Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдердің қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 4 маусымдағы № 323 қаулысы.

Қолданыстағы

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 22-бабы 2-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдердің қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 4 маусымдағы
№ 323 қаулысымен
бекітілген

Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдердің қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдердің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 22-бабы 2-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1141 қаулысымен айқындалған бәсекелес ортаға беру ұсынылатын заңды тұлғалардың тізбесі (бұдан әрі – тізбе) бойынша ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына (бұдан әрі – Ұлттық қор) түсетін түсімдердің тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      компаниялардың активтері – тізбеде көрсетілген ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтері;

      мемлекет тікелей қатысатын компаниялар – Қазақстан Республикасының Үкіметі не Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы орган мемлекеттің атынан жалғыз акционері болып табылатын компаниялар;

      мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган – стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу және қалыптастыру саласындағы, сондай-ақ өңірлік даму саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Компаниялардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Ұлттық қорға түсетін қаражат түсімдерінің тәртібі

      3. Мемлекет тікелей қатысатын компаниялардың активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін қаражатты Ұлттық қорға жіберу жария орналастыру шеңберінде компаниялар акцияларының қосымша эмиссиясы нәтижесінде түскен қаражатты қоспағанда:

      1) мемлекет тікелей қатысатын компаниялардың таза кірісі есебінен түсетін түсімдер:

      2) Ұлттық қор алдындағы міндеттемелерді өтеу ретінде жүзеге асырылады.

      4. Мемлекет тікелей қатысатын компаниялардың таза кірісін бөлуді және Ұлттық қорға жіберілетін қаражат мөлшерін бекітуді ішкі корпоративтік рәсімдер шеңберінде мемлекет тікелей қатысатын компаниялардың жалғыз акционері жүзеге асырады.

      Тізбеде көрсетілген компаниялардың активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін қаражат есебінен Ұлттық қор алдындағы өтелетін міндеттемелер мөлшерін бекітуді ішкі корпоративтік рәсімдер шеңберінде мемлекет тікелей қатысатын компанияның директорлар кеңесі жүзеге асырады.

      5. "Қазақстан темiр жолы" ұлттық компаниясы", "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы", "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамдарының активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін қаражат есебінен Ұлттық қорға аударылатын қаражат мөлшері Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес сыртқы борышты өтеу үшін қажет сомаға түзетіледі.

      6. Мемлекет тікелей қатысатын компаниялар тиісті қаржы жылы аяқталғаннан кейінгі бесінші айдан кешіктірілмейтін мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға:

      1) әрбір ұйым бөлінісінде, оның ішінде мемлекет тікелей қатысатын компаниялардың өздерінің активтерін сатудан түскен іс жүзіндегі түсімдерінің мөлшері туралы есепті кезеңдегі ақпаратты;

      2) егер актив қаражатты бөліп төлеу шартымен сатылған болса, тізбеде көрсетілген компаниялардың активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін қаражат түсімдерінің кестелерін ұсынады.

      7. Мемлекет тікелей қатысатын компаниялар мемлекет тікелей қатысатын компаниялардың таза кірісі есебінен түсетін түсімдер ретінде Ұлттық қорға аударатын қаражат Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың тиісті коды бойынша жалғыз акционердің шешімі негізінде қолма қол ақшасыз нысанда аударылады.

      8. Мемлекет тікелей қатысатын компаниялар Ұлттық қор алдындағы міндеттемелерді өтеуге жолдайтын қаражат мемлекет тікелей қатысатын компаниялардың директорлар кеңесінің шешімі негізінде облигацияларды шығару проспекттісінің шарттарына сәйкес аударылады.