Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестациядан өткізу ережелерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 21 қаңтардағы N 327 Жарлығы

Жаңартылған

     "Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңына сәйкес қаулы етемін:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестациядан өткізу ережелері бекітілсін.
      2. "Мемлекеттік қызметшілерді аттестациядан өткізудің тәртібі мен шарттары туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 20 тамыздағы N 3088 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 30, 268-құжат) күші жойылған деп танылсын.
      3. Осы Жарлық 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы     
Президентінің         
2000 жылғы 21 қаңтардағы    
N 327 Жарлығымен        
бекітілген            

Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестациядан
өткізу ережелері

      Ескерту. 17-тармақты қоспағанда, бүкіл мәтін бойынша "Мемлекеттік органның басшысы", "мемлекеттік органның басшысы", "мемлекеттік орган басшысының", "мемлекеттік орган басшысы", "мемлекеттік орган басшысына", "Мемлекеттік орган басшысының" деген сөздер "Осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлға", "осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлға", "осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлғаның", "осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлға", "осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлғаға", "Осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлғаның" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.11.27. N 446 Жарлығымен.
 

  1. Жалпы ережелер

      Осы Ережелер Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін аттестациядан өткізу тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестациялау (бұдан әрі - қызметшілер) - олардың кәсіби даярлығы деңгейін, құқықтық мәдениетін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін айқындау жөнінде оқтын-оқтын жүзеге асырылатын рәсім.

      2. Аттестациялау кезінде негізгі бағалау өлшемі қызметшілердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті болып табылады.

      3. Аттестациялауға, жүкті әйелдерді қоспағанда, барлық қызметшілер жатады.

      4. Қызметшiлер мемлекеттiк қызметте болған әрбiр кезектi үш жыл өткен сайын, бiрақ осы лауазымға орналасқан күннен бастап кемiнде алты ай өткеннен кейiн мерзiмде, аттестациядан өтедi.
      Бұл ретте аттестация аталған мерзiм басталған күннен бастап алты айдан аспайтын мерзiмде өткiзiлуге тиiс.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2001.05.11. N 605 жарлығымен.

      5. Мемлекеттік қызметке тұңғыш рет немесе мемлекеттік қызмет стажындағы үзіліспен кірген қызметшілер, мемлекеттік қызметте үзіліссіз болудың үш жылы өткен мерзімде, осы Ережелердің 4-тармағында белгіленгеніндей аттестациядан өтеді.
      Бұл ретте мемлекеттiк қызметшiнiң бiр мемлекеттiк органнан жұмыстан шыққан күнiнен бастап, басқа мемлекеттік органға қызметке тағайындалған күнiне дейiн 3 ай өтпеген және оның аталған кезеңде өзге заңды (мемлекеттiк органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынастары болмаған жағдайда, мемлекеттiк қызмет өткеру үзiлiссiз болып саналады.
      Ескерту. 5-тармақ толықтырылды - ҚР Президентінің 2001.05.11. N 605 жарлығымен .

      5-1 Аттестация өзiне бiрқатар дәйектi кезеңдi қамтиды:
      1) аттестация өткiзуге дайындық;

      2) мемлекеттiк қызмет icтеpi жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аттестациялануға тиiс қызметшiнiң сынақтан өтуi;

      3) аттестация комиссиясының қызметшiмен әңгіме жүргiзуi;

      4) аттестация комиссиясының шешiм шығаруы. <*>
      Ескерту. 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2003.04.21. N 1071 жарлығымен .

      5-2. Қызметшілердің аттестациядан өту мәселелерін аттестациялануға тиіс қызметшілерді қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға құқығы бар лауазымды тұлға шешеді.
      Орталық атқарушы органда, еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметшілерді қоспағанда, орталық атқарушы орган қызметшілерінің аттестациядан өту мәселелерін орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға, ал орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе көрсетілген лауазымды тұлға болмаған жағдайда - орталық атқарушы органның басшысы шешеді.
      Бұл ретте орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға аумақтық органдар басшыларының және басшылары орынбасарларының аттестациядан өту мәселелерін шешеді.
      Жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орталық атқарушы орган қызметшілерінің аттестациядан өту мәселелерін жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар шешеді.
      Ескерту. 5-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2007.11.27 N 446 Жарлығымен, өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.11.16 N 435 (қолданысқа енгізілe тәртібін 3-т. қараңаз) Жарлығымен.

2. Аттестация өткізуге дайындықты ұйымдастыру

      6. Аттестация өткізуге дайындықты, осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлғаның тапсырмасы бойынша кадр қызметі ұйымдастырады.

      Аттестация өткізуге дайындық мынадай шараларды қамтиды:

      1) аттестациядан өтушіге қажетті құжаттарды дайындау;

      2) аттестация өткізудің кестесін әзірлеу;

      3) аттестация комиссияларының құрамын айқындау;

      4) аттестация өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру.

      5) мемлекеттiк қызмет істерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшелерiмен сынақ мерзiмдерi және оны өткiзетiн орны туралы келiсу. <*>
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2003.04.21. N 1071 , 2007.11.27. N 446 Жарлықтарымен.

      7. Мемлекеттік органның кадр қызметі алты ай ішінде бір рет осы Ережелердің 4-тармағына сәйкес аттестациялануға тиіс қызметшілерді айқындайды.

      8. Осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлға кадр қызметінің ұсынуымен аттестациялануға тиіс қызметшілердің тізімі бекітілген, аттестация өткізу мерзімі және аттестация комиссиясының құрамы, сондай-ақ оның жұмыс кестесі белгіленетін бұйрық шығарады.

      9. Кадр қызметі аттестация өткізу мерзімі туралы оны өткізудің басталуына кемінде бір ай қалғанда қызметшілерді жазбаша хабардар етеді.

      10. Аттестациялануға тиіс қызметшінің тікелей басшысы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қызметтік мінездемені ресімдеп, оны кадр қызметіне жолдайды.

      11. Қызметтік мінездеме аттестацияланушы қызметшінің мемлекеттік қызметте үзіліссіз екі жыл болуы мен осыдан кейін осы Ережелердің 4-тармағына сәйкес өткізіліп отырған аттестацияға дейін өткен мерзімнен тұратын кезең ішіндегі кәсіби, жеке басының қасиеттері мен қызметтік іс-әрекеті нәтижелерінің негізделген бағасын қамтуға тиіс.

      12. Кадр қызметі қызметшіні аттестация комиссиясының отырысына дейін үш апта мерзімнен кешіктірмей оған берілген қызметтік мінездемемен таныстыруға міндетті.

      13. Қызметші өзіне берілген қызметтік мінездемемен өзінің келіспейтіні туралы мәлімдеме жасауға және өзін сипаттайтын ақпаратты кадр қызметіне беруге хақылы.

      14. Аттестацияланушы қызметшіге кадр қызметі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша аттестациялау парағын ресімдейді.

      15. Кадр қызметі жиналған аттестациялау материалдарын аттестация комиссиясына жолдайды.

3. Аттестация комиссиясы

     16. Аттестация комиссиясын кадр қызметінің ұсынысы бойынша  осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлға құрады және комиссия мүшелері мен хатшысынан тұрады. Аттестация комиссиясы мүшелерінің ішінен төраға тағайындалады.
      Ескерту. 16-тармақта орыс тіліндегі мәтінге өзгерту енгізілді, мемлекеттік тілдегі мәтін өзгермейді - ҚР Президентінің 2007.11.27. N 446 Жарлығымен.

      17. Мемлекеттік органның басшысы лауазымын атқаратын қызметшіні аттестациялауды өткізетін аттестация комиссиясын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен оны осы лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды тұлға құрады.

      18. Мемлекеттік орган жұмысының қызмет бағыттарының ерекшеліктеріне байланысты бірнеше аттестация комиссиялары құрылуы мүмкін.

      19. Аттестация комиссиясының төрағасы мен оның мүшелері аттестациялануға тиіс қызметшілерге қарағанда дәл сондай лауазым атқаруы немесе неғұрлым жоғары лауазымды атқаруға тиіс.

      20. Аттестация комиссиясының мүшелері аттестациядан жалпы негіздерде өтеді.

      21. Аттестация комиссиясының құрамына мемлекеттік органның әр түрлі бөлімшелерінің басшылары, кадр және заң қызметтерінің өкілдері, сондай-ақ өзге де мемлекеттік қызметшілер енгізіледі.

      22. Аттестация комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, құқылы деп есептеледі.

      23. Дауыс берудің нәтижесі комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен айқындалады. Дауыстар тең түскен жағдайда комиссия төрағасының даусы шешуші болып табылады.

4. Аттестацияны өткізу

      24. Аттестация комиссиясы аттестациялауы аттестацияланушы қызметшінің қатысуымен өткізеді.
      Аттестация комиссиясының отырысына дәлелді себептермен қатыспаған қызметшілер, жұмысқа шыққаннан кейін аттестациядан өтеді.
      Аттестация комиссиясының отырысына қызметші дәлелсіз себеппен келмеген жағдайда, комиссия қолда бар материалдардың негізінде оның қатысуынсыз аттестация өткізу туралы шешім қабылдауға хақылы.

      25. Аттестация комиссиясы табыс етiлген материалдарды зерделеп және сынақтан өту кезiнде лауазымдардың осы санаты үшiн уәкiлеттi орган белгiлеген шектi мәннен (бұдан әрi - шектi мән) төмен емес баға алған қызметшiмен әңгiме жүргiзiп мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес және жоғары санаттағы лауазымға орналасу үшiн кадрлар резервiне ұсынылады;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес;

      3) қайтадан аттестациялануға тиiс;

      4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейдi. <*>
      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2003.04.21. N 1071 жарлығымен .

      25-1. Сынақтан өту кезiнде шектi мәннен төмен баға алған қызметшi әңгiмелесуге жiберiлмейдi.
      Бұл peттe қызметшiге уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен қайта сынақтан өту құқығы беріледі.
      Егер қайта сынақтан өту кезiнде қызметшi тағы да шектi мәннен төмен баға алса, аттестация комиссиясы мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:

      1) қайтадан аттестациялануға тиiс;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес келмейдi. <*>
      Ескерту. 25-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2003.04.21. N 1071 жарлығымен .

      26. Аттестация комиссиясының атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы қабылдаған шешімі аттестациялаудың теріс нәтижесі болып табылады.

      27. Қызметшінің кәсіби деңгейі мен оның атқаратын лауазымына сәйкестігін бағалау үшін шешім қабылдағанға дейін аттестация комиссиясы сауалдама және топтық пікірталас әдістерін қолдануы мүмкін. <*>
      Қызметшілерді аттестациялауға осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлғаның шешімі бойынша қазақстандық және шетелдік сарапшылар, сараптау және консалтингтік ұйымдар тартылуы мүмкін.
      Ескерту. 27-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2003.04.21. N 1071 жарлығымен .

      28. Аттестация комиссиясының шешімі ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыс беру жолы аттестация комиссиясының қарауы бойынша таңдалады. Аттестация комиссиясы құрамына енген аттестациядан өтуші қызметші, өзіне қатысты дауыс беруге қатыспайды.

      29. Қайта аттестациялау бастапқы аттестация өткен күннен бастап алты ай өткеннен кейiн осы Ережеде айқындалған тәртiппен өтедi. Бастапқы аттестациялауда сынақтан өткен кезде шектi мәннен жоғары баға алған қызметшi қайта аттестациялау кезiнде әңгiмелесуге қайта сынақтан өткiзiлмей жiберіледi.
      Аттестация комиссиясы қайта аттестациялау өткiзiп, мынадай шешімдердiң бiрiн қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес келмейдi.
      Бастапқы аттестациядан өткен кезде шектi мәннен төмен баға алған қызметшіге қайта аттестациялау кезiнде сынақтан өту құқығы бiр рет қана берiледi. Қызметшi осы сынақтан өту кезiнде шектi мәннен төмен баға алса, аттестация комиссиясы қызметшінің атқаратын лауазымына сәйкес еместiгi туралы шешiм қабылдайды. <*>
      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2003.04.21. N 1071 жарлығымен .

      30. Аттестация комиссиясының шешімдері, оның мәжілісіне қатысқан аттестация комиссиясы мүшелері мен хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.

      31. Қызметші аттестация комиссиясының шешімімен таныстырылуға тиіс.

      32. Аттестация комиссиясының шешімдерін бір ай мерзімде осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлға бекітеді және олардың көшірмелерi мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкілеттi органға немесе оның аумақтық бөлiмшелерiне жолданады. <*>
      Ескерту. 32-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2003.04.21. N 1071 жарлығымен .

      33. Бекітілген аттестация комиссиясы шешімдері қызметшінің аттестациялық парағына енгізіледі.

      34. Аттестациядан өткен мемлекеттік қызметшінің аттестациялық парағы және оған берілген қызметтік мінездеме жеке ісінде сақталады.
      Аттестация комиссиясының осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлға бекіткен шешімі де қызметшінің қызмет тізіміне енгізіледі.

      35. Осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлға аттестация комиссиясының шешімін бекітпеуге және қайта аттестациялау тағайындауға құқығы бар, оның шешімі түпкілікті болып табылады. Қайта аттестациялау осы Ережелердің 29-тармағына сәйкес жүргізіледі.

      36. Осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлға бекіткен аттестацияның теріс нәтижелері, қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтату үшін негіз болып табылады.

5. Аттестациялық комиссияның шешіміне шағым беру

     37. Қызметші аттестация комиссиясының шешімін бекіту туралы  осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлғаның бұйрығына, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға немесе сотқа шағым арыз беруге құқығы бар.

     38. Осы Ережелерді бұзу жағдайлары анықталған жағдайда мемлекеттік қызмет істері жөнінде уәкілетті орган осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлғаға бұйрықты өзгерту жөнінде ұсыным жасайды.

     39. Осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлғаның бұйрықты өзгертуге және қайта аттестация тағайындауға құқығы бар. Қайта аттестациялау осы Ережелердің 29-тармағына сәйкес жүргізіледі.

     40. Осы Ережелердің 5-2-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлға екі апта ішінде уәкілетті органды қабылданған шешім туралы хабардар етеді.