"Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1339 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 2 шілдедегі № 503 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1103 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.12.2015 № 1103 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1339 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 50, 618-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлерін айқындау туралы»;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлері айқындалсын.»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесі осы қаулыға  қосымшағасәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2015 жылғы 2 шілдедегі
№ 503 қаулысына    
қосымша       

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2007 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1339 қаулысымен     
бекітілген        

Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлері

      1. Нақты қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының (бұдан әрі - жәрдемақы) мөлшері Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 136-бабының 3-тармағына сәйкес есептелген оның орташа жалақысының есебінен айқындалады.
      2. Егер еңбекке уақытша жарамсыздық алдыңғы жылы басталып, ағымдағы жылы аяқталатын болса, онда жәрдемақыны есептеу мен оның мөлшерін айлық шектеу тиісті жылдағы айлық есептік көрсеткіш қолданыла отырып, екі бөліп жүргізіледі.
      3. Айлық жәрдемақының мөлшері, еңбек жарақатына немесе кәсіби науқастануына байланысты қызметкерлерге, жұмыс істейтін Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға, сондай-ақ шетелде болған кезеңінде шетелдік валютада жәрдемақы алатын дипломатиялық қызмет персоналына төленетін жәрдемақылардың мөлшерлерін қоспағанда, тиісті жылдағы айлық есептік көрсеткіштің он бес еселенген шамасынан аспауға тиіс.
      4. Жұмыс істейтін Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға берілетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының жүз пайызын құрайды.
      5. Қызметкердің еңбек жарақатына немесе кәсіби науқастануына байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының жүз пайызын құрайды.
      6. Дипломатиялық қызмет персоналына шетелде болған кезеңінде шетелдік валютада төленетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының жүз пайызын құрайды.