"Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының 58-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1222 қаулысымен бекітілген |
Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған
азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.
1. Осы Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 cәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру тәртібін айқындайды.
Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйден бас тартқан кезде үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстары өтеледі.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.2. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге қолданылмайды.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) төтенше жағдай – адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай;
2) табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті табиғи құбылыстар (геофизикалық, геологиялық, метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрогеологиялық қауіпті құбылыс), табиғи өрттер, эпидемиялар, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдануы салдарынан қалыптасқан төтенше жағдайлар;
3) техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен, көлiк авариялары мен басқа да авариялардан, өрттерден (жарылыстардан), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар жайылатын (жайылу қатері бар) авариялардан, ғимараттар мен құрылыстардың кенеттен құлауынан, бөгеттердің бұзылуынан, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр энергетикасы және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылыстарындағы авариялардан болған төтенше жағдайлар;
4) тұрғын жай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген техникалық, санитариялық және басқа да міндетті талаптарға сай келетін жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме);
4-1) азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру шығыстарын өтеу – төтенше жағдай салдарынан қираған тұрғын үйдің орнына үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыратын азаматтарға берілетін біржолғы ақшалай төлем;
4-2) үлгілік жоба – сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның бюджеттік бағдарламасы шеңберінде әзірленетін, кейіннен жобалау кезінде көп мәрте қолдануға арналған жобалау-сметалық құжаттама;
4-3) жеке тұрғын үй – үй-жай учаскесінде орналасқан, шаруашылық және басқа да құрылыстарымен және жасыл екпелерiмен бiрге азаматтың меншiгiндегi жеке (отбасымен) тұруға арналған үй;
4-4) жеке тұрғын үй құрылысы – азаматтардың өздеріне белгiленген тәртiппен бекiтiп берiлген жер учаскелерiнде өз күшiмен, мердiгерлiк немесе заңнамамен тыйым салынбаған басқа да тәсілмен жеке тұрғын үйлер салуы;
4-5) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;
5) төтенше жағдайлардың салдарларын жою – инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үйді, қоршаған ортаны қалпына келтіру, халыққа әлеуметтік-оңалту көмегін көрсету бойынша жүргізілетін іс-шаралар, төтенше жағдайлар салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.2-тарау. Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды есепке қою тәртібі
Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.
4. Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтар төтенше жағдай туындағаннан кейін аумағында төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы органға мынадай құжаттарды:
1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін. Төтенше жағдай салдарынан немесе оны жою кезеңінде мұндай құжат жоғалған немесе жойылған жағдайда – ішкі істер органдары берген уақытша жеке куәліктің көшірмесін;
1-1) осы Қағидаларға 1 немесе 2-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша жылжымайтын мүліктің меншік иесінен (не сенімхат бойынша оның өкілінен) өтініш;
2) жылжымайтын мүлік объектісінің (тұрғын үйдiң) техникалық паспортын;
3) жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын (жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актіні);
4) Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы берген жылжымайтын мүлiктiң жоқ (бар) екендiгi туралы анықтаманы ұсына отырып өтініш береді.
Төтенше жағдай салдарынан немесе оны жою кезеңінде осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттар жоғалған немесе жойылған жағдайда, азаматтар заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімде алынған осы құжаттардың телнұсқаларын не мұрағаттық көшірмелерін ұсынады.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.4-1. Ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау ғимараттар мен құрылыстардың және олардың элементтерінің нақты жай-күйін, беріктігі мен орнықтылығын, ғимараттар мен құрылыстарды одан әрі пайдалану мүмкіндігін айқындау мақсатында жүргізіледі.
Ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушіге ұсынымдарды көрсете отырып, ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі туралы қорытынды береді.
Ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүргізу жөніндегі тапсырыс беруші жергілікті атқарушы орган болады.
Ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау жөніндегі шығыстар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Ескерту. 2-тарау 4-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.5. Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету немесе олардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың орнына үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеу үшін аумағында төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы органдар өтініштердің негізінде екі ай ішінде тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың орнына үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған азаматтардың тізімдерін қалыптастырады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.6. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың қалыптастырылған тізімдері Қазақстан Республикасының азаматы өтініш берген күннен бастап айына кемінде екі рет жергілікті атқарушы органның интернет-сайтында және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
3-тарау. Төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға тұрғын үй беру тәртібі
Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.
7. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімдерін қалыптастыру аяқталғаннан кейін күнтізбелік екі күн өткен соң аумағында табиғи және/немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы орган төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде комиссия (бұдан әрі – тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия) құрады.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия туралы ережені жергілікті атқарушы орган айқындайды.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген, ұсынылған құжаттардың және жергілікті атқарушы орган қоса берген ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі туралы қорытындының негізінде оларды одан әрі пайдаланудың мүмкін еместігі туралы ұсынымдарды көрсете отырып, 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру туралы шешім қабылдайды немесе жазбаша түрде дәлелді бас тартуды ұсынады.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруден бас тарту үшін:
1) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттардың болмауы;
2) ұсынылған құжаттардың дұрыс еместігінің анықталуы негіз болып табылады.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй Қазақстан Республикасының аумағындағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйі тұруға жарамсыз болып қалған азаматтарға өтеусіз негізде беріледі.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.7-1. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру туралы шешім қабылдағаннан кейін жергілікті атқарушы орган күнтізбелік 5 күн ішінде азаматпен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру туралы шарт жасасуды жүзеге асырады.
Ескерту. 3-тарау 7-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.8. Салынған тұрғын үй төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия шешімінің негізінде беріледі.
9. Тұрғын үй алған азаматтардың тізімі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның шешімі қабылданған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жергілікті атқарушы органның интернет-сайтында және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
10. Тұрғын үй төтенше жағдай салдарынан қираған немесе тұруға жарамсыз болған тұрғын үйдің жалпы алаңынан кем болмайтын мөлшерде беріледі.
11. Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен азаматтарға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеуді зиян (нұқсан) келтіруші ерікті түрде немесе сот шешімі бойынша жүргізеді.
12. Төтенше жағдай туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған азаматтың тұрғын үйіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтелуге тиіс.
4. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың орнына үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған азаматтардың шығыстарын өтеу тәртібі
Ескерту. Қағидалар 4-тараумен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.
13. Үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған азаматтардың тізімін қалыптастыру аяқталғаннан кейін күнтізбелік 2 күн өткен соң аумағында табиғи және/немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы орган мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың орнына үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған азаматтардың шығыстарын өтеу жөніндегі комиссияны (бұдан әрі – шығыстарды өтеу жөніндегі комиссия) құрады.
Шығыстарды өтеу жөніндегі комиссия туралы ережені жергілікті атқарушы орган айқындайды.
14. Шығыстарды өтеу жөніндегі комиссия осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген, ұсынылған құжаттардың және жергілікті атқарушы орган қоса берген ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі туралы қорытындының негізінде оларды одан әрі пайдаланудың мүмкін еместігі туралы ұсынымдарды көрсете отырып, 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың орнына үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеу туралы шешім қабылдайды немесе жазбаша түрде дәлелді бас тартуды ұсынады.
Үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеуден бас тарту үшін:
1) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттардың болмауы;
2) ұсынылған құжаттардың дұрыс еместігінің анықталуы негіз болып табылады.
Шығыстарды өтеу жөніндегі комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді және одан әрі жұмыс істеу үшін жергілікті атқарушы органға жіберіледі.
15. Азаматтардың жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеу мөлшері төтенше жағдай жарияланған тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жаңа жеке тұрғын үй құрылысының бекітілген үлгілік жобасы мен сметалық құны негізге алынып айқындалады.
Азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан (қирағанның орнына) тұрғын үй алудан бас тартқан кезде олардың жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеу жаңа тұрғын үйдің үлгілік жобасының құны бойынша жүзеге асырылады.
16. Шығыстарды өтеу жөніндегі комиссия хаттамалық шешім қабылдағаннан кейін жергілікті атқарушы орган 5 жұмыс күні ішінде тұрғын үй иесімен тұрғын үй құрылысының әрбір кезеңінің аяқталғаны туралы растаушы құжаттаманы (орындалған жұмыстар актілерін) міндетті түрде ұсына отырып, қаражатты кезең-кезеңімен төлеу жөнінде келісім жасасады.
Бұл ретте үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеуді (меншік иелеріне қаражат төлеуді) жергілікті атқарушы орган жасалған екіжақты келісімнің негізінде кезең-кезеңімен жүзеге асырады.
17. Екіжақты келісім жасалғаннан кейін жергілікті атқарушы орган азаматтарға қаражат бөлу туралы 3 жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органымен келісілген шешім қабылдайды.
18. Қаражатты аудару азаматтардың банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге лицензиясы бар өзге де ұйымдарда ашылған жеке немесе карт-шотына жүзеге асырылады.
19. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың орнына жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған азаматтардың шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес төтенше жағдайлардың салдарын жоюға көзделген бюджет қаражаты есебінен және соның шегінде және/немесе ұйымдардың қаражаты, азаматтардың, қорлардың және қоғамдық бірлестіктердің ерікті жарналары, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
Тұрғын үй беру туралы өтініш
Ескерту. Қағидалар 1-қосымшамен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.
Сізден маған ____________________________________________________
(оқиғаның сипаты көрсетіледі)
төтенше жағдай салдарынан қираған тұрғын үйдің орнына тұрғын үй беруіңізді сұраймын.
Алушының ЖСН _______________________________________________
Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1. _________________________________________________________
2. _________________________________________________________
3. _________________________________________________________
4. _________________________________________________________
20____ж. " ____ " ________________
Өтініш иесі _____________________________
Т.А.Ә. (бар болса) (күні, айы, жылы, қолы)
Үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеу туралы өтініш
Ескерту. Қағидалар 2-қосымшамен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 678 қаулысымен.
Сізден маған ________________________________________________________
(оқиғаның сипаты көрсетіледі)
байланысты жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеуіңізді сұраймын.
Мынадай мекенжай бойынша өтеуді сұраймын: _______________________
________________________________________________________________
(облыс, аудан, қала, тұрғылықты жерінің мекенжайы)
Банк бөлімшесінің № _____________________________________________
Филиалдың № ___________________________________________________
Есепшот немесе карт-шот _________________________________________
атына __________________________________________________________
(Т.А.Ә. (бар болса)
Алушының ЖСН ________________________________________________
Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1. _____________________________________________________________
2. _____________________________________________________________
3. _____________________________________________________________
4. _____________________________________________________________
5. _____________________________________________________________
20____ж. " ___ " _________
Өтініш иесі ___________________________________
Т.А.Ә. (бар болса) (күні, айы, жылы, қолы)