Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысы.

      "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 28-бабының 3-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Жекелеген қару түрлерiнiң айналымына мемлекеттiк бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 3 тамыздағы № 1176 қаулысының 1-тармағының 3) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 32-33, 399-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 3 тамыздағы № 1176 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1370 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 32-33, 399-құжат).

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 24 маусымдағы
№ 429 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ұзақ сақтаудағыны қоспағанда, қару-жараққа қабылданған ойық жауынгерлік қол атыс қаруынан (бұдан әрі – жауынгерлік қару) бақылау үшін атылған оқтар мен гильзалардың Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекцияларын, сондай-ақ ішкі істер органдарының жауынгерлік, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан бақылау үшін атылған оқтар мен гильзалардың Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекцияларын қалыптастыру жөніндегі қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік оқ-гильза қоймасы ұзақ сақтаудағыны қоспағанда, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қару-жарақ қызметтерінің сақтауындағы қару-жараққа қабылданған жауынгерлік қарудан бақылау үшін атылған оқтар мен гильзалардың ведомстволық коллекциялары, сондай-ақ ішкі істер органдарының қару-жарақ қызметтерінің сақтауындағы азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан бақылау үшін атылған оқтар мен гильзалардың ведомстволық коллекциялары болып табылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының құзыреті бойынша жауынгерлік, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруын бақылау үшін ату, бақылау оқтары мен гильзаларын есепке алу, сақтау, ауыстыру, алып қою және жою, сондай-ақ қару жоғалған (ұрланған) жағдайда оларды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалистикалық оқ-гильза қоймасына ұсыну бойынша іс-әрекеті;

      2) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалистикалық оқ-гильза қоймасы (бұдан әрі – ІІМ КОГҚ) – оқиға орындарынан алынған, жоғалған (ұрланған) қарудан бақылау үшін атылған немесе алып қойылған, табылған, ерікті түрде тапсырылған ойық атыс қаруынан эксперименттік атылған оқтардың, гильзалар мен патрондардың, сондай-ақ қолдан жасалған ойық атыс қаруынан, оның ішінде ойық атыс қаруы, ойық атыс қаруы үшін патрондарға қолдан жасалған және (немесе) қайта жасалған тегіс ұңғылы қарудан эксперименттік атылған оқтар мен гильзалардың, газды, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар газды қарудан, сондай-ақ осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген қаруды қоспағанда, ұңғысыз атыс қаруынан атылған гильзалардың коллекциялары;

      3) бақылау үшін ату – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының уәкілетті адамдарының Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекцияларын қалыптастыру үшін құзыреті бойынша жауынгерлік, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан атуы;

      4) қару иесі – қаруды иеленуге, алып жүруге және сақтауға арналған рұқсат негізінде қаруды иеленетін жеке немесе заңды тұлға;

      5) эксперименттік ату – алып қойылған, табылған, ерікті түрде тапсырылған ойық атыс қаруынан, оның ішінде қолдан жасалған ойық атыс қаруынан, тегіс ұңғылы қарудан, ойық атыс қаруынан, газды, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар газды қарудан, сондай-ақ ұңғысыз атыс қаруы үшін патрондарға келтіріліп қолдан жасалған және (немесе) қайта жасалған тегіс ұңғылы қарудан ішкі істер органдарының жедел-криминалистикалық бөлінісінің қызметкерлері жүргізетін ату.

2-тарау. Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекцияларының объектілері

      4. Жауынгерлік, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан, оның ішінде:

      1) негізгі із қалдыратын бөлшектері (оқжатары, ұңғы оқпаны, шүріппесі, шаппасы ауыстырылған немесе механикалық өңделген) жөндеуден өткен жауынгерлік қарудан, сондай-ақ азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан;

      2) өнім беруші кәсіпорындар шет елден әкелген және Қазақстан Республикасының аумағында сатуға арналған қарудан, ол сатылғанға дейін;

      3) Қазақстан Республикасының азаматы шет елден сатып алған қарудан, оны тіркеу және сақтау мен алып жүруге ресімдеу алдында;

      4) кәсіпорындар және (немесе) ұйымдар беретін немесе сататын қарудан, оны берер немесе сатар алдында;

      5) Қазақстан Республикасының азаматтарына тиесілі ойық атыс қаруынан, оны сақтауға және алып жүруге, жоюға рұқсат алу немесе ұзарту кезінде;

      6) ішкі істер органдарында (бұдан әрі – ІІО) оны сақтауға және алып жүруге рұқсатты ресімдеу алдында ойық ұңғылы марапаттық атыс қаруынан атылған бақылаудағы оқтар мен гильзалар Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекцияларының объектілері болып табылады.

      5. Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекциясына:

      1) калибрі 11,56 мм асатын ойық атыс қаруынан;

      2) қарудың оқтары мен гильзаларынан сапалы эксперименттік іздер алу мүмкін болмаған жағдайда қатты тотталған із қалдыратын атыс қаруынан;

      3) ауыспалы ұңғылары немесе тегіс ұңғылардағы ойық ендірмелері бар қаруды қоспағанда, аңшылық тегіс ұңғылы қарудан атылған оқтар мен гильзалар орналастырылмайды.

      6. Жаңадан жасалатын, сондай-ақ зауыттық жағдайларда қайта жасалатын, жөнделетін жауынгерлік, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан бақылау үшін ату аумақ бойынша полиция департаментінің азаматтық және қызметтік қару айналымы саласындағы бақылау жөніндегі бөлінісі қызметкерінің қатысуымен шығарушы кәсіпорындарда жүргізіледі. Бақылау үшін ату туралы жазбалар жаңадан жасалатын, қайта жасалатын, жөнделетін отандық қарудың зауыттық паспорттарына енгізіледі.

      Бақылау гильзалары мен оқтары шығарушы кәсіпорындарда осы Қағидалардың 25-тармағына сәйкес қаптамаға салынады және бақылау оқтары мен гильзаларды Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекциясына орналастыру үшін аумақ бойынша полиция департаментіне жолданады.

      7. Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында жауынгерлік қаруды бақылау үшін ату мақсатында қару-жарақ қызметі қызметкерінің немесе ведомстволық коллекцияны қалыптастыру, қаруды сақтау және есепке алу үшін жауапты бөлініс (бұдан әрі – уәкілетті бөлініс) қызметкерінің қатысуымен комиссия құрылады.

      8. Азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан бақылау үшін атуды құрамы ІІО бөліністерінде қару-жарақ, азаматтық және қызметтік қару айналымы саласындағы бақылау, жедел-криминалистикалық, қаржымен қамтамасыз ету қызметтерінің қызметкерлерінен тұратын комиссия жүзеге асырады.

      9. Ойық атыс қаруынан бақылау үшін ату жөніндегі комиссия құрамын мемлекеттік органның уәкілетті басшысы немесе әскери бөлім командирі бекітеді.

      10. Оқ-дәрілер бөлу, қаруды жауынгерлік қару бақылау үшін атылатын жерге тасымалдау Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күштері мен құралдары есебінен жүргізіледі.

      Бақылау үшін атуға жататын азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруы мен оның патрондарын қару иесі жеке тұлға немесе сенімхат негізінде заңды тұлғаның өкілі (бұдан әрі – сенімхат бойынша өкіл) бақылау үшін ату жүргізілетін орынға өздері жеткізеді.

      11. Бақылау үшін атуға жататын қаруды, сондай-ақ бақылау үшін атылған оқтар мен гильзаларды қару-жарақ қызметінің немесе уәкілетті бөліністің қызметкері осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қарудан атуды және ведомстволық коллекцияға орналастырылған бақылау оқтарын, гильзаларды тіркеу журналына тіркейді.

      12. Қару иесі немесе сенімхат бойынша өкіл қаруды тіркелген жердегі аумақтық ІІО-ға осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан бақылау үшін ату жүргізу туралы өзі өтінішпен жүгінеді.

      13. Азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан бақылау үшін атуды ІІО қару иесінің немесе сенімхат бойынша өкілдің өтініші тіркелгеннен кейін қару иесінің немесе сенімхат бойынша өкілдің қатысуымен апта сайын сәрсенбі күндері жүргізеді. Бақылау үшін атылған қару ату күні иесіне немесе сенімхат бойынша өкілге қайтарылады.

      14. Бақылау үшін ату нәтижелері жауынгерлік қару үшін екі данада, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруы үшін үш данада осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бақылау үшін ату актісімен ресімделеді.

      Жауынгерлік қарудан бақылау үшін ату актісінің бір данасы қару-жарақ қызметінің немесе уәкілетті бөліністің сақтауында қалады, екіншісі ату үшін қару ұсынған бөлініске немесе ұйымға беріледі.

      Азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан бақылау үшін ату актісінің бір данасы бақылау-қадағалау немесе қару иесінің жеке ісіне енгізу үшін ІІО-ның қару айналымы саласындағы бақылау жөніндегі бөлінісіне беріледі, екіншісі қару иесіне немесе сенімхат бойынша оның өкіліне беріледі, үшіншісі атылған оқтармен және гильзалармен бірге қару-жарақ қызметінде сақталады.

      Бақылау үшін ату актілері 10 жыл сақталады, содан соң белгiленген тәртiппен жойылады.

      15. Бақылау оқтары мен гильзаларын қару-жарақ қызметінің немесе жауапты уәкілетті бөліністің қызметкері осы Қағидалардың 25-тармағына сәйкес қаптамаға салады.

3-тарау. Жауынгерлік, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан бақылау үшін атуды жүргізу тәртібі

      16. Жауынгерлік, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруы осы Қағидалардың 4-тармағының 1), 4), 5), 6) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, бес жылда бір рет атылады.

      17. Жауынгерлік, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруынан бақылау үшін ату тирлерде, оқу орталықтарының атыс орындарында немесе қаруды қауіпсіз ұстау шараларын сақтай отырып, арнайы оқ тұтқыштармен жабдықталған үй-жайларда жүргiзiледi.

      18. Қарудан бақылау үшін ату қабықшалы экспансивті емес немесе қабықшасыз оқтармен жарақталған стандартты ұнтақ заряды бар қарудың әрбір данасына арналған штаттық патрондарды пайдалана отырып жүргізіледі.

      19. Қарудан бақылау үшін атуды жүргізу кезінде:

      1) гильзасында металлды тот басқан, майысқан, сырылған, лак-бояу қабаты зақымдалған, оның ішінде қарудың із қалыптастырушы бөлшектерімен байланыстан зақымданған және (немесе) гильзаның аузына оқ дұрыс бекітілмеген және (не) капсюль гильза түбінен көтеріліп тұратын патрон;

      2) ұнтақ зарядының салмағы төмендетілген штаттық патрон;

      3) қадағалаушы, бронь бұзғыш-өртегіш патрон пайдаланылмайды.

      20. Бақылау үшін атудың алдында жауынгерлік қаруды қару-жарақ қызметінің немесе уәкілетті бөліністің қызметкері, ал азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруын қарудың иесі немесе сенімхат бойынша өкіл өзі тазалайды. Зауыттық және консервациялаушы майынан тазартылады, ұңғысы, барабан каморасы мен бекітпенің патрон тiреуiшi сүртіледi.

      21. Бақылау үшін ату кезінде ойық атыс қаруының әрбір данасынан:

      1) тегiс ұңғылы ұңғыларда алмалы-салмалы ұңғылар немесе ойық қондырмалары бар қаруды қоспағанда, кемінде үш бақылау оғы мен гильзасын ату қажет. Оларды бақылау үшін ату кезінде әрбір ұңғыдан үш бақылау оғы мен гильзасын ату қажет;

      2) дыбыссыз ату қондырғысы бар қаруды қоспағанда – қондырғымен де, қондырғысыз да кемінде үш бақылау оғы мен гильзасын ату қажет;

      3) револьверлерді қоспағанда. Револьверлерді бақылау үшін ату кезінде барабанның әрбiр каморасынан екi бақылау оғы мен гильзасын алу қажет. Револьверлерді бақылау үшін ату алдымен қабықшақты, содан кейiн қорғасын оқтармен жарақталған патрондармен жүргізіледі.

      22. Автоматтық қарудан ату бір-бірден ату режимінде жүргізіледі.

      23. Бақылау үшін ату нәтижесінде алынған оқтар ұңғы арнасында бөгеттерден болған іздермен қатар ақаулар мен іздердің болмауы тұрғысынан тексеріледі.

      24. Қарудан бақылау үшін атуды жүргізу кезінде бақылау үшін атуды жүзеге асыратын адам бақылау оқтары мен гильзаларын басқа қару даналарынан атылған оқтар мен гильзаларға ауыстыру мүмкіндігін жоққа шығарады.

      25. Қарудың әрбір данасының атылған бақылау оқтары мен гильзалары немесе қосымша (ауыспалы) ұңғыларды немесе шусыз ату құрылғысы бар тегіс ұңғылардағы ойық ендірмелерді қолдана отырып, жеке берік полиэтилен пакеттерге салынады, бұл ретте әрбір оқ пен гильза жұмсақ құрғақ қағазға (мақтаға) оралады. Пакеттiң iшiне органның атауы, қарудың түрi, моделі, калибрі, сериясы, нөмiрi мен шыққан жылы, қару иесiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты (болған жағдайда), қару иесінің атауы, мемлекеттік органның бөлінісі, ату күнi көрсетiлген қағаз қиындысы салынады, қару-жарақ қызметінің немесе уәкілетті бөліністің мөрімен, оның ведомстволық коллекцияны қалыптастыру, есепке алу және сақтау үшін жауапты қызметкерінің қолымен куәландырылады. Содан кейін пакет оның ішіндегісін пакеттің бүтіндігін бұзбай алуды болдырмайтын тәсілмен жабылады.

      26. Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекциясына оқтар мен гильзаларды орналастыру үшін бұрын жоғалған (ұрланған) жауынгерлік, азаматтық, қызметтік ойық атыс қаруынан бақылау үшін ату осы қарудан ол жоғалғанға (ұрланғанға) дейін атылған бақылау оқтары мен гильзаларын, сондай-ақ ол табылғаннан кейін осы қарудан атылған эксперименттік оқтар мен гильзаларды КОГҚ массиві бойынша тексеруден өткізгеннен кейін және оны жоғалту (ұрлау) фактісі бойынша процестік шешім қабылданғаннан кейін жүргізіледі.

4-тарау. Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекцияларының бақылау оқтары мен гильзаларын есепке алу, сақтау, ауыстыру, алып қою және жою

      27. Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекциялары заттай түрде сақталады. Заттай ведомстволық коллекциялармен қатар, оларды Ішкі істер министрлігінің келісімі бойынша автоматтандырылған ақпараттық баллистикалық жүйелерді (бұдан әрі – ААБЖ) пайдалана отырып, бақылау оқтары мен гильзалары суреттерінің электрондық массивін қалыптастыруға болады.

      Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекциялары қаруды орналастыру орны бойынша уәкілетті бөліністе немесе қару-жарақ қызметтерінде мемлекеттік органның бірінші басшысында сақталады.

      28. Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекцияларының бақылау оқтары мен гильзаларын есепке алу қарудың түрі, моделі, калибрі, сериясы, нөмірі, шыққан жылы, иесі, бақылау үшін атуды жүргізу және бақылау оқтары мен гильзаларын есепке қою күні, бақылау оқтары мен гильзаларының тұрған орны, оларды осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша есептен шығару күні мен негіздері туралы ақпаратты жүйелендіру арқылы қалыптастырылады.

      29. Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекциясын сақтау үшін үй-жайларға және оның сақталуын қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ бақылау үшін атуды жүзеге асыру кезіндегі қауіпсіздік шараларын Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бірінші басшылары айқындайды.

      30. Бақылау оқтары мен гильзалары мөрленетін, құлыппен жабылатын темір шкафтарда (жәшіктерде) сақталады.

      31. Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының ведомстволық коллекциясының бақылау оқтары мен гильзаларын сақтау мерзімі осы Қағидалардың 16-тармағының талаптары сақтала отырып, олар атылған жауынгерлік, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруы кәдеге жаратылғаннан кейін кемінде бес жылды құрайды.

      32. Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының коллекциясындағы бақылау оқтары мен гильзаларын алып қою оларды сақтау мерзімі аяқталғаннан кейін жүргізіледі.

      33. Қару-жарақ қызметінің немесе уәкілетті бөліністің қызметкері Мемлекеттік оқ-гильза қоймасының коллекциясындағы бақылау оқтары мен гильзаларын ауыстыру немесе одан алып қою туралы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қарудан атуды және ведомстволық коллекцияға орналастырылған бақылау оқтарын, гильзаларын тіркеу журналына белгі жасайды.

      34. Бақылау оқтары мен гильзаларын жою балқыту арқылы жүзеге асырылады. Бақылау оқтары мен гильзаларын жою үшін оларды қарудың осы данасынан қайтадан атылған бақылау оқтарымен және гильзаларымен ауыстыру немесе қаруды кәдеге жаратқаннан кейін сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты алып қою не қаруды Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен сату немесе беру негіз болып табылады.

      35. Қару-жарақ қызметтері немесе уәкілетті бөліністер жоюға жататын бақылау оқтары мен гильзаларын тиісті кәсіпорынға тасымалдауды қамтамасыз етеді.

      36. Бақылау оқтары мен гильзаларын жою туралы акт осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жауынгерлік қару үшін бір данада, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруы үшін екі данада жасалады.

      Жауынгерлік қарудың бақылау оқтары мен гильзаларын жою туралы актінің бір данасы қару-жарақ қызметінің немесе уәкілетті бөліністің сақтауында қалады.

      Азаматтық немесе қызметтік ойық атыс қаруының бақылау оқтары мен гильзаларын жою туралы актінің бір данасы бақылау оқтары мен гильзалары жойылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей бақылау-қадағалау ісіне немесе қару иесінің жеке ісіне енгізу үшін, екінші данасы – қару-жарақ қызметіне немесе уәкілетті бөлініске жолданады.

      37. Бақылау оқтары мен гильзаларын жою актісі қару-жарақ қызметінде немесе уәкілетті бөліністе он жыл сақталады.

5-тарау. Ішкі істер министрлігінің Криминалистикалық оқ-гильза қоймасына Мемлекеттік оқ-гильза қоймасы ведомстволық коллекцияларының бақылау оқтары мен гильзаларын ұсыну тәртібі

      38. Жауынгерлік, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруының жоғалу (ұрлану) фактісі анықталған кезде қаруды іздестіруді қамтамасыз ету, сондай-ақ оны қолданып жасаған қылмыстарды ашу мақсатында сотқа дейінгі немесе қызметтік тергеуді жүзеге асыратын адам ІІМ КОГҚ массиві бойынша тексеру үшін электрондық массив қалыптастырылған жағдайда жоғалған (ұрланған) қарудың бақылау оқтары мен гильзаларының ААБЖ электрондық массивінен экспортталған суреттерін электрондық түрде қоса бере отырып, бес күндік мерзімде ұрланған (жоғалған) қарудан бұрын атылған бақылау оқтары мен гильзаларды жіберуге қару-жарақ қызметіне немесе уәкілетті органға сұрау салу жолдайды.

      39. Жауынгерлік, азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруын жоғалту (ұрлату) туралы ақпарат алынған кезде сотқа дейінгі немесе қызметтік тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамнан ресми сұрау салу алынған-алынбағанына қарамастан, қару-жарақ қызметінің немесе уәкілетті бөліністің қызметкері бес күн мерзімде жоғалған (ұрланған) қарудың бақылау оқтары мен гильзаларын ІІМ КОГҚ-ға жолдайды.

      Электрондық массив ААБЖ пайдаланыла отырып қалыптастырылған жағдайда ұрланған (жоғалған) қарудың ААБЖ-ның электрондық массивінен экспортталған бақылау оқтары мен гильзаларының суреттері электрондық түрде қоса беріледі.

      40. ІІМ КОГҚ массиві бойынша тексеру нәтижелері "Ішкі істер органдарында жедел-криминалистикалық қызметті жүзеге асыру қағидаларына бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 21 шілдедегі № 75 қбп бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9662 болып тіркелген) бекітілген Ішкі істер органдарында жедел-криминалистикалық қызметті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сұрау салу бастамашысына хабарланады.

      41. Қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қару қолдану фактісі ІІМ КОГҚ массиві бойынша анықталған жағдайда ІІМ Жедел-криминалистикалық департаменті (бұдан әрі - ЖКД) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органға бұл туралы дереу хабарлайды.

      42. ІІМ КОГҚ-ға сапасыз атылған бақылау немесе эксперимент оқтары мен гильзалары ұсынылған жағдайда ІІМ ЖКД қаруды эксперименттік ату үшін сұратады.

  Мемлекеттік оқ-гильза
қоймасын қалыптастыру
қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Қарудан атуды және ведомстволық коллекцияға орналастырылған бақылау оқтарын, гильзаларын тіркеу журналы

      __________________________________________________ (мемлекеттік орган бөлінісінің (әскери бөлімнің) атауы)

Р/с №

Қарудан ату күні

Мемлекеттік органның, ұйымның атауы, қару иесінің немесе сенімхат негізіндегі өкілдің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

Қарудың түрі, моделі

Қарудың калибрі

Қарудың сериясы мен нөмірі

Шыққан жылы

Атылған оқтар мен гильзалардың саны, гильзадағы таңбалау белгілері

Актінің және номенклатуралық істің нөмірі

Бақылау оқтары мен гильзаларының тұрған орны

Бақылау оқтары мен гильзаларын есептен шығару күні мен негіздері

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

  Мемлекеттік оқ-гильза
қоймасын қалыптастыру
қағидаларына
2-қосымша
  Нысан
  ____________________
  Бастығына
(ІІО бөлінісінің атауы)
___________________________
  ___________________________
  (қару иесінің немесе заңды тұлға
  ___________________________
  өкілінің Т.А.Ә. (болған
жағдайда)
  ___________________________
мекенжайын, байланыс
  ___________________________
  телефондарын көрсету)

Өтініш

      Сізден саны _______________________________________________ дана

      _________________________________________________________________

      (қарудың түрін, моделін, сериясын, нөмірін және шыққан жылын көрсету)

      атыс қаруын бақылау үшін атуды жүргізуді сұраймын.

      _____________________________________________________________

      _____________________________________________________________

      ____________________ тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      20___жылғы "___"______________

  Мемлекеттік оқ-гильза
қоймасын қалыптастыру
қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Бақылау ату актісі

      __________________________________________ құрамындағы комиссия

      (лауазымы, атағы, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)


жауынгерлік қол атыс

азаматтық

қызметтік

      (керектісін белгілеу)

      ойық атыс қаруын бақылау үшін ату фактісін куәландырады

      негіздеме:

      _______________________________________________________________

      _______________________________________________________________

      Қару туралы мәліметтер:

Р/с №

Қаруды ату күні

Мемлекеттік органның, ұйымның атауы, қару иесінің немесе сенімхат негізіндегі өкілдің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

Қарудың түрі, моделі

Қарудың калибрі

Қарудың сериясы мен нөмірі

Шыққан жылы

Атылған оқтар мен гильзалардың саны, гильзадағы таңбалау белгілері

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

7

8

9

      Комиссия мүшелері: ___________ тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы) ___________ тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы) ___________ тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы) Қарудың иесі: ________________ тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      20___жылғы "___"______________

      * "Иесінің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)" деген бағанда азаматтық және қызметтік ойық атыс қаруының иесі немесе сенімхат негізіндегі оның өкілі көрсетіледі.

  Мемлекеттік оқ-гильза
қоймасын қалыптастыру
қағидаларына
4-қосымша
  Нысан
  "Бекітемін"
  _______________________
  Бастығы
  (ІІО бөлінісінің атауы)
  __________________________
  (Т.А.Ә. (болған жағдайда),
  атағын көрсету)
  20_____жылғы "____" ________

Бақылау оқтары мен гильзаларын жою туралы акт

      __________________________________________________ құрамындағы

      (лауазымы, атағы, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      комиссия ______________________________________________________

      ______________________________________________________________

      негізінде бақылау оқтары мен гильзаларын жоюды жүргізді.

Р/с №

Бақылау оқтары мен гильзаларын жою күні

Мемлекеттік органның, ұйымның атауы, қару иесінің немесе сенімхат негізіндегі өкілдің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

Қарудың түрі, моделі

Қарудың калибрі

Қарудың сериясы мен нөмірі

Шыққан жылы

Оқтар мен гильзалардың саны, гильзадағы таңбалау белгілері

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

7

8

9

      Комиссия мүшелері: __________ тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      20___жылғы "___"______________