Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететін әлеуметтік, инженерлік-көлік инфрақұрылымын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру мақсатында:
1. Қоса беріліп отырған Жұмыспен қамтудың 2020 - 2021 жылдарға арналған жол картасы (бұдан әрі - Жол картасы) бекітілсін.
2. Жол картасының орындалуына жауапты орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері мен өзге де ұйымдар (келісу бойынша):
1) Жол картасын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
2) ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Жол картасының іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
3. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жол картасының орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін.
4. Осы өкімнің орындалуына бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелсін.
Премьер-Министр | А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 55-ө өкімімен бекітілген |
Жұмыспен қамтудың 2020 — 2021 жылдарға арналған жол картасы
Жұмыспен қамтудың 2020 - 2021 жылдарға арналған жол картасының мақсаттары мен іске асыру бағыттары
Ескерту. Бағыттарға өзгерістер енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің 14.05.2020 № 70-ө; 17.11.2020 № 144-ө өкімдерімен.
Жұмыспен қамтудың 2020 — 2021 жылдарға арналған жол картасының (бұдан әрі — Жол картасы) негізгі мақсаттары:
1) жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу;
2) қосымша жұмыс орындарын құру және кірісті қамтамасыз ету;
3) елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдай жасау.
Көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін Жол картасында мынадай жұмыс түрлері мен объектілер бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру көзделеді:
1) әлеуметтік-мәдениет объектілерін – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс объектілерін күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (сейсмологиялық қауіпті өңірлер үшін сейсмологиялық тұрғыдан күшейте отырып, күрделі жөндеуге жол беріледі);
2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері, көппәтерлі тұрғын үйлер) күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу;
3) инженерлік-көлік инфрақұрылымын (қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер, арналар, су шаруашылығы объектілері және құрылыстары) күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау;
4) елді мекендерді абаттандыру (аулаларды абаттандыру, көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесіз объектілерді бұзу, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңқайларын жайластыру).
Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия1 (бұдан әрі — ВАК) шешімінің негізінде құрылысты қоса алғанда, өзге де жұмыс түрлері мен объектілерді іске асыруға жол беріледі.
_________________
1"Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 54-ө өкімі.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру тәртібі мен шарттары
Ескерту. Тарауға өзгерістер енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің 13.05.2020 № 70-ө; 17.11.2020 № 144-ө өкімдерімен.
Жол картасының іске асырылуын үйлестіру мен мониторингтеуді ВАК жүзеге асырады.
Өңірлерде Жол картасын іске асырудың жедел мониторингін мәслихаттар депутаттарын және қоғамдық бірлестіктер өкілдерін тарта отырып, облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) әкімдерінің төрағалық етуімен жергілікті деңгейде Жол картасын іске асыруды үйлестіру және мониторингтеу жөніндегі комиссия жүзеге асыратын болады.
Комиссия функцияларына:
1) өңірде Жол картасын іске асырудың жедел мониторингі;
2) Жол картасын іске асыру барысы туралы есептер дайындау;
3) бекітілген жалпы лимиттер шеңберінде Жол картасының бағыттары бойынша қаражатты түзету және қайта бөлу жөнінде ұсыныстар әзірлеу кіреді.
Жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі - ЖАО) инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі операторлар ретінде жөндеуді және реконструкциялауды қажет ететін нақты объектілерді, қажетті қаржыландыру көлемін, мамандықтар бөлінісінде еңбек ресурстарына қажеттілікті және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мерзімдерін айқындайды.
ЖАО және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде:
1) жаңа жұмыс орындарын құруды;
2) инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) уақытша тіркеліп тұратындарды қоса алғанда, жұмыссыздарға жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша жаңадан құрылатын жұмыс орындарының кемінде 50 %-ін ұсынуды;
3) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға көзделген қаражаттың жалпы көлемінің кемінде 90 % көлемінде болған кезде отандық өндірушілерден сатып алуды, сондай-ақ инфекциялық ауруханаларды орналастыру үшін кейіннен құрылыс- монтаждау жұмыстарын жасай отырып, медициналық технологиялық жабдықтармен жиынтықта дайын модульдік конструкцияларды және коронавирус инфекциясынын таралуына қарсы күрес үшін медициналық жабдықтарды алуды;
4) ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, медициналық тексеріп-қарауды, жұмыскерлердің жиналуын және оларды жұмыс орнына дейін жеткізу үшін мобильді рекруттік пункттерді ұйымдастыруды;
5) басқа елді мекендерден келген адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша, оның ішінде алатын жалақысына қосымша тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған екі ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы материалдық көмек ("көтерме") төлеу арқылы жұмыс беруші-мердігерге конкурстық талаптарды айқындауды;
6) жұмыс беруші-мердігерлермен бірлесіп инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға тартылатын жұмыскерлердің тұратын орындарын, тамақ дайындау және тамақтану орындарын, санитариялық тораптарды санитариялық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келтіріп, тұрақты санитариялық өңдеуді және олардың қауіпсіздігін;
7) ВАК шешімінің негізінде Жол картасы шеңберінде өзге іс-шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.
ЖАО және республикалық меншіктегі объектілер бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мыналарды:
1) сараптамадан өткен объектілерді күрделі жөндеуге және реконструкциялауға жобалау-сметалық құжаттаманың болуын;
2) жобалардың шеңберінде орташа және (немесе) ағымдағы жөндеуді жүзеге асыру жоспарланған, орындалатын жұмыстар көлеміне шығыстар сметасының, сметалық құжаттаманың, ақаулық ведомосінің болуын;
3) "Мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 127 қаулысымен бекітілген мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібіне сәйкес мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдерін және тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілерден сатып алу мүмкіндіктерін;
4) елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту және жақсарту қажеттілігін;
5) инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың бірінші кезектілігі мен өзектілігін;
6) инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың басталу және аяқталу мерзімін;
7) құрылатын жұмыс орындарының санын және ұсынылған жобалар бойынша есептелген орташа айлық жалақы мөлшерін;
8) өңірдің табиғи-климаттық жағдайын және жобаларды іске асыруға әсер ететін басқа да ерекшеліктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымдық жобаларды өздері іріктейді және іске асырады.
ЖАО және республикалық меншіктегі объектілер бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жобалау-сметалық құжаттаманың, ақаулық ведомосінің, сметалық құжаттаманың, шығыстар сметасының (техникалық құжаттаманың) болуын және қолданыстағы заңнамаға сәйкес келуін қамтамасыз етеді.
Күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау коммуналдық не республикалық меншіктегі объектілер бойынша жүргізіледі.
Іріктеу кезінде барынша коп еңбекті қажетсінетін технологияларды талап ететін, барынша көп жұмыс орындарын құратын және жұмыс ұзақтығы мен жұмысқа орналастырылған жұмыссыздардың саны бойынша барынша коп жұмыспен қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық жобаларға басымдық беріледі.
Инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу кезінде ЖАО жұмыс түрлері мен объектілердің тізбесін тиісті басқару салаларындағы мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келіседі.
Инфрақұрылымдық жобаларды келісу барысында орталық мемлекеттік органдар тиісті қорытындылар дайындайды.
ЖАО инфрақұрылымдық жобаларды келіскеннен кейін аудандар/қалалар, жұмыстар түрлері мен объектілер, жобаларды іске асырудың құны мен ұзақтығы, құрылатын жаңа жұмыс орындарының жалпы саны, орташа жалақы бөлінісінде жобалардың тізбесін қалыптастырады.
Жобалардың қалыптастырылған тізбесі орталық мемлекеттік органдардың қорытындысымен халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жинақтау үшін беріледі.
Республикалық меншіктегі объектілер бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жұмыстар мен объектілер түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін, жобаларды іске асыру құнын және ұзақтығын, құрылатын жаңа жұмыс орындарының жалпы санын, орташа жалақыны халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган құрылатын жұмыс орындары санының күтілетін көрсеткіштерін, орташа жалақы мөлшерін есепке ала отырып, ЖАО және республикалық меншіктегі объектілер бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған инфрақұрылымдық жобаларды қарайды және іріктейді.
Құрылатын жаңа жұмыс орындарының саны көрсеткіші жоқ инфрақұрылымдық жобалар іске асырылмайды.
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган өңірлер және республикалық меншіктегі объектілер бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, жұмыс түрлері мен объектілер, жобаларды іске асырудың құны мен ұзақтығы, құрылатын жаңа жұмыс орындарының жалпы саны, орташа жалақы бөлінісінде жобалардың жиынтық тізбесін қалыптастырады.
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган инфрақұрылымдық жобалардың жиынтық тізбесін ВАК-тың қарауына шығарады.
ВАК Жол картасы шеңберінде іске асыру үшін инфрақұрылымдық жобалардың жиынтық тізбесін қарайды және бекітеді.
ВАК бөлінген қаражат шегінде қажет болған жағдайда жиынтық тізбеге түзетулер енгізуге, инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін алып тастауға не толықтыруға құқығы бар.
Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін ЖАО жұмыссыз азаматтардың және босатылатын, жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдардың тізімін қалыптастырады.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде жұмыссыз жастарға, оның ішінде денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарға студенттерге жұмысқа орналасуда басымдық беріледі.
Жұмыссыздардың тізімі азаматтардың халықты жұмыспен қамту орталықтарына, мобильді жұмыспен қамту орталықтарына және жеке жұмыспен қамту агенттіктеріне жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін өтініш жасауы арқылы, сондай-ақ "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсында (бұдан әрі - Электрондық еңбек биржасы) тіркелген ізденушілер қатарынан қалыптастырылады.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберіндегі жұмыс түрлері мен объектілер бойынша, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын жұмыс беруші мердігерлер, құрылған жұмыс орындары, жұмысқа орналастырылған жұмыссыздар, орташа жалақы туралы мәліметтер "Жұмыс орындарының құрылуын мониторингтеу" интеграцияланған картасы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне орналастырылады.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру тетігі
Ескерту. Тарауға өзгерістер енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің 13.05.2020 № 70-ө өкімімен.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін іріктеліп алынған жұмыс беруші мердігерлер жұмыс жүргізу орны бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс түрлері мен объектілері бойынша жобаның атауы, еңбек ресурстарына қажеттілік пен халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру лимиті, жұмыс істейтін жұмыскерлердің саны туралы мәліметтер береді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары "Жұмыс орындарының құрылуын мониторингтеу" интеграцияланған картасы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын мониторингтеуді жүзеге асыру үшін мәліметтерді толтырады.
Жұмыс беруші мердігерлер жұмыс істейтін жұмыскерлердің еңбек шарттары бойынша мәліметтерді "Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі" автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне орналастырады.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары қажетті біліктілігі бар мамандарды іріктеуді жүзеге асырады және уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, осы ауданда (қалада) тұратын жұмыссыздарды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын жұмыс беруші мердігерлерге жібереді, ал қажет болған жағдайда жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша тиісті жұмыстарды орындау үшін кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыстың тоқтатыла тұруына немесе толық емес жұмыс уақыты режиміне ауыстырылуына байланысты жұмыспен қамтылмағандарды жолдауға құқылы.
Жалақы төлеу тәртібі мен еңбек шарттары 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес айқындалады.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысатын жұмыссыздардың орташа жалақысы экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін берілетін өтемақыны ескергенде,.тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының кемінде екі мөлшері деңгейінде белгіленеді.
Жұмыс беруші мердігерлер жұмыссыздармен еңбек шартын жасайды және "Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі" автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне орналастырады.
Инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) қажетті еңбек ресурстары болмаған кезде аудандардың (қалалардың) халықты жұмыспен қамту орталықтарының жазбаша келісімі болған жағдайда басқа елді мекендерден тартуға жол беріледі.
Жұмыс беруші-мердігер инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталығы жіберген, басқа елді мекеннен келген жұмыссызбен еңбек шартын жасасқан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оған тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған екі ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы материалдық көмек ("көтерме") төлейді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары ай сайын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру туралы мәліметтерді Электрондық еңбек биржасына орналастырады, онда мыналар қамтылады:
1) инфрақұрылымдық жобаларды іске аcыратын жұмыс беруші мердігерлердің саны мен атауы;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бойынша жұмысқа орналастырылған жұмыссыздар саны;
3) жұмысқа орналасқан жұмыссыздар жалақысының орташа айлық мөлшері.
Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру
Ескерту. Тарауға өзгерістер енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің 13.05.2020 № 70-ө өкімімен.
Жол картасын іске асыру жөніндегі республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган болып табылады.
Жол картасының іс-шараларын қаржыландырудың жалпы лимиті инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде құрылатын жаңа жұмыс орындарының саны негізінде айқындалады, бүл ретте инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде бір жұмыс орнын құрудың құны өңір бойынша орта есеппен 4 млн. теңгені құрауы тиіс.
Өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құру кезінде республика бойынша жұмыс күшінің жалпы санына қатысты өңірдің жұмыс күші санының үлесі сақталуға тиіс.
Жол картасы шеңберінде іс-шараларды қаржыландыру лимиттері өңірлер бойынша бөлу алдындағы тоқсандағы жағдай бойынша статистика жөніндегі уәкілетті органның деректері бойынша жұмыс күшінің санына пропорционал бөлінеді.
ЖАО қаржыландыру лимиті негізінде Жол картасы шеңберінде іске асыру үшін инфрақұрылымдық жобаларды іріктеуді жүзеге асырады.
ВАК шешімінің негізінде өңірлер және республикалық меншіктегі объектілер бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде қаржыландыру лимитін бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен бекітіледі.
Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінетін нысаналы трансферттер және/немесе республикалық және/немесе жергілікті бюджет қаражаттары есебінен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.
Нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерінің, облигациялық қарыз сомаларын және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден бөлуді қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға көзделген қаражатты республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында бөлу ВАК ұсынысының негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысы Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 23 наурыздағы отырысында мәлімдеген төтенше жағдай кезеңінде ұлттық экономиканы қолдау бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар және "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 21 наурыздағы № 126 қаулысы аясында "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ) "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның еншілес ұйымына өңірлерді дамыту мақсатында транштармен шығарылған ЖАО облигацияларын сатып алу үшін 700 млрд. теңгеден аспайтын мөлшерде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен алынған облигациялық қарыз шеңберінде қаражат бөледі.
"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның еншілес ұйымы ЖАО-ға облигациялық қарызды мынадай шарттармен береді:
қарыздың мақсаты – Жол картасы шеңберінде өңірлерді дамыту;
номиналдық сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6,1 (алты бүтін оннан бір) %;
қарыз мерзімі – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен алынған облигациялық қарыздың мерзіміне байланысты 12 (он екі) жылға дейін;
қарыз бойынша сыйықыны төлеу – жылына 1 (бір) рет;
негізгі қарызды төлеу – қарыз алушының бастамасы бойынша алдын ала өтеу құқығымен қарыз мерзімінің соңында.
ЖАО "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның еншілес ұйымдары бөлген қаражаттың игерілуі және нысаналы пайдаланылуы туралы есепті ай сайынғы негізде жібереді.
ЖАО жергілікті бюджет қаражаты есебінен бекітілген мерзімге сәйкес сыйақыны төлеуді және негізгі қарызды қайтаруды қамтамасыз етеді.
Облигациялық қарыздар бойынша сыйақыны төлеу және негізгі қарызды қайтару төлемдері "Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы № 1520 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
ЖАО-ның негізгі қарызды қайтару және облигациялық қарыз бойынша сыйақыны төлеу бойынша кепілі "Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы № 1520 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында қаржыландыру лимиттері қажеттіліктің және қажетті құжаттаманың болуына байланысты бөлінеді және ВАК шешімімен бекітіледі.
ЖАО өңірлік еңбек нарығы жай-күйінің көрсеткіштеріне қарай қаражатты жұмыс түрлері арасында өзі бөледі.
Өңірлерге бөлінген қаржыландыру лимиттерін нақтылау, түзету және қайта бөлу жұмыс күшінің саны есепке алынбай жүзеге асырылады.
Инфрақұрылымдық жобаларды күрделі, орташа, ағымдағы жөндеу және реконструкциялау, сондай-ақ салу және абаттандыру бойынша бюджет қаражатынан үнемдеу қалыптасқан жағдайда ЖАО ВАК-пен келісу бойынша көрсетілген қаражатты осы бағыт бойынша іске асырылатын өзге де жобаларға немесе жобалардың түпкілікті нәтижелер көрсеткіштерін жақсартуға бағыттайды.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мониторингі
Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне қарай "Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және абаттандыру жөнінде есептер ұсынады, онда:
1) жұмыс түрлері мен объектілер бойынша басталған (аяқталған) жобалардың саны, инфрақұрылымдық жобалар бөлінісінде орындалған жұмыстардың көлемі;
2) құрылған жұмыс орындарының саны және халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жұмысқа орналастырылған жұмыссыздар саны, сондай-ақ олардың орташа айлық жалақысының мөлшері;
3) бөлінген нысаналы трансферттердің игерілуі, уақтылы игерілмеу себептері туралы мәліметтер қамтылады.
Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері тоқсан сайын Жол картасының іске асырылу барысы туралы ВАК-қа есеп береді.
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган "Жұмыс орындарының құрылуын мониторингтеу" интеграцияланған картасы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс орындарын құру және жұмыссыздарды халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша жұмысқа орналастыру фактісіне, жұмыс ұзақтығы мен орташа жалақы мөлшеріне мониторинг жүргізеді.
Жергілікті жерлерде Жол картасын іске асырудың жедел мониторингін жергілікті деңгейде Жол картасын іске асыруды үйлестіру және мониторингтеу жөніндегі комиссия жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 55-ө өкіміне қосымша |
Жұмыспен қамтудың 2020 - 2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
Ескерту. Іс-шаралар жоспарына өзгерістер енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің 13.05.2020 № 70-ө өкімімен.
Р/с № | Іс-шараның атауы | Аяқталу нысаны | Орындауға (іске асыруға) жауаптылар | Орындау мерзімі | Болжамды шығыстар, мың теңге | Қаржыландыру көздері | Күтілетін нәтиже |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
Жол картасын іске асыру тетігі | |||||||
1 | Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөнінде ведомствоаралық комиссия құру, оның міндеттері мен функцияларын айқындау | Премьер-Министрдің өкімі | Еңбекмині | 2020 жылғы наурыз | талап етілмейді | талап етілмейді | Жол картасының іске асырылуын орталық деңгейде үйлестіру және мониторингтеу |
2 | Жергілікті атқарушы органдар жанынан Жол картасының іске асырылуын үйлестіру және мониторингтеу жөніндегі комиссияларды құру | Өңірлер әкімдерінің өкімдері | ЖАО | 2020 жылғы сәуір | талап етілмейді | талап етілмейді | Жол картасының іске асырылуын жергілікті деңгейде үйлестіру және мониторингтеу |
3 | Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары бөлінісінде Жол картасының іс-шараларын іске асыруды қаржыландыру лимиттерін келісу | ВАК шешімі | Еңбекмині, ҰЭМ, Қаржымині | 2020 жылғы наурыз | талап етілмейді | талап етілмейді | өңірлер арасында қаржыландыру лимитін келісу |
4 | Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібін айқындау | Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы | Қаржымині, ҰЭМ | 2020 жылғы наурыз-сәуір | талап етілмейді | талап етілмейді | тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді кемінде 90% көлемінде отандық өндірушілерден сатып алу рәсімдерін жеңілдету және сатып алу талаптарын сақтау |
5 | Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің республикалық кешенді жоспарын және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын көрсетіп өңірлер бөлінісінде кешенді жоспар қалыптастыру | ВАК-қа ақпарат | Еңбекмині, ЖАО | 2020 жылғы сәуір | тапап етілмейді | талап етілмейді | жұмысқа орналастыруға және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына мұқтаж азаматтардың санын анықтау |
6 | Жол картасы шеңберінде іске асыру үшін инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу | жобалардың тізбесі | ЖАО | жыл бойы | талап етілмейді | талап етілмейді | халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін жобаларды іріктеу |
7 | Жол картасы шеңберінде іске асыру үшін жұмыстар түрлері және объектілер бойынша инфрақұрылымдық жобаларды мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келісу | Орталық мемлекеттік органдардың қорытындысы | ҰЭМ, ИИДМ, ЭГТРМ, ЭМ, АШМ, БҒМ, МСМ, ДСМ, АДҚМ, Еңбекмині | Ұсынылуына қарай | талап етілмейді | талап етілмейді | жұмыстар түрлері және объектілер бойынша инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін айқындау |
8 | Құрылатын жұмыс орындарының саны және жалақы деңгейі, сондай-ақ жұмыспен қамтамасыз етудің ұзақтығы бойынша инфрақұрылымдық жобаларды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен келісу |
халықты жұмыспен қамту мәселелері | Еңбекмині | 2020 жылғы сәуір | талап етілмейді | талап етілмейді | халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін айқындау |
9 | Инфрақұрылымдық жобалардың жиынтық тізбесін ВАК-тың бекітуіне енгізу | бекітілген тізбе | Еңбекмині | 2020 жылғы сәуір | талап етілмейді | талап етілмейді | инфрақұрылымдық жобалардың бекітілген тізбесі |
10 | Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін еңбек ресурстарына қажеттілікті айқындау | жұмыс күшіне қажеттілікті талдау | Еңбекмині,ЖАО | 2020 жылғы сәуір | талап етілмейді | талап етілмейді | жобаны іске асыру үшін қажетті жұмыс күшінің саны туралы ақпарат |
10-1 | Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын шығару шарттарын айқындау | ЖАО қаулысы | ЖАО, Әділетмині | 2020 жылғы сәуір-желтоқсан | талап етілмейді | талап етілмейді | Саудаға жіберу шарттары бар қаулы |
11 | Жұмысқа орналастыруға мұқтаж жұмыссыз азаматтардың және жұмыстан босатылатын адамдардың тізімі калыптастыру | жұмысқа орналастыруға мұқтаж адамдардың тізімдері | Еңбекмині, ЖАО | 2020 жылғы сәуір, жыл бойы | талап етілмейді | талап етілмейді | жұмысқа орналастыруға мұқтаж адамдардың санын айқындау |
12 | Отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін тауарларға жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті айқындау | қажеттілік туралы ақпарат | ҰЭМ, ЖАО | 2020 жылғы сәуір, жыл ішінде | талап етілмейді | талап етілмейді | қажеттілікті айқындау |
13 | Бекітілген жалпы лимиттер шеңберінде Жол картасының бағыттары бойынша қаражатты түзету және қайта бөлу бойынша ұсыныстар әзірлеу | ВАК-қа ұсыныс | ЖАО | жыл бойы | талап етілмейді | талап етілмейді | бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану және толық игеру |
14 | Жол картасының іске асырылу барысын мониторингтеу және өңірлер әкімдерін тыңдау | ВАК хаттамасы | ВАК | жыл бойы | талап етілмейді | тапап етілмейді | Жол картасының іске асырылуын мониторингтеу |
15 | "Жұмыс орындарының құрылуын мониторингтеу" интеграцияланған картасы" ААЖ-ға мәліметтерді толтыру | Еңбекминіне ақпарат | ЖАО | ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін | талап етілмейді | талап етілмейді | Жол картасының іске асырылуын мониторингтеу |
16 | Жол картасын іске асыру жөнінде есептер беру | ВАК-қа ақпарат | Еңбекмині, ЖАО | ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін | талап етілмейді | талап етілмейді | Жол картасының іске асырылуын мониторингтеу |
17 | Жол картасын іске асыруды республикалық және жергілікті деңгейлерде ақпараттық қолдау бойынша медиа-жоспар әзірлеу | медиа-жоспар | Еңбекмині, ЖАО | медиа-жоспар кестесіне сәйкес | талап етілмейді | талап етілмейді | ақпараттық ілгерілету және халық үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету |
18 | Жол картасының іске асырылу барысы туралы есептерді жариялау | электрондық және баспа. БАҚ-тардағы мақалалар, сөз сөйлеулер, ақпарат | Еңбекмині, ЖАО | ай сайын | талап етілмейді | талап етілмейді | ақпараттық ілгерілету және халық үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету |
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
АҚДМ - Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
АШМ - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі
БҒМ - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
ВАК - ведомствоаралық комиссия
ДСМ - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі
Еңбекмині - Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
ЖАО - жергілікті атқарушы органдар
ИИДМ - Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі
Қаржымині - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі
МСМ - Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі
ҰЭМ - Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі
ЭМ - Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі
ЭГТРМ - Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі