Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері Х.Ә.Әбішев, Қ.Ж.Балтабаев, Н.В.Белоруков, В.А.Малиновский, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қ.Ахметовтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Н.Турецкийдің,
Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Д.Р.Құсдәулетовтың,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Н.Бәйішевтің,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.О.Шәкіровтің,
Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің өкілі - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Жауапты хатшысы В.К.Советскийдің қатысуымен,
өзінің ашық отырысында""Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы N 254-ІII Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің бұдан бұрын қабылданған кейбір нормативтік қаулыларын қайта қарау туралы мәселені қарады.
Баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі Н.В.Белоруковтың хабарлауын, отырысқа қатысушылардың сөздерін тыңдап, Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулыларын және өзге де конституциялық іс жүргізу материалдарын талдап, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:
"Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы N 254-ІII Қазақстан Республикасының Заңы арқылы еліміздің Негізгі Заңына елеулі тузетулер енгізілді. Конституциялық новеллаларда қоғамдық және мемлекеттік институттардың бірігіп кетуіне және қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға салынатын тыйымды алып тастау (Конституцияның 5-бабы ), өлім жазасын қолдану ауқымын шектеу (Конституцияның 15-бабы ), тек қана соттың санкциясымен тұтқындау және қамауда ұстау (Конституцияның 16-бабы ) көзделген. Конституцияға Республика Президенті сайланатын мерзімді ( 41-бап ), Парламенттің өкілеттігін, депутаттарының санын, оларды сайлау тәртібін және өкілеттігін тоқтату негіздерін ( 50-58 , 61-63-баптар) , Үкіметті ( 44, 56-баптар) , Конституциялық Кеңесті ( 57, 71-баптар) және басқа да кейбір мемлекеттік органдарды ( 57, 58-баптар) құру рәсімдерін өзгертетін түзетулер енгізілді. Негізгі Заңның сот және құқық қорғау жүйелерінің ( 75, 82, 84-баптар) , жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару ( 86, 87, 89-баптар) қызметін регламенттейтін және басқа да кейбір нормалары өзгертілді.
Конституциялық реформа негізгі қоғамдық-саяси институттар мен олардың даму келешегін түсінудегі жаңа тұжырымдамалық көзқарастарды айқындап берді. Конституцияға енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар (5, 43, 44, 51, 84, 89-баптар) , өзара байланыса келе, мемлекеттік биліктің мақсатын, мемлекет функциясының мазмұнын жаңаша түсіндіруге, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың өзара қарым-қатынасы принциптерін айқындауға, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен қатыстыруға, өзгеріп отыратын қоғамдық қатынастармен бара-бар заң нормаларын белгілеуге мүмкіндік береді.
Бұл еліміздің бүкіл нормативтік құқықтық базасын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулыларын қоса отырып, жаңартылған Конституцияға сәйкестендіруді талап етеді.
"Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 36-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Конституциялық Кеңестің шешімін ол өз бастамасы бойынша, егер Кеңес қабылданған шешімге негіз болған Конституция нормасы өзгерді деп тапқан жағдайда, қайта қарауы мүмкін.
Жүргізілген талдау көрсеткеніндей, Конституциялық Кеңестің бұдан бұрын қабылданған кейбір нормативтік қаулылары қайта қарауды талап етеді. Негізгі Заңның өзгертілген және толықтырылған нормаларына сәйкес келмейтіндері толығымен жойылуға тиіс, Конституциялық Кеңестің конституциялық новеллаларға сәйкес келмейтін жекелеген ережелерін алып тастағанда Конституция нормаларын түсіндірудің ішкі қисыны, мазмұндылығы мен мағынасы жоғалмайтын нормативтік қаулылары ішінара жойылуға тиіс. Сол арқылы, Конституциялық Кеңестің тиісті конституциялық өкілеттігі жүзеге асырыла отырып қабылданып, ішінара күші жойылып отырған қорытынды шешімдерде бекітілген құқықтық позициялардың нысаны өзгермейді және ауқымы кеңеймейді.
Жазылғанның негізінде, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 36-бабы 1-тармағының 1) тармақшасын, 2 және 3-тармақтарын, 31-33 және 40-баптарын, 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мына нормативтік қаулыларының толығымен күші жойылды деп танылсын:
1.1. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы" 1997 жылғы 29 сәуірдегі N 8/2 ;
1.2. "Парламент Мәжілісі депутатының өкілеттігін тоқтату үшін негіздер бөлігіндегі Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 1 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы" 1997 жылғы 23 мамырдағы N 12/2 ;
1.3. "Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті қабылдаған "Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы" Заңның Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы өтініші туралы" 1998 жылғы 31 шілдедегі N 5/2 ;
1.4. "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 1998 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті қабылдаған "Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы" Қазақстан Республикасының Заңын конституциялық емес деп тану жөніндегі өтініші туралы" 1999 жылғы 18 ақпандағы N 15/2 ;
1.5. "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің "Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы" Қазақстан Республикасының Заңын конституциялық емес деп тану жөніндегі өтініші туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 18 ақпандағы N 15/2 қаулысына Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылығы туралы" 1999 жылғы 29 наурыздағы N 15/3;
1.6. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабы 1-тармағын және 84-бабы 1-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2000 жылғы 26 желтоқсандағы N 23/2 ;
1.7. "Қазақстан Республикасы Конституциясы 3-бабының 3-тармағын, 6-бабының 1-тармағын, 8-бабын және 66-бабының 5) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" 2001 жылғы 12 сәуірдегі N 1/2 ;
1.8. "Қазақстан Республикасы Конституциясы 52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы" 2001 жылғы 17 мамырдағы N 7/2 ;
1.9. "Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 1 және 4-тармақтарын ресми түсіндіру туралы" 2001 жылғы 8 маусымдағы N 8/2 ;
1.10. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 16 және 83-баптарын ресми түсіндіру туралы" 2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 13 ;
1.11. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2004 жылғы 12 ақпандағы N 1 .
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мына нормативтік қаулыларының:
2.1. "Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 1-тармағын, 14-бабының 1-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын, 79-бабының 1-тармағын және 83-бабының 1-тармағын ресми түсіндіру туралы" 1997 жылғы 6 наурыздағы N 3 :
дәлелдеме бөлігінің 4-тармағының бірінші абзацы;
дәлелдеме бөлігінің 7-тармағы;
қаулы бөлігінің 4-тармағының бірінші сөйлемі;
қаулы бөлігінің 6-тармағындағы "тек қана" деген сөздер алынып тасталып;
2.2. "Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату бөлігіндегі Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы" 1997 жылғы 16 мамырдағы N 11/2 :
дәлелдеме бөлігінде "Конституцияның 52-бабының 1-тармағында Парламент депутаты қандай да болсын аманатты мандатпен байланысты емес делінген. Бұл нормалардың мәнінен шығатын жәйт, депутаттың қызметі ешқандай да аманатқа немесе тапсырмаға қатысты емес, ол жалпы мемлекеттік мүдделерді басшылыққа алады. Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" 1995 жылғы 16 қазандағы Жарлығының 24-бабының 1-тармағында: "Парламент депутаты қандай да болсын аманатты мандатпен, соның ішінде аманат немесе тапсырмамен байланысты емес және Парламентте өз сенімі бойынша дауыс береді" деп көрсетілген" деген сөздер алынып тасталып;
2.3. "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 3-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестілігі туралы" 1999 жылғы 2 шілдедегі N 12/2 :
дәлелдеме бөлігінің жетінші абзацындағы "және сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға" деген сөздер алынып тасталып;
2.4. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 1 және 5-тармақтарын, 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын және 74-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 19/2 :
дәлелдеме бөлігінің 1-тармағы;
дәлелдеме бөлігінің 3-тармағы тоғызыншы абзацының бірінші сөйлемі;
қаулы бөлігінің 1-тармағы алынып тасталып;
2.5. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағын және 63-бабының 1-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы N 6 :
дәлелдеме бөлігінің 4-тармағы;
қаулы бөлігінің 4-тармағы алынып тасталып, ішінара күші жойылды деп танылсын.
3. "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 40-бабына сәйкес, осы қаулының кері күші болмайды, сондықтан Конституциялық Кеңестің бұдан бұрын қабылданған нормативтік қаулыларының толығымен не ішінара күшін жою, Конституцияның 74-бабының 1 және 2-тармақтарына орай, конституциялық емес деп танылған заңдарға Республика Президенті қол қоюы немесе оларға заңдық күш қайтарылуы мүмкін екендігіне әкеп соқтырмайды деп белгіленсін. Қажет болған кезде мұндай заңдар Конституцияда және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау тәртібін регламенттейтін заңнамада белгіленген рәсімдерді сақтай отырып қайта қабылдануы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.
5. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасы |
Конституциялық Кеңесінің |
Төрағасы |