"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 шілдедегі № 597 қаулысы

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидалары;
      2) «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының номинациялары бекітілсін.
      2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi белгiленген тәртiппен сыйлық берілетiн жылы республикалық бюджетте «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаттарына ақшалай сыйлық төлеуге қаражат көздесiн.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2015 жылғы 28 шілдедегі
№ 597 қаулысымен    
бекітілген      

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидалары

      1. Осы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидалары «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру тәртібін айқындайды.
      2. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы (бұдан әрі – сыйлық) жемiстi ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметi үшін дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында екі жылда бір рет номинациялар бойынша берiледi.
      3. Сыйлықтың ақшалай мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi берiлетiн жылы белгiлейдi.
      4. Өтінімдер қабылдау аяқталған кезде 29 жасқа толмаған, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар сыйлық алуға үміткер болады.
      Сыйлық бір уақытта бірнеше ізденушіге берілуі мүмкін, бұл жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықты қайта беруге жол берілмейді. Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйлық алуға ұсынуға болмайды.
      Сыйлық авторлар ұжымына берiлсе, оның ақшалай бөлiгi олардың мүшелері арасында тең бөлiнедi.
      5. Сыйлық алуға кандидатуралар ұсынуды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргiзедi.
      6. Сыйлық мемлекеттік жастар саясаты саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) жанынан арнайы құрылған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен беріледі.
      Комиссия уәкілетті органның, орталық мемлекеттік органдардың, өз міндеттерін қоғамдық бастамаларда атқаратын шығармашылық одақтардың және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалардың өкілдерінен құралады.
      Комиссия құрамы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.
      Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және он бес адамнан кем болмауға тиіс. Комиссия мүшелерi Комиссия қызметiне алмастыру құқығынсыз қатысады.
      Комиссияны төраға, ал ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары басқарады.
      7. Сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру өтінімдерді қабылдау мерзімі басталғанға дейін кемінде екі ай қалғанда уәкiлеттi органның интернет-ресурсында орналастырылады.
      8. Сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау сыйлықтар салтанатты жағдайда тапсырылғанға дейін екі ай бұрын тоқтатылады.
      9. Орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды: қолдаухат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтаманы қағаз және электрондық түрде жібереді.
      Уәкiлеттi орган сыйлық алуға ізденуші бойынша келіп түскен құжаттарды қабылдап, бір күн мерзімде тіркейді және Комиссияның қарауына ұсынады.
      10. Комиссияның спектакльдердi, кино және телефильмдердi, көрмелердi қарауын, концерттiк бағдарламалар мен музыкалық шығармаларды тыңдауын, ізденушінің қызметімен танысуын ұйымдастыру ұсынушы ұйымдарға жүктеледi.
      11. Сыйлық алуға ұсынылған кандидатураларды Комиссия екi кезеңде қарайды. Бiрiншiсiнде – Комиссия сыйлық алуға арналған конкурсқа қатысу үшiн кандидатураларды iрiктейдi, екiншiсiнде – сыйлық беру туралы шешiм қабылдайды.
      12. Комиссияның сыйлық берілетін кандидатураны бекіту туралы шешiмi Комиссия отырысында қарапайым көпшiлiк дауыспен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Егер отырысқа Комиссия мүшелерiнiң үштен екiсiнен астамы қатысса, ол заңды деп есептеледі.
      13. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді және оған қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.
      14. Сыйлық беру туралы шешім Қазақстан Республикасының Үкіметі оны қабылдаған кезден бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сыйлық беру туралы қаулысы бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнiне орай жарияланады.
      15. Сыйлық алған адамдарға «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты» атағы берiледі, диплом, омырауға тағатын белгi және ақшалай сыйлық табыс етiледi.
      16. Сыйлықтар салтанатты жағдайда беріледі, наградтау рәсiмi Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнiне орайластырылады.
      17. Лауреаттың омырауға тағатын белгiсi мен дипломының сипаттамасын Комиссияның төрағасы бекiтедi.

      Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2015 жылғы 28 шілдедегі
№ 597 қаулысымен   
бекітілген      

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының номинациялары

      «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мынадай номинациялар бойынша беріледі:
      1. Әдебиет.
      2. Ғылым.
      3. Дизайн және бейнелеу өнері.
      4. Журналистика.
      5. Классикалық музыка.
      6. Қоғамдық қызмет.
      7. Спорт.
      8. Театр және кино.
      9. Эстрада.
      10. Халық шығармашылығы.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2015 жылғы 28 шілдедегі
№ 597 қаулысына    
қосымша        

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы
7 тамыздағы № 983 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 33, 311-құжат).
      2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі № 1038 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 30, 335-құжат).
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 тамыздағы № 897 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 30, 418-құжат).
      4. «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер енгізу және Қазақ КCP Министрлер Кабинетiнiң, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметінің кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 қыркүйектегі № 964 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 36, 500-құжат).
      5. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 22 тамыздағы № 797 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 32, 341-құжат).
      6. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 15 желтоқсандағы № 1318 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 80, 695-құжат).