Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 304 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 19 сәуірдегі
№ 304 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1222 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру тәртібін айқындайды.";

      3-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      4) тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй), сондай-ақ уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелерінің тұруы үшін жарамсыз болып қалған құрылыс;";

      3-тармақтың 4-1) тармақшасы алып тасталсын.

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтар төтенше жағдай туындағаннан кейін аумағында төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы органға өтініш беріп, мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) зардап шеккен азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      2) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жылжымайтын мүлік иесінен (не сенімхат бойынша оның өкілінен) өтініш;

      3) жылжымайтын мүлік объектісінің (тұрғын үйдің) кадастрлық паспорты;

      4) жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты (жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акт);

      5) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы берген жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама.

      Зардап шеккен азаматтарда тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттар болмаған жағдайда "Қазақстан ғарыш сапары" ҰК АҚ-ның мәліметтері, сондай-ақ мына: әлеуметтік қорғау органдары; ішкі істер органдары, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы; денсаулық сақтау және білім беру мекемелері; коммуналдық төлемдерді төлеу туралы мәліметтердің бірі көрсетілген тұрғын үйге иелік етуді растау болып табылады.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімі өтініштер негізінде қалыптастырылады. Зардап шеккен азаматтардан өтініштер төтенше жағдай жарияланған күннен бастап екі ай ішінде қабылданады.";

      мынадай мазмұндағы 7-2-тармақпен толықтырылсын:

      "7-2. Ұйымдар осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мәліметтерді растаған кезде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру туралы шешім қабылдайды.";

      мынадай мазмұндағы 7-3 тармақпен толықтырылсын:

      "7-3. Төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккен азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия айқындаған елді мекендердің аумағында жергілікті атқарушы органның сатып алып, кейіннен өздеріне заңнамада белгіленген тәртіппен беруі үшін тұрғын үй іздеуді өздері жүзеге асыруға құқылы.

      Сатып алынатын тұрғын үйдің құны бекітілген үлгілік жобадан аспауға тиіс.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Үлгілік жобалар бойынша тұрғын үй салу және сатып алу бюджеттен тыс қаражаттан қаржыландырылады.

      Бекітілген үлгілік жобалардың құны мен ауданынан асып кеткен жағдайда қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бюджеттен тыс көздер есебінен жүзеге асырылады.";

      4-тарау алып тасталсын:

      мынадай мазмұндағы 20, 21 және 22-тармақтармен толықтырылсын:

      "20. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай төтенше жағдай салдарынан тұрғынжайы тұруға жарамсыз болып қалған азаматтарға өтеусіз негізде беріледі.

      21. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге тұрғынжай берілген кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай алған азаматтар тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге кезектен шығарылады.

      22. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төтенше жағдай салдарынан тұрғынжайы тұруға жарамсыз деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай алған кезде меншік құқығындағы тұруға жарамсыз тұрғынжайды жер учаскесімен бірге Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес коммуналдық меншікке береді.";

      2-қосымша алып тасталсын.

      2. "Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидалардың талаптары Қазақстан Республикасының Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылық-тұрмыстық және өзге құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге, бағалы киімге, сән-салтанат заттарына не қымбат бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттарға, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтелетін мүлікке қолданылмайды.

      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезіндегі жекелеген жағдайларда тұрғынжайға уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында төтенше жағдай жарияланған кезде меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелері үшін тұруға жарамсыз болып қалған құрылыс жатады.";

      мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан тұрғынжай үйге ішінара зақым келген жағдайда жергілікті атқарушы орган техникалық тексеру және сметалық құжаттама негізінде оны мынадай жолмен қалпына келтіру тетіктерінің бірін айқындайды:

      1) жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымды тарту;

      2) жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған азаматтардың шығыстарын төлеу.";

      мынадай мазмұндағы 14-1-тармақпен толықтырылсын:

      "14-1. Қаражат бөлу туралы шешім қабылданғаннан кейін жергілікті атқарушы орган 5 жұмыс күні ішінде тұрғын үй иесімен жөндеу жұмыстарын мердігер ұйымның жүзеге асыруына немесе жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүзеге асыру үшін қаражат төлеуге келісім жасасады.

      Жөндеу жұмыстары өз бетінше жүзеге асырылатын болса, келісімде төлем алған тұрғынжай иесінің төлем күнінен бастап алты ай ішінде қалпына келтіру жұмыстарының орындалғаны туралы фото тіркеп есеп беруі туралы ақпарат қамтылады.

      Тиісті есеп ұсынылмаған жағдайда жергілікті атқарушы орган бөлінген қаражатты қайтаруға мәжбүрлеу туралы сот органдарына жүгінуге құқылы.";

      мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:

      "15-1. Азаматтар жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүзеге асырған кезде қаражат екінші деңгейдегі банктерде, Ұлттық пошта операторында немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге лицензиясы бар өзге ұйымдарда ашылған азаматтардың дербес немесе карт-шотына аударылады.".