Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 19 наурыздағы N 1042 Жарлығы

Жаңартылған

"Актілер жинағында" және  
республикалық баспасөзде  
жариялануға тиіс      

      Қазақстан Республикасы Конституциясының  44-бабының  20) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының  33-бабының  1-тармағына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қoca берiлiп отырған:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегi комиссия туралы ереже;
      2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөніндегi комиссияның құрамы бекiтілсiн.

      2. "Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Адам құқығы жөнiндегi комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 22 сәуiрдегi N 3470  Жарлығының  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 16, 128-құжат; 1998 ж., N 17, 147-құжат; 2000 ж., N 17, 167-құжат; 2001 ж., N 36-37, 463-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы   
Президентiнiң        
2003 жылғы 19 наурыздағы  
N 1042 Жарлығымен     
БЕКIТIЛГЕН          

  Қазақстан Республикасы Президентiнің жанындағы
Aдам құқықтары жөніндегi комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - Комиссия) Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының  Конституциясына  сәйкес танылатын және кепілдiк берiлетiн адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлi ретiндегi өзiнiң конституциялық өкілеттiктерiн iске асыруына жәрдемдесетiн консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.
      Комиссия қызметiн үйлестiрудi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы жүзеге асырады. 
       Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентiнiң 2004.03.30. N 1325   жарлығымен .  

      2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының  Конституциясы  мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысы өкімдерін, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады. 
       Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентiнiң 2004.03.30. N 1325   жарлығымен .

      3. Комиссияның негiзгi міндеттерi:
      1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлi ретiндегi өзiнiң конституциялық мәртебесiн iске асыруы үшiн жағдай жасау;
      2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау тетiгiн жетілдiруге жәрдемдесу;
      3) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөніндегi қызметiне жәрдемдесу;
      4) адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы мемлекеттiк саясат тұжырымдамалары мен бағдарламаларын әзiрлеуге қатысу;
      5) адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесу болып табылады.

      4. Комиссияның құзыретi:
      1) Мемлекет басшысына және тiкелей Комиссияға жолданған Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiк азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ ұйымдардың адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактiлерi туралы ақпарат бар өтiнiштерiн қарайды;
      2) Мемлекет басшысының атына Қазақстан Республикасында адамның және азаматтың құқықтарының сақталуы туралы жыл сайынғы және арнаулы баяндамалар әзiрлейдi. Бұл баяндамалар баспасөзде жариялануы мүмкiн;
      3) Комиссияның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, өзге де ұйымдардың және азаматтардың ұсыныстарын қарайды;
      4) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау тетiгiн жетілдiру туралы ұсыныстар әзiрлейдi және оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзедi;
      5) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау мәселелерiн қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасына талдау жасайды, осы мәселелердi реттейтiн заң жобаларын әзiрлеуге қатысады;
      6) адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттар бойынша талдау материалдарын, сараптау-ұсынымдық қорытындылар мен ұсыныстар дайындайды;
      7) адам құқықтары жөнiндегi халықаралық ұйымдардың, басқа да үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының жұмысына қатысады.

      5. Комиссия өз өкілеттiктерін жүзеге асыру кезінде мемлекеттiк билiк органдарымен, үкіметтiк емес құқық қорғау ұйымдарымен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен белгiленген тәртiппен өзара iс-қимыл жасайды.
      Комиссия адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында құқық қорғау органдарымен, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлмен өзара iс-қимыл жасайды.

      6. Комиссия өзiне жүктелгeн мiндеттердi iске асыру мақсатында:
      1) мемлекеттiк органдардан, сондай-ақ ұйымдар мен лауазымды адамдардан қажеттi мәлiметтердi, құжаттар мен материалдарды сұратып алуға;
      2) өз отырыстарында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты мәселелер жөнiнде мемлекеттiк органдардың тиiстi лауазымды адамдарының ақпаратын тыңдауға;
      3) уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың адамның және азаматтың құқықтарының бұзылуы туралы мәлiметтi тексеруiне бастамашылық жасауға;
      4) жекелеген жұмыстарды жүзеге асыру үшiн белгiленген тәртiппен ғалымдар мен мамандарды тартуға;
      5) адамның және азаматтың негiзгi құқықтары мен бостандықтарын сақталуына байланысты мәселелердi талқылау үшiн Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң, сондай-ақ өзге де мемлекеттердiң адам құқықтары жөнiндегi комиссияларымен және басқа да осындай құрылымдарымен ынтымақтастық жасауға құқылы.

      7. Комиссияның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша оның мүшелерiнiң заңнамада белгіленген тәртiппен мемлекеттiк билiк органдарына, сондай-ақ мемлекеттiк ұйымдарға баруға құқығы бар.

      8. Комиссияның отырыстарында қабылданатын және Қазақстан Республикасы Президентiнiң назарына жеткiзiлетiн ұсынымдар мен қорытындылар оның шешiмдерi болып табылады.
      Комиссияның ұсынымдары мен шешiмдерi оның отырысқа қатысқан мүшелерi санының жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда отырыста төрағалық етушi жақтап дауыс берген шешiм қабылданған болып саналады.

      9. Комиссияның өз өкiлеттiгi шеңберiнде қабылдаған ұсынымдары мен қорытындылары мәселенi шешу құзыретiне кiретiн тиiстi мемлекеттiк органға жолданады.
      Комиссияның ұсынымдары мен қорытындыларын алған мемлекеттiк орган мен оның лауазымды адамдары белгіленген мерзiмде оларды қарауға және қабылданған шешiм туралы оған хабарлауға мiндеттi.

      10. Комиссия Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысы ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Комиссия төрағасынан, хатшысы мен мүшелерiнен тұрады. <*>
      Комиссия төрағасы мен мүшелерi оның жұмысына қоғамдық негiзде қатысады.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентiнiң 2004.03.30. N 1325   жарлығымен .

      11. Комиссия төрағасы Комиссияға жалпы басшылықты жүзеге асырады, Комиссия хатшысы мен мүшелерiне тапсырмалар бередi, оның отырыстарының күн тәртiбiн белгiлейдi, Комиссияның қызметтiк құжаттарына, ұсынымдары мен қорытындыларына қол қояды, адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты кеңестерге қатысады, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысының келiсуiмен Қазақстан Республикасының Президентiне Комиссия қызметiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi. <*>
      Комиссия төрағасы орнында болмағанда, Комиссияның қызметтік құжаттарына, ұсынымдары мен қорытындыларына оның хатшысы қол қояды.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентiнiң 2004.03.30. N 1325   жарлығымен

      12. Комиссияның отырыстарын оның төрағасы қажетiне қарай, бiрақ тоқсанына кемiнде бiр рет шақырады. Комиссия отырыстарына оның мүшелерiнiң жартысынан астамы қатысса, құқылы болып саналады.
      Комиссия төрағасы орнында болмағанда, оның отырыстарында Комиссия хатшысы төрағалық етедi.

      13. Комиссияның қызметiн ақпараттық-талдау және ұйымдық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Ішкі саясат бөлімі жүзеге асырады.
      Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі адам құқықтары мәселелерi құзырында болатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасының әкiмдерi аппараттарының лауазымды адамдарына ұйымдастыру-әдiстемелiк, ақпараттық және өзге де көмек көрсетедi.
       Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.04.24  N 576  Жарлығымен.

      14. Сараптама-талдау зерттеулерiн жүргiзу үшiн Комиссия жанынан ғылыми мекемелер, бiлiм беру ұйымдары мен үкіметтiк емес ұйымдар өкілдерiнен қоғамдық негiзде жұмыс iстейтiн сарапшылық кеңес құрылады. Сарапшылық кеңес құрамы Комиссия отырысында бекiтiледi.

Қазақстан Республикасы  
Президентiнiң      
2003 жылғы 18 наурыздағы 
N 1042 Жарлығымен    
БЕКIТIЛГЕН        

  Қазақстан Республикасы Президентiнің жанындағы
Адам құқықтары жөніндегi комиссияның
ҚҰРАМЫ 

       Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді - ҚР Президентiнiң
2004.03.30 N  1325 ,   2005.05.30 N  1582 ,   2006.05.30 N   128 ,
2007.01.08 N  238 , 2008.04.24  N 576  Жарлықтарымен.

Тұрсынов                - Қазақстан Республикасы Парламенті
Сағынбек Тоқабайұлы       Мәжілісінің депутаты (келісім
                          бойынша), Комиссия төрағасы,

Әбішев                  - Қазақстан Республикасы Президенті
Тастемір Дәуітұлы         Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің
                          сектор меңгерушісі, Комиссия хатшысы

Комиссия мүшелерi:

Дербiсәлi Әбсаттар      - бас мүфти, Қазақстан мұсылмандары Дiни
                          басқармасының төрағасы (келiсiм бойынша)

Сапарбаев               - Қазақстан Республикасы Еңбек және
Бердібек Машбекұлы        халықты әлеуметтік қорғау министрі

Мартынов Леонид         - Қазақстан Кәсiподақтары Федерациясы
Николаевич                төрағасының орынбасары (келiсiм бойынша)

Нұрғалиева              - Алматы заң академиясының ректоры
Еңлік Нұрғалиқызы         (келісім бойынша)

Есполов                 - Қазақ ұлттық аграрлық университетінің
Тілектес Исабайұлы        ректоры (келісім бойынша)

Сұлтанов                - Қазақстан Республикасы Парламенті
Қуаныш Сұлтанұлы          Сенатының Халықаралық қатынастар,
                          қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі
                          комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

Нәбиева                 - "ЖАРИА" қоғамдық бірлестігінің директоры
Гүлзи Әскенқызы           (келісім бойынша)

Нәрікбаев               - Қазақстан Республикасы Парламенті
Мақсұт Сұлтанұлы          Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палата
                          төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

Нұрбаев                 - адвокат, Шығыс Қазақстан облыстық
Герман Кәрімұлы           адвокаттар алқасының мүшесі (келісім бойынша)

Ахметжанова             - "Ардагер" қоғамдық бірлестігінің
Баян Теміртасқызы         төрайымы (келісім бойынша)

Байжанов                - "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ-ның вице-президенті
Ұлан Сапарұлы             (келісім бойынша),

Фокина                  - "Алматы-Хельсинки комитеті" қоғамдық
Нинель                     бірлестігінің төрайымы (келісім
Константиновна             бойынша)

Балиева                 - Қазақстан Республикасы Әділет министрі
Зағипа Яхияқызы              

Жарбосынова             - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер
Мәдина Бинешқызы          министрлігінің ерекше тапсырмалар
                          жөніндегі елшісі

Мефодий (Немцов         - Қазақстандағы Астана және Алматы Орыс
Николай Федорович)        православие шіркеуінің митрополиті
                          (келісім бойынша)

Смолин                  - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
Анатолий Сергеевич        қадағалау алқасының төрағасы

Меркель                 - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының
Иоган Давидович           бірінші орынбасары,

Воронов                 - "Алматы заң корпорациясы" қоғамдық
Виталий Иванович          бірлестігінің президенті (келісім бойынша)

Жолдасбаева             - Қазақстан Республикасы Парламенті
Нұрлығайым Шалданқызы     Сенатының Экономикалық және өңірлік
                          саясат жөніндегі комитетінің төрайымы
                          (келісім бойынша)

Самақова                - Қазақстан Республикасы Парламенті
Айткүл Байғазықызы        Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)

Шпекбаев                - Қазақстан Республикасы Ішкі істер
Алик Жатқамбайұлы         вице-министрі