Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 125 қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 15 наурыздағы
№ 125 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Осы Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 34-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және осы Қағидаларда көзделген білім беру ұйымдарында мемлекеттік қызметшілерді жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша даярлау, қосымша білім беру бағдарламалары бойынша қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлау

      2. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау мемлекеттік органның жолдамасы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында (бұдан әрі – Мемлекеттік басқару академиясы) және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясында (бұдан әрі – Сот төрелігі академиясы) жүзеге асырылады.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқу мерзімі және оқуға түсу тәртібі білім беру ұйымдары бекіткен оқуға қабылдау қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес айқындалады.

      Мемлекеттік қызметшілер жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға құқылы.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқуға арналған конкурсқа қатысуға құжаттарды тапсыру сәтінде оқу және кейіннен жұмыспен өтеу жиынтық мерзімі заңнамада белгіленген зейнеткерлік жастан аспайтын, сондай-ақ мемлекеттік органда тұрақты штаттық лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшілер жіберіледі.

      Мемлекеттік орган мемлекеттік қызметшіні мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуға жіберген жағдайда, оған жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және оның жұмыс орны (лауазымы) сақталады.

      Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның жолдамасы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтауға, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тиісті бағдарламасы бойынша дәреже алуға міндеттеме алады.

      Оқуды сәтті аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік білім беру бағдарламасын толық меңгергенін растайтын құжат беріледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген не "Б" корпусының әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған адамдарды қайта даярлау Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында (бұдан әрі – филиалдар) жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттік басқару академиясында "Б" корпусының "А", "В" санаттары тобындағы, С-1, С-2, С-3, С-4, С-5, С-О-1, С-О-2, D-1, D-2, D-O-1, Е-1 санаттарындағы, сондай-ақ Астана қаласында орналасқан жергілікті атқарушы органдардың, орталық атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері қайта даярлаудан өтеді.

      Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында "Б" корпусының D-3, D-4, D-5, С-О-3, С-О-4, С-О-5, С-О-6, C-R-1, C-R-2, C-R-3, C-R-4, C-R-5, D-O-2, D-O-3, D-О-4, D-О-5, D-О-6, D-R-1, D-R-2, D-R-3, D-R-4, D-R-5, Е-2, E-3, E-4, E-5, E-R-1, E-R-2, E-R-3, E-R-4, E-R-5, E-G-1, E-G-2, E-G-3, E-G-4 санаттарындағы мемлекеттік қызметшілері қайта даярлаудан өтеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4-1. Саяси қызметшілер үшін "Жаңа формацияның басшысы" бағдарламасы және басшы лауазымдарға тағайындалған кезде арнайы қайта даярлау курстары бойынша оқыту Мемлекеттік басқару академиясында және дербес білім беру ұйымдарында жүргізіледі. "Жаңа формацияның басшысы" бағдарламасын Мемлекеттік басқару академиясы дербес білім беру ұйымымен бірлесіп әзірлейді.

      Арнайы қайта даярлау курстарына Мемлекеттік басқару академиясы дербес білім беру ұйымымен бірлесіп "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайтын мемлекеттік қызметшілердің өзге де санаттары үшін әзірлеген арнайы оқу бағдарламалары мен оқыту әдістері кіреді.

      Ескерту. Талаптар 4-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Мемлекеттік қызметшілер лауазымға тағайындалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қайта даярлауға жіберіледі.

      6. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген мемлекеттік қызметшілер қайта даярлаудан күндізгі, онлайн (интернеттен қосылу, вебинарлар арқылы нақты уақыт режимінде), қашықтан және/немесе біріктірілген (күндізгі-қашықтан) нысанда өтеді.

      Бұрын құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет атқарған адамдар, сондай-ақ әскери қызметте болудың шекті жасына жеткеннен кейін қызметтен шығарылған әскери қызметшілер қайта даярлаудан босатылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      7. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілер қайта даярлаудан күндізгі және/немесе онлайн (интернеттен қосылу, вебинарлар арқылы нақты уақыт режимінде) нысанда өтеді.

      Алдыңғы қызмет салаларында квазимемлекеттік секторларда және/немесе азаматтық, әскери және құқық қорғау қызметінде басшы лауазымдарда кемінде 1 (бір) жыл жұмыс өтілі бар адамдар қайта даярлаудан босатылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Қайта даярлау мерзімінің ұзақтығы кемінде 120 академиялық сағатты құрайды.

      9. Қайта даярлауды сәтті аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге қайта даярлау курстарын аяқтағанын растайтын құжат қағаз және/немесе электронды түрде беріледі.

      Қайта даярлау курстарының аяқталғанын растайтын құжатта қайта даярлаудан өткен мемлекеттік қызметші туралы мәліметтер (тегі, аты, бар болса, әкесінің аты), мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан өткен оқу орнының атауы, қайта даярлау курсының атауы, академиялық сағаттардың саны және қайта даярлау курстарының кезеңі, оқу орнының уәкілетті адамының лауазымы, тегі, аты, бар болса, әкесінің аты, қолы, қайта даярлау туралы куәліктің нөмірі, қайта даярлау өткізілген қала және оқу орнының мөрі көрсетіледі.

      Қайта даярлау курстарының аяқталғанын растайтын электронды түрде берілетін құжат оқу орынның уәкілетті адамының электронды цифрлық қолтанбасымен куәландырылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 13.12.2019 № 925 қаулысымен.

      10. Егер мемлекеттік қызметші қайта даярлауды өндірістен қол үзе отырып өтсе, онда осы кезеңге оның жалақысы сақталады.

2-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру

      11. Мемлекеттік саяси қызметшілердің біліктілігін арттыру Мемлекеттік басқару академиясында және дербес білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

      "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыруы – Мемлекеттік басқару академиясында, "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында жүзеге асырылады.

      "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру мемлекеттік орган қызметінің бейініне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      11-1. Персоналды басқару қызметі мемлекеттік орган қызметінің бейініне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша жұмысты ұйымдастырады.

      Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары білім беру қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      Мемлекеттік қызметшілерді кәсіптік даярлаудың тиісті сапасын қамтамасыз ету мақсатында "Б" корпусы әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына кадрлық, оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша мынадай талаптар қойылады:

      1) біліктілікті арттыру бойынша сабақтарды ғылым докторы немесе кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор немесе магистр дәрежесі бар және семинар тақырыбына сәйкес келетін саладағы кәсіптік қызметте және (немесе) кемінде соңғы 3 жылда тренингтер өткізуде практикалық тәжірибесі бар адамдардың өткізуі;

      2) біліктілікті арттыру бойынша сабақтардың ұйымның штаттық қызметкерлері қатарынан дәріскерлердің кемінде 40 %-ын тарта отырып жүргізілуі;

      3) біліктілікті арттыру семинарларының оқу бағдарламалары мазмұнының тапсырыс беруші мемлекеттік орган қызметінің ерекшелігіне, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы шартқа техникалық ерекшелікте айқындалған талаптарға сәйкес келуі;

      4) меншік құқығында не жалдау шарттары бойынша тыңдаушылар контингентінің көлеміне, санитариялық-техникалық нормалар мен қағидаларға сәйкес келетін аудиториялық қордың болуы;

      5) меншік құқығында біліктілікті арттыру семинарлары бағдарламаларының тыңдаушылары контингентінің көлеміне сәйкес келетін Интернет желісіне қолжетімділігі бар кітапхана қорының, компьютерлік және интерактивті жабдықтардың болуы.

      Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары білім беру қызметтерін көрсету кезінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру құнын есептеу әдістемесін басшылыққа алады.

      Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдардың тізбесін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның жанындағы үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) айқындайды.

      Ескерту. Талаптар 11-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді.

      Біліктілікті арттыру мемлекеттік қызметшінің функционалдық міндеттеріне сәйкес келетін бағыт бойынша жүргізіледі.

      13. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. Мемлекеттік басқару академиясында "Б" корпусының "А", "В" санаттары топтарындағы, C-1, C-2, C-3, C-4, C-5, C-О-1, C-О-2, D-1, D-2, D-О-1, Е-1 санаттарындағы, сондай-ақ Астана қаласында орналасқан жергілікті атқарушы органдардың, орталық атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері біліктілікті арттырудан өтеді.

      Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында "Б" корпусының D-3, D-4, D-5, C-О-3, C-О-4, C-О-5, C-О-6, С-R-1, С-R-2, С-R-3, С-R-4, С-R-5, D-О-2, D-О-3, D-4, D-О-4, D-О-5, D-О-6, , D-R-1, D-R-2, D-R-3, D-R-4, D-R-5, Е-2, Е-3, Е-4, Е-5, Е-R-1, Е-R-2, Е-R-3, Е-R-4, Е-R-5, Е-G-1, Е-G-2, Е-G-3, Е-G-4 санаттарындағы мемлекеттік қызметшілері біліктілігін арттырудан өтеді. Осы санаттағы қызметшілер мемлекеттік орган қызметінің бейіні бойынша мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында біліктілікті арттырудан өте алады.

      Сот жүйесінің қызметкерлері Сот төрелігі академиясында да біліктілікті арттырудан өте алады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. "Б" корпусының қызметшілері:

      1) үш жылда бір реттен сиретпей;

      2) жылдың қорытындысы бойынша "функционалдық міндеттерін қанағаттанарлықсыз түрде атқарады" деген баға алған жағдайда қызметшілердің қызметін бағалау нәтижелері бойынша үш ай ішінде біліктілікті арттырудан өтеді.

      Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген жағдайларда біліктілікті арттыру мемлекеттік қызметшінің функционалдық міндеттеріне сәйкес келетін және оның құзыреттерін дамытуға бағытталған бағыт бойынша жүргізіледі.

      Қызметші қатарынан соңғы сегіз тоқсан ішінде "функционалдық міндеттерін тиімді атқарады" деген мәні бар бағалау нәтижелерін алған жағдайда қызметшінің Үйлестіру кеңесі айқындайтын ұйымдар арасынан өз қалауы бойынша семинарлар тақырыбын және оқыту ұйымын таңдау мүмкіндігімен қызметші мен жұмыс беруші үшін қолайлы кез келген уақытта осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мерзімдерді сақтай отырып біліктілікті арттырудан өте алады.

      Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайларда біліктілікті арттыру мемлекеттік қызметшінің жұмысы қанағаттанғысыз деп танылған бағыт бойынша жүргізіледі.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Шетелдік және халықаралық білім беру ұйымдарындағы біліктілікті арттыруды қоспағанда, біліктілікті арттырудың ұзақтығы 8-ден 80 академиялық сағатқа дейін құрайды.

      17. Қайта даярлау курстарынан өткен мемлекеттік әкімшілік қызметшілер қайта даярлау курстары аяқталған күннен бастап үш жылдан кешіктірілмей біліктілікті арттыру семинарларына жіберіледі.

      18. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру Мемлекеттік басқару академиясының оқу бағдарламалары бойынша шетелдік оқытушыларды тарта отырып жүзеге асырылуы мүмкін.

      19. Біліктілікті арттыруды сәтті аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге біліктілікті арттыруды аяқтағанын растайтын сертификат қағаз және/немесе электронды түрде беріледі.

      Сертификатта біліктілікті арттырудан өткен мемлекеттік қызметші туралы мәліметтер (тегі, аты, бар болса, әкесінің аты), мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырған оқу орнының атауы, біліктілікті арттыру бағыты, академиялық сағаттардың саны және біліктілікті арттыру кезеңі, оқу орнының уәкілетті адамының лауазымы, тегі, аты, бар болса, әкесінің аты, қолы, сертификаттың нөмірі, біліктілікті арттыру өткізілген қала және оқу орнының мөрі көрсетіледі.

      Электронды түрде берілетін сертификат оқу орнының уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтанбасымен куәландырылады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 13.12.2019 № 925 қаулысымен.

      20. Халықаралық ұйымдардан, шет мемлекеттердің үкiметтерiнен немесе өзге ұйымдардан қаражат және техникалық көмек не Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат бөлінген жағдайларда, мемлекеттік орган функционалдық міндеттері біліктілікті арттыру тақырыбына сәйкес келетін мемлекеттiк қызметшіні біліктілігін арттыруға жібереді.

      21. Егер мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыруды өндірістен қол үзе отырып өтсе, онда осы кезеңге оның жалақысы сақталады.

3-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі қызметті үйлестіру

      22. Даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның жанынан үйлестіру кеңесі құрылады. Үйлестіру кеңесінің ережесі мен құрамын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      23. Орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтерi) есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкiлеттi органға "е-қызмет" ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі немесе өзге ақпараттық жүйелер арқылы қайта даярлаудан және бiлiктiлiкті арттырудан өткен мемлекеттік қызметшілер туралы есепті мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша бередi.

      Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтерi) есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлімшелеріне "е-қызмет" ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі немесе өзге ақпараттық жүйелер арқылы қайта даярлаудан және бiлiктiлiкті арттырудан өткен қызметшілер туралы есепті мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша бередi.

4-тарау. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органда және мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуді жүзеге асыру тәртібі

      24. Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік қызметші жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша тікелей оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте кемінде үш жыл үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асырады.

      Бұл ретте осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, тікелей оқу аяқталғаннан кейін кемінде бір жыл еңбек қызметі мемлекеттік қызметшіні оқуға жіберген мемлекеттік органда жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік демалыста болған кезеңі жұмыспен өтеу мерзіміне есептелмейді.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған соң мемлекеттік қызметші заңнамада белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органда жоғары тұрған лауазымға орналасқан жағдайда осы мемлекеттік органда жұмыспен өтеуін жалғастыра алады.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша жұмыспен өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілуі мүмкін.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      25. Мемлекеттік қызметшінің Қағидалардың 24-тармағында көзделген міндеттемесі мынадай:

      1) тиісті құжаттармен расталған мемлекеттік қызметші қайтыс болған;

      2) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 61-бабының 1-тармағы 3) тармақшасының негізінде мемлекеттік қызметті тоқтатқан жағдайларда, оның оқуына бөлінген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды өтеусіз мерзімінен бұрын тоқтатылады.

      26. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметші оқуды аяқтағанын растайтын құжат берілген күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірілмей жұмыспен өтеу үшін мемлекеттік қызметке қайтарылады.

      27. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мемлекеттік қызметшіні оқуға жіберген мемлекеттік органдағы жұмыспен өтеу мерзімін есептеу жұмыс орны сақталған мемлекеттік қызметшінің жұмысқа шығуы туралы мемлекеттік органның актісі шыққан кезден басталады.

      28. Мемлекеттік қызметшіні оқуға жіберген мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда жұмыспен өтеу Заңның 56-бабының 6-10 тармақтарын ескере отырып, қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органда жүзеге асырылады.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      29. Жұмыспен өтеуді жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметші растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыру туралы өтінішпен мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға мынадай:

      1) еңбек қызметін жүзеге асыруға кедергі келтіретін сырқатын емдеген;

      2) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында, сондай-ақ 57-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті тоқтатқан;

      3) негізгі жұмыскердің шығуы негізінде мемлекеттік қызметті тоқтатқан;

      4) әлеуметтік демалыс берілген;

      5) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына әскери қызметке шақырылған жағдайларда жүгінеді.

      Жұмыспен өтеуді жүзеге асыруға кедергі келтіретін сырқат басталған кезде мемлекеттік қызметшінің еңбек қызметін жалғастыруының мүмкін еместігі туралы қорытындымен емдеу ұйымынан денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссия (бұдан әрі – ДКК) берген анықтама растаушы құжат болып табылады.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      29-1. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган материалдарды зерделейді және мемлекеттік қызметшіге кейінге қалдыруды ұсыну туралы өтініш түскен күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті кейінге қалдыруды ұсыну немесе оны ұсынудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Мемлекеттік қызметші қабылданған шешім туралы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның тиісті хатымен хабардар етіледі.

      Ескерту. Талаптар 29-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      29-2. Осы Қағидалардың 29-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда кейінге қалдыру еңбек қызметін жүзеге асыруға кедергі келтіретін ауруды емдеу мерзіміне және ауруды емдеу аяқталғаннан кейін үш айдан аспайтын мерзімге беріледі.

      Осы Қағидалардың 29-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда кейінге қалдыру мемлекеттік қызмет тоқтатылғаннан кейін алты айдан аспайтын мерзімге беріледі.

      Осы Қағидалардың 29-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда кейінге қалдыру әлеуметтік демалыс берілген мерзімге беріледі.

      Осы Қағидалардың 29-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген жағдайда кейінге қалдыру Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына әскери қызметке шақыру мерзіміне және аталған шақыру аяқталғаннан кейін алты айдан аспайтын мерзімге беріледі.

      Ескерту. Талаптар 29-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      29-3. Мемлекеттік басқару академиясы кейінге қалдыру мерзімі басталғанға дейін бір айдан кешіктірмей кейінге қалдыру берілген адамға жұмыспен өтеуді қайта бастау қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адам кейінге қалдыру мерзімдері аяқталғаннан кейін жұмыспен өтеуді қайта бастайды және жұмыспен өтеу қайта басталған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде Мемлекеттік басқару академиясына жұмыс орнынан анықтама береді.

      Тиісті анықтама көрсетілген мерзімдерде ұсынылмаған жағдайда осы Қағидалардың 30-1-тармағына сәйкес оны оқытуға бөлінген қаражатты өндіріп алу жөнінде шаралар қабылданады.

      Ескерту. Талаптар 29-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30. Сот төрелігі академиясында оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте және мемлекеттік органда жұмыспен өтеу туралы шарттар, мемлекеттік қызметшінің өзге де міндеттемелері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясына оқуға қабылдау қағидаларында көзделген оқытуға арналған тиісті шартта көрсетіледі.

      Мемлекеттік басқару академиясында оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте және мемлекеттік органда жұмыспен өтеу туралы шарттар, мемлекеттік қызметшінің өзге де міндеттемелері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау қағидаларында көзделген оқытуға арналған тиісті шартта көрсетіледі.

      Бұл ретте докторантура бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметші оқу аяқталғаннан кейін екі жыл ішінде Мемлекеттік басқару академиясының диссертациялық кеңесінде докторлық диссертацияны қорғауды аяқтайды.

      Жоғарыда көрсетілген міндеттемелерді орындамау мемлекеттік қызметшінің шәкіртақы шығындарын қоспағанда, оның оқуына, соның ішінде шетелдік тағылымдамасына бөлінген бюджет қаражатын мемлекетке орындалмаған міндеттемелерге барабар өтеуіне әкеп соғады.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30-1. Мемлекеттік қызметші міндеттемелерді орындамаған жағдайда Мемлекеттік басқару академиясы, Сот төрелігі академиясы шәкіртақы шығындарын қоспағанда, оның оқуына, соның ішінде шетелдік тағылымдамасына бөлінген қаражатты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өндіріп алу бойынша шаралар қабылдайды.

      Ескерту. Талаптар 30-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

4-1-тарау. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқу бітірген мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметте және оны оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыспен өтеуден өтуін мониторингтеуді жүзеге асыру тәртібі

      Ескерту. Талаптар 4-1-тараумен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30-2. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметте және оны оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыспен өтеуден өтуін мониторингтеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Мониторинг әр алты ай сайын үш жыл бойы оқу бітірген адамдардың жұмыс орны туралы деректерді "Е-қызмет" интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы салыстырып тексеру жолымен жүргізіледі.

      Ескерту. Талаптар 30-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30-3. "Е-қызмет" интеграцияланған ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызметші туралы деректер болмаған жағдайда мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуын аяқтаған мемлекеттік қызметшіге жұмыс орнынан анықтама беру қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

      Хабарлама тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен және (немесе) телефонограммамен және (немесе) жеделхатпен және (немесе) ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабарламамен не хабархатты немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі.

      Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқу бітірген мемлекеттік қызметші күнтізбелік жылдың 15 маусымынан және 15 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімде Мемлекеттік басқару академиясына жұмыс орнынан анықтама береді.

      Ескерту. Талаптар 30-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30-4. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқу бітірген мемлекеттік қызметші мемлекеттік орган актілері шыққаннан кейін үш жұмыс күні ішінде оның көшірмелерін Мемлекеттік басқару академиясына:

      1) мемлекеттік органнан жұмыстан босатылған;

      2) оқуға жіберген мемлекеттік органда жоғары тұрған немесе өзге лауазымға орналасқан;

      3) мемлекеттік қызметшіге әлеуметтік демалыс берілген жағдайларда ұсынады.

      Ескерту. Талаптар 30-4-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 03.11.2023 № 969 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

5-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың өзге мәселелері

      31. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды өткізуге арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес жоспарлайды.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      32. Жергілікті атқарушы органдар қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды өткізуге арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес жоспарлайды.

      33. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жоспарлайды.

      Біліктілікті арттыру, шетелдік және халықаралық білім беру ұйымдарында біліктілікті арттыруды қоспағанда, мемлекеттік органдардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Бірыңғай персоналды басқару қызметі (кадр қызметi) құрылған жағдайда, ол құрылымына кіретін мемлекеттік орган қайта даярлау және біліктілікті арттыру жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болады.