Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлерін айқындау туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1103 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 753 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 01.09.2023 № 753 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 15-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлері айқындалсын.

      2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1103 қаулысына
1-қосымша

Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлері

      1. Ұлы Отан соғысының жұмыс істейтін ардагерлерін, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерді және басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерін қоспағанда, қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының (бұдан әрі – жәрдемақы) мөлшері оның бір күндік орташа жалақысын еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңіне келетін жұмыс күндерінің санына көбейту жолымен айқындалады.

      Қызметкердің бір күндік орташа жалақысының мөлшері 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 114-бабының 3-тармағына сәйкес есептелген оның орташа жалақысының есебінен айқындалады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.09.2020 № 577 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Егер еңбекке уақытша жарамсыздық алдыңғы жылы басталып, ағымдағы жылы аяқталатын болса, онда жәрдемақы мөлшері мен оның мөлшерін айлық шектеу алдыңғы және ағымдағы жылғы айлық есептік көрсеткішті бөлек қолдану арқылы жүргізіледі және алынған сомалар қосылады.

      3. Еңбек жарақатына немесе кәсіби науқастануына байланысты қызметкерлерге, Ұлы Отан соғысының жұмыс істейтін ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге және басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, сондай-ақ шетелде болған кезеңінде шетелдік валютада жәрдемақы алатын дипломатиялық қызмет персоналына төленетін жәрдемақылардың мөлшерлерін қоспағанда, бір айға төленетін жәрдемақының мөлшері тиісті жылғы айлық есептік көрсеткіштің он бес еселенген шамасынан аспауға тиіс.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.09.2020 № 577 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Ұлы Отан соғысының жұмыс істейтін ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге және басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне берілетін жәрдемақының мөлшері жалақының жүз пайызын құрайды.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.09.2020 № 577 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Қызметкердің еңбек жарақатына немесе кәсіби науқастануына байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының жүз пайызын құрайды.

      6. Дипломатиялық қызмет персоналына шетелде болған кезеңінде шетелдік валютада төленетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының жүз пайызын құрайды.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1103 қаулысына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1339 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 50, 618-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1339 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 29 тамыздағы № 793 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 35, 389-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1339 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 3 шілдедегі № 1028 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 32, 300-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 1 маусымдағы № 731 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 55, № 745-құжат).

      5. "Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1339 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 2 шілдедегі № 503 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 37-38, 263-құжат).