ҚР ПҮАЖ-нда және
республикалық баспасөзде
жариялануға тиіс
"Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгінiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы тәртiптік кеңестерi туралы ереже бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi заңнамада белгіленген тәртiппен:
1) жергiлiктi атқарушы органдардың штат санының лимитін облыстардың, Астана және Алматы қалалары тәртiптiк кеңестерiнiң төрағалары мен хатшылықтары қызметкерлерінің санын қалыптастыруға көзделген штат бiрлiгі санына қысқарту жөнiнде шаралар қабылдасын;
2) бұрын қабылдаған өз актілерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн;
3) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң мынадай жарлықтарына өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлсiн:
1) "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары жүйесiн одан әрi оңтайландыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнің 1999 жылғы 22 қаңтардағы N 29 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1999 ж., N 1, 2-құжат; 2000 ж., N 54, 593-құжат; 2001 ж., N 1-2, 2-құжат, N 4-5, 43-құжат; 2002 ж., N 26, 272-құжат, N 45, 445-құжат; 2003 ж., N 12, 130-құжат, N 16, 160-құжат; 2004 ж., N 13, 166-құжат, N 21, 267-құжат, N 27, 344-құжат, N 48, 590-құжат):
1-қосымшада:
"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
қызмет істері жөніндегі агенттігі 164,
соның iшiнде аумақтық органдар 120"
деген жолдар мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк
қызмет iстерi агенттiгі 253,
соның ішiнде аумақтық органдар 204";
2) "Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi агенттiгiнiң мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 3 желтоқсандағы N 280 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1999 ж., N 54, 532-құжат; 2002 ж., N 18, 196-құжат; 2003 ж., N 9, 92-құжат, N 15, 149-құжат):
аталған Жарлықпен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегі агенттігі туралы ережеде:
мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
"5-1. Агенттiктiң облыстарда, Астана және Алматы қалаларында консультативтік-кеңесшi органдары - тәртіптiк кеңестерi болады, олар туралы ереженi Агенттiктiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.";
9-тармақтың 10-1) тармақшасында:
"орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволарының" деген сөздер алып тасталсын;
"Қызмет этикасы ережесiн" деген сөздер "Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшілерiнiң ар-намыс кодексiн (Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызмет этикасы ережелерiн)" деген сөздермен ауыстырылсын;
"С-3" деген сөз тiркесiнен кейiн ", С-4" деген сөз тiркесiмен толықтырылсын;
"облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тәртiптiк кеңестерiнiң қызметiн үйлестiредi, олардың жұмысына бақылау жасайды және тексередi, олардың басшыларын тағайындауға келiсiм бередi;" деген сөздер алып тасталсын;
16-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"5) Агенттiктiң орталық аппаратының қызметкерлерiн, аумақтық органдардың басшылары - тәртiптiк кеңестердiң төрағаларын, олардың орынбасарларын, Агенттiктiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы тәртiптік кеңестерi хатшылықтары меңгерушiлерiн, сондай-ақ ведомстволық бағынысты мемлекеттiк ұйымдардың басшыларын белгiленген тәртiппен қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;";
3) "Мемлекеттiк саяси қызметшілер лауазымдарының тiзiлiмi мен мемлекеттiк саяси қызметшілерге тәртiптiк жаза қолдану тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 29 желтоқсандағы N 317 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 58, 559-құжат; 2002 ж., N 18, 196-құжат; N 32, 339-құжат; 2003 ж., N 20, 201-құжат; 2004 ж., N 19, 234-құжат; N 21, 265-құжат, N 33, 439-құжат):
аталған Жарлықпен бекiтiлген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының тiзiлiмiнде он үшiншi жол мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет iстерi агенттiгi аумақтық органдарының басшылары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы тәртiптiк кеңестерiнiң төрағалары";
аталған Жарлықпен бекiтiлген Мемлекеттiк саяси қызметшілерге тәртiптiк жазалар қолдану тәртiбi туралы ережеде:
2-тармақтағы "Қызмет этикасы ережесiн" деген сөздер "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексiн (Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызмет этикасы ережелерiн) (бұдан әрi - Ар-намыс кодексi)" деген сөздермен ауыстырылсын;
16-1-тармақта:
бiрiншi абзацтағы "қызмет этикасы ережесiнiң" деген сөздер "Ар-намыс кодексiнiң" деген сөздермен ауыстырылсын;
екiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Тәртiптiк жауапкершiлiкке әкеп соғатын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзуға байланысты терiс қылықтарды, сондай-ақ облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiнiң орынбасарлары мен облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерi аппараттарының басшылары, облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiнен басқа, барлық деңгейдегi әкiмдер жол берген Ар-намыс кодексiнiң бұзылуын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет iстерi агенттігінiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы тәртiптiк кеңестерi қарайды, ол қызметтiк тексеру жүргiзу туралы ұсыным, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың, оларды қызмет орнынан босатуға дейiн, тәртiптiк жауапкершiлігi туралы ұсыныс енгiзуге құқылы.";
4) "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiне тәртiптік жаза қолдану ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 31 желтоқсандағы N 321 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1999 ж., N 58, 562-құжат, 2002 ж., N 18, 196-құжат):
аталған Жарлықпен бекiтiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiне тәртiптiк жаза қолдану ережесiнде:
бiрiншi бөлiмде:
екiншi абзацтағы "қызметтік этика нормаларын" деген сөздер "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексiн (Мемлекеттік қызметшiлердiң қызмет этикасы ережелерiн) (бұдан әрі - Ар-намыс кодексi)" деген сөздермен ауыстырылсын;
алтыншы абзацта:
"орталық атқарушы және басқа да орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволарының" деген сөздер алып тасталсын;
"Қызмет этикасы ережесiн" деген сөздер " Ар-намыс кодексiн " деген сөздермен ауыстырылсын;
"С-3" деген сөз тіркесiнен кейiн ", С-4" деген сөз тiркесiмен толықтырылсын;
жетiншi абзацта "Қызмет этикасы ережесiн" деген сөздер " Ар-намыс кодексiн " деген сөздермен ауыстырылсын;
сегiзiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Тәртiптiк жауапкершiлiкке әкеп соғатын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының нормалары мен Ар-намыс кодексiн бұзуға жол берген С-О-1, С-О-2, С-О-3, С-О-4, С-О-5, С-О-6, С-О-7, С-R-1, С-R-2, С-R-3, С-R-4, С-R-5, С-R-6 санаттарындағы, D және E санаттары топтарындағы қызметшiлерге қатысты тәртiптiк iстердi Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы тәртiптiк кеңестерi қарайды.";
21-тармақтағы "облыстардың, Астана және Алматы қалаларының облыстық" деген сөздер "Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттігінiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы" деген сөздермен ауыстырылсын;
5) "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк саяси қызметшiлерi антының мәтiнiн және Қазақстан Республикасы мемлекеттік саяси қызметшілерiнiң ант беру тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 13 сәуiрдегі N 372 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2000 ж., N 19, 200-құжат):
2-тармақтың 2) тармақшасында:
бесiншi абзацтағы "облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң тәртiптiк кеңестерiнiң төрағалары;" деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы алтыншы абзацпен толықтырылсын:
"- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет iстерi агенттiгiнiң Төрағасына - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет iстерi агенттігі аумақтық органдарының басшылары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттігінiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы тәртiптiк кеңестерiнiң төрағалары";
6) Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.12.28. N 501 (2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді) Жарлығымен.
7) "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджетi және Ұлттық Банкiнiң сметасы (бюджетi) есебiнен қамтылған Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2004 жылғы 17 қаңтардағы N 1284 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2004 ж., N 19, 234-құжат; N 33, 439-құжат):
1-қосымшада:
"Облыстар- 4,97 5,22 5,47 5,72 5,96 6,11 6,26 6,41 6,56 6,61 6,71"
дың, астананың
және Алматы
қаласы әкiм-
дерiнiң орын-
басарлары
және тәртiптiк
кеңестің
төрағалары
деген жол мынадай редакцияда жазылсын:
"Облыстар, 4,97 5,22 5,47 5,72 5,96 6,11 6,26 6,41 6,56 6,61 6,71".
Астана және
Алматы қалалары
әкiмдерiнiң
орынбасарлары,
Қазақстан
Республикасы
Мемлекеттiк
қызмет iстерi
агенттiгi
аумақтық
органдарының
басшылары -
Қазақстан
Республикасы
Мемлекеттiк
қызмет iстерi
агенттiгiнiң
облыстардағы,
Астана және
Алматы
қалаларындағы
тәртiптiк
кеңестерiнiң
төрағалары
4. Осы Жарлық 2005 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгізiледi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2005 жылғы 30 маусымдағы
N 1598 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН
Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi
агенттігінің облыстардағы, Астана және Алматы
қалаларындағы тәртіптік кеңестері туралы
ЕРЕЖЕ
Осы Ереже Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттігiнiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы тәртiптiк кеңестерiнiң мәртебесiн, өкiлеттіктерi мен қызметiн ұйымдастыруды айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң Астана және Алматы қалаларындағы, облыстардағы тәртiптiк кеңестерi (бұдан әрi – Тәртiптік кеңес) мемлекеттiк тәртiпті нығайту, мемлекеттiк қызметшілердің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексiн (Мемлекеттiк қызметшiлер қызмет этикасының қағидаларын) (бұдан әрi - Ар-намыс кодексi) сақтауы мәселелерiн қарайтын, сондай-ақ өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысын үйлестiретін алқалы органдар болып табылады.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 Жарлығымен (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
2. Тәртiптiк кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына , "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шiлдедегi Заңына , "Мемлекеттiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi Заңына , осы Ережеге, өзге де нормативтік құқықтық актiлерге сәйкес жүзеге асырады және заңдылық, объективтiк пен әдiлдiк қағидаларын басшылыққа алады.
3. Тәртiптiк кеңес тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатын, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы мен Ар-намыс кодексінің нормаларын бұзуға жол берген, облыстардың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалардың әкімдеріне, облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың тексеру комиссиялары мүшелеріне, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстардағы аудандар және қалалардағы аудандар әкімдеріне, С-О-1, С-О-2, С-О-3, С-О-4, C-R-1, C-R-2, D-1, D-2, D-3, D-O-1, D-O-2, D-O-3, Е-1, Е-2, Е-3, E-R-1, E-R-2, E-G-1 санаттарындағы мемлекеттік қызметшілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкiлетті өзге де адамдарға (Парламент және мәслихат депутаттарынан, судьялардан басқа) және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасына сәйкес оларға теңестiрiлген адамдарға қатысты тәртiптiк iстердi қарайды.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4. Тәртiптiк кеңестiң жұмысшы органы Хатшылық болып табылады, ол Тәртiптiк кеңес қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
5. Хатшылықтың штат кестесi Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң (бұдан әрi - Агенттік) аумақтық органы жалпы санының есебiнен қалыптастырылады және оны Агенттiк Төрағасы белгілейдi.
5-1. Тәртіптік кеңестің жұмыс регламентін мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекітеді.
Ескерту. Ереже 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 Жарлығымен (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
2. Тәртiптік кеңестiң негiзгi мiндеттері мен құқықтары
6. Тәртiптiк кеңестiң негізгi мiндеттерi:
1) облыстар, Астана және Алматы қалалары, өзге де әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің, орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының немесе орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері белгіленген тәртіппен жүктелген лауазымды адамдардың, сондай-ақ орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе көрсетілген лауазымды адамдар болмаған жағдайда - орталық атқарушы органдар басшыларының, өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының, жергілiктi бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк органдар, құқық қорғау және басқа да аумақтық мемлекеттiк органдар (бұдан әрi - мемлекеттiк органдар) мен ұйымдар басшыларының қарауына осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген адамдарды Ар-намыс кодексiн бұзғаны және тәртiптiк жауаптылыққа әкеп соғатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы ұсынымдар енгізу;
2) осы Ереженің 6-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында мемлекеттiк тәртiптi нығайту, осы Ереженiң 3-тармағында көрсетілген адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен Ар-намыс кодексi талаптарын сақтауы жөнiнде ұсынымдар мен ұсыныстар тұжырымдау;
3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi комиссияның (бұдан әрі - Комиссия), Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынымдарын және Агенттiктiң тапсырмаларын, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы нормалары мен Ар-намыс кодексiн бұзу фактілері туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын қарау;
4) Агенттіктiң қарауына сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Ар-намыс кодексi нормаларын жетiлдiру жөнiнде, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi ұйымдастырудың және осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген адамдардың Ар-намыс кодексiн сақтауының тиiмдiлігін арттыру жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
5) мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысын жетілдіру жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар енгізу болып табылады.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 Жарлығымен (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
7. Тәртiптiк кеңес өз құзыретi шегінде:
1) өз отырыстарында жергілікті атқарушы органдардың және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен лауазымды адамдарын тыңдауға;
2) мемлекеттiк органдардан, сондай-ақ ұйымдардан оның алдына қойылған мiндеттердi орындау үшiн қажеттi құжаттар, материалдар мен ақпарат сұратуға;
3) осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген адамдардан ауызша және жазбаша түсiндiрме талап етуге;
4) осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген адамдардың Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы нормалары мен Ар-намыс кодексiн бұзуы фактілері бойынша тексерулер және қызметтiк тексерулер жүргізу туралы осы Ереженің 6-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адамдарға ұсыныстар енгiзуге;
4-1) жоғары тұрған мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға Тәртіптік кеңестің ұсынымын негізсіз орындамаған адамдарға қатысты, олардың жауаптылығын қарау туралы ұсыныс енгізуге;
5) қорытынды беру үшін сарапшылар мен мамандар, мемлекеттік органдар қызметкерлерiн тартуға құқылы.
Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 2007.11.27. N 446; 16.08.2013 № 616 (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.
3. Тәртiптiк кеңес қызметiн ұйымдастыру
8. Агенттіктiң аумақтық органының басшысы лауазымы бойынша Тәртiптiк кеңестің төрағасы болып табылады, оны Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлігінiң келiсiмi бойынша Агенттiк төрағасы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
9. Тәртiптік кеңестiң төрағасы:
1) Тәртiптiк кеңестiң дербес құрамын Агенттiк төрағасының қарауына және бекiтуiне енгiзедi;
2) Тәртiптiк кеңес қызметiн ұйымдастырады және оған басшылықты жүзеге асырады;
3) Тәртiптік кеңес отырыстарының күн тәртiбiн белгiлейдi;
4) Тәртiптiк кеңестiң отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;
5) Тәртiптiк кеңес мүшелерi немесе оның хатшылығы қызметкерлерінің қатарынан Тәртiптiк кеңестiң отырысында қаралатын нақты мәселе бойынша баяндамашыны айқындайды;
6) тоқсан сайын Агенттiк алдында Тәртiптiк кеңес жұмысының қорытындысы туралы есеп бередi;
7) Тәртіптік кеңестің құзыреті шегінде тәртіптік іс қозғайды;
8) адамдардың теріс қылық жасағаны туралы мәліметтер мен материалдарды құзыреті бойынша уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның қарауына жолдайды.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 Жарлығымен (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
10. Тәртiптiк кеңес құрамын төраға мен Тәртiптiк кеңестiң мүшелерi құрайды. Құқық қорғау органдарын қоса алғанда, орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық органдарының басшылары, жергілiктi мемлекеттiк органдардың басшылары, жергілiкті жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi Тәртiптiк кеңес мүшесi бола алады. Тәртiптiк кеңес мүшелерi саны тақ әрi кемiнде 5 адамнан тұруға тиiс.
11. Тәртiптік кеңестiң дербес құрамын Тәртiптiк кеңес төрағасының ұсынысы бойынша Агенттiк төрағасы бекiтедi.
12. Тәртiптiк кеңестiң отырыстары:
1) егер оларға Тәртiптiк кеңес мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, құқықты болып саналады;
2) қажеттiлiгiне қарай, бiрақ кемiнде екi айда бiр рет өткiзiледi;
3) ашық өткiзiледi. Қажет болған жағдайда, егер қаралатын мәселелер мемлекеттік құпияларды қозғаса, Тәртiптiк кеңес төрағасының шешiмi және Агенттікпен келiсiм бойынша жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн. Тәртiптiк кеңес мүшелерi оның отырыстарына ауысу құқығынсыз қатысады.
13. Тәртiптiк кеңес отырысқа қатысушы Тәртiптiк кеңес мүшелерi санының қарапайым көпшiлiк дауысымен шешiмдер қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады. Тәртіптік кеңестің мүшелері дауыс беру кезінде қалыс қала алмайды.
Тәртiптiк кеңес төрағасы болмаған жағдайда оның тапсырмасы бойынша отырыстарда Тәртiптiк кеңес мүшелерiнiң бiреуi төрағалық етедi.
Тәртіптік кеңестің отырысы төраға, Тәртіптік кеңестің мүшелері, сондай-ақ Тәртiптiк кеңес отырысының хатшысы қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 Жарлығымен (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
14. Тәртiптiк кеңес төрағасы қозғаған тәртiптiк iс үш апта ішінде қаралуға тиiс.
Тәртіптік іс қызметшiнiң уақытша еңбекке жарамсыздығы, оның демалыста немесе iссапарда болу кезеңiнде тоқтатыла тұрады.
Тәртіптік іс Тәртіптік кеңестің отырысында қаралғанға дейін оның хатшылығы тексеру немесе қызметтік тексеру жүргізеді, оның барысында iске қатысы бар мән-жайлар мен мәлiметтер зерделенедi, тәртiптiк жауаптылыққа тартылатын адамдардан жазбаша түсiнiктемелер талап етiледi.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 Жарлығымен (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
15. Хатшылық тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылатын адамдарды Тәртiптiк кеңес отырысының орны мен өткiзiлетiн уақыты туралы хабарландыру жөнiнде шаралар қабылдайды.
Тәртiптiк Кеңестің отырысында тәртiптiк iс, егер тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылатын адамдар отырыс өткiзілгенге дейiн үш күн бұрын тиісінше хабарландырылса, олардың қатысуынсыз қаралуы мүмкiн.
Осы Ережеде тиісінше хабарлау деп оның тікелей өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне қолы қойылып, хатпен, тапсырыстық хатпен немесе жеделхатпен табыс етілген хабарлама танылады.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 Жарлығымен (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
16. Тәртiптiк iстi қараудың қорытындылары бойынша Тәртiптiк кеңес мынадай шешiмдердiң бiреуiн шығаруы мүмкiн:
1) осы Ереженің 6-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тұлғаларға осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген адамдарға тиiстi тәртiптiк жаза қолдануға ұсыным жасау;
2) мәнi бойынша шешiм қабылдау үшiн тәртiптік iс материалдарын уәкiлеттi мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның қарауына жiберу;
3) тәртiптiк iстi тоқтату.
Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.11.27. N 446 Жарлығымен.
17. Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның, Комиссияның ұсынымдарын, Агенттiктiң тапсырмаларын, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын қараудың қорытындылары бойынша Тәртiптiк кеңес уәкiлеттi мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға тексеру немесе қызметтiк тексеру жүргiзуге ұсыным жасай алады.
Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 Жарлығымен (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
18. Осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген адамның iс-әрекетiнде қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi болған жағдайда Тәртiптiк кеңес тиiстi құжаттар мен материалдарды белгiленген тәртiппен аталған адамды қылмыстық немесе әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тарту туралы мәселенi шешу үшiн құқық қорғау немесе өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға жiбереді. Тәртiптiк кеңес материалдар мен құжаттардың құқық қорғау немесе өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға жiберiлгенi туралы Агенттіктi хабардар етедi.
19. Тәртiптік кеңес қабылдаған шешiммен келiспеген, осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген мемлекеттiк қызметшiлер мен өзге де адамдар оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым беруге құқылы.
4. Хатшылықтың негiзгi мiндеттерi,
функциялары және құқықтары
20. Хатшылықтың негiзi мiндеті Тәртiптiк кеңес қызметiн қамтамасыз ету болып табылады.
21. Хатшылықты Агенттік Төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Хатшылық меңгерушiсi басқарады.
22. Хатшылық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiп бойынша:
1) Тәртiптік кеңес қызметiн ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және өзге де қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы мен мемлекеттiк қызметшілердiң Ар-намыс кодексiн сақтау мәселелерi жөнiнде тексерулер немесе қызметтік тексерулер жүргізу;
3) осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген адамдарға қатысты тәртiптiк iстердi қарау үшiн материалдар дайындау;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың нормаларын бұзушылық туралы ақпаратты жинақтау, жүйелендiру мен талдау;
5) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы мен мемлекеттiк қызметшілердiң Ар-намыс кодексi нормаларын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар тұжырымдау;
6) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы мен мемлекеттiк қызметшілердiң Ар-намыс кодексiн сақтауы саласында азаматтарды құқықтық ағартуға қатысу функцияларын жүзеге асырады.
Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 Жарлығымен (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
23. Хатшылықтың:
1) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы мен мемлекеттiк қызметшілердiң Ар-намыс кодексiн сақтауы мәселелерi жөнiнде тексерулер немесе қызметтік тексерулер жүргiзуге;
2) мемлекеттiк органдардан, лауазымды адамдар мен өзге де субъектiлерден тексерулердi немесе қызметтік тексерулерді жүзеге асыру үшiн қажеттi материалдар мен ақпарат сұратуға;
3) тиiстi салалардағы мамандар мен консультанттар тексерулерге немесе қызметтік тексерулерге қатысу және қорытынды беру үшін тартуға;
4) құзыретiне тексерулер не қызметтік тексерулер барысында қозғалатын мәселелердi қарау кiретiн мемлекеттiк органдар қызметкерлерiн тексерулерге не қызметтік тексерулерге тартуға;
5) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы мен мемлекеттiк қызметшілердiң Ар-намыс кодексi нормаларының талаптарын жетілдiру жөнiнде Тәртiптiк кеңестің қарауына ұсыныстар енгiзуге құқығы бар.
Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 Жарлығымен (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).