Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 1271 Жарлығы.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 17-1-бабына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қоса берiлiп отырған:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы ереже;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң құрылымы бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің штат саны 3604 адам болып белгiленсiн.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 12.12.2018 № 803 Жарлығымен.

      3. Қоса берiлiп отырған тiзбеге сәйкес Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр Жарлықтарының күшi жойылды деп танылсын.

      4. Осы Жарлық 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының
Президенті



  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2003 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1271 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 12.12.2018 № 803 Жарлығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Қазақстан Ұлттық Банкі) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеуді және жүргізуді, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ететін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін, ақша-кредит статистикасы және сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті, валюталық реттеу мен валюталық бақылауды, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ құзыреті шегінде өзге де тұлғаларды мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

      2. Қазақстан Ұлттық Банкі өзінің филиалдарымен, өкілдіктерімен және ұйымдарымен бірге тікелей бағыну схемасындағы біртұтас орталықтандырылған құрылымды құрайды.

      3. Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының орталық банкі болып табылады, Қазақстан Республикасы банк жүйесінің жоғарғы (бірінші) деңгейін білдіреді, өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ережеге (бұдан әрі – Ереже) сәйкес жүзеге асырады.

      4. Қазақстан Ұлттық Банкі республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік тілде өзінің атауы жазылған мөрі, мөртабандары, сондай-ақ өзінің эмблемасы және белгіленген үлгідегі бланкілері болады.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдары (бұдан әрі – филиал) Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесінің шешімімен ашылады, оған есеп береді және өз қызметін Қазақстан Ұлттық Банкі белгілеген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесі бекітетін филиалдың құрылымына құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктері Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалы туралы ережеде айқындалатын бөлімдер мен басқа да бөлімшелер кіруі мүмкін.

      Филиал өз қызметінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасы мен Директорлар кеңесінің қаулыларын, Қазақстан Ұлттық Банкінің бұйрықтарын, өкімдерін, Ережені және Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалы туралы ережені басшылыққа алады.

      Филиалды ашу және жабу тәртібі, оның өкілеттіктері, міндеттері мен функциялары Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалы туралы ережеде және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

      Филиалдың қызметіне басшылықты Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы лауазымға тағайындайтын (лауазымнан босататын) оның директоры жүзеге асырады.

      Филиалдың директоры өз қызметін филиал туралы ереже және Қазақстан Ұлттық Банкінің сенімхаты негізінде жүзеге асырады.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдіктері Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесінің шешімімен Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тыс жерлерде де ашылады және Қазақстан Ұлттық Банкі белгілеген өкілеттіктер шегінде Қазақстан Ұлттық Банкінің мүдделерін қорғауды және білдіруді жүзеге асырады.

      Өкілдіктерді ашу, жабу тәртібі, олардың өкілеттіктері және құқықтық мәртебесі Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдіктері туралы ережелерде айқындалады.

      Өкілдіктің қызметіне басшылықты Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы лауазымға тағайындайтын (лауазымнан босататын) өкілдік басшысы жүзеге асырады.

      Өкілдік басшысы өз қызметін өкілдік туралы ереже және Қазақстан Ұлттық Банкінің сенімхаты негізінде жүзеге асырады.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің ішкі қызметіне байланысты өзге мәселелер Қазақстан Ұлттық Банкінің жұмыс регламентінде, құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерде және Қазақстан Ұлттық Банкінің өзге де құқықтық актілерінде белгіленеді.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің ұйымдары республикалық заңды тұлғалар болып табылады, республикалық мемлекеттік кәсіпорындар нысанында құрылады, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуге жатады және Қазақстан Ұлттық Банкінің бірыңғай орталықтандырылған құрылымына кіреді.

      Қазақстан Ұлттық Банкі өзі құратын ұйымдарға қатысты олардың құрылтайшысы және олардың қызметін реттеу және аталған ұйымдардың құқықтық мәртебесін өзгерту туралы шешімдер қабылдау бойынша өкілеттіктерді қоса алғанда, оларға қатысты республикалық меншік құқығы субъектісі функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады.

      Қазақстан Ұлттық Банкі өзі құратын ұйымдардың қызметінің мәнін және мақсаттарын, сондай-ақ олардың түрін (шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы) дербес айқындайды, олардың жарғыларын, оларға өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді.

      Ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту, жарғылық капиталын ұлғайту не азайту, тарату және иелігінен шығару туралы шешімді Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесі қабылдайды.

      Ұйымдарды және олардың органдарын құру, қайта ұйымдастыру, тарату тәртібі, олардың қызметінің мәні мен мақсаттары, құқықтық мәртебесі мен жарғылық құзыреті Қазақстан Республикасының заңнамасында, ұйымдардың жарғыларында, Ережеде және Қазақстан Ұлттық Банкінің құқықтық актілерінде айқындалады.

      Ұйымның жарғысын Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесі бекітеді.

      Қазақстан Ұлттық Банкі филиалдарының, өкілдіктерінің және ұйымдарының өз мөрі және белгіленген үлгідегі бланкілері болады.

      5. Қазақстан Ұлттық Банкі өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастар жасайды.

      6. Қазақстан Ұлттық Банкінің, егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастар жасауға құқығы бар.

      7. Қазақстан Ұлттық Банкі өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының бұйрықтарымен, Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының, Директорлар кеңесінің қаулыларымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Қазақстан Ұлттық Банкінің құрылымын және жалпы штат санын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      9. Қазақстан Ұлттық Банкі орталық аппаратының орналасқан жері: А15С9Т5, Алматы қаласы, "Көктем-3" шағын ауданы, 21-үй.

      10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      11. Ереже Қазақстан Ұлттық Банкінің құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) жүзеге асырылады.

      Қазақстан Ұлттық Банкі мүлкінің түрі – республикалық мемлекеттік мүлік.

      13. Қазақстан Ұлттық Банкі ақылы негізде банктік операциялар және басқа да қызметтер жүргізуге құқылы. Көрсететін қызметтерінің түрлері мен ақысының мөлшерлерін Қазақстан Ұлттық Банкі дербес айқындайды.

      Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын, өзге қорлар мен ұйымдарды басқару жөніндегі қызметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметіне және бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органға көрсетілетін банктік және өзге де қызметтер үшін ақы алмайды.

2-тарау. Қазақстан Ұлттық Банкінің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Қазақстан Ұлттық Банкінің миссиясы:

      Қазақстан Республикасында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету.

      15. Міндеттері:

      1) мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу және жүргізу;

      2) төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      3) валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру;

      4) қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

      5) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ құзыреті шегінде өзге де тұлғаларды реттеу, бақылау және қадағалау;

      6) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету;

      7) ақша-кредит статистикасы және сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті жүзеге асыру;

      8) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де міндеттер.

      16. Функциялары:

      Қазақстан Ұлттық Банкі:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік ақша-кредит саясатын әзірлейді және жүргізеді;

      2) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығарады;

      3) Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының жалғыз эмитенті болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақша айналысын ұйымдастырады;

      4) банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды тасымалдауды, сақтауды және инкассациялауды қамтамасыз етуге қатысады, банкноттардың, монеталардың және құндылықтардың резервтiк мемлекеттік қорларын құрады;

      5) банкаралық ақша аударымдары жүйесін, банкаралық клиринг жүйесін және пайдаланушылар арасында Қазақстан теңгесімен ақша аударымдарын жүргізуді қамтамасыз ететін басқа да төлем жүйелерін реттейді және қадағалауды (оверсайт) жүзеге асырады;

      6) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, ақша төлемдерi мен аударымдарын реттеу мақсатында, банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар және кәсіпкерлік қызмет субъектілері банк шоттары бойынша жүзеге асыратын төлемдердің кезектiлiгiн Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң келiсімі бойынша белгiлейді;

      7) Қазақстан Республикасында валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асырады;

      8) шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді басқаруды қамтамасыз етеді;

      9) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырады;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда бағалы металдардың және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының сынамаларына (үлгілеріне) бақылау сынақтарын жүзеге асырады;

      11) меншік иелері қаржы ұйымдары, бағалы металдармен және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларымен экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыруға құқығы бар өзге де тұлғалар болып табылатын, олардан жасалған бұйымдарды қоспағанда, бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының сынамаларын (үлгілерін) сақтауды және сынауды жүзеге асырады;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (келіп түскен) бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды тасымалдауды, қабылдауды, есепке алуды, сақтауды жүзеге асырады;

      13) дербес және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарымен бірлесіп олардың құзыреті шеңберінде жүйелік тәуекелдерді реттеуді жүзеге асырады;

      14) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Ұлттық Банк туралы заң) және Қазақстан Ұлттық Банкінің құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен және талаптармен қарыздар береді;

      15) қаржы ұйымдарының сыртқы борышын реттеуге қатысады;

      16) статистикалық әдіснаманы әзірлейді және қолма-қол ақша айналысы, ақша-кредит және банк статистикасы, төлем балансы, сыртқы борыш, халықаралық инвестициялық позиция, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бастапқы статистикалық деректердің тізбесін, нысандарын, мерзімдері мен оларды ұсыну тәртібін айқындайды;

      17) статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізеді, сондай-ақ өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласында бақылауды жүзеге асырады;

      18) қаржы нарығына шолу жасау, ақша-кредит және банк статистикасы, төлем балансы, халықаралық инвестициялық позиция және сыртқы борыш жөніндегі статистикалық ақпаратты қалыптастырады және таратады, төлем балансын болжамдық бағалауды әзірлеуге қатысады;

      19) Ұлттық Банк туралы заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ өзге тұлғаларды реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

      20) қаржы саласындағы қызметті және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметті лицензиялайды;

      21) дербес және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарымен бірлесіп олардың құзыреті шеңберінде исламдық қаржы құралдарының және исламдық көрсетілетін қаржы қызметтерінің халықаралық стандарттарын ескере отырып, исламдық қаржыландыруды дамытуды жүзеге асырады;

      22) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын ескере отырып, Қазақстан Ұлттық Банкіне арналған бухгалтерлік есеп саясаты мен әдістерін айқындайды;

      23) Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімі бойынша оның мемлекеттік борышына қызмет көрсетуге қатысады және Қазақстан Ұлттық Банкінің мемлекеттік борышына қызмет көрсетеді;

      24) Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайтын тізбеге және тәртіпке сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына қатысты ресми бағамын белгілейді және жариялайды;

      25) мемлекеттік емес сыртқы қарыздар бойынша шарттардың мониторингін жүзеге асырады;

      26) банк қызметiн, бағалы қағаздар нарығындағы кәсiптік қызметті және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де қызметті тиiстi лицензиялар алмай-ақ жүзеге асырады;

      27) Қазақстан Ұлттық Банкiнің клиенттеріне банктік қызмет көрсетуді жүзеге асырады;

      28) Қазақстан Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында жасалатын және ресми баспа басылымдарында жарияланатын сенiмгерлiк басқару туралы шарт негiзiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiк басқаруды жүзеге асырады;

      29) Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының Үкіметімен немесе заңды тұлғалармен жасасатын сенiмгерлiк басқару туралы шарттар негiзiнде активтерді сенiмгерлiк басқаруды жүзеге асырады. Қазақстан Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің арасында жасалатын сенiмгерлiк басқару туралы шарттар ресми баспа басылымдарында жарияланады;

      30) Қазақстан Ұлттық Банкі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарттың негізінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асырады;

      31) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтеріне қатысты кастодианның функцияларын жүзеге асырады;

      32) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес өзінің ақпараттық жүйелерінен мәліметтер ұсынады;

      33) мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары үшiн кадрлар даярлауға және қайта даярлауға қатысады;

      34) қаржы ұйымдары мен өзге де ұйымдар өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңдарының және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзған жағдайда, оларға шектеулі ықпал ету шараларын, қадағалап ден қою шараларын, санкцияларды және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қолданады;

      35) қаржы ұйымдарына және (немесе) өзге де заңды тұлғаларға қатысты ерекше реттеу режимін енгізеді және олардың қызметін реттейді;

      36) Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады;

      37) Қазақстан Ұлттық Банкінің консультативтік-кеңесші органдарын құрады;

      38) кредиттік тарихтардың дерекқорында қамтылған ақпараттың толықтығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет қатысатын кредиттік бюроға кредиттік тарих субъектілері туралы ақпарат береді;

      39) Қазақстан Ұлттық Банкіне бекітілген мүлікті иеліктен шығару және пайдалануға беру тәртібін айқындайды;

      40) Қазақстан Ұлттық Банкі акционері (қатысушысы, сенімгерлік басқарушысы) болып табылатын мемлекеттің бақылауындағы акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және ол құрған мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу, бекіту, оларды іске асыру мониторингі және бағалау тәртібін айқындайды;

      41) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджет қаражаты (шығыстар сметасы) есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер жүргізетін қызметтік, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерді оқыту, біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау мақсатындағы іссапарлар кезіндегі өтемақы төлемдерінің мөлшерлерін және тәртібін айқындайды;

      42) Қазақстан Ұлттық Банкі қызметінің негізгі бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүзеге асырады;

      43) қаржылық көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру жөніндегі іс-шараларды өткізеді;

      44) халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

      45) халықтың қаржылық сауаттылығының деңгейін зерделеуді жүзеге асырады;

      46) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар мен қаржы ұйымдары үшін түсіндіру жұмысын жүзеге асырады;

      47) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және халықтың қаржылық сауаттылығы мәселелері бойынша халықаралық және шетелдік ұйымдармен ынтымақтастықта болады;

      48) Қазақстан Ұлттық Банкінің қаржылық және операциялық тәуекелдерін басқару жүйесінің болуын және жаңартылуын қамтамасыз етеді;

      49) Ұлттық Банк туралы заңда, Қазақстан Республикасының басқа заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескертк. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 12.12.2018 № 803 Жарлығымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. Қазақстан Ұлттық Банкінің құқықтары мен міндеттері:

      Қазақстан Ұлттық Банкі өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы қаржы ұйымдарының, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың, басқа да жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілерді өзінің құзыреті шеңберінде әзірлеуге және қабылдауға;

      2) кез келген жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты, оның ішінде қызметтік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді сұратуға және өтеусіз алуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде тексерулер және бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын жүргізуге;

      4) мемлекеттік органдардан, қаржы және өзге де ұйымдардан, сондай-ақ олардың қауымдастықтарынан (одақтарынан) статистикалық есептілік пен әкімшілік деректерді және қажет болған жағдайда өзге де қосымша ақпаратты сұратуға және алуға;

      5) банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, банк холдингтеріне, банктің ірі қатысушыларына, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, сақтандыру холдингтеріне, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушыларына, сақтандыру брокерлеріне, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына (трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда), инвестициялық портфельді басқарушылардың ірі қатысушыларына қатысты уәжді пайымдауды пайдалануға;

      6) Қазақстан Ұлттық Банкінің ішкі қызметін, сондай-ақ ол құрылтайшы (уәкілетті орган) не акционер болып табылатын заңды тұлғалардың қызметін жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейтін нормативтік және нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдауға;

      7) Ұлттық Банк туралы заңда, Қазақстан Республикасының басқа заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің міндеттері:

      1) мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеуді және жүргізуді қамтамасыз ету;

      2) қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

      3) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ құзыреті шегінде өзге де тұлғаларды мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      4) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету;

      5) ақша-кредит статистикасы және сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті жүзеге асыру;

      6) бұқаралық ақпарат құралдарында қаржы ұйымдары туралы мәліметтерді (қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда), оның ішінде оларға қабылданған шаралар туралы ақпаратты жариялау;

      7) Қазақстан Ұлттық Банкі орталық аппаратының бөлімшелеріне, филиалдарына, өкілдігіне және ұйымдарына, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкі жалғыз акционері болып табылатын акционерлік қоғамдарға ішкі аудитті және қызметін тексеруді жүзеге асыру;

      8) Ұлттық Банк туралы заңда, Қазақстан Республикасының басқа заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттер.

      Ескертк. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 12.12.2018 № 803 Жарлығымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру

      18. Қазақстан Ұлттық Банкін басқаруды Төраға жүзеге асырады, ол Қазақстан Ұлттық Банкіне жүктелген міндеттердің орындалуына және өзінің функцияларын жүзеге асыруы үшін жеке жауапкершілікте болады.

      19. Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісуімен 6 жылдық мерзімге лауазымға тағайындайды және оны лауазымынан Қазақстан Республикасының Президенті босатады.

      20. Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      21. Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының өкілеттіктері:

      1) Ұлттық Банк туралы заңда және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы үшін Ережеде келісілген өкiлеттiктердi қоспағанда, Қазақстан Ұлттық Банкi қызметiнің барлық мәселелері бойынша жедел және атқарушы-өкiмдік шешімдер қабылдайды;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің тағайындауы үшін Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы орынбасарларының кандидатураларын ұсынады;

      3) Қазақстан Ұлттық Банкінен сайланған Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқарма мүшелерін тағайындайды және босатады;

      4) Қазақстан Ұлттық Банкі лауазымдарының бекітілген номенклатурасына сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің лауазымды тұлғаларын тағайындайды және оларды жұмыстан босатады, көзге түскен қызметкерлерді көтермелейді, тәртіптік жаза қолданады;

      5) өз құзыреті шегінде Қазақстан Ұлттық Банкінің атынан республикада және шетелдерде өкілдік етеді;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері, Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілері, Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының және Директорлар кеңесінің қаулылары негізінде және (немесе) оларды орындау үшін Қазақстан Ұлттық Банкі қызметінің мәселелері бойынша бұйрықтар мен өкімдер шығарады, Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының және Директорлар кеңесінің қаулыларына қол қояды;

      7) Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының және Директорлар кеңесінің отырыстарын жүргізеді;

      8) Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасарлары арасында міндеттерді бөледі, өз орынбасарларының және Қазақстан Ұлттық Банкінің орталық аппараты бөлімшелері, филиалдары, өкілдіктері мен ұйымдары басшыларының тапсырылған жұмыс учаскесіндегі істің жай-күйі үшін жауаптылық дәрежесін белгілейді;

      9) Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесінің құрамын бекітеді;

      10) Қазақстан Ұлттық Банкі лауазымдарының номенклатурасын бекітеді;

      11) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Қазақстан Ұлттық Банкінің жалпы штат саны негізінде Қазақстан Ұлттық Банкі орталық аппаратының, филиалдарының, өкілдіктерінің штат кестелерін бекітеді;

      12) ішкі аудит бөлімшесі туралы ережені қоспағанда, Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдары, өкілдіктері, орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      13) ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімшесінің істелген жұмысы туралы жыл сайынғы есебін қарайды;

      14) кәсіби біліктілігі жоғары және аса маңызды функцияларды орындайтын жекелеген қызметкерлерге жеке лауазымдық жалақылар белгілейді;

      15) Қазақстан Ұлттық Банкінің атынан шарттар (келісімдер, келісімшарттар) жасасады;

      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің барлық мүлкі мен қаражатына билік етеді, Қазақстан Ұлттық Банкі атынан сенімхат береді, міндеттемелерге қол қою және сенімхаттар беру тәртібін белгілейді;

      17) Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының шешімі негізінде Қазақстан Ұлттық Банкі бұрын берген лицензияларды қайта ресімдеу және лицензиялардың телнұсқаларын беру туралы шешім қабылдайды;

      18) Қазақстан Ұлттық Банкінің орталық аппараты бөлімшелерін, филиалдарын, өкілдіктерін және ұйымдарын, сондай-ақ жалғыз акционері Қазақстан Ұлттық Банкі болып табылатын акционерлік қоғамдарды тексеру нәтижелерін және ішкі аудит нәтижелерін қарайды.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы не Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары қаралуы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің құзыретіне жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істер бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы шешім қабылдайды.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының және Директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатпайтын кез келген мәселе бойынша шешім қабылдауға, сондай-ақ өз құзыретіне кіретін жекелеген мәселелерді шешуді өзінің орынбасарларына, Қазақстан Ұлттық Банкінің орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің, филиалдарының және өкілдіктерінің басшыларына тапсыруға құқылы.

      Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының және оның орынбасарларының лауазымдық жеке жалақыларының мөлшерлерін Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі бойынша Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасы бекітеді.

      Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының өкілеттіктерін орындауды ол болмаған кезеңде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның орнындағы адам жүзеге асырады.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдауға міндетті және осы міндетті орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін заңда белгіленген жауаптылықта болады.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметкерлерін жұмысқа қабылдаған және лауазымын өсірген кезде гендерлік баланстың сақталуын қамтамасыз етеді.

      22. Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы өзінің орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды.

      Төрағаның орынбасарлары Қазақстан Ұлттық Банкінің атынан сенімхатсыз өкілдік етеді, өз құзыреті шегінде құжаттарға қол қояды, өз құзыреті шегінде сенімхаттарды береді, оның ішінде соттарда істер қаралған кезде Қазақстан Ұлттық Банкі қызметкерлерінің қатысуы үшін сенімхаттарды береді. Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасарлары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және өздеріне бөлінген функционалдық міндеттері негізінде мәселелерді қарайды және шешімдер қабылдайды.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің орталық аппараты бөлімшелерінің басшылары өз қызметін Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының бұйрығымен бекітілетін осы бөлімшелер туралы ережелер негізінде жүзеге асырады.

      23. Басқарма мен Директорлар кеңесі (Директорат) Қазақстан Ұлттық Банкінің органдары болып табылады.

      Басқарма Қазақстан Ұлттық Банкінің жоғары органы болып табылады.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы Ұлттық Банк туралы заңның 15-бабында көзделген функциялардан басқа:

      1) тұрақтандыру банкін құру және қаржыландыру туралы шешімдер қабылдайды;

      2) Қазақстан Ұлттық Банкінің акционерлік қоғамдарының және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жарғылық капиталын ұлғайтуға не азайтуға, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатып алуға не иеліктен шығаруға келісім береді;

      3) Қазақстан Ұлттық Банкі берген кредиттер бойынша банктердің және басқа ұйымдардың Қазақстан Ұлттық Банкі алдындағы берешегін қайта құрылымдау талаптарын айқындайды;

      4) жарғылық және (немесе) резервтік капиталдарды қалыптастыруға жіберілетін, бөлінбеген таза кірістің мөлшерін белгілейді;

      5) банктің не банк холдингінің еншілес ұйымдарына, капиталына банктің не банк холдингінің қомақты қатысуы бар ұйымдарға тиесілі, банк конгломераты, банк немесе банк холдингі бас ұйымының акциялары үлесінің (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) лимитін белгілейді;

      6) бағалы қағаздар эмитенттерінің кредиттік рейтингінің ең төменгі деңгейін айқындайды;

      7) мыналарға:

      банктерді ашуға;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын құруға,

      банктердің және (немесе) банк холдингтерінің еншілес ұйымды құруына және сатып алуына;

      банктердің бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын еншілес ұйымды құруына немесе сатып алуына;

      банктің және (немесе) банк холдингінің ұйымдардың капиталына қомақты қатысуына;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру холдингтерінің еншілес ұйымды құруына немесе сатып алуына;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және (немесе) сақтандыру холдингінің ұйымдардың капиталына қомақты қатысуына рұқсат береді не рұқсатты кері қайтарып алады;

      8) мыналарға:

      банктерді (банк холдингтерін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға (біріктіру, қосу, бөлу, бөлініп шығу, қайта құру, конвертациялау) немесе банктерді ерікті түрде таратуға;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын (сақтандыру холдингтерін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға (біріктіру, қосу, бөлу, бөлініп шығу, қайта құру) немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерікті түрде таратуға;

      ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға немесе ерікті түрде таратуға;

      исламдық арнайы қаржы компаниясын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға немесе таратуға рұқсат береді;

      9) мыналарға:

      банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін иеленуге;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы немесе сақтандыру холдингі мәртебесін иеленуге;

      инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру және келісімді кері қайтарып алу туралы шешім қабылдайды;

      10) мыналарға:

      банктік, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өзге де операцияларды жүргізуге (банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау үшін банктер болып табылмайтын заңды тұлғаларға берілген лицензиялардың, сондай-ақ қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға уәкілетті ұйымдарға берілген лицензиялардың және (немесе) оларға қосымшалардың қолданылуын тоқтата тұру, жаңарту не олардан айыру туралы шешімдерді қоспағанда);

      сақтандыру нарығында сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін және сақтандыру брокерінің қызметін, актуарлық қызметті жүзеге асыру құқығына;

      ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметін жүзеге асыруға;

      бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қолданылуын қайта бастау не лицензиядан айыру туралы шешім қабылдайды;

      11) кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру құқығына рұқсаттың және кредиттік тарихтардың деректер базасын, пайдаланылатын ақпараттық жүйелерді қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі кредиттік бюроға және үй-жайларға қойылатын талаптарға кредиттік бюроның сәйкестігі туралы актінің қолданылуын тоқтата тұру, қолданылуын қайта бастау туралы шешім қабылдайды;

      12) банкті төлем жасауға қабілетсіз банктер санатына жатқызу туралы шешім қабылдайды;

      13) банкті төлем жасауға қабілетсіз банктер санатынан шығару туралы шешім қабылдайды;

      14) банкті консервациялау режимін енгізу, банктің депозиторлары мен кредиторларының талаптарын қанағаттандыруға мораторий енгізу, төлем жасауға қабілетсіз банкті реттеу шараларын қабылдау сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын консервациялау туралы шешім қабылдайды;

      15) мына:

      банктің ірі қатысушысына, банк холдингіне не банктің, банк холдингінің ірі қатысушысының белгілері бар тұлғаға тиесілі банктің акцияларын сенімгерлік басқаруды бекіту;

      сапасы және өтімділігі бойынша жіктелуін ескере отырып есептелген активтердің құны және міндеттемелер арасында теріс айырма анықталған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының акционерлеріндегі акцияларды мәжбүрлеп сатып алу және осы акцияларды сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша барлық міндеттемелерді орындауға кепілдік беретін талаптармен сатып алуға ниет білдірген жаңа инвесторға сату;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысына, сақтандыру холдингіне не сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының, сақтандыру холдингінің белгілері бар тұлғаға тиесілі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын сенімгерлік басқаруды тағайындау;

      ірі қатысушыға не инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының белгілері бар тұлғаға тиесілі инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын сенімгерлік басқаруды тағайындау туралы мәселе бойынша шешім қабылдайды;

      16) егер қолданылған шаралар банктің қаржылық жай-күйін жақсартуға әкелмеген жағдайда, банк кредиторларының мүдделерін қорғау және Қазақстан Республикасы банк жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында:

      Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен, банктің қаржылық жай-күйін жақсарту және банктің пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді орындауы үшін қажетті мөлшерде жариялаған акцияларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің не ұлттық басқарушы холдингтің сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады;

      банкте капиталдың теріс мөлшері болған кезде банктің қаржылық жай-күйін қажетінше жақсартуға кепілдік беретін жаңа инвесторға сатып алу бағасы бойынша міндетті түрде кейіннен дереу өткізу талабымен банктің акцияларын мәжбүрлеп сатып алуды жүзеге асырады;

      17) қаржы нарығының активтерін бағалы қағаздар ретінде тану туралы шешім қабылдайды;

      18) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақы шамасын жыл сайын бекітеді;

      19) Қазақстан Республикасының заңнамасымен және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жарғысымен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерінің (жалғыз акционерінің) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылатын мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес туралы ережені және оның құрамын бекітеді;

      20) Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Үкіметімен немесе заңды тұлғалармен жасасатын сенімгерлік басқару туралы шарттар негізінде активтерді сенімгерлік басқаруға қабылдау туралы шешім қабылдайды;

      21) банктік депозиттік сертификаттарды шығару және олардың айналысы қағидаларын бекітеді;

      22) Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының құзыретіне жатқызылған, Ұлттық Банк туралы заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы Ұлттық Банк туралы заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында және Ережеде айқындалған Қазақстан Ұлттық Банкінің құзыретіне кіретін кез келген мәселені қарауға және сол бойынша шешім қабылдауға құқылы.

      Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде бір рет өткізіледі. Басқарма отырыстарын Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы, ол болмаған жағдайда, оның орнындағы адам жүргізеді.

      Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының жұмыс тәртібі оның регламентінде айқындалады.

      Ескертк. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 12.12.2018 № 803 Жарлығымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      24. Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесі (Директорат) Қазақстан Ұлттық Банкінің жедел басқару органы болып табылады және Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы мен Төрағасының (немесе оның орынбасарларының) құзыретіне кіретін мәселелерді қоспағанда, Қазақстан Ұлттық Банкінің құзырындағы мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      Директорлар кеңесінің құрамына Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы, оның орынбасарлары, Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының ұсынуымен Қазақстан Ұлттық Банкі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары кіреді. Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесінің құрамын Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы бекітеді.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесінің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде бір рет өткізіледі. Директорлар кеңесінің отырыстарын Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы, ал ол болмаған жағдайда, оның орнындағы адам жүргізеді.

      Директорлар кеңесі өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша қаулылар қабылдайды. Директорлар кеңесінің жұмыс тәртібі оның регламентінде айқындалады.

      Қазақстан Ұлттық Банкі Директорлар кеңесінің өкілеттіктері:

      1) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Қазақстан Ұлттық Банкінің құрылымы негізінде Қазақстан Ұлттық Банкінің орталық аппараты бөлімшелерінің, филиалдарының және өкілдіктерінің құрылымын, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкі ұйымдарының жарғыларын бекітеді;

      2) Қазақстан Ұлттық Банкінің ішкі аудит және қауіпсіздік бөлімшелерінің есептерін қоспағанда, орталық аппараты бөлімшелерінің, филиалдарының және өкілдіктерінің істелген жұмысы туралы есептерін тыңдайды;

      3) Қазақстан Ұлттық Банкінің ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру, атауын және құқықтық мәртебесін өзгерту, жарғылық капиталын ұлғайту не азайту, тарату және иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды;

      4) Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдары мен өкілдіктерін ашу және жабу туралы шешім қабылдайды;

      5) Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының қарауына енгізілетін мәселелерді қажеттілігіне қарай алдын ала қарайды;

      6) Қазақстан Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары үшін:

      тізбесін, нысандарын және мерзімдерін қоса алғанда, қаржылық есептілікті ұсыну тәртібін;

      бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері жөніндегі құқықтық актілерді;

      бухгалтерлік есептің үлгі шот жоспарын;

      Қазақстан Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдарының бірыңғай есеп саясатын қолдану тәртібін;

      еншілес ұйымдардың мүлкін түгендеу тәртібін;

      еншілес ұйымдардың қаржылық есептілігі деректерінің айқындығы мен дәйектілігіне байланысты мәселелер жөніндегі өзге де актілерді бекітеді;

      7) "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мынадай актілерін мақұлдайды:

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнында банкноттық өнімдерді, қатаң есептілік бланкілерін, акциздік маркалар мен басып шығарылатын өзге өнімдерді шығару үшін пайдаланылатын фотоформаларды, офсетті және интаглио мөр нысандарын, шаблондарды, түс ажыратқыштарды, клишені, мөртабандарды жасау, есепке алу, қозғалысы, сақтау және жою қағидалары;

      банкноттардың басып шығару алдындағы материалдарды жасауды ұйымдастыру және оларды өндіріске жіберу қағидалары;

      технологиялық қажеттілікке арналған банкнот қағаздарының қалдықтарын, зауыттық ақауы бар банкнот қағазын және "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнында банкнот өнімдерін жасау кезінде қолданылған тестілеу қағазын жою қағидалары;

      8) Қазақстан Ұлттық Банкіндегі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;

      9) Қазақстан Ұлттық Банкіндегі банктік шот нөмірінің құрылымын айқындайды;

      10) Қазақстан Ұлттық Банкі құрған мемлекеттік кәсіпорындар шығаратын және өткізетін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағасын келіседі немесе белгілейді;

      11) мыналарды:

      Қазақстан Ұлттық Банкінің чек кітапшасының құнын;

      жүйенің операциялық күнін ұзарту және ақша төлемі мен аударымдары жүзеге асырылмаған кезде банкаралық ақша аударымы жүйесін пайдаланушыдан алынатын төлем мөлшерін;

      жүзеге асырылатын ақша-кредит саясаты шеңберінде қаржы нарығындағы сыйақының нарықтық мөлшерлемелеріне әсер ету мақсатында ақша-кредит саясатының операциялары бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің және базалық мөлшерлеменің деңгейін белгілейді;

      12) мыналарды:

      Қазақстан Ұлттық Банкінің техникалық қызметшілері лауазымдарының тізбесін;

      Қазақстан Ұлттық Банкінің ішкі қызметінің, оның ішінде Қазақстан Ұлттық Банкіне бекітілген мүлікті пайдалануға байланысты, бюджетті (шығыстар сметасын) жасау және пайдалану, монетарлық қызмет, клиенттерге қызмет көрсету, қолма-қол ақша айналысын және эмиссиялық-кассалық операцияларды ұйымдастыру, құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету, еңбек қатынастарымен және еңбекке тікелей байланысты қатынастармен және Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының айрықша құзыретіне жатқызылмаған өзге де мәселелерге байланысты мәселелер жөніндегі актілерді;

      Қазақстан Ұлттық Банкінің бухгалтерлік есебін жүргізу, жеке және шоғырландырылған қаржылық есептілігін, оның ішінде Қазақстан Ұлттық Банкінің бухгалтерлік есебінің үлгі шот жоспарын жасау тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының бухгалтерлік есебін жүргізу және қаржылық есептілігін, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының бухгалтерлік есебінің үлгі шот жоспарын жасау тәртібін;

      Қазақстан Ұлттық Банкінің төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде төлем және өзге де құжаттарды қолдануы, Қазақстан Ұлттық Банкінің операциялық күнін ұйымдастыру және басқару, "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының төлем жүйелерінде төлем құжаттарын қабылдау және өңдеу, сондай-ақ чек кітапшаларын дайындау, есепке алу, сақтау және беру мәселелері жөніндегі актілерді;

      Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерін дайындау, келісу және бекіту тәртібін айқындайтын актілерді;

      Қазақстан Ұлттық Банкі мемлекеттік кәсіпорындарының бизнес-жоспарларын, даму жоспарларын және олардың орындалуы туралы есептерді, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкі мемлекеттік кәсіпорындарының аудиторлық ұйым растаған жылдық қаржылық есептілігін;

      бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін мемлекеттің тазартылған алтынды сатып алуға басым құқығын іске асыру шеңберінде сатып алынатын тазартылған құйма алтын бағасына дисконттың мөлшерлемелерін (сапасы үшін шегерімдер және жеңілдік);

      Қазақстан Ұлттық Банкі ұсынатын қызметтер үшін ақы түрлерін және мөлшерлерін;

      Қазақстан Ұлттық Банкі құрған мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісін бөлу қағидаларын;

      Қазақстан Ұлттық Банкі құрған мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін бизнес-жоспарлау жөніндегі қағидаларды;

      Қазақстан Ұлттық Банкі қызметкерлерінің қызметтік іссапарлары туралы қағидаларды бекітеді;

      13) банктің уақытша әкімшілігінің (уақытша әкімшісінің) банк активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізуін келіседі.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесі Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының айрықша құзыретіне жатпайтын кез келген өзге де мәселені қарауға және ол бойынша шешім қабылдауға құқылы.

4-тарау. Қазақстан Ұлттық Банкінің мүлкі

      25. Қазақстан Ұлттық Банкі өз балансындағы мүлікті Қазақстан Ұлттық Банкінің құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.

      26. Қазақстан Ұлттық Банкінің капиталы және резервтері жарғылық және резервтік капиталдардан, қайта бағалау шоттарынан, провизиялардан (резервтерден) тұрады. Жарғылық және резервтік капиталдарды, қайта бағалау шоттарын, провизияларды (резервтерді) қалыптастыру Ұлттық Банк туралы заңға сәйкес жүзеге асырылады.

5-тарау. Қазақстан Ұлттық Банкін қайта ұйымдастыру және тарату

      27. Қазақстан Ұлттық Банкін қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      28. Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының тиісті заңын қабылдау арқылы таратылуы мүмкін. Қазақстан Ұлттық Банкі таратылған жағдайда, оның мүлкі Қазақстан Республикасының тиісті заңында көрсетілген құқықтық мирасқорына беріледі.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2003 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1271 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Ұлттық Банкінің
ҚҰРЫЛЫМЫ

      Ескерту. Құрылым жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 12.12.2018 № 803 Жарлығымен.

      1. Орталық аппарат:

      1. Зерттеулер және статистика департаменті

      2. Төлем балансы және валюталық реттеу департаменті

      3. Монетарлық операциялар департаменті

      4. Банктерді қадағалау департаменті

      5. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті

      6. Қаржылық тұрақтылық департаменті

      7. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті

      8. Заң департаменті

      9. Бухгалтерлік есеп департаменті

      10. Төлем жүйелері департаменті

      11. Ішкі аудит департаменті

      12. Үйлестіру департаменті (Астана қаласы)

      13. Халықаралық ынтымақтастық департаменті

      14. Ақпараттық қауіп және киберқорғау басқармасы

      15. Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасы

      16. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы

      17. Тәуекелдер басқармасы

      18. Ақпараттық технологиялар басқармасы

      19. Қызметкерлермен жұмыс жүргізу басқармасы

      20. Ұйымдастыру жұмысы және бақылау басқармасы

      21. Жоспарлау және бюджет басқармасы

      22. Монетарлық операцияларды есепке алу басқармасы

      23. Операциялық басқарма

      24. Қауіпсіздік басқармасы

      25. Шаруашылық басқармасы

      26. Мемлекеттік құпияларды қорғау басқармасы

      2. Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдары:

      1. Орталық филиал (Астана қаласы)

      2. Алматы қалалық филиалы

      3. Алматы облыстық филиалы

      4. Ақмола филиалы

      5. Ақтөбе филиалы

      6. Атырау филиалы

      7. Шығыс Қазақстан филиалы

      8. Жамбыл филиалы

      9. Батыс Қазақстан филиалы

      10. Қарағанды филиалы

      11. Қостанай филиалы

      12. Қызылорда филиалы

      13. Маңғыстау филиалы

      14. Павлодар филиалы

      15. Солтүстік Қазақстан филиалы

      16. Түркістан филиалы

      17. Шымкент филиалы

      18. Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығы (филиал)

      3. Қазақстан Ұлттық Банкінің ұйымдары:

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны

      2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны

      3. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2003 жылғы 31 желтоқсандағы
N 1271 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң күшi жойылды деп танылған кейбiр Жарлықтарының тiзбесi

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 11 тамыздағы N 188 Жарлығы .

      2. "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 11 тамыздағы N 188 Жарлығына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 20 мамырдағы N 400 Жарлығы .

      3. "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 11 тамыздағы N 188 Жарлығына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 18 сәуiрдегi N 587 Жарлығы .

      4. "Қаржы рыногын мемлекеттiк реттеудiң бiрыңғай жүйесiн ұйымдастыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 11 шiлдедегi N 654 Жарлығының 4-тармағы.

      5. "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 11 тамыздағы N 188 Жарлығына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 21 тамыздағы N 668 Жарлығы .

      6. "Қазақстан Республикасының қаржы нарығын мемлекеттiк реттеудiң бiрыңғай жүйесiн ұйымдастыру мәселелерi" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 17 мамырдағы N 872 Жарлығының 3-тармағы.

      7. "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 11 тамыздағы N 188 Жарлығына толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 15 тамыздағы N 924 Жарлығы .

      8. "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 11 тамыздағы N 188 Жарлығына толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 29 желтоқсандағы N 1009 Жарлығы .