Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы кадр саясатының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 537 Жарлығы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі

      актілерінің жинағында жариялануға тиіс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Комиссия туралы ереже;

      2) Комиссия құрамы бекітілсін.

      3. Күші жойылды – ҚР Президентінің 31.07.2023 № 290 Жарлығымен.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 3 сәуірдегі
№ 537 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) құқықтық мәртебесін және өкілеттіктерін айқындайды.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) осы Ереженің 4-тармағында көрсетілген құқық қорғау органындағы лауазымдарға орналасуға үміткер адамдарды тағайындау туралы ұсынымдарды қарау және Қазақстан Республикасының Президентіне немесе мемлекеттік органдардың (ведомстволардың) бірінші басшыларына ұсыныстар дайындау;

      2) Құқық қорғау органдары басшыларының президенттік резервін

      жасақтау болып табылады.

      4. Комиссия Тізбеде* көзделген құқық қорғау органдарындағы лауазымдарға орналасуға үміткер адамдарды тағайындау туралы мәселелерді қарайды.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 09.10.2019 № 184 Жарлығымен.

      * Тізбе – "Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және (немесе) олардың келісуімен тағайындалатын, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де басшы лауазымды адамдардың тізбесі.

      Ескерту. Ереже ескертпемен толықтырылды - ҚР Президентінің 09.10.2019 № 184 Жарлығымен.

      5. Лауазымдарға орналасуға үміткер адамдарды тағайындауды келісу рәсімін өткізу, сондай-ақ Құқық қорғау органдары басшыларының президенттік резервіне қосу үшін Комиссияның жұмыс органына мынадай материалдар жіберіледі:

      1) кандидаттың іскерлік және жеке қабілеттері көрсетілген тиісті мемлекеттік органның (ведомствоның) бірінші басшысының ұсынымы:

      2) кандидаттың фотосуреті бар анықтама парағы (қызметтік тізім);

      3) міндетті арнайы тексерістен өткені туралы мәліметтер.

      6. Өзінің негізгі міндеттерін шешу мақсатында Комиссия:

      1) Комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті ақпарат пен материалдарды белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      2) Комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың өкілдерін шақыруға және тыңдауға;

      3) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асыруға құқылы.

      7. Комиссия құрамына Комиссияның төрағасы, оның орынбасары, Комиссия хатшысы және мүшелері кіреді.

      8. Комиссия төрағасы:

      1) Комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Комиссия отырыстарын өткізу орны мен уақытын белгілейді;

      3) Комиссия отырыстарында төрағалық етеді;

      4) өз өкілеттіктерін атқаруды Комиссия төрағасының орынбасарына жүктеуге құқылы;

      5) Комиссияның мүшелеріне орындау үшін міндетті тапсырмалар береді.

      9. Комиссия мүшелері оның жұмыс кестесі мен отырысының күн тәртібі бойынша Комиссия төрағасына ұсыныстар енгізуге құқылы.

      10. Егер Комиссияның тізімдік құрамының кемінде үштен екі бөлігі қатысса, оның отырысы заңды деп саналады.

      11. Комиссия отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 09.10.2019 № 184 Жарлығымен.

      12. Осы Ереженің 4-тармағында көрсетілген адамдарға қатысты кадр мәселелерін Комиссия, әдетте, олардың жеке қатысуынсыз қарайды.

      13. Комиссия шешімдері отырысқа қатысқан Комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      Комиссияның шешімін сырттай дауыс беру тәртібінде қабылдауға Комиссия төрағасының келісімімен жол беріледі.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 09.10.2019 № 184 Жарлығымен.

      14. Комиссия шешімдері әрбір адамға қатысты жеке қабылданады.

      15. Лауазымға тағайындауға арналған ұсынымдарды қарау туралы отырыстың нәтижелері бойынша Комиссия мына шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) ұсынылған лауазымға тағайындауға ұсынылсын;

      2) ұсынылған лауазымға тағайындауға ұсыным беруден бас тартылсын.

      16. Құқық қорғау органдары басшыларының президенттік резервіне алуға арналған ұсынуларды қарау туралы отырыстың нәтижелері бойынша Комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) Президенттік резервке алынсын;

      2) Президенттік резервке алудан бас тартылсын.

      17. Комиссияның шешімдері оның төрағасы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      18. Құқық қорғау органдары басшыларының президенттік резервін жасақтаудың осы Ережеде реттелмеген мәселелері Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен регламенттеледі.

      19. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 12.02.2019 № 838 Жарлығымен.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 3 сәуірдегі
№ 537 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссияның
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамға өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 29.08.2014 N 900; 29.12.2015 № 158; 08.02.2016 N 191; 10.10.2016 N 357; 12.02.2019 № 838; 22.07.2019 № 74; 20.02.2021 № 515 Жарлықтарымен.

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, төраға

      Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары (мемлекеттің құқықтық жүйесін жетілдіруді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіруші)

      Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы

      Қазақстан Республикасының Бас прокуроры

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы

      Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы

      Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі

      Қазақстан Республикасының Әділет министрі

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі, хатшы