Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 4 мамырдағы № 239 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар (бұдан әрі – өзгерістер мен толықтырулар) бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағының тоғызыншы абзацы осы қаулының алғашқы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағының он екінші және он үшінші абзацтары 2017 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.

      Өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағының он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма үшінші, жиырма төртінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы, жиырма жетінші, жиырма сегізінші, жиырма тоғызыншы, отызыншы, отыз бірінші, отыз екінші, отыз үшінші, отыз төртінші, отыз бесінші, отыз алтыншы, отыз жетінші, отыз сегізінші, отыз тоғызыншы, қырқыншы, қырық бірінші, қырық екінші, қырық үшінші, қырық төртінші, қырық бесінші, қырық алтыншы, қырық жетінші, қырық сегізінші және қырық тоғызыншы абзацтары 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 4 мамырдағы
№ 239 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Әлеуметтік аударымдарды есептеу және аудару ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 маусымдағы № 683 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 25, 323-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік аударымдарды есептеу және аудару ережесінде:

      5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Қорға әлеуметтік аударымдар:

      1) Салық кодексінің 319-бабы 2-тармағының 3), 4) тармақшаларында көрсетілген табыстарды қоспағанда, Салық кодексінің 319-бабының 2-тармағында белгіленген;

      2) Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 9), 10), 12), 14) тармақшаларында, 17) тармақшасының алтыншы абзацында, 19), 20), 21) 27) тармақшаларында көрсетілген табыстарды қоспағанда, Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағында белгіленген;

      3) Салық кодексінің 484-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында белгіленген табыстардан төленбейді.

      6. Міндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қатысушылары үшiн Қорға төленуге тиісті әлеуметтік аударымдар Қазақстан Республикасының мiндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес мөлшерде белгіленеді.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар әлеуметтік аударымдардың сомаларын Мемлекеттік корпорация арқылы Қордың шотына осы сомалар төлеушiнiң банк шотынан есептен шығарылған күні аударуға міндетті.".

      2. "Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1116 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 60, 828-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерінде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 18-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына, "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2003 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттердің (бұдан әрі – агенттер) міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – БЖЗҚ) аудару және олар бойынша өндіріп алу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары:

      1) Салық кодексінің 319-бабының 2-тармағында көрсетілген;

      2) Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 12), 26), 27), 48) тармақшаларында, сондай-ақ Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 42), 43) тармақшаларында (жоғалтылған жалақы (табыс) бөлігінде) белгіленген табыстарды қоспағанда, Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағында көрсетілген.

      Бұл ретте БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағы 17) тармақшасының алтыншы абзацында көзделген табыстардан ұсталмайды.

      3) Салық кодексінің 346-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мүгедектер мен өзге де адамдар заттай нысанда немесе материалдық пайда түрінде алған төлемдер мен табыстардан ұсталмайды.

      Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 26) тармақшасында көрсетілген әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына сәйкес ұсталады.";

      30-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Табыс іс жүзінде төленген және қызметкер оны алған кезде агент уақтылы ұстап қалмаған (есебіне жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомаларын мемлекеттік кірістер органдары өндіріп алады немесе агент мерзімі өткен әрбір күн үшін (Мемлекеттік корпорацияға төлеу күнін қоса алғанда) уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерiнде есептелген өсiмпұлмен қоса міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары аударылатын қызметкерлердің пайдасына аударуға тиіс.";

      40, 41, 42, 43, 44-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "40. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің жоғары немесе орташа деңгейі санатына жатқызылған агенттің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешегі түзілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік кірістер органы агентке кейіннен БЖЗҚ-ға аудару үшін Мемлекеттік корпорацияға аударылуға тиіс міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы туралы хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) жібереді.

      Хабарламаның нысанын салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітеді.

      41. Хабарлама агентке жеке өзіне қол қойғызып немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табысталуға тиіс. Бұл ретте төменде көрсетілген тәсілдердің бірімен жіберілген хабарлама мынадай жағдайларда:

      1) пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен – пошта немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасында агент белгі қойған күннен бастап;

      2) электрондық тәсілмен – веб-қосымшада мемлекеттік кірістер органы хабарламаны жеткізген күннен бастап салық төлеушіге (салық агентіне) табысталған болып есептеледі. Электрондық тәсіл Салық кодексінің 86-бабында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеуші ретінде тіркелген агентке қолданылады.

      42. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өтелмеген жағдайда мемлекеттік кірістер органы:

      1) өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап бір жұмыс күні өткен соң – Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің жоғары деңгейі санатына жатқызылған агенттің;

      2) өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң – Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің орташа деңгейі санатына жатқызылған агенттің банк шоттары мен кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.

      Мемлекеттік кірістер органдарының өкімі бойынша банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мыналардан:

      Салық кодексінің 189-бабында көзделген салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кедендік төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді, оларды уақтылы төлемегені үшін есепке жазылған өсімпұлды, сондай-ақ бюджетке енгізілуге тиіс айыппұлдарды төлеу жөніндегі операциялардан;

      ақшаны:

      өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттерді өндіріп алу жөніндегі талаптарды қанағаттандыруды көздейтін атқару құжаттары бойынша;

      еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдармен есеп айырысу үшін, жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбекақы төлеу бойынша, авторлық шарт бойынша сыйақылар төлеу, әлеуметтік төлемдерді аудару жөніндегі клиенттің міндеттемелері бойынша ақшаны алып қоюды көздейтін атқару құжаттары бойынша, сондай-ақ мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы атқару құжаттары бойынша;

      салық берешегін, кедендік төлемдер, салық және өсімпұл бойынша берешекті өтеу бойынша алып қоюдан басқа, агенттердің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға міндетті.

      Агенттің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы мемлекеттік кірістер органының өкімі салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келісу бойынша бекіткен нысан бойынша шығарылады.

      Агенттің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру мыналар:

      Салық кодексінің 189-бабында көзделген салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кедендік төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді, оны уақтылы төлемегені үшін есепке жазылған өсімпұлды, сондай-ақ бюджетке енгізілуге тиіс айыппұлдарды төлеу есебіне кейіннен аудару үшiн ақшаны екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға тапсыру;

      егер касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға қатысты шығарылған болса, екінші деңгейдегі банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның клиенттердің қолма-қол ақшасын беруі жөніндегі операциялардан басқа, кассадағы қолма-қол ақшаның барлық шығыс операцияларына қолданылады.

      Агент мемлекеттік кірістер органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімін түсетін қолма-қол ақшаны Мемлекеттік корпорацияға аудару арқылы, қолма-қол ақша түскен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей бұлжытпай орындауға тиіс.

      Агенттің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімнің нысанын салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітеді.

      Агенттің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім берешек сомасы туралы хабарламаны жіберу және ұсыну үшін осы Қағидалардың 14-тармағында көзделген тәсілдермен агентке жолданады және ұсынылады.

      Мемлекеттік кірістер органының агенттің банктік шоттары мен кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдерінің күшін осындай өкімдерді шығарған мемлекеттік кірістер органы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өтелген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жояды.

      43. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өтелмеген жағдайда мемлекеттік кірістер органы мұндай берешектің сомаларын:

      1) өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң – Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің жоғары деңгейі санатына жатқызылған агенттің;

      2) өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап жиырма жұмыс күні өткен соң – Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің орташа деңгейі санатына жатқызылған агенттің банктік шоттарынан инкассалық өкімі негізінде мәжбүрлі тәртіппен өндіріп алады.

      Агенттің ұлттық валютадағы банктік шотында ақша болмаған жағдайда, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешекті өндіріп алу мемлекеттік кірістер органдары ұлттық валютада шығарған инкассалық өкімдер негізінде агенттің шетелдік валютадағы банктік шоттарынан жүргізіледі.

      Клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін банктік шотта (шоттарда) ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайларда банк клиенттің ақшасын алып қоюды Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген кезектілік тәртібімен жүргізеді.

      Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары агенттердің банктік шоттарынан есептен шығарылған күні осы сомаларды Мемлекеттік корпорация арқылы аударуға міндетті.

      44. Мемлекеттік кірістер органы бенефициарды – Мемлекеттік корпорацияны көрсете отырып, агенттің банктік шотына (шоттарына) инкассалық өкімдер шығарады.";

      45, 46, 47-тармақтар алып тасталсын;

      Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдеріне 7 және 8-қосымшалар алып тасталсын.

      3. "Міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 26 наурыздағы № 255 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 22, 168-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидаларында:

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асырған кезде:

      1) Салық кодексінің 319-бабының 2-тармағында;

      2) Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағында көрсетілген төлемдер түрлері ескерілмейді.

      Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге арналған шығыстар агенттің еңбекақы төлеу қорына жатқызылады.".