Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1222 қаулысы.

Жаңартылған

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының 58-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 21 қарашадағы
№ 1222 қаулысымен
бекітілген

Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған
азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.

      1. Осы Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен.

      2. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге қолданылмайды.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) төтенше жағдай – адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай;

      2) табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті табиғи құбылыстар (геофизикалық, геологиялық, метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрогеологиялық қауіпті құбылыс), табиғи өрттер, эпидемиялар, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдануы салдарынан қалыптасқан төтенше жағдайлар;

      3) техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен, көлiк авариялары мен басқа да авариялардан, өрттерден (жарылыстардан), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар жайылатын (жайылу қатері бар) авариялардан, ғимараттар мен құрылыстардың кенеттен құлауынан, бөгеттердің бұзылуынан, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр энергетикасы және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылыстарындағы авариялардан болған төтенше жағдайлар;

      4) тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй), сондай-ақ уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелерінің тұруы үшін жарамсыз болып қалған құрылыс;

      4-1) алып тасталды – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен;

      4-2) үлгілік жоба – сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның бюджеттік бағдарламасы шеңберінде әзірленетін, кейіннен жобалау кезінде көп мәрте қолдануға арналған жобалау-сметалық құжаттама;

      4-3) жеке тұрғын үй – үй-жай учаскесінде орналасқан, шаруашылық және басқа да құрылыстарымен және жасыл екпелерiмен бiрге азаматтың меншiгiндегi жеке (отбасымен) тұруға арналған үй;

      4-4) жеке тұрғын үй құрылысы – азаматтардың өздеріне белгiленген тәртiппен бекiтiп берiлген жер учаскелерiнде өз күшiмен, мердiгерлiк немесе заңнамамен тыйым салынбаған басқа да тәсілмен жеке тұрғын үйлер салуы;

      4-5) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

      5) төтенше жағдайлардың салдарларын жою – инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үйді, қоршаған ортаны қалпына келтіру, халыққа әлеуметтік-оңалту көмегін көрсету бойынша жүргізілетін іс-шаралар, төтенше жағдайлар салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678; 19.04.2024 № 304 қаулыларымен.

2-тарау. Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды есепке қою тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.

      4. Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтар төтенше жағдай туындағаннан кейін аумағында төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы органға өтініш беріп, мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) зардап шеккен азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      2) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жылжымайтын мүлік иесінен (не сенімхат бойынша оның өкілінен) өтініш;

      3) жылжымайтын мүлік объектісінің (тұрғын үйдің) кадастрлық паспорты;

      4) жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты (жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акт);

      5) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы берген жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама.

      Зардап шеккен азаматтарда тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттар болмаған жағдайда "Қазақстан ғарыш сапары" ҰК АҚ-ның мәліметтері, сондай-ақ мына: әлеуметтік қорғау органдары; ішкі істер органдары, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы; денсаулық сақтау және білім беру мекемелері; коммуналдық төлемдерді төлеу туралы мәліметтердің бірі көрсетілген тұрғын үйге иелік етуді растау болып табылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен.

      4-1. Ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау ғимараттар мен құрылыстардың және олардың элементтерінің нақты жай-күйін, беріктігі мен орнықтылығын, ғимараттар мен құрылыстарды одан әрі пайдалану мүмкіндігін айқындау мақсатында жүргізіледі.

      Ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушіге ұсынымдарды көрсете отырып, ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі туралы қорытынды береді.

      Ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүргізу жөніндегі тапсырыс беруші жергілікті атқарушы орган болады.

      Ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау жөніндегі шығыстар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 2-тарау 4-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.

      5. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімі өтініштер негізінде қалыптастырылады. Зардап шеккен азаматтардан өтініштер төтенше жағдай жарияланған күннен бастап екі ай ішінде қабылданады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен.

      6. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың қалыптастырылған тізімдері Қазақстан Республикасының азаматы өтініш берген күннен бастап айына кемінде екі рет жергілікті атқарушы органның интернет-сайтында және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

3-тарау. Төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға тұрғын үй беру тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.

      7. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімдерін қалыптастыру аяқталғаннан кейін күнтізбелік екі күн өткен соң аумағында табиғи және/немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы орган төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде комиссия (бұдан әрі – тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия) құрады.

      Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия туралы ережені жергілікті атқарушы орган айқындайды.

      Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген, ұсынылған құжаттардың және жергілікті атқарушы орган қоса берген ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі туралы қорытындының негізінде оларды одан әрі пайдаланудың мүмкін еместігі туралы ұсынымдарды көрсете отырып, 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру туралы шешім қабылдайды немесе жазбаша түрде дәлелді бас тартуды ұсынады.

      Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруден бас тарту үшін:

      1) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттардың болмауы;

      2) ұсынылған құжаттардың дұрыс еместігінің анықталуы негіз болып табылады.

      Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй Қазақстан Республикасының аумағындағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйі тұруға жарамсыз болып қалған азаматтарға өтеусіз негізде беріледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.

      7-1. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру туралы шешім қабылдағаннан кейін жергілікті атқарушы орган күнтізбелік 5 күн ішінде азаматпен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру туралы шарт жасасуды жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тарау 7-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.

      7-2. Ұйымдар осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мәліметтерді растаған кезде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 7-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен.

      7-3. Төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккен азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия айқындаған елді мекендердің аумағында жергілікті атқарушы органның сатып алып, кейіннен өздеріне заңнамада белгіленген тәртіппен беруі үшін тұрғын үй іздеуді өздері жүзеге асыруға құқылы.

      Сатып алынатын тұрғын үйдің құны бекітілген үлгілік жобадан аспауға тиіс.

      Ескерту. 7-3-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен.

      8. Салынған тұрғын үй төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия шешімінің негізінде беріледі.

      9. Тұрғын үй алған азаматтардың тізімі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның шешімі қабылданған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жергілікті атқарушы органның интернет-сайтында және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.

      10. Үлгілік жобалар бойынша тұрғын үй салу және сатып алу бюджеттен тыс қаражаттан қаржыландырылады.

      Бекітілген үлгілік жобалардың құны мен ауданынан асып кеткен жағдайда қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бюджеттен тыс көздер есебінен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен.

      11. Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен азаматтарға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеуді зиян (нұқсан) келтіруші ерікті түрде немесе сот шешімі бойынша жүргізеді.

      12. Төтенше жағдай туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған азаматтың тұрғын үйіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтелуге тиіс.

4. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың орнына үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған азаматтардың шығыстарын өтеу тәртібі

      Ескерту. 4-тарау алып тасталды – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен.

      20. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай төтенше жағдай салдарынан тұрғынжайы тұруға жарамсыз болып қалған азаматтарға өтеусіз негізде беріледі.

      Ескерту. 20-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен.

      21. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге тұрғынжай берілген кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай алған азаматтар тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге кезектен шығарылады.

      Ескерту. 21-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен.

      22. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төтенше жағдай салдарынан тұрғынжайы тұруға жарамсыз деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай алған кезде меншік құқығындағы тұруға жарамсыз тұрғынжайды жер учаскесімен бірге Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес коммуналдық меншікке береді.

      Ескерту. 22-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен.

  Төтенше жағдай салдарынан
тұрғын үйсіз қалған азаматтарға
тұрғын үй беру қағидаларына
1-қосымша
Кімге
  _________________________
  (комиссия төрағасының
Т.А.Ә. (бар болса) кімнен
  ________________________
  (Т.А.Ә. (бар болса)
  _________________________
  (тұратын)
  тел. __________________________

Тұрғын үй беру туралы өтініш

      Ескерту. Қағидалар 1-қосымшамен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.

      Сізден маған ____________________________________________________
(оқиғаның сипаты көрсетіледі)

      төтенше жағдай салдарынан қираған тұрғын үйдің орнына тұрғын үй беруіңізді сұраймын.

      Алушының ЖСН _______________________________________________

      Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1. _________________________________________________________

      2. _________________________________________________________

      3. _________________________________________________________

      4. _________________________________________________________

      20____ж. " ____ " ________________

      Өтініш иесі _____________________________
Т.А.Ә. (бар болса) (күні, айы, жылы, қолы)

  Төтенше жағдай салдарынан
тұрғын үйсіз қалған азаматтарға
тұрғын үй беру қағидаларына
2-қосымша
  Кімге
  __________________________
  (комиссия төрағасының
Т.А.Ә. (бар болса)
кімнен
  ________________________
  (Т.А.Ә. (бар болса)
  _________________________
  (тұратын)
  тел.
  ___________________________

Үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеу туралы өтініш

      Ескерту. 2-қосымша алып тасталды – ҚР Үкіметінің 19.04.2024 № 304 қаулысымен.