"Астана медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 қазандағы № 648 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Астана медицина университеті" акционерлік қоғамы қайта құру жолымен жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Астана медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "АсМУ" КеАҚ) болып қайта ұйымдастырылсын.

      2. Жоғары білім беру, кең бейінді ауруханалар мен мамандандырылған ауруханалардың қызметі, стационарлары және жалпы дәрігерлік практикасы бар басқа да емдеу мекемелерінің қызметі "АсМУ" КеАҚ қызметінің негізгі нысанасы болып айқындалсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) "АсМУ" КеАҚ жарғысын бекітуді;

      2) "АсМУ" КеАҚ атынан мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарға қол қоюға, қаржы-шаруашылық қызметті жүзеге асыруға және басқару органдары құрылғанға дейін үшінші тұлғалардың алдында оның мүддесін білдіруге уәкілеттік берілген адамды сайлауды;

      3) "АсМУ" КеАҚ әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;

      4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне "АсМУ" КеАҚ акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқықтарын беруді;

      5) осы тармақтан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 16 қазандағы
№ 648 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-119-жолмен жазылсын:

      "21-119. "Астана медицина университеті" КеАҚ".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 227-7-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "227-7. "Астана медицина университеті" КеАҚ".

      3. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 16, 41-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережеде:

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тiзбесiнде:

      "4. Акционерлік қоғамдар" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 2-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. "Астана медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".