Республикалық бюджеттен оралмандар үшін бөлінетін қаражатты мақсатты пайдалану ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 1999 жылғы 18 тамыз N 1194. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2006.01.06. N 15 (қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

Күшін жойған

      "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының  Заңын   орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Республикалық бюджеттен оралмандар үшін бөлінетін қаражатты мақсатты пайдалану ережесі бекітілсін.
       Ескерту. Тақырып және 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.01.17. N 48   қаулысымен , 2004.02.25. N 225   қаулысымен .

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінің "Көшіп келу квотасы және отандастарды Иран Ислам Республикасы мен басқа мемлекеттерден қоныс аударуын ұйымдастыру шаралары туралы" 1993 жылғы 15 сәуірдегі N 1184 қаулысын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1993 жылғы 27 мамырдағы N 437  қаулысының  10-тармағының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., N 19, 239-құжат) күші жойылды деп танылсын.

     3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы     
Үкiметiнің           
1999 жылғы 18 тамыздағы     
N 1194 қаулысымен        
бекiтiлген             

        Республикалық бюджеттен оралмандар үшiн
     бөлiнетiн қаражатты мақсатты пайдалану 
                  Ережесі 

       Ескерту. Тақырып және мәтіндегі сөздер ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2003.01.17. N 48   қаулысымен , Тақырыбына өзгеріс енгізілді - 2004.02.25. N 225   қаулысымен .

                   1. Жалпы ережелер

      1. Республикалық бюджеттен оралмандар үшiн бөлiнетiн қаражатты мақсатты пайдалану ережесi "Халықтың көшi-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес республикалық бюджеттен бөлiнетін және қоныс аудару іс-шараларын қаржыландыру мен оралмандарды әлеуметтік қорғауға бағытталған қаражатты мақсатты пайдаланудың тәртiбiн айқындайды. <*>
       Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2004.02.25. N 225   қаулысымен .

      2. Республикалық бюджеттен оралмандар үшiн бөлiнетiн қаражат: 
      1) оралмандарға және олардың отбасы мүшелерiне бiржолғы жәрдемақылар төлеуге; 
      2) оралмандардың отбасыларын көшiрудi және олардың мүлкiн тасымалдауды ұйымдастыруға; 
      3) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген квотадағы ұйымдасқан көшiруден тыс Қазақстан Республикасына қоныс аударған оралмандардың отбасыларына көлiк шығындарын (жолақысын және мүлiк тасымалы ақысын) өтеуге; 
      4) оралмандарды жүрген жолдары бойында және тұрақтайтын орнына жеткенше тамақ және дәрi-дәрмек құралдарымен қамтамасыз етуге; 
      5) оралмандар отбасыларының тұрғын үй сатып алуы үшiн қаражат бөлуге; <*>
      6) оралмандардың құжаттамалары үшiн ақы төлеуге жұмсалады.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.02.25. N 225   қаулысымен .

      3. Қазақстан Республикасының халықтың көшi-қон мәселелерi жөнiндегi орталық атқарушы органы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң белгіленген мерзiмде және нысан бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне: 
      1) шығыстардың жұмсалған бағытын көрсете отырып мiндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын; <*>
      2) республикалық бюджеттен оралмандарға қатысты көшi-қон iс-шараларына бөлiнген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептi тапсырады.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.02.25. N 225   қаулысымен .  

      4. Қаржыландыру Қазақстан Республикасының халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi орталық атқарушы органы арқылы жүзеге асырылады.

      5. Оралмандарға бiржолғы жәрдемақы тағайындауды оралмандардың тұрған орындары бойынша халықтың көшi-қон мәселелерi жөнiндегi аумақтық органдары жүргiзедi. 
      Бiржолғы жәрдемақыны тағайындау туралы өтiнiшке оралманның жеке басын куәландыратын құжаттар қоса тапсырылады.

      6. Оралмандарға бiржолғы жәрдемақы: 
      отағасына - он бес есе айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде; 
      отбасының әрбiр мүшесiне - он есе айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде тағайындалады. 
      Айлық есептiк көрсеткiш Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тағайындау сәтiнде есептеледi. 
      Отағасы оралман жанұясының басшысы болып саналады. 

      7. Оралмандарға бiржолғы жәрдемақыларды төлеу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен қолма-қол ақша түрiнде жүзеге асырылады. 
      Оралманның қалауы бойынша бiржолғы жәрдемақы қолма-қол емес нысанда да берiлуi мүмкiн. 

      8. Оралмандардың қоныс аударуын және олардың мүлкiн тасымалдауды жыл сайын белгiленетiн көшi-қон квотасына сәйкес Қазақстан Республикасының халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi орталық атқарушы органы ұйымдасқан түрде жүзеге асырады. 

      9. Оралмандар ұйымдасқан түрде қоныс аударған кезде республикалық бюджетке бөлiнетiн қаражат: 
      1) көлiк ұйымдарының қызметтерiне оралманның отбасы мүлкiн тасымалдаудың нормасы 1000 килограмнан аспайтын салмақта белгiленедi); 
      2) тұрақты шекаралық бақылау пункттерi жоқ аймақтарда, оралмандар шекараны кесiп өтетiн жерлерде уақытша бақылау-өткiзу пункттерiн ұйымдастыру қызметiне; 
      3) көшi-қон ұйымдары қызметкерлерiнiң iссапарларына ақы төлеуге пайдаланылады.

      10. Қазақстан Республикасына квота есебiмен келген оралмандардың өз бетiмен қоныс аударуы және мүлкiн тасымалдауы жағдайында шығындарды өтеу мынадай мөлшерлерде жүзеге асырылады: 
      1) әрбiр оралманның өткені үшiн ақы жол жүру құжаттарын тапсырған жағдайда (авиакөлiктен басқа) iс жүзiндегi шығындар бойынша, бiрақ он есе айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын мөлшерде жүргiзiледi; 
      2) оралманның отбасының жеке мүлкiн өткiзу үшiн шығынды төлеу көлiктiк қызмет көрсету туралы құжаттар тапсырылған жағдайда, бiрақ оралманның отбасы үшiн он бес есе айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын сомада жүргізiледi. 
      Көлiктiк шығындар оралманның отбасына Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен өтеледi.

      11. Тамақ өнiмдерiмен және дәрi-дәрмек заттарымен қамтамасыз ету бiр оралманға арналған есептiк көрсеткiш мөлшерiнiң елу процентiнен аспайтын есеппен жүргiзiледi.

     12. Көшiп келу квотасы бойынша келген оралмандар отбасыларының тұрғын үй сатып алуы үшін қаражат бөлудi отбасының бір мүшесiне жүз еселенген айлық есептiк көрсеткiш есебiмен келген жерi бойынша халықтың көші-қоны мәселелерi жөнiндегi аумақтық органдар жүргізедi.
      Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi аумақтық орган оралман отбасы отағасының оралман куәлiгiнiң және тұрғын үй сатып алу үшiн бөлiнген қаражатты мақсатты пайдалану жөнiндегi мiндеттеменiң нотариалды түрде расталған көшiрмелерiн ұсынуы бойынша оралмандар отбасы отағасының екiншi деңгейдегi банкте алдын ала ашқан жеке шотына қаражатты аударады. <*>
      Бұл ретте оралмандардың жеке шотына аударылған бөлiнген қаражат сомасы мен сатып алынатын тұрғын үйдің сатып алу құны арасындағы терiс айырма оралмандардың өз қаражаты есебiнен қосымша төленедi, ал оң айырма оралмандардың өздерiнде қалады. <*>
       Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2004.02.25. N 225   қаулысымен ,   2004.07.08. N 747   қаулысымен .  

     13. Қазақстан Республикасы iшкi iстер және әдiлет органдарының оралмандарды құжаттамалау (мекендеу рұқсаты немесе Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі) жөнiндегі қызметiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн осы құжаттардың белгiленген құны мөлшерiнде жүргiзiледi. 
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.01.17. N 48   қаулысымен , 2004.02.25. N 225   қаулысымен ,  2005.02.14.  N 140  қаулысымен.