Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзімді перспективаға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі № 1641 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2005 ж., № 35, 480-құжат; 2007 ж., № 17, 186-құжат; 2009 ж., № 1-2, 1-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі № 1641 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 29 мамырдағы № 336 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 17, 186-құжат);
      3) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі № 1641 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 19 қаңтардағы № 725 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 1-2, 1-құжат).
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Президент Әкімшілігімен келісім бойынша екі ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін.
      4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары тиісті шешімдерді әзірлеу кезінде Тұжырымдаманың негізгі ережелерін басшылыққа алсын.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2010 жылғы 2 сәуірдегі
№ 962 Жарлығымен   
МАҚҰЛДАНҒАН     

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын
қалыптастыру және пайдалану
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «I», «II», «III», «IV», «V», «VI», «VII» деген бөлімдердің нөмірленуі тиісінше «1», «2», «3», «4», «5», «6», «7» деген араб цифрларымен белгіленді - ҚР Президентінің 2012.03.16 № 289 Жарлығымен.

1. Кіріспе

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы қаңтардағы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында дағдарыстан кейінгі дамуға дайындалуға, индустрияландыру арқылы әртараптандыруды жеделдету және адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын және Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде мемлекеттің одан әрі даму басымдықтары айқындалған болатын.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі - Қор) қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тәсілдерін айқындау міндеті осы тұрғыдан қойылған, олар әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің пәрменділігін көрсеткен, жүргізіліп жатқан жинақтау саясатының қисынды жалғасы болады.
      Жаңа Тұжырымдамада алғашқы Тұжырымдаманы іске асырудан алынған оң нәтижелер сақталған. Негізгі мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды ұлғайту және Ұлттық қордың қаражатын жинақтауды үкіметтік қарыз алумен алмастыруды болдырмау болып табылады.

2. Қазіргі жағдайды талдау

      «Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 23 тамыздағы № 402 Жарлығымен бюджет кірістерінің қомақты бөлігі табиғи ресурстарды экспорттаудан түсетін түсімдер есебінен қалыптастырылатын басқа елдерге ұқсас Ұлттық қор құрылған болатын. 2005 жылы Ұлттық қордың қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзімді перспективаға арналған алғашқы тұжырымдамасы қабылданып, онда оның активтерін басқарудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері айқындалған болатын.
      2006 жылдың ортасынан бері қолданылған Ұлттық қор қаражатын ел экономикасына бағыттау схемасында республикалық бюджетке кепілдендірілген және нысаналы трансферттер, сондай-ақ қаражатты отандық бағалы қағаздарға ұзақ мерзімді инвестициялау көзделген. Бұл ретте кепілдендірілген трансфертті айқындау кезіндегі шектеу республикалық бюджет әзірленетін жылдың алдындағы жылдың соңындағы Ұлттық қор активтерінің үштен бір бөлігінен аспауы болып табылды.
      Қабылданған саясаттың нәтижесінде экономикалық өсу кезеңінде валютаның шамадан тыс түсуін зарарсыздандыру, теңгені айырбастау бағамына және инфляцияға қысымды азайту қамтамасыз етілді. Дағдарысқа қарсы белсенді саясат жүргізу үшін қаржы резервтері құрылып, оның шеңберінде Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде қаражат пайдаланылды және жинақтау саясаты сақталды. 2009 жылдың соңына қаражат 4,5 трлн. теңгені құрады, оның 750,0 млрд. теңгесі ішкі активтерге («Самұрық-Қазына» ұлттық әл-әуқат қоры» акционерлік қоғамы мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының облигацияларына), 24,4 млрд. АҚШ доллары - шетелдік активтерге орналастырылды.
      Құрылған уақытынан бері, яғни 2001 жылғы маусым - 2009 жылғы 31 желтоқсан аралығында Ұлттық қордың кірістілігі Қордың базалық валютасында (АҚШ долларымен) 55%-ды құрады, бұл жылдық мәнде 5,2%-ды құрайды.
      Осы кезеңде Қордың тұрақтандыру функцияларын жүргізу үшін қажетті көлем қалыптастырылды. Сонымен қатар қалпына келтірілмейтін табиғи ресурстардан алынған қаражатты болашақ ұрпақ үшін барынша сақтап қалу, республикалық бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігі және мұнайлық емес тапшылықты жою туралы мәселе өзектілігін сақтап қалуда.
      Осы тұрғыдан Ұлттық қор қаражаты өсуінің бәсеңдеуін ескере отырып, республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт көлемін тіркеу жолымен оның құбылмалылығын болдырмау қажет болып отыр, бұл ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қордың қаражатын қарқынды жинақтауды қамтамасыз етеді.

3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының негізгі мақсаты мен
қағидаттары

      Ұлттық қордың негізгі мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру және республикалық бюджеттің әлемдік шикізат нарықтарындағы жағдайға тәуелділігін төмендету арқылы қаржы ресурстарын жинау болып табылады. Осылайша, Ұлттық қордың функциялары жинақтау және тұрақтандыру болып табылады.
      Жинақтау функциясын орындау үшін Ұлттық қорда азайтылмайтын қалдық белгіленеді, сондай-ақ Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшеріне шек қойылмайды. Тұрақтандыру функциясын іске асыру республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуді көздейді.
      Тұтас алғанда, Ұлттық қор қаражатын бөлудің ашықтығына қол жеткізу үшін олар ел экономикасына республикалық бюджет арқылы ғана жіберілетін болады.
      Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мынадай қағидаттарға негізделетін болады:
      транспаренттілік - Ұлттық қордың бекітілген (нақтыланған, түзетілген) көрсеткіштерін, Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру туралы және пайдалану туралы есептерді, Ұлттық қордың қаражатын инвестициялық басқару туралы есептерді міндетті түрде жариялау;
      толықтық - Ұлттық қор туралы есептілікте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық түсімдер мен шығыстарды көрсету;
      уақтылылық - Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке алу және оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі Үкіметтің шоттарына тиісті нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіпті сақтай отырып мерзімінде аудару;
      тиімділік - Ұлттық қорды тәуекел деңгейі орташа болған жағдайда ұзақ мерзімді перспективада активтерді сақтау мен кірістілікті қамтамасыз ету қажеттілігіне сүйене отырып басқару.

4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын
қалыптастыру және пайдалану тәртібі

1. Ұлттық қордың қаражатын жинақтау

      Ұлттық қордың қаражатын жинақтау мынадай түсімдердің есебінен жүзеге асырылатын болады:
      1) мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын салықтарды қоспағанда), оларға корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, бонустар, экспортқа салынатын рента салығы, үстеме пайдаға салынатын салық, өнімді бөлу бойынша үлес және қызметін өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемі жатады;
      2) мұнай секторының ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа түсімдер (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын түсімдерді қоспағанда), оның ішінде мұнай келісімшарттарының талаптарын бұзғаны үшін түсімдер (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын түсімдерді қоспағанда);
      3) республикалық меншіктегі және кен өндіру және өңдеуші салаларға жататын мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден түсетін түсімдер;
      4) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер;
      5) Ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық кірістер;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістер.
      Ішкі нарықтағы ақша ұсынысы шамадан тыс болған жағдайда инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін, сондай-ақ табиғи ресурстарды экспорттаудан түсетін кірістердің Қазақстан экономикасының басқа секторларының дамуына кері әсерін жою мақсатында Ұлттық қорда өзге де түсімдер шоғырландырылуы мүмкін. Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшері шектелмейтін болады.

2. Ұлттық қордың қаражатын пайдалану

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақтың бірінші бөлігіне өзгеріс енгізу көзделген - ҚР Президентінің 2010.09.30 № 1077 қбп Жарлығымен.
      Қаражатты пайдаланудың келесі онжылдыққа арналған жаңа тәсіліне сәйкес 2010 жылдан бастап абсолютті мәні 8 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджетке тіркеу оның жаңалығы болып табылады. Шығыстардың басқа түрлерін қаржыландыруға, соның ішінде республикалық бюджетке нысаналы трансферттер бөлуге, мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторлар субъектілерінің қазақстандық бағалы қағаздарды сатып алуға, заңды және жеке тұлғаларға кредит беруге, міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету ретінде активтерді пайдалануға тыйым салынады.
      Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың келесі онжылдыққа арналған жаңа тәсіліне сәйкес 2010 жылдан бастап абсолютті мәні 8 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджетке тіркеу жаңалық енгізу болып табылады.
      Бұл ретте республикалық бюджетке берілетін тіркелген кепілдендірілген трансферттің мөлшері экономикадағы жағдайға байланысты 15 %-ға дейін азайту немесе ұлғайту жағына түзетілуі мүмкін.
      Экономикалық өсу қарқынының орта мерзімді кезеңге арналып жоспарланған деңгейге қатысты төмендеуі кезінде республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшерін экономикалық өсуді қолдау мақсатында 9,2 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайтуға болады. Экономикалық өсу орта мерзімді кезеңге арналып жоспарланған деңгейге қатысты жоғары болған кезде республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшерін Ұлттық қордың жинақтау функциясын қамтамасыз ету үшін 6,8 млрд. АҚШ долларына дейін азайтуға болады.
      Республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің тіркелген мөлшерінен (8 млрд. АҚШ доллары) ауытқу сомасы туралы шешімді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес қабылдайды.
      Республикалық бюджеттің кіріс бөлігі қаржы жылының басында болжамдалған параметрлермен салыстырғанда асыра орындалған жағдайда, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес ағымдағы қаржы жылына бөлінген республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің сомаларын азайту жағына түзету бойынша шешім қабылдай алады.
      Республикалық бюджетке нысаналы трансферттер бөлуге, мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторлар субъектілерінің қазақстандық бағалы қағаздарды сатып алуға, заңды және жеке тұлғаларға кредит беруге, міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету ретінде активтерді пайдалануға тыйым салынады.
      Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындау үшін тиісті қаржы жылының соңына ЖІӨ-нің болжамды мәнінің 20%-ы мөлшерінде азайтылмайтын қалдық белгіленеді. Бұл ретте кепілдендірілген трансфертті жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда азайтылмайтын қалдық лимитін сақтау қажеттілігіне байланысты кепілдендірілген трансферттің мөлшері тиісті шамаға азайтылатын болады.
      Тұтас алғанда, Ұлттық қордың қаражаты тіркелген кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуге және басқару мен аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Ай сайын (тоқсан сайын) Ұлттық қордың шотында республикалық бюджетке берілетін айлық (тоқсандық) кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуге арналған қаражат қалыптастырылады. Көрсетілген шамадан асып кеткен сома рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялануы тиіс.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.03.16 № 289 Жарлығымен.

5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару

      Тұтас алғанда, Ұлттық қордың активтерін басқару саясаты консервативтік болып қалады. Сонымен қатар, Ұлттық қордың қаражатын басқару кезінде инвестициялық операциялардың негізгі мақсаттары сақтау, өтімділіктің жеткілікті деңгейін ұстау, тәуекел деңгейі орташа болған кезде ұзақ мерзімді перспективада кірістілікті қамтамасыз ету болып табылады.
      Ұлттық қор активтерінің ұйымдық құрылымы оның мақсаттарына сәйкес айқындалады.
      Ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз ету кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуын көздейді. Ұлттық қордың активтерін сенімгерлік басқаруды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, қызметін жалпы үйлестіруді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес жүзеге асырады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      5-бөлімнің төртінші бөлігіне өзгеріс енгізу көзделген - ҚР Президентінің 2010.09.30 № 1077 қбп Жарлығымен.
      Ұлттық қордың активтерін орналастыру шетелдік қаржы нарықтарында айналымдағы және Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен материалдық емес активтерді қоспағанда, Рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне қосылған қаржы құралдарында жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте шектеулер 2012 жылғы 1 наурызға дейін Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің шешімімен қабылданған, Ұлттық қор активтерінің құрылымында ескерілетін қазақстандық қаржы құралдарына қолданылмайды.
      Ескерту. 5-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.03.16 № 289 Жарлығымен.

6. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, үкіметтік қарыз
алудың және квазимемлекеттік сектордың өзара қарым-қатынасы

      Ұлттық қордың қаражатын қарқынды жинақтау, сондай-ақ оның активтерін тиімді басқару Қазақстан Республикасының орнықты дамуында маңызды рөл атқарады және мемлекеттік сектордың да, сол сияқты квазимемлекеттік сектордың да қарыз алуды дұрыс жоспарлауын және республиканың экономикалық қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.
      Осылайша, ұлттық холдингтердің, ұлттық басқарушы холдингтердің және олардың еншілес компанияларының қарыз алуы мен міндеттемелерінің барабар деңгейін айқындау Ұлттық қордың жинақталған активтері ескерілетін сындарлы тәсілді талап етеді. Үкімет осы мақсатта ұлттық басқарушы холдингтер мен олардың еншілес компанияларының борышын мониторингтеу мен бағалаудың тиісті көрсеткіштерін және осы ұйымдар сақтауға міндетті қарыз алу жөніндегі шектеулерді айқындайды.
      Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жөніндегі жаңа тәсіл квазимемлекеттік сектордың Ұлттық қордан облигациялық қарыздарды тарту мүмкіндігін жояды. Бұдан басқа, Үкімет бюджет заңнамасында белгіленген шектеулер шеңберінде Астана және Алматы қалаларының муниципалдық қарыз алуы арқылы жергілікті атқарушы органдар борышының өсуін реттейтін болады.
      Ұлттық қор қаражатын үкіметтік қарыз алумен алмастыруды болдырмау мақсатында мынадай шектеулер енгізілетін болады:
      - үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар Ұлттық қордың жыл сайынғы тіркелген шартты инвестициялық кірісінің 4,5%-ынан аспауы тиіс;
      - үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстар онжылдық кезеңде орташа алғанда Ұлттық қордан берілетін трансфертті қамтитын бюджетке түсетін түсімдердің 15%-ынан аспауы тиіс.

7. Қорытынды

      Осы Тұжырымдама шеңберіндегі шараларды іске асыру Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жұмыс істеуінің және оның жинақтарын қалыптастырудың оңтайлы моделін таңдаудың негіздерін, инвестициялық стратегияны өзгертуді көздейді және Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етеді.
      Осы мақсатта Ұлттық қордың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне тиісті өзгерістер енгізілетін болады.
      Бюджеттің және Ұлттық қордың теңгерімділігі жөніндегі саясат осы онжылдықтың соңына ЖІӨ-нің 3%-ынан артық болмауға тиіс мұнайлық емес тапшылықты азайтуға, сондай-ақ кейіннен тек даму бюджетін қаржыландыруға көше отырып, Ұлттық қордың қаражатын ағымдағы шығыстарға жұмсауды қысқартуға бағытталатын болады.
      Жоғарыда айтылған тәсілдерді ескере отырып, 2020 жылға Ұлттық қордың қаражаты 90 млрд. АҚШ долларына дейін өсуі тиіс, бұл ЖІӨ-нің кемінде 30%-ын құрайды. Тұтас алғанда, осы Тұжырымдамада көзделген шараларды іске асыру республикалық бюджеттің тұрақтылығын одан әрі қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және мұнай кірістерін ұрпақтар арасында қайта бөлуге ықпал ететін болады.