Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 125 қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 34-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 15 наурыздағы
№ 125 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Осы Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 34-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және осы Қағидаларда көзделген білім беру ұйымдарында мемлекеттік қызметшілерді жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша даярлау, қосымша білім беру бағдарламалары бойынша қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

1-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлау

      2. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау мемлекеттік органның жолдамасы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында (бұдан әрі – Мемлекеттік басқару академиясы) және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясында (бұдан әрі – Сот төрелігі академиясы) жүзеге асырылады.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқу мерзімі және оқуға түсу тәртібі білім беру ұйымдары бекіткен оқуға қабылдау қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес айқындалады.

      Мемлекеттік қызметшілер жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға құқылы.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқуға арналған конкурсқа қатысуға құжаттарды тапсыру сәтінде оқу және кейіннен жұмыспен өтеу жиынтық мерзімі заңнамада белгіленген зейнеткерлік жастан аспайтын, сондай-ақ мемлекеттік органда тұрақты штаттық лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшілер жіберіледі.

      Мемлекеттік орган мемлекеттік қызметшіні мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуға жіберген жағдайда, оған жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және оның жұмыс орны (лауазымы) сақталады.

      Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның жолдамасы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтауға, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тиісті бағдарламасы бойынша дәреже алуға міндеттеме алады.

      Оқуды сәтті аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік білім беру бағдарламасын толық меңгергенін растайтын құжат беріледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген не "Б" корпусының әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған адамдарды қайта даярлау Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында (бұдан әрі – филиалдар) жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттік басқару академиясында "Б" корпусының "А", "В" санаттары тобындағы, С-1, С-2, С-3, С-4, С-5, С-О-1, С-О-2, D-1, D-2, D-3 (құрылымдық бөлімшенің басшысы), D-O-1, Е-1 санаттарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан жергілікті атқарушы органдардың, орталық атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері қайта даярлаудан өтеді.

      Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында D-3 (құрылымдық бөлімшенің басшысын қоспағанда), D-4, D-5,С-О-3, С-О-4, С-О-5, С-О-6, C-R-1, C-R-2, C-R-3, C-R-4, C-R-5, D-O-2, D-O-3, D-О-4, D-О-5, D-О-6, Е-2, E-3, E-4, E-5, E-R-1, E-R-2, E-R-3, E-R-4, E-R-5, E-G-1,E-G-2, E-G-3, E-G-4 санаттарының мемлекеттік қызметшілері қайта даярлаудан өтеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4-1. Саяси қызметшілер үшін "Жаңа формацияның басшысы" бағдарламасы және басшы лауазымдарға тағайындалған кезде арнайы қайта даярлау курстары бойынша оқыту Мемлекеттік басқару академиясында және дербес білім беру ұйымдарында жүргізіледі. "Жаңа формацияның басшысы" бағдарламасын Мемлекеттік басқару академиясы дербес білім беру ұйымымен бірлесіп әзірлейді.

      Арнайы қайта даярлау курстарына Мемлекеттік басқару академиясы дербес білім беру ұйымымен бірлесіп "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайтын мемлекеттік қызметшілердің өзге де санаттары үшін әзірлеген арнайы оқу бағдарламалары мен оқыту әдістері кіреді.

      Ескерту. Талаптар 4-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Мемлекеттік қызметшілер лауазымға тағайындалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қайта даярлауға жіберіледі.

      6. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген мемлекеттік қызметшілер қайта даярлаудан күндізгі, онлайн (интернеттен қосылу, вебинарлар арқылы нақты уақыт режимінде), қашықтан және/немесе біріктірілген (күндізгі-қашықтан) нысанда өтеді.

      Бұрын құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет атқарған адамдар, сондай-ақ әскери қызметте болудың шекті жасына жеткеннен кейін қызметтен шығарылған әскери қызметшілер қайта даярлаудан босатылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      7. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілер қайта даярлаудан күндізгі және/немесе онлайн (интернеттен қосылу, вебинарлар арқылы нақты уақыт режимінде) нысанда өтеді.

      Алдыңғы қызмет салаларында квазимемлекеттік секторларда және/немесе азаматтық, әскери және құқық қорғау қызметінде басшы лауазымдарда кемінде 1 (бір) жыл жұмыс өтілі бар адамдар қайта даярлаудан босатылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Қайта даярлау мерзімінің ұзақтығы кемінде 120 академиялық сағатты құрайды.

      9. Қайта даярлауды сәтті аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге қайта даярлау курстарын аяқтағанын растайтын құжат қағаз және/немесе электронды түрде беріледі.

      Қайта даярлау курстарының аяқталғанын растайтын құжатта қайта даярлаудан өткен мемлекеттік қызметші туралы мәліметтер (тегі, аты, бар болса, әкесінің аты), мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан өткен оқу орнының атауы, қайта даярлау курсының атауы, академиялық сағаттардың саны және қайта даярлау курстарының кезеңі, оқу орнының уәкілетті адамының лауазымы, тегі, аты, бар болса, әкесінің аты, қолы, қайта даярлау туралы куәліктің нөмірі, қайта даярлау өткізілген қала және оқу орнының мөрі көрсетіледі.

      Қайта даярлау курстарының аяқталғанын растайтын электронды түрде берілетін құжат оқу орынның уәкілетті адамының электронды цифрлық қолтанбасымен куәландырылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 13.12.2019 № 925 қаулысымен.

      10. Егер мемлекеттік қызметші қайта даярлауды өндірістен қол үзе отырып өтсе, онда осы кезеңге оның жалақысы сақталады.

2-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру

      11. Мемлекеттік саяси қызметшілердің біліктілігін арттыру Мемлекеттік басқару академиясында және дербес білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

      "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыруы – Мемлекеттік басқару академиясында, "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында жүзеге асырылады.

      "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру мемлекеттік орган қызметінің бейініне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      11-1. Персоналды басқару қызметі мемлекеттік орган қызметінің бейініне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша жұмысты ұйымдастырады.

      Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары білім беру қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      Мемлекеттік қызметшілерді кәсіптік даярлаудың тиісті сапасын қамтамасыз ету мақсатында "Б" корпусы әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына кадрлық, оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша мынадай біліктілік талаптары қойылады:

      1) біліктілікті арттыру бойынша сабақтарды ғылым докторы немесе кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы немесе магистрі академиялық дәрежесі бар және кәсіптік қызметте практикалық тәжірибесі бар және/немесе семинар тақырыбына сәйкес келетін салада кемінде соңғы 3 жыл тренингтер өткізіп жүрген адамдардың өткізуі;

      2) біліктілікті арттыру бойынша сабақтардың дәріскерлердің кемінде 40 % ұйымның штаттық қызметкерлері қатарынан тарта отырып жүргізілуі;

      3) біліктілікті арттыру семинарларының оқу бағдарламалары мазмұнының тапсырыс беруші мемлекеттік орган қызметінің ерекшелігіне, сондай-ақ Мемлекеттік сатып алу туралы шартқа техникалық ерекшелікте айқындалған талаптарға сәйкес келуі;

      4) меншік құқығында не жалдау шарттары бойынша тыңдаушылар контингентінің көлеміне, санитариялық-техникалық нормалар мен қағидаларға сәйкес келетін аудиториялық қордың болуы;

      5) меншік құқығында біліктілікті арттыру семинарлары бағдарламаларының тыңдаушылары контингентінің көлеміне сәйкес келетін интернет желісіне қолжетімділікпен қатар, кітапхана қорының, компьютерлік және интерактивті жабдықтардың болуы.

      Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары білім беру қызметтерін көрсету кезінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру құнын есептеу әдістемесін басшылыққа алады.

      Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдардың тізбесін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның жанындағы үйлестіру кеңесі айқындайды.

      Ескерту. Талаптар 11-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді.

      Біліктілікті арттыру мемлекеттік қызметшінің функционалдық міндеттеріне сәйкес келетін бағыт бойынша жүргізіледі.

      13. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. Мемлекеттік басқару академиясында "Б" корпусының "А", "В" санаттары топтарындағы, C-1, C-2, C-3, C-4, C-5, C-О-1, C-О-2, D-1, D-2, D-3 (құрылымдық бөлімшенің басшысы), D-О-1, D-О-2, Е-1 санаттарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан жергілікті атқарушы органдардың, орталық атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері біліктілігін арттырудан өтеді.

      Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында "Б" корпусының D-3 (құрылымдық бөлімшенің басшысын қоспағанда), D-4, D-5, C-О-3, C-О-4, C-О-5, C-О-6, С-R-1, С-R-2, С-R-3, С-R-4, С-R-5, D-О-3, D-4, D-О-4, D-О-5, D-О-6, Е-2, Е-3, Е-4, Е-5, Е-R-1, Е-R-2, Е-R-3, Е-R-4, Е-R-5, Е-G-1, Е-G-2, Е-G-3, Е-G-4 санаттарындағы мемлекеттік қызметшілері біліктілігін арттырудан өтеді. Осы санаттағы қызметшілер мемлекеттік орган қызметінің бейіні бойынша мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында біліктілігін арттырудан өте алады.

      Сот жүйесінің қызметкерлері Сот төрелігі академиясында да біліктілікті арттырудан өте алады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. "Б" корпусының қызметшілері:

      1) үш жылда бір реттен сиретпей;

      2) жылдың қорытындысы бойынша "қанағаттанарлықсыз" баға алған жағдайда, қызметшілердің қызметін бағалау нәтижелері бойынша үш ай ішінде біліктілікті арттырудан өтеді.

      Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген жағдайларда біліктілікті арттыру мемлекеттік қызметшінің функционалдық міндеттеріне сәйкес келетін және оның құзыреттерін дамытуға бағытталған бағыт бойынша жүргізіледі.

      Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайларда біліктілікті арттыру мемлекеттік қызметшінің жұмысы қанағаттанарлықсыз деп танылған бағыты бойынша жүзеге асырылады.

      16. Шетелдік және халықаралық білім беру ұйымдарындағы біліктілікті арттыруды қоспағанда, біліктілікті арттырудың ұзақтығы 8-ден 80 академиялық сағатқа дейін құрайды.

      17. Қайта даярлау курстарынан өткен мемлекеттік әкімшілік қызметшілер қайта даярлау курстары аяқталған күннен бастап үш жылдан кешіктірілмей біліктілікті арттыру семинарларына жіберіледі.

      18. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру Мемлекеттік басқару академиясының оқу бағдарламалары бойынша шетелдік оқытушыларды тарта отырып жүзеге асырылуы мүмкін.

      19. Біліктілікті арттыруды сәтті аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге біліктілікті арттыруды аяқтағанын растайтын сертификат қағаз және/немесе электронды түрде беріледі.

      Сертификатта біліктілікті арттырудан өткен мемлекеттік қызметші туралы мәліметтер (тегі, аты, бар болса, әкесінің аты), мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырған оқу орнының атауы, біліктілікті арттыру бағыты, академиялық сағаттардың саны және біліктілікті арттыру кезеңі, оқу орнының уәкілетті адамының лауазымы, тегі, аты, бар болса, әкесінің аты, қолы, сертификаттың нөмірі, біліктілікті арттыру өткізілген қала және оқу орнының мөрі көрсетіледі.

      Электронды түрде берілетін сертификат оқу орнының уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтанбасымен куәландырылады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 13.12.2019 № 925 қаулысымен.

      20. Халықаралық ұйымдардан, шет мемлекеттердің үкiметтерiнен немесе өзге ұйымдардан қаражат және техникалық көмек не Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат бөлінген жағдайларда, мемлекеттік орган функционалдық міндеттері біліктілікті арттыру тақырыбына сәйкес келетін мемлекеттiк қызметшіні біліктілігін арттыруға жібереді.

      21. Егер мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыруды өндірістен қол үзе отырып өтсе, онда осы кезеңге оның жалақысы сақталады.

3-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі қызметті үйлестіру

      22. Даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның жанынан үйлестіру кеңесі құрылады. Үйлестіру кеңесінің ережесі мен құрамын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      23. Орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтерi) есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкiлеттi органға "е-қызмет" ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі немесе өзге ақпараттық жүйелер арқылы қайта даярлаудан және бiлiктiлiкті арттырудан өткен мемлекеттік қызметшілер туралы есепті мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша бередi.

      Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтерi) есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлімшелеріне "е-қызмет" ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі немесе өзге ақпараттық жүйелер арқылы қайта даярлаудан және бiлiктiлiкті арттырудан өткен қызметшілер туралы есепті мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша бередi.

4-тарау. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органда және мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуді жүзеге асыру тәртібі

      24. Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік қызметші жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте кемінде үш жыл еңбек қызметін жүзеге асырады, бұл ретте ол тікелей оқуды аяқтағаннан кейін кемінде бір жыл өзін оқуға жіберген мемлекеттік органда еңбек қызметін жүзеге асырады.

      Мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік демалыста болған кезеңі, оның жүктілігі және босануы бойынша немесе бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша демалыста болуын қоспағанда, жұмыспен өтеу мерзіміне есептелмейді.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған соң өзін оқуға жіберген мемлекеттік органда тікелей оқуды аяқтағаннан кейін кемінде үш ай еңбек қызметін жүзеге асырған мемлекеттік қызметші конкурстың қорытындысы бойынша басқа мемлекеттік органда жоғары тұрған лауазымға орналасқан жағдайда, оның ішінде ауыстыру және/немесе Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия шешімі бойынша Президенттік жастар кадр резервіне өту тәртібімен осы мемлекеттік органда жұмыспен өтеуін жалғастыра алады.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      25. Мемлекеттік қызметшінің Қағидалардың 24-тармағында көзделген міндеттемесі мынадай:

      1) тиісті құжаттармен расталған мемлекеттік қызметші қайтыс болған;

      2) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 61-бабының 1-тармағы 3) тармақшасының негізінде мемлекеттік қызметті тоқтатқан жағдайларда, оның оқуына бөлінген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды өтеусіз мерзімінен бұрын тоқтатылады.

      26. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметші оқуды аяқтағанын растайтын құжат берілген күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірілмей жұмыспен өтеу үшін мемлекеттік қызметке қайтарылады.

      27. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мемлекеттік қызметшіні оқуға жіберген мемлекеттік органдағы жұмыспен өтеу мерзімін есептеу жұмыс орны сақталған мемлекеттік қызметшінің жұмысқа шығуы туралы мемлекеттік органның актісі шыққан кезден басталады.

      28. Мемлекеттік қызметшіні оқуға жіберген мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда жұмыспен өтеу Заңның 56-бабының 6-10 тармақтарын ескере отырып, қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органда жүзеге асырылады.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      29. Мемлекеттік қызметшіні оқуға жіберген мемлекеттік орган таратылған (жойылған) жағдайда, мемлекеттік қызметші оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте үш жыл еңбек қызметін жүзеге асырады.

      30. Сот төрелігі академиясында оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте және мемлекеттік органда жұмыспен өтеу туралы шарттар, мемлекеттік қызметшінің өзге де міндеттемелері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясына оқуға қабылдау қағидаларында көзделген тиісті оқу шартында көрсетіледі.

      Мемлекеттік басқару академиясында оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте және мемлекеттік органда жұмыспен өтеу туралы шарттар, мемлекеттік қызметшінің өзге де міндеттемелері, оның ішінде докторантура бағдарламасы бойынша білім алушы мемлекеттік қызметшінің оқуды аяқтағаннан кейін үш жыл ішінде диссертациялық кеңесте докторлық диссертацияны қорғау бойынша міндеттемесі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау қағидаларында көзделген тиісті оқу шартында көрсетіледі.

      Жоғарыда көрсетілген міндеттемелерді орындамау мемлекеттік қызметшінің өзін оқытуға бөлінген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды мемлекетке өтеуіне әкеп соғады.

      Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      30-1. Мемлекеттік қызметші міндеттемелерді орындамаған жағдайда Мемлекеттік басқару академиясы, Сот төрелігі академиясы оның оқуына бөлінген қаражатты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өндіріп алу бойынша шаралар қабылдайды.

      Ескерту. Талаптар 30-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

5-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың өзге мәселелері

      31. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды өткізуге арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес жоспарлайды.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 636 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      32. Жергілікті атқарушы органдар қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды өткізуге арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес жоспарлайды.

      33. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жоспарлайды.

      Біліктілікті арттыру, шетелдік және халықаралық білім беру ұйымдарында біліктілікті арттыруды қоспағанда, мемлекеттік органдардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Бірыңғай персоналды басқару қызметі (кадр қызметi) құрылған жағдайда, ол құрылымына кіретін мемлекеттік орган қайта даярлау және біліктілікті арттыру жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болады.