Жоғары оқу орындарының ерекше мәртебесі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 14 ақпандағы № 66 қаулысы.

Жаңартылған

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 12) тармақшасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жоғары оқу орындарының ерекше мәртебесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мынадай шешімдерінің күші жойылды деп танылсын:

      1) "Ерекше мәртебесі бар мемлекеттік жоғары оқу орындары туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 5 қарашадағы № 1398 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 39, 494-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 5 қарашадағы № 1398 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 8 шілдедегі № 733 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 21, 227-құжат).

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2017 жылғы 14 ақпандағы
  № 66 қаулысымен
  бекітілген

Жоғары оқу орындарының ерекше мәртебесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Жоғары оқу орындарының ерекше мәртебесі туралы ереже "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 12) тармақшасына сәйкес әзiрленген.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Президентіне жеке тұлғаны тәрбиелеуге, оқытуға және кәсіби қалыптастыруға елеулі үлес қосып келе жатқан жоғары оқу орындарына ерекше мәртебе беру туралы ұсыныс енгізеді.

      3. Жоғары оқу орнының ерекше мәртебесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, білім беру мазмұнын дербес айқындау, ғылыми және білім беру қызметін ұйымдастыру құқығын беретін білім беру ұйымының жұмыс істеуінің ерекше режимі.

      4. Ерекше мәртебесi бар жоғары оқу орындарының ректорлары заңнамада белгiленген тәртiппен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

2. Ерекше мәртебесi бар жоғары оқу орындарының өкiлеттiгi

      5. Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орны өз бетінше:

      1) бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады;

      2) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес ағымдағы, аралық және қорытынды аттестаттау қағидаларын айқындайды;

      3) профессор-оқытушылар құрамына білім алушылардың арақатынасын "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 52-бабының 8-тармағында белгіленген нормалар шегінде белгілейді;

      4) педагогикалық қызметкерлердің және оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының біліктілік сипаттамаларын белгілейді;

      5) білім беру қызметтерін көрсету шартының нысанын бекітеді;

      6) өз бетінше әзірлеген оқу жүктемесінің нормалары, еңбекке ақы төлеу нысандары мен мөлшерлерінің негізінде білім беру қызметін жүзеге асырады;

      7) жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібін айқындайды;

      8) білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттарды береді;

      9) құрылымды және штатты айқындайды.

3. Ерекше мәртебесi бар жоғары оқу орындарының жұмысын ұйымдастыру

      6. Ерекше мәртебесi бар мемлекеттiк жоғары оқу орны:

      1) ғылыми-педагогикалық әлеуеттi, оқу-материалдық базаны және инновациялық бiлiм беру технологияларын тиiмдi пайдаланудың негiзiнде әлемдiк стандарттарға сәйкес келетiн жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің тұрақты жоғары деңгейіне кепілдік береді;

      2) жоғары оқу орнының әрбiр білім алушысының, оқытушысының және қызметкерiнің жеке басының бiлiм, рухани, мәдени және зияткерлік дамуы үшін барынша жағдайлармен қамтамасыз етеді;

      3) оқу-әдiстемелiк базаны дамытуға, ғылыми қызметтің, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің сапасын арттыруға бағытталған ғылыми, білім беру және өзге де көрсетілетін қызметтерден түсетін қаражат пен кiрiстердi тиiмдi пайдалануды жүзеге асырады;

      4) әлемдiк ғылыми-бiлiм беру кеңiстiгінде білім берудің, ғылымның, техника мен технологиялардың дамуына жүйелi түрде мониторинг жүргiзеді әрі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiм беру жүйесiне енгізу үшiн бiлiм беру саласындағы уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді.

4. Ерекше мәртебесi бар жоғары оқу орындарын қаржыландыру

      7. Арттыру коэффициенті заңнамада айқындалатын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясын қоспағанда, ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан, ерекше мәртебесі бар мемлекеттiк жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының және басшы қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы лауазымдық айлықақының белгіленген мөлшерлеріне 1,75 арттыру коэффициентін есепке ала отырып айқындалады.

      8. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының профессор-оқытушылар құрамының және басшы қызметкерлерінің лауазымдық айлықақылары лауазымдық айлықақының белгіленген мөлшерлеріне 1,5-ке дейін арттыру коэффициентін қолдана отырып айқындалады.

      Лауазымдық айлықақыға арттыру коэффициентінің нақты мөлшері лауазым санаттарына қарай сараланып белгіленеді және оны Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры бекітеді.

      9. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің профессор-оқытушылар құрамының және басшы қызметкерлерінің лауазымдық айлықақылары лауазымдық айлықақының белгіленген мөлшерлеріне 1,5 арттыру коэффициентін қолдана отырып айқындалады.

      Ескерту. 4-тарау 9-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 05.04.2018 № 169 қаулысымен