"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 44-бабы 4-тармағының, 44-1-бабы 3-тармағының және "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы 1-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 21 сәуірдегі № 10 нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 44-бабы 4-тармағының, 44-1-бабы 3-тармағының және "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы 1-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі – азамат К.К. Дуйсембиевтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – депутат Е.А. Больгерттің,

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Сот әкімшілігі басшысының орынбасары А.С. Мусралиновтың,

      Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің өкілі – Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот жюриінің төрағасы А.А. Қасымовтың және Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Н.О. Сисенованың,

      "Қазақстан Республикасының Судьялар одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі – Судьялар одағының хатшысы О.М. Ташетовтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Заңнаманы талдау және ұлттық алдын алу тетігі бөлімінің меңгерушісі С.Ж. Сейтжановтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында азамат К.К. Дуйсембиевтің өтініші бойынша "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 44-бабы 4-тармағы, 44-1-бабы 3-тармағы және "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 24-бабы 1-тармағы ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Е. Жатқанбаеваның хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, халықаралық тәжірибеге және Қазақстан Республикасы мен жекелеген шет елдердің заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына азамат К.К. Дуйсембиевтің Конституциялық заңның 44-бабы 4-тармағы, 44-1-бабы 3-тармағы және Заңның 24-бабы 1-тармағы ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы өтініші келіп түсті.

      Өтініштен Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот жюриінің (бұдан әрі – Сот жюриі) 2021 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен азамат К.К. Дуйсембиевке сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылғанын түсінуге болады.

      Кейіннен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) 2021 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен ол кәсіптік жарамсыздығына байланысты атқаратын лауазымына сәйкес келмейді деп танылды.

      Сот жюриі мен Комиссияның атап өтілген шешімдерін Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі (бұдан әрі – Жоғары Сот Кеңесі) 2022 жылғы 5 мамырдағы шешімімен өзгеріссіз қалдырды.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 906 Жарлығымен Комиссия шешімінің негізінде азамат К.К. Дуйсембиев атқарып отырған судья лауазымынан босатылды.

      Азамат К.К. Дуйсембиев Жоғары Сот Кеңесінің шешіміне Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағым жасаған, ол 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 3-бабы төртінші бөлігінің 2) тармақшасына сілтеме жасай отырып, талап қоюды қайтарды, оған сәйкес Кодексте белгіленген әкімшілік рәсімдер тәртібі Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы заңнамасында реттелетін қатынастарға қолданылмайды.

      Дау айтылып отырған нормаларға сәйкес Комиссияның немесе Сот жюриінің шешіміне судья Жоғары Сот Кеңесіне шағым жасай алады.

      Өтініш субъектісі Комиссияның немесе Сот жюриінің шешімдеріне Жоғары Сот Кеңесіне ғана шағым жасаудың осы шектеу нормалары Конституцияда көзделген әркімнің сот арқылы қорғалуына іргелі құқығын іске асыруға мүмкіндік бермейді деп ойлайды.

      Өтініш нысанасына қатысты Конституциялық заңның және Заңның дау айтылып отырған нормаларының конституциялылығы туралы мәселені қараған кезде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы).

      Конституциялық Сот өзінің 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 нормативтік қаулысында атап өткендей, Конституцияның 13-бабының 2-тармағында бекітілген сот арқылы қорғалу құқығы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына негізгі кепілдік болып табылады, бұл адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру үшін сотқа жүгіну құқығын білдіреді. Бұл құқықты іске асыру заңда белгіленген негізде және тәртіппен жүзеге асырылады (Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2 нормативтік қаулысы).

      2. Қазақстан Республикасында сот төрелігін соттар ғана жүзеге асырады, олар тұрақты судьялардан тұрады (Конституцияның 75-бабының 1-тармағы және 79-бабының 1-тармағы).

      Сот қызметінің өзіндік ерекшелігі судьялар тәуелсіздігі кепілдіктерін қамтамасыз етудің, біліктілігі мен моральдық-әдеп қасиеттерінің жоғары деңгейінің қажеттілігін алдын ала айқындайды, осыған байланысты мемлекет азаматтар үшін судья лауазымдарына орналасу қағидаларын айқындауға, ерекше талаптар қоюға және тыйым салулар мен шектеулер, сондай-ақ өкілеттігін тоқтату рәсімдерін белгілеуге құқылы.

      Конституцияның 79-бабының 1-тармағында судья өкілеттігі тек қана заңда белгіленген негіздер бойынша тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін деп бекітілген. Конституциялық заңда мұндай негіздер ретінде, атап айтқанда, кәсіптік жарамсыздығына байланысты судьяның атқаратын лауазымына сәйкес келмеуі туралы Комиссияның шешімі, сондай-ақ судья тәртіптік теріс қылық жасағаны немесе Конституциялық заңның 28-бабында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін оны лауазымынан босату қажеттігі туралы Сот жюриінің шешімі (34-баптың 1-тармағының 11) және 11-1) тармақшалары) танылады.

      Судья жағдайының құқықтық тұрақтылығын қамтамасыз ету, судьяны тәртіптік жауаптылыққа тартумен және оған өзге де шаралар қолданумен байланысты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу мүдделерін негізге ала отырып, мемлекет судьяларды атқарып отырған лауазымынан босату бойынша көп сатылы іс жүргізуді белгіледі, олар бірнеше дербес кезеңдерден тұрады.

      Әр кезеңде шешімдер барлық материалдармен танысуға, түсініктеме беруге, басқа адамдарды шақыруға және өзге құжаттар ұсынуға құқығы бар судьяның өзінің қатысуымен алқалы түрде қабылданады (Заңның 23-бабының 1-тармағы).

      Конституциялық заңда және Заңда Комиссияның немесе Сот жюриінің шешімдеріне Жоғары Сот Кеңесіне шағым жасаудың ерекше тәртібі де белгіленеді, ол аталған шешімдердің күшін жоюға құқылы (Заңның 24-бабының 3-тармағы).

      Заңының 1-бабының 1-тармағына сәйкес Жоғары Сот Кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің соттарды қалыптастыру жөніндегі конституциялық өкілеттіктерін, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылатын автономиялы мемлекеттік мекеме болып табылады.

      Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2 нормативтік қаулысында судьяларға қатысты лауазымнан босатудың ерекше тәртібі айқындалды деп атап өтілген. Судья лауазымын атқаратын адамдар судья лауазымына сайлаудың, тағайындаудың және одан босатудың ерекше тәртібін белгілейтін заң алдында тең. Өкілеттікті тоқтату және лауазымнан босату негіздері барлық судья үшін ортақ және тең болып табылады және заңдарда регламенттеледі (Конституциялық Кеңестің 2004 жылғы 23 маусымдағы № 6 нормативтік қаулысы). Аталған құқықтық ұстанымдар қазіргі уақытта да өзінің маңызын сақтап тұр.

      Конституциялық Сот судья лауазымдарынан босатудың ерекше тәртібіне қарай Конституциялық заңда және Заңда белгіленген Комиссияның немесе Сот жюриінің шешімдеріне Жоғары Сот Кеңесіне шағым жасау рәсімі олардың Конституцияның 13-бабының 2-тармағында бекітілген сот арқылы қорғалу құқығына нұқсан келтірмейді деп ойлайды.

      Сонымен қатар, Конституциялық Сот Комиссияның немесе Сот жюриінің судья құқықтарын шектеуге әкеп соғатын шешімдерінің салдарын назарға ала отырып, материалдарды қарау рәсімдерінде қорғаушының қатысу мүмкіндігін және өз мүдделерін қорғаудың басқа да құралдарын пайдалану мүмкіндігін көздеген жөн деп ойлайды. Бұдан басқа, сот төрелігінің тиісті сапасын, қызмет бабында ілгерілетуді және олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында судьялардың кәсіби қызметін бағалаудың негізгі өлшемшарттарын заңнамалық реттеу маңызды болып табылады. Барлық осы шаралар судья қоғамдастығы кеңінен қатыса отырып, Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің бірлесе күш салуымен пысықталуға тиіс.

      Осы жазылғандардың негізінде, өтініш нысанасына қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 44-бабының 4-тармағы, 44-1-бабының 3-тармағы және "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының 1-тармағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына және Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне судьялардың құқықтарын неғұрлым толық қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда қамтылатын құқықтық ұстанымдарына сәйкес Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Респубикасының
Конституциялық Соты