Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңын іске асыру мақсатында қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси қызметшілері антының мәтіні мен ант беру тәртібі бекітілсін (қоса беріліп отыр).
2. Мемлекеттік саяси қызметшілер мынадай ретпен ант береді деп белгіленсін:
1) Қазақстан Республикасының Президентіне - республиканың Премьер-Министрі мен өзге де Үкімет мүшелері; республиканың Мемлекеттік хатшысы; Президент Әкімшілігінің Басшысы мен оның орынбасарлары; республика Президентінің көмекшілері, кеңесшілері; республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшылары; облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша:
- республиканың Премьер-Министріне - Премьер-Министр Кеңсесі Басшысы, оның бірінші орынбасары және орынбасарлары; министрлердің бірінші орынбасарлары және орынбасарлары; министрліктердің жауапты хатшылары; Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың басшылары, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары; Үкімет құрамына кірмейтін агенттіктердің жауапты хатшылары;
- республиканың Мемлекеттік хатшысына - Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, оның орынбасары, хатшысы және Орталық сайлау комиссиясының мүшелері; Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі республика есеп комитетінің мүшелері;
- Президент Әкімшілігінің Басшысына - Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары, Президенттің арнаулы өкілдері; республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары; республика Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасарлары; Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының директоры мен оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайының директоры мен оның орынбасарлары; республика Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлары; республика Президенті Іс басқармасының Медицина орталығының бастығы, оның орынбасарлары; республика Президенті Іс басқармасы аппаратының басшысы;
- облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне - олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары; төмен тұрған әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдері; облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың әкімдері аппараттарының басшылары;
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет iстерi агенттiгiнiң Төрағасына - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет iстерi агенттігі аумақтық органдарының басшылары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттігінiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы тәртiптiк кеңестерiнiң төрағалары;
- Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министріне - республиканың төтенше және өкілетті елшілері.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.06.30. N 1598 (2005 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.11.27. N 446 , 2007.12.28. N 501 (2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді) Жарлықтарымен.
3. Республика Премьер-Министрі мен өзге де Үкімет мүшелері антының мәтіні мен ант беру тәртібі "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Конституциялық заңмен , сондай-ақ республика Президентінің тиісті актімен белгіленеді.
4. Парламент Палаталары аппараттарының басшылары мен олардың орынбасарлары ант беретін лауазымды тұлғаны Парламент Палаталарының бюросы айқындайды.
4-1. Жоғарғы Сот аппаратының басшысы, оның орынбасарлары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына немесе оның тапсырмасы бойынша өзге лауазымды тұлғаға Ант береді.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі аппаратының басшысы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасына немесе оның тапсырмасы бойынша басқа лауазымды тұлғаға Ант береді.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті аппаратының жетекшісі Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасына немесе оның тапсырмасы бойынша басқа лауазымды тұлғаға Ант береді.
Ескерту. 4-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2007.12.28. N 501 (2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді) Жарлығымен.
5. Антты бұзу мемлекеттік саяси қызметшінің қызметінен босатылуына алып келеді деп белгіленсін.
5-1. Мемлекеттiк қызметтi тоқтатқан адамдар мемлекеттiк саяси қызметке қайтадан кiре отырып, антты қайта қабылдайды. <*>
Ескерту. 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2004.08.03. N 1415 жарлығымен .
5-2. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік әкімшілік қызметтен мемлекеттік саяси қызметке ауысқан кезде Ант қабылдайды.
Ескерту. 5-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2007.12.28. N 501 (2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді) Жарлығымен.
5-3. Мемлекеттік саяси қызметшілер мемлекеттік әкімшілік қызметке ауысқан жағдайда, сондай-ақ басқа мемлекеттік саяси лауазымдарға тағайындалған немесе сайланғанда, Қазақстан Республикасының Президентіне Ант беруді көздейтін жағдайларды есептемегенде, қайталап Ант беруден босатылады.
Ескерту. 5-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2007.12.28. N 501 (2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді) Жарлығымен.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Ескерту. Жарлық өзгерді - ҚР Президентінің 2001.11.13. N 720 жарлығымен .
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2000 жылғы 13 сәуірдегі
N 372 Жарлығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы мемлекеттік саяси қызметшілерінің
АНТЫ
Қазақстан Республикасының халқы мен Президенті алдында өз Отаным - Қазақстан Республикасын экономикалық және рухани дамыту ісіне барша күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімді заңдылық пен әділеттілік, азаматтық және ұлтаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен әлемдік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін. Ант етемін.
________________________________
(жеке өз қолы)
______________________________
(күні)
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2000 жылғы 13 сәуірдегі
N 372 Жарлығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы мемлекеттік саяси қызметшілерінің
Ант беру тәртібі
Ескерту. Ант беру тәртібіне өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.12.28. N 501 (2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді) Жарлығымен.
Салтанатты ант беру рәсімі ресми рәсімдер мен қабылдауларға арналған тиісті қызметтік ғимараттың залында өткізіледі.
Ант беру кезінде болуға тиісті міндетті атрибуттар - Қазақстан Республикасының Елтаңбасы мен Жалауы .
Салтанатты ант беру рәсімі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталады.
Ант беретін адам Қазақстан Республикасының Конституциясы қойылған мінберге шақырылады да оған қолын қойып тұрып, Анттың мәтінін айтады немесе оқып береді, содан кейін оған қол қойып, Ант қабылдаған лауазымды тұлғаға табыс етеді.
Залға Ант беретін мемлекеттік саяси қызметшіден басқа өзге де лауазымды тұлғалар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.
Тиісінше ресімделген және мемлекеттік әрі орыс тілдерінде басылған Анттың мәтіні Ант берушінің қалауы бойынша осы тілдердің бірінде айтылады.
Ант бергеннен кейін Антты қабылдаған лауазымды тұлға қысқаша құттықтау сөз сөйлейді.
Ант беру рәсімі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік гимнінің орындалуымен аяқталады, оны қатысушылар түрегеп тұрып тыңдайды.