Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 624 Жарлығы

Жаңартылған

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
      2. «Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы  28 наурыздағы № 828 Жарлығына (Қазақстан Pеспубликасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 17, 212-құжат, № 21, 265-құжат, 2005 ж., № 29, 362-құжат, 2006 ж., № 23, 229-құжат, 2007 ж., № 42, 479-құжат; 2009 ж., № 34, 321-құжат; 2010 ж., № 51, 466-құжат, 2011 ж., № 39, 472-құжат, № 41, 518-құжат, № 48, 646-құжат; № 51, 685-құжат; 2012 ж., № 35, 457-құжат; № 54, 717-құжат; № 58, 793-құжат; № 74, 1067-құжат; № 80, 1178-құжат, 2013 ж., № 24, 379-құжат; № 24, 381-құжат; № 29; 439-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын немесе оның келісуімен тағайындалатын, оның ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де басшы лауазымды адамдардың лауазымдар тізбесінде:
      мына жолдар:     

Қазақстан Республикасы ҰҚК орталық аппараты департаменттерінің бастықтары, Қазақстан Республикасы ҰҚК Академиясының және Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі академиясының бастықтары

ҰҚК Төрағасы


Әкімшілік Басшысы

«Сырбар» Сыртқы барлау қызметі департаменттерінің бастықтары

«Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры


Әкімшілік Басшысы

      мынадай редакцияда жазылсын:

Қазақстан Республикасы ҰҚК орталық аппаратының және орталық аппараты жанындағы департаменттердің бастықтары, «Арыстан» қызметінің, ҰҚК Ғылыми-зерттеу институтының, Қазақстан Республикасы ҰҚК Академиясының және Қазақстан Республикасы ҰҚК  Шекара қызметі академиясының бастықтары

ҰҚК Төрағасы


Әкімшілік Басшысы

«Сырбар» Сыртқы барлау қызметі департаменттерінің және оларға теңестірілген бөлімшелердің бастықтары

«Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры


Әкімшілік Басшысы»;

      мына жол:

«Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасарлары, қылмыстық-атқару жүйесі аумақтық департаменттерінің бастықтары

Ішкі істер министрі

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы

Комиссия*»

      мынадай редакцияда жазылсын:

«Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасарлары, қылмыстық-атқару жүйесі аумақтық департаменттерінің бастықтары

Ішкі істер министрі

Ішкі істер министрі

Комиссия*»;

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси қызметшілерін және өзге де лауазымды тұлғаларын келісу, қызметке тағайындау мен қызметтен босату тәртібі туралы ережеде:
      17-тармақтың екінші және үшінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
      «Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасарлары, Арнаулы ақпарат қызметінің директоры, орталық аппарат департаменттерінің, орталық аппарат жанындағы департаменттердің, ҰҚК Астана және Алматы қалалары департаменттерінің, облыстық департаменттерінің бастықтары, «Арыстан» қызметінің, ҰҚК Ғылыми-зерттеу институтының, ҰҚК Академиясының және ҰҚК Шекара қызметі академиясының бастықтары, ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасарлары, ҰҚК Шекара қызметі өңірлік басқармаларының бастықтары;
      «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасарлары, «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі департаменттерінің және оларға теңестірілген бөлімшелердің бастықтары;».
      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2013 жылғы 28 тамыздағы
№ 624 Жарлығымен    
      БЕКІТІЛГЕН     

Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру ҚАҒИДАЛАРЫ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервіне құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін іріктеу, енгізу, даярлау және одан шығарудың ерекше тәртібін белгілейді.
      2. Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резерві (бұдан әрі - Президенттік резерв) - құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бос тұрған жоғары басшы лауазымдарына жоғарылату үшін осы Қағидаларда көзделген іріктеудің ерекше тәртібінен өткен қызметкерлердің тізімі.
      3. Президенттік резервті қалыптастырудың мақсаты - құқық қорғау  және арнаулы мемлекеттік органдардың бос тұрған жоғары басшы лауазымдарына орналастыру үшін қызметкерлерді сапалы іріктеу және оларды даярлау жолымен кәсіби кадрлар құрамын жасақтау.
      4. Президенттік резервті қалыптастыру «Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын немесе оның келісуімен тағайындалатын, оның ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де лауазымды адамдардың тізбесінде көзделген лауазымдарға қатысты жүзеге асырылады.
      5. Құқық қорғау органдарының президенттік резервін бекіту «Құқық қорғау органдарындағы кадр саясатының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 537 Жарлығына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) хаттамалық шешімімен жүзеге асырылады.
      Арнаулы мемлекеттік органдардың президенттік резервін бекітуді осы Қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесі хатшысымен келісілген Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығының (бұдан әрі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығы) ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі - Мемлекеттік күзет қызметі) қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің президенттік резервін бекітуді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы жүзеге асырады.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.05.2014 N 814 Жарлығымен.
      6. Президенттік резервті қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру:
      құқық қорғау органдарына қатысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөліміне (бұдан әрі - Құқық қорғау жүйесі бөлімі) жүктеледі;
      арнаулы мемлекеттік органдарға қатысты Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына жүктеледі.
      Арнаулы мемлекеттік органдар басшылығының президенттік резервіне ұсынылған Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің тізімін қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттарды дайындау Мемлекеттік күзет қызметіне жүктеледі.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.05.2014 N 814 Жарлығымен.
      7. Осы Қағидалар құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының лауазымдарына қолданылмайды.

2. Президенттік резервті қалыптастыру

      8. Президенттік резервті қалыптастыру жыл сайын, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың басшы лауазымдарына орналастыру үшін кандидаттарға ағымдағы және келешектегі қажеттілік болуына болжамды ескере отырып жүзеге асырылады.
      Президенттік резерв:
      1) болжанатын лауазымға орналастыру үшін көзделген, қызмет өтіліне, кәсіби даярлық деңгейіне байланысты талаптарды қамтитын біліктілік талаптарына сәйкес келетін;
      2) аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша атқаратын лауазымына сәйкес келетін, оның ішінде жоғары тұрған лауазымға жоғарылатуға немесе кадр резервіне енгізуге ұсынылған;
      3) материалдарды жолдаған кезде тәртіптік жазалары болмаған қызметкерлердің қатарынан қалыптастырылады.
      Құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен барған қызметкерлерді біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде Президенттік резервке ұсынуы мүмкін.
      9. Президенттік резервке енгізу үшін кандидаттарды іріктеу қызметкерлердің жеке және іскерлік қасиеттерін, олардың қызметтік әрекеттерінің нәтижелерін зерделеу мен бағалау және аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде жүргізіледі.
      10. Жыл сайын 1 қазанға дейін құқық қорғау органдарының кадр бөлімшелері - Құқық қорғау жүйесі бөліміне, ал арнаулы мемлекеттік органдардың кадр бөлімшелері Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына Президенттік резервке енгізу үшін ұсынылған қызметкерлердің тізімін мынадай материалдармен қоса жолдайды:
      1) қызметкердің іскерлік және жеке қасиеттері көрсетілген, құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшысының ұсынысы;
      2) белгіленген нысандағы фотосуреті бар қызметтік анықтама (қызметтік тізім);
      3) қызметкердің міндетті арнайы тексеруден өткені туралы мәліметтер. Құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы іссапармен барған қызметкерлерге қатысты сипаттаушы материалдарды тиісті қызметкер қызметін өткеріп жатқан органның (ұйымның) басшысынан сұратуға құқылы.
      Ұсынылған материалдардың толық еместігі немесе оларда қандай да бір дәл емес мәліметтер көрсетілгені анықталған жағдайда, құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдардың кадр бөлімшелері Президенттік резервке енгізуге ұсынылған қызметкерлерге қатысты материалдарды Құқық қорғау жүйесі бөлімінен және Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығынан кері қайтармай, жоғарыда аталған кемшіліктерді жоюы мүмкін.
      11. Құқық қорғау жүйесі бөлімі және Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығы жыл сайын:
      1) 30 қарашаға дейін ұсынылған материалдардың анықтығына, толық болуына және Президенттік резервке ұсынылған қызметкердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келуіне тексеруді жүзеге асырады, қажет болған жағдайда мәліметтерді сұрату арқылы қосымша тексеру шараларын жүргізеді;
      2) 20 желтоқсанға дейін материалдарды қарау нәтижелері бойынша Президенттік резервке ұсынылған қызметкерлердің тізімін қалыптастырады;
      3) Президенттік резерв бекітілгеннен кейін он күн ішінде құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына хабарлайды.
      12. Құқық қорғау жүйесі бөлімі Құқық қорғау органдарының президенттік резервіне кандидаттардың тізімін қалыптастырғаннан кейін отырысты өткізуге дайын екені туралы Комиссияның төрағасын хабардар етеді және отырыстың өтетін уақыты мен орны туралы Комиссияның барлық мүшелеріне хабарлайды.
      Құқық қорғау органдарының президенттік резервіне енгізу үшін ұсыныстарды қарау туралы отырыстың нәтижелері бойынша Комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) Президенттік резервке алынсын;
      2) Президенттік резервке алудан бас тартылсын.
      Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделіп, оған Комиссия төрағасы қол қояды.
      13. Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығы Арнаулы мемлекеттік органдардың президенттік резервіне енгізілетін кандидаттардың тізімін қалыптастырғаннан және Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысымен келісілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысына бекіту үшін енгізеді.
      Арнаулы мемлекеттік органдардың президенттік резервіне енгізу үшін ұсыныстарды қарау нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) Президенттік резервке алынсын;
      2) Президенттік резервке алудан бас тартылсын.
      14. Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың кадр бөлімшелері Президенттік резервтің бекітілген тізімінен үзіндіні алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қызметкерлерге Президенттік резервке енгізілгені туралы хабарлайды.
      15. Қызметкердің Президенттік резервте болу мерзімі үш жылдан аспауы тиіс. Президенттік резервке енгізілген, бірақ онда болу кезеңінде бос тұрған жоғары басшы лауазымдарға тағайындалмаған адамдар жалпы негізде жаңадан енгізілуі мүмкін.
      16. Құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте Президенттік резервке қосымша кандидатураларды ұсынуға құқылы.
      17. Президенттік резервте тұрған қызметкерлер болжанып отырған басшы лауазымға тағайындауға қажетті кәсіби дағдыларын, басқару құзыретін жетілдіру үшін Құқық қорғау органдарының академиясында кәсіби қайта даярлаудан және біліктілікті арттырудан етеді.
      18. Мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен барған қызметкерлерді қоспағанда, Президенттік резервке енгізілген қызметкерлерге «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы және «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіпте, ол Президенттік резервке енгізілген лауазымдар бойынша міндеттерді уақытша атқару жүктелуі мүмкін.

3. Президенттік резервтен шығару

      19. Қызметкерді Президенттік резервтен шығару мынадай жағдайларда жүргізіледі:
      1) оны қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жауапкершілікке тарту;
      2) оны сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту;
      3) оған қызметіне толық сәйкес келмейтіні туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату, арнаулы (әскери) атағын немесе сыныптық шенін төмендету түрінде тәртіптік жаза қолдану;
      4) Президенттік резервтен шығару туралы өзінің баянат беруі;
      5) оны құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органнан жұмыстан шығару.
      20. Осы Қағидалардың 19-тармағында көзделген негіздер орын алған жағдайда қызметкерді Президенттік резервтен шығару туралы шешімді:
      1) құқық қорғау органдарының кадр бөлімшелері Құқық қорғау жүйесі бөліміне ұсынған құжаттарға сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты Комиссия;
      2) арнаулы мемлекеттік органдардың кадр бөлімшелері Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына ұсынған материалдарға сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысты, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне қатысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қабылдайды.
      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.05.2014 N 814 Жарлығымен.
      21. Осы Қағидалардың 19-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Президенттік резервтен шығарылған қызметкерлер шығарудың негіздері жойылғаннан кейін бір жыл өткен соң осы Қағидаларда көзделген тәртіпте Президенттік резервке енгізілуі мүмкін.