Соттардың ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы заңнама нормаларын қолдануының біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 20-бабының 1-тармағына сәйкес адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды және олар заңмен қорғалады. Конституция, мемлекеттік құпияларды қоспағанда, сөз еркіндігіне және еркін ақпарат алу және тарату құқығына кепілдік береді, заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен іске асырылады. Сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиiс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
Соттар ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы істерді қарау кезінде көрсетілген нормаларды ескере отырып, конституциялық құқықтар арасындағы: бір жағынан азаматтар мен заңды тұлғалардың ар-намысын, қадір-қасиетін қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 143-бабына сәйкес іскерлік беделді қорғау құқығы және екінші жағынан сөз еркіндігі құқығы, заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алу және тарату құқығы арасындағы әділ теңгерімді қамтамасыз етуге тиіс.
Ар-намысты, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау туралы істерді қарау кезінде соттардың Конституцияның және ұлттық заңнама нормаларын, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың ережелерін басшылыққа алғаны жөн.
2. Жеке тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді, ал заңды тұлға – өзінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.
Ар-намыс – бұл адамға берілген қоғамдық баға, оның қоғамдағы және әлеуметтік ортадағы өзінің маңыздылығы мен танылғанын сезінуі.
Қадір-қасиет – адамның өзінің жеке қасиеттерін, қабілеттерін, дүниетанымын, қоғамдағы маңыздылығын ішкі өзін-өзі бағалауымен сипатталатын адамға туғаннан тиесілі материалдық емес игіліктердің бірі.
Жеке тұлғаның іскерлік беделі – адам өзінің еңбек, қызметтік және қоғамдық міндеттерін орындау кезінде оның іскерлік, кәсіби қасиеттерін қоғамның бағалауын білдіретін материалдық емес игілік.
Дара кәсіпкердің, заңды тұлғаның іскерлік беделі – мүліктік айналымға басқа қатысушылардың және азаматтардың шаруашылық (экономикалық) құқықтық қатынастарға қатысушы ретінде оның шаруашылық (экономикалық) қызметін тұтастай бағалауы.
Осыған байланысты соттар ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік бедел ұғымдарының аражігін ажырата білуге тиіс, олардың әрқайсысы қорғаудың дербес объектісі болып табылады.
3. Мүдделі адам, егер дау айтылатын мәліметтерде оның аты, әкесінің аты, тегі көрсетілмесе, бірақ нақты кім туралы сөз болып отырғанын анықтауға мүмкіндік беретін өзге де деректер болған жағдайда да өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін сот арқылы қорғауға құқылы.
Егер шындыққа сай келмейтін, нұқсан келтіретін мәліметтер кәмелетке толмағанға немесе белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамға қатысты таратылса, оның ар-намысын, қадір-қасиетін немесе іскерлік беделін қорғау туралы талап қоюды олардың заңды өкілдері, өз өкілеттіктеріне сәйкес мемлекеттік органдар, уәкілетті ұйымдар немесе Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 54-бабының үшінші бөлігінде, 55-бабында көзделген тәртіппен прокурор беруге құқылы.
Қайтыс болған мұра қалдырушыға қатысты нұқсан келтіретін және шындыққа сай келмейтін мәліметтер таратылған жағдайда мұрагерлер ар-намысты, қадір-қасиетті немесе іскерлік беделді қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы (АК-нің 1040-бабының 3-тармағы), мұндай жағдайда талап қоюшы мұрагерге қатысты таратылған мәліметтерді шындыққа сай келмейтін және ар-намысына нұқсан келтіретін мәліметтер деп тануды және оларды теріске шығаруды талап етуге құқылы.
4. Өзіне қатысты шындыққа сай келмейтін, нұқсан келтіретін мәліметтер таратылған, бірақ мәліметтерді таратқан адамды анықтау мүмкін болмаған жағдайда (азаматтар мен ұйымдардың атына анонимді хаттар жіберілген не сәйкестендіруге мүмкін болмайтын адам телекоммуникациялық желілер, ақпараттандыру объектілер, оның ішінде интернет желісі арқылы мәліметтер таратқан кезде) адамның ар-намысын, қадір-қасиетін немесе іскерлік беделін қорғау жоққа шығарылмайды. Мұндай жағдайларда сот АК-нің 143-бабының 7-тармағына сәйкес адамның өзіне қатысты таратылған мәліметтерді шындыққа сай келмейді және нұқсан келтіреді деп тану туралы арызын қарайды.
АПК-нің 302-бабының екінші бөлігіне сәйкес АК-нің 143-бабының 7-тармағында көзделген негіздер бойынша берілген арыздар және құқық туралы дау болмаған кезде ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.
5. АК-нің 143-бабының 4-тармағында, егер нұқсан келтіретін мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында таратылған жағдайда, дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі көзделген.
"Масс-медиа туралы" 2024 жылғы 19 маусымдағы № 93-VIII Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Масс-медиа туралы заң) 1-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарына мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, интернет-басылым жатады.
Бұқаралық ақпарат құралы таратылған жағдайда дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтау талап етілмейді.
Дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі сақталмаған кезде осы тармақта көзделген жағдайларда талап қою АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес кері қайтарылады, ал егер ол соттың іс жүргізуіне қабылданған болса, онда АПК-нің 279-бабының 1) тармақшасына сәйкес қараусыз қалдырылуға жатады.
6. Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы талап қоюлар бойынша шындыққа сай келмейтін және нұқсан келтіретін мәліметтердің авторлары, сондай-ақ осы мәліметтерді таратқан тұлғалар тиісті жауапкерлер болып табылады.
Егер дау айтылатын мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында (газет материалында немесе интернет-басылымда, теле, -радиоарнадағы хабарламада және т.б.) таратылса, жауапкерлер ретінде автор және бұқаралық ақпарат құралының тиісті органы (редакциясы) тартылады.
Мұндай мәліметтер автордың аты көрсетілмей (мысалы, редакциялық мақалада) жарияланған немесе өзге түрде таратылған кезде бұқаралық ақпарат құралының тиісті органы іс бойынша тиісті жауапкер болып табылады. Егер мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында олардың көздері болған адам көрсетіліп таратылса, онда бұл адам да жауапкер ретінде іске қатысуға тартылуы мүмкін.
Бұқаралық ақпарат құралын жауаптылықтан босату үшін Масс-медиа туралы заңның 68-бабында көзделген негіздер болған кезде шындыққа сай келмейтін мәліметтердің көзі болған органды немесе адамды жауапкер ретінде іске қатысуға тарту қажет.
Дау айтылатын мәліметтер қызметтік, тұрмыстық және басқа да сипаттамалар түрлерінде баяндалған жағдайларда АК-нің 921-бабына сәйкес қызметкері осындай мәліметтерді таратқан заңды тұлға тиісті жауапкер болып табылады. Мұндай құжаттарға қол қойған адамдар даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға ретінде жауапкер тарапынан тартылады.
Дау айтылатын мәліметтер электрондық поштаны қоса алғанда, интернет желісі, телекоммуникация желілері, онлайн-платформалар мен интернет-ресурстар, мобильді қосымшалар және басқа да ақпараттық технологиялар арқылы таратылған кезде олардың авторлары және (немесе) мәліметтер таратылған есептік жазбаның (аккаунты), ұялы байланыстың абоненттік нөмірінің иелері тиісті жауапкерлер болып табылады.
Азамат немесе заңды тұлға шындыққа сай келмейтін және оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқан бірнеше бұқаралық ақпарат құралының органдарына және басқа да адамдарға бір мезгілде талап қоюды сотқа беруі құқылы (АПК-нің 49-бабы).
Интернет-ресурстардағы жарияланымға құқыққа қайшы түсініктемелер үшін жауаптылық түсініктеме авторына жүктеледі.
7. Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы істердің соттылығы АПК-нің 3-тарауына сәйкес айқындалады.
Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы талап қоюлар субъектілік құрамына қарай жалпы юрисдикциядағы соттардың немесе мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың соттылығына жатады.
Кәмелетке толмағандардың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы талап қоюлар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың соттылығына жатады.
8. Қазақстан Республикасының Салық кодексіне (бұдан әрі – Салық кодексі) сәйкес осы санаттағы істер бойынша берілетін талап қоюлардан мүліктік емес сипаттағы талаптар үшін мөлшерлемелер бойынша мемлекеттік баж алынады.
Талап қоюшы бір талап қоюда мүліктік және мүліктік емес сипаттағы бірнеше талапты, оның ішінде моральдық зиянның өтемақысы немесе шындыққа сай келмейтін және нұқсан келтіретін мәліметтерді таратудан келтірілген материалдық зиянды (залалды) өтеу туралы талаптарды мәлімдеген жағдайда, осы талаптардың әрқайсысы мемлекеттік бажбен дербес төленуге жатады.
Салық кодексінің талаптарына сәйкес жеке тұлғалардың ар-намысқа, қадір-қасиетке және іскерлік беделге нұқсан келтіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық зиянның өтемақысын ақшалай мәнде өндіріп алу туралы талап қоюларынан - талап қою сомасының 1%; заңды тұлғалардың іскерлік беделге нұқсан келтіретін мәліметтерді таратудан келтірілген залалдарды өндіріп алу туралы талап қоюларынан - талап қою сомасының 3% мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.
9. АК-нің 143-бабына сәйкес сот анықтауға тиіс осы санаттағы істер үшін маңызы бар мән-жайлар:
талап қоюшы немесе қорғау үшін талап қою берілген адам туралы мәліметтерді жауапкердің тарату фактісі;
осы мәліметтердің нұқсан келтіру сипаты;
олардың шындыққа сай келмеуі болып табылады.
Көрсетілген мән-жайлардың қандай да бірі болмаған кезде сот талап қоюды қанағаттандыра алмайды.
10. Соттар мәліметтердің жариялану тілінде таратылған мәліметтер даудың нысанасы болып табылатынын ескергені жөн. Сот көрсетілген мәліметтер аудармасының сәйкессіздігін, олардың мағыналық мазмұнының өзгеруін бағалауға тиіс және аудармашы оларды дербес таратқан жағдайда оның жауаптылығына алып келеді; олай болмаған жағдайда іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады (АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасы).
11. Азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне немесе азаматтың және заңды тұлғаның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату оларды бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда және интернет-ресурстарда жариялауды; теле, -радиоарна арқылы хабарлауды; басқа бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және өзге де электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып таратуды; сипаттамаларда, көпшілік алдында сөйлеген сөздерде, әртүрлі ұйымдарға, лауазымды адамдарға жолданған арыздарда баяндауды немесе өзге, оның ішінде ауызша нысанда бірнеше адамға немесе ең болмағанда бір адамға хабарлауды білдіреді.
Мұндай мәліметтерді өзіне қатысты тұлғаға хабарлау, егер жауапкердің тарапынан олар үшінші тұлғаларға белгілі болмас үшін құпиялылық шаралар жеткілікті қабылданған жағдайда, оларды тарату деп танылуы мүмкін емес.
Қоғамдық пікірде азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін немесе азаматтың және заңды тұлғаның іскерлік беделін кемітетін, азаматтың немесе заңды тұлғаның заңнаманы бұзғаны туралы және (немесе) қоғамның моральдық қағидаттарын бұзғаны туралы тұжырымдарды (мысалы, еңбек ұжымында, отбасыда адал емес әрекеттің, лайықсыз қылықтардың жасалғаны туралы мәліметтер; өндірістік-шаруашылық қызметке, беделге нұқсан келтіретін мәліметтер және т.б.) қамтитын, шындыққа сай келмейтін осындай мәліметтер нұқсан келтіретін мәліметтер болып табылады.
Соттар осы санаттағы істерді қарау кезінде шындыққа сай келуін тексеруге болатын фактілер туралы тұжырымдардың және бағалау пайымдауларының, болжамдардың, пікірлердің, субъективті пайымдаулардың аражігін ажыратуға тиіс.
Бағалау пайымдаулары мен пікірлер АК-нің 143-бабындағы тәртіппен сот қорғауының нысанасы болып табылмайды, өйткені жауапкердің субъективті пікірі мен көзқарасының көрінісі бола отырып, олардың шындыққа сай келуі тұрғысынан тексерілуі мүмкін емес.
Сот арқылы қорғалуға жатпайтын бағалау пайымдауларының мысалы ретінде адамның субъективті көзқарасын білдіретін және нақты фактілер туралы тұжырымдар қамтылмаған пікірлер, көзқарастар мен сенімдер болуы мүмкін.
Құқықтарына немесе заңды мүдделеріне бұқаралық ақпарат құралдарында таратылып айтылған бағалау пайымдауы немесе пікір нұқсан келтірді ойлайтын адам таратылған пайымдаулардың дәрменсіздігін негіздеу мақсатында оларды өзгеше бағалауды ұсына отырып, нақ сол бұқаралық ақпарат құралында өзінің жауабын жариялауға АК-нің 143-бабының 3-тармағында және Масс-медиа туралы заңның 38-бабында оған берілген құқықты пайдалана алады.
12. АК-нің 141-бабының 3-тармағына және 143-бабының 1-тармағына сәйкес таратылған мәліметтердің шындыққа сай келетіндігін дәлелдеу міндеті жауапкерге жүктеледі.
Талап қоюшы мәліметтерді талап қойылған адамның тарату фактісін, сондай-ақ осы мәліметтердің нұқсан келтіретін сипатын дәлелдеуге міндетті. Талап қоюшы өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтердің шындыққа сай келмейтініне дәлелдемелерді де ұсынуға құқылы.
Бұқаралық ақпарат құралы азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты шындыққа сай келетін, оның құқықтарына және заңмен қорғалатын мүдделеріне нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялаған, бұқаралық ақпарат құралы редакциясының оның осы жарияланымға жауабын жариялаудан бас тартуына дау айтылған жағдайда, АК-нің 143-бабының 3-тармағына сәйкес талап қоюшы таратылған мәліметтердің оның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне нұқсан келтіретінін дәлелдеуге міндетті.
Егер дәлелдемелер жеткіліксіз болса, сот тараптарға қосымша дәлелдемелер беруді ұсынуға, сондай-ақ тараптардың уәжді өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасымен оларды жинау жөнінде шаралар қабылдауға құқылы.
Интернет желісінде орналастырылған ақпаратқа дау айтатын және оны нұқсан келтіреді деп санайтын адамдар сотқа талап қоюды бергенге дейін тиісті интернет-ресурстың мазмұнын, онлайн-платформалардағы жазбаны немесе түсініктемені тіркеу мақсатында "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі № 155-I Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабына сәйкес дәлелдемені қамтамасыз ету үшін нотариусқа жүгіне алады.
13. Шағым жасау (дау айту) үшін заңда өзгеше тәртіп көзделген сот актілерінде, құқық қорғау органдарының қаулыларында және басқа да ресми құжаттарда қамтылған мәліметтерді теріске шығару туралы талаптар АПК-нің 23-бабында және АК-нің 143-бабында көзделген тәртіппен қаралмайды.
Мұндай талап қоюлар АПК-нің 151-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы негізінде қабылдаудан бас тартуға жатады.
Азамат құзыретті органдарға белгілі бір мәліметтер келтірілген арызбен (мысалы, құқық қорғау органдарына өзінің пікірінше дайындалып жатқан болжамды қылмыс туралы хабармен) жүгінген, бірақ бұл мәліметтерді тексеру барысында олар расталмаған жағдайларда, бұл мән-жай адамды азаматтық-құқықтық жауаптылыққа тарту үшін негіз бола алмайды. Мұндай жағдайда азаматтың келіп түскен ақпаратты заңға сәйкес тексеруге міндетті органдарға жүгіну арқылы конституциялық құқығын іске асыруы орын алады.
Мұндай жағдайларда ар-намысты, қадір-қасиетті, іскерлік беделді қорғау және моральдық зиянды өтеу туралы талаптар сот істі қарау кезінде көрсетілген органдарға жүгінудің ешқандай негіздердің болмағанын және оларға жүгінген адамның өзінің азаматтық борышын орындау және құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау мақсатын көздемегенін, басқа тұлғаға тек зиян келтіру ниетімен әрекет еткенін, яғни құқықты теріс пайдаланғанын анықтаған жағдайда ғана қанағаттандырылуға жатады (АК-нің 8-бабының 5-тармағы).
14. Соттар қажетті жағдайларда ар-намысты, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау туралы істер бойынша сараптама тағайындау немесе арнайы білімі мен дағдылары бар маманды тарту қажеттігі мәселесін шешкені жөн.
Мысалы, соттар талап қоюшы дау айтып отырған мәліметтер нұқсан келтіретін сипатта ма, жоқ па деген мәселені шешу, сондай-ақ таратылған ақпарат үшінші тұлғаларға әртүрлі тәсілдермен (бейнелі, астарлы, қорлайтын және т.б. түрде) жеткізілуі мүмкін екенін ескере отырып, олардың қабылдауын бағалау кезінде, қажет болған жағдайларда сараптама (лингвистикалық) тағайындауы немесе консультация беру үшін маманды (психологты) тартуы қажет. Сондай-ақ таратылған ақпараттың сипатын анықтау кезінде бұл ақпаратты фактілер туралы тұжырымдарға немесе бағалау пайымдауларына, пікірлерге, сенімдерге жатқызу үшін лингвистика саласында арнайы білім қажет болуы мүмкін.
Лингвистикалық (филологиялық, психолого-филологиялық) сараптама тағайындалған жағдайда фрагмент емес, жарияланымның толық мәтіні объект болуға тиіс.
Егер сарапшыға қойылған мәселелер құқықтық сипатта болса, дәлелдемелерді бағалауға не құқықтың бұзылғанын немесе бұзылмағанын анықтауға бағытталса, істердің осы санаты бойынша сараптама тағайындауға жол берілмейді, өйткені мұндай мәселелер тек соттың ерекше құзыретіне жатады және арнайы білімді қажет етпейді.
15. Бұқаралық ақпарат құралдары Масс-медиа туралы заңның 68-бабына сәйкес анық емес мәліметтерді таратқаны үшін, егер мұндай мәліметтер олардың мазмұны бұрмаланбай таратылғаны және редакция ықпал ете алмайтын және ықпал етуге міндетті емес көздерден алынғаны анықталса, жауаптылықтан босатылуға жатады.
Масс-медиа туралы заңның 68-бабында келтірілген тізбе толық және кеңейте түсіндіруге жатпайды.
16. Соттар ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы істерді (АК-нің 143-бабы) АК-нің 141-бабында санамаланған, қол сұғылмаушылығы заңмен арнайы қорғалатын және таратылуы бұл мәліметтер шындыққа сай келген және талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтірмеген жағдайда да моральдық зиян келтіруі мүмкін, азамат туралы мәліметтердің таралуына байланысты бұзылған басқа да мүліктік емес жеке құқықтарды қорғау туралы істерден ажыратуы қажет. Мұндай қорғалатын мүліктік емес құқықтарға жеке өмір құпиясын қорғау құқығы және өз бейнесіне құқық жатады (тиісінше АК-нің 144 және 145-баптары).
Жала жабу туралы iстер Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 73-3-бабындағы тәртiппен, ал қорлау туралы iстер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 131-бабындағы тәртiппен қаралуға тиіс.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі (жала жабу) немесе қылмыстық істі (қорлау) қозғаудан бас тарту, ақтау негізімен іс бойынша іс жүргізуді тоқтату, ақтау үкімін шығару азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен ар-намыс пен қадір-қасиетті немесе іскерлік беделді қорғау туралы талап қоюды беруге кедергі болмайды.
17. Талап қоюшы ар-намысын, қадір-қасиетін немесе іскерлік беделін қорғау туралы талап қоюмен бір мезгілде нұқсан келтіретін мәліметтерді таратудан келтірілген залалды өтеу туралы талапты қоюға құқылы.
Тиiстi құқықтың бұзылу фактiсi анықталған және бұл әрекет құқыққа қайшы деп танылған, талап қоюшыға келтiрiлген материалдық залал немесе оның ықтимал пайда алмауы мен жауапкердiң әрекетi нәтижесiнде туындаған салдарлар арасындағы себеп-салдарлық байланыс дәлелденген жағдайда ғана материалдық залалды (шығындарды) өтеуге жол берiледi.
Өзiне қатысты ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер таратылған азаматтың мұндай мәлiметтердi терiске шығарумен қатар моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқығы бар.
Моральдық зиянның өтемақысы туралы талаптар бойынша процестік құқық мирасқорлығына жол берілмейді.
Өз еркімен теріске шығаруды жариялау моральдық зиянды өтеу үшін негіз болып табылмайды. Соттар моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген кезде таратылған мәлiметтер шындыққа сай келетін-келмейтiнiн және ар-намыс пен қадiр-қасиетке нұқсан келтiретiн-келтірмейтінін тексеру қажеттігін ескергені жөн.
Теріске шығаруды жариялау туралы талаптың болмауы, егер шындыққа сай келмейтін, нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату және талап қоюшыға моральдық зиян келтіру фактілері сотта дәлелденсе, моральдық зиянның өтемақысы туралы талап қоюдан бас тартуға негіз болмайды.
Бұл ретте талап қою қанағаттандырылған жағдайда моральдық зиянның өтемақысы мен залал талап қоюшы көрсеткен басқа тұлғалардың емес, оның пайдасына өндірілуге жататынын ескеру қажет.
18. Моральдық зиянды өтеудің өтемақысын сот шешім шығарған кезде ақшалай мәнде айқындайды.
Моральдық зиян өтемақысының мөлшерін айқындау кезінде соттар АК-нің 952-бабы 2-тармағының ережелерін және "Моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы соттардың қолдануы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты нормативтік қаулысының 7, 8-тармақтарында берілген түсіндірулерді басшылыққа алғаны жөн.
Моральдық зиянды өтеу туралы талаптар қойылған кезде талап қоюшы жан азабын және тән азабын бастан кешіргенін дәлелдеуге және моральдық зиян өтемақысының мөлшерiн негiздеуге сiлтеме жасайтын дәлелдердi растайтын дәлелдемелерді ұсынуға тиiс.
Моральдық зиян өтемақысының мөлшері ақылға сыйымдылық пен әділдік өлшемшарттары негізге алына отырып анықталады. Сот таратылған мәлiметтердiң сипаты мен мазмұнын (қылмыстық құқық бұзушылық, әкiмшiлiк-құқықтық және азаматтық-құқықтық құқық бұзушылықтар, жат қылықтар жасағаны үшiн айыптау және т.б.), олардың таралу шектерiн және басқа да назар аударуға тұрарлық мән-жайларды ескеруге тиiс.
Егер шындыққа сай келмейтін, нұқсан келтіретін мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформалар мен интернет-ресурстарда таратылса, сот моральдық зиян өтемақысының мөлшерін айқындай отырып, жарияланымның сипаты мен мазмұнын, сондай-ақ анық емес мәліметтердің таралу дәрежесін ескеруге тиіс. Бұл ретте моральдық зиян өтемақысының өндіріп алуға жататын сомасы келтірілген зиянға мөлшерлес болуға тиіс.
19. Дау айтылатын мәлiметтер шындыққа сай келмейтiн, азаматтың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне, сондай-ақ азаматтың немесе заңды тұлғаның iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн деп танылған кезде оларды терiске шығару жөнiндегi мiндет осы мәлiметтердi таратуда жауапкердiң кiнәсiнiң бар-жоғына қарамастан, жауапкерге жүктеледi.
Теріске шығару деп таратылған мәліметтерді шындыққа сай келмейтін және азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, сондай-ақ азаматтың немесе заңды тұлғаның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін көпшілікке жариялау түсініледі.
Масс-медиада және ұйымдардан шығатын құжаттарда таратылған нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару тәртібі АК-нің 143-бабының 2-тармағында айқындалған.
Қалған жағдайларда терiске шығару тәртiбiн сот белгiлейдi.
Теріске шығаруды немесе жауап беруді жариялау Масс-медиа туралы заңның 38-бабында көзделген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылуға тиіс.
Терiске шығару тәртiбiн анықтай отырып, сот барлық жағдайда нұқсан келтiретiн мәлiметтердiң шындыққа сай келмейтiндiгiн жариялы түрде хабарлауды қамтамасыз етуге мiндеттi (шығарылған шешiм туралы баспасөзде, радио, теледидар арқылы, интернет желiсiнде және т.б. хабарлау).
Егер азаматтың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер интернет желісінде олар таратылғаннан кейін қолжетімді болған жағдайда азамат тиісті ақпаратты жоюды, сондай-ақ интернет желісін пайдаланушыларға теріске шығаруды жеткізу қамтамасыз етілетін тәсілмен көрсетілген мәліметтерді теріске шығаруды талап етуге құқылы.
Шындыққа сай келмейтiн, нұқсан келтiретiн ақпарат оны тарату тәсiлiне неғұрлым ұқсас тәсiлмен (баспасөзде жариялау, радио, теледидар арқылы хабарлау және т.б.) терiске шығарылуға тиiс.
Сот шешімінде жауап беру немесе теріске шығару жариялануға жататын мерзім көрсетілуге тиіс.
Егер анық емес ақпаратты теріске шығару ол таратылған тәсілмен жүзеге асыру мүмкін болмаса, онда тарату тәсіліне барынша жақындатылған тәсілді қолдану қажет.
Сот АК-нің 143-бабындағы тәртіппен дауды қарау сәтінде шындыққа сай келмейтін, ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқан бұқаралық ақпарат құралының қызметі тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған кезде талап қоюшының теріске шығаруын немесе жауап беруін басқа бұқаралық ақпарат құралында жариялау жөніндегі міндетті өз есебінен жауапкер-бұқаралық ақпарат құралының редакциясына, құрылтайшысына немесе иесіне, сондай-ақ ақпарат авторына жүктеуге құқылы.
20. Талап қоюды қанағаттандырған кезде сот шешімінде шындыққа сай келмейтін қандай мәліметтер нұқсан келтіретінін көрсетуге міндетті.
Сот актісінде дау айтылатын мәліметтерді қамтитын мәтіннен үзінді келтіріледі, мәтінді өз бетiнше баяндау арқылы ауыстыруға жол берілмейді.
Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы талап қою бойынша сот шешімінің уәждеу бөлігінде талап қоюшының қандай жеке мүліктік емес құқығы немесе игілігі бұзылғаны, мәліметтердің нұқсан келтіретін сипаты, талап қоюшының ар-намысы немесе қадір-қасиетін кемсіту, талап қоюшының іскерлік беделіне зиян немесе нұқсан келтіру, оның құқықтарына немесе заңды мүдделеріне нұқсан келтіру неден көрініс табатыны және бұл қандай дәлелдемелермен расталатыны көрсетілуге тиіс.
Талап қоюды қанағаттандырған кезде сот шешімнің қарар бөлігінде шындыққа сай келмейтін, нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару тәсілін, қандай нақты нұқсан келтіретін мәліметтер шындыққа сай келмейді деп танылғанын, олардың қашан және қалай таратылғанын көрсетуге, сондай-ақ теріске шығару жүзеге асырылуға тиіс мерзімді айқындауға міндетті.
21. Соттар АК-нің 143-бабындағы тәртіппен ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді сот арқылы қорғау тәсілі ретінде кешірім сұрау көзделмегенін назарда ұстағаны жөн. Сондықтан сот жауапкерді қандай да өзге бір нысанда кешірім сұрауға міндеттеуге құқылы емес.
Егер талап қоюшы жауапкерді кешірім сұрауға мәжбүрлеу туралы талап қойса, бұл бөлікте іс бойынша іс жүргізу АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасына сәйкес тоқтатылуға жатады.
Сот бітімгершілік немесе медиативтік келісімді не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітуі мүмкін, оған сәйкес тараптар дауды шешу тәсілін таңдауда өз еркін, оның ішінде кешірім сұрау арқылы білдіреді.
22. АК-нің 187-бабының 1) тармақшасына сәйкес азаматтың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне немесе заңды тұлғаның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы талаптарға, сондай-ақ азаматтың моральдық зиянның өтемақысы туралы талаптарына талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылмайды.
Масс-медиа туралы заңның 38-бабының 1-тармағында азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралдарына ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау туралы талаптары бойынша талап қоюдың арнайы ескiру мерзiмi – бiр жыл көзделген. Көрсетілген мерзім мәлімет бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күнінен бастап есептеледі.
Материалдық емес игiлiктер мен мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау туралы өзге субъектілерге талаптар қойылған кезде талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылмайды.
Соттар шындыққа сай келмейтін, нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуға қатысты залалдарды өтеу жөніндегі талаптарға талап қоюдың ескіруінің жалпы мерзімі үш жыл қолданылатынын ескергені жөн.
23. Азаматтар мен ұйымдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау фактілерін жою және олардың алдын алу мақсатында соттар шындыққа сай келмейтін нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқан адамдарға немесе ұйымдарға қатысты жеке ұйғарымдар шығару туралы мәселені талқылағаны жөн.
24. Жеке немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы шешім белгіленген мерзімде орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған кезде жауапкер заңда көзделген тәртіппен әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Айыппұл төлеу құқық бұзушыны талап қоюшыға нұқсан келтіретін таратылған мәліметтерді теріске шығару туралы шешімді орындау міндетінен босатпайды.
25. Мыналардың:
1) "Сот практикасында жеке және заңды тұлғалардың ар-намысын, қадір-қасиетін және iскерлiк беделін қорғау жөніндегі заңнаманы қолдану туралы" 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;
2) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының кейбір азаматтық және азаматтық іс жүргізу заңдарды қолдану мәселелері бойынша қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" 1998 жылғы 15 мамырдағы № 5 Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Пленумы қаулысының;
3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының "Сот тәжірибесінде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және iскерлiк беделділігін қорғау жөніндегі заңдылықты қолдану туралы" 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 6 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" 2004 жылғы 18 маусымдағы № 10 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;
4) "Сот тәжiрибесiнде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және iскерлiк беделдiлiгiн қорғау жөнiндегi заңдылықты қолдану туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 6 нормативтік қаулысына өзгеріс енгізу туралы" 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 4 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;
5) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 3-тармағының күші жойылды деп танылсын.
26. Конституцияның 5-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1, 13 және 26-тармақтарды қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
А. Мерғалиев |
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |