Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 136 қаулысы.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы Жарлығына сәйкес, сондай-ақ мемлекеттік органдарда құжат айналымды және іс жүргізуді жүзеге асыру рәсімдерін оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен ақпараттық жүйелер мен жабдықтардың техникалық сүйемелденуі мен тұрақтылығын, сондай-ақ қолданыстағы электрондық құжаттардың сақталуын қамтамасыз етсін.

      3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 25 наурыздағы
№ 136 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-тармақтың күшін жою көзделген - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 355 қаулысымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. "Кейбiр нұсқаулықтарды бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықта:

      146-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "146. Кеңсенің құрылымдық бөлімшелері Үкімет отырысына шығарылатын жобалар бойынша:

      1) жобаларды Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің ескертулерін, оның ішінде редакциялық сипаттағы және заң техникасы бойынша ескертулерін ескере отырып дербес пысықтайды. Қалған жағдайларда жобалар Үкімет немесе Кеңсе басшылығының тапсырмасы бойынша пысықталады және жобаның түпкілікті нұсқасын әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы (бірінші басшының міндетін атқару ресми жүктелген адам не бірінші басшы Үкімет пен Кеңсе басшылығына арналған құжаттарға қол қоюға ресми уәкілеттік берген адам) немесе облыстың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімі (облыс, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімінің міндетін атқару ресми жүктелген адам) ЭЦҚ арқылы электрондық түрде келіседі, ал қажет болған кезде басқа мүдделі мемлекеттік органдармен келісіледі;

      2) жобаларды электрондық құжаттар нысанында ресімдейді.

      "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар жобалар елтаңбалық бланкіде тек қағаз құжат нысанында ресімделеді;

      3) жобаларды БҚҚБ-ның электрондық және қағаз құжаттар жиынтығын тиісінше қалыптастыруға, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндердің тең түпнұсқалығына жауапты қызметкерлері, жауапты бөлімнің және бірлесіп орындаушы бөлімдердің, Заң бөлімінің меңгерушілері, Кеңсе Басшысы және оның орынбасарлары (олардың міндеттерін бөлуге сәйкес), Премьер-Министрдің тиісті орынбасарлары (олардың міндеттерін бөлуге сәйкес) МОИП немесе ЭҚАБЖ арқылы келіседі және МОИП арқылы әзірлеуші мемлекеттік органдарға қайта келісуге жолданады.

      Заң жобаларын Парламентке жіберуді не оларды Парламенттен кері қайтарып алуды көздейтін қаулы жобаларын, сондай-ақ Үкімет бастамашылық жасаған заң жобаларына депутаттардың түзетулері бойынша Үкімет қорытындыларын Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі Өкілдігінің басшысы қосымша келіседі;

      4) жауапты құрылымдық бөлімшенің басшысы келіскен (МОИП-та немесе ЭҚАБЖ-да), жобаның пысықталған ережелерінің көлемі мен сипаты баяндалған анықтаманы (МОИП арқылы келісілген жағдайда, онда аталған жобаны бұрын қараған мүдделі мемлекеттік органдарда келісу нәтижелері де көрсетіледі) Кеңсе Басшысына қол қоюға ұсынады;

      5) Үкімет отырысы өткізілгенге дейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, толық дайындалған электрондық түрдегі жобаны БҚҚБ-ға ұсынады.

      Егер жоба бойынша Кеңсе Басшысының тікелей тапсырмасы болмаса, БҚҚБ жобаларды Үкімет отырысының қарсаңында, яғни 1 (бір) жұмыс күні қалғанда қабылдамайды.

      Үкімет отырысында Үкімет мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен (және сырттай дауыс берумен) қабылданған жобалар Премьер-Министрге қол қоюға ұсынылады.

      Жобалар Үкімет отырысында қаралғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде жобаны электрондық келісу нәтижелерін қоса бере отырып, электрондық және қағаз нысанында елтаңбалық бланкіде Премьер-Министрге қол қоюға ұсынылуға тиіс.".

      2. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 355 қаулысымен.

      3. "Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2016 жылғы 6 қазандағы № 568 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларында:

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Заңның 44-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын қабылданған нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына (бұдан әрі – әділет органдары) жіберіледі.

      Мемлекеттік тіркеу әділет органдарына әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен, ал бірлескен нормативтік құқықтық акт қабылданған жағдайда – негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      "Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 185 Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) хаттамалық шешімдерін іске асыру үшін қабылданған нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу мұндай акт әділет органдарына түскен күнінен бастап бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне енгізіледі.

      Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімін жүргізуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі және оның аумақтық органдары жүзеге асырады. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімін жүргізудің тәртібі мен нысанын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітеді.".

      4. "Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2016 жылғы 6 қазандағы № 569 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларында:

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Қаулы жобаларын мемлекеттiк органдарда қарау және келiсу олар түскен күнiнен бастап мынадай мерзiмнен аспауға тиiс:

      1) Регламентте көзделген жағдайларды қоспағанда, қаулы жобалары – 10 (он) жұмыс күні;

      2) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою, сондай-ақ гуманитарлық көмек мәселелерi бойынша, сондай-ақ "Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 185 Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) хаттамалық шешімдерін іске асыру үшін қабылданатын қаулы жобалары – 1 (бір) жұмыс күні.

      Мемлекеттік органдармен бұрын келісілген қаулы жобаларын қайта келісу мерзімі (мемлекеттік органның құзыретіне кірмейтін бөлігінде жобаның мәтіні өзгерген жағдайда) мерзімі 3 (үш) жұмыс күнінен, ал осы Регламенттің 45-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жобалар бойынша 1 (бір) жұмыс күнінен аспауға тиіс.";

      47-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "47. Тиісті аумақта карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндiк аймақты белгiлеу (күшiн жою) туралы, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау), табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешімдер қабылдауды көздейтін, сондай-ақ Мемлекеттік комиссияның шешімдерін іске асыру үшін әзірленген жобаны келісу келіп түскен күнінен бастап бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі, бұл ретте мүдделі мемлекеттік органдарға және әділет органдарына бір уақытта жіберілуі шарт.";

      49-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "49. Алынған ұсынымдар, ескертулер және ұсыныстар ескеріле отырып, сондай-ақ олармен келіспеген жағдайда, пысықталған нормативтік құқықтық актінің жобасын қайтадан келісу қайта келісуге келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде, ал осы Қағидалардың 47-тармағында көзделген жобалар бойынша бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі.".