталатын болады.
Венециядағы қазіргі заманғы өнер биенналесі - қазіргі заманғы әлемдік өнердің ең беделді көрмелерінің бірі. Венециялық биенналеге ресми Қазақстан павильонының қатысуы туралы мәселе Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асырудың екінші кезеңінде пысықталатын болады, бұл Қазақстанның қазіргі заманғы бейнелеу өнерінің жаһандық мәдени диалогқа белсенді қатысуына жәрдемдесетін болады.
Театр, музыка, хореография, орындаушылық және цирк өнері
Облыстық театрларды, концерт және цирк ұйымдарын қоса алғанда, мәдениет мекемелерін көркемдік кеңестер мен тиісті салалық мәдени кластерлерді дамытуға белсенді қатыстыру арқылы республикалық мәдени саясат аясына тарту стратегиялық оңтайлы қадам болмақ.
Қала және ауыл халқының театр өнеріне теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ қазақстандық үздік қойылымдарды халықаралық театр кеңістігіне ілгерілету мақсатында гастрольдік және фестивальдық қызметті ұйымдастыруға жүйелі тәсіл қажет.
Кәсіби өсу, оның ішінде бүкіл әлем мойындаған сахналарда кәсіби өсу және елімізде әлемдік деңгейдегі сахна алаңдарын жасау үшін қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер қажет.
Осы бірлестіктердің институционалдық құрылымдары репертуар саясатын, гастрольдік қызметті үйлестіру, сахналық шеберлікті арттыру, кадрларды іріктеу мен даярлау саласындағы жүйелі мәселелерді бір орталықтан шешуді талап етеді. Осы тәсіл қолда бар ресурстарды шоғырландыруға және олардың қызметін барынша ұтымды етуге қол жеткізуге, дамудағы өңірлік айырмашылықтарды жоюға, кадрларды әлеуметтік қолдау тәсілдерін біріздендіруге мүмкіндік береді.
2030 жылға қарай біздің еліміз кәсіптік шеберлікті арттыру мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне айналуға тиіс.
Қазақстанның музыкалық мәдениетінің бай мұрасын сақтап қалу және дамыту үшін композиторлар мен дәстүрлі және классикалық музыка орындаушыларын қолдау қажет. Қазақ дәстүрлі музыка мәдениетінің түрлері мен жанрларын сақтау Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы халықаралық конвенцияны іске асыру шеңберіндегі басым міндет болып табылады.
Классикалық би, сол сияқты халықтық би жанрларын қамтитын хореографиялық өнер би өнерінің заманауи үдерістеріне сай келетін өзіндік болмысын әсем қимылмен көрсету эстетикасында маңызды орын алады. Ұлттық хореография академиясының қызметі мен “Астана балет” тәрізді жаңа ұжымдарды құру отандық хореографияны дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.
Кино индустриясын қазіргі заманғы мәдени кеңістіктің аса маңызды кластері ретінде дамыту
Біздің тарихымыз бен мәдениетімізді өзекті етудің және әлемдік кеңістікке ықпалдастырудың ең тиімді тәсілдерінің бірі кино өнері мен киноиндустриясын дамыту, әлемнің жетекші кинокомпаниялары мен телеарналарының ынтымақтастыққа тарту саласында жатыр.
Ұлттық кинематограф қазіргі заманның үздік үлгілерін, еліміздің бірегей тарихи-мәдени мұрасын, тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғаларды танымал етуге бағдарлануға тиіс. Патриотизм мен төзімділікті қалыптастыру мәселелеріне баса назар аудару қажет. Отандық кинокомпаниялардың қоржынында әлемдік кеңістікте отандық тарихты, мәдениет пен өнерді танытатын жарқын көркем бейнелер жасайтын деректі және көркем фильмдердің ауқымды жобалары болуға тиіс. Қазақ хандығының тарихы, қазақ мемлекеттілігінің тарихы бойынша, қазақ халқының тарихындағы жеке тұлғалар туралы сериалдар мен фильмдер түсіруді ұйымдастырған жөн. Көрнекті қайраткерлер мен тарихи оқиғаларды берудің жарқын және қазіргі заманғы көркем нысандары Қазақстан тарихын әлемдік контексте ұтымды енгізуге мүмкіндік береді.
Анимацияны дамыту ерекше маңызды болып табылады. Құндылықтар жүйесін өркендетуге тартатын мультипликациялық фильмдер, сондай-ақ ойын-сауық индустриясының брендтері және “темірқазық” жобалары болуы тиіс толықметражды мультипликациялық фильмдер Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” акционерлік қоғамының негізгі өнімдері болуы тиіс. Анимациялық көркем бейнелерден бастап, ойыншықтарға, кәдесыйларға, баспа өнімдеріне дейін және басқа да жарқын имидждік өнімдер жасау қажет.
Ұлттық телевизия мәдени коммуникацияның жетекші нысаны ретінде коғамның базалық рухани құндылықтарын кеңінен таратуға да бағдарлануға тиіс. Дүниетаным мен мәдени ділді қалыптастырудағы ауқымды әсерін ескерсек, ұлттық телевизия жалпы мәдени тұжырымдаманы қажет етеді. “KazakhTV”, “Балапан” арналарының бүкіл мәдени байлығымызды, әлемдік өнердің нысандары мен бағыттарының алуан түрін, үздік ұлттық дәстүрлер мен рухани бағдарларды қазіргі заманның жаңа форматында беруде зор әлеуеті бар. Таралатын контентте ғылыми жетістіктер мен жаңалықтарды, археологияның, тарихтың және мәдениеттің бірегей ескерткіштері туралы мәліметтерді пайдалану қажет. Мысалы, “Алтын адам” және сақ артефактілері әлем жұртшылығы баса назар аударатын дүние жүзіне танымал бренд бола алады.
Жалпы алғанда, үш негізгі саланы - экономиканы, саясатты, ақыл-ойды жаңғырту жағдайында қазақстандық мәдениет өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру хабар таратудың түбегейлі жаңа нысанына ие болуға және жаһандық нарыққа бағдарлануы тиіс. Мемлекет басшысы өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында “Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет” жобасын жеке бөліп, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілінде - ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде таралуы керектігін айтты. Бұл ретте, ол бүгінгі замандастарымыз жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс. Бұл жерде нысаны бойынша толықтай заманауи әдістеме материалдарын беру қажет. Мысалы, жай кітап емес, тұтас мультимедиялық сүйемелдеу. Ұлттық мәдениеттің үздік шығармаларын іріктеуде, оларды шетелде одан әрі таныстыру үшін үздік авторлар мен шығармалар тізімдерін қалыптастыруда еліміздің бүкіл шығармашылық интеллигенциясы, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдары ерекше рөл атқарады.
Мәдени-туристік кластерлер
Мәдени-туристік кластерлерді дамыту біздің ұлттық мемлекеттің және жат идеологиялық әсерден қорғау символының тірегі болуға бағытталған жалпыұлттық киелі жерлердің рухани-географиялық картасын қалыптастырудың жалпы стратегиясының бөлігі ретінде қаралады. Бұдан басқа, бұл өңірлердің мәдени ортасын қалыптастыруға ықпал жасайтын, ауылдағы жаңа инфрақұрылымдық жобаларды ынталандыратын, жастардың, балалардың және жергілікті мәдени қоғамдастықтардың шығармашылық белсенділігін, кәсіпшілік пен қолөнердің қайта түлеуін қолдайтын “Туған жер” жалпыұлттық жобасының маңызды құрамдас бөлігі.
Өңірдегі адами ресурстардың дамуына нақты инвестициялар бола отырып, мәдени-туристік кластерлер кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырады, экономиканың шығармашылық секторын нығайтады, мәдени құндылықтарға қолжетімділіктегі теңсіздікті жояды және қала-ауыл желісі бойынша өнімді мәдени алмасуға ықпал етеді.
Жергілікті атқарушы органдар аумақтардың шынайы әлеуеті және жекелеген аудандардың даму ерекшеліктері ескерілетін, өңірлік кластерлердің бірегей құрылымы айқындалатын инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы ахуал калыптастыру жағдайларын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
Мәдени-туристік кластерлердің жоғары әлеуеті тарихи-мәдени аумақтардың халықаралық имиджі мен оң әлеуметтік және экономикалық нәтижеге қол жеткізуге бағытталған инфрақұрылым қалыптастыруға саяды, ол аумақтардың танымал брендтерін, өңірлердің тарихи-мәдени имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мәдени демалыс сервистік функцияны сақтай және жетілдіре отырып, өз мазмұнын өзгертеді. Мәдениет пен өнердің түрлі бағыттары бойынша әлемдік деңгейдегі ойын-сауық орталықтарын, экологиялық этносаябақтар, мәдени қорықтар құру еліміздің толық мәдени ландшафтын қалыптастыру үшін база болып табылады.
Туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасында базистерінде мәдениет объектілері маңызды орын алатын туристік кластерлер айқындалған, бұл туристік және мәдени салалардың өзара іс-қимыл жасасуының маңыздылығын айқындайды.
“Астана - Еуразия жүрегі” кластері
Астананың бәсекеге жоғары қабілеттілігінің түйінді аспектілерінің бірі елорданың қазіргі заманғы жоғары технологиялы мәдени инфрақұрылымы болып табылады, онда 6 театр, 7 музей, 25 кітапхана, 7 кинотеатр, 9 концерт ұйымы, цирк, 14 мәдениет және демалыс саябағы, галерея, 2 хайуанаттар бағы және тағы басқалар қамтылған республикалық деңгейдегі мәдениет объектілері шоғырланған.
“Астана Опера” жаңа опера және балет театры мен “Astana Ballet ”, “Қазақконцерт”, Қазақстан тарихының ұлттық музейі және басқалар сияқты қазіргі заманғы шығармашылық ұжымдардың бірегей мүмкіндіктері Астанаға классикалық және қазіргі заманғы өнердің ірі халықаралық конкурстарын өткізу алаңына айналуға мүмкіндік береді.
ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген тарихи-мәдени объектілерді белсенді дамыту: Тасмола мәдениетінің қорғандары, Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қорымдары және басқалары, сондай-ақ “Жібек жолы” сериялы трансұлттық номинациясына енгізілген объектілер перспективалы бағыт болып табылады.
Астана “ЭКСПО-2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі Астананың мәдени имиджін халықаралық аренаға ілгерілетуге зор мүмкіндік ашты. Астана мен оның айналасы көшпелі дара мәдениетімізді және отандық шеберлердің орындауындағы ұлттық және әлемдік музыка, би, театр өнерінің үздік туындыларын таныстыру орталығына айналды. Көрме шеңберінде салынған павильондар мен кешендер елорданың мәдени инфрақұрылымын байытты.
Атап айтқанда, “ЭКСПО-2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберінде ашылған “Этноауыл” ұлттық-мәдени кешені алдағы уақытта да туристердің үлкен қызығушылығын тудыратын, қазақ халқының бай дәстүрлі мәдениеті мен өнерін көрсететін бірегей алаң болуға бағытталған.
“Алматы - Қазақстанның еркін мәдени аймағы” кластері
Алматы қаласының және Алматы облысының шығармашылық өңір ретінде дамуы шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсету үшін оңтайлы ортаны қалыптастырады.
Өзінің бай тарихы мен қалыптасқан дәстүрлері бар Алматы қаласының және Алматы облысының мәдени инфрақұрылымында 19 театр, 41 музей, 26 кинотеатр, 12 концерттік ұйым, 300 кітапхана, клуб үлгісіндегі 246 мекеме, хайуанаттар бағы, цирк, 19 мәдениет және демалыс саябағы мен өзге де мәдениет объектілері орналасқан, олардың басым бөлігінің республикалық маңызы бар.
Қалада жыл сайын танымал “Бозторғай”, “Алмаfest”), "Фестиваль оркестров", “Кітапfest”, “Gakku дауысы”, "The Spirit of Tengri", “Ұлы дала рухы”, “Көктөбе - опера”, "Алматы - моя первая любовь" және тағы басқалары сияқты ірі қалалық мерекелер мен фестивальдар өткізілуде. “Star of Asia” халықаралық фестивалі, “Бастау” кинофестивалі, джаз фестивалі және басқа да жаңа ауқымды іс-шаралар пайда болып сәтті іске асырылуда.
Қазақстан Республикасында ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар объектілерінің алдын ала тізіміне енгізілген: петроглифтері бар Тамғалы бірегей археологиялық ландшафты, Ешкіөлмес петроглифтері бар Жетісу Алатауының тізбегі, сондай-ақ Есік қорғаны мен “Жібек жолы” сериялы трансұлттық номинациясына енгізілген объектілер (Боралдай сақ қорғаны, Талғар, Қаялық, Қарамерген ежелгі қалашықтары) ерекше қызығушылық тудырады.
Стоунхендждегі өнер фестивалінің үлгісі бойынша ашық аспан астындағы Тамғалытас ежелгі ғибадатхананың мінәжат кеңістігін халықаралық фестивальдар (The Spirit of Tengri қазіргі заманғы этностық музыка фестивалі) және мәдениет пен өнер форумдары өткізілетін жерге айналдыруға болады.
Мұндай форматтағы айшықты іс-шаралар әлемдік ғылыми қоғамдастықты Алматының тарихи-мәдени объектілеріне тартуға мүмкіндік береді.
“Табиғат пен көшпенді мәдениеттің бірлігі” кластері
Кластердің мәдени инфрақұрылымын 13 театр, 61 музей, 19 кинотеатр, 5 концерттік ұйым, 1314 кітапхана, 1080 клуб үлгісіндегі мекеме, цирк, 26 ойын-сауық және демалыс саябағы құрайды.
Қазақстанның солтүстік бөлігінің аумағында көркем ландшафттар, тау тізбектері, орман алқаптары, өзендер мен көлдер көп. Жүздеген археологиялық, тарихи және сәулет ескерткіштері бар. Энеолит дәуіріндегі Ботай мәдениетінің бірегей ескерткіштері, “Ұлытау” ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі - дала өркениетінің тарихи негізін ашу мен зерделеу орны болып табылады. Болашақта бұл кластер Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар мәдени объектілерінің алдын ала тізіміне енгізілген Беғазы-Дәндібай және Тасмола мәдениеттерінің кесенелерімен толықтырылуы мүмкін. Наурызым табиғи қорығы, Баянауыл мен Көкшетау ұлттық саябақтары мәдени, эко-, этно- және медицина туризмінің өңірлік орталықтары бола отырып, өзінің туристік мәртебесін кеңейтеді. Мүдделі жеке инвесторлар болған жағдайда елорданың маңында “Этноауыл және қолөнершілер көшесі” жобасын іске асыру туралы мәселені қарастыруға болады, ал Шучинск-Бурабай курорттық аймағы республикалық және халықаралық деңгейдегі имидждік концерттік іс-шараларды өткізуге арналған амфитеатрмен, көрме орталықтары бар жабық үлгідегі форум-орталығымен, кино-концерт залымен толықтырылуы мүмкін. Қожаберген жырау, Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин және басқалары сияқты солтүстік өңірдің көрнекті тумалары қалдырған ағартушылық пен мәдениет дәстүрлерін жалғастырып және кеңейте отырып, кластер елдің өзіндік мәдени-ағартушылық орталығына айналуы мүмкін.
Өңір тарихының атаулы күндеріне арналған ғылыми және мәдени-білім беру акцияларын, Ш. Уәлихановты еске алуға арналған түрлі ауқымдағы ғылыми және мәдени жобалардың конкурстарын, Ы. Алтынсарин атындағы мәдени ағартушылық іс-шараларды (байқаулар, фестивальдар, оқулар мен конкурстар), Қожаберген жырау атындағы патриоттық поэзия мен әндер фестивалін және басқа да іс-шараларды жыл сайын өткізу үлкен әлеуетке ие.
“Алтай маржаны” кластері
Кластердің құрамында: 16 музей, 313 кітапхана, 3 театр, 2 концерттік ұйым, 6 кинотеатр, клуб үлгісіндегі 306 мекеме, 3 мәдениет және демалыс саябағы, 2 хайуанаттар бағы бар. Өскемен мен Семей қалаларында бірегей тарихи-мәдени объектілер мен сәулет ескерткіштері, сондай-ақ “Берел” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы бар, мұнда Алтай - түркі халқының алтын бесігі” түркітілдес халықтардың дәстүрлі халықаралық фестивалі өткізіледі. Алтайдың табиғи ландшафтының этнотуризмді дамыту үшін зор келешегі бар. Өңірде көптеген қорғандар бар, ІІ-ІІІ ғасырлардағы патша қорымдары табылған.
2020 жылға дейін мәдени жобаларды іске асыру саланың инфрақұрылымын нығайтып, өңірдегі мәдениет саласын дамытудың жаңа перспективаларын ашады.
Өскемен қаласында қазірдің өзінде-ақ қалыптасқан “MUSEUMстан” форматындағы халықаралық музей фестивалін өткізу дәстүрі жалғасатын болады.
Ұлы ақын Абайдың отаны Семей қаласында абайтанушылар мен жас әдебиетшілердің халықаралық симпозиумдары өткізілетін болады.
Қатонқарағайда “Бал алқабы” атты ауқымды этномәдени фестивалін өткізу халық кәсіпшілігі мен қолөнерін жандандыруға, өңірдің төл мәдениетін дамытуға нақты үлес қосуға қабілеті бар шығармашылық ұжымдар мен жекелеген орындаушыларды, музыканттарды, суретшілерді, декоративтік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдауға бағытталатын болады.
“Ұлы Жібек жолын жаңғырту” кластері
Кластер 11 театрды, 54 музейді, 9 кинотеатрды, 2 концерттік ұйымды, 922 кітапхананы, клуб үлгісіндегі 627 мекемені, 48 мәдениет және демалыс саябағын, циркті, хайуанаттар бағын қамтиды. Тарихи-мәдени объектілердің қатарына мыналар кіреді: ежелгі Түркістан мен “Әзірет-Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ескерткіштері, ортағасырлық Отырар қалашығы мен Отырар оазисінің археологиялық объектілері (ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген), Сауран археологиялық кешені, Ақыртас сарай кешені, палеолиттік учаскелері мен геоморфологиясы бар Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы, ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Арпа-Өзен петроглифтері, Қорқыт ата мемориалдық кешені және тағы басқалар.
Осы объектілердің барлығының зор әлеуеті бар және олардың трансшекаралық деңгейде танылуы әбден мүмкін. “Әзірет-Сұлтан” мемориалдық кешені мен оның маржаны - Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүкіл әлем мұсылмандарының рухани мінәжат орталығына айналу перспективасы бар.
"Каспий қақпасы" кластері
Кластердің мәдени инфрақұрылымында 4 театр, 30 музей, 19 кинотеатр, 6 концерттік ұйым, 614 кітапхана, клуб үлгісіндегі 404 мекеме, 10 ойын-сауық және демалыс саябағы бар. Мұнда мынадай тарихи-мәдени объектілер: Бекет ата, Шопан ата және Қараман ата жерасты мешіттері; Омар және Түр кесенелері; Маңғышлақ түбегіндегі қорымдар; Шерқала тауы “Бөкей ордасы” ескерткіштер кешені және тағы басқалар орналасқан.
Бұл бірегей өңір Дина Нұрпейісова атындағы халықаралық композиторлар мен дәстүрлі әндерді орындаушылар конкурсы, Каспий маңындағы елдердің халықаралық театрлық фестивалі, “Жас жалын жаңғыру” Каспий маңындағы елдердің халықаралық жастар форумы сияқты басқа да танымал мәдени іс-шараларды өткізу орнына айналды. Каспий күнін халықаралық мерекелеу жаңа серпінге ие болуы мүмкін. Ақтаудағы “Каспий мыңжылдықтар тоғысында”атты қазіргі заманғы ән фестивалі Каспий маңындағы елдер халқының еуразиялық ән конкурсы ретінде орын алуы мүмкін. Этномәдени іс-шаралар өңірдің мәдени төл тұрмысын білдіретін өзіндік бренд болуы тиіс.
Мәдениет және демалыс объектілері мен кеңінен танылатын жаңа сахна алаңдарының дамуы, әлемде “Алтын адам” шеруі ауқымды имидждік іс-шарасын өткізу мүмкіндігі, шетелде қазақстандық мәдениет маусымдары, “Наурыз” мейрамын жаңа нысанда мерекелеу, халықаралық фестивальдар мен конкурстар ұйымдастыру, бірегей мәдени ландшафттары мен жетекші мәдениет объектілерін танымал ету, заманауи мәдениетіміздің жаһандық әлемге белсенді шығуы, БҰҰ-ның тілдеріне үздік авторлардың шығармаларын аудару, кино, анимация, көркемсурет, дизайн саласында имидждік өнімдерді молынан көбейту, қолөнер мен халықтың қолданбалы өнерін дамыту, Қазақстанның киелі жерлерінің мәдени-географиялық картасын қалыптастыру және танымал ету - осының барлығы заманауи шығармашылық және мәдени-туристік кластерлерді дамытудың, шығармашылық белсенділікті ынталандыратын, әлемдік нарыққа шығу мүмкіндіктері бар жас дарындар мен шығармашылық индустрияның дамуын қолдайтын әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырудың маңызды құрамдас бөлігіне айналады. 2030 жылға қарай Қазақстан инфрақұрылымы дамыған және әлемдік денгейдегі тиімді кластерлері бар халықаралық мәдениет, демалыс және туристердің үлкен қызығушылығын тудыратын орталықтардың біріне айналуға тиіс.
5. Іске асыру кезеңі мен күтілетін нәтижелер, нысаналы индикаторлар
Мәдени саясаттың берілген қағидаттары мен тәсілдерін іске асыру мынадай кезеңдерді көздейді:
1-кезең – 2015 - 2019 жылдар;
2-кезең – 2020 - 2030 жылдар.
Бірінші кезең шаралардың қолданыстағыларын бейімдеу және жаңаларын жасау бойынша нақты қадамдарды, сондай-ақ саланы, негізгі кластерлерді дамытудың институционалдық тетіктерін көздеді, олардың көпшілігі 2015 - 2016 жылдары іске асырылған болатын.
Тиісті аумақтарда мәдени бұқаралық іс-шараларды өткізу бойынша елдің мәдени саясатын практикалық іске асыруда жергілікті атқарушы органдарға бақылауды күшейту қажет.
Мәдениет саласында жаңғырту процесін нақты мониторингтеу және оның шикізаттық емес секторда орнын айқындау мақсатында жоғары мәдениетті қоғамның әлеуметтік-мәдени индикаторларының негізінде “форсайт” және ұзақ мерзімді мәдениеттану болжамының базасында ЭЫДҰ мен IMD халықаралық рейтингтерінің шеңберінде саланың даму серпінін бағалауға бағытталған әлеуметтанушылық зерттеулер топтамасын өткізу жалғасатын болады, өңірлерде мәдениет саласының өнімдері мен қызметтерін ұсыну деңгейлері бойынша өлшемшарттары мен көрсеткіштерінің рейтингтік жүйесі сынақтан өткізілді. “Рухани қазына” мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні - 21 мамырда жыл сайын тәжірибе алмасу бойынша шоғырландырылған шығармашылық және кәсіби алаң болуға, орындаушылықтың ең үздік үлгілерін, қолданбалы өнерді, озық тәжірибелер мен өңірлердің әлеуметтік-мәдени жобаларын танымал етуге, Қазақстанда мәдениет және өнер салаларының туристік әлеуетін және кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған жалпыұлттық форум өткізу практикасы енгізілді.
Екінші кезеңде еліміздің үш базалық саласын - экономика, саясат және жалпыұлттық сананы жаңғырту тұрғысынан институционалдық және инфрақұрылымдық салаларды қайта құру жалғастырылуда. Үш тағанды қазақстандық жаңғыртудың міндеттерімен белгіленген, бірінші кезеңде көзделген қазақстандықтардың ұлттық кодын қалыптастыру, ұлттық сәйкестікті сақтау, шығармашылық ресурстардың әлеуетін нығайту, мәдениет пен туризмде кластерлік индустрияның симбиозын дамыту, креативті индустрия аймағын құру, сондай-ақ өзінің шағын отанын қолдау бастамаларын ілгерілету шаралары практикалық жүзеге асырылуда. Бұдан басқа, елдің ұлттық рәміздері мен мәдени бренді, Қазақстанның киелі жерлерінің мәдени-географиялық картасы, үздік туындылары жаһандық әлемде мәдениет пен өнер саласында ілгері жылжып, кеңінен таралуда.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін кеңінен қолдану негізінде 2020 жылға қарай өнердің жекелеген түрлері мен мәдениет ұйымдары экономикалық тұрғыдан табысты (рентабельді) деңгейге шығарылатын болады.
Бірінші кезеңде:
1) тиісті құқықтық база дайындалады:
“Мәдениет туралы” 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі;
Алғаш рет “Киноматография туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне киноматография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасы заңдарының жобалары әзірленді;
“Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жана редакциядағы жобасын және ілеспе заңы жобасын әзірлеу көзделген;
2) өнер саласында бірыңғай білім беру кеңістігі құрылады;
3) ғылым мен зерттеу қызметі белсенді дамытылады; еліміздің музейлері тарих ғылымын, археология мен өнертануды дамытудың тірек орталықтарына айналады;
4) Қазақстанның киелі объектілері толық тексеріледі және жүйеленеді, оның қорытындысы бойынша Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық карталарына одан әрі зерттеу жүргізіліп, жалпыұлттық және жергілікті жерлердің тізімдері жинақталып, ілгерілетілетін және танымал етілетін болады;
5) музей-қорықтары жұмыстарының тұжырымдамалық жаңа форматы қалыптастырылады;
6) салалық көркемдік кеңестер құрылады;
7) жетекші халықаралық ұйымдардың (ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ, ИСЕСКО және басқалар) жобаларына ықпалдасу күшейтіледі;
8) бизнес пен әріптестікті дамыту шеңберінде:
әлемдік деңгейдегі демалыс ойын-сауық орталықтарын құрудың және ұлттық мәдени брендтерді қалыптастырудың салалық кешенді бизнес-жоспары әзірленеді;
дарынды ауыл жастарын қолдаудың және ілгерілетудің жол картасы әзірленеді;
мәдени туризмнің трансұлттық маршруттарын дамыту бойынша стартап жобасы әзірленеді;
9) 2020 жылға дейін еліміздің барлық кітапхана қорын кешенді цифрландыруды аяқтау жөніндегі салалық іс-қимыл жоспары іске асырылады;
10) бірыңғай репертуар, кадр саясатын қалыптастырудың және гастрольдік қызметті ұйымдастырудың нақты тетіктері пысықталады;
11) ауқымды республикалық және халықаралық имидждік іс-шаралар сериясы іске асырылады;
12) одан әрі әлемге таныту мақсатында БҰҰ-ның алты тіліне аудару үшін қазіргі заманғы қазақстандық мәдениеттің үздік авторлары, шығармалары мен орындаушылары тізімі қалыптастырылатын болады;
13) ауылдар мен моноқалалар үшін мәдениет саласындағы менеджерлер қажеттігінің тұрақты мониторингі қамтамасыз етіледі;
14) Алматы қаласында мәдениеттерді үндестіру орталығын құру туралы мәселе қаралатын болады;
15) ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің мәдени бағдарламаларын кешенді дайындау және іске асыру қамтамасыз етілетін болады.
Бірінші кезеңнің түйінді индикаторлары 2014 жылмен салыстырғанда 2020 жылға қарай:
1) қолданыстағы заңнамаға сәйкес цифрлық форматқа аударуға жататын ұлттық кітапханалық кітап қорын 100% цифрландыру;
2) кітапханаларға келу санының 2 есе көбеюі;
3) музейлерге келу санының 3 есе көбеюі;
4) театрларға келу санының 2 есе көбеюі;
5) халықтың мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің сапасына кемінде 70%-ға қанағаттануы арқылы қол жеткізілетін болады.
Қазақстан 2030 жылға қарай:
1) әлемдік мәдениет пен өнерді дамыту орталықтарының біріне;
2) дамыған инфрақұрылымы бар әлемдік ойын-сауық және демалыс орталықтарының біріне;
3) тарих ғылымын, археология мен өнертануды дамытудың халықаралық орталықтарының біріне;
4) кәсіби шеберлікті арттыру мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне;
5) халықаралық жетекші ұйымдардың ірі өңірлік орталығына айналады.
Алдағы уақытта мынадай бағыттар бойынша жұмыс жалғасады:
1) заманауи өнердің жаңа бағыттарын қолдау, жастар субмәдениетімен өзара іс-қимыл жасасу;
2) киноны, анимацияны, театр, музыка, бейнелеу өнерін, әдебиетті және тағы басқаларды қоса алғанда, барлық салаларда әлеуметтік бағдарланған, рухани-адамгершілік және отансүйгіштік бағыттағы мәдени өнімдер өндірудің кешенді жоспарын іске асыру;
3) ұлттық символиканы және мәдениеттің экспорттық әлеуеті бар брендтік өнімін жасау;
4) еліміздің тарихи-мәдени ландшафтының туристік логистикасын, ішкі және сыртқы туристер легіне қызмет көрсететін трансұлттық бағыттарды кеңейту;
5) мәдени туризмді дамытудың “темірқазық” жобалары ретінде еліміздің айтулы мәдени кешендерін, аса маңызды киелі жерлердің объектілерін және басқаларын толық реставрациялау және реконструкциялау.
Екінші кезеңнің түйінді индикаторлары 2019 жылмен салыстырғанда 2030 жылға қарай:
1) қолданыстағы заңнамаға сәйкес цифрлық форматқа аударуға жататын ұлттық кітапхана кітап қорына түскен жаңа кітаптарды цифрландыру 100% деңгейде қамтамасыз етілетін болады;
2) кітапханаларға келу санының 20%-ға дерлік көбеюі;
3) мұражайларға келу санының 2 есе көбеюі;
4) театрларға келу санының 3 есе көбеюі;
5) халықтың мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің сапасына кемінде 75%-ға қанағаттануы арқылы қол жеткізілетін болады.
Елдің бірыңғай мәдени кеңістігін, ұлттық символикасын, Қазақстанның киелі жерлерінің мәдени-географиялық карталарын жасау жөніндегі іс-қимылдың жаңа ауқымы мен жүйелі шаралар қоғамдық сананы жаңғырту және “Рухани жаңғыру” бағдарламасының рухани жаңару жалпы ұлттық идеясының негізінде ұрпақтардың рухани сабақтастығы мен өзіндік сәйкестігін қамтамасыз етеді. Мәдени өрістің шекаралары мен форматын айтарлықтай кеңейту: шығармашыл капитал, мәдени кластерлер мен бизнес, бәсекеге қабілетті ментальділік мәдениет мекемелерінің қызметтерін бөлудегі аумақтық сәйкессіздікті еңсеруге мүмкіндік береді, ал креативті индустрия секторы, туризмді дамыту және мәдениет объектілері мен киелі жерлер бойынша жаңа туристік маршруттарды енгізу, қазақстандық заманауи мәдениеттің үздік шығармаларын аудару және халықаралық сахнаға шығару, мәдени брендтерді танымал ету мәдениеттің экономикалық және геосаяси мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда, елдің бірыңғай мәдени кеңістігі экономиканың нақты секторындағы өнердің барлық бағыттарының орнықты дамуын қамтамасыз етеді: 2030 жылға қарай мәдениет секторы ІЖӨ көлемінде, мәдениетте жұмыспен қамтылған халықтың көлемінде, мәдени өнімнің экспорттық әлеуетінде әлемнің дамыған елдерінің орташа көрсеткішіне жетуге ұмтылады.
6. Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі:
1) “Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы” 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
2) “Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы” 2001 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
3) “Мәдениет туралы” 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы;
4) “Білім туралы” 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
5) “Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы” 2015 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
6) “Қайырымдылық туралы” 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы;
7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 406 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы.