Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 151 Жарлығымен.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңының 13-бабының 5-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптары бекітілсін.
2. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 519 Жарлығының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 19, 318-құжат).
3. Осы Жарлық қолданысқа енгізілгенге дейін «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған адамдарды аталған резервтен «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындаған кезде оларға «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған кезде қолданылған арнайы біліктілік талаптары қолданылады деп белгіленсін.
4. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 708 Жарлығымен бекітілген
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптары
1. Жалпы ережелер
1. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын осы арнайы біліктілік талаптары (бұдан әрі – Арнайы біліктілік талаптары) «Мемлекеттік қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткер азаматтарға қойылады.
2. Арнайы біліктілік талаптары:
1) білімі бойынша талаптарды;
2) жұмыс өтілі бойынша талаптарды;
3) кәсіби білімі, Қазақстан Республикасының заңнамасын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі бойынша талаптарды қамтиды.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 523 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдары бірінші және екінші санатқа бөлінеді.
4. «А» корпусының бірінші санаттағы мемлекеттік әкімшілік лауазымдары екі топқа бөлінеді:
1) бірінші санаттың бірінші тобына жататын лауазымдар:
орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары;
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті аппараттарының басшылары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) басшысы;
облыстар, астана және республикалық маңызы бар қала әкiмдерiнің аппарат басшылары;
жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген орталық атқарушы органдардың аппарат басшылары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысы;
2) лауазымдардың функциялық бағыттарына және мемлекеттік басқарудың деңгейіне сәйкес бірінші санаттың екінші тобы кіші топтарға бөлінеді.
Бірінші кіші топқа сараптамалық-талдамалық сипаты басым функциялары бар лауазымдар жатады. Бірінші кіші топ:
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушілері;
Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары аппараттары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппараттары (құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын бөлімшелерді қоспағанда), Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) құрылымдық бөлімшелерінің басшылары;
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымдық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары (құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын бөлімшелерді қоспағанда) лауазымдарын қамтиды.
Екінші кіші топқа орталық мемлекеттік органдардағы және олардың аумақтық органдарындағы ұйымдастырушылық-өкімдік, әкiмшiлiк-шаруашылық және бақылаушылық сипаты басым функциялары бар лауазымдар жатады. Екінші кіші топ:
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының орынбасарлары;
орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары;
Қазақстан Республикасы Парламенті Шаруашылық басқармасының басшысы және оның орынбасарлары;
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық органдары басшыларының орынбасарлары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстардағы, астанадағы, республикалық маңызы бар қаладағы тәртіптік кеңестерінің төрағалары лауазымдарын қамтиды.
Үшінші кіші топқа жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардағы ұйымдастырушылық-өкімдік және әкiмшiлiк-шаруашылық сипаты басым функциялары бар лауазымдар жатады.
Үшінші кіші топ облыстық маңызы бар қалалардың (облыстардың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалардың әкімдерін қоспағанда), облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері лауазымдарын қамтиды.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 29.08.2014 N 900 Жарлығымен.
5. «А» корпусының екінші санаттағы мемлекеттік әкімшілік лауазымдары топтарға бөлінбейді.
2. Білімі бойынша талаптар
6. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алыну және «А» корпусының бірінші санаттағы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін кандидаттардың жоғары білімінің болуы талап етіледі.
7. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алыну және «А» корпусының екінші санаттағы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін кандидаттардың мемлекеттік басқару, экономика, қаржы, құқық саласында жоғары білімінің болуы талап етіледі.
3. Жұмыс өтілі бойынша талаптар
8. Жұмыс өтілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет өтілін және (немесе) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардағы жұмыс өтілін қамтиды.
9. Бірінші санаттың бірінші тобының лауазымдарына орналасу үшін:
1) кемінде жеті жыл жұмыс өтілі, оның ішінде мемлекеттік саяси лауазымдарда, не «А» корпусының лауазымдарында, не А-1, D-2, D-O-1 санаттарынан төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың комитет төрағаларының орынбасарларынан, орталық мемлекеттік органдардың департамент басшыларынан төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының облыстардағы, астанадағы, республикалық маңызы бар қаладағы аумақтық органдары мен бөлімшелерінің басшыларынан төмен емес лауазымдарда кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі;
2) не кемінде алты жыл жұмыс өтілі, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша немесе шетелдің жоғары оқу орындарында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша оқуды аяқтаған жағдайда осы Арнайы біліктілік талаптарының 9-тармағы 1) тармақшасында санамаланған лауазымдарда кемінде екі жыл мемлекеттік қызмет өтілі;
3) не кемінде жеті жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының атқарушы органдарының басшылары лауазымдарында кемінде бес жыл жұмыс өтілі талап етіледі.
10. Бірінші санаттың екінші тобының лауазымдарына орналасу үшін:
1) бірінші кіші топ үшін:
кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде мемлекеттік саяси лауазымдарда, не «А» корпусының лауазымдарында, не А-1, В-1, С-2, D-2, D-O-1 санаттарынан төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың комитет төрағаларының орынбасарларынан, орталық мемлекеттік органдардың департамент басшыларынан төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының облыстардағы, астанадағы, республикалық маңызы бар қаладағы аумақтық органдары мен бөлімшелері басшыларының орынбасарларынан төмен емес лауазымдарда кемінде екі жыл мемлекеттік қызмет өтілі;
не кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша немесе шетелдің жоғары оқу орындарында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша оқуды аяқтаған жағдайда осы Арнайы біліктілік талаптарының 10-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацында санамаланған лауазымдарда кемінде бір жарым жыл мемлекеттік қызмет өтілі;
не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде жұмыскерлерiнiң жылдық орташа штат саны кемінде елу адам болатын мемлекеттік емес коммерциялық емес, ғылыми-зерттеу ұйымдарының* басшыларының лауазымдарында, не жоғарғы оқу орындарының факультет басшыларынан немесе ғылыми дәрежесі болған жағдайда жоғарғы оқу орындарының кафедра меңгерушілерінен төмен емес лауазымдарда кемінде төрт жыл жұмыс өтілі талап етіледі.
не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ұлттық басқару холдингтерінің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің департамент басшыларынан төмен емес лауазымдарда, не жылдық орташа саны елу адамнан кем емес республикалық ұйымдарда басшылық лауазымдарда кемінде төрт жыл жұмыс өтілі талап етіледі.
2) екінші кіші топ үшін:
кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде саяси мемлекеттік лауазымдарда, не «А» корпусының лауазымдарында, не A-2, В-3, С-3, D-2, D-O-2 санаттарынан төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың комитет төрағаларының орынбасарларынан, орталық мемлекеттік органдардың департамент басшыларынан төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының облыстардағы, астанадағы, республикалық маңызы бар қаладағы аумақтық органдары мен бөлімшелерінің басшыларынан төмен емес лауазымдарда кемінде екі жыл мемлекеттік қызмет өтілі;
не кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша немесе шетелдің жоғары оқу орындарында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша оқуды аяқтаған жағдайда осы Арнайы біліктілік талаптарының 10-тармағы 2) тармақшасының екінші абзацында аталған лауазымдарда кемінде бір жарым жыл мемлекеттік қызмет өтілі;
не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ұлттық басқару холдингтерінің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің департамент басшыларынан төмен емес лауазымдарда, не жылдық орташа штат саны кемінде елу адам болатын республикалық ұйымдардың немесе ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалардың** басшыларынан төмен емес лауазымдарда кемінде төрт жыл жұмыс өтілі талап етіледі.
3) үшінші кіші топ үшін:
кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде саяси мемлекеттік лауазымдарда, не «А» корпусының лауазымдарында, не A-3, В-3, С-3, C-R-1, D-3, D-O-2, Е-2 санаттарынан төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың басқарма басшыларынан, бірінші басшыларының көмекшілерінен, кеңесшілерінен төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының облыстардағы, астанадағы, республикалық маңызы бар қаладағы аумақтық органдары мен бөлімшелерінің басқарма басшыларынан (немесе оларға теңестірілген лауазымдарда) төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың аудандардағы, астана, республикалық маңызы бар қала аудандарындағы және облыстық маңызы бар қалалардағы бөлімшелерінің басшыларынан төмен емес лауазымдарда кемінде екі жыл мемлекеттік қызмет өтілі;
не кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша немесе шетелдің жоғары оқу орындарында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша оқуды аяқтаған жағдайда осы Арнайы біліктілік талаптарының 10-тармағы 3) тармақшасының екінші абзацында аталған лауазымдарда кемінде бір жарым жыл мемлекеттік қызмет өтілі;
не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ұлттық басқару холдингтерінің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің департамент басшыларынан және оның филиалдары басшыларынан төмен емес лауазымдарда, не жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны кемінде елу адам болатын мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің (мемлекеттік органдардан басқа) немесе ірі немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалардың басшылары орынбасарларынан төмен емес лауазымдарда кемінде төрт жыл жұмыс өтілі талап етіледі.
11. «А» корпусының екінші санаттағы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін мемлекеттік басқару, экономика, қаржы, құқық салаларында кемінде жеті жыл жұмыс өтілі талап етіледі.
4. Кәсіби білімі, Қазақстан Республикасының заңнамасын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі бойынша талаптар
12. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алыну және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін кандидаттарға кәсіби білімі, Қазақстан Республикасының заңнамасын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі бойынша талаптар қойылады.
13. Кәсіби білімінің болуын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия кандидаттармен әңгімелесу өткізу кезінде айқындайды.
14. Қазақстан Республикасының заңнамасын білуі тестілеу өткізу кезінде айқындалады.
Ескертпе.
*«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алыну үшін жұмыскерлерінің жылдық орташа штат саны туралы мәліметтерді кандидаттар тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардан құжаттар ұсыну арқылы растайды.
**«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алыну үшін ірі немесе орта кәсіпкерлік субъектілері туралы мәліметтерді кандидаттар тиісті салық органдарынан құжаттар ұсыну арқылы растайды.