Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, зейнеткерлеріне, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларына олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 78 қаулысы

Қолданыстағы

      «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, зейнеткерлеріне, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларына олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсету қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Yкiметiнің     
2016 жылғы 18 ақпандағы
№ қаулысымен     
бекітілген      

Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, зейнеткерлеріне, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларына олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсету қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, зейнеткерлеріне, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларына олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
      Қағидалар құқық қорғау органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне, олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, зейнеткерлеріне және көрсетілген органдардың қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкерлерінің балаларына (бұдан әрі – контингент) медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсету тәртібін айқындайды.
      Қағидалардың медициналық қызмет көрсету Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының медициналық ұйымдарында Қазақстан Республикасының заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелеріне және зейнеткерлеріне қолданылмайды.
      2. Қағидаларда қызметкерлерінің отбасы мүшелері деп: жұбайы (зайыбы), екеуінің немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің кәмелетке толмаған балалары (асырап алған, асырауындағы немесе қамқоршылығындағы); балалары (асырап алған, асырауындағы немесе қамқоршылығындағы) және жұбайының (зайыбының) білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын жиырма үш жасқа дейінгі балалары; мүгедек балалар (асырап алған, асырауындағы немесе қамқоршылығындағы) және жұбайының (зайыбының) он сегіз жасқа дейін мүгедек болған мүгедек балалары; қызметкердің асырауындағы ата-аналары және жұбайының (зайыбының) ата-аналары түсініледі.
      Қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкердiң балаларына, олар кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің медициналық ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсету құқығы сақталады.
      3. Контингентке медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсету Қазақстан Республикасы Ішкi iстер министрлiгiнiң медициналық ұйымдарында (бұдан әрі – ведомстволық медициналық ұйымдар) жүзеге асырылады.
      4. Қызметін өткеріп жатқан жерде немесе тұрғылықты жері бойынша ведомстволық медициналық ұйымдар болмаған немесе ведомстволық медициналық ұйымдарда тиісті бөлімшелер, мамандар не арнайы жабдықтар болмаған жағдайда, медициналық көмекті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде денсаулық сақтау субъектілері көрсетеді.

2. Медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру

      5. Ведомстволық медициналық ұйымдар медициналық көмектi:
      1) амбулаторлық-емханалық көмек: медициналық-санитариялық алғашқы көмек және консультациялық-диагностикалық көмек;
      2) стационарлық көмек;
      3) стационарды алмастыратын көмек нысандарында көрсетеді.
      Пациентті контингент қатарынан денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мамандандырылған стационарға, ғылыми-зерттеу ұйымдарына зерттеу және емдеу үшiн ауыстыру қажеттiгi туындаған кезде, мұндай ауыстыру Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Адамдарды шет елге емдеуге жiберу Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Ведомстволық медициналық ұйымдардың стационарларында дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстандық ұлттық дәрiлік формулярға сәйкес тегiн көрсетiледi.
      7. Ведомстволық медициналық ұйымдарда контингентке медициналық көмек денсаулық сақтау саласындағы стандартқа сәйкес көрсетiледi.
      8. Астана және Алматы қалаларынан тыс жерлерде тұратын контингентке консультация беру және Астана және Алматы қалаларында орналасқан республикалық ведомстволық медициналық ұйымдарға емдеуге жатқызу Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнің Тыл департаменті Медициналық басқармасының жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.
      Астана және Алматы қалаларында орналасқан республикалық ведомстволық медициналық ұйымдарға конитингентті жіберу тәртібін Қазақстан Республикасы Ішкi iстер министрлiгi белгілейді.
      9. Медициналық көмек алу үшiн бекітілген контингентті ресiмдеуді ведомстволық медициналық ұйымдар құқық қорғау органдарының кадр қызметтері ұсынған контингенттің тiзiмдері негiзiнде жүргiзедi.
      Ведомстволық медициналық ұйымға бекіту жеке басты куәландыратын  құжат (қызметкердің қызметтік куәлігі, қызметкердің, оның ішінде қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкердің, отбасы мүшелері үшін туу туралы куәлік, жеке куәлік, зейнетақы куәлігі) негізінде медициналық ұйымның жұмыс кестесіне сәйкес кез келген күнтізбелік уақытта жүзеге асырылады.
      Әрбiр бекітілген адамға амбулаторлық пациент картасы ресімделеді, ол амбулаторлық-емханалық бөлімшенің тiркеу бөлiмiнде сақталады.

3. Санаторий-курорттық қызмет көрсету

      10. Контингентке Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен санаторий-курорттық емделуге жолдамалар беріледі.
      11. Санаторий-курорттық емделуге жiберу кезiнде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша медициналық құжаттама ресiмделедi.
      12. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде мертіккен (жараланған, жарақат, контузия алған) қызметкер емделгеннен кейін ішкі істер органдарының санаторий-іріктеу комиссияларының шешімі бойынша бюджет қаражаты есебінен санаторий-курорттық емделуге жіберіледі.
      13. Ішкі істер органдарының санаторий-іріктеу комиссиялары туралы ережені құқық қорғау органдарымен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ішкi iстер министрлiгi бекітеді.

Қазақстан Республикасы
Yкiметiнің      
2016 жылғы 18 ақпандағы
№ 78 қаулысына    
қосымша       

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. «Ішкi iстер органдарының қызметкерлерiне және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне, сондай-ақ ішкi істер органдарының зейнеткерлерiне медициналық және санаторлық-курорттық қызмет көрсету тәртiбiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 16 қаңтардағы № 53 қаулысы.
      2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 16 қаңтардағы № 53 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 шілдедегі № 724 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 29, 370-құжат).
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 16 қаңтардағы № 53 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қаңтардағы № 85 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 8, 32-құжат).