Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2016 жылғы 19 ақпандағы № 11-ө өкімі

Жаңартылған

      1. Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған:
      1) Комиссия құрамы;
      2) Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      Премьер-Министр                       К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің 
2016 жылғы 19 ақпандағы
№ 11-ө өкімімен   
бекітілген     

Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық
комиссияның құрамы

      Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің 07.07.2016 № 55-ө өкімімен.

      Қазақстан Республикасының Әділет министрі, төраға
      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары, төрағаның орынбасары;
      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама департаментінің директоры, хатшы;
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты (келісім бойынша);
      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша);
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының Құқықтық сараптама бөлімінің меңгерушісі (келісім бойынша);
      Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары (келісім бойынша);
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (келісім бойынша);
      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары (келісім бойынша);
      Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары (келісім бойынша);
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары;
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары;
      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі;
      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі;
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері вице-министрі;
      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы;
      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы;
      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысы;
      Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы;
      Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы;
      Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар
министрлігінің жауапты хатшысы;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары (келісім бойынша);
      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшылық кеңесі басшысының орынбасары (келісім бойынша);
      «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» мемлекеттік мекемесінің директоры (келісім бойынша);
      «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры (келісім бойынша);
      «Қазақ гуманитарлық заң университеті» акционерлік қоғамының Жоғары құқық мектебінің директоры (келісім бойынша);
      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы (келісім бойынша);
      «Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы» қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары (келісім бойынша);
      «Атамекен» Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі (келісім бойынша);
      Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы (келісім бойынша);
      Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы (келісім бойынша);
      Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының атқарушы директоры (келісім бойынша);
      «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының
Құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры -
басқарма мүшесі (келісім бойынша);
      «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарушы директоры (келісім бойынша);
      «KazEnergy» заңды тұлғалар бірлестігінің құқық мәселелері жөніндегі атқарушы директоры (келісім бойынша);
      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің өкілі (келісім бойынша).

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2016 жылғы 19 ақпандағы
№ 11-ө өкімімен   
бекітілген    

Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі
ведомствоаралық комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Комиссия қызметінің басты мақсаты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің және уәкілетті мемлекеттік органдарының заң жобалау қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуден тұрады.
      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
      4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      5. Комиссияның отырыстары күнтізбелік жылғы айдың үшінші сейсенбісінде, қажет болғанда, Комиссияның төрағасы белгілейтін өзге де күндерде өткізіледі.

2. Комиссияның міндеттері

      6. Комиссияның негізгі міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің және уәкілетті мемлекеттік органдарының заң жобалау қызметін талдау;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары мен жыл сайынғы Жолдауын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары мен жыл сайынғы жолдауларын, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жыл сайынғы және арнайы баяндамаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің есебін, мемлекеттік бағдарламалар мен Үкімет бекітетін бағдарламаларды, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын, Үкіметтің шешімдерін, нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі нәтижелерін, қабылдануы Бюджет кодексінде көзделген заңдарды, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шешімдерін, заң жобасы республикалық немесе жергілікті бюджеттердің шығыстарын ұлғайтуды немесе кірістерін қысқартуды көздеген жағдайда, Республикалық бюджет комиссиясының қорытындысын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарын және заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын қалыптастыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
      3) заң жобалау қызметінің басым бағыттары туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізу;
      4) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентінде заң жобаларының әзірленуі және жүруі процесінде туындайтын мемлекеттік органдардың арасындағы қайшылықтарды реттеу жөнінде ұсыныстар дайындау;
      5) мемлекеттік органның өтініші бойынша мерзімдерді ауыстыру және тиісті жылға арналған Заң жобалау жұмыстарының жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелерді қарау;
      6) Қазақстан Республикасының Үкіметінің Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінен заң жобаларын қайтарып алуы мәселелері бойынша ұсынымдарды алдын ала әзірлеу;
      7) Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық жасаған заң жобалары Қазақстан Республикасының Үкіметіне түскен күнінен бастап 15 күн мерзімде олар бойынша оң не өзге бағалау жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатымен қарау;
      8) заңнамалық актілерде реттеліп қойылған қатынастар бойынша заң жобаларының тұжырымдамаларын (қабылдануы Бюджет кодексінде көзделген заң жобаларын қоспағанда) және заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстарды алдын ала қарау;
      9) заң жобаларын ғылыми, криминологиялық және өзге де сараптамаға жіберу туралы, сондай-ақ заң жобаларының тұжырымдамаларын ғылыми құқықтық сараптамаға жіберу туралы ұсынымдар әзірлеу;
      10) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын талдау және оны жүйелеу жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
      11) заңнаманы кодификациялау жөніндегі жұмыстың басым бағыттарын айқындау жөніндегі ұсыныстарды белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізу;
      12) кодификацияланған актілердің жобаларын әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізу.

3. Комиссияның ұйымдастырылуы мен жұмыс тәртібі 

      7. Комиссияның ұйымдастырылуы мен жұмыс тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
      8. Комиссияның әрбір отырысына тиісті қызметтері жоқ және Алматы қаласында орналасқан, олардан уәкілеттік берілген тұлғалар қатысатын мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің басшылары міндетті түрде қатысады.
      9. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі басшылығының тапсырмаларымен келіп түскен шұғыл мәселелерді Комиссияда қарау қажеттігі болған жағдайда Комиссия төрағасының шешімімен олар бойынша сырттай дауыс беру өткізілуі мүмкін.
      Комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беру мерзімі мәселе бойынша материалдар дауыс беру үшін жіберілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      Сырттай дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Комиссия мүшелері Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне өз пікірлерін білдіре отырып жазбаша жауаптарын жолдайды. Көрсетілген мерзімде жазбаша жауаптар түспеген жағдайда, Комиссия мүшесі оң дауыс берді деп есептеледі. Дауыс беруді Комиссия мүшелері алмастыру құқығынсыз жүзеге асырады.
      10. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне Комиссия отырысында қарау үшін ұсынылған заң жобаларының тұжырымдамалары және өзге материалдар 3 жұмыс күні ішінде барлық Комиссия мүшелеріне және мүдделі мемлекеттік органдарға жіберіледі.
      Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі басшылығының тапсырмаларымен келіп түскен шұғыл мәселелерді қоспағанда, Комиссия мүшелері және мүдделі мемлекеттік органдар өз ескертулері мен ұсыныстары болған жағдайда оларды 7 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ұсынады. Ұсынылған ескертулер мен ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі заң жобасының тұжырымдамасы бойынша алдын ала қорытындыға қоса тіркейді.
      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Комиссия мүшелері мен мүдделі мемлекеттік органдардың ескертулерін ескере отырып пысықталған заң жобаларының тұжырымдамаларын Комиссия отырысына шығарады. Комиссия мүшелерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың ескертулерімен және ұсыныстарымен тұжырымдаманы әзірлеуші орган келіспеген жағдайда, тиісті ескертулер мен ұсыныстар Комиссия отырысында талқылауға жатады.
      11. Отырысқа қатысу мүмкін болмайтын жағдайда Комиссия мүшесі Комиссия отырысына дейін кемінде бір күн қалғанда болмау себебін көрсете отырып, Комиссия төрағасына не төрағасының орынбасарына бұл туралы хат жолдайды не қатысудың мүмкін болмауы Комиссия отырысы өтетін күні белгілі болған жағдайда, Комиссия төрағасына Комиссия отырысына қатысудың мүмкін еместігі туралы хабар беру жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдайды.
      12. Комиссия төрағасы Қазақстан Республикасының Үкіметіне Комиссия отырысына дәлелсіз себептермен жиі болмауға жол берген (қатарынан 3 реттен астам) Комиссия мүшелерін оның құрамынан шығару туралы ұсыныс енгізеді.