Сот әкімшілігінің жаңа жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» 2010 жылғы 17 тамыздағы № 1039 Жарлығын іске асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) туралы ереже бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 3 қарашадағы
№ 1093 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың
қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының аппараты) туралы
ЕРЕЖЕ
Осы Ереже Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) мәртебесін және өкілеттіктерін анықтайды.
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) (бұдан әрі - Департамент) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және аумақтық бөлімшелері бар (сот кеңселері бар) облыстардағы, астанадағы және республикалық маңызы бар қалалардағы басқа да соттардың (бұдан әрі - соттардың кеңселерінің) қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ететін орган болып табылады.
2. Осы Ережеде соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету деп сот төрелігін жүзеге асыру үшін жағдай жасауға бағытталған ұйымдық және материалдық-техникалық сипаттағы іс-шаралар түсініледі.
3. Департамент өз жұмысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, осы Ережені, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының өкімдерін басшылыққа алады.
4. Департамент және соттардың кеңселері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі органдардың бірыңғай жүйесін құрады.
5. Департамент және соттардың кеңселері мемлекеттік мекемелердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғалар болып табылады, олардың өз атауы жазылған мөрлері, мөртаңбалары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерде шоттары болады.
Департамент және соттардың кеңселері азаматтық-құқықтық қатынасқа өз атынан қатысады.
6. Департаменттің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты)» мемлекеттік мекемесі.
7. Департаменттің заңды мекен-жайы: 010000, Астана қаласы, Есіл өзенінің сол жақ жағалауы, Д. Қонаев көшесі, 39-үй.
8. Департамент және соттар кеңселері қызметін қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.
9. Департаменттің құрылымын және штат кестесін Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат саны лимитінің шегінде Департамент басшысының ұсынымы бойынша және Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің келісімімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекітеді.
Соттар кеңселерінің құрылымдары мен штат кестелерін Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат саны лимитінің шегінде тиісті соттардың кеңселері басшыларының ұсынымы бойынша Департамент басшысы бекітеді.
2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары
10. Департаменттің негізгі міндеттері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету болып табылады.
11. Департамент белгіленген өкілеттіктер шегінде мына функцияларды жүзеге асырады:
1) соттардың қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
2) судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметін ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
3) заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру;
4) сот приставтарының қызметіне ұйымдық және әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асыру;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне сот төрелігін жүзеге асырудың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырудың, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудің жағдайы туралы ақпарат дайындау;
6) заңнамада белгіленген тәртіппен соттардың жұмысын кадрлық қамтамасыз ету;
7) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, Сот жюриінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты органдарының жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
8) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қабылдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету;
9) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасына жергілікті және басқа да соттарды құру, қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы ұсыныстар енгізу;
10) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат саны лимиті шегінде әрбір жергілікті және басқа да соттың судьяларының санын белгілеу туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына ұсынымдар енгізу;
11) судьялар мен сот қызметкерлерінің жүктемелерінің нормативтерін әзірлеу;
12) сот жүйесі органдарының ғимараттарын, үй-жайларын және басқа да объектілерін салуды, жөндеуді және техникалық жабдықтауды ұйымдастыру;
13) соттар кеңселерінің және Департаменттің ведомстволық бағынысты ұйымдарының бюджет қаражатын жұмсауына бақылауды жүзеге асыру, олардың қаржы-шаруашылық қызметіне ревизия жүргізу;
14) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға құқықтық статистикалық құжатталған ақпарат ұсыну;
14-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ведомстволық құқықтық статистикалық бақылауларды жүргізу және қызметті қамтамасыз етуге арналған ведомстволық есепке алуды жүргізу;
15) судьялар мен сот қызметкерлерінің жеке есебін жүргізу;
16) судьяларды, оның ішінде отставкадағы судьяларды заңнамаға сәйкес материалдық және әлеуметтік қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
17) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және құқықтық сараптама жасауға қатысу;
18) сот жүйесін ақпараттық-құқықтық қамтамасыз ету, заңнаманы жүйелеу және кодификациялау;
19) соттардың мұрағаттарын және іс қағаздарын жүргізу;
20) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басқа да мемлекеттік органдармен, басқа мемлекеттердің соттарымен, халықаралық және өзге де ұйымдармен өзара ынтымақтастығын ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
21) сот органдарында мемлекеттік құпиялар мен ақпараттық қауіпсіздікті қорғау жөніндегі жұмысты қамтамасыз ету;
22) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою;
23) сот оқуы, судьялардың, сот қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және олардың тағылымдамадан өтуі жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
24) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
25) өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.05.18 N 329 Жарлығымен.
12. Департамент өз құзыретінің шегінде:
1) белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және лауазымды тұлғалардан қажетті құжаттар мен материалдарды сұратуға;
2) өз құзыретінің шеңберінде аумақтық бөлімшелерде және ведомстволық бағынысты ұйымдарда тексеру жүргізуге;
3) заң жобалау, сараптама, зерттеу жұмыстарын орындау және консультациялар беру үшін белгіленген тәртіппен ғылыми ұйымдарды, мемлекеттік және өзге де органдардың, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлерін, мамандар мен сарапшылар тартуға;
4) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне судьялар мен сот қызметкерлерінің еңбегін қорғау, оларды материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстар енгізуге;
5) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың иелігіндегі ақпараттық деректер қорын пайдалануға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
13. Департаментті Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы және Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Басшы басқарады.
14. Департамент басшысының орынбасарлары болады, оларды Департамент басшысының ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
15. Департамент басшысы Департамент қызметін ұйымдастырады және басқарады, өзіне жүктелген міндеттердің орындалуы мен олардың өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапкершілікте болады.
Осы мақсатта Департамент басшысы:
1) заңнамада белгіленген тәртіппен Департаменттің қызметкерлерін, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары мен орынбасарларын, соттар кеңселерінің басшылары мен олардың орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
2) Департаментте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған шаралар үшін жеке жауапкершілікте болады;
3) Департамент қызметкерлерінің, сондай-ақ соттар кеңселері басшылары мен олардың орынбасарларының функционалдық міндеттерін (лауазымдық нұсқаулықтарын) бекітеді;
4) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына өзінің орынбасарларын көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету немесе тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныстар енгізеді;
5) заңнамада белгіленген тәртіппен Департамент қызметкерлерін көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету немесе тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;
6) мемлекеттік органдармен, азаматтармен және ұйымдармен өзара қарым-қатынаста Департамент атынан өкілдік етеді;
7) Департаменттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді және соттар кеңселері туралы үлгілік ережені бекітеді;
8) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысын Департаменттің қызметі туралы хабардар етеді;
9) соттар мен Департаментті қаржыландыру мәселелері жөніндегі Жоғарғы Соттың Төрағасымен келісілген ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
10) өз құзыретінің мәселелері бойынша өкімдер шығарады;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Департаменттің мүлкі
16. Департаменттің жедел басқару құқығында бөлек мүлкі болады, ол республикалық меншікке жатады.
17. Департаменттің мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен құралады және негізгі әрі айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ құны Департаменттің балансында көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.
18. Департамент өзіне бекітілген мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе өзге де тәсілмен иелік етуге құқылы емес.
19. Департаментке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және шектерде меншікке иелік ету құқығы берілуі мүмкін.
4. Қорытынды ережелер
20. Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.