"Бурабай" арнайы экономикалық аймағын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 15 қаңтардағы N 512 Жарлығы

Қолданыстағы

Қазақстан Республикасы Президенті 
мен Үкіметі актілерінің жинағында 
және республикалық баспасөзде   
жариялануға тиіс          

      "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес және Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: Z1100000469 қараңыз
      1. 2017 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі кезеңге "Бурабай" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған АЭА туралы ереже бекітілсін.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі АЭА-ның қызметін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентінің       
2008 жылғы 15 қаңтардағы 
N 512 Жарлығымен     
БЕКІТІЛГЕН       

"Бурабай" арнайы экономикалық аймағы туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. "Бурабай" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) қоса
беріліп отырған жоспарға сәйкес Ақмола облысы Щучье ауданының
аумағында орналасқан.
      АЭА аумағы 370 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады.

      2. АЭА:
      1) мыналарды:
      келетін қазақстандық және шетелдік туристердің қажеттілігін қамтамасыз етуге және қанағаттандыруға қабілетті тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылым;
      экологиялық таза көлікті, оның ішінде демалудың барлық объектілеріне қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында шағын авиацияны пайдалану үшін база;
      туристерге қызмет көрсету үшін бірыңғай ақпараттық база құру;
      2) инвестициялық жобаларды іске асыру, әлеуметтік проблемаларды шешу үшін қолайлы инвестициялық ахуал құру мен отандық және шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында құрылады.
      АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңымен, осы Ережемен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

      3. АЭА аумағындағы қызметтің басымдық түрлері мыналар болып табылады:
      1) туризмнің мәдени-танымдық, сауықтыру, экологиялық, іскерлік, спорттық және басқа да түрлерін ұйымдастыру және дамыту;
      2) халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, оның ішінде сауықтыру, ойын-сауық, тамақтандыруды ұйымдастыру, көліктік, қонақ үй, экскурсиялық, ақпараттық қызметтерді көрсету саласындағы әр түрлі туристік қызметтер көрсету;
      3) әр түрлі, оның ішінде ұлттық тақырып бойынша кәдесый өнімін дайындау және шығару жөніндегі өндірістерді ұйымдастыру.

2. АЭА-ны басқару

      4. АЭА-ны басқару "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Z1100000469 қараңыз

3. АЭА аумағында салық салу

      5. АЭА-ның аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Кедендік реттеу

      6. АЭА-ның аумағы Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасына сәйкес еркін кеден аймағының кедендік режимі әрекет ететін Қазақстан Республикасы кеден аумағының бөлігі болып табылады. АЭА-ның шекарасы оның периметрі бойынша арнайы қоршаумен жабдықталады. АЭА-ның периметрлері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы болып табылады. 

      7. АЭА-ның аумағында еркін кеден аймағының кедендік режимге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, АЭА-ны құру мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті тауарларды орналастыруға жол беріледі.

      8. АЭА-ның аумағында кедендік ресімдеу мен бақылау Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      АЭА-ның мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті тауарлардың тізбесі: P090703
      1) АЭА-ның аумағында тұрғызылатын объектілерді салуды қамтамасыз ету үшін қажетті машиналар, тетіктер, автокөліктің әр түрлері және жабдықтар;
      2) АЭА-ның аумағындағы барлық объектілердің қызметтер сервисін қамтамасыз ету үшін қажетті машиналар мен жабдықтар, көлік құралдары, тауарлар мен материалдар.
      АЭА-ның аумағында еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлармен, тетіктермен және жабдықтармен:
      1) тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету;
      2) құрылыс процесінде ұтымды орналастыру және тұтыну мақсатында құрылыстардың бөлінген учаскелері шегінде тауарларды тасымалдауға (легін бөлшектеу, сұрыптау, тиеу, түсіру, қайта тиеу) дайындау және тауарлар мен көлік құралдарын орнынан ауыстыру (кеден органының рұқсатымен) жөніндегі операцияларды жасауға жол беріледі.

5. Қоршаған ортаны қорғау

      9. АЭА-да қызметті жүзеге асыру өмір сүру сапасын арттырудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерінің балансы негізінде орнықты дамуға көшу және қоршаған ортаны қорғау үшін жағдай жасау арқылы табиғи ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалануға негізделген.

6. АЭА-ны таратудың тәртібі мен мерзімдері

      10. АЭА ол құрылған мерзім аяқталғаннан кейін таратылады.
      АЭА Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен таратылады.

7. Қорытынды ережелер

      11. АЭА-ны мерзімінен бұрын тарату "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Z1100000469 қараңыз

      12. АЭА-ның осы Ережеде реттелмеген қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы   
Президентінің        
2008 жылғы 15 қаңтардағы   
N 512 Жарлығымен бекітілген 
"Бурабай" арнайы экономикалық
аймағының ережелеріне    
ҚОСЫМША           

"Бурабай" арнайы экономикалық аймағының
СЫЗБАСЫ

(қағаз мәтінен қараңыз)