Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 1276 қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілсін.

      2. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (келісім бойынша) "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) және "Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесіп:

      1) Жоспардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;

      2) 2014 жылғы 15 желтоқсанға қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне Жоспардың орындалуы туралы ақпарат берсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі 2014 жылғы 30 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жоспардың орындалуы туралы жиынтық ақпарат берсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 5 желтоқсандағы
№ 1276 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік субъектілерін
қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл
жоспары
Ағымдағы жағдайды талдау

      Экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету мақсатында 2010 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – ҮИИДМБ) қабылданды. ҮИИДМБ алдын ала қорытындысы оның елдің әлеуметтік–экономикалық дамуына оң әсер еткенін айғақтайды. 2008 жылдан 2013 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны көлемінің өсуі 25,8 % құрады (1,8 ден 3,8 трлн. теңгеге дейін). Ұқсас кезең ішінде өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігінің нақты өсуі 158,5 %, 37,3-тен 57,5 мың АҚШ долл/адам. дейін1 құрады. Бұл ретте 2013 жылы өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 5 852,6 млрд. теңгені құрады, оның ішінде тамақ өнеркәсібі – 1 172,6 млрд. теңге (20%), машина жасау – 859,2 млрд. теңге (14,5 %), химия өнеркәсібі – 185,9 млрд. теңге (3 %).2

      Өңдеу өнеркәсібінің Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы

      ЖҚҚ нақты өсуі өңдеу өнеркәсібінің үлесі



      ___________________________

      1"Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның көрсеткіштері" статистикалық бюллетені (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/publicationsGPFIIR)

      2"Қазақстанның және оның өңірлерінің өнеркәсібі" статистикалық жинағы (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/publicationsCompilations)

      Әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу табиғи ресурстармен қамтамасыз етілу, жағымды макроэкономикалық орта және саяси тұрақтылық сияқты бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының арқасында орын алды. Бұл ретте болашақта ел экономикасы бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуы және "орташа табыс тұзағында" қалуы мүмкін3. Айталық, оң үрдістерге қарамастан, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны төмендеуде (2013 жылы – 1,9%, ал 2010 жылы – 13,9%). ЖІӨ-нің озыңқы өсуі есебінен оның құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2008 жылы 11,8%-дан 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша 10,7%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, шикізаттық емес өнімнің экспорт құрылымындағы үлесі ұқсас кезеңде 28 %-дан 24%-ға дейін қысқарған.

      Өңдеу өнеркәсібі өнімінің өсу қарқынының баяулауы елдегі инвестициялық белсенділіктің төмендеуімен бірге жүреді. Айталық, соңғы бес жыл ішінде негізгі капиталға инвестициялардың жылдық өсу деңгейі 14,8 %-дан 6,9 %-ға дейін қысқарды4. Бұл ретте 2013 жылы инвестициялық салымдардың ең көп көлемі, өткен жылдардағыдай, тау-кен өндірісіне тиесілі (негізгі капиталға барлық инвестициялардың 29 %). Негізгі капиталға инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі кәсіпорынның меншікті қаражаты болып отыр (59 %), ал нарықта ұзақ мерзімді қорландыру көздерінің жетіспеушілігі байқалады.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі 2014 жылдың бірінші жартысында қабылдаған шаралар өңдеу өнеркәсібі секторында жағымды өзгерістерге әсер етті. Осылайша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҰБ) ресми мәліметтері бойынша 2014 жылдың жаз кезеңінде өңдеу өнеркәсібіне берілген кредиттердің көлемі өткен жылдың ұқсас көрсеткішінен 2,8%-ға артты. Сонымен қатар, 2014 жылдың маусым – тамыз айларында берілген өңдеу өнеркәсібінің ұзақ мерзімді кредиттері өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге өсті5. Дегенмен, жалпы кредит қоржынының құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тек 6,8 % сәйкес келеді, ал ҰБ зерттеу мәліметтері бойынша өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарында кредитке деген қажеттілік тұтастай экономика бойынша алғанда жоғары. Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық–инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өңдеу өнеркәсібі үшін инвестицияларға деген болжамды қажеттілік шамамен 6,6 трлн. теңгені құрайды.

      Өңдеу өнеркәсібінің жұмыс істеуіне қолдау көрсететін қызмет көрсету салаларын дамыту мәселесі де маңызды болып табылады.Оған көлік және логистика, коммуникация, техникалық сынақтар және ғылыми зерттеулер, мамандандырылған техниканы жалдау, буып-түю және т.б. жатады. 2014 жылғы 9 айдың мәліметтері бойынша бұл секторларда негізгі қаражатқа инвестиция салудың теріс қарқыны байқалады (көлік және қоймада сақтау бойынша – 15 %, ақпарат және байланыс бойынша – 17 %).

      Осылайша, өңдеу өнеркәсібі және өңдеу өнеркәсібі үшін қызмет көрсететін секторлар үшін ұлттық валютада кредит қаражатының қолжетімділігін арттыру қажеттілігіне байланысты кәсіпорынның айналым капиталын толықтыру және негізгі қорларды жаңарту қажеттілігін ескеретін қаржылық құралдарды бөлу бойынша мемлекеттің қосымша шаралар қабылдауының қажеттігі байқалады.

      Осы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Жоспар) кәсіпкерлік субъектілеріне мынадай бағыттар бойынша қолдау көрсетуге бағытталған шаралар кешенін айқындайды:

      бірінші бағыт: "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "Даму" КДҚ" АҚ) қаражатын тізбесін Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия мақұлдаған екінші деңгейдегі банктерге (бұдан әрі – ЕДБ) осы Жоспарға 1-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібінде және өңдеу өнеркәсібінде қызмет көрсетуге қатысты көрсетілетін қызметтер саласындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі – ШОКС) қаржыландыру үшін, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өндіріс қуаттарын жүктеу үшін кәсіпорынның айналым қаражатын толықтыруға кредит береді (қаражатты келісіп орналастыру жолымен) (бұдан әрі бірінші бағыт).

      екінші бағыт: осы Жоспарға 2-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібінде ірі кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі – ІКС) қаржыландыру үшін "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "ҚДБ" АҚ) ЕДБ-ға банкаралық кредит беруі (бұдан әрі – екінші бағыт).

      __________________________________

      32015 - 2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасы

      4"Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызмет туралы" статистикалық бюллетені (http://www.stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/homeNumbersInvestment)

      5ҰБ статистикалық бюллетені (http://www.nationalbank.kz/?docid=310)

Жалпы ережелер

      Мақсатқа қол жеткізу және алға қойылған міндеттерді іске асыру тетіктері

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.04.2015 № 362 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 354 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруды жалғастыра отырып, ҰБ, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ) өңдеу өнеркәсібінде және өңдеу өнеркәсібіне қызмет көрсетуге қатысты көрсетілетін қызметтер саласындағы ШОКС-ты кейіннен қаржыландыру үшін, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өндіріс қуаттарын жүктеу үшін және өңдеу өнеркәсібінде ІКС-ті қаржыландыру үшін ШОКС-тың айналым қаражатын толықтыруға ЕДБ-ны қаржыландыру бойынша қосымша шаралар қабылдайтын болады.

      2014 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі – ҰҚ) қаражатынан жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін ШОКС-ты және ІКС-ті қосымша қаржыландырудың жалпы көлемі 100 миллиард теңгені құрайды.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ облигациялар айналысы басталған күннен бастап 20 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,1 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 100 млрд. теңге сомасына облигациялар шығару жолымен ҰҚ-дан қарыз алуды жүзеге асырады. Облигациялық қарызды өтеу мерзімі – айналыс мерзімінің соңында, 2024 жылдан бастап эмитенттің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығы болады.

      Қаражат алғаннан кейін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ:

      1) "Даму" КДҚ" АҚ-ға жасалған кредит шартының талаптарына сәйкес мерзім соңында қаражатты бір сомамен өтеу шартымен жылдық 0,15 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 жылға дейінгі мерзімге 50 миллиард теңге сомасына кредит береді;

      2) "ҚДБ" АҚ-ға жасалған қарыз шартының талаптарына сәйкес мерзім соңында қаражатты бір сомамен өтеу шартымен жылдың 0,15 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 жылға дейінгі мерзімге 50 миллиард теңге сомасына кредит береді.

      Қаражатты екінші деңгейдегі банктерге шартты түрде орналастырудың шарттары мен тетіктері

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.04.2015 № 362; 26.02.2016 № 119 қаулыларымен.

      1. Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) ЕДБ тізбесін және оларға лимит сомаларын бірінші және екінші бағыттар бойынша мақұлдайды.

      2. "Даму" КДҚ" АҚ, "ҚДБ" АҚ-ның және ЕДБ осы Жоспарды іске асыру аясында ҰҚ-дан бөлінетін қаражаттан төлемдерді жүргізу үшін ҰБ-да жеке банктік шоттар ашады.

      3. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ-ның ҰБ-дағы жеке банктік шоттарына жасалған Кредиттік шарттың және Қарыз шартының талаптарына сәйкес қаржы сомасын орналастырады.

      4. "Даму" КДҚ" АҚ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ЕДБ-мен мынадай шарттарда кредиттік келісімдер жасасады:

      1) Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде қамтамасыз етусіз ҰБ-да ЕДБ-ның жеке банктік шоттарында кредит қаражатын орналастыру;

      2) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2 %-дан аспайды;

      3) ЕДБ-ның кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін;

      4) қаражат ЕДБ шотына түскен күннен бастап ЕДБ-ның кредиттік қаражатты игеру мерзімі:

      инвестициялық мақсаттарға берілетін кредиттер бойынша – 12 ай;

      айналым қаражатын толықтыру мақсатына берілетін кредиттер бойынша – 6 ай.

      5) ЕДБ-ға кредит беру валютасы – теңге;

      6) ЕДБ үшін "Даму" КДҚ" АҚ-дан қаражат тарту мөлшерлемесі мен ШОКС-қа кредит беру мөлшерлемесі арасындағы айырмашылық жылдық 4,0 %-дан аспауы тиіс;

      7) "Даму" КДҚ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған кредиттік келісім шеңберінде:

      Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің кемінде 50 %-ын Жоспарға 1-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібінде және өңдеу өнеркәсібіне қызмет көрсетуге қатысты көрсетілетін қызметтер саласындағы ШОКС-тың инвестициялық жобаларын қаржыландыру мақсатына ЕДБ бағыттайтын қарыздардың үлесі құрайды;

      Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің кемінде 50 %-ын Жоспарға 1-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібінде ШОКС-тың айналым қаражатын толықтыру мақсатына ЕДБ бағыттайтын қарыздардың үлесі құрайды, оның ішінде ЕДБ лимитінің 25 %-ы тамақ өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыратын ШОКС-тың айналым қаражатын толықтыру мақсатына жұмсалады.

      Бұл ретте Жоспарға 1-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібіне қатысты көрсетілетін қызметтер саласындағы жобаларды іске асыратын ШОКС-қа айналым қаражаты берілмейді.

      5. "ҚДБ" АҚ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ЕДБ-мен мынадай шарттарда банктік қарыз шартын жасасады:

      1) Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде қамтамасыз етусіз ҰБ-да ЕДБ-ның жеке банктік шоттарында кредит қаражаттарын орналастыру;

      2) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2 %-дан аспайды;

      3) ЕДБ-ға кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін;

      4) қаражат ЕДБ шотына түскен күннен бастап ЕДБ-ның кредиттік қаражатты игеру мерзімі – 18 ай;

      5) ЕДБ-ға кредит беру валютасы – теңге;

      6) ЕДБ үшін "ҚДБ" АҚ-дан қаражат тарту мөлшерлемесі мен ІКС-ке кредит беру мөлшерлемесі арасындағы айырмашылық жылдық 4,0 %-дан аспауы тиіс;

      7) "ҚДБ" АҚ мен ЕДБ арасында келісілген Банктік қарыз шартының шегінде:

      Мемлекеттік комиссия мақұлдаған ЕДБ лимитінің кемінде 100 %-ын Жоспарға 2-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібінде ШОКС инвестициялық жобаларын қаржыландыру мақсатына ЕДБ-ға бағытталатын қарыздардың үлесі құрайды.

      6. ЕДБ орналастырылған кредит қаражатын мақсатты пайдалану және игеру бойынша "Даму" КДҚ" АҚ мен "ҚДБ" АҚ алдында есеп береді.

      ЕДБ-ның есеп беру тәртібі, нысаны және мерзімділігі, сондай-ақ осы Жоспарда көзделмеген ЕДБ-ның кредит беруінің басқа шарттары тиісті Кредиттік келісіммен, Банктік қарыз шартымен белгіленеді.

      ЕДБ-ге бөлінетін қаражатты қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыру, қаржы құралдарына және (немесе) олармен жасалатын операцияларды инвестициялау мақсаттарына, сондай-ақ шетелдік валютаны сатып алу үшін валюта нарығына жіберуге тыйым салынады.

      ЕДБ ШОКС-қа бұрын берілген қарыздарды өтеу есебінен босаған қаражатты ҚР ҰБ-дағы өздерінің жеке банктік шоттарына есепке жазуды ай сайын жүзеге асырады. Бұл ретте ЕДБ босаған қаражатты үш ай ішінде ШОКС-ке одан әрі кредит беруге жұмсайды не қаражатты "Даму" КДҚ" АҚ-ның ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шоттарына мерзімінен бұрын қайтарады.

      ІКС-тің бұрын берілген қарыздарын өтеу есебінен босатылған қаражатты ҚР ҰБ-дегі өзінің жеке банктік шоттарына есепке жазуды ЕДБ ай сайынғы негізде жүзеге асырады. Бұл ретте ЕДБ "ҚДБ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған банктік қарыз шарттарында белгіленген мерзім ішінде қаражатты ІКС-ке одан әрі кредит беруге бағыттайды. Қаражат банктік қарыз шарттарында көрсетілген мерзімдерде орналастырылмаған жағдайда, "ҚДБ" АҚ ЕДБ-ден қаражаттың орналастырылмаған бөлігін мерзімінен бұрын өтеуді талап етуге құқылы.

      7. ШОКС және ІКС жобаларын қаржыландыру шеңберінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі ҰБ талаптарына сәйкес анықталады.

      Кәсіпкерлік субъектінің қарыз бойынша міндеттемелерді бұзу себебінен алынатын комиссияларды, алымдарды және/немесе басқа төлемдерді қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінің қарызына байланысты комиссиялар, алымдар және/немесе басқа төлемдер алынбайды.

      ШОКС және ІКС мүлікті бағалау және сақтандыру бойынша шығындарды төлейді.

      8. Орналастырылған қаражатты ЕДБ мақсатқа сай пайдаланбаған, толықтай немесе ішінара игермеген жағдайларда, сондай-ақ кредиттік келісімде немесе банктік қарыз шартында көзделген өзге де жағдайлар туындаған кезде, "Даму" КДҚ" АҚ, "ҚДБ" АҚ ЕДБ-ге қатысты кредиттік келісімнің, банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес шаралар қолданады, оның ішінде кредиттік келісімдерді, банктік қарыз шартын мерзімінен бұрын бұзу және (немесе) кейін басқа ЕДБ-лер арасында қайта бөлумен орналастырылған қаражатты оларды кері қайтарып алу мәселесіне бастама көтеруге құқылы. Кері қайтарылып алынған, сондай-ақ ЕДБ мерзімінен бұрын өтеген қаражатты ЕДБ арасында қайта бөлу Мемлекеттік комиссияның тиісті шешімі негізінде жүзеге асырылады.

      9. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

      Өңдеу өнеркәсібінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шарттары

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 08.09.2016 № 528; 15.12.2017 № 847 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      1. Нысаналы топ – бірінші бағыт бойынша өңдеу өнеркәсібінде және өңдеу өнеркәсібіне қызмет көрсетуге қатысты көрсетілетін қызметтер саласындағы жобаларды іске асыратын және (немесе) іске асыруды жоспарлап отырған ШОКС.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген құрамында спирт бар медициналық мақсаттағы өнімнің (бальзамдардан басқа) шығарылуын көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарлардың шығарылуын көздейтін жобаларды іске асыратын;

      2) құрылтайшылары ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ШОКС, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдар қатысушылар бола алмайды.

      3. ШОКС-тің мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті сомаларды "Даму" КДҚ" АҚ-мен алдын ала келісуді жүзеге асырады. Бұл ретте қаражаттың мақсатты пайдаланылуына түпкілікті тексеруді "Даму" КДҚ" АҚ ШОКС жобасын іске асыратын жерге барғаннан кейін жүзеге асырады.

      4. Кредиттер ШОКC-қа мақсатты пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі, оның ішінде:

      1) бір ШОКС-қа берілетін қаржыландырудың ең жоғарғы лимиті – 1 850 000 000 теңге;

      2) кредит беру мерзімі:

      инвестицияларға – 10 жылдан аспайды;

      айналым қаражатын толықтыруға – 5 жылдан аспайды;

      3) ШОКС үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық

      6,0 %-дан аспайды;

      4) кредит беру валютасы – теңге.

      Өңдеу өнеркәсібінде ірі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шарттары

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 08.09.2016 № 528; 15.12.2017 № 847 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      1. Нысаналы топ – екінші бағыт бойынша өңдеу өнеркәсібінде жобаларды іске асыратын және (немесе) іске асыруды жоспарлап отырған ІКС.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген құрамында спирт бар медициналық мақсаттағы өнімнің (бальзамдардан басқа) шығарылуын көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарлардың шығарылуын көздейтін жобаларды іске асыратын;

      2) құрылтайшылары ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ІҚС қатысушылар бола алмайды.

      3. ІКС-тің мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ ҰБ-дағы ЕДБ-ның жеке банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті сомаларды "ҚДБ" АҚ-мен алдын ала келісуді жүзеге асырады.

      4. Кредиттер ІКC-ке мақсатты пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі, оның ішінде:

      1) бір ІКС-ке берілетін қаржыландыру лимиті – 5 000 000 000 теңгеге дейін;

      2) кредит беру мерзімі: инвестицияларға – 10 жылдан аспайды;

      3) ІКС үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6,0 %-дан аспайды;

      4) кредит беру валютасы – теңге;

      5) инвестицияларға кредит беру бойынша негізгі борышты төлеу бойынша жеңілдікті кезең – түпкілікті қарыз алушы кредитті игеруді бастаған күннен бастап 24 айдан аспайды.

      Екінші деңгейдегі банктерге қойылатын талаптар

      1. Халықаралық рейтинг агенттігі берген кредит рейтингінің "В–" төмен болмауы.

      2. Қазақстан Республикасының кемінде 5 өңірінде филиалдар желісінің болуы.

      3. Негізгі қарыз және (немесе) қарыз қаражатын беру күніне есептелген сыйақы бойынша мерзімі 90 күннен астамөткен берешегі бар, кредит деңгейі 15 %-дан жоғары ЕДБ үшін ҰБ-мен жеке келісім жасасу талабы қосымша белгіленеді. Жеке келісімде ЕДБ-ның негізгі қарыз және (немесе) есептелген сыйақы бойынша мерзімі 90 күннен астам өткен берешегі бар кредиттер деңгейін ҰБ белгілеген мерзімде 15 %-ға дейін төмендету міндеті көзделетін болады. ЕДБ жеке келісімнің шарттарын орындамаған жағдайда, қаражатты "Даму" КДҚ" АҚ-ға және "ҚДБ" АҚ-ға қайтару көзделеді.

      Мониторинг

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

      1. "Даму" КДҚ" АҚ-ның және "ҚДБ" АҚ тұрақты негізде осы Жоспарды іске асыруға қатысатын ЕДБ қаржылық-экономикалық жағдайына талдауды жүзеге асыратын болады.

      2. "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ:

      1) ЕДБ-ның қаражатты мақсатты пайдалануы мен уақтылы игеруіне;

      2) ШОКС және ІКС алған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына;

      3) ЕДБ-нің бұрын берілген қарыздарды өтеуден босатылатын қаражат есебінен ШОКС-ты, ІКС-ті уақтылы қаржыландыруына мониторингті жүзеге асыратын болады.

      3. ЕДБ "Даму" КДҚ" АҚ-ға, "ҚДБ" АҚ-ға тұрақты негізде қаражатты игеру туралы есептерді жіберіп отыратын болады, есептерді беру нысаны мен мерзімдері тиісті Кредиттік келісімде, Банктік қарыз шартында көрсетіледі.

      "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ осы тармақтың талаптарына сәйкес ЕДБ-ден алынған ақпаратты Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 281 өкімімен құрылған ҰҚ-дан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) және "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ға тапсырады.

      4. ЕДБ қаржыландырылған субъектілерге мониторинг жүргізеді. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектісінің қаржыландырылған әрбір жобасы бойынша жеке кредит дерекнамасы жүргізіледі, онда кәсіпкерлік субъектісінің қаражатты мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар сақталуы тиіс.

      5. "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ осы Жоспар шеңберінде бөлінетін қаражат бойынша ЕДБ-ның төлем тәртібін қадағалайтын болады.

      6. "Даму" КДҚ" АҚ және "ҚДБ" АҚ Комиссияға және оның құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ҰБ қаражаты есебінен ЕДБ-дан қарыз алған соңғы қарыз алушылар туралы ақпаратты, сондай-ақ ЕДБ-ға кредит алу үшін өтініш білдірген кәсіпкерлік субъектілері туралы және ЕДБ-дан кредит беру туралы оң шешім алған кәсіпкерлік субъектілері туралы ақпаратты, оның ішінде "Даму" КДҚ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған Кредиттік келісімнің, "ҚДБ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған Банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес ЕДБ-дан алынған банктік, коммерциялық және басқа заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты береді.

      7. Бөлінетін қаражаттың экономикалық нәтижелеріне мониторинг жүргізу мақсатында, ШОКС, ІКС субъектілерінің келісімі болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті "Даму" КДҚ" АҚ-ға, "ҚДБ" АҚ-ға салықтық құпия болып табылатын мынадай мәліметтерді: салық салынбайтын кірістерді ескере отырып, жиынтық жылдық кіріс, шетелдік көздерден түсетін кірістер, салық салынатын кіріс, сатылған тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) бойынша жұмсалған шығыстар, жұмыскерлердің есептеліп жазылған кірістері бойынша жұмсалған шығыстар, таза кіріс, жұмыскерлердің саны (адам), бір жұмыскерге есептегенде орташа айлық жалақы, салықтық төлемдердің сомалары туралы ақпаратты ұсынады.

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Қазақстан
Республикасы Ұлттық Банкінің
өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік
субъектілерін қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі
бірлескен іс-қимыл жоспарына
1-қосымша

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын
қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібі салаларының тізбесі

Секция

Атауы

ЭҚЖЖ коды

С

Өңдеу өнеркәсібі

10-33


Тамақ өнімдерінің өндірісі

10


Сусындар өндірісі

11


Тоқыма бұйымдарының өндірісі

13


Киім өндірісі

14


Былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі

15


Жиһаздан басқа, ағаш және тоз бұйымдарының өндірісі; сабаннан және өруге арналған материалдардан жасалған бұйымдар өндірісі

16


Қағаз және қағаз өнімдерінің өндірісі

17


Жазып алынған материалдарды басып шығару және жаңғырту

18


Кокс және мұнай өңдеу өнімдерінің өндірісі

19


Химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі

20


Негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндірісі

21


Резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі

22


Өзге бейметалл минералды өнімдер өндірісі

23


Металлургия өнеркәсібі

24


Машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл өнімдерінің өндірісі

25


Компьютерлер, электрондық және оптикалық өнім өндірісі

26


Электр жабдықтарының өндірісі

27


Өзге санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар өндірісі

28


Автокөлік құралдары, трейлерлер мен жартылай тіркемелер өндірісі

29


Өзге көлік құралдарының өндірісі

30


Жиһаз өндірісі

31


Өзге дайын өнімдер өндірісі

32


Машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату

33

Өңдеу өнеркәсібіне қызмет көрсетуге қатысты көрсетілетін
қызметтер аясы салаларының тізбесі

Секция

Атауы

ЭҚЖЖ коды

H

Көлік және қоймаға сақтау

49-53


Жүк теміржол көлігі

49.20


Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау

49.41


Құбыр арқылы тасымалдау

49.50


Теңізде және жағада жүретін жүк көлігі

50.20


Өзенжүк көлігі

50.40


Жүктерді қоймаға қою және сақтау

52.10


Құрлықтағы жол көлігі саласында қызмет көрсету

52.21


Су көлігі саласындағы көрсетілетін қызметтер

52.22


Әуе көлігі саласындағы көрсетілетін қызметтер

52.23


Жүктерді көліктік өңдеу

52.24


Тасымалдау кезіндегі басқа да ілеспе көрсетілетін қызметтер

52.29

J

Ақпарат және байланыс

58-63


Сымды телекоммуникациялық байланыс

61.10


Сымсыз телекоммуникациялық байланыс

61.20


Спутниктік телекоммуникациялар саласындағы көрсетілетін қызметтер

61.30


Телекоммуникациялық көрсетілетін қызметтердің басқа түрлері

61.90


Компьютерлік бағдарламалау саласындағы көрсетілетін қызметтер

62.01


Компьютерлік технологиялар саласындағы консультациялық қызметтер

62.02


Компьютерлік жабдықтарды басқару қызметі

62.03


Ақпараттық технологиялар және компьютерлік жүйелер саласындағы басқа да қызмет түрлері

62.09

M

Кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет

69-75


Техникалық сынақтар мен талдаулар

71.20


Мамандандырылған дизайн жүргізу жөніндегі жұмыстар

74.10


Ветеринариялық қызмет

75.00

  Қазақстан Республикасы Үкіметі
мен Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің өңдеу
өнеркәсібінде кәсіпкерлік
субъектілерді қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен
іс-қимыл жоспарына
2-қосымша

Соңғы қарыз алушылар, ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын
қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібі салаларының тізбесі

Секция

Атауы

ЭҚЖЖ коды

С

Өңдеу өнеркәсібі

10-33


Тамақ өнімдерінің өндірісі

10


Сусындар өндірісі

11


Тоқыма бұйымдарының өндірісі

13


Киім өндірісі

14


Былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі

15


Жиһаздан басқа, ағаш және тоз бұйымдарының өндірісі; сабаннан және өруге арналған материалдардан жасалған бұйымдар өндірісі

16


Қағаз және қағаз өнімдерінің өндірісі

17


Жазып алынған материалдарды басып шығару жәнежаңғырту

18


Кокс және мұнай өңдеу өнімдерінің өндірісі

19


Химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі

20


Негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндірісі

21


Резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі

22


Өзге бейметалл минералды өнімдер өндірісі

23


Металлургия өнеркәсібі

24


Машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл өнімдерінің өндірісі

25


Компьютерлер, электрондық және оптикалық өнім өндірісі

26


Электр жабдықтарының өндірісі

27


Өзге санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар өндірісі

28


Автокөлік құралдары, трейлерлер мен жартылай тіркемелер өндірісі

29


Өзге көлік құралдарының өндірісі

30


Жиһаз өндірісі

31


Өзге дайын өнімдер өндірісі

32


Машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату

33

  Қазақстан Республикасы Үкіметі
мен Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің өңдеу
өнеркәсібінде кәсіпкерлік
субъектілерді қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен
іс-қимыл жоспарына
3-қосымша

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы мен
"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы арасындағы
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын орналастыру
туралы кредиттік шарт

      Ескерту. 3-қосымша алып тасталды - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы Үкіметі
мен Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің өңдеу
өнеркәсібінде кәсіпкерлік
субъектілерді қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен
іс-қимыл жоспарына
4-қосымша

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы мен
"Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы арасындағы қарыз
шарты

      Ескерту. 4-қосымша алып тасталды - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы Үкіметі
мен Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің өңдеу
өнеркәсібінде кәсіпкерлік
субъектілерді қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен
іс-қимыл жоспарына
5-қосымша

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы мен екінші
деңгейдегі банктер арасындағы өңдеу өнеркәсібі саласында және
көрсетілетін қызметтер саласында шағын және орта кәсіпкерлік
субъектілеріне кейіннен кредит беру үшін қаражатты екінші
деңгейдегі банктерге орналастыру туралы кредиттік келісім

      Ескерту. 5-қосымша алып тасталды - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы Үкіметі
мен Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің өңдеу
өнеркәсібінде кәсіпкерлік
субъектілерді қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен
іс-қимыл жоспарына
6-қосымша

№___ Банктік қарыз шарты

      Ескерту. 6-қосымша алып тасталды - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.