Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгi туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 4 ақпанадағы N 1287 Жарлығы.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 27-13) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгi туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Елшiлiгі туралы ереженi бекiту туралы" 1992 жылғы 2 шілдедегі N 832 Жарлығы;

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Басқа мемлекеттерде тiркелген Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкiлетті Елшiсiнiң негізгі мiндеттерi мен құқықтары туралы ереженi бекiту туралы" 1992 жылғы 2 шiлдедегi N 833 Жарлығы.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2004 жылғы 4 ақпандағы
N 1287 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының дипломатиялық
және оған теңестiрiлген өкiлдiгi туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестірiлген өкiлдiгiнiң (бұдан әрi - өкiлдiк) мәртебесi мен өкiлеттіктерiн белгiлейдi.

1. Жалпы epeжелep

      1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасының Елшiлігі - Мемлекет басшысы жанында аккредиттелетін, Төтенше және Өкiлетті Елшi басқаратын, орналасқан мемлекетiнде Қазақстан Республикасының өкiлдiгiн жүзеге асыратын дипломатиялық өкiлдiк болып табылатын Қазақстан Республикасының шет елдегi мекемесi;

      2) Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссиясы - Сенiмдi өкiл басқаратын, орналасқан мемлекетiнде сыртқы iстер министрi жанында аккредиттелетін, Қазақстан Республикасының өкiлдiгiн жүзеге асыратын, дипломатиялық өкiлдiкке теңестірiлген Қазақстан Республикасының шет елдегi мекемесi;

      3) Халықаралық ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкiлдігі - Қазақстан Республикасы мүшесi болып табылатын халықаралық ұйымда Қазақстан Республикасының өкiлдiгiн жүзеге асыратын, Тұрақты өкiл басқаратын, дипломатиялық өкiлдiкке теңестiрiлген Қазақстан Республикасының шет елдегi мекемесi;

      4) орналасқан мемлекет - аумағында өкiлдiк орналасқан шетелдiк мемлекет.

      2. Өкiлдiк өзiнiң қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылғы 18 сәуiрдегі Вена конвенциясының, Консулдық қатынастар туралы 1963 жылғы 24 сәуiрдегi Вена конвенциясының ережелерiне, "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына, осы Ережеге және өзге де нормативтiк құқықтық актілерге, орналасқан мемлекеттiң заңнамасын не халықаралық ұйымның ережелерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларына сәйкес жүзеге асырады.

      3. Өкiлдiк Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының негiзiнде құрылады, қайта ұйымдастырылады және өзiнiң қызметiн тоқтатады.

      4. Өкiлдiк Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi (бұдан әрi - Министрлiк) басқаратын дипломатиялық қызмет органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi.

      Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттiк органдарының сауалдары мен қолдаухаттары өкiлдiкке Министрлiк арқылы ғана жеткiзiледi.

2. Өкілдiктiң негiзгi мiндеттері, функциялары және
құқықтары

      5. Өкiлдiктiң негізгі мiндеттерi мыналар болып табылады:

      Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру, сыртқы экономикалық саясатты жүзеге асыруға жәрдемдесу;

      орналасқан мемлекетiмен не халықаралық ұйыммен қарым-қатынастарда Қазақстан Республикасының өкiлдігі;

      орналасқан мемлекетiмен не халықаралық ұйыммен өзара қарым-қатынаста Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекарасының мызғымастығын қорғауды, оның саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн дипломатиялық жолдармен және әдiстермен қамтамасыз ету;

      орналасқан мемлекетiнде Қазақстан Республикасының, оның азаматтарының және заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерiн қорғау.

      6. Өкiлдiк Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) Қазақстан Республикасының халықаралық саясат стратегиясын iске асыруға ықпал етеді;

      2) орналасқан мемлекетінде не халықаралық ұйымда Қазақстан Республикасының бiрыңғай саяси желісін жүргiзудi қамтамасыз етедi;

      3) орналасқан мемлекетімен не халықаралық ұйыммен Қазақстан Республикасының қарым-қатынастары мәселелерi бойынша Министрлiкке ұсыныстар береді;

      4) орналасқан мемлекетiнiң мемлекеттiк органдарымен не халықаралық ұйыммен және оның шеңберiнде келiссөздер жүргiзедi және ресми байланыстарды қолдауға ықпал етеді;

      5) орналасқан мемлекетiмен не халықаралық ұйыммен Қазақстан Республикасының ынтымақтастығы шеңберiнде мақсаттар мен қағидаттарды жүзеге асыруға, сондай-ақ шешiмдердi iске асыруға жәрдемдеседi;

      6) орналасқан мемлекетімен не халықаралық ұйыммен Қазақстан Республикасының келiссөздер жүргiзуiн және халықаралық шарттарға қол қоюды ұйымдастырады;

      7) орналасқан мемлекетiне не халықаралық ұйымға iссапарға жiберiлген Қазақстан Республикасының ресми делегацияларына және өкiлдерiне жүктелген мiндеттердi орындауда оларға жәрдем көрсетедi;

      8) Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi және Қазақстан Республикасының басқа да ресми тұлғалары қатысатын iс-шараларды протоколдық-ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз етудi жүзеге асырады;

      9) орналасқан мемлекетi туралы ақпарат жинауды, орналасқан мемлекетімен Қазақстан Республикасының қарым-қатынасына, оның сыртқы және iшкi саясатына, халықаралық қатынастар жүйесiндегi орнына талдау жасауды, сондай-ақ басқа да мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қызметiн зерделеуді жүзеге асырады;

      10) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын сыртқы және iшкi саясатты жүзеге асыруға қажетті ақпаратпен белгiленген тәртiппен қамтамасыз етедi;

      11) Қазақстан Республикасы мен орналасқан мемлекетiнiң не халықаралық ұйымның арасында экономика, мәдениет, ғылым саласындағы және басқа да салалардағы достық және өзара тиiмдi қатынастарды дамытуға жәрдемдеседi;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен және халықаралық құқықтың нормаларымен регламенттелген консулдық функцияларды жүзеге асырады;

      13) Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясаты, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани өмiрi туралы ақпаратты орналасқан мемлекетiнде не халықаралық ұйымда таратады;

      14) Қазақстан Республикасы және орналасқан мемлекетi не халықаралық ұйым қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың орындалуын жалпы қадағалау мен бақылауды жүзеге асырады;

      15) орналасқан мемлекетінде тұрып жатқан отандастармен байланыстарды және қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдеседi;

      16) орналасқан мемлекетінде, сондай-ақ көршi мемлекеттерде төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы орын алған немесе олардың туындау қатері төнген жағдайларда оларды қауiпсiз жағдайға шұғыл эвакуациялауға дейiн Қазақстан Республикасы азаматтарының қауiпсiздiгiн және Қазақстан Республикасы меншiгiнің сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi үйлестірудi жүзеге асырады;

      17) дипломатиялық поштаны жиынтықтауды, ресімдеуді, қабылдауды және сақтауды жүзеге асырады, Министрліктен келіп түсетін дипломатиялық поштаның басқа шет елдердегі мекемелерге жеткізілуін ұйымдастырады;

      18) Министрлікке жеткізу үшін дипломатиялық поштаны жиынтықтауды, сақтауды, ресімдеуді жүзеге асырады;

      19) дипломатиялық поштаның Министрлікке жеткізілуін ұйымдастырады;

      20) өз құзыреті шегінде дипломатиялық поштаны жеткізу кезінде оның қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды;

      21) дипломатиялық поштаны жеткізуге қажетті құжаттарды ресімдеуді және дипломатиялық курьерлер мен "ад хок" дипломатиялық курьерлеріне беруді қамтамасыз етеді;

      22) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      7. Өкілдік негізгі міндеттерді іске асыру және өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін:

      1) қазақстандық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың (бұдан әрі - мемлекеттік ұйымдар) өкілдіктері (өкілдері) мен филиалдарының, және олардың қызметкерлерінің орналасқан мемлекетіндегі қызметін үйлестіруге;

      2) орналасқан мемлекетіндегі мемлекеттік ұйымдардан толық ақпарат беруді және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын қызметті келісуді талап етуге;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 06.03.2013 № 518 Жарлығымен.

3. Өкiлдiктiң қызметiн ұйымдастыру

      8. Қазақстан Республикасының елшiлiгiн Төтенше және Өкiлетті Елшi басқарады. Халықаралық ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкiлдiгiн Тұрақты өкiл басқарады.

      Төтенше және Өкiлетті Елшiнi және Тұрақты өкiлдi Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясын Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Сенiмдi өкiл басқарады.

      9. Өкiлдiк басшысы болмаған уақытта оның функцияларын ол аға дипломат қызметкерлер қатарынан тағайындайтын:

      1) Қазақстан Республикасының Елшiлiгiнде - Уақытша сенiмдi өкiл;

      2) халықаралық ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкiлдiгiнде - Тұрақты өкiлдiң мiндетiн атқарушы;

      3) Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясында - Сенiмдi өкiлдiң мiндетiн атқарушы орындайды.

      Егер Төтенше және Өкiлетті Елшiнiң, Тұрақты өкiлдiң не Сенiмдi өкiлдiң қызмет орны бос болса немесе егер Төтенше және Өкiлетті Елшi, Тұрақты өкiл не Сенiмдi өкiл өзiнiң функцияларын орындай алмайтындай болса, Қазақстан Республикасының Уақытша сенiмдi өкiлiн, Тұрақты өкiлдiң не Сенiмдi өкiлдiң мiндетiн атқарушыны Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi тағайындайды.

      Егер орналасқан мемлекетiндегi Төтенше және Өкiлеттi Елшi Тұрақты өкiл қызметiн қоса атқаратын болса, онда ол болмаған уақытта Уақытша сенiмдi өкiл немесе аға дипломат қызметкерлердiң бiрi Тұрақты өкiл мiндетiн атқарушы болып табылады.

      Уақытша сенiмдi өкiлдiң, Сенiмдi өкiлдiң не Тұрақты өкiлдiң мiндетiн атқарушының тегi орналасқан мемлекеттің сыртқы iстер министрлігіне немесе уағдаластық жасалған басқа министрлiкке не халықаралық ұйымға хабарланады.

      Уақытша сенiмдi өкiлдiң, Сенiмдi өкiлдiң не Тұрақты өкiлдiң мiндетiн атқарушы болмаған уақытта орналасқан мемлекеттегi не халықаралық ұйымдағы оның функцияларын өкiлдiктiң аға дипломат қызметкерлерiнiң бiрi орындайды.

4. Өкiлдiк басшысының негiзгi мiндеттерi мен құқықтары

      10. Өкiлдiк басшысы:

      1) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру жөнiндегi мақсатты жұмысты жүргiзуге, Қазақстан Республикасы азаматтарының және ұйымдарының құқықтары мен мүдделерiн барлық заңды жолдармен және әдiстермен қорғауға;

      2) орналасқан мемлекетiнiң не халықаралық ұйымның iшкi және сыртқы саясатының мәселелерi бойынша Министрлікке ақпарат беруге;

      3) орналасқан мемлекетiмен не халықаралық ұйыммен Қазақстан Республикасының ынтымақтастығын дамытуды қамтамасыз етуге;

      4) орналасқан мемлекетiнде өкiлдiкке, персоналға және олардың отбасы мүшелерiне халықаралық құқықтың нормаларына және орналасқан мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес берiлетiн артықшылықтар мен иммунитеттердi қамтамасыз ету жөнiнде қажетті шаралар қолдануға;

      5) орналасқан мемлекетiнен тысқары жерлерге қысқа мерзiмдi қызметтiк iссапарларға шығуды Министрлiкпен келiсуге;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өкілдіктің қаржылық және шаруашылық қызметін қамтамасыз етуге;

      7) өкілдікті қаржыландыру жоспары шегінде бюджет қаражатының мақсатты және тиімді жұмсалуын, материалдық құндылықтардың нысаналы мақсатта пайдаланылуын қамтамасыз етуге;

      8) сеніп тапсырылған мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге, оған нұқсан келуінің алдын алу шараларын қабылдауға;

      9) өкілдікте бухгалтерлік есеп жүргізуді қамтамасыз етуге, өкілдік персоналының құжаттарды рәсімдеу тәртібін сақтауын және оларды өкілдіктің бухгалтерлік есепті жүргізу жөніндегі уәкілетті қызметкеріне уақтылы ұсынуын қамтамасыз етуге;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында және халықаралық шарттарында, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларында өзінің құзыретiне жатқызылған басқа да функцияларды орындауға мiндеттi.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      11. Өкiлдiк басшысының:

      1) берiлген өкiлеттiктер шегiнде халықаралық шарттарды жасасуға қатысты актiлер жасауға;

      2) орналасқан мемлекетімен не халықаралық ұйыммен екiжақты қатынастар мәселелерi бойынша белгiленген тәртiппен ұсыныстар енгiзуге;

      3) өкiлдiктiң құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттiк ұйымдардан қажеттi материалдар мен құжаттарды белгіленген тәртiппен алуға;

      4) өкiлдiктiң персоналын мемлекеттiк наградалармен марапаттау туралы, дәрежесi мен қызметiн өсiру туралы, мерзiмiнен бұрын елге қайтару немесе шетелдегi жұмыс мерзiмiн ұзарту туралы, тәртiптiк жаза қолдану туралы ұсыныстарды Министрлiкке енгiзуге;

      5) өкiлдiктi қаржыландыру жоспарында көзделген қаражаттың (шығыстың) лимитiне билiк етуге;

      6) өкiлдiктiң қызмет мәселелерi бойынша бұйрықтар шығаруға, қызмет көрсетушi персоналмен еңбек қатынастарына байланысты мәселелер бойынша дербес шешiмдер қабылдауға, өкiлдiк персоналының жыл сайынғы ақысы төленетiн еңбек демалыстарының кестесiн бекiтуге;

      7) жыл сайынғы ақысы төленетiн еңбек демалысы берiлген кезде жол жүрудi қоспағанда, Министрлiктiң келiсiмi бойынша өкiлдiк персоналының және олардың отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасына және басқа да мемлекеттерге қысқа мерзiмдi жол жүруiне рұқсат беруге құқығы бар.

      12. Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі

      орналасқан мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының бас консулдықтарының, консулдықтарының, вице-консулдықтарының, консулдық агенттіктерінің, құрметті консулдықтарының және өзі аккредиттелген мемлекеттерде ашылған Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссияларының қызметіне басшылықты, сондай-ақ орналасқан мемлекетіндегі мемлекеттік ұйымдардың қызметін үйлестіруді және олардың жұмысын бақылауды жүзеге асырады.

      Мемлекеттік ұйымдардың басшылары:

      1) өзінің қызметін өкілдіктің немесе консулдық мекеменің басшысымен келісуге, өкілдіктің басшысына оның өкілеттіктерін жүзеге асыруда жәрдем көрсетуге, өзінің қызметі туралы оған ақпарат беруге міндетті;

      2) өкілдіктің немесе консулдық мекеменің басшысымен жұмыс

      жоспарларын келіседі, сондай-ақ өкілдіктің немесе консулдық мекеменің

      басшысымен келісілген мерзімдерде олардың орындалуы туралы есептер

      береді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 06.03.2013 № 518 Жарлығымен.

      13. Өкiлдiктiң басшысы Министрлiкке жолданатын ақпараттың объективтiлігі, дұрыстығы және толықтығы үшiн дербес жауапты болады.

5. Өкiлдiктiң персоналы

      14. Лауазымдық міндеттері бойынша өкілдіктің персоналы дипломатиялық қызметтің қызметкерлері және дипломатиялық қызметтің жұмыскерлері болып бөлінеді.

      Дипломатиялық қызметтің қызметкерлерiне өкiлдiкте штаттық дипломатиялық лауазымдарды атқаратын мемлекеттiк қызметшiлер жатады.

      Өкiлдiк қызметкерiнiң дипломатиялық мәртебесiн оған тиiстi дипломатиялық аккредиттеу карточкасын беру жолымен орналасқан мемлекетi растайды.

      Дипломатиялық қызметтің жұмыскерлерiне өкiлдiкте штаттық әкiмшiлiк-техникалық лауазымдарды атқаратын мемлекеттiк қызметшiлер жатады.

      Өкiлдiк жұмыскерiнiң мәртебесiн оған тиiстi аккредиттеу карточкасын беру жолымен орналасқан мемлекетi растайды.

      Өкiлдiктің құрылымында өкiлдiк персоналының отбасы мүшелерiнiң, Қазақстан Республикасының немесе орналасқан мемлекеттің азаматтары қатарынан жеке еңбек шарттары негізiнде қабылданатын қызмет көрсетушi персоналдың функциясын жүзеге асыратын адамдар болуы мүмкiн.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      15. Өкiлдiктiң персоналы және олардың отбасы мүшелерi орналасқан мемлекетінде халықаралық құқықтың, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының, халықаралық ұйымдар мен олар орналасқан мемлекеттерi арасында жасалған халықаралық шарттардың нормаларында, сондай-ақ орналасқан мемлекеттiң заңнамасында белгiленген иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланады.

      16. Өкiлдiктiң персоналы өзiнiң қызметi үшiн жауапты болады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жауапқа тартылуы мүмкiн.

6. Өкiлдiктiң құрылымы

      17. Өкiлдiктiң құрылымы мен штат кестесiн Қазақстан Республикасының Yкiметі белгiлеген шет елдегi мекемелердiң штат саны лимитi шегінде және орналасқан мемлекетiмен не халықаралық ұйыммен жасалған тиiстi уағдаластықтарды ескере отырып, Министрлiк бекiтедi.

      18. Өкiлдiкте саяси, сауда-экономикалық, консулдық, баспасөз және ақпарат, iзгiлiк және мәдени байланыстар, референтура бөлiмдерi (топтары), қаржы-шаруашылық қызмет және басқалары жұмыс iстеуi мүмкiн.

      19. Өкiлдiк бөлiмдерiнiң (топтарының) функцияларын және персоналының қызметтiк (функционалдық) мiндеттерiн өкiлдiк басшысы белгiлейдi.

7. Еңбек қатынастары

      20. Өкiлдiктегi еңбек қатынастары халықаралық құқықтың нормалары және орналасқан мемлекетiнiң заңнамасы ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.

      21. Өкiлдiктiң персоналына тәртіптік жаза қолданудың тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленедi.

8. Өкілдіктің қызметін қамтамасыз ету

      22. Өкiлдiктi қаржылық қамтамасыз ету республикалық бюджеттің қаражаты есебiнен ғана жүзеге асырылады.

      Өкiлдiктi қаржыландыру жоспарын тиiстi жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаттың шегiнде Министрлiк бекiтедi.

      23. Өкiлдiк көлiкпен, қызметтiк үй-жайлармен және басқа да қажеттi мүлiкпен қамтамасыз етіледi.

      24. Өкiлдiк Министрлiкпен байланыс жасайтын жабық және ашық байланыс арналарымен қамтамасыз етiледi.

      25. Өкiлдiктiң өзiне бекiтiлген мүлiктi иемдену, пайдалану және оған билiк ету тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленедi.

      26. Өкiлдiктiң персоналын материалдық, зейнеткерлiк және әлеуметтiк-тұрмыстық қамсыздандырудың шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленедi.

9. Мемлекеттiк нышан

      27. Өкiлдiктiң ғимаратында, Төтенше және Өкiлетті Елшiнiң (Тұрақты өкiлдiң) резиденциясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы көтерiледi, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлiнде және орналасқан мемлекетi (халықаралық ұйым) белгiлейтiн тiлде өкiлдiк нысаны (резиденция атауын) және Қазақстан Республикасына тиiстiлiгі көрсетiлген қалқан орнатылады.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандары орналасқан мемлекеттiң (халықаралық ұйымның) протоколдық практикасын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдаланылады.