Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 2 қазандағы № 633 қаулысы.

Жаңартылған

      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2-8-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 233 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 5 ақпандағы № 131 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 6, 62-құжат);

      2) "Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 5 ақпандағы № 131 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 25 ақпандағы № 111 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 15-16, 76-құжат).

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 2 қазандағы
№ 633 қаулысымен
бекітілген

Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидалары, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптар 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидалары, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметiн реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 2-8-тармағына, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы", "Техникалық реттеу туралы", "Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы" заңдарына сәйкес әзiрленді және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сауда базарларының қызметін ұйымдастыру тәртібін, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптарды айқындайды.

      Осы Қағидалар сауда базарының барлық субъектiлерiне қолданылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 233 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер қолданылады:

      1) автодүкен – сауда жабдығымен жарақталған мамандандырылған автокөлiк құралы (тауарларды автодүкендер арқылы өткізген кезде мамандандырылған көлік құралы техникалық тұрғыдан жарамды болуға тиіс);

      2) автомат – тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы;

      3) базар әкiмшiлiгi – базар қызметiн тiкелей басқару үшiн базардың меншiк иесi (иегерi) құрған басқару аппараты;

      4) бөлшек сауда базары – қызмет көрсетудi және тұтынушының тiкелей өзіне жеке, тұрмыстық және отбасылық пайдалануына арналған тұтыну мақсатындағы тауарларды даналап немесе шамалы мөлшерде сатып алу-сату жүзеге асырылатын базар;

      5) бөлшек сауда – сатып алушыға жеке, отбасылық, үй iшiнде немесе кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға арналған тауарларды сату жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;

      6) дүкен – сауда, қосалқы, әкiмшiлiк-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етiлген күрделi стационарлық құрылыс немесе оның бiр бөлiгi;

      7) дүңгiршек – бір немесе бірнеше сауда орнына есептелген, азық-түлік тауарларын сақтауға арналған сауда залы мен үй-жайлары жоқ, сауда жабдығымен жарақталған, тасымалданатын күрделi емес құрылыс;

      8) жылжымалы сөре – арнайы белгіленген орынға орналастырылатын, сауда орны болып табылатын тасымалданатын уақытша құрылыс (конструкция);

      9) коммуналдық базар – жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылатын, тұтынушының тiкелей өзiне жеке, тұрмыстық және отбасылық пайдалануына арналған, негізінен азық-түлік тауарларын сатып алу-сату жүзеге асырылатын сауда базары;

      10) көтерме сауда базары – кейіннен сату немесе өндiрiсте пайдалану мақсатында тауарларды партиялармен (көп мөлшерде) сатып алу-сату жүзеге асырылатын базар;

      11) көтерме сауда – кейiннен сатуға немесе жеке, отбасылық, үй-iшiлiк және осындай өзге де пайдалануға байланысты емес өзге де мақсаттарға арналған тауарларды өткізу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;

      12) сауда базарының меншiк иесi (иегерi) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет ететiн, сауда қызметiн жүзеге асыру үшiн сауда орындарын беретін және басқа да қызмет түрлерiн көрсететін, базардың мүлкiн иеленетін, пайдаланатын, оның ішінде меншік құқығында пайдаланатын дара кәсіпкер және (немесе) заңды тұлға;

      13) сауда базары – аумақта шаруашылық қызмет көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негізде жұмыс істейтін және өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңмен қамтамасыз етілген, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігі, сәулет-құрылыс талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талаптарға сәйкес келетін сауда қызметіне арналған оқшау мүліктік кешен;

      14) сауда қызметi – жеке және заңды тұлғалардың тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсiпкерлiк қызметi;

      15) сауда қызметiнiң субъектiсi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сауда қызметiн жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      16) сауда керек-жарағы – сауда қызметiн жүзеге асыруға арналған заттар;

      17) сауда объектiсi – тауарларды сату кезiнде оларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және сол үшін пайдаланылатын құрал-жабдықпен арнайы жарақтандырылған ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi, құрылыс немесе құрылыстың бiр бөлiгi, сауда базары, автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;

      18) сауда орны – тауарлар сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және сол үшін пайдаланылатын құрал-жабдықпен жарақтандырылған орын;

      19) шағын сауда базары (бұдан әрi – шағын базар) – сауда орындарының саны 25-тен аспайтын, тауарларды зауыттық орамда (ыдыста), ауыл шаруашылығы өнімін, сондай-ақ арнайы сақтау жағдайларын талап етпейтiн тауарларды даналап сатуға арналған базар;

      20) сауда базарының әкімшісі – Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес сауда базарының жұмыс істеуін және оның жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін жеке тұлға;

      21) стационарлық емес сауда объектісі – инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуына (технологиялық біріктірілуіне) немесе қосылмауына (технологиялық біріктірілмеуіне) қарамастан, жермен берік байланысы жоқ уақытша құрылыс немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;

      22) стационарлық сауда объектісі – жермен берік байланысқан және инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылған (технологиялық біріктірілген) ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй-жай), құрылыс немесе құрылыстың бiр бөлiгі (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй-жай);

      23) тауар – сатуға немесе айырбастауға арналған, айналымнан алынбаған кез келген еңбек өнiмi;

      24) тауарлар тобы – функциялық мақсатында ұқсастығы бар тауарлар жиынтығы;

      25) халықтың декреттелген тобы – халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін және айналасындағы адамдарға инфекциялық және паразиттік ауруларды жұқтыруда барынша қауіп төндіретін адамдар;

      26) шатыр (павильон) – құрастырмалы-жиналмалы конструкциялардан, бір немесе бірнеше сауда орындары үшін сауда жабдықтарымен жарақтандырылған сауда қорына арналған алаңы бар және арнайы белгіленген орынға орналастырылатын, жеңiл құрылатын құрылыс.

      3. Базарда тауарларды көтерме және бөлшек сату түрiндегі сауданы, сондай-ақ қызметтер көрсетуді базар аумағында орналасқан стационарлық және стационарлық емес сауда объектілері арқылы сауда қызметі субъектілері жүзеге асырады.

      4. Сауда базарларын жобалау, салу және реконструкциялау сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қолданыстағы мемлекеттік нормативтерде көзделген талаптарға сәйкес және өз құзыретi шегiнде белгiленген тәртiппен тиiстi органдармен келiсiлген жобалар бойынша жүргiзiледi.

      Объектіні қабылдаудың бекітілген актісі болмаса, базарды пайдалануға жол берілмейді.

      5. Тауарлық-салалық белгiсi бойынша сауда базарының аумағын мамандандыруды және аймақтарға бөлуді, сондай-ақ базарда жүзеге асырылатын мәмілелердiң көлемi мен сипатына байланысты базардың түрін қолданыстағы нормативтерге сәйкес базар әкiмшiлiгi айқындайды.

      6. Базарлар:

      1) тауарлық мамандануы бойынша:

      азық-түлiк тауарларын өткiзу бойынша – азық-түлiк;

      өнеркәсiп тауарларын, тұрмыстық техниканы өткізу бойынша – азық-түлiк емес;

      2) өткізетін тауарларына байланысты:

      мамандандырылған;

      әмбебап;

      3) мәмілелердің көлемі мен оларды жүзеге асыру тәсілдері бойынша:

      бөлшек сауда;

      көтерме болып жiктеледi.

      7. Әмбебап сауда базары сауда орындары әртүрлі топтағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары болып табылады:

      1) астананың, республикалық маңызы бар қаланың және облыстық маңызы бар қаланың аумағындағы сауда базары, автодүкендерді қоспағанда, ішінде стационарлық емес сауда объектілері орналастыруға болатын бір және одан да көп стационарлық сауда объектілерінен тұрады;

      2) аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың аумағындағы сауда базары стационарлық және (немесе) стационарлық емес сауда объектілерінен тұрады.

      8. Мамандандырылған сауда базары тауарлардың жалпы санының жетпіс және одан да көп проценті бір топтағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары болып табылады.

      Мамандандырылған сауда базары стационарлық және (немесе) стационарлық емес сауда объектілерін білдіреді.

2-тарау. Базар аумағын күтіп-ұстауға, жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптар

      9. Базарды ұйымдастырған кезде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 4 тамыздағы № ҚР ДСМ-73 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23856 болып тіркелген) бекітілген "Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының (бұдан әрі – санитариялық қағидалар), өрт қауіпсіздігі талаптары, сәулет, құрылыс, ветеринариялық, экологиялық және басқа да талаптар сақталуға тиiс.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 233 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      10. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 233 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Базар аумағында құрылыстар мен жабдықты орналастыру тұтынушылардың сауда орындарына еркiн келуiн, өрт қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын және авариялық немесе төтенше жағдайларда адамдар мен материалдық құндылықтарды шұғыл эвакуациялау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуі тиiс.

      12. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 233 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Сауда базарларында:

      1) орналастыру схемасына сәйкес сауда орындары, әкімшілік-тұрмыстық, қойма үй-жайлары және жалпы пайдаланылатын орындар;

      2) шолуға арналған орындар болуға тиіс, онда:

      сауда базарында сауда орындарын орналастыру схемасы қамтылған ақпарат;

      авариялық немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде эвакуациялау схемасы;

      өрт шыққан кезде адамдарды қауіпсіз аймаққа қауіпсіз эвакуациялауды жүргізу, өртке қарсы қызметті шақыру және өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін өртті сөндіруді ұйымдастыру жөніндегі ұйым қызметкерлерінің іс-қимыл тәртібі қамтылған эвакуация жоспары;

      сауда орындарын жалға беру (пайдалану) тәртібі мен шарттары туралы ақпарат, оның ішінде осы Қағидалардың 18-тармағының 11) тармақшасына сәйкес базарда жеңiлдiктерi бар тұлғалардың тiзбесi;

      бос сауда орындары туралы ақпарат;

      сауда орындарын жалға беру (пайдалану) жөніндегі келіссөздерді жүргізуге уәкілетті тұлғаның байланыс (телефон нөмірі және (немесе) электрондық мекенжайы) деректері;

      Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген ақпарат;

      бақылау өлшеу құралдарының, пiкiрлер мен ұсыныстар кітабының орналасқан жері туралы ақпарат;

      базар жұмысына қатысты мәселелер туындаған жағдайда жүгіну қажет базар әкiмшiлігі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органдардың, ветеринария және өсiмдiктер карантинi жөнiндегi органдардың аумақтық бөлімшелері, iшкi iстер бөлiмi телефондарының нөмiрлерi;

      санитариялық-ветеринариялық сараптама жүргiзу үшiн азық-түлік тауарларынан алынатын iрiктеу нормалары (мұндай ақпаратты ет және жемiс-көкөнiс павильондарында орналастыру мiндеттi) орналастырылады.

      Коммуналдық базарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысымен бекітілген әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының тiзбесiне сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ағымдағы бөлшек сауда бағалары туралы ақпараттық стендтер орнатылады. Сондай-ақ мұндай ақпараттық стендте өзге де азық-түлік тауарларының ағымдағы бөлшек сауда бағалары туралы ақпарат қамтылуы мүмкін.

      Базар аумағы сауда қатарларына (жемiс-көкөнiс, ет, сүт, тұрмыстық тауарлар, киiм, аяқ киiм және т.б.), қоғамдық тамақтану объектілеріне, бақылау өлшеу құралдарына, автобус аялдамаларына, шығуға және т.б. бағыттар сiлтемелерімен жарақтандырылады.

      Базар қажеттi сауда керек-жарағымен, жабдықпен, оның iшiнде "Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қолдануға рұқсат берiлген бақылау өлшеу құралдарымен жарақтандырылады.

      Әрбiр азық-түлік сауда залында бақылау өлшеу құралдары орнатылады.

      14. Базар аумағында қоғамдық тамақтану, сауда, халыққа тұрмыстық қызметтер көрсету және әлеуметтік мақсаттағы объектiлерді орналастыру және жабдықтау санитариялық қағидалардың талаптарын сақтай отырып жүргізіледі.

      15. Азық-түлiк емес сауда залдарында заттарды (киiм, аяқ киiм) сату кезiнде оларды киiп көру үшiн жағдай жасалуы, ал ақаусыздығын тексерудi талап ететiн күрделi-техникалық және басқа да тауарлар үшiн – оны өткiзуге арналған жағдай жасалуға тиiс.

      16. Базар аумағындағы сумен жабдықтау және су бұру санитариялық қағидалар талаптарына сай болуға тиiс.

      17. Базарда тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін, азық-түлік шикізатын, тауарларды сақтау және өткiзу санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. Базар әкімшiлiгінiң жұмысын ұйымдастыру

      18. Базар әкiмшiлігі:

      1) Қазақстан Республикасының сауда қызметін регламенттейтін қолданыстағы заңнамасына, осы Қағидаларға және ішкі сауда субъектілері мен сауда базары әкімшілігінің жұмыскерлері үшін жұмыс режимін қамтитын базар регламентіне сәйкес базардың қалыпты жұмыс істеуі және оның жұмысын ұйымдастыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді;

      2) базар аумағын уақтылы тазалауды және абаттандыруды қамтамасыз етедi;

      3) базарда ай сайын кестеге сәйкес санитариялық күн өткiзедi;

      4) базардың мамандануына байланысты энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау бөлiгiнде базар аумағындағы сауда объектiлерi мен орындарына сервистік қызмет көрсетудi, сондай-ақ пайдалану шарттарына және оларға қойылатын талаптар мен санитариялық қағидаларға сәйкес келетін сауда керек-жарағының және бақылау таразыларының болуын қамтамасыз етедi;

      5) қоғамдық тәртiптi, өрт қауiпсiздiгін сақтау, қарауылдық күзет ұйымдастыру және базарды абаттандыру бойынша iс-шараларды өткiзу бойынша шаралар қабылдайды;

      6) осы Қағидаларға, құрылыс нормалары мен қағидаларына, санитариялық қағидаларға, өрт қауiпсiздiгi қағидаларына, экологиялық қағидаларға және қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа да талаптар бойынша базар жұмысын ұйымдастырады;

      7) базар аумағына кiреберiске базардың түрін, мамандануын, атауын, жұмыс режимiн көрсете отырып маңдайша (мемлекеттiк және орыс тілдерiнде) орнатады;

      8) қажет болған жағдайда сауда базарының барлық субъектілеріне танысу үшін мынадай нормативтік құқықтық актілерді қағаз немесе электрондық түрде ұсынуға тиіс:

      "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      осы Қағидалар;

      санитариялық қағидалар.

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, базар көрсететін қызметтер үшін төлем мөлшерлемесін (сауда орындары мен үй-жайларды жалға алу, сондай-ақ басқа да қосымша көрсетілетін қызметтер) дербес белгiлейдi;

      10) Заңға сәйкес сауда объектілерін, сауда объектілеріндегі, оның ішінде сауда базарларындағы сауда орындарын жалға беру (пайдалану) кезінде жалдау (пайдалану) шарттарын жасауға міндетті (күнтізбелік ай шегінде үш күннен астам мерзімге шарт жасаған кезде – жазбаша түрде);

      11) базар көрсететiн қызметтер бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдiктер беру туралы шешiмді дербес қабылдайды (бұл ретте жеңілдiктер беру туралы хабарландыру мен тиiстi жеңiлдiктерi бар тұлғалардың тiзбесi жалпыға қолжетiмдi жерде орналастырылады);

      12) шарт негізінде құқықтық тәртіпті қорғау және өрт қауіпсіздігі жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік емес ұйымдарға, ветеринариялық қадағалау органдарына тұрақты бекеттер орналастыру үшін қызметтік үй-жайлар береді;

      13) сауда қызметінің субъектілерi үшiн ақылы қызметтер (тоңазытқыштарда, қоймаларда және басқа да қойма үй-жайларында тауарларды, өнiмдi, сондай-ақ сатушылардың жеке заттарын сақтау; ет шабу; жүктерді сауда орындарына тасу; автотұрақтарды пайдалану; радио арқылы хабарландыру және басқалар) көрсетеді.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 233 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. Сауда базарының әкімшісі:

      1) ішкі сауда субъектілері мен сауда базары әкімшілігінің жұмыскерлеріне арналған жұмыс режимін қамтитын базар регламентін бекітеді;

      2) сауда базары ұсынатын қосымша көрсетілетін қызметтер тізбесін (бар болса) бекітеді;

      3) ішкі сауда субъектілеріне сауда орындарын беру тәртібін, олардың сипаттамаларын, мүліктік жалдау (жалға алу) шартының талаптарын бекітеді;

      4) сауда базарларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жол берілетін шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін ішкі сауда субъектілерінің назарына жазбаша нысанда жеткізеді.

      20. Сауда базарының меншік иесі (иегері) және (немесе) сауда объектілерін, сауда объектілеріндегі сауда орындарын, оның ішінде сауда базарларында, жалға (пайдалануға) беруші дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық міндеттемелерін орындайды.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 233 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      21. Базардың техникалық персоналы сауда базары аумағында шаруашылық қызметтi санитариялық киiм киіп жүзеге асырады, сондай-ақ санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтайды.

      22. Коммуналдық базардың әкімшілігі облыстың, қаланың, ауданның жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша апта сайынғы негізде коммуналдық базарда сатылатын азық-түлік тауарларына ұсынылатын бөлшек сауда бағасын белгілейді.

      23. Коммуналдық базардың әкімшілігі облыстың, қаланың, ауданның жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша жыл сайынғы негізде тоқсанына ең көбі бір рет түзету мүмкіндігімен көрсетілетін қызметтердің барлық түрлері бойынша (сауда алаңдарын жалға беру, тауарларды сақтау, қоймаға қою, сұрыптау және буып-түю, сондай-ақ жүк және жеңіл автокөліктің кіруі мен тұрағы) тіркелген тарифтерді белгілейді.

4-тарау. Базарлардың жұмысын бақылау

      24. Осы Қағидалар талаптарының сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртiппен уәкiлетті мемлекеттiк органдар және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады.

      25. Базар әкімшілігі уәкiлетті органдардың лауазымды тұлғаларына тексерулер жүргізуге жәрдем көрсетедi және осындай тексерулер барысында анықталған кемшiлiктер мен бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдайды.

      26. Жүзеге асырылған тексерулер нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының бұзылуы анықталған кезде бақылаушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қабылдайды.

      27. Базардың меншiк иесi (иегерi) және (немесе) әкімшілігі осы Қағидаларды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жауапты болады.

5-тарау. Сауда процесiн ұйымдастыру

      28. Сауда қызметiнiң субъектiлерi және халықтың декреттелген тобына жататын базар жұмыскерлерi санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21443 болып тіркелген) бекітілген міндетті медициналық қарап-тексерулерді жүргізу қағидалары мен мерзімділігіне және "Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес медициналық қарап-тексеруден өтуге тиіс.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 233 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      29. Сауда қызметiнiң субъектiсi: өнiмдердiң сәйкестігі мен қауiпсiздiгiн куәландыратын құжаттарсыз және (немесе) тұтынушылардың өмiрi немесе денсаулығы үшiн қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін (оның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағына одан тысқары жерлерден әкелiнген) тауарларды сатқан, сондай-ақ тауарлардың қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын ресми құжатты заңсыз пайдаланған; сатылатын тауардың сапасына қатысты сатып алушыларды алдаған; тұтынушыны кем өлшеу арқылы алдаған; санитариялық қағидалардың талаптарын бұзып тауарлар саудасын жасаған жағдайда "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген жауаптылыққа тартылады.

      30. Сауда қызметiнiң субъектiлерi тауарларды сату кезiнде:

      1) базардағы сауда қағидалары мен базардың iшкi тәртiбiн сақтауы;

      2) санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауы;

      3) жүкқұжаттардың түпнұсқалары мен нормативтiк актілерде көзделген басқа да тауардың iлеспе құжаттары; тауарлардың сәйкестігі мен қауiпсiздiгiн растайтын құжаттар болуы;

      4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық есебін жүргізуі қажет.

      31. Осы Қағидалардың 30-тармағының 3) тармақшасында аталған құжаттар сауда қызметiнiң субъектiсiнде бүкіл жұмыс уақытында сақталады және бақылаушы органдар мен базар әкiмшiлiгiнiң, сондай-ақ тұтынушылардың бiрiншi талап етуі бойынша берiледi.

      32. Сауда орнын үшiншi тұлғаға беру тараптардың (сауда қызметiнiң субъектiсi мен базар әкiмшiлiгi) келiсуі бойынша жүргiзiледi.

      33. Сауда қызметiнiң субъектiлерi Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық міндеттемесін орындайды.

      34. Базарда сатуға тыйым салынған азық-түлік тауарларының тiзбесi санитариялық қағидалар талаптарында айқындалады.

      35. Заңға сәйкес еркiн сатуға тыйым салынған тауарларды базарда сатуға тыйым салынады.

      36. Базарларда ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу мiндетті болып табылады. Жануарлардан алынатын шикізаттарды ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізбей сатуға тыйым салынады.

      37. Коммуналдық базарда азық-түлік тауарларын сатуға сауда орындарының кемінде 70 %, оның ішінде кемінде 10 % сауда орны өз өнімдерін сату үшін тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге беріледі.

      Бұл ретте азық-түлік тауарларын сату үшін сауда орындарының және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сауда орындарының нақты санын айқындауды коммуналдық базардың әкімшілігі жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша жүзеге асырады.

6-тарау. Сатылатын тауарлардың сапасы мен қауiпсiздiгi

      38. Базарда айналымға техникалық реттеу, сондай-ақ тағам өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен олардың базардағы айналымының белгіленген қағидаларына сәйкес тауарлар (өнімдер) жіберіледі.

      39. Сату уақытында сапасын жоғалтқан және сапасыз тауарлар разрядына өткен тауар сатудан алынады.

      Өнiмдер мен тауарларды жою немесе одан әрі өңдеу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Уақытша сақтауға қойылған тауарлар ыдыста қатталуы тиiс. Сақтау үй-жайларында тауарлар қатар орналастыру қағидаттары, қоймаға қою, режим мен сақтау нормалары сақтала отырып орналастырылады.

7-тарау. Сауда базарларының қызметiн тоқтату

      40. Сауда базарының меншiк иесi базар қызметiн Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатады.